Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Ноября 2013 в 18:27, контрольная работа
Анда-санда болса да естіліп қалатын әңгіменің бірі, көп әйел алу мәселесі. Парламент депутаттары да бұл тақырыпты ұмыт қалдырмайды. Еркек депутаттар айта берген соң, қызы-қыза келіп, бір депутат әйел «онда көп күйеуге шығуды да рұқсат ету керек» деп салды.
Бұл әңгіме неге алдымыздан шыға береді? Тақырыпты қозғаушылар бұның басты бір себебі қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай отырып қалып жатқандығынан, екінші себебі сан жағынан өсу елдің дамуы үшін маңызды, дейді.
Анда-санда болса да естіліп қалатын әңгіменің бірі, көп әйел алу мәселесі. Парламент депутаттары да бұл тақырыпты ұмыт қалдырмайды. Еркек депутаттар айта берген соң, қызы-қыза келіп, бір депутат әйел «онда көп күйеуге шығуды да рұқсат ету керек» деп салды.
Бұл әңгіме неге алдымыздан шыға береді? Тақырыпты қозғаушылар бұның басты бір себебі қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай отырып қалып жатқандығынан, екінші себебі сан жағынан өсу елдің дамуы үшін маңызды, дейді.
Басқа да пікірлер жеткілікті. Біреулер бұл жеке адамның шаруасы десе, кейбіреулер бұлай етуге болмайды деген заң жоқ, демек көп әйел алуға болады, дейді. Көп әйел алуды жақтайтындар «ислам діні төрт әйел алуға рұқсат еткен» дегенді қайталап айта береді. Солай екен деп солай жасай беру керек пе?
Мұхаммед пайғамбар сегіз әйел алған: Хадиша, Сауда, Айша, Хафса, Зайнаб бинт Хузайна, Умм Салма, Джувайрийа, Маймуна, Сафийа, Зайнаб бинт Джахш, Умм Хабиба, Мәриям. Ибн Мирзакарим ал-Карнаки құрастырып, «Диля» баспасы 2007 жылы шығарған, «Мұсылман есімдері» атты кітапта осылай жазылған.
Тарихта байырғы түркілер деген атпен еске алынатын бабаларымыз исламды қабылдағанда, осы діннің көп әйел алуға рұқсат ететінін де есепке алған болуы керек. Байырғы түркілердің көп әйел алу салты болғанын VII-ХII ғасырлар құлпытастарындағы қайтыс болған адамдардың атынан жазылған жазулар дәлелдейді. Атақты түрколог И.В.Стеблева аударып, 1993 жылы «Раритет» баспасы шығарған «Байырғы түркілер поэзиясы» атты кітапта жарияланған он жазудың сегізінде «менің әйелдерім» деген сөздер бар.
Иә, тарих қазақта көп әйел алу салты болғанын теріске шығармайды.
Ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханның жазуы бойынша бабасы Абылай ханның 12 әйелі болған. Ғалым Ирина Ерофеева төрелер туралы еңбегінде Нұралы ханның 15 әйелі болғаны туралы дерек келтірген. Ақын Абайдың атасы Өскенбай бес әйел алған. «Абай» энциклопедиясында: «Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай тоғыз ұл көрген» деп жазылған. Әкесі Құнанбайдың Әйбөбек, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным атты төрт әйелі болған. Ақын Абайдың өзінің де бірнеше әйелі болғаны белгілі. Бұлардың бәрі де бай болған адамдар. Қазақтың тарихын оқыған адам, кедейдің көп әйелі болыпты, дегенді еш кітаптан оқи алмайтыны анық. Ал, бүгінгі таңда қазақтардың бәрі бай деп кім айта алады?
