Ислам теологиясы: түсінігі мен маңыздылығы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 02 Июня 2015 в 21:21, реферат

Описание работы

VII ғасырда мұсылмандар арасында ортаға шыққан саяси қақтығыстардың бара-бара сенімдік, доктриналдық сипат алуы және Ислам сенім негіздерінде не болмаса мұсылмандардың діни сенімін құрайтын бірсыпыра мәселелерде пікірталастар мен дау-дамайларға себеп болғаны тарихтан белгілі. Осы идеялар күресінің нәтижесінде әр түрлі муржия, мутазила қадария, жабрия секілді ағымдар пайда болды.

Файлы: 1 файл

Ислам теологиясы лекция.doc

— 451.50 Кб (Скачать файл)

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИCТРЛІГІ

ШЕТ ТІЛДЕР ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК КАРЬЕРА УНИВЕРСИТЕТІ


 

 

ТАРИХ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ

 

«Дінтану»  кафедрасы

 

 

 

 

 

 

 

 

«ИСЛАМ ТЕОЛОГИЯСЫ»

 

пәні бойынша

 

 

ЛЕКЦИЯЛАР  ЖИНАҒЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алматы

Дәріс №1  Ислам теологиясы: түсінігі мен маңыздылығы

VII ғасырда мұсылмандар арасында  ортаға шыққан саяси қақтығыстардың  бара-бара сенімдік, доктриналдық  сипат алуы және Ислам сенім  негіздерінде не болмаса мұсылмандардың  діни сенімін құрайтын бірсыпыра мәселелерде пікірталастар мен дау-дамайларға себеп болғаны тарихтан белгілі. Осы идеялар күресінің нәтижесінде әр түрлі муржия, мутазила қадария, жабрия секілді ағымдар пайда болды. Міне осы жағдай өзімен бірге Исламдағы спекулятивті философия деп аталып жүрген Ислам теологиясы ғылымын өмірге әкелді. Шындығында кейінгі дәуірлерде кейбір авторлар тарапынан жасалған «Ислам теологиясы» ғылымының анықтамалары бұл пікірімізді қуаттай түседі. Мысалы, қазақ даласынан шыққан ұлы ойшыл екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамыздың ойынша «Ислам теологиясы өнері, - шариғат қоюшының (Алла) ашық түсіндірген кейбір шектеулі амал мен сенімдерін қорғауда және оларға қайшы айтылған әр түрлі сөздердің тазаланып шығарылуында, адамның ие болған құдыреті болып табылады. Бұл, амал және сенім негіздеріне қарай екіге бөлінеді. Алайда Ислам теологиясы өнері «фиқһтан» бөлек. Өйткені «фиқһ» шариғат қоюшының (Алла) ашық түрде ортаға қойған амал және сенім негіздерін алады. Оларды негіз ретінде қабылдап, сосын осы негіздерден қажетті болған басқа амал және сенім негіздерін (діни үкімдерді) шығарады. Бұл бойынша мутакаллим (Ислам теологиясымен айналысушы), «Факиһтың» діни үкім шығарғанға дейін басты негіз ретінде қолданған дәлелдерінің қорғаушысы болып табылады».

 

Дәріс №2 Ислам теологиясының  қалыптасуы мен дамуы.

Мұсылмандар, исламның алғашқы жылдарында сенім мәселесінде және әлеуметтік өмірде ешбір алауыздыққа түскен жоқ. Өйткені ол кезде қандай да бір мәселе туындаса пайғамбардан сұрап мәселені шешіп отыратын. Алғашқы іріткінің ұшқыны Хз. Мұхаммед Пайғамбардың өлім аузында жатқан кезінде байқалып қалды. Ислам тарихында «қалам-қағаз» мәселесі деп аталатын бұл оқиға әр түрлі қырынан бағаланады. Мысалы, ислам тарихшыларының еңбектерінен мына нәрселерді оқимыз: «Өлім аузында жатқан Хз. Мұхаммед жазу үшін бір нәрсе сұрады. Бір өсиет жазып қалдырғысы келетінін айтты. Хз. Омар «Аллаһ елшісінің науқасы ауырлап барады. Бізбен бірге Аллаһтың кітабы Құран бар, сол бізге көмектеседі» деді. Кейбіреулері «жазатын керек-жарақ әкелейік» деп тұрып алды. Талас-тартыс болып кетті. Мұны естіген Хз. Мұхаммед «Қане барлығыңыз кетіңіздер. Менің жанымда дауласқандырыңыз дұрыс емес. Мені жеке қалдырыңыздар. Менің мына хәл үстіндегі жағдайым (Аллаға қауышу) сіздердің дау-дамайларыңыздан әлде қайда абзал» деп кейіс білдірді. Осылайша сахабалар тарасып, Хз. Мұхаммед қайтадан өсиет туралы сөз қозғамады және жаздырудан бас тартты». Бұл жағдай деректерде әр түрлі қырынан талқыға түседі. Шииттік деректер «егер өтініш орындалғанда Хз. Мұхаммед Пайғамбар өзінен кейін Алидің имам болатынын жаздырар еді» десе, сахабалар және басқа мұсылмандар діннің негіздерінің толық түсіп біткенін білдіретін Маида 5/3 сүресін дәлел келтіріп, пайғамбардың жазудан бас тартқан мәселесінің дінмен байланысы жоқ екенін алға тартады. Алайда осы мәселе тарих бойына Шииттер мен Сунниттердің арасындағы араздықтың себебі болды. Имамдық мәселесіндегі аталған келіспеушілік әлі күнге дейін жалғасып келеді. Хз. Мұхаммед Пайғамбар қайтыс болғасын мұсылмандардың арасында ортаға шыққан алғашқы келіспеушілік халифалықпен байланысты болды. Бану Саиданың үйіндегі халифалыққа қатысты дау-дамай ұзаққа созылмады. Әбу Бәкір өзінің парасатты сөздерімен қарсы жақты тоқтамға келтіре білді. Ансарлардың халифалық таластары ислам тарихында қандай да бір іріткінің көзіне айналған жоқ, дереу ұмытылып кетті. Ал халифалықтың Хз. Алиге, яғни Хз. Мұхаммед Пайғамбардың отбасына тиісті екендігі туралы көзқарас үшінші халиф Османның тұсында қайтадан жаңғырды және үлкен дау-дамайлар мен соғыстарға, бөлінушіліктерге әкеліп соқтырды. Осы Осман халифтың (644-656 жж.) тұсынан бастап мұсылмандардың арасына саяси, сенімдік тұрғыдан жік түсе бастады. Осман халифтың қатыгездікпен өлтірілуінен кейін саяси сипаттағы қауіпті жанжалдар өрши түсті. Әсіресе одан кейін билікке келген Али халифтың тұсындағы харижиттермен болған қақтығыс Исламдағы мазһабқа бөлінудің ең алғашқы көрінісі болып табылады. Бұл кездегі пайда болған мазһабтар негізінен саяси мәнