Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Ноября 2013 в 15:47, статья
Мақалада ҚР жұмыс күші миграциясының ауқымы және оның қазіргі таңдағы мәселелері қарастырылған. Жұмыс күші заңсыз миграциясының елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қауіп-қатерлер қарастырылып, оны шешу жолдарына талдау жасалады. ҚР-ғы жұмыс күші миграциясының маңыздылығы, еңбекші мигранттардың экономикалық құрылымындағы үлесі және бүгінгі таңда елімізге қажетті мамандардың тартылу деңгейі қарастырылған. Кілт сөздер: жұмыс күшінің миграциясы, квота, заңсыз миграция, маргинал топтар, ұлттық қауіпсіздік, криминогендік жағдай.
ӘОЖ 331.556.4
ҚР жұмыс күшінің сыртқы миграциясының масштабтары мен қазіргі маңызы
Есенбек Гулдана Абдуахитқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Мақалада ҚР жұмыс күші миграциясының ауқымы және оның қазіргі таңдағы мәселелері қарастырылған. Жұмыс күші заңсыз миграциясының елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қауіп-қатерлер қарастырылып, оны шешу жолдарына талдау жасалады. ҚР-ғы жұмыс күші миграциясының маңыздылығы, еңбекші мигранттардың экономикалық құрылымындағы үлесі және бүгінгі таңда елімізге қажетті мамандардың тартылу деңгейі қарастырылған.
Кілт сөздер: жұмыс күшінің миграциясы, квота, заңсыз миграция, маргинал топтар, ұлттық қауіпсіздік, криминогендік жағдай.
Кіріспе
Экономиканың жаһандануы мен елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуының әркелкілігі бүгінгі заманда халық миграциясының бұрын болмаған үлкен маңызға ие болуына себеп болып отыр. Нарықтық экономикаға өту ҚР-ң ашықтығына ықпал етіп, оны халықаралық ынтымақтастыққа, оның ішінде еңбек күшінің сыртқы және ішкі миграциясына енуіне әкелуде. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан Республикасы да әлемдік миграциялық үдерістерге белсенді атсалысып келеді. Елімізге жыл сайын шамамен 300 мың адамға дейін жұмыс күші тартылады. Бұлай болатын себебі соңғы жылдары еліміз көршілес мемлекеттердің еңбек мигранттары үшін тартымды болып отыр. Қазақстанның әлемдегі территориялық орналасуының өзі әлемдік және аймақтық миграциялық процестерден шет қалуға мүмкіндік бермейді. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық, орнықты экономикалық өсу және өмір сүру деңгейінің көтерілуі, ұлтаралық қақтығыстардың жоқтығы, ел аумағының үлкендігі және оңтайлы геосаяси жағдайы Қазақстанды мигранттар ағылған орталықтардың біріне айналдырды.Бүкіләлемдік банк баяндамасы бойынша ҚР әлемдегі еңбек мигранттарын қабылдауы жағынан 9-орынға табан тіреген.
Материалдар мен әдістер
Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жылда зәру мамандықтар бойынша шетелдік жұмысшыларға белгілі мөлшерде квота белгілеп отырады. 2001 жылдан бастап ҚР шет ел мамандарына арнайы квота бөле бастады. Квота елімізде жоқ мамандарға беріледі. Олардың ішінде менеджерлер, жоғары сапалы мамандар бар, 2006 жылдан бастап маусымдық ауыл шаруашылық жұмыскерлеріне беріле бастады. Ауыл шаруашылық мамандарын тарту екі жақты келісім негізінде іске асырылады. Қазақстан Қырғызстанмен осындай келісімге қол қойған болатын, ал Өзбекстанмен арада ондай келісім жоқ. Квотаны бөлу ҚР халықты жұмыспен қамту туралы заңына сай іске асырылады. Квота мөлшері жыл сайын еңбек нарығындағы жағдайға байланысты өзгеріп отырады.
