Алтын адамға² тереңірек үңілсек

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Февраля 2013 в 17:31, реферат

Описание работы

"Мәдени мұра" бағдарламасы шеңберінде Есік қорық-мұражайын ашуға байланысты былтыр күзде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, "Мәдени мұра" бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келіп, Алтын адам табылған өңірде отырыс өткізіп, жер жағдайын өз көзімен көріп қайтқанын біліп, шынымды айтсам, аса қатты қуандым. Бұл мәселе, меніңше, әлдеқашан көте

Файлы: 1 файл

АЛТЫН АДАМ ЖАЛГАСЫ.rtf

— 94.29 Кб (Скачать файл)

Сөз орайы келіп тұрған соң, айта кетейік, біздің кейбіріміз: "Ғұн дегенді қазақ тарихшылары шығарып алып жүр, ондай халық жоқ, оның өз аты сиуңну", - деп, ал әр елдің тарихшылары бірі "хун", екіншісі "ғұн" немесе "гун", үшіншісі "һұн" деп әрқайсысы әртүрлі атап жүрген халық та сақтың ұрпағы, оның дұрыс аты "құн" болуы мүмкін екенін де осы арада ескерте кеткеніміз жөн сияқты. Себебі, біріншіден, алғашқы дыбысы "ғ"-дан басталатын ежелгі атау сөз қазақ тілінде жоқ десе де болады, ал "ғашық", "ғайбат", "ғарыш", "ғалам" секілді сөздер араб тілінің ықпалымен бертінде пайда болған, сондықтан бұл тайпаның өз аты "ғұн" емес, "құн" болу керек, себебі "қ" дыбысы ежелден айтылып келе жатқан ата дыбысымыз. Екіншіден, жоғарыда айтылған Ата шежіре: "Жан деген кісіден Ар, Құн деген екі бала болыпты… Қазіргі Арғын деп жүргеніміз - осы екі ұлы адамның алты баласынан тараған ұрпақ. Олардың бірігіп Арғын аталуы Алтайға ауған заманнан қалған", - дейді". ("Түп-тұқианнан өзіме шейін",1993. 46-бет). Үшіншіден, "Арқұн" сөзін "Арғын" деп үндестік заңына сәйкес өзгертіп айту - ұлттық дағдымызға тән құбылыс. Төртіншіден, 1253-1255 жыл аралығында Моңғолияға келіп қайтқан Г.Рубрук: "Бұл жерде аргон деп аталатын халық бар, ол екі рудан тұрады: аргон тендук руынан және Мухаммедке табынатын, өзгелерден гөрі көрікті және ақылдырақ, көбіне саудамен айналысатын тендуктерден", - дейді ( "Қазақ тарихынан", Алматы, 2004. "Шығыс елдеріне саяхат", 1993. 85-бет). Рубрук ол аймақтың атын Сендук (Тендук) деп көрсетеді. Ал ол атау Мәшһүр шежіресіндегі Сүйіндік, Бегендік, Шегендік дейтін аталарды еріксіз еске түсіреді. Бесіншіден, қытай тарихында үйсінге көмектескен гүн тайпасын Ата шежіре аргын деп атайды. Осыларды ескерсек, арғындар құн тайпасының тікелей ұрпағы екеніне күмән қалмайды. Алтыншыдан, Ата шежіренің таратуы бойынша, Құн да, Арғын (Арқұн) да Арыс бабамыздың Жан деген баласынан тараған, яғни Жан Арыс тұқымы болып табылады. "Ежелгі Үйсін елі" кітабында Шадыман Ахметұлының: "Ат үстінде садақ тартуды ғұндар сақтардан үйреніпті", - деп дәлелдейді бірсыпыра ғалымдар", - деген пікірі де бұл ойымызды дәлелдей түседі (4-бет). Соғыс өнерін ағайын ағайыннан үйренбегенде, кімнен үйренеді? Жетіншіден, б.д.д. 530 жылы Кир патшаны жеңген сақ-массагет Томирис парсылармен Аракс өзенінің бойында соғысады. Өзеннің аты Арыстан тараған Ар мен Ақтың үрпағы мекендеген соң солай аталған болар деп ойлауға да қақымыз бар емес пе? Сегізіншіден, Геродот: "…скифы называют амазонок "эоропата", что по-эллински означает мужеубийцы; "эор" ведь значит муж, а "пата" убивать", - дейді ("История". Ленинград, 1972.219-бет). "Эор" дегеніміз екі жарым мың жылдан кейін де әлі "ер" аталып, күйеу дегенді білдіреді, ал "пата" сөзі "опат" дегенді еске түсіреді. Ал оны арабтан енген сөз деп жүрміз. 2,5 мың жыл бұрын арабтар сақ тіліне қалай әсер етеді? Әлде Мұрат Аджи айтып жүргендей, о баста түріктерден араб тіліне, одан өзімізге қайта енген сөз бе? Әлде "қарасы батты", "күні батты" дегендегі "батты" сөзінің арғы төркіні "пата" дегенге ұқсас айтылды ма екен? Қалай болғанда да, б.д.д. V ғасырда сақтар әйелдің күйеуін "ер" десе, қазақтар бүгін де "ер" дейді. Өстіп о заманда да, бұ заманда да бір тілде сөйлеген елді бір-бірінен бөлек ел деуге қайтіп тарихшылардың аузы барады?

