Яссауи мөрі бүгінге қалай жетті?

Дата добавления: 18 Марта 2012 в 17:40
Автор работы: o************@mail.ru
Тип работы: доклад
Скачать архив (24.94 Кб)
Файлы: 1 файл
Скачать файл  Просмотреть файл 

Яссауи мөрі.doc

  —  63.50 Кб


Яссауи мөрі бүгінге қалай жетті?

«Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген халық нақылы бар. Арыстанбаб – Әзіреті Сұлтанның ұстазы. Сондықтан Түркістанға келгенде міндетті түрде Арыстанбабқа соғып кету керек. Біз де осы дәстүрден таймай, әуелі қасиетті Отырар өңіріне аяқ бастық. Ал мұнда әулие кереметтерінен бөлек, Ясауи мөрін сақтап отырған Жаңыл әже туралы да естіп білдік. Әулие құжырасының ішінде Лашынбаб пен Қарғабабтың қасында үшінші қабір бар. Ол Шерімбет әздер қабірі көрінеді. Жаңыл апа – осы кіндіктен тарайтын шырақшылар әулетінің келіні, яғни Шерімбет әздер, одан Нарымбет әз, одан Бабахан қары, Бабахан қарыдан Мамасадық. Ал Мамасадық ата Жаңыл апаның жұбайы болып келеді екен. Былайғы жұртқа беймәлім бұл сырдың тек отырарлықтар арасында ғана айналатындығына таң-тамаша қалдық десе де болады. Бүтін түркіге пір болған Ясауи мөрінің иегерімен тікелей дидарласу, егер рұқсат етсе қасиетті мөрге тәу етіп, өз көзімен көру кімді де болса асықтырары сөзсіз. Содан журналистік әуестікпен Арыстанбаб кесенесінің басындағы жұрттан Жаңыл апаның бұл жерден 8 шақырым қашықтықтағы аудан орталығы Шәуілдірде тұратынын білдік те, сонда тартып кеттік. Бізге жайшылықта зияратшылардың шақыруымен үй бетін көрмейтін Нарынбетова Жаңыл Сүйінбайқызынан сол күні сұхбат алудың сәті түсті.

«Қожа әулетіне келін болып түстім…»

– Апа, сөз арнасын сізге қатысты жұртшылықты қызықтыратын мәселелерге бұрмас бұрын, алдымен тегіңіз туралы кеңінен білсек?
–Түпкі тегім Көкшетаудан.Үлкендерден Атбасар, Қара өткелденбіз дегенді талай құлағымның шалғаны бар. Сүйегім жағынан Алтай арғынмын. Әкем Сүйінбай және де осы Отырардағы басқа да арғындар 1917 жылы Сарыарқадағы толқуларға қатысып, содан ауып осында келген. Қазіргі Мұхтар Шахановтың туған ауылы болып есептелетін Шілік елдімекенінің ең алғаш негізін солар салғанын кейінгі жас ғалым балаларымыз дәлелдеп отыр. Өзіме келсек, осында туылғанмын, қоспасыз отырарлықпын десем де болады.
–Құдай қосқан қосағыңыз Мамасадық көкемізге қалай жолығып жүрсіз?
–1941 жыл. Ұлы Отан соғысы уақыты. Бүгінгі Темір елдімекенінде телофонист болып жұмыс істей бастадым. Онда жасым 12-де болатын. Ақыры, не керек, сол телефонда жүріп 1945 жылы тағдырдың жазуымен Шерімбет әздер тегі, Бабахан қары әулеті Мамасадыққа тұрмысқа шықтым. Негізінде әлгінде айтқан байланыс саласында істеген жұмысымнан жаман болған жоқпын. Осы күні сондағы еңбегімнің арқасында 30 мың зейнетақы алып отырмын. Соғыстың басталуын да, бітуін де ауданға өзім хабарладым.
–Совет үкіметі кезінде «қожа мен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ұрандатқаны белгілі. Сол бір қанқұйлы кеңес кезінде осы қожалықтарыңыздан зардап шекпедіңіздер ме?
–Қожамын деп ауыз толтыра айту бүгінге оңай ғой. Ол заманда оңай емес еді. Тіпті бір қызымның «Неге қожаға тидің?» деп жылағаны бар. Ол шақта бізді «дуана қожа» деп құдды бір елсіз-жерсіз кем жұртша кемсітетін. Шүкір, қазір заман түзелді.