Кесте 1
ҚР Үкіметі бөлген квоталар мөлшері (2001-2012жж)
Жылдар |
Экономикалық белсенді халық, % |
Мың адам |
2001 |
0,15 |
10,5 |
2002 |
0,14 |
10,7 |
2003 |
0,14 |
10,5 |
2004 |
0,28 |
21,2 |
2005 |
0,32 |
25,6 |
2006 |
0,70 |
56,0 |
2007 |
0,98 |
79,5 |
2008 |
1,60 |
132,7 |
2009 |
0,75 |
63,5 |
2010 |
0,75 |
64,6 |
2011 |
0,85 |
73,2 |
2012 |
1 |
90 |
Ескерту: Кесте автордың жеке зерттеулерінің нәтижесінде құрастырылған.
Осы кестеден көріп отырғанымыздай 2001 жылдан бастап квота мөлшері артып 2008 жылы өзінің максималды шегіне жеткен, яғни 132700 адам. Олардың 0,6 % 1 ж/е 2 категория мамандықтары, 0,93% 3- категория, және 0,07% 4- категориядағы мамандар.
Алайда әлемдік қаржы дағдарысы басқа да әлем елдеріндегі сияқты Қазақстанға да әсер етті. Ұлттық экономиканы қорғау мақсатында шетелдік жұмыс күшінің үлесі азайтылды. Дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда еңбек мигранттарының саны 3 еседей азайды. Барлық квоталар 2009 жылы 0,75% дейін қысқартылды [1]. Маусымдық ауыл шаруашылық жұмысшыларына деген квота 0,05%. 2011жылы еліміздегі квотаның мөлшері экономикалық белсенді халық санының 0,85 пайызын құрайды. Бұл абсалюттік деңгейде 2011 жылы 72 мың шетелдің жұмысшының Қазақстанда жұмыс істеуге болатынын білдіреді. Ал 2012 жылы 90 мың немесе экономикалық белсенді халықтың 1%-ы көлемінде квота бөлінді. 2013жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 21712 шетел жұмысшыларын тартуға рұқсат берілген. Жалпы 2012 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 23978 шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат берілген болатын. Олардың 23594-і I-IV категориялар бойынша жұмыскерлер [2]. Көрсетілген статистика бойынша шетел мамандарының саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын байқаймыз. Шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы үлесі бойынша Түркия, Қытай, Ұлыбритания, Индия, Италия және Ресей мемлекеттері көшбасшы болып табылады. Бұл мемлекеттердің үлесіне бүгінгі күндері жалпы ресми шақырылған жұмыс күшінің 60%-70% тиесілі. Әсіресе, шетел еңбек мигранттарының ішінде Қытай(19,5%) мен Түркия (11,5%)”, азаматтарының саны басым. Сонымен қатар, шетел мамандарының басым көпшілігі құрылыс салаларында (2007 жылғы дағдарысқа дейін 43477-ні құраған), тау-кен өнеркәсіптерінде (2007 жылы 5444 адам) жұмыс атқарады екен. Ал 2012ж шетелдік еңбекшілердің 62%-ы құрылыс және таукен өнеркәсібіне тартылған. Еңбек және әлеуетті қорғау министрлігінің мәліметі бойынша алдыңғы жылы 2792 жұмыс беруші шетел жұмысшыларын тартқан, сонымен қатар олардың ұйымдарында 389 мың қазақстандық мамандар және 22 мың немесе 5,4% шетел азаматтары жұмыс жасаған. Келуші мамандардың басым көпшілігі инженер мамандықтарының иелері. Дамушы біздің мемлекет үшін мамандардың келуі өте маңызды болып табылады. Бірақ, әлем қарыштап дамып жатқанда жоғарғы технологияларды меңгерген мамандарды шақырған абзал. Қазақстанда табыла бермейтін, мүлдем кездеспейтін мамандық иелері болғаны дұрыс. Дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік шетел мамандарын шақырғанда құрылыс саласына емес, жоғарғы технологияны меңгерген мамандарды шақырады.