Жалпы көп әйел алуды жақтаушылар сол баяғы қыздар отырып қалды, қазақ санын көбейту керек дегенінен танбай келеді. Бірақ, олар, бір үйде тұрған бірнеше әйелдің және олардың балаларының психологиялық жағдайын ойлап жатқан жоқ. Олардың бәйбіше-тоқал балалары болып бөлінбейтініне кім кепіл бола алады? Бұл мәселенің өте қиын екенін «Абай жолы» романын оқыған әр қазақ біледі. Эпопеяның «Жолда» атты тарауында Абайдың туған інісі Оспан мен тоқал анасы Айғыздан туған інісі Смағұл ұрысып қалады да Смағұл Ұлжанға тіл тигізеді: «Абай өз анасы үшін күйіп кетіп:
– Өй, ақмақ!.. Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. Бұны кім
үйретті, доңыз – деп, кеп Смағұлды жақтан тартып-тартып кеп жіберді. Осы бәлені шығарғаны үшін Оспанды да аямай ұрды…. Айғыз үлкен үйдің есігін сарт еткізіп шалқасынан ашып, табалдырықтан аттай бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кіргізіп:
– Мә, жеңдер! Талап түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә
дейім!.. – деп, Абайға қатты төніп жетіп келді… Айғыз кәрі шешеден жасқанып, кейін серпіле берді де: – Тоқал демексің, мүйіздемексің ғой бірігіп ап… Көрермін… келсін ертең, – деді. Ескерткені Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы».
Қазақ халқы өзінің бүкіл тұрмыс-тіршілігін мақал-мәтелдерге сыйдырған халық қой. Атақты жазушы Сәбит Мұқанұлы ағамыз «Аққан жұлдыз» романының бірінші кітабында қазақтың жетпістен аса мақал-мәтелін келтіріпті. Соның біразы ер мен әйелдің қарым-қатынасына байланысты: «Байдың қатыны өлсе төсегі жаңғырады, жарлының қатыны өлсе басы қаңғырады»; «Қатын өлді, қамшының сабы сынды»; бұл екеуі жұбайсыз тұрмыстың қиын екенін меңзесе, «Бала – белде, қатын – жолда»; «Семіз қатын құс төсек, арық қатын жоққа есеп» деген сөздер нәпсіқұмарлықтың да бар екенін жоққа шығармайды. Бұл бұрынғы ғасырларда қазақтың тұрмысы біркелкі болмағанын көрсетеді.
Иә, жиырмасыншы ғасырға дейін қазақ қоғамында бірнеше әйел алу үйреншікті құбылыс еді. 1917 жылы билік басына коммунистер келген соң әйел теңдігі қолға алынып, көп әйел алу жат қылық деп бағаланды. Дегенмен, бірнеше әйел алғандар болды. Әннің кені болған Кенен Әзірбайұлы жасы отыздан асып қалғанда ревком болады. Бірақ ақындық өнерін тастамаған ол бір жиында Нәсиха есімді қызбен айтысады. Сонымен не керек, екеуі көңіл жарастырып, кешікпей үйленеді. Бұл кезде ақынның жұбайы Үлпілдек төсек тартып жатқан науқас болатын.
Атақты ақын, әнші әрі композитор Нартай Алыпқашұлы Бекежанның басында да осыған ұқсас жағдай болған. Өнердегі шәкірті Айдар Достиярұлына ақынның өзінің айтуы бойынша, алғашқы жұбайы денсаулығы болмай операция жасалғаннан кейін, енді бала көтере алмайтын болдым, деп екінші әйелі Ақжанды ақынға өзі әперген. Екі әйелімен бірге тұрған ақын үшінші рет үйленген. Көреген есімді жасы кіші досы қайтыс боларын сезіп ақынға: Нареке, төсегімді жатқа бастырмаңыз. Мені ырза болып, жалғаннан армансыз өтсін десеңіз, уәде беріңіз, деп айтқан. Көреген бұл тілегін жұбайы Күләшқа да аманаттайды. Нартай ақынмен Күләш ешкімге айтпай некесін қидырып, Ақалы атты қыз дүниеге келеді.
Өткен жиырмасыншы ғасырда бірнеше әйел алу сирек те болса да орын алып отырғаны классик жазушымыз Бердібек Соқпақбайұлының «Өлгендер қайтып келмейді» романында көрініс тапқан. Шығарманың кейіпкері Еркін жұбайы Зағипа екеуі пойызда бірге келе жатқан бір әжейді ермек болсын деп сөзге тартады:
– Еліңізде әлі күнге көп әйел алушылық бар дейді?