Мөрге «құда түсушілерді» санап болмайды

–Апа, бізге енді осы Нарымбетовтер әулетінің атадан балаға мирас болып, көздің қарашығындай сақталып жеткен жәдігері, қасиетті мөр туралы айтып берсеңіз? Алтынға бергісіз, машайық әулиелердің көзі әйел де болсаңыз, басқа емес, тұп-тура сіздің қолыңызға қалай түсті?
–Мен бұл шаңыраққа, жаңа айтып өткенімдей, 1945 жылы келін болып түстім. Содан 5 жыл өткеннен кейін Бабахан атам 2 Құран кітаппен бірге осы мөрін қолға беріп тұрып «ешкімге берме, совет үкіметі бәрін құртады» деді. Еріме аманаттамағаны оның өкіметтің жұмысын атқаратындығына сенімсіздік білдіргенінен туындаса керек.
–Жұрт бұл мөрге тәу етсең «жолың оңғарылады, келешекте асығың алшысынан түсетін болады» деседі. Өзіңіздің иелік еткен ұзақ ғұмырыңызда мөрдің қандай да бір қасиетіне куә бола алдыңыз ба?
–Ондай жолы оңғарылып кетіп жатқандар көп. Көбісі «Апа, сіздің батаңыздан кейін тасым өрге домалай бастады» деп рахметтерін айтып келіп жатады. Менің алдыма белгілі саясаткерлер де келген. Күні кеше бір бала келіп: «Сіздің арқаңызда айым оңынан туа бастады, Шығыс Қазақстанда белді қызметке тұрдым» деп қазақы оюмен көмкерілген мөріме сондай шап-шақ әдемі құты сыйлап кетті. Олардың қайсы бірін айта берерсің. Бәрі осы мөрдің қасиеті ғой…
Баяғыда бір қызық жайттың болғаны бар.1969 жылдың қысы қатты болып, су тасқынына ұласты. Біздің үй ол кезде Арыс өзенінің жағасында еді. Шаңырағымызды су алатын халге жетті. Милиционерлер көп адамды қауіпсіз жерге алып кетіп жатқанда, мені қосқанда Мәнзура деген апа екеуміз ғана сол маңда айналшықтап кешке дейін жүрдік. Милициялардың бірі түртінектеген бізді көріп, «алтын көмдің бе, ақшаң бар ма» деп зіркілдеп қуатын. Жүрісіміздің мәні жайдан-жай емес, үйде, жүктің астында киіктің терісіне оратып Бабахан ата көмдірген осы қазіргі қолымдағы мөр болатын. Содан Масанов Әлібек деген ауылдасымыз «қайт, бәлеге қаласың» деп алып кетті. Құдайдың құдіреті, ертеңіне ол жерге қайта барсақ, сол аймақтағы 500 үйден су кірмеген, құламаған – жалғыз біздің үй ғана. Қалғандары быт-шыт, жермен жексен болған. Кейін естідік, облыс басшысы Тәшенов деген вертолетпен ұшып бара жатып, су астындағы алып кеңістіктегі қалқайған жалғыз тамды көріп, таңғалып, «мынау не?» депті. Жанындағылар «Бұл жерге бір қожа кітап көмген» дейді. Сөйтіп, жоғарыдағы басшылардың пәрменімен бірінші біздің әулеттің шаңырағы елден бұрын көтеріліп, осы аумақта бірінші рет шифермен шатырланды.
–Апа, сіз бұл мөрді көрінгенге басып бере бермейтін көрінесіз. Әрі құпиялап тығып ұстайтын сияқтысыз.
–Енді ше, Арыстанбаб басында қалқайып әрең жүрген кемпірді бір соғып, алып кетсе не істей аламын. Онсыз да «қалағаныңды берейік, мөрді бер» деп жүргендер жетеді. Тіпті Астанадағы бас мешітке де сұратып жатыр. Мен бұған дейін талай дүниені мұражайға тапсырдым. Кейбір «зерттеймін», «қараймын» деп алдап алып кеткендер де баршылық. Қалғаны – осы мөр мен екі Құран кітап, сосын бір асатаяқ. Сондай-ақ Арыстанбаб ғимаратының 1911 жылғы сызба жоспары да бізде сақтаулы. Жалпы, мөрді, бейсенбі, жұма күндері ғана басамыз. Басқанда да дәретпен. Әншейін күндері басса, жақсы түспейді. Бар құпиямыз – осы.

«Тығылып құлшылық еткен де заман өтті…»

