Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 19:58, реферат

Описание работы

Әдебиет өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат.
Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі мәселелерінің бірі дәуірлеу болып табылады.

Файлы: 1 файл

Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі.docx

— 35.56 Кб (Скачать файл)

Ежелгі қазақ  әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі 
 Әдебиет өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат.  
Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі мәселелерінің бірі дәуірлеу болып табылады. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі мың жылға жуық тарихы бар қазақ әдебиетінің бүкіл елімізге ортақ дәуірлеу мәселесі қолға алынбаған еді. Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму процесін кеңестік тарихпен ғана байланыстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму процесін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекет кезеңі VІ ғасырдан басталып, ХХ ғасырға дейін созылған ұзақ мерзімді қамтыды. Қазақ әдебиеті тарихының өткен дәуірлері де осы қоғамдық құрылыстың негізгі даму кезеңдері - қалыптасуы мен нығаюы, дамып өркендеуі, дағдарысы мен тоқырауы, қайта дамып күшеюі, ең соңында, құлап ыдырауы сияқты тарихи жолдарына сәйкес келеді және де, өз кезеңдері бойынша осы қоғамдық даму процесінің ерекшеліктеріне толыққанды сипаттама жасайды.  
Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи дәуірлерін бажайлағанда әр кезеңді бір-бірінен даралап тұратын өзіне тән белгілері мен қасиеттерін, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. "Ежелгі дәуір және орта ғасырлардағы әдебиет" ұжымдық монографиясында қазақ әдебиетінің көне заманнан ХІ ғасырға дейінгі аралықты қамтыған кезеңі көне дәуір, ал ХІІ ғасырдан бастап, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырға дейінгі кезең орта ғасыр кезеңі деп аталады. Көне дәуірдегі түркі жазба әдеби ескерткіштеріне сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет туындылары, түркі және қытай халықтарына ортақ мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ әдеби шығармалар, түркі-моңғол бірлігі заманындағы әдеби мұралар, көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары - "Қорқыт ата кітабы", құмандардың "Кодекс Куманикус" жазба туындысы, "Оғызнама" дастаны, Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" ("Құт әкелетін білім") еңбегі, Махмұд Қашқаридің "Диуани луғат-ит-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") кітабындағы аңыздар мен әпсаналар, әдеби-поэтикалық үзінділер енеді. Бұл шығармалардың барлығын дерлік түркі халықтарының ортақ рухани байлығы деп бағалаған жөн. ХІ-ХІІ ғасырлар түркі халықтарының жазба әдебиетінің туып, қалыптасуымен байланысты болса, әрі бұл аралық кезең қазақ халқының қалыптасуы алдындағы дайындық кезең болғандығын да ескеру керек.  
Біздің заманымызға дейін сақталып жеткен көне түркі әдебиетінің жазба ескерткіштерін көрнекті түркітанушы ғалым Х.Көроғлы шартты түрде екі топқа бөліп көрсетеді: руна жазуымен бедерленген тарихи-эпикалық туындылар және көне соғды жазуына барып тірелетін ұйғыр жазуы пайдаланылған этикалық-дидактикалық шығармалар. Түркілер ислам дінін қабылдағаннан кейін Х ғасырлардан бастап, көне түркі әдебиетіндегі ұйғыр жазуы біртіндеп ығыстырылып, араб жазуы кеңінен қолданысқа енді.  
Руна жазуындағы тарихи-эпикалық түркі жазба ескерткіштерінің ең көне үлгілері түркі халықтары тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткерлері, ержүрек қолбасшы Күлтегін  туралы  Кіші және Үлкен жазулар, Шығыс түркі қағанатының атақты қағандарының бірі Білге қаған туралы және оның кеңесшісі әрі әскер басы Тоныкөкті мадақтауға арналған жазулар Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің бойынан табылғандықтан "орхон жазба әдеби ескерткіштері", ал Енисей өзені бойынан табылған жазулар "енисей жазба ескерткіштері" деп аталады. Көне түркі әдебиетінің бұл көне үлгілері құлпытастарға қашап жазылғандықтан руна жазулары деген атқа ие болған.  
Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштерінде түркі қағанаты құрыла бастаған кезден VІІІ ғасырдың басына дейінгі тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Шығыс түркі қағанатының құрылуы мен нығаюы,  түркі халқының Қытай билеушілер құлдығынан құтылуы, қаһарман қолбасшы Күлтегін мен басқа қағандардың, қағанның дана кеңесшісі әрі әскербасы Тоныкөктің сыртқы жауға қарсы әскери жорықтары баяндалады. Халық қошеметіне бөленген батырлар мен қағандарды дәріптеу, олардың ерлік істерін қаһармандықтың үлкен өлшемі ретінде мадақтау - Орхон ескерткіштеріне тән басты белгілер. Жазулардағы мәтіндер ел билеушілері мен халықты ата-бабаның арман-мұратына адал болуға, мемлекет басқарған қағандармен ауыз бірлікте болуға, елдікке, адамгершілікке шақырады, түркі мемлекетінің беріктігі мен біртұтастығын өзекті идея етеді. Орхон жазба әдеби ескерткіштері көне заманда Орталық және Орта Азия мен Оңтүстік Сібірді қамтыған ұланғайыр аумақта түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ кең тараған әдеби тілі мен дамыған жазба әдебиеті болғандығын толық дәлелдейді. Көрнекті түркітанушы-ғалым И.В.Стеблева сөзімен айтсақ: "Күлтегін мен Тоныкөк жазуларын жанрлық жағынан тарихи-батырлық поэмаларға жатқызуға болады ғой деп ойлаймыз. Жазуларға патетиканың, замандастар мен ұрпақтарына үндеудің мол болуы оларға ұтымды күш пен нанымдылық беріп тұрады ". Ғалымның Орхон жазуларын әдеби көркем туынды ретінде қарау жөніндегі бұл пікірін құптау керек. Себебі, Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштеріндегі теңеу, эпитет, гипербола сияқты көркемдік бейнелеу құралдары мен мақал-мәтелдер бұл жазулардың көркем шығарма екендігін айғақтай түседі. Екінші жағынан алғанда бұл жазуларда өмір шындығын тарихи оқиғалар негізінде баяндаумен қатар әсірелеп суреттеп, тарихи-көркем шығармаға ыңғайлы етіп жазу анық байқалады.  
ҮІІІ-ІХ ғасырларда Түркі қағанаты дәуірінде оғыз-қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған ерлік эпостары - «Қорқыт ата кітабың мен «Оғызнамең дастаны сол замандағы қазақ ұлыстарының  өмір шындығын бейнелеумен ерекшеленеді.  
Қарахан мемлекеті тұсындағы немесе ислам дәуірі (Х-ХІІ ғ.) деп аталатын тарихи кезеңді түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы қайта өркендеу дәуірі деуге болады. Әл-Фарабидің «Риторикаң, «Поэзия өнері туралың, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрікң («Түркі сөздерінің жинағың), Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігің, Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметің («Ақыл кітабың), Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырғани кітабың және т.б. осы дәуірдің зор жетістігі болып табылады. Бұл туындылар орта ғасырдағы түркі жазба әдебиетінің өркендеп, ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосты.  
XІІІ-XV ғасырларда Дешті Қыпшақ даласында авторлық ауыз әдебиеті суырып салып өлең шығару, ауызша орындау және ауыздан-ауызға берілу түрінде дамып өркендеді. Оның басты ерекшеліктері ретінде авторының болуын, мәтінінің біршама тұрақтылығы мен мазмұнының нақтылығын, шығарманың адресаты - арналған адамның болуын, сондай-ақ шығарма стилінде автордың даралығының болуын, оның өзінің "менін" көрсетіп отыруын атау керек.  
Бізге жеткен авторлық поэзияның ең ертедегі үлгісі XІІІ-XV ғасырларға жатады. Бұл - "Ұлық жыршы" атанған Кетбұға (XІІІ ғ.) жырларының үзінділері. Олардың өмірбаяндары мен шығармашылықтары туралы деректер өте жұтаң және негізінен аңыз күйінде жеткен. Мазмұны мен жанры жағынан әр түрлі мәтіндер сол дәуірдегі Алтын Орда қоғамының рухани өмірінде ақындар мен жыраулар басым болғанын дәлелдейді.  
