Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Октября 2013 в 16:14, реферат
Неміс классикалық философиясының негізін қалаушы көрнекті ғалым Иммануш Кант (1724—1804 жж.) бүкіл өмірін Кенисберг қаласында өткізген. Негізгі еңбектері: «Әлемнің әмбебаптық табиғи тарихы мен теориясы», «Практикалық ақыл-ойды сынау», «Таза ақыл-ой шеңберіндегі дін», т.б.
Әдетте, Кантты «сыни кезеңге дейінгі» және «сыни кезеңдегі» деп екіге бөліп қарайды.
Неміс классикалық философиясы
Алматы 2010
Неміс классикалық философиясы
Неміс классикалық философиясының негізін қалаушы көрнекті ғалым Иммануш Кант (1724—1804 жж.) бүкіл өмірін Кенисберг қаласында өткізген. Негізгі еңбектері: «Әлемнің әмбебаптық табиғи тарихы мен теориясы», «Практикалық ақыл-ойды сынау», «Таза ақыл-ой шеңберіндегі дін», т.б.
Әдетте, Кантты «сыни кезеңге дейінгі» және «сыни кезеңдегі» деп екіге бөліп қарайды.
Сыни кезеңге дейіңгі Канттың күн жүйесінің аса зор газ тектес тұмандықтан пайда болғандығы туралы идеясы тек астрономияға ғана қосқан үлес емес, жалпы дүниетанымдық методологиялық маңызы бар жаңалық болды. Біріншіден, қозғалыс — материяның өзіне тән тартылыс және серпіліс сияқты қарама-қарсы күштердің арқасында, ешқандай да сыртқы күштің әсерінсіз пайда болған құбылыс. Қозғалыс пен тыныштықты салыстырмалы түрде түсінуге болады. Екіншіден, осы күштердің әсерінен әр түрлі әлемдер жүйесі қалыптасып, күйреп, одан шашыраған болшектерден қайтадан жаңа денелер пайда болып жатады. Сөйтіп, әлем ылғида даму үстінде болады. Үшіншіден, әлем құрылымына енетін үлкенді-кішілі жүйеленген денелер өзара сатыланған бағыныштылықта болады. Өзіне кішігірім жүйелерді бағындырған үлкен жүйе, өзінен де ауқымды басқа жүйеге кіреді, сөйтіп шексіз кете береді. Демек, әлемдегі денелер жүйесі өзара әмбебаптық байланыста болады. Сыни кезеңдегі Канттың пікірінше, философияның болмыс, әдептілік және дін туралы мәселелерін қарастырмастан бұрын, адамның танып-білу мүмкіндігінің шекарасын белгілеп алуымыз қерек.
Таным процесі күнделікті тәжірибеден, сезімдік түйсінуден басталады. Бірақ олар бізге «Өзіндік заттар» туралы емес, олардың көріністері (феномендері) туралы деректер береді. Мысалы, қазір қар жауып тұр. Осы секілді деректерде ылғи да кездейсоқтық элементі басым болады да, бізге толық білім берілмейді (қазір қар жауып тұр, шамалы уақыттан кейін тоқтауы мүмкін). Мұндай білімдер жекелеген тәжірибеге сүйенгендіктен, апостериорлы бағытта болады. Ал шынайы әмбебаптық және қажетті білімдер осындай фактілерге негізделе алмайды. Олай болса, шынайы білім тәжірибеге қатысы жоқ, әуел бастан-ақ адам санасында априорлы (тәжірибеге дейінгі) қалыптасқан сезім мен ақыл-ойдың түрлеріне байланысты болуы керек. Сезімдік түйсінудің априорлы сыртқы түрі — кеңістік пен ішкі түрі — уақыт түйсіктің көп түрлі «материяларын» реттеп отырса, ақыл-ойдың априорлы түрлі категориялары реттелген материяларды заңдылықтар жүйесіне келтіреді. Олай болса, танып-білетін субъект заттарды зерттегенде дайын «туа біткен идеяны» пайдаланбайды, керісінше, ол тек танымдық «құралдарды» ғана пайдаланады.
Жалпы алғанда, таным процесі, Канттың пікірінше, үш сатыдан өтеді. Олар: сезімдік түйсіну, сараптаушы парасат және таза ақыл-ой.
