Шәкәрім және Пушкин

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Апреля 2015 в 16:25, реферат

Описание работы

Шәкәрім шығармалары туған халқына қайтып оралды, ақынның өмір бойы армандағаны да осы еді. Өзі айтқандай “Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда” өлең дастандары, қарасөздері баспа жүзіне түгел шығып, жылдар бойы аңсап күткен оқушысының қолына тиді.
Оятқан мені ерте — Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен,

Файлы: 1 файл

Шәкәрім және Пушкин.doc

— 74.00 Кб (Скачать файл)

 

Пушкиннің “Дубровскийі” он тоғызыншы тараумен, яғни Дубровскийдің шет елге өтіп кетуімен тәмамдалады. Шәкәрімнің қолынан шыққан “Дуровскийдің әңгімесі”:

 

“Кетті де заграница – бөтен елге”,

 

Жайылды қызыл өсек талай жерге.

 

Жаны ашыр ма, ақылы жанасар ма,

 

Біздің қазақ сорлының бұндай ерге?

 

Залым кім, парақор кім, жазасыз кім?

 

Қайсысы ақ жүректі, қайсысы сұм?

 

Кекті кім, кекті жеңіп көшірген кім?

 

Білдің бе күшті екенін махабаттың? – деген сөздермен бітеді. Сөйтіп, XX ғасыр басында әлемдік пушкинианаға тыңнан келіп қосылған қазақ дастанын жаңа қыры­нан байытты. Ендеше, Ш.Құдайбердиев жазған “Дубровский әңгімесі” Пушкин хикаятының аудармасы емес, соның қайта қазақша өлеңмен жырланған формасы. Пушкин фразасының өлеңмен берілген түрі, хикаяттың дастанға айналуы. Шығар­маның негізгі кейіпкерлерінің аттары, іс-әрекеттері сол түпнұсқа күйінде қалғаны­мен, қазақ даласында өтіп жатқандай әсермен суреттелген. Негізі “Дубровский әңгімесі” мен “Боран” 1908-1909 жылдары қатар аударылса керек. “Боран” бес- алты беттен асатын шағын әңгіме, оны Шәкәрім 248 жол өлеңге түсіріпті. Кейбір кісі аттарына жасаған сәл-пәл өзгерісі болмаса, мазмұны сақталған. Шәкәрімнің “Марқұм Иван Петрович Белкин повестерінің” ішінен “Дубровский” мен “Метельді” таңдауы тегін бе, ал, біріншісі, ауыл тұрмысына жақын да, екіншісі қашықтау тұр ғой. Жоқ, әлде жай бір ермек үшін жаза салды ма? Пушкин прозасының сиқыры да сонда-ау: сырт адам қалай кірісіп кеткенін өзі де аңғармай қалады. Бірінен соң бірін еңсеріп тастаған автор көңілін жайлағанға ұқсайды. “Боранның” басталысы сол түпнұсқадағыдай екен. “Мың сегіз жүз он бір жыл шамасында, он екінші жылменен арасында” деп басталады. Саврило Сагролович Нинандарып  деген имениесінде шалқып жүріп жатады. “Қызы Мария бек сұлу, һәм әдепті. Сол жылы он жетіге жасы кепті”. (Пушкинде қыздың жасы айтылмайды.) Қонақтар карта ойнаймыз, қарыз аламыз деп, қызды көріп кетіп жүреді. Марияға Владимир дейтұ­ғын жас офицер (Пушкинде армия прапорщигі) ғашық еді.

 

Бұл сырды бәйбіше мен бай да білді,

 

Екеуін жолықтырмас айла қылды.

 

Владимир келгенде кекеп-мұқап,

 

Мысқылдап айта берді қайдағыны.

 

Жарқыным, сирек келіп әңгімелес,

 

Бұл қора солдаттардың лагері емес!

 

Ертеңді-кеш есікті босатпайсың,

 

Сандалғанды еш адам мақұл демес.

 

Бейуақытта қақпаны тарсылдатып,

 

Эполетін, медалін жылтылдатып.

 

Осындайлар тыныштық бермеді ғой,

 

Етегінен қылышын қылтылдатып.

 

Қалтасының бостығын ұмытып кетіп,

 

Әскерімсіп төбесі көкке жетіп,

 

Мұны неге соғысқа жібермеген,

 

Әр қақпада қойғанша тентіретіп.

 

Түпнұсқада осы төрт шумақ бір-ақ фразаның ішінде жүр. Қыздың әке-шешесі Владимирді “кекеп-мұқамайды”, қызының кездесуіне тыйым салып, жігітті салқын қабақпен қабылдайды. Пушкинде қыз туған үйін тастап, жігітке қашар алдында шым-шытырық түстер көреді. Түсі жақсы емес. Сыртта боран ұли бастайды. Бұл араны Шәкәрім тастап кетеді де, бірден Марияның үйінен түнде ұрланып шыққанын суреттейді. Қыз сыры әке-шешесіне белгілі болып қалады. “Жазылса офицерге бермек болды”. “Бай, бәйбіше хат жазды офицерге”, “Кешу сұрап жақын­дық іс қыларға”. “Өлсем кегім кетеді ішімде” деп, жігіт соғысқа кетеді. “Сол кезде французбен орыс жау боп, Боробиннің соғысы болды қатты” деп Шәкәрім 1812 жылғы жағдайдан хабар бере кетеді.

 

Бұл соғыс – тәмам жанға мәлім соғыс,

 

Көп адам қырғын тапқан зеңгер соғыс,

 

Басында француздар Мәскеуді алып,

 

Аяғында қашырып жеңген орыс.

 

Бұл мысал біздің жаңағы пікірімізді анықтай түсетін секілді. Көп кітап ақтарып оқыған, ізденген Шәкәрімнің қолында 1812 жылғы орыс-француз соғысы жайында деректі жинақ не көркем дүние болуы мүмкін. Қазақ ақыны білгесін айтып отыр, әйтпесе, Пушкинге түзету енгізбек ойында жоқ. Сонымен, Владимир соғыста өледі. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, әкесі де қайтыс болады. Мария шешесімен екеуі қалады. Басқа жерге көшіп кетеді. Соғыс жеңіспен аяқталады. Жиырма бес жасар полковник Бермин Марияға ғашық, сөйтсе де, сүйетіндігін айта алмай мүдіре береді. “Бірақ, бірақ… дейсің” де тоқталасың, не қылса бір қысталаң бар ғой сенде” деп ақын айтқандай, Бермин қызбен бір сырласу сәтінде:

 

Бойымда қатты қайғы, арманым бар,

 

Адасып бір қышлаққа барғаным бар.

 

Танымайтын бір қызбен некелесіп,

 

Байғұстың обалына қалғаным бар, — дейді.

 

Япырай, бұл сөзінде бір кілтипан бар ғой деп Мария: “Мен мұныңды ұға алмадым, Танымасаң қалайша некеледі”, Сүймей тастап кеттің бе, неге алдадың?” деген соң Бермин сыр ашады. Сөйтсе, баяғы аласапыран боранда, апас-қапаста шіркеуде бұнымен некелескен, сүйісерге келгенде басқа біреу боп шыққан, сосын шіркеуден шығып қаша жөнелген осы Бермин болып шықты.

 

Сөзінен о да танып Марияны,

 

Елжіреп шықпай қалды әзер жаны.

 

Көңілімнің көзіне елестейді,

 

Берминнің кешу сұрап жылағаны, – деп, ақын “Боранды” тәмамдайды. Пушкин жетектеп, Шәкәрім еріп отырған. Және беталды жүре бермей, әңгіменің ізін басып “қисынын тауып”, кестесін келтіріп, дәмді дастан етіп ашып шыққан. Автор “Дубровский әңгімесінде”, “Боранда” кейбір қазақ ұғымынан қашықтау орыс лек­сикасын, француз сөздерін, музыкалық шығармалардың аттарын әдейі алып тас­таған болуы керек. Пушкин текстерін тұп-тура қайталамағанмен, жалпы сюжеттік желісін сақтап жырлаған. Рас, кейде ирониялы Пушкин фразасы қазақшасынан табылмай қалады, кейде кекесінді Пушкин күлкісін сақтап қалатыны да бар, дегенмен, сирек. Бірқатар Шығыс елдерінің арғы-бергі замандағы аудармашылары Пушкинді екінші тілден, яғни француз, ағылшын не неміс тілдерінен алған. Мысалы, Қытайда Пушкиннің “Сығанын” Проспер Меримеден алып тәржімалаған. Шәкәрімге екіаралық тілдің қажеті шамалы еді, біріншіден, өзі қазақтың жазбаша поэзиясының негізін салушылардың бірі, екіншіден, орыс тілін жақсы біледі. Ресей өмірінен хабары мол жазушының, Пушкин прозасына баруының өзінде заңдылық, үйлесімділік бар. Сөйтіп, Абай, Шәкәрім, одан бері қазақтың халық ақындары Пушкин поэзиясының, прозасының сырлы есігін ашып, Пушкин тақырыбын қырда қайтадан жырлап, ұлттық әдебиетке жаңадан бір тың өріс ашып беріп кетті.

 

 

Авторы: Өтеген КҮМІСБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.


Информация о работе Шәкәрім және Пушкин