Ең әуелде олар отбасындағы өлеңші болып дамыған, содан соң ру ішіндегі жыршы сарбаз ретінде танылып, отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық маңыздағы тақырыптарда суырып салып өлең шығаратын бүкіл елге белгілі жыр жүйрігі дәрежесіне көтерілген. Олар ақын атағын бірнеше айтысқа қатысып барып, әйгілі ақындардың бірін жеңгеннен кейін ғана ақын атағына ие болған. Сонымен қатар ақындар әскери жорықтарға да, қоғамдық істерге де қатысумен бірге салт-дәстүрлердің тамаша білгірлері ретінде адам өмірінің маңызды кезеңдеріне байланысты әр түрлі ырымдар мен  әдет-ғұрыптар атқарған, ел тарихындағы маңызды оқиғалар мен атақты адамдар және т.б. туралы жырлар шығарған. Мұндай туындылар арасында мадақ арнаулар да, әскери үндеулер де,  жоқтаулар мен толғаулар да және т.б. суырып салма жыр үлгілері болған.  
Осындай естірту жырының бірі - Шыңғыс хан заманында өмір сүрген  Кетбұға ақынның жыры. Жыр мәтінінің үзінділерін XІІІ ғасырда араб тарихшысы Ибн әл-Асир жазып алған. Ол ұлық жыршы Кетбұға мен ұлы билеуші Шыңғыс хан арасындағы өлең диалогы түрінде берілген.  
Бұл жолдардан үлкен көркемдік іздері аңғарылады. Қайғылы оқиға тура айтылмай, астарланып, айшықталып жеткізіледі. Қаза  тапқан кейіпкер де бейнелі түрде суреттеліп, "терек", "құлын", "аққу" деп аталады. Ал ұлынан айырылған адамның жай-күйі дәл беріліп, психологиялық параллелизм, метафоралар, эпитеттер мен теңеулер арқылы сипатталады. Мұнда автордың да, мезгілсіз қаза тапқан кейіпкердің де, қайғы жұтқан әкенің де көркем бейнелері бар. Лирикалық психологизм белгілері де айқын көрінеді. Осының бәрі келтірілген мәтінді жеке шығармашылық туындысы ретінде қарастырады.  
Бір ғажабы, бұл жыр көп өзгермеген және неғұрлым толық күйінде Жезқазған облысы қазақтарының арасында қазіргі кезге дейін айтылып келеді, олар өздерінің ата-тегін нақ Кетбұғаға апарып тірейді және оны жоғарыда айтылған жырдың авторы деп санайды. Кетбұға есімі өз кезінің беделді биі ретінде ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген атақты жырау Доспамбет шығармаларында да кездеседі  ("Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!").  
Дешті Қыпшақ даласының  әйгілі ақындарының бірі болған Қотан шежірелік аңыздарға сәйкес арғын тайпасының негізін қалаушы болып табылады, ал екінші бір деректер бойынша Қотан (Қодан, Кодон, Кодян) - половец-қыпшақ хандарының бірі (Мадиярлардың Венгрияға қоныс аударуын басқарған жетекшілерінің бірі де Котян деп аталған).  
  Қотан шығармаларының бірнеше жолы ғана сақталған, ол оның ұлы Ақжолдың (бір нұсқада Дайырқожа) қарақыпшақ Қобыланды батырдың қолынан қаза табуына байланысты шығарылған жоқтау өлеңінің үзіндісі табылды.  
Жырда қайғы үстіндегі қарт әкенің ұлын "құлыным" деп жоқтаған зарлы үні, бір сәтте өне бойын жайлаған қасірет пен өкініш, аяныш пен өзін кінәлаған жай-күйі терең сезіммен берілген.  
Ақжолдың (Дайырқожа) Әбілқайыр хан тұсында барлық даулы  мәселелерді әділ шешкені үшін Ақжол атанып, атақты би болғаны мәлім. Ол 1456 жылы өлген. Егер оның әкесі сол кезде тоқсанға таянғанын ескерсек, Қотан ақын 1370 жылдарда туған деп жорамалдауға болады.  
