Сөзжасамның қалыптасу, даму кезеңдері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Мая 2014 в 17:37, реферат

Описание работы

Сөзжасам – лингвистика ғылымында жеке сала ретінде кеш танылып, кенже дамып, қалыптасып, жетіліп келе жатқан сала. Қазақ тіл білімінде сөзжасам мәселесі бұрын грамматиканың морфология саласында, кейбір мәселелері лексикология саласында қарастырылып келсе, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғынан бастап сөзжасам жеке сала ретінде зерттеле бастады. Қандай да бір ғылым саласы болмасын, оның қалыптасу, даму кезеңдері болатыны сияқты, сөзжасамның да өзіндік зерттелу тарихы бар. Талай ғылыми еңбектерге арқау болған сөзжасам жүйесінің негізі көне түркі тілінен басталып, содан бері дамып, толығып, қалыптаса келе, қазіргі күрделі жүйелі дәрежеге жеткен.

Файлы: 1 файл

зеттелу3.docx

— 26.12 Кб (Скачать файл)

Сөзжасамның қалыптасу, даму кезеңдері

Сөзжасам – лингвистика ғылымында жеке сала ретінде кеш танылып, кенже дамып, қалыптасып, жетіліп келе жатқан сала. Қазақ тіл білімінде сөзжасам мәселесі бұрын грамматиканың морфология саласында, кейбір мәселелері лексикология саласында қарастырылып келсе, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғынан бастап сөзжасам жеке сала ретінде зерттеле бастады. Қандай да бір ғылым саласы болмасын, оның қалыптасу, даму кезеңдері болатыны сияқты, сөзжасамның да өзіндік зерттелу тарихы бар. Талай ғылыми еңбектерге арқау болған сөзжасам жүйесінің негізі көне түркі тілінен басталып, содан бері дамып, толығып, қалыптаса келе, қазіргі күрделі жүйелі дәрежеге жеткен. Тіл біліміндегі зерттеу еңбектерге сүйенсек, жалпы сөзжасам мәселесінің алғаш көтерілуі ХІ ғасырдан (Махмуд Қашқаридың «Диуани-лұғат ат-түрк» (ХІ), Ибн Муханнаның «Китаб таржуман фарсы ва тюрки ва моголи» (ХІV ғ.) т.б. еңбектерден ) басталады. Бұл кезеңдерде жазылған еңбектерде алғаш рет сөздердің құрамы жасалу жолына қарай қарастырылып, сөзжасам қосымшалары туралы мағлұмат берілсе, Қазан төңкерісіне дейінгі грамматикаларда сөзжасам тәсілдері (аффикстік және бірігу, қосарлану тәсілдері) туралы, ХХ ғасырдың І жартысында жарық көрген еңбектерде сөзжасам морфологияда қарастырылып, түркі тілдерінде жаңа сөз жасаудың жолдары (тәсілдері) одан әрі жалғасын тауып, жетілдіріліп отырды. Өткен ғасырдағы түркологиялық еңбектерде бастамасы жасалған сөзжасам мәселелерінің жеке түркі тілдерінде арнайы зерттеле бастауы  50 -ші жылдардан басталады. Жалпы, бұл кезеңдерде жазылған еңбектерде сөзжасам мәселелері әр сөз табының аясында қарастырылып, онда сөзжасамдық аффикстер (өнімді, өнімсіз, құнарлы, құнарсыз), сөзжасамдық тәсілдер (синтетикалық, аналитикалық, фонетикалық т.