қытай мадениеті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 31 Октября 2013 в 21:11, реферат

Описание работы

Қытай халқының мәдени құндылықтары жайлы сөз еткенде, неше мың жыл бойы қалыптасқан өзге де рухани наным-сенімдерге тоқталмай өту мумкын емес. Олардың бастылырының бірі - аждаха сенімі. Қытай халқы өздерінің жұдырықтай жумылған куш- жігерін жалғыз басты аждахаға теңейді.

Содержание работы

Кіріспе
1. Қытай мәдениеті
2. Конфуцзы ілімі
Қорытынды
Қолданылған әдебиеттер тізімі

Файлы: 1 файл

Қытай мәдениеті.doc

— 504.50 Кб (Скачать файл)

Жоспары

 

Кіріспе 

1. Қытай мәдениеті 

2. Конфуцзы  ілімі

Қорытынды

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

Кіріспе

Қытай қорғанын алыстан орағытып, сары даланың сонау бір бұлдыраң, тұңғиық шетінде жасап жатқан көп халықты ата-бабаларымыз тым ертеден білетін. Дүйім дүниеге мәшһүр сол ұлы қорғанды әйгілі «Қиссасұл ән-биде» «Ескендер сефилі» деп атайды. Онда айтылуынша оны шығыстағы көп халық — нәжүт-мәжүттерден сақтану әрі оларды бері жібермеу үшін Ескендір Зұлқарнайын салдырған. Ол халықтың қауіптілігі, олардан үнемі сақтықта болу, сол үшін ішкі береке-бірлігін мықты сақтау туралы түрік қағандары да өз өсиеттерін мәңгі тастарға жазып кеткен болатын. Тарихтың бәзбір тұстарында түріктер ит арқасы кияндағы межелі жерге ат үстінде ойқастап жеткенше, «нәжүт-мәжүттер» де неше мың шақырым жолды артқа тастап, жаяу-жалпы келіп қоятын. Алысып-жұлысып бірде бұлар, бірде олар жеңетін. Бірақ олар өзінің көптігімен ғана емес, бірбеткей ұйымшылдығымен, қажырлығымен, әрі жанпида, серілігімен көзге түсетін.

Сондай сан-сапалақ  соғыстар кезінде қытай жұртынан колға тұтқындар да түсетін. Ол тұтқындар бірде ғұндардың, бірде түріктердің, енді бірде қырғилардын қоластында - солардың малын бағып, отын жаға жүріп, ту темірқазык жақтан Кіндік жазықты аңсап тұратын. Әрі көшпенділер бұлар мүлде жерсініп, біздің тәрбиеге кіріп кетті деп бойын кеңге салғанша, ит көзі түтін танымас болып жүре беретін. Күндердін күнінде орай пісіп жетілгенде, немесе қытай жасағы көк жиектен шаң бергенде бұл тұтқындар жау жаққа өтіп кететін. Тіпті, тұтқынға түсіп үйлі-боранды болғандары араға жиырма, отыз жыл салып, әбден ай-күн, әлеті толғанда аттың тілін буып жаратып, бір түнде зытып беретін. Бара сала көшпенділер туралы, олардың жаз жайлауы мен қыс қыстауы, мал-жаны, ат-көлік, аламаны жайлы ең сенімді хабарлар беретін. Ондай жансыздар патша ағзамның алдынан ең бағалы сыйлықтар алып, лауазымды орындарға тағайындалатын. Кейбіреуі тіпті, әскер басы дәрежесіне дейін көтеріліп, қыр далаға кайталай қол төңкеретін. Түрлі рулык, кауымдық белгілеріне қарай көшпелі ұлыстардың ішкі бөлігіне іріткі салып, бір-бірімен қырқыстырып қоятын.


