Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Февраля 2015 в 17:57, доклад
Қазақтың санасына ертеден ер азаматтар «отағасы», әйел заты «отанасы» деген пікір сіңісіп кеткен. Ерлер түздің адамы, ол отбасын асырауға міндетті. Ал аналар өмірге ұрпақ әкеліп, оны аялы алақанына салып, бағып-қағумен айналысқан. Соңғы жылдары гендерлік саясатты жүзеге асыруға біршама көңіл бөліне бастады. Билік басына әйелдер келуде. Олардың үлес салмағы әзірге 30 пайызға жеткен жоқ. Дегенмен, сол нәтижеге қол жеткізу жолындағы жұмыстар ерекше қарқынға ие. Қазақ – табиғатында әсірешіл, өзге жұрттан көргенін өнеге тұтып, үйреніп алуға бейім тұратын халық.
БИЛІКТЕГІ ӘЙЕЛ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Қазақтың санасына ертеден ер азаматтар «отағасы», әйел заты «отанасы» деген пікір сіңісіп кеткен. Ерлер түздің адамы, ол отбасын асырауға міндетті. Ал аналар өмірге ұрпақ әкеліп, оны аялы алақанына салып, бағып-қағумен айналысқан. Соңғы жылдары гендерлік саясатты жүзеге асыруға біршама көңіл бөліне бастады. Билік басына әйелдер келуде. Олардың үлес салмағы әзірге 30 пайызға жеткен жоқ. Дегенмен, сол нәтижеге қол жеткізу жолындағы жұмыстар ерекше қарқынға ие. Қазақ – табиғатында әсірешіл, өзге жұрттан көргенін өнеге тұтып, үйреніп алуға бейім тұратын халық.
Елімізде соңғы жылдары батыстық үлгідегі гендерлік саясаттың белең алып, яғни қыз-келіншектердің құқын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеруге мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі осының бір айқын дәлелі секілді. Батыста ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін әйелдерді адам құрлы көрмегендіктен, осы қорлыққа намыстанған нәзік жыныстылар еркектердің алдында өздерін төмендетпеудің жолын қарастырды. Әлемде осылайша «феминизм», «гендерлік саясат» деген ұғымдар пайда болды. Бірақ ғалымдардың пікірінше, батыстықтар гендерлік саясаттың жақсылығын көріп отырмаған сыңайлы. Бұл сөзге дәлел ретінде Батыс елдерінде бала туу санының күрт азайып кеткендігін айтуға болады. Бұл қауіп біздің мемлекетті де айналып өтпесі анық. Сондықтан ұтарымыздан ұтылатын жағымыз басым екеніне осы бастан бас ауыртқан жөн. Жалпы, «гендерлік саясат қазаққа қажет пе?» деген сауал төңірегінде ой қозғасақ.
Қазақ елінің басынан түнерген бұлт кетпей, түрлі қиыншылықтарды бастан өткерген замандарда аналарымыздың ел ертеңі үшін ерлермен қатар ауыр жұмыстарды атқаруына тура келді. Соғыс жылдарында, тіпті тылда еңбек етіп, майданды астықпен қамтамасыз еткені белгілі. Ал тәуелсіздіктің таңы атқан тұста да отбасын асырауда ер мен әйел бірдей қызметтер атқарды. Керек десеңіз, еліміздің Конституциясының 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрінің тең екендігі, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны анық жазылған. Содан бері нәзікжандылардың құқығын қорғайтын түрлі ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер қаптап кетті. Солардың әсері болу керек, қазір бұрымдылардың көбі отбасын құрып бала-шағалы болуды емес, карьера қуып, биліктің бір тұтқасын ұстауды мақсат қылады.