б.) одан әрі жан-жақты зерттелді. Ал, сөзжасамның өз алдына жеке сала ретінде өзіндік зерттеу нысаны мен оның басқа салалардан ерекшелігінің зерттелуі А.А.Юлдашевтің, Э.В.Севортянның, Ф.А.Ганиевтің, В.В.Виноградовтың, Г.О.Винокурдың, Е.С.Кубрякованың, Е.А.Земскаяның т.б. еңбектерінде көрініс тапты. Қазақ тілінің сөзжасамына қатысты мәселелер ең алдымен орыс зерттеушілері П.М.Мелиоранскийдің, В.В.Катаринскийдің, Н.И.Ильминскийдің еңбектерінде (ХІХ ғ.) қарастырылып, алғаш рет сөз таптарының жұрнақтарын анықтау, жұрнақтардың мағынасын ашу, олармен жасалған туынды түбірлерді айқындау сияқты сөзжасам мәселелері сөз болды. Ал ана тілімізде бұл мәселенің қарастырылуы Ахмет Байтұрсынұлының («Тіл – құрал»(1914 )), Қ.Жұбановтың («Қазақ тілінің грамматикасы» (1936 )) еңбектерімен тығыз байланысты. Осы қазақ тіл білімінің бастау көздерінің өзінде сөздердің тұлғасы, сөзжасамдық жұрнақтар, күрделі сөздер мәселесі көтерілгені белгілі. Бұдан кейінгі зерттеулерде (Қ.Басымов, С.Кеңесбаев, И.Ұйықбаев, И.Маманов, А.Ысқақов т.б.) сөз таптарының сөзжасам мәселелері, аффикстердің қызметі, мағыналары, қолданылу ерекшеліктері қарастырылып, сөзжасамның әр түрлі аспектілері диссерттациялардың зерттеу нысанына айналды. Белгілі ғалым Ә.Төлеуов есімдердің сөзжасам жүйесін, А.Қалыбаева (Хасенова) етістіктен сөз жасау жүйесін, Д.Түнғатаров омонимдік аффикстерді, Ж.Манкеева етістіктердің жасалуын, Н.Оралбаева сан есімнің сөзжасам жүйесін, Ө.Айтбаев терминдер сөзжасамын (терминдердің жасалуындағы негізгі амал-тәсілдер мен қалыптарды) қарастырса, сөз тудырушы қосымшаларды тарихи тұрғыдан зерттеуге Ғ.Айдаров, А.Есенқұлов, Т.Томанов, Т.Қордабаев, Ғ.Қалиев, Р.Сыздықова, С.Исаев, Ә.Ибатов т.б. ғалымдар өз үлестерін қосты. Сонымен, түркологияда, оның ішінде қазақ тіл білімінде ғалымдардың жан-жақты зерттеулеріне негіз болған сөзжасам жүйесі  1989 жылы алғаш рет өз алдына жеке сала ретінде қарастырылып, арнайы монография ретінде профессор Н.Оралбаеваның редакторлығымен жарық көрді. Ұжымдық еңбек «Қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесі» деп аталып, онда қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесінің жалпы теориялық мәселелері, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип, сөзжасамдық үлгі және сөзжасам тәсілдері мен сөзжасамның сөз таптарына қатысы ғылыми негізде сөз болып, әлі де ашылмаған зерттеуді қажет ететін мәселелерге нұсқау жасау бағытын анықтап берді деуге болады.