Сезімдік туйсіну сатысында біздің сезім мүшелерімізге «өзіндік заттардың» көріністері әсер етеді де, осы-деректер негізінде түйсіктердің бей-берекет жиынтығы пайда болады. Олар сезімдік түйсінудің априорлы түрлері – кеңістік пен уақыттың арқасында белгілі бір жүйеге келіп, реттеледі.
Танымның келесі — сараптаушы парасат сатысына — априорлы категориялар себептілік, сапа, сан, қажеттілік, т.б. арқасында жаңа ғана реттелген туйсіктер жиынтығы қорытындыланып, тұжырымдалып, өзіне тиесілі заңдылыққа бағынып, жаңа білім пайда болады.
Кант таным процесінің осы екі сатысының негізінде алынған трансцендентальдық білім деп атайды. Трансцендентальдық таным дегеніміз таным проңесінің заттың өзіне емес, априорлы танып-білу мумкіндігінің осы затты қандай деңгейге дейін біле алатындығы.
Танымның үшінші сатысы трансценденттік танымда — таза ақыл-ой заттардың көрініс әлемімен шектеліп қалмай, олардың ар жағында не бар екенін білуге, басқаша айтқанда «өзіндік заттардың» табиғатын, мәнін түсінуге ұмтылады да, шешілмес қайшылықтарға (антиномияларға) тап болады. Айталық, рух өле ме, өлмей ме, әлем калай пайда болды, құдай бар ма, жоқ па, т.б. Осы сияқты сұрақтар антиномияларға толы. Осы мәселелерді көтеріп, оған жауап беріп жүрген схоластикалық, онталогиялық, рационалистік, діни, т.б. ілімдер жалған ғылымға жатпайды. Себебі, бұл аталған-идеялардың не дұрыс, не теріс екендігін теория жолымен дәлелдеу мүмкін емес, олай болса «өзіндік заттарға» тән оның ішкі заңдылығын, мәнін біз танып-біле алмаймыз, сондықтан оған талпыну — бос әурешілік.
Керісінше, таза ақыл-ой адамның ерік-жігерін, практикалық іс-әрекетін айқындауға мүмкіндік береді. Айталық, адам жеке тұлға ретінде табиғат заңдылықтарынан төмен тұрғандықтан сыртқы әлемнің әсерінен шыға алмайды, сол себепті ол ерікті де емес, ал даралық қасиеттерінің ерекшеліктеріне, өзінің ылғи да танып – білуге ұмтылу қабілетіне қарасақ, ол өзінің практикалық ақыл-ойына сүйеніп, ерікті іс-әрекет жасайды. Бұл жағдайда адам барша жұртқа бірдей әдептілік заңы — әдептілік императивін басшылыққа алады. Әдептілік императиві бойынша игіліктерге, бақытқа жетуге ұмтылу немесе сүйіспеншілік, жақсы көру сияқты қылықтар адамның іс-әрекетін әдепті қылмайды, керісінше қоғамда қалыптасқан әдептілік зандарын сыйлап, өз міндетіңді өтесең сол өнегелі іс болып саналады. Мұндай этикалық міндеттілік адамдарға теория жүзінде емес, практика жүзінде әдептілік бостандығы тұрғысынан іс-әрекет жасауға сенім туғызады. Сөйтіп, адамның ар-ождан өлшемдері адамгершіліктің ең жоғары қағидасы — әдептілік императивінің талаптарына сай келеді.
Әдептілік діни жатсынуға тәуелді емес, себебі ол — өз заңына сүйеніп, өзінше өмір сүреді. Ал, дін — құдайды ең жоғары идеал, немесе құдай алдындағы парыз ретінде түсінетін біздің барлық міндеттілігіміздің жиынтығы. Осыдан келіп Кант, құдайға жағамыз деп сақтап жүрген діни институттардың тіпті де қажеті жоқ, тек әдептілік императиві негізінде тақуалы өмір сүрсең болғаны деген тұжырым жасайды.