Қазіргі таңда Қазақстанда жоғары маманданған кадрларға деген жетіспеушілік байқалуда,соның салдары инновациялық және технологиялық дамуға жоғары әсер етіп отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Қазақстан 152949 жоғары білімді мамандарынан айырылып қалды. Олардың ішінде техникалық, педагокикалық, экономика, архитектура, ауыл шаруашылығы, заң және басқа да мамандық иелері болды. Осы тұрғыда біз ең алдымен ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға мән беруге тиіспіз. Әрине, 1992-1993 жылдарға дейін дайындалған кәсіби техникалық мамандықтардың базасы бұл күні нарықтық заманға сәйкес келмей қалды. Қазір жаңарған техниканың тілін білетін отандық мамандар жетіспейді. Сондықтан орта отандық кәсіби мамандарды жаңа технологияның тілін білуге бейімдегеніміз жөн. Кәсіптік катынас тұрғысында шетелдік жұмыс күшін енгізу жоғары білікті мамандарды, оларға сұраныс ішкі еңбек рыногы есебінен қанағаттандырылмайтын табиғи және инженерлік, қаржы-экономикалық және кәсіпкерлік қызмет салаларына бағытталған. Бірақ тәжірбиеде олармен қатар кеңінен тараған кәсіптер бойынша орта білікті қызметкерлер де тартылып отыр. Бұған қоса Қазақстанда пайдаланылатын шетелдік жұмыс күшінің белгілі бөлігі заңсыз мигранттар. Олардың арасында маусымдық жұмыстарда істейтін біліктілігі төмен адамдар басым. Осы тұрғыда елімізде заңсыз миграция шешімін таппай отырған мәселе болып табылады. Қазақстанда заңсыз жүрген мигранттардың саны бейресми ақпараттар бойынша бір миллионнан асып жығылады. Аталған сан одан да көп болуы әбден мүмкін.
Зерттеу нәтижелері
ҚР «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында: «Миграция ағымының бақылаудан, реттеуден шығып кетуі ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатер» екендігі жазылған [3]. Әлем тарихында миграция әсерінен тұтастай ұлттарды «қыспаққа» алып жаңа мемлекеттердің құрылғанын, белгілі бір титулды ұлттардың өз мемлекетінде үлес салмағы азайып, орнына өзге ұлттар басып алғанын факт келтірмей-ақ білеміз. Ал біздің мемлекеттің адамдық ресурсы мен көрші мемлекеттердің адамдық ресурсын салыстырып қарағанда, біздің мемлекет үшін миграциялық саясатты мықтап қолға алу керек. Мемлекет үшін ондай қауіп болмағанның өзінде заңсыз мигранттар саяси тұрақтылықты бұзуға,қылмыстың өсуіне, жергілікті халық пен мигранттар қайшылығын туғызуға, маргинал топтардың пайда болуына, ұлттық еңбек нарығындағы дисбалансты бұзуға т.б. проблемаларға алып келетін топ екендігін ғалымдардың зерттеулері мен халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Осындай негативті феноменмен еліміз өзінің мүмкіндігінше күресіп жатыр. Бірақ, қанша әрекет жасасақ та осы күнге дейін заңсыз миграцияның көлемі азайған емес. Мәселен, 2006 жылы мигранттарды жаппай заңдастыру процесі жүрді. Мамандар іс-шара барысында 100 000 мигрантты заңдастырамыз деп болжаған. Нәтижесінде 2007 жылдың 9 қазанға дейін 142 941 шетел азаматынан арыз түссе, соның 141 950 заңдастырылған. Заңдастырылған мигранттардың басым көпшілігі келесі мемлекеттердің азаматтары болып табылады: Өзбекстан азаматтары - 101 743 (71,7%); Қырғызстан азаматтары – 19 854 (13,9%); Ресей азаматтары - 9 494 (6,6%); Тәжікстан азаматтары – 4 111 (2,9%); өзге мемлекеттердің азаматтары 6 749 (4,7%). Мигранттардың басым көпшілігі құрылыс (95 943), қызмет көрсету (18 399) мен ауыл шаруашылығында (12 965) жұмыс жасаған [4]. Бұл – кезекті бір реттік акция. Мұндай күрес шаралары ұзақ мерзімді нәтиже бермейді, тек заңсыз миграцияны бір маусымның көлемінде ғана шешуі мүмкін.