1. Қытай мәдениеті

Батысын биік таулар мен үстірттер қоршап, шығысын ұзын аққан Хуанхэ мен Янцзы өзені өрнектеген ұлы жазық Қытай елінің ежелгі кіндік жұрты саналады. Оны қытай тілінде «Чжун-юань» дейді. Мағынасы — Орталық жазық. Жазықтың шығыс жағы айнала жаткан ұлы теңіздер. Теңіз дегені болмаса мұхиттың құрлыққа сұғына жатқан бір-бір пұшпағы. XV ғасырға дейін қытай халқы сол теңіздердің игілігін жарытып көре қоймады. Теңіз жолы азапты әрі үрейлі еді. Оның үстіне бұл кезде ірі тұрпатты кеме өндірісі жөнді жолға койылмаған. Елдің тура батысындағы асу бермес ұлы тауларға келсек, бұл таулар қытайлықтардың Үнді түбегімен жалғасқан Батыс Азияға өтуіне үлкен бөгет болатын. Ал, елдің солтүстік-батыстағы ұлы шөл даланың азабы одан бетер еді. Қытайдың ежелгі астанасы Чан-аннан Орта Азияға жету үшін керуендер неше айға жоспарланған ірі дайындықпен жолға шығатын. Жол бойы аңқасы кепкен Хэси дәлізі мен Гоби шөлі, Такламакан және Жоңғар ойпаты жүргіншілердің жүйкесіне әбден тиетін. Алты ай жүрсе де таусылып бермейтін бұл ұлан-асыр кең жазира Ішкі Азиянын, ең бір азапты, қорқынышты белдеуі еді. Жаздың ыстық аптабында бірінен соң бірі сағымданып жататын даңғайыр далада мықтағанда сарбалақ пен сексеуілден басқа еш нәрсе өспейтін. Онда шымды топырақ деген атымен болмайды. Ат тұяғын жеміретін қара жоңқа тас пен қиыршық сұры малта, одан қала берді құм-керіш. Ондай далаға жанынан безіп кім бара қойсын тәйірі. Түн қараңғысы қымтаған суық солтүстікке олар тіптен қызықпайтын. Ол тарапта анда-санда атойлап келіп қайтатын «ет жеп, кымыз ішетін» көшпенді «тағылардан» басқа ешкім тұрмайтын. Қытай жұрты оларды тағы жыртқыштарға тән иероглифтермен таңбалап, тарихқа қалдыратын. Сөйтіп Қытай қоғамы зақ замандар бойында батыс дүниесінен бөлек, жеке-дара дамыды. Мұндай жеке-даралық Қытай мәдениетінің өзіне ғана тән айырықша белгілерін калыптастырды. XIX ғасырда батыс отар-шылдары Қытайға баса-көктеп кіргенге дейін ол салыстырмалы түрде жабық мемлекет болды. Осындай «жабықтық» оның өзіне тән дәстүрлі мәдениетін сақтап қалуға көмектесті. Қытай халқы өз ұлтының мәдени дәстүрлерін сақтау мен оған мұрагерлік ету, дамыту жағынан басқа әрқандай халықтан алда болды. Жер бетіндегі ежелгі өркениеттер арасында олар өз ұлттық мәдени дәстүрлерін іркіліссіз әрі мүлткісіз сақтаған бірден-бір халық десе де болады. Әйтпегенде, ежелгі Бабилон, Мысыр, Үнді мәдениеттері бүгінде қайда кетті? Олардың ешбірі ежелгі қытай мәдениеті секілді күні бүгінге дейін өз жалғасын тапқан емес. Сондықтан дүниенің шығысында қалыптасқан бұл мәдениетті дара әрі өміршен деуге болады. Әрине, салыстырмалы түрде қоршауланған жаратылыстық орта қытай халқын сыртқы әлемнен мүлде бөліп тастады деуге келмейтін. Мүның бір дәлелі ту ертеден батыс пен шығысты тұтастырған «Ұлы жібек жолы» еді. Қытайдың ең гүлденген Хан (б.д.б. III-б.д.III ғ.) және Таң (б.д. VII—X ғ.) патшалықтары дәуірінде әлемдік өркениеттер тоғысының ықпалында болған кезі де болды. Қытай жұрты мен батыстың, солтүстіктегі көшпенділердің қарым-қатынасының сан қилы, күрделі болғаны секілді, «жібек жолының» тарихы да қидаға толы болды. Тарихқа бойласақ оның гүлденген кезінен гөрі тоқыраған кезеңдері көп еді.