Әдептілік императиві тұрғысынан Кант құқық, мемлекет, саясат мәселелерін де-қарастырады. Оның пікірінше, қоғамдық өмірде әлеуметтік қарама-қайшылық елеулі орын алады. Ал осындай қоғамда әркім өзінше шексіз бостандыққа ұмтылғандықтан, олардың бостандықтары бір-бірімен қарама-қайшылыққа түседі де, әр азаматқа тән табиғи қасиеттерінің дамуына мүмкіндік туады. Осы негізде қалыптасқан мәдени өркеңдеу кейбір жеке адамдарға қайғы-қасірет, жамандық әкелуіне қарамастан, жалпы адамзат үшін ілгері басып үдей түсуі қажет, онсыз прогресс болмайды. Ал мемлекет болса, қолына шоғырланған билікке сүйеніп, адамдардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасай бермейді. Сондықтан, мемлекеттік билікті әдептілік императиві негізінде қалыптасқан құқық арқылы шектеу керек. Осының арқасында мемлекет дами келе онда құқықтық, азаматтық қоғамның қалыптасуына жағдай жасады.
Канттың бірбеткей міндеттілік этикасының кейбір пікірлері XIX және XX ғасырлар философиясының дамуына зор әсер етті. Ал XIX ғасырдың ортасынан бастап Франңияда, Германияда Кант ілімін жаңартып, дамытқан ілімдер пайда болды.
Иоганн Готлиб Фихте (1762—1814 жж.) — философиялык ілімдер ғылымдар теориясы (ғылымдар туралы ғылым) ретінде қандай да болмасын білімнің негізін көрсетулері керек деген пікірді өз ілімінің басты қағидасы етіп алған ойшыл. Негізгі еңбектері: «Ғылым туралы ілім» (1794 ж.), «Адамның міндеті» (1800 ж.) және т.б.
Фихте «өзіндік затты» танып-білуге болмайды деген пікірді мойындамайды және оны сынға алады. Оның пікірінше, алғашқы бастама барлығын қамтитын, анықтаушы нақтылық – абсолюттік «мен». «Мен» өзінің дамып отыратын іс-әрекетінің арқасында өзінің алғашкы бастама кезеңіңдегі (сана – субъект) ақыл-ойдың нақтылығына карама-қарсы жағдай «басқа менге» (табиғат – объект), одан кейін өз дамуының үшінші сатысы – екеуінің өзара қарым-қатынасына айналады. Бұл жердегі «мен» - рух, жігер, әдептілік, сенім ұғымдары, «басқа мен» - табиғат және материя ұғымдары болса, олардың өзара қатынастары синтез — бұрмалаушылыққа қарсы күресін жатқан адамның жігерін көрсететін ұғым. «Басқа мен» (табиғат, объект) нақты өмір сүріп қана қоймай, «менге» әсер етіп, кейбір жағдайларда оның іс-әрекетін де айқындайды: «Басқа меннің» (табиғаттың, объектінің) әсерімен болған іс-әрекетті біз танып-біле алмаймыз, бірақ бұл «әсерді» тікелей сезінеміз. Сөйтіп, теориялық іс-әрекеттің негізінде бисаналық іс-әрекеттің жатқаңдығын көреміз. Ал «меннің» іс-әрекеті деп Фихте субъектінің «әдептілік мінез-құлқын» айтады, Демек, адамның іс-әрекетінің мақсаты - әдептілік заңдары мен парызыңды орындау. Бұл мақсатты жүзеге асыруда қоршаған ортамен тығыз байланысты адамның тән табиғатынан туындайтын оның табиғи қабілеттері қарсы болады. «Менге» қарсы тұрып, оны іс-әрекетке итермелейтін «басқа мен» дегеніміз, айналып келгенде осы.
Фихтенің «басқа мені», табиғаты, объектісі Канттың «өзіндік заты» сияқты санадан тыс өмір сүрмейді, ол — сананың ерекше қызметінің қажетті туындысы. Бұл қызметтің ерекшелігі: санада осы қызмет жүріп жатқанда, адамда ол туралы саналы ойлау қабілеті болмайды, Сондықтан да, қарапайым күнделікті сана ол туралы ештеңе білмейді.