XІІІ-XІV ғасырларда Дешті Қыпшақтың әйгілі жыршыларының бірі - Сыпыра жырау Сұрғантайұлы өмір сүрді. Ауыз әдебиеті дәстүрі біздің заманымызға Сыпыра жыраудың қиын кезеңде өзінен ақыл-кеңес сұраған Алтын Орданың сол кездегі билеушілеріне арнаған бірнеше толғау-монологын жеткізді. Бұл толғау-монологтарда жырау билеушінің өзін, оның ата-бабалары мен төңірегіндегілерді сипаттап, қалыптасқан жағдайға баға берген, болашақты болжап, содан кейін ақыл-кеңесін айтқан. Оның қиын жағдайда өзінен көмек сұрап, хандармен жауласқан батырларды бітістіру мақсатында жырлаған толғаулары белгілі. Бұл толғаулар Сыпыра жыраудың негізінен мәңгілік  жыршы және бітістіруші болғандығын дәлелдейді. Сыпыраның Едіге туралы эпоста бейнеленген Тоқтамыс ханға арнаған өлеңі оның толғауының классикалық үлгісі болып табылады. Арнау жырда Сыпыра жырау алдымен өзін таныстырған соң өзінің Тоқтамыстың сегіз атасын, соның ішінде Шыңғыс ханды да көріп-білгенін айтады, олардың әрқайсысына тиісінше мінездеме береді. Содан кейін  Едігенің Тоқтамыстан қашуы кездейсоқ емес екендігін,  оның Темірмен одақ құрып, қайта келіп соғыс ашуы мүмкін екендігін жырлайды. Сонымен бірге жырау Тоқтамыстың күйзеліске ұшыраған ұлысы мен тұтқынға түскен қыздары мен әйелдерінің тағдырын әдемі суреттейді. Бұған жол бермеу үшін Сыпыра жырау Тоқтамысқа Едігеге елші жіберіп, онымен татуласуға, ал сонан соң оны алдап өлтіруге кеңес береді.  
Сыпыра жыраудың толғауы нақты ақындық сипаттамалар мен бейнелі сөздерге толы. Жырау Едіге жүріп өтуге тиісті жерлерді  айшықты суреттеп, тарихи тұлғаларға бейнелі анықтамалар береді. Тоқтамыстың алдында айтылған бұл толғау Сыпыра жырау өміріндегі соңғы толғау болды және шамамен 1390 жылы айтылған. Егер аңызға сүйенсек, сол кезде жырау 180 жаста болған, яғни Сыпыра жырау шамамен 1210 жылы туған деп санауға негіз бар. Бұл оның өзі айтқандай Шыңғыс ханды шынында да көріп-білген деген сөз.  
Алтын Орда дәуірі тек қана қиратып-күйретумен ғана емес, сонымен қатар қалалардың өсуімен, сыртқы саяси және сауда қызметінің жандануымен, жазу-сызу мен әдебиеттің дамуымен сипатталады. Бұрынғы мәдени дәстүрлер қайта түлеп, Солтүстік Кавказды қоса алғанда, Дешті Қыпшақтың, Орта Азия мен Еділ бойындағы барлық этникалық топтарға ортақ жаңа мәдениет қалыптасты. Бұл кезеңде ресми монғол-қыпшақ қос тілділігі орын алғанымен қыпшақ тілі анағұрлым кең тарады. Араб және парсы тілдері де кең қолданылды. Алтын Орда мен мәмлүктік Мысырда көркем әдебиеттің басым бөлігі қыпшақ тілінде жасалды.  
Ең елеулі әдеби шығармаларды негізінен сарай төңірегіндегі талантты ақындар жазған, олар әдетте мемлекеттік қызметте немесе билеушілер жанында болып, өз туындыларын көбінесе билеушілерге арнаған не оларға сыйға тартып отырған.  
Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-ХҮ ғғ.) Қыпшақ даласындағы түркі халықтарының әдебиеті мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сол кезеңде жасалған туындылар арасында  "Кодекс Куманикус"  сияқты авторы беймәлім ескерткіштерді, сондай-ақ Хорезмидің "Мұхаббат-наме", Құтбтың "Хұсрау-Шырын", Сәйф Сарайдың "Гүлистан би-т-түрки", Дүрбектің "Жүсіп-Зылиха", Рабғузидің "Қиссас-ул әнбия" атты шығармаларын және т.б.  ерекше атап көрсетуге болады.  