Қашан да мемлекеттің, елдің мүддесін ойлау, патшаға қызмет ету, ұлы мақсаттар жолында өзін құрбан ету, ғұмыр бойы бір істің үдесінен шығу — қытай халқының ғасырлар бойы қалыптастырған ізгі қасиеті деуге болады. Мұның астарында елдің тарихи-географиялық жағдайына байланысты ұзақ уақыттар бойында қалыптасқан ұжымдық ой-сана тағы бар. Үлкен Хуанхэ өзені әр жылы көктем сайын арнасынан асып бүкіл кіндік жазықты шайып кететін. Әркім тасқыннан өз жерін жеке-дара корғап қала алмайтын. Ол үшін ел болып ұжымдасқан ірі науқан кажет болатын. Ешкім де одан қағыс қалмайтын. Егер қағыс қалса жолы болмайтын. Мұндай жағдайда біреу біреусіз өмір сүре алмайды деген сөз. Ақыры миллиондаған халықтың бір бағытты қимылының арқасында Хуанхэ суы уақытша болса да тізгіндеуге көнетін. Бұл үрдіс жүздеген жылдарға жалғасты. Жалғаса отырып қытай халқына тән қажырлы-қарапайым қасиет пен менталитетті калыптастырды, Сондықтан адамдар арасында батыстағыдай қағаз жүзіндегі сенімхат, келісім шарт емес, санадағы сенім, адамгершілік құндылықтар басты орында тұратын. Егер біреу өзіне жақсылық жасаса, оны түбінде ақтауға тырысатын. Көзі тірісінде ақтай алмаса ұрпағының алдында ақтайтын.

Бірақ мемлекеттікке бастайтын жол бірден даңғыл болды деп айтуға келмейтін. Билеуші топ халықтың табан ет, маңдай терінің есебінен өз күнін көруді қалайтын. Қай жерде кімнің ыкпалы басым болса, өз алдына хандық құрып, жеке-дара үстемдік еткісі келетін. Мұндай үрдіс біздің заманымыздан бұрынғы IV-V ғасырларда елде феодалдық қатынастар қалыптаса бастаған тұста көптеп белең берді. Ұзақ уақыт сыртқы жаумен, іштен төнген феодалдық бытыраңқылыкпен және табиғи апаттармен күресу арқылы бірлігі бекем қуатты мемлекет құрмай болмайтындығына көздері жетті. Цунцю дәуірінің соңында Қытай топырағында бұрынғы 140 мемлекеттен жеті мемлекет қана калды. Цин Шихуан кұрған Цин мемлекеті кезінде бұл жеті мемлекет те жойылып, қытай топырағы ең алғаш бірлікке келтірілді. Бір ғана Цин мемлекеті үстемдік етті. Мұның бәрінің түп негізі, идеологиялық тамыры Конфуцзы ілімінде жатыр еді.

 