–Отырардың тарихы Арыстанбаб кесенесімен тікелей байланысты. Көнекөз ретінде әулиеге қатысты жастық шағыңыздан нендей естеліктерді есіңізге оралта аласыз?
–Ол кезде осы күнгі әулие маңында терең жеркепе бар еді. Әрбір 10-15 күнде сол жерге жан-жақтан халық ағылады да тұрады. Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған қысылтаяң шақ. Біз секілді көкөрім жастарды айнала шеңберлей қарауыл қойғызып барып қана үлкендер жағы алқаланып, Алла есімдерін айғайлап айтуға кірісетін. Есімде қалғаны, сонау Түркістаннан Шаһісләм деген молдамен Шерімбет інісі Айтқожалар келетін. Сондай-ақ Сүлеймен дамолла, Әлім дамолла, Жолдас қары, Үбай дегендері бар еді. Бәрі жиылып болғасын «лә илаһә иллалла, гауһи тауһи һайролла, хасби рабби жалалла» деп, көздеріне жас алатын. Рәсім біткесін бір-бірінен «кептер бүлкілдеді ме, бөдене бүлкілдеді ме?» деп сұрасатын. «Бүлкілдеді» дегеніне «жетілдің» деп, мәз болып сыртқа шығаратын. Онда әлі баламыз, «бүлкілдеді» деп жүректің кеуде тұсына лүп-лүп етіп білінуін айтатынын қайдан білейік. «Бүлкілдемеді» дегеніне Құдайым сақта, қаһарланып «о надан, надан» деп ұрысатын. Осылайша сол түні-ақ таң атпай, сыбдырын да сездірмей, ештеңе болмағандай жан-жаққа бытырап, әркім өз жөнімен кететін. Кейін сол үлкендердің көзінің кетісімен бұл үрдіс тоқтап қалды ғой.
–Кесененің егемендік алғанға дейін иесіз қаңырап жатқаны мәлім-ді. Әулие шырақшыларының ұрпағы ретінде сіздер сол шақтарда не істедіңіздер?
–Біз шалымыз екеуміз алғаш кесененің есігін ашып, басына киіз үй тіктік. Құрылысқа қарап, бас-көз болуға тырыстық. Қазір ғой, ол жерге қожайын да көп. Ие де мол. Солардың ешқайсысы да әулиені біздің алғаш қамқорлыққа алғанымызды мойындағылары келмейді. Сондықтан да бар білгенімді, барлық шындықты халыққа, келім-кетімге жеткізейін деп әулие басында күнұзақ отырып алатыным бар.

Атамның айтқаны айдай келіп жатыр
–Бабахан қары жөнінде бірер ауыз сөз айтсаңыз…
–Жалпы, ол кісінің өзі қары болған. Бізді ылғи да партияға кірмеуге уағыздап, «партияға кірсең кәпірсің, өйткені оған Құдай жоқ деп кіресің» деп ескертіп отыратын.
–Атаңыз жөнінде бұдан өзге тағы да не айта аласыз?
–Бабахан ата Меккеге барған. Кезінде советтен қашып, Өзбекстандағы Бековатқа дейін жетіп, сонда 1 қап кітап көміп кеткен. Ол да сол күйі табылмады. Сонда Троцкийден қашып бара жатып осы мөрді көмдірген өзі еді.
–Осы жергілікті елдің аузындағы Бабахан қары айтып кетіпті деген не сөз?
–Бабахан атам айтатын: шариғатым жетім қалып барады. Ұғып ал! 2000 жылға шейін өзіміздің мұсылман тартысады. 2000 жылдан әрі қарай мұсылман діні кіреді. Мұсылманшылық жақсы келе жатыр. Адам атадан артық бір ғалым туды. Алайда біздің қазақтар әр дінге кіреді. Орыс кірмейді, бізден кіреді. Сондай заман келеді. Тәуіп, көріпкел көбейеді. Бірақ Құдайдың сүйгені ғана осы біздің Мұхаммед жолын таңдайды.
«Кәпір тартса, момын аралас,
Момын тартса кәпір аралас,
Оқтау тақтай жиылды,
Нән шаям ғанибет» дейтін. «Кәпірі де, момыны да өзімізден болады» дейтін.

Дерек: Мөрдің диаметрі – 11,5 см. Ағаштан жасалған. Бұл мөр зиянатшыларға тұмар ретінде басылып беріп отырған. Мөр ортасында: «Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи», айналасындағы жапырақтарға оңға қарай ретімен:
Шайқы Ахмет Раванде
Шайқы Ахмет Жами
Шайқы Ахмет Маржан
Шайқы Ахмет Кабир
Шайқы Ахмет Аркам
Шайқы Ахмет Саххак
Шайқы Ахмет Харб
Шайқы Ахмет …(толық оқылмайды)
Шайқы Ахмет Марсал.
(Аударған ленинградтық ғалым А.А.Иванов)» деген сөздер жазылған. Бұл – Әзірет Сұлтанның есімі жазылған көне мөрлердің ішінде бізге жеткен жалғыз үлгісі.
(«Арыстанбаб» кітапшасынан, 11-бет, Алматы: «Демеу», 1992 ж.)

 



Описание работы
«Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген халық нақылы бар. Арыстанбаб – Әзіреті Сұлтанның ұстазы. Сондықтан Түркістанға келгенде міндетті түрде Арыстанбабқа соғып кету керек. Біз де осы дәстүрден таймай, әуелі қасиетті Отырар өңіріне аяқ бастық. Ал мұнда әулие кереметтерінен бөлек, Ясауи мөрін сақтап отырған Жаңыл әже туралы да естіп білдік.
Содержание работы
содержание отсутствует