Нәтижелерді талдау
Ал заңсыз миграцияның бірден –бір себептерінің бірі арзан жұмыс күшi арқылы қаржы үнемдеу болып табылады. Әртүрлi мәлiметтер бойынша, импорттаушы мемлекеттерде еңбек мигранттарының 60-70 пайызы заңсыз түрде жұмыс iстейдi, миграция ұйымдарында гастарбайтерлердiң бестен бiрi ғана ресми түрде тiркеледi.
Қазақстан көші-қон департаментінің ресми мәліметі бойынша 2010 жылы миграция полициясына 1 миллион 200 мыңдай шетелдік тіркелсе, олардың 100 мыңы әртүрлі әкімшілік тәртіп бұзғаны үшін заңға тартылып, 75 мыңы тек көші-қон туралы заңды бұзған екен. Тіпті, 9800 адамды республикадан аластатуға тура келген көрінеді. Ал 2011 жылы миграциялық заңды бұзғаны үшін 146 мың 207 шетелдік жауапкершілікке тартылған. Жалпы соңғы бес жылдың көлемінде Қазақстанға сырттан келген жұмысшылар саны 3 еседен астам өсті. Бұл елімізде көптеген ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен байланысты деп түйіндеуге болады. Квота арқылы келген мигранттардың құқықтары біршама заңмен реттелген болса, квотасыз, өздері келіп, жалданып жұмыс істейтіндердің жағдайын мемлекет білмейді. Квотасыз келгендердің жағдайы қиын, оған мемлекет бақылауы да әлсіз. Қолданыстағы заңда оларды жұмысқа алған жеке тұлғаларға 20-дан 50-ге дейiн, ал ұйымдарға 300-ден 500-ге дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айыппұл салу қарастырылған. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексiнiң 30-бабы бойынша заңсыз пайдаланылған шетелдiк жұмыс күшiн елден шығару туралы сот шешiмiн орындамағаны үшiн жұмыс берушiлердiң үстiнен қылмыстық iс қозғалады. Соған қарамастан заңымызға немқұрайлы қарайтындар да бар. 2012 жылдың қараша айындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек, көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға байланысты елімізге келетін еңбек мигранттары да салық төлейтін болды. Мұндай норма елімізге визасыз тәртіппен келетін ТМД азаматтарына, оның ішінде заңсыз еңбек мигранттарының басым бөлігін құрап отырған Орталық Азия өңірі елдеріне бағытталады. Ал рұхсатнама 1 және 3 айға беріліп, кейіннен оны ұзартуға болады. Ал Қазақстанда болатын ең жоғары мерзім 1 жыл. Егер осы заң өз дәрежесінде орындалатын болса, ең алдымен заңсыз мигранттырды заңдастыру мен олардың елге келуіне бақылау жасауға, бюджет түсімін ұлғайтуға жемқорлық іс әрекеттерді азайтуға мүмкіндік туады. Заңсыз миграцияның ағымына бақылау жасауда бірқатар осы типтес шаралардың қолданылып жатқаны белгілі, алайда бұлардың барлығы толық нәтиже көрсете бермейді. Сондықтан Еңбек мигранттарына қатаң бақылауды қазірден бастап қолға амасақ елдегi криминогендiк, санитарлық-эпидемиологиялық күрделі жағдай туындауы мүмкін. Соңғы кездерi олардың ел кезiп жүруi экстремизмнiң де белең алуына әкелiп соғуда, мұны әлемде болған оқиғалардан бiлемiз. Заңсыз еңбек миграциясы бюджет салықтарының толық түспеуiне, сонымен қатар iшкi еңбек рыногының өзгеруiне де керi әсерiн тигiзуде.