Сол себепті сананың осы ерекше қызметін қарапайым сана біздің түйсігіміздің мазмұны, бізге табиғаттан берілген деп ойлайды. Қарапайым сананың бұл қателігін тек философиялық ойлау ғана түзете алады. Шын мәнінде, түйсігіміздегі мағлұматтар «меннің» (сананың) іс-әрекетінен туындаған «елестету» ғана. Демек, «меннің» бұл іс-әрекеті бірінші де, «басқа — мен» мен «басқа — меннің» ажыраспас бірлігін байқай «көруге» болады. Бұл қабілетті Фихте «интеллектуалды интуиция» деп атайды.
Фихтенің пікірінше, әрекетшіл «мен» әр уақытта да өзінің қарама-қарсысының әсерімен қозғалысқа және іс-әрекетке түседі. «Меннің себепсіз іс-әрекеті – оның қызметі мен алдындағы мақсатының өзара қарама-қайшылықтарын қайта-қайта қалпына келтіру процесі. Басқаша айтқанда, бір кедергіден өтіп, оны жойған кезде, екіншісі пайда болады, сөйтіп шексіз кете береді. Өзінің осы тәсілін Фихте — «антитетикалық» тәсіл деп атаған. Бұл тәсілдің ерекшелігі антитезис тезистен шығарылмайды (диалектикалык, тәсілдегідей), керісінше, антитезис қарама-қарсылық ретінде тезиспен қатар қойылып, содаи кейін барып олар бірігеді. «Антитетикалық» тәсілді қолдану арқылы Фихте теория негізінен (түйсік, бақылау, қиялдау, елестету, ойлау тағы басқаша қарастыру негізінде) практикалық ақыл- ойдың негізгі мазмұнына, қабілетіне қарай ой түзейді. Осының арқасында субъект рет-ретімен теориялық іс-әрекеттің ең төменгі сатысынан жоғарғы сатысына дейін көтеріледі де, бұл деңгейде ол — ойлау объектісін өзінің ақыл-ойының белсенділігінің нәтижесі екенін түсініп-біледі. Сөйтіп - «ғылым туралы ілім» тәсілі адамзат ақыл-ойының даму жолымен сәйкес келгендіктен, айналып келгенде, өзінше байланысқан адамзат рухының тарихы болып шығады.
Фихтенің «практикалық философиясының» (этика, кұқық және мемлекет туралы ілім, т.б.) негізгі ұғымы - «бостандық» ұғымы. Ол бостандық ұғымын «қажеттілік» ұғымына қарсы қою арқылы түсіндіруге тырысады. Спиноза сияқты Фихте де адам жігері оның қандай да болмасын рухани іс-әрекеті септілікке бағынады деп есептеген. Бірақ осындай жалпыға бірдей қажеттілік бостандықтың болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал, бостандық дегеніміз қажеттілікті жою емес, керісінше, жеке адамдардың, адамзаттың заңдар мен мақсаттарға өз еркімен бағынуы. Басқаша айтқанда, бостандық дегеніміз қажеттілікті танып-білуге негізделген іс-әрекет. Өнегелілік және құқықтық мәселелерге тоқтала келе, Фихте этиканы — адамның ішкі дүниесіне бағытталған бостандық деп, ал құқықты адамдар арасындағы сыртқы қатынастарды реттейтін әлеуметтік құбылыс деп санайды. Демек, құқық әділеттілік заңдарына емес, адамдар арасындағы өзара қатынастарға сүйенеді. Ал өзара қатынастардың, келісімдердің негізі болып, қоғамда үстемдік етіп тұрған заңдарға әркімнің бағынуы саналады.
Фихте мемлекеттік билікті бөлу идеясын қолдамайды. Жалпы адамзат меншік иелері және меншігі жоқтар болып екіге бөлінеді Мемлекет дегеніміз — меншік иелерінің ұйымы. Демек, мемлекет азаматтардан басқалардың құқығын мойындауды талап ету ушін, өзінің олардың әрқайсысына меншік иесі болуға болатындай ұйымдастыру қабілеті болуы керек. Кейінгі еңбектерінде Фихте мемлекет пен құқықты адамзаттың әдепті өмір сүруінің бастапқы, бірақ қажетті даму сатысы деп, ал қоғамда әдептілік заңдары толық жеңгенде құқық пен мемлекеттің керегі болмайды деген пікір айтады. Фихтенің осы пікірлері өзінен кейінгі ойшылдарға үлкен әсер етті.