2. Конфуцзы ілімі

Конфуцзы елде билік  тартысы күшейген кезде өмір сүрді. Бірақ ол көне кітаптардан бұдан бұрынғы Батыс Чжоу билігі кезінде мемлекеттің кандай орнықты дамығанын, елде тәртіптің қалай сақталғанын жақсы білетін. Сөйтіп осыншама алып мемлекетті құрып-жойылудан қалай аман сақтап қалудың жолын қарастырды. Және оны мың жылдар бойы ұрпақтар жадында қалатындай ғибраты мол етіп ұсынды. Оның пікірінше мемлекет жеке-жеке бектіктерге (князъ) бөлінбей, біртұтас құдіретті биліктің құзырында болу керек. Яғни, көптеген ұсақ бектіктердің орынына бір ғана патшаға бағына-тын күшті мемлекет орнауы керек. Қытай халқы сонда ғана ішкі соғыстан ада болып, береке-бірлікте жасайды. Ол үшін тәрбиені отбасынан бастау керек. Інісі ағасына, ұлы әкесіне, әйелі күйеуіне шартсыз бойсұнуы керек. Отағасы өзі тұрған жердегі ұлыққа адал болу керек. Ұлықтар өзінен бір дәреже жоғары әкімдерге адал болу, ал әкімдер патшаға адал болуы керек. Осыны айта отырып, ол тағы да төмендегілер жоғарыдағыларға адал болумен бірге, жоғарыдағылардың да төмендегілерге қайырымды болуын талап етеді. Патша немесе әкім-қаралар халқына қайырымды болмаса ондайды карғыс атсын дейді. Мұндайда олардың құр сән-салтанатының түкке тұрмайтындығын да ескертеді. Қытай халқының рухани ой әлемінде өзгеше із қалдырған конфуцзиандық ілімінің тұтас адамзат үшін де берері мол. Әсіресе оның ағартушылық идеясы үлгі етуге турарлық. Конфуцзы (Коңзі) үш жасында әке-шешесінен жетім қалады. Балалық шағы жоқшылыққа толы болған ол есейе келе қандай іс істесе де өте байыпты, тиянақты етіп істеуге дағдыланады. Ол бұл туралы өз ғибраттарында жазады. Істің үлкен-кішісі, жақсы-жаманы болмайтындығын айта келе кандай іс болса да ақ адал, табан ет, маңдай теріңмен істесең ондай еңбектің ләззаты да мол болатындығын алға тартады. Бұл бүгінгі ұрлыктың «қарапайым ортада ерен табыстар жарату» дейтін идеясына сай келеді. Мұның бәрі халық жадында қалу үшін қызметтің, шен-шекпеннің, байлықтың алты шарт емес екендігіне меңзейді. Ол кітапты құмартып оқиды. Мемлекет үшін өз күш-жігерін аямайды. Сол жолда ол салт-дәстүр, музыка, садақ ату өнері, ел басқару өнері, хаткерлік, математика пәндерін оқиды. Білмегенін басқалардан сұрайды. Ол үшін білмей тұрып сұрағаннан білмей тұрып білем деген жаман.

Бұл уағыздар оның кейінгі шәкірттерін, тұтас конфуцзиандык ағымды ұстанушыларды ғылым-білім жолында жалғандықтан аулақ, шынайылыққа, адалдықка баулыды. Білімді адамдарды сыннан өткізуде де оның осы принципі басшылыққа алынды. Ол кезде тек ақсүйектердің ғана ұрпағы білім алу құқына ие еді. Конфуцзы мұның әділетсіз екендігін бірден ашық айтты. Әр адам жаратушы алдында да, қоғам алдында да білім алу құқына ие екенін айта отырып, өз алдына жеке мектеп ашты. Оған білім алуға бейімі бар қара халықтың да, ақ сүйектердің де балаларын қабылдады. Кейін келе ол кабылдаған 3000 баланың 72-сі өз заманының үздік зиялысына айналды. Оның «жолшыбай кездескен үш жолаушының жоқ дегенде біреуі менің ұстазым»-деген атақты сөзі бар. Мұның астарында «бәрін өзім білем деген-нен аулақ бол, өмірде сен білмсйтін нәрселер толып жатыр» дегенге меңзейді. Оның пікірінше «талантты әрі оқуды жан-тәнімен жақсы көретін, өзінен төмен адамдардан сұрауды ар көрмейтін адам нағыз мәдениетті, білімді адам». Сондықтан ол өзі жайлы айта келіп «мен де оқымысты болып туғам жоқ»-дейді. Бірақ ол әр адамның қабілет деңгейінің бірдей емес екендігін мойындай отырып, шәкірттерге олардың әр қайсысының деңгейіне сай білім беруді қуаттайды. Яғни, үздік бала мен орташа баланы бір жерге отырғызып білім берсе олардың әр екеуі үшін де қиянат болатындығын алға тартады. Мұндайда талантты бала орташа баланың деңгейінен аса алмай қалса, орташа бала талантты баланың деңгейіне жете алмай құр әуре болады дейді. Неше мың жылдан бері Конфуцзының осы тәлімі қытай халқын оқу-білім айдынында қанаттандырып келеді. Кімде-кім мақала немесе кітап жазсын, жұрт жиналған алқада сөз сөйлесін, өз ойларының артық-кемдігі туралы жұртшылықтан алдын ала кешірім сұрауды әдетке айналдырған. Ешкім де ұстазымнан озып шықтым, ол білмегенді білдім демейді. Шәкірт үшін ұстаздың орны қашан да биік әрі құрметті. Ал батыста бәрі керісінше, шәкірт ұстаздан озып шығуды мақтан тұтады, әрі ол туралы айналасына жар салуға дайын.

Батыста отбасында немесе қоғамда жекешілік көзқарас орын алса, шығыста әсіресе Қытайда ол керісінше. Біреулер батыс жастары мен қытайлық жастар арасында «егер аяқ астынан су апаты болып, әке-шешең, бауырларың, жан жарың және балаларың суға кетті дейік, сол кезде ең алдымен кімге қол үшін берер едіндер?» деген мазмұнда сауалнама қояды. Бұл сұрауға қытайлық жастар «ең алдымен шешеме, одан соң әкеме, одан соң бауырларыма, ең соңында жарыма»-деп жауап берсе, батыс жастары бір ауыздан «ең алдымен сүйген жарыма қол ұшын беремін» деп жауап берген. Бұл арада мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екеніне төрелік айтудан аулақпыз. Дейтұрғанмен, осы көзқарастың әр тарабында батыс пен шығыс тәрбиесінің ықпалы жатқаны айдан анык. Әсіресе, бәрінен бұрын ата-анаға құрмет ету, олардың алдында перзенттік парызды мүлт жібермей орындау — шығыс тәрбиесіне, соның ішінде конфуцзиандык ілімге тән басты ерекшелік. Ал батыста болса индивидуализм. Әр адамның жеке басы, муддесі бәрінен биік. Ешкім өз жакындарының жағдайына бола уақытын бөлмейді. Ал жақындары да оның уакытын аяуды қаламайды. Шығыста жеке адам көбіне көп отбасының, қоғамның ықпалымен өмір сүреді. Уақытының көбі өзі, отбасы, туыстары және қоғам арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруге" жұмсалады. Қазіргі таңда батыс дүниесі шектен тыс индивидуализмнің зардаптарын көріп отырғаны да жасырын емес. Түптеп келгенде адам, коғам, отбасы арасындағы мұндай үшбұрышты қатынас қандай елде де, қоғамда да кажет екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мұның түп-төркіні адамгершілік қағидаларына барып тіреледі. Адамгершілік кағидаларынан азғындаған жерде ойдағыдай қоғамдық ортаның және кісілік қатынастың болуы да мүмкін емес. Ендеше, бүгінгі Қытай іс қоғамының конфуцзиандық ілімге қайталай ден қоя бастауы да тегіннен тегін емес. Кейбір әлеуметтанушы ғалымдардың алдағы жерде демократияланған Қытай қоғамының ұйыстырушы күші не болуы керек деген сұрақ төңірегінде жүргізген пікірталасының түйіні де осы конфуцзиандық ілімге келіп саяды. Ғалымдар алда-жалда Қытай қоғамы бір партиялық жүйеден бас тартып мемлекет басқарудың демократиялык үлгісін тандаса елде анархия етек алып, баяғыдай милитаристік елге айналып калу каупі бар, сондықтан коммунистік партия басшылығындағы қатаң режимнен бет бұруға болмайды деп есептейді. Енді біреулер одан корқудың еш қажеті жоқ демократиялық қоғамды бір сенімге біріктіретін күш келешекте конфуцзы ілімі болады деп есептейді. Қалай дегенмен, соңғы пікірдің жаны бар. Өйткені Қытай тарихынан алып қарағанда бірігу мен бөлшектену оның өн-бойында ұдайы қайталанып келген процесс. Осыны ескерген зиялы ойшылдар өткен ғасырдың басында Қытай республикасы (Миньго) құрылған кездің өзінде-ақ конфуцзы ілімін елді рухани тұрғыдан біріктіруші идеологиялық-діни негіз ретінде қабылдауды ұсынған болатын. Сол кезде президент ретінде сайланған Юань Шикай бүкіл елдің дәстүрлі салт-санасын қалпына келтіру туралы бұйрыққа қол қойды. 1914 жылы ол елдің игі-жақсыларын ертіп, Конфуцзы монастрына барып, Конфуцзының рухына арнап ас беріп, мінажат етті. Сол жылы «Минго үкіметінің уақыттық ата заңын» жариялап, «ұлттык білім беру жүйесі конфуцзы ілімін тәлім-тәрбиенің өзегі етуі керек»— деп белгіледі. Бұдан соң елдің бірсыпыра аймағында «Конфуцзы діни бірлестігі», «әулие қоғамы» тектес қоғамдык ұйымдар құрылды. Кейін осындай қоғамдык бірлестіктер президентке хат жазып, «Конфуцзы дінін» мемлекет діні етіп ата заңға кір-гізуді талап етті. Атақты ағартушы Кан Иовэй үкіметке телеграмма жолдап, Конфуцзыға ас бергенде оның рухы алдында жүгініп, жерге бас ұруды ұсынып, «Қытай халқы тәңірге табынбаса, конфуцзыға да табынбаса бұл тізенің не керегі бар?» деп күңіренді. Айтып айтпай, күні бүгінге дейін тұтас қытай халқы ортақ сенетін бірегей дін жоқтың қасы. Елдегі бұдда мен даоизмнің ықпалы өте әлсіз. Біраз ел мұсылманға, енді біразы католик пен христиан дініне сенеді. Ал жастардың 80 пайызынан астамы ешбір дінге сен-бейді. Сондықтан елдегі коммунистік идеология өз өміршеңдігін жоғалтқан күннен бастап, идеология шебінде дағдарыс тууы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда халықтың ғасырлар бойы сенім артқан дәстүрлі дүниетанымы мен кісілік принциптері, қоғамдық көзқарастары алға шықпақ.