Көші-қон саласында күрмеуі қиын мәселелер ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты алаңдаушылықты тудырады. Бүгінгі таңда батыс елдері шеттен келетін жұмыс күшіне талапты күшейткен,Ресей де ерте қамданып, дағдарыс жылдары мигранттар санын едәуір азайтты. Ал, Ұлыбритания елі гастарбайтерлердің жолына кедергі болатын балдық жүйені енгізді. Онда ағылшын тілін білу міндеттелген. Оған қоса, жоғары білім мен кәсіби біліктілік те қажет. Испания бірінші болып мигранттарға қатысты әлеуметтік жоба дайындаған ел болды.
Соңғы 7-8 жылда Достастық елдерінің арасында да еңбек миграциясы орнықты өсіп келеді. Қазақстандағы ішкі және сыртқы миграция мәселелері уақыт өткен сайын өзекті болып келеді. Оған қоса еңбек мигранттарының нақты көрсеткіші ресми статистикалық мәліметтерден әлдеқайда жоғары. Осыған орай ТМД-да ортақ еңбек нарығы құрылған болатын. Бірыңғай еңбек нарығын құруда өндіріс ауқымы, қажеттілік, алмасу мен басқа да факторлар ескеріліп отырады. Бұл ТМД-ға мүше елдердің барлығына қатысты болып отыр. Бұл аймақтағы еңбек ортасын дамытуға, зияткерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді. ТМД мемлекеттерінің Минскідегі атқарушы комитетінде ТМД елдерінің бірыңғай еңбек нарығын құру бастамасы ұсынылған еді. Осылайша, елдердің ортақ еңбек нарығын құру бастамасы 2012 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еңбек мигранттары санына қойылған шектеу квотасы күшін жойды. Қалған мемлекеттердегі жағдай басқаша. Дегенмен миграциялық үдеріс әрқашан екіжақты мазмұнға ие және мигранттар ағыны тек қабылдаушы тараптың ғана емес, оларды жөнелтуші елдің де проблемасы [5].
Қорытынды
Сонымен жоғарыда айтылғаннан шығатын қорытынды Қазақстан арзан жұмыс күшіне қарағанда сапалы, жоғары квалификациялы мамандарға мұқтаж болғандықтан тек осы мақсатта ғана біз шетел жұмысшыларын тартуымыз керек. Жоғары білікті мамандарды елдің артта қалып бара жатқан салаларына шақыру арқылы экономиканың салалық құрылымына біраз өзгерістер енгізуге болады деп ойлаймын. Шетелдік тәжірбиелі мамандарды елдің ғылыми – техникалық, білім беру салаларына көптеп тартуымыз қажет. Бұл біздің болашаққа салған инвестициямыз болар еді. Ал заңсыз мигранттар мәселесінде заңда қаталдату шаралырын қолдану керек. Жалпы ҚР жұмыс күші миграциясының масштабы күннен-күнге артып отыр, оны сандық және сапалық тұрғыдан реттеу бүгінгі күннің мәселесі.
Әдебиеттер
1. Казахстан снизил квоту на
привлечение иностранной рабочей силы
до 0,75%/ http://today.kz/ru/news/
2. http://www.kaztag.kz/
3. ҚР “Ұлттық қауіпсіздік туралы” 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527 ІV Заңы. 19-бап.
Информация о работе ҚР Жұмыс күшінің сыртқы миграциясының масштабтары мен маңызы