"Кодекс Куманикус" (XІV ғ.) - Жоңғар қақпасынан Дунайға дейінгі ұлан-байтақ жерді қамтыған қыпшақтар үстемдігі кезіңде туған еңбек. Оған көркем әдебиеттің үлгілері де енгізілген. Мазмұны мен құрылымы жағынан бұл еңбек - Ордаға түрлі мақсаттармен келген және латынша білетін европалықтарға, сондай-ақ, латынша білгісі келген қыпшақтарға (парсыларға да) арналған арнайы сөздік және қыпшақ тілінің оқулығы іспетті. Сөздік екі бөлімнен тұрады. Түркітанушылардың пайымдауынша, оларды түрлі мақсаттар көздеген бірнеше автор жазған. Итальяндықтар жазған болуы мүмкін деген бірінші бөлім жақсы ойластырылған үш тілді латын-парсы-қыпшақ (құман) сөздігі болып табылады. Бұл бөлім қолжазбаның 110 бетін қамтиды.  
Одан әрі бірнеше бетте "аudіo" ("есіту") сөзінің бірнеше түрі берілген. Мұның өзі сөздікті лексикография принциптерін жақсы білген және Дешті Қыпшаққа келіп, тіл жөнінен қиналған адамдарға көмек көрсету мақсатын ғана көздеген адам құрастырғанын байқатады. Ғалымдардың пікірінше, бірінші бөлімді құрастырушы латыншаны өте жақсы білген, ал құман-қыпшақ тілі жөнінде бұлай деп айтуға болмайды.  
"Кодекс Куманикустың" екінші бөлімін негізінен алғанда фольклорлық материалдар құрайды. Олар: жергілікті ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар және христиан уағыздары мен Мария ананың, Христос пен оның апостолдарының өмірі туралы аңыздар. Бөлім қолжазбаның 161 бетін қамтиды, оны тегінде миссионерлік мақсатпен немістер құрастырған болса керек. Бұл бөлімде көптеген сөздер құман-неміс тілінде, ал өзге лексикалық ұғымдар құман-латын тілінде берілген. Мысал ретінде келтірілген мәтіндер, сондай-ақ сөздер сол кездің тілін ғана емес, сонымен қатар Дешті Қыпшақтың көркемдік мәдениетін де сипаттайды. Сөздер мен сөз тіркестерін айтпағанның өзінде, көптеген жұмбақтар, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер мен қанатты сөздер қазіргі қазақ тілі мен фольклорында сақталған.  
XІV ғасырдың басында Насреддин Рабғузидің халық арасында "Қиссас ул-әнбия" деген атпен көбірек мәлім "Қисса-и Рабғузи" деген қолжазба кітабы пайда болды. Қолжазба ғасырлар бойы бірнеше рет көшіріліп,  көптеген көшірме нұсқалары көптеген елдерге тарады. ХҮ ғасырға жататын ең ерте нұсқасы Британ мұражайында сақтаулы. Ол 1990-1991 жылдары Ташкентте басып шығарылды.  Автор Мауараннахрда, Рабати Оғыз деген жерде туған (оның Рабғузи деген бүркеншік аты да содан шыққан).  
Кітап Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың өмірі мен олардың бастан кешкен оқиғаларын және Мұхаммедтің өзі мен мұсылман халифтарының өмірін баяндауға арналған. Онда дүниенің жаралуы туралы, жер жүзін топан су басуы туралы және Жер бетінде жаңа тіршіліктің басталуы туралы мифологиялық әңгімелер, түрлі аңыздар, ертегілер мен мысал әңгімелер бар. Жекелеген хикаялар ерте орта ғасырлардағы тарихи оқиғаларға, мысалы, ат-Табари "Тарихына" барып тіреледі.  
"Қисса-и Рабғузиге" енгізілген шығармаларды идеялық-тақырыптық мазмұны бойынша үш топқа бөлуге болады: а) дүниенің, аспанның, жердің пайда болуы туралы, адамның, жануарлардың,  жын-шайтандардың және басқа да тіршілік иелерінің шығуы туралы әңгімелер; ә) пайғамбарлар мен халифтар, әулиелердің өмірі туралы хикаялар, шығыс нақылдары, халық аңыздары мен ертегілері; б) хижраның алғашқы он жылындағы негізгі оқиғалар тізбегі, жылдардың, айлар мен күндердің атаулары туралы, мұсылман күнтізбесіндегі айтулы күндер  туралы мәліметтер. Осылардың бәрі ислам діні тұрғысынан баяндалады. Бірақ мұнда халықтың дүниетанымы мен кейіпкерлерді фольклорлық дәріптеу айқын байқалады. "Қисас ул-әнбия" құран сюжеттерін, уағыздары мен сүрелерін баяндап беретін танымал прозалық шығарма ғана емес, онда автордың үлкен дарын иесі екенін дәлелдейтін дидактикалық әңгімелер мен өлеңдер көп. Бұл ретте Жүсіп пен Зылиха туралы хикаяттағы махаббат сипатындағы өлең жолдары ерекше назар аударарлық. Ал құран хикаялары мен аңыздарының сюжеттері адамдарға түсінікті, тартымды да қарапайым тілмен баяндалған. Олардың діни ғана емес, танымдық мағынасы да зор, оларда өмір шындығы мен уақыт белгілері көрініс тапқан. Кітапта түркі халықтарының ғана емес, хикаяттарда айтылатын басқа халықтардың да әдет-ғұрыптары туралы мәліметтер бар.  
Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі шығармалардың бірі - "Хұсрау-Шырын" дастаны, оның авторы - шыққан тегі қыпшақ Құтб ақын. Ақын өмірі туралы толық мәліметтер жоқ. Оның 1330-1340 жылдарда Ақ Орданың астанасы - Сығанақ қаласында туып, өз дастанын сонда жазғаны, бұл туындысын билеуші Тыныбек пен оның әйелі Мәлике ханымға арнағаны мәлім. Автор дастанының түпнұсқасын билеушіге тарту еткен болуы мүмкін, өйткені ақын билеушіден өзін қызметке қабылдауды өтінгенде әмірші Құтбтың тілегін орындаған. Алайда Тыныбек елді ұзақ билеген жоқ, кейбір деректер бойынша - 1337 жылдардан 1340 жылға дейін, басқа деректерге қарағанда 1342 жылғы наурыздан 1343 жылдың басына дейін ғана билік еткен. Сарай төңкерісі нәтижесінде Тыныбекті өз інісі Жәнібек өлтірген, ал Құтбтың одан арғы  тағдыры туралы деректер жоқ.  
Негізінен Құтб өз дастанын 1341-1342 жылдарда жазып бітірген. Қолжазбаның бірнеше көшірмесі болса керек. Дастанның бір көшірмесін қыпшақ ақыны Берке Факих (Берке ибн Беракез ибн Едгу Қыпшақи) Мысырға алып кетіп, онда 1383 жылы өзінің туысы Құттықожаның өтінуімен дастанды қайта көшіріп жазған, бұл қолжазба қазір Париждің ұлттық кітапханасында 312-нөмірмен сақтаулы. Оның Парижге қалай жеткізілгені жұмбақ күйінде қалып отыр. Алеппода (Александрияда) болған қолжазбаның Наполеон экспедициясының Солтүстік Африкаға жорықтары кезінде әкетілген болуы әбден мүмкін. Ғалымдар XX ғасырда нақ осы қолжазбаны ғылыми айналымға енгізді және ол қазір де зерттелуде.  
Құтбтың "Хұсрау-Шырын" дастаны Низамидің осы аттас дастанының сарыны бойынша назира үлгісінде жазылған. Құтб Низами поэмасының бүкіл желісін сақтап, негізгі эпизодтары мен басты кейіпкерлерін өзгеріссіз қалдырған. Низами сияқты ол да өз дастанында шексіз таза махаббат пен мінсіз билеуші тақырыптарын өрбітеді. Екі тақырып та шексіз берілген махаббат - адам мен қоғамның жетілуіне бастайтын негізгі кілт, махаббат - адамды тазартып, оған ізгілік беріп қана қоймай, оны өзгертетін де сезім деген идеяға сүйенеді.  
Әділ билеуші және мінсіз (ізгі) қоғам идеясы халықтың утопиялық хикаяларында және Ибн Сина, әл-Фараби мен басқа да ойшылдардың ғылыми трактаттарында ежелден сөз болып келген болатын. Ол Фирдоусиде, Құл Ғалиде, Низамиде көркем көрініс тапты. Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастаны Құтб үшін тікелей дерек көзі  болды, сондықтан да екі ақында мінсіз билеуші мен әділетті қоғам тұжырымдамасы үндесіп жатады. Құтб пен Баласағұнидың ойларынша, халықты дана әрі әділ адам басқаруға тиіс, ол ең алдымен халықтың игілігін ойлап, өз маңындағы адамдарға, ұлықтар мен шенеуніктерге қатаң бақылау жүргізуге және қиянат жасағаны үшін оларды аяусыз жазалауға міндетті. Егер әмірші мұндай болмаса, ол ел қарғысына ұшырайды.  