Осыншама сәйкесіп тұрған деректерді көзге ілмеу тарихқа мән бермеумен бірдей емес пе? Ал егер көзге ілсек, Арыс-Анахарсистің сақ екеніне, ал біздің тікелей сақтың ұрпағы екенімізге қандай күмән қалады?

Сонымен, сақ, құн, үйсін - үшеуі де бір тұқымнан тараған ұрпақ болса, әрине, олардың әдет-ғұрпы да, салт-дәстүрі де, оның ішінде өлікті жерлеу рәсімі де бірдей болуы заңды. Ендеше, Есік обасынан табылған Алтын адамды сақ деп кесіп айта алмаймыз. Бұл күмәнімізді күрделендіре түсетін тағы мынандай жағдайлар бар.

Алдымен, Есік маңындағы Алтын адам арнайы ғылыми жұмыс нәтижесінде емес, кездейсоқ табылды. Сондықтан ол үстірт зерттеліп, Бесшатырдағыдай ең құрымаса обаның ішкі құрылысын елестетуге көмектесетін қарапайым фотосуреттер де түсірілген жоқ. Бесшатыр обаларына, ішкі-сыртқы кейбір ұқсастықтарына бола сақ дәуіріне жатқыза салынды. Ешкім ол арадан табылған заттарды Тарбағатайдың теріскейіндегі ескерткіштерді зерттеген ғалым Әбдеш Төлеубаев құсап екі бірдей шет елдің ғылыми лабораториясына жіберіп, қай ғасыр, қай заманның ескерткіші екенін арнайы анықтап жатпады.

Екіншіден, Есік обасынан екі адамның мәйіті шыққан. К.Ақышев ол жайында: "Бізге Есік қорғанындағы екі бейіт бір мезгілде пайда болған деген ой келді, себебі, екі бейіттің де үстіне үйілген топырақ бір, оған көмілген адамдар сүйегі де топырақтың астында жатыр, олай болса, олар не бір семьяның адамдары, не жақын қандастық қатынастары бар адамдар… Біздіңше, орталық бейіттегі жерленген адамның қырынан жерленген адамға қарағанда қоғамдық орны жағынан маңыздырақ екендігі даусыз", - дейді ("Ертедегі ескерткіштер елесі". Алматы. 1976. 13-бет). Ал мұны қазақтың қарапайым тілімен айтсақ, бірі хан да, екіншісі - ханзада.

Үшіншіден, Қытай елінде шыққан "Ежелгі Үйсін елі" кітабы: "Күнбидің он неше ұлы бар. Басқа ұлдарына қарағанда ортаншы ұлы Датлұқ … Датлұқтың ағасы мұрагер ханзада болып тағайындалған еді… Оның Семзеу деген ұлы болған, дүниеден ерте қайтқан мұрагер ханзада көзі жұмыларда Күнбиге: "Үйсін тағының мұрагері Семзеу болсын", - деп тілек қойған еді… Күнби дүниеден көшкен соң, оның тағына Семзеу отырды. Семзеу деген - лауазымы. Өз аты - Күнсүй би. Күнби - ханның атағы, өз аты Лапкөк еді", - дейді (Үрімжі. 2005. 249, 250, 251-бет). Дәл осы кітаптағы "Үйсін туралы жалпы шолу" деген мақаласында Нығмет Мыңжанұлы: "Үйсін Елжау бидің он ұлы болған… Күнбидің тақ мұрагері ерте қайтыс болып кетіп, оның Жөнші (Күнсүй) би деген баласы жетім қалады… Жөнші биді… Елжау би тақ мұрагері етіп бекітеді", - деп жазады (17-бет). Ал жоғарыда айтқан Ата шежіре: "Жалпы, Елсау атамыз бес әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты… Нулы атамыз әкесі Елсаудан бұрын жастай жиырма екі жасында кетіпті… Нулыны қатты ардақтап, Үш Қарашқа қойыпты. Осыдан кейін-ақ Елсаудың да денсаулығы болмапты… Елсау би дүние салып, осыдан 1980 жыл бұрын (б.д.д. 104 жыл - Б.Н.) қайтқан соң, оның көзінің тірісінде-ақ таққа отырған Санжар - Жөнше нар қытай қыздарына құмарлау болып", - дейді (Қ.Тауасарұлы, "Түп-тұқианнан…".1993. 43-бет). Бұл үш пікір де бір жерден тоғысады. Тек Н.Мыңжанұлы Семзеу таққа Күнби өлген соң, Қазыбек бек Күнбидің көзі тірісінде-ақ отырды дейді және 22 жастағы Нулыны Үш Қарашқа жерлегенін, әкесінің де ұзамай дүние салғанын айтады. Ал Үш Қарашымыз сол Есік қаласының үсті. Бас Қараш Асы жайлауының батыс бетінде, Орта Қараш пен Кіші Қараш Түрген өзенінің бойындағы сайда. Осының бәрін біріктіре қарасақ, Алтын адамымыз Нулы ханзада, ал "орталық бейіттегі" "қоғамдық орны маңыздырақ" адам Елсау Күнбидің өзі болып шықпай ма?