Әйел – ақ жаулықты ана, ибалы қыз, инабатты келін, қылықты қарындас. Тоғыз ай, тоғыз күн толғатып, «тар құрсағын кеңітіп» бүкіл адамзатқа өмір сыйлайды. Содан да болса керек, қазақ ұрпақ тәрбиесін әйел-анаға жүктеген. Тарихқа үңілсек, елімізде отбасы институты бұрыннан қалыптасқанына көз жеткіземіз. Ол кездері әйел бала-шағасына қараған, өсірген, тәрбиелеген. Ал ер азаматтар болса, ел мен жерді қорғап, сыртта жүрген. Сондай-ақ, «әйел – үйдің қазығы, еркек – үйдің азығы» демекші, бөріктілер отбасын қамтамасыз етіп отырған. Бірақ бүгінде бұрымдылар билік басында еркекпен иық тірестіріп жұмыс істеп жүр. Бірақ от анасына баланатын арулар «екі кеменің басын ұстаған суға кетедінің» керін киіп жүрмесін. Қазір ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойындайды. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Оған ешкім де қарсылық танытып жатқан жоқ. Мұның барлығы адамның қабілетіне, іскерлігі мен алға қойған мақсат-мүдделеріне байланысты. Бөлтірік шешеннің сөзімен айтқанда: «Елдің баласы білгенді білмесе, ел анасы болып не керек, аздың білгенін білмесе, басшы болып не керек, ұрғашының білгенін білмесе, еркек болып не керек». Жалпы, Батыста диалектиканың негізгі заңы қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі деп аталады. Яғни олар осы заң арқылы қоғамда әйел мен еркекті, бай мен кедейді бір-біріне қарсы қояды. Ал Шығыс ілімінде диалектиканың негізгі заңы керісінше: қарама-қайшылықтардың бірлігі мен үйлесімділігі. Біздің қоғамда ешқашан ер мен әйел жарыспаған. Бұны біз қолдан жасап отырмыз. Тіпті Батысқа еліктеуімізден биліктегі бұрымдылардың үлесін арттыруға қаржыны да аяп жатқан жоқпыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2009-2011 жылдары «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық жағдайды жақсартуды дамыту шаралары» бағдарламасына 38,4 млн. теңге бөлініпті. Яғни гендерлік саясат Қазақстанда да қарқынды жүзеге асырылып жатқанын билік тұтқасын ұстаған нәзікжандылардың қатарының артуынан аңғаруға болады. Мәселен, ҚР Парламентінің құрамында 22 нәзікжанды бар. Бұл – депутаттардың жалпы санының 15 пайызы. 3 әйел – облыс әкімдерінің орынбасары, 5 нәзікжанды аудандарға басшылық жасайды. Аудан басшылары орынбасарларының 18 пайызы, ауылдық және селолық округтер әкімдерінің 12 пайызы әйелдер. Атқарушы орган саналатын Үкіметтің құрамында 2 министр, 4 жауапты хатшы, 6 вице-министр бар. 2016 жылғы жоспарлы мерзімде саяси аренадағы әйелдер үлесі 35 пайыздан кем түспейді деген жоспар бар.
Алдыңғы қатарлы ел болуға ұмтылған қоғамда гендерлік теңсіздік және теңдік мәселесі де «ұлттық идеяны» айқындаушы факторлар қатарында. Қазақ қоғамы үшін қолдау тауып та, сыналып та жатқан кереғар пікірлердің алмағайып түсуіне ықпал етіп отырған мәселе – осы. Әйелдер мәселесі тарихи жағынан алғанда да, бүгінгі шынайы уақыт шеңберінен алғанда да бұқаралық санаға әсер ететін, қоғам дамуына да ықпалды көпшілік құбылыстар қатарында. Қазақ қоғамы үшін гендерлік саясат мәселесін ұлттың менталитетіне, елдік сананың ерекшеліктеріне қарай күштеп, таңып енгізу артық. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтында, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны, ең алдымен, отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Дегенмен, дамыған демократиялық елдердің құндылықтары, атап айтқанда, әйелдерге қатысты саясатына еліктеуден гөрі, өзімізге жақын ұлттық саяси ұстаным, өте білікті де аса нәзік саясат дұрыс деп санаймын. Яғни әйел адам болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жауапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар екендігін ешқашан науқандық саясатқа айналдырмау қажет. Ірі ойшыл философ Бенедикт Спиноза «Билік басындағы әйел бүкіл әлемге қатерлі» деген екен. Расында әйелде мейірім болмаған жағдайда өмірдегі тепе-теңдік бұзылады. Әйел – үйдегі, еркек – түздегі шаруаны реттеп, өз ұрпағының қамын ойлап, тәлім-тәрбие беріп отырса, бұл дүниенің бақыты сол емес пе?