Сонымен, түркологияда және қазақ тіл білімінде өзіндік тарихы бар сөзжасамның зерттелуін мынадай кезеңдерге топтастырылуын көрсетуге болады:

1) ХІХ ғасырға дейінгі  кезең. Сөзжасам қосымшалары туралы  ілімнің негізі қалануы;

2) ХІХ ғасырдың басынан  Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Сөзжасам тәсілдері туралы алғашқы  зерттеулердің жарық көруі;

3) ХІХ ғасырдың І жартысында  көптеген ғылыми грамматиканың  жарық көріп, сөзжасамның морфологияның  бір элементі ретінде қарастырылуы;

4) 1950 жылдардан кейінгі кезең. Негізінен морфологияда қарастырылғанымен, сөзжасамның өзіндік қасиеттерінің (өнімді, өнімсіз, құнарлы, құнарсыздығы) зерттелуі, дербес сала ретінде арнайы зерттеу нысанына айналуы, тарихи тұрғыдан зерттеле бастауы /1,5-11/.

5) 1989 жылдан бергі кезең.

Сөзжасам өз алдына жеке сала ретінде танылған кезеңнен (1989) бастап, бүгінгі күнге дейін әр қырынан қарастырылып келеді. Оның әр түрлі теориялық мәселелерін және оны пән ретінде оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесін айқындайтын қомақты ғылыми еңбектер дүниеге келді. Мәселен, З.Бейсембаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасамның кейбір мәселелері» (1990) атты еңбегінде сөзжасамды зерттеудегі жаңа аспектілер, Ж.Отарбекованың «Сөзжасам мәселелері және оның түркологияда зерттелуі» атты мақаласында түркологиядағы сөзжасамның зерттелу кезеңдері (1996), С.Исаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» (1998) деген еңбегінде сөзжасамның мағыналық қырлары мен теориялық мәселелері, А.Салқынбайдың «Тарихи сөзжасам» (семантикалық аспект) (1999) атты монографиясында сөз жасаудың тарихи қалыптасқан кешенді жүйесі, Б.Қасымның «Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негізі» (2002) атты докторлық диссертациясында туынды лексикалық бірліктердің (аталымның) уәждеме және уәжділік мәселелері арнайы сөз болады. Сөзжасамның теориялық бірліктері де қазіргі кезде өз алдына жеке зерттеу нысанына айналды. Мысалы, Н.Қоқышеваның кандидаттық диссертациясы сөзжасамдық ұялардың сатыларындағы туынды сөздерге (2001), Б.Есімсейтовтың кандидаттық жұмысы сөзжасамдық тізбек мәселесіне (2002), К.Құрманәлиевтың докторлық диссертациясы қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесіне (2002), Д.Қуандықованың ғылыми жұмысы етістікті сөзжасамдық ұяның семантикалық сипатына (2005) т.б. ғалымдардың еңбектері арналады. Кейінгі кезде сөз тіркестерінің туынды мағыналы сөз жасауға қатысы туралы мәселеге арналған ғылыми еңбектер жарық көрді. Мәселен, Ж.Әуелбекованың зерттеу жұмысы қабыса байланысқан сөз тіркестерінің лексикалану семантикасына (2006) т.б. арналады. Диалектілердің сөзжасамға қатысы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Диалектологтардың ішінде сөзжасамды арнайы зерттеген ғалымдардан Ғ.Қалиевтің «Қазақ говорларындағы сөзжасам» атты докторлық диссертациясын (1989), Г.Жексембаеваның «Кірме сөздердің қазақ тіліндегі сөз тудыру процесіне қатысы туралы» мақаласын (//Мақалалар жинағы, 1985) атау орынды. Сөзжасамды жоғары оқу орындарының студенттеріне оқыту мәселесіне арналған еңбектер де баршылық. Мысалы, Н.Оралбаеваның «Қазақ тілінің сөзжасамы» атты оқулығы (2002), А.Салқынбайдың «Қазақ тілі сөзжасамы» атты оқу құралы (2003) т.б. Осы уақытқа дейін сөзжасам саласы бойынша біраз жұмыстар атқарылып келді. Десекте, бұл салада әлі де болса зерттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Мәселен, сөзжасам жүйесінің тілдік деңгейлерге қатысы, тілдік қабаттан алатын орны, тілдік бірліктері т.б.

Фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем ғылыми жұртшылыққа кеңінен таныс, тіл-тілдерде ұшырасатын тілдік бірліктер болып табылады. Қазақ тіл білімінде сөзжасамның тілдік бірлігі және оның тілдік деңгейге қатысы туралы көзқарасын ғалым З.Бейсембаева былай деп білдіреді: «... сөзжасамның единицасы – туынды сөз. Туынды сөз дайын атау ретінде лексиканың, түбір және қосымша морфемадан құралатындықтан (синтетикалық тәсіл) морфологияның мазмұнына еніп кетеді. Сондықтан тек өзіне ғана тән единица болмағандықтан, сөзжасамды тілдік деңгейден көре алмаймыз. Осыған орай сөзжасамды лексика мен морфологияның арасынан орын алатын аралық деңгейге жатқызамыз» /2,94/. Э.В.Севортянның «Грамматикалық типтегі сөзжасамның сөздікке бағынышты бола отырып, оған қызмет етуі, дегенмен, грамматикалық амал-тәсілдер арқылы іске асып отырады. Сөзжасамның мұндай өзгешелігі оның тілдің құрамды бөлімдері – грамматикалық құбылыс пен негізгі сөздік қордың арасында алатын орны ерекше екенін көрсетеді» /3,17/ деген пікірі де сөзжасамның өзіндік сипатын аңғартады. Ғалым А.Салқынбай: «Егер тарихи фонетикада олардың дыбыстық мәні, фонемалық сипаты, жіктелу жағдайы әңгімеленсе, лексикология сөзді даяр қалпында зерттейтіндіктен, сөзжасамдық жаңа мағыналы нәтиженің даму жолы мен жүйесін сипаттайды. Демек, фонетика мен лексикология арасында сөзжасам саласы аралық буын ретінде тіл дамуына қызмет етеді» /4,149/ - деп көрсетеді.