Төртіншіден, 2005 жылы 14 желтоқсанда сол кездегі Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: "Біз енді тарихи қателікті түзетуіміз керек. Есік қорғанынан табылған Алтын адамды біз осыған дейін сақ, оның ішінде сақ-тиграхауд деп келдік қой. Қытайдың жылнамалық деректері мен ондағы ғалымдардың тарихи мәліметі бұл Алтын адамның үйсін, үйсін қоғамының адамы екенін бұлтартпай дәлелдейді… Алтын адам - …үйсін бекзадасы!" - деген мәлімдеме жасаған болатын ("Жас Алаш", 15.12.05.)

Бесіншіден, Алтын адамның үйсін ханзадасы екенін алғаш жорамалдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев болатын. "Осы арада Кемел Ақышев қазған Есік қорғанындағы "Алтын киімді ханзада" сол Ұлы Күнбидің ұлы емес пе екен деген ой ұшығы қылт ете қалады. Оның жас мөлшері жиырманың ар жақ, бер жағы деп айтылып жүр", - дейді ол өзінің "Дулыға" атты екі томдық тарихи зерттеулерінде (Алматы, 1994.1-том. 292-бет).

Ғылымдағы бір қателік, дер кезінде түзелмесе, кейін дәлелденуі өте қиын көп қателікті тудырары даусыз. Алтын адамның үйсін емес, сақ болып және сақтың қазаққа қатысы жоқ халық боп қалуын қалайтын, ол табылған жерді қазақ жері дегісі келмейтін ішкі-сыртқы күштердің бар екеніне біз көз жұмып қарамауға тиіспіз. Тарих ғылымдарының докторы, қытай тілін жетік білетін ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы "Үйсін мемлекеті жөнінде" атты мақаласында: "Демек, қазір қытай тарихшыларында өзінің және өз елінде қалыптасқан ұстанымды негізсіз өзгерту байқалады", - деуі бізді қатты сақтандыруы тиіс ("Жас Алаш", 04.03.04). Бұған ежелден аталып келе жатқан "ғұнды" бір кезде "сиуңну" деп, "йүзіні" "жу-жы" деп, қазір "нүкіс" деп, Елжау деп оқылып келген Күнбиді Лапкөк, Мөде-Мүдені Бақтұғ деп, тағы басқа толып жатқан атауды жаппай өзгертіп жаза бастағаны да дәлел. Соның бәрін көре-біле тұрып біздің жайбарақат жүріп жатқанымыз ғылымға мән бермеушілік екені сөзсіз.

Сонымен, Есік қорық-мұражайының ғылыми негізін дұрыстап жасау үшін, алдымен сол Алтын адаммен бірге табылған бір-екі затты басқа екі мемлекетте бір-біріне қатыссыз жағдайда ғылыми-техникалық әдіспен қай заманның дүниесі екенін анықтайтын зерттеу жасату қажет.

Сонан соң Есік қорық-мұражайының құрамына бірінші кезекте көне Талғар қаласының орнын емес, Есік қорғанының қасындағы Рахат ауылының тепсеңінде жатқан қала орнын қосып, алдымен соны ашқан жөн. Себебі, оны ертедегі Үйсін мемлекетінің астанасы Шығу қаласының орны деген ғылыми болжаулар бар. Егер ол қаланың Шығу екені дәлелденсе, онда Алтын адамның үйсін екені де өз-өзінен дәлелденеді. Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұхаметов Есік маңындағы "Патшалар қорғанында" бұрын 600-700 оба бар еді, қазір 60-70-і ғана қалды дейді. Ал 600-700 обаға ел билеушілері құрығанда 6-7 ғасыр бойы жерленуі тиіс. Соншама уақыт бір жерге басшыларын жерлеген ел соншама уақыт сол араны тұрақты мекен етуге де тиіс. Біз әңгіме етіп отырған обадан табылған хан мен ханзада да, сөз жоқ, сол көне қалада өмір сүрген адамдар. Ал оны археологиялық жолмен дәлелдеу - өте мәдениетті елдің үлесі. Біз сол үлесті үнемі болашаққа сырғыта бермеуіміз керек.

Ата шежіредегі: "Ел астанасы Үш Қараш астындағы Шығу қаласы еді", - деген сөз де ("Түп-тұқианнан өзіме шейін". 45-бет) шындық пен болжамның арасын біржола анықтап, осындай ғылыми-археологиялық зерттеуді жедел түрде жүргізуге шақырады.

 

Авторы: Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы.


Информация о работе Алтын адамға² тереңірек үңілсек