Қорытынды

 

Қытай халқының мәдени құндылықтары жайлы сөз еткенде, неше мың жыл бойы қалыптасқан өзге де рухани наным-сенімдерге тоқталмай өту мүмкін емес. Олардың бастыларының бірі —аждаһа сенімі. Қытай халқы өздерінің жұдырықтай жұмылған күш-жігерін жалғыз басты аждаһаға теңейді. Ал батыстықтардың аждаһасының үш, тоғыз тіпті оін екіге дейін басы болады. Аждаһа ең әуелі қытай халқының өсіп-өнуіне, ұлт болып бірігуіне қатысты мифтік образ. Ертедегі қытайлықтар аспаннан жаңбыр тілеп, мол өнім алуды армандағанда аждаһа ғибадатханасына (лунванмлоға) барып тасаттық тілейтін болған. Тасаттық елдін бірлігіне, куаттануына, ықпалының арта беруіне арналатын. Ғалымдардың пікірінше аждаһаның төтемдік маңызы да бар. Онда бірнеше хайуанның бейнесі жинақталған: денесі жыланның денесіне, басы доңыздың басына, мүйізі бұғының мүйізіне, кұлағы сиырдың құлағына, сақалы ешкінің сақалына, тырнағы бүркіттің тырнағына, қабыршығы балықтың қабыршығына ұқсайды.

Демек, қытай этносының негізі болған ертедегі хуася ұлты Хуанхэ өзені бойында алғаш бірлікке келген кезде, әр түрлі ұлыстар мен этностардың түрлі төтемдері біріге келе бір ғана аждаһа образына жинақталған. Мұның бүгінгі Қытай үшін де мән-маңызы айрықша. Рухани таным тұрғысынан ол тұтас қытай халқының символы. Бірліктің, күш-қуаттың белгісі. Сондықтан Қытай елінің іші мен сыртындағы тұтас хуася нәсілі оны өздерінің киелі рухына балайды. Қайда барса да өздері тұрған жердегі әлеуметтік орындарды, ғимараттарды айдаһар нақышымен өрнектеу әдетке айналған. Бұл бір тараптан ата-баба рухына табыну, тұтас қытайлық дәстүрлерді бұлжытпай сақтау, ауызбіршілікті сақтау ниетінен туындаса, екіншіден тұтас жер жүзіне қытай мәдениеті мен дәстүрін, тілін насихаттауды мақсат етеді.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

1.   «Әлем әдебиеті» журналы 2007ж. №2.

2.    Ғабитов Т. «Мәдениеттану». А., 2001 ж

3.    Затов Қ. «Мәдениеттану» А., 2002 ж

4.     «Әлем». Алматы, 1991ж.

 




Информация о работе қытай мадениеті