Сөзжасам жаңа сөз жасаушы, туынды тұлға туғызушы процесс болғандықтан, тілдің барлық деңгейлерімен байланысқа түседі. Өйткені «Біріншіден, тілде бір-бірімен байланыспайтын, байланысты керек етпейтін ешбір тілдік құбылыс жоқ. Екіншіден, әр тілдің сөзтудырым жүйесі соңғы кезге дейін морфологияның, кейде лексикологияның құрамында қаралуы олардың байланысына негізделгенін естен шығаруға болмайды» /5,6/. Мәселен, сөзжасам мен морфологияның тығыз байланыста болатын себебі екеуі де сөздің құрамын зерттейді. Морфология сөздің құрамын түбір және қосымша морфемаларға,  яғни сөз түрлендіруші тұлғаларға ажыратып, лексикалық және грамматикалық мағыналарын зерттесе, сөзжасам туынды сөздің құрамын негіз сөз және сөз тудырушы тұлғаға ажыратып, сөзжасамдық мағынасын қарастырады. Демек, морфология туынды сөзді сөз табына қатысына қарай қарастырса, сөзжасам туынды сөзді жасалу тәсіліне, типіне, үлгісіне, өнімді, өнімсіздігіне т.б. ерекшеліктеріне қарай зерттейді. Тілдің даму барысында сөз таптарының бір-біріне ауысуы, яғни конверсиялық тәсіл арқылы жаңа сөздердің жасалуы морфология мен сөзжасамның байланысын көрсетеді. Сөзжасам амал-тәсілдер арқылы жаңа (туынды) сөз жасап, тілдің сөздік құрамын байыту, толықтыру жағынан лексикологиямен байланысады. Яғни, туынды сөз жасалғаннан кейін, ол лексикологияның нысанына айналып, сөздік құрамға енеді. Лексикология – тілдің қазіргі кездегі сөздік құрамының жағдайын және тарихи қалыптасу аспектісін зерттейтін тілдің өз алдына жеке бір саласы.  Сөзжасам морфология мен лексикологиядан басқа сондай-ақ, тіл білімінің фонетика, синтаксис, стилистика т.б. салаларымен де тығыз қарым-қатынаста болады. Сөзжасамның фонетикамен байланысын мынадан көруге болады: тілдің тарихи даму барысында дыбыстардың алмасуы мен сәйкестігі нәтижесінде сөздердің тұлғалық жағынан өзгерістерге түсіп, жаңа мағынаның жасалуы сөзжасам процесі негізінде болатын құбылыс. Мысалы, тон – тоң, өс - өш т.б. Сонымен қатар, негіз сөзге сөз тудырушы тұлғалардың фонетикалық заңдылықтар бойынша жалғануын морфонология саласы қарастырады. Яғни, сөзжасам өзінің сөз тудырушы жұрнақтарының қолданылуы арқылы тілдің фонетика, морфонология салаларымен байланысады. Ал, сөз тіркестерінің лексикалану процесі негізінде күрделі сөздерге ауысуы, тілдегі сөз таптары сияқты, сөйлем мүшелері де сөйлемде жұмсалу ыңғайына қарай бір-бірінің орнына ауысып қолданылуы немесе сөздердің тұрақталған позициясынан басқа функцияда жиі қолданылуы негізінде туынды сөздің қалыптасуы синтаксис пен сөзжасамның байланысын көрсетеді. Сөзжасам жаңа сөздің жасалуы – жаңа мағынаның тууы жағынан семасиологиямен, жаңа сөздің тілдің стильдік жүйесіне қатысы жағынан стилистикамен байланысын көрсетеді. Сонымен, сөзжасам тілдік деңгейлердің барлығымен байланысып, өзара бірлікте өмір сүреді. Тілдік деңгейлер өзара байланыста, қарым-қатынаста бола тұра, олар өзінің зерттеу нысанасы арқылы бір-бірінен ерекшеленіп, дербестігін сақтайды. Сөзжасам тілдік деңгейлермен қарым-қатынаста болумен қатар, ол барлық тілдік деңгейлерді бір-бірімен байланыстырып, аралық процесс ретінде тілдің дамуына қызмет етеді. Өйткені, сөзжасамдық (фонетика-семантикалық, семантикалық, синтетика-семантикалық, аналитика-семантикалық) тәсілдер арқылы жасалған туынды сөздердің сөз табына қатысы, атқаратын қызметі сөзжасам процесінен кейін айқындалып қалыптасады.

Тіл білімінің әртүрлі саласының құрамында қарастырылып келген сөзжасам мәселелерін ғылымда жеке сала деп тану, оның тіл қабатынан алатын орнын, өзіндік нысанын, өзіне тән әдіс-тәсілдерін, мақсатын айқындау, ғылыми айналымға түсіру, дәлелдеу барысында көптеген жұмыстар атқарылып келді. Сонымен қатар, сөзжасамның дербес сала ретінде танылуы кейбір тілдік құбылыстарды қайта қарап, жаңадан пайда болған көзқарастар мен теориялардың негізінде тағы да бір ғылыми зерттеуді қажет ететін мәселелердің бар екенін көрсетеді.

Сөзжасам жаңа сөз жасаушы, туынды мағына туғызушы процесс ретінде тілдің дамуын қамтамасыз етіп, барлық кезеңде үнемі болып отыратын тарихи-жалғаспалы құбылыс болғандықтан, бұл салада ізденістер, зерттеулер әлі де жүре бермек.

 


Информация о работе Сөзжасамның қалыптасу, даму кезеңдері