Фридрих Вильгельм Шеллинг (1775—1854 жж.) Канттың, Спинозаның, Фихтенің ілімдерінің кейбір идеяларын дамыта отырып, өзінің табиғи күштер иерархиясының спекулятивтік натурфилософиясы деп аталатын ілімін қалыптастырды. Негізгі еңбектері: «Трансцендентальдық идеализмнің жүйесі», «Адам бостандығының мәні туралы», т.б.
Шеллингтің пікірінше, материя дегеніміз рухани зат. Бірақ санасы жоқ табиғат адам санасының пайда болуынан бұрын өмір сүрген. Санасы жоқ табиғаттан саналы адамға айналу процесі көптеген бірінен-бірі жоғары даму сатыларынан өтеді. Табиғаттың даму себептерін оның өзіндегі, шындығында да өмір сүретін, қарама-қайшылықтарды табу арқылы түсініп, зерттеп білуге болады. Шеллинг табиғат дамуын, кейбір жағдайда диалектикалық тұрғыдан қарастырғанымен, оларды шын мәнінде механикалық қозғалыс, немесе механикалық даму деп есептеген. Өзінің осы натурфилософиялық ілімін Шеллинг трансцендентальдық философия деп аталатын ілімімен толықтырады. Бұл ілім бойынша, субъективтілік алғашқы бастама, қайнар көз, абсолют ретінде барлық мәнділіктің, нақтылықтың жалғыз ғана негізі. Бірақ әңгіме сезінудің, немесе ақыл-ойдың субъективтілігі туралы емес, керісінше, — танымның ерекше құралы — ақыл-ойдың заттардың тікелей бақылауы туралы болып отыр. Шеллинг өзінің осы таным тәсілін «интеллектуалды интуиция» деп атаған.
Эмпирикалық нақтылық заттарында бірде табиғат заттары, бірде рух көрініс табады. Демек, олар бір-бірімен тепе-тең (тождество) жағдайда болады. Табиғат пен рухтың тепе-теңдік идеясы Шеллинг философиясының басты және негізгі проблемасы болып табылады. Бұл мәселені түсіну үшін алдымен абсолюттік ақыл-ой дегеніміз не екенін түсініп алуымыз керек. Абсолюттік ақыл-ойда субъект пен объект бір-бірімен ажырамастай бір. Себебі, субъектіде объектіні ойлайтын да, объект ретінде субъектіге байланысты өмір сүретін-де – сол абсолюттік ақыл-ойдың өзі. Осындай абсолютте барлық қарама-қарсылық (субъект пен объектінің, табиғат пен рухтың, т.б.) жойылып, идеалдылық пен нақтылық тепе-теңдігіне айналады. Демек, ақыл-ойдың санасы дегеніміз, құдайдың өзіндік санасы, себебі құдайдың өзі — ақыл-ой. Басқаша айтқанда, Шеллинг құдайды жеке тұлға ретінде карастырады. Жеке тұлға – құдай мен жеке тұлға – адамның айырмашылығы: кұдай жеке тұлға, бостандық ретінде шексіз болса, адамда бұл аталған құбылыстар шектеулі. Жалпы әлемдік нақтылық не табиғат, не рух ретінде көрінеді. Олай болса, табиғат патшалығы мен рух (тарих) патшалығы бірінен кейін бірі орналасқан қатар (даму) түзейді, ал олардың жеке, сатылары «потенция» (мүмкіндік) деп аталады. Осы жеке сатылардың — потенциялардың бір-біріне туысқандық қатынастары, олардың ортақ түрі – абсолютке байланысты. Демек, потенциялар (жеке сатылар) бір-бірінен туындамайды, керісінше, оларды өзінен абсолют шығарып, өзінің толық ашылғандығын көрсетеді. Өзінің соңғы шығармасында, Шеллинг дін тарихын метафизика тұрғысынан қарастырып, дінге және мистикаға бет бұрып, «кездейсоқ жағдайда ақиқатты философия тұрғысынан ашу» ілімін жұрт алдында насихаттауға талпынады. Сөйтіп, ол рациопализмнің шектен шыққан түрінен мистика мен иррационализмге бет бұрып, өзінен кейін қалыптасқан иррационалистік философиялық бағыттың негізін қалаушы болады.