– Бұл енді өтірік. Көп әйелді неменесіне алады? Бұрынғыдай мал
береді дейтін, мал жоқ. Көп алғанда екі-ақ әйел.
Кемпірдің мына сөзіне Зағипа да, мен де күліп жібердік».
Көп әйел алу мәселесінде «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегенді де ұмытпаған жөн. Себебі ер адамдар бірнеше әйел алғысы келгенмен, оларды материалдық жағынан қамтамасыз ете алмайтыны сөзсіз. Ал дәулетім мол, қаражатым жетеді, дегендердің ертең байлығы суалып қалмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Грекия мемлекетінің экономикалық жағдайын көріп отырып, бір адам түгілі бір мемлекет түгелімен қиналып қалуы мүмкін екенімен санаспауға тағы болмайды.
Көп әйел алуды заңды түрде рұқсат еткенмен тұрмысқа шықпай жүрген қыздар мен үйленбей жүрген жігіттер азаймайтыны түсінікті. Қазіргі нарықтық экономика жағадайында қайбір жас болмасын ең алдымен қаражат жағын ойластырады. Себебі, қазір барлық мәселе қолдағы қаржының мөлшеріне тіреледі. Сондықтан қазақ жастарының АҚШ, Британия, Франция, Алмания сияқты дамыған елдердердің жастары сияқты ең алдымен мамандық алып, жұмысқа орналасып, материалдық жағдайды қамтамасыз етпейінше, үйленуді кейінге қалдыруға мәжбүр болып жатқанын түсіну керек.
Біздің қоғамымыздың көзге көріне бермейтін, кемшін қалып келе жатқан бір тұсы жастарды болашақ ерлі-зайыптылық өмірге дайындау мәселесі. Жастарымыз математика, физика, химия, тарих, география және басқа сабақтарды оқыған. Бірақ ерлі-зайыпты болудың не екенін білмейді. Ер баланы ертең бір үйдің отағасы, басшысы боласың, басты жауапкершілік сенің мойныңда, жанұяңды асырай алатын қаражат табуды үйленбей тұрып ойлан, деп ешкім айтпайды. Қыз баланы ертең бір шаңырақтың тірегі боласың, ол үшін мынадай нәрселерді білуің керек, өзіңді былай ұстауың керек, деп нақты үйретпейді. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сияқты жалпы сөздер айтылғанмен, бұл ұғымдарды ажыратып түсіндіру әлі әдетке айналған жоқ. Үйленген соң тұратын үй, басқа да тұрмысқа керекті заттар және ең бастысы бөлек тұру үшін қаражат керек екені, ол қаражатты қалай тауып, қалай үнемдеп жарату туралы жастармен ешкім де ашық сөйлеспейді.
Екі жас қол ұстасып үйленетін болса, ата-анасы қуана той қамына кіріседі. Дуылдатып-шуылдатып той істейді. Бір-бірінен айнымайтын тілектер айтылады, сыйлықтар табыс етіледі. Бірақ, ғашық болудың тек бір-бірінің бетіне қарап отыру емес, өмірге деген көзқарастың бірлігі екенін ешкім түсіндірмейді. Бір сөзбен айтқанда жастардың барлық дерлігі күйеу және әйел болудың не екенін үйленгеннен соң ғана барып біле бастайды. Бұл кішкентай балаға өткір жүзді пышақты ұстата салумен тең.
Ендігі жерде ұл-қызыңыз ешкімнен кем болмасын десеңіз, оларды қазірден бастап ерлі-зайыптылық өмірге дайындауды қолға алыңыз. Сонда ғана жастарымыздың уақтылы тұрмыс құруы да нақтыланып, үйленбей жүрген жігіттер мен тұрмысқа шықпай отырып қалған қыздар саны азаяды. Ажырасулар да кемиді.
Қалай болғанда да көп
әйел алу мәселесін қозғағысы келетіндер
ең алдымен нәзік жанды қыздарымыздың
көңіліне қарап, олардың пікірін тыңдауды
ұмытпағаны жөн.