Құтб "Хұсрау-Шырын" сюжетін көркемдік жағынан дамытуда Низамиді барлық жағынан қайталамайды. Құтб кейіпкерлердің диалогтарын қысқаша береді, сондай-ақ ирандық өмір шындығын түркілік тұрмыс сипатымен ауыстырады: сасанид билеушілерінің емес, Алтын Орда хандарының өмірі мен тұрмысын көрсетеді, Дешті Қыпшақ табиғатын суреттейді. Құтб өз кейіпкерлерінің, әсіресе әйел кейіпкерлердің бейнелерін әйелдердің өмірдегі ролін түркілік түсінікке, Алтын Орда дәуіріндегі әйелдердің нақты қоғамдық жағдайына сәйкес бейнелейді.  
Хорезми Равандидің "Мұхаббат-наме" атты лирикалық поэмасы XІV ғасырдағы көркем әдебиеттің тамаша үлгісі болып табылады. Оның авторы мен поэманың жазылу тарихы туралы мәліметтер туындының өзінде бар. Онда Хорезмидің көп саяхат жасағаны, Рум (Византия) мен Шамда (Сирия) болғаны және "Мұхаббат-намені" Ақ Ордада тұрған кезінде Сырдария жағасында 754 жылы (хижра бойынша), яғни 1353-1354 жылдарда бітіргені айтылады. Автордың өзі жазғандай, поэма қоңырат бегі Мұхамедқожаның өтініші бойынша жазылған. Ол 1342 жылы ағасы Тыныбекті өлтіріп, төңкеріс жасау барысында таққа келген Жәнібек ханның туысы.  Жәнібек елді 1342-1357 жылдары билеген.  
Біздің заманымызға дейін жеткен Хорезми қолжазбалары көшірмелер болып табылады. Зерттеушілер кейінгі кезге дейін "Мұхаббат-наменің" екі көшірмесі сақталған деп санап келді: бірі - араб, екіншісі ұйғыр қарпімен жазылған, екеуі де Британ мұражайында сақтаулы. Алайда түрік ғалымдарының жинақтаушы еңбегінде "Мұхаббат-наменің" Стамбул кітапханасында тағы да екі көшірмесі бар екені айтылады.  
"Мұхаббат-наме" - орта ғасырлардағы түркі әдебиетіндегі түрі мен мазмұны жағынан жаңа үлгідегі туынды. Ол ғашық жігіттің өз сүйіктісіне жолдаған хаттары түрінде жазылған. Поэма бірнеше бөліктен тұрады: құдіреті күшті жаратушыға жүгіну, поэмаға тапсырыс берген Мұхамедқожа бекті мадақтау, сүйіспеншілік өлең хаттары, рақым жасауды өтініп, құдайға  қайта жалбарыну, өзін-өзі сипаттау және өзі туралы әңгімелеу. Сүйіспеншілік хаттар мен жекелеген бөліктер арасында автордың тыңдаушылар мен шарап құюшыларға арналған сөздері беріледі. Поэманың мазмұны таза махаббатқа құрылған. Лирикалық кейіпкер 11 өлең хат жолдайды, оларда өз сүйіктісін көркем суреттеп, оған өзінің ғашықтық сезімін білдіреді, оның сырт келбетін бейнелеп, мінез-құлқын сипаттайды.  
Хорезмидің "Мұхаббат-наме" поэмасы Дешті Қыпшақтың рухани мәдениетінде қарапайым адамның жоғары сезімін жырлайтын жаңа әдебиеттің негізі қаланғандығын айшықтады.  
Жалпы алғанда, көне түркі  және орта ғасырлар әдебиеті бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ әдебиеті қызметін атқарды. Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттен бастап түркі нәсілді халықтар түркі поэзиясының ежелден қалыптасқан өлең үлгілерін, жыр нұсқаларын ортақ пайдаланды. ХІІ ғасырдағы сопылық поэзияның негізін салған Қожа Ахмет Йасауидің "Диуани хикметіндегі" ақындық дәстүр өрнектері одан кейінгі Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте жалғасын тауып, XVІ ғасырдағы Бабыр жырларымен сабақтасты. Сол сияқты ХІ ғасырда өмір сүрген көрнекті түркі ақыны, ойшылы Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігіндегі" жыр өлшемі Ахмет Йүгінекидің "Ақиқат сыйы" жинағындағы бәйіттерге  түр жағынан ғана емес, мазмұн мен идея жағынан да үндесіп, жалғасып жатты. Орта ғасырлардағы әдебиет туындыларынан түркі поэзиясының ортақ дәстүр бойынша дамып, өркендегені анық байқалады.  
 Он томдық "Қазақ әдебиеті тарихының" 2-томында ежелгі дәуір әдебиеті мен орта ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштері, Қарахандықтар тұсындағы және Алтын Орда заманындағы әдебиет тұтастай қамтылып, жан-жақты зерттелген. Бұрындары зерттелген шығармалармен қатар кейбір көркем туындылар ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отыр. Зерттеу барысында тек қазақ тіліндегі ғана емес, түркі халықтары тілдеріндегі, араб, парсы, орыс, Батыс Европа тілдеріндегі ежелгі қазақ әдебиетіне қатысты дерек көздері пайдаланылды.  
Зерттеушілердің еңбектері арқылы ежелгі әдебиет тарихының хронологиялық шегі анықталып, негізгі даму кезеңдері айқындалған. Соның нәтижесінде әдебиетіміздің тарихи дәуірдегі әдебиетке қатысты жәдігерлер, көне түркі әдебиеті,  Қарахандықтар тұсындағы әдебиет және Алтын Орда әдебиеті деп төрт кезеңге бөлініп қарастырылып, әр бөлімнің алдында кезең әдебиеті туралы кіріспе мақалалар берілген. Монографиялық тарауларда көне түркі жазба ескерткіштері - "Күлтегін", "Тоныкөк" жырлары, "Қорқыт Ата кітабы", "Оғыз-нама" дастаны талданып, ежелгі әдебиеттің көрнекті өкілдері М.Қашқари, Ж.Баласағұн, А.Иасауи, А.Иүгнеки, С.Бақырғани, Хорезми, Рабғұзи, С.Сараидың шығармашылықтары жан-жақты зерттелген. "Кодекс куманикус" атты қыпшақ тіліндегі сөздік әдеби ескерткіш тұрғысынан қаралған. Әлидің "Нахджул-Фарадис" атты шығармасы алғаш рет ғылым объектісіне айналды. Жалпы, көп ғасырлы көркем даму үрдісі сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет, Түркі-Қытай арасындағы мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ рухани мұралар, Түркі-Моңғол бірлігі заманындағы мәдениет аясында қарастырылып, орта ғасырлардағы қазақ даласында ислами әдебиеттің қалыптасуына әкелгені туралы тұңғыш рет арнайы түрде зерттелді.    
Мысалы Қазақ әдебиеті тарихының 10 томдығының 2 томында ежелгі қазақ әдебиетінің маңызды кезеңдері тарихи жүйелікпен алғаш рет кең көлемде және кешенді түрде қамтылған.  
Бұл томды жазуға қатысқандар және оның құрылысы мен мазмұнына тоқтала кетсек, төмендегідей: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.А.Қасқабасов және филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.С.Қорабай («Кіріспе»), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жармұхамедұлы («Оғыз-наме», «Ахмет Иасауи»), филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетов («Сақтардың қаһармандық дастандарың, «Алып Ер тоңға», «Шуң дастаны», «Ғұндардың батырлық жырлары», «Аттиллаң дастаны», «Көк бөрің дастаны», «Ергенекон» дастаны», «Түркі қағанаты тұсындағы әдебиет»), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Бердібай және филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраев («Қорқыт Ата кітабы»), филология ғылымдарының докторы, профессор [А.Қ.Егеубаев] («Қарахандықтар тұсындағы әдебиет», «Жүсіп Баласағұн», «Махмұт Қашқари»), филология ғылымдарының кандидаты Т.Қыдыр («Сүлеймен Бақырғани»), филология ғылымдарының кандидаты С.Қосан («Кодекс Куманикус»), филология ғылымдарының кандидаты А.Әлібекұлы («Сақ-ғұн заманынан жеткен әдеби сарындар», «Хуастуанифт» әдеби жәдігері»), А.Әбдірәсілқызы («Әл-Фараби») филология ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының кандидаты Г.Құрманғали («Ахмет Иүгнеки»).


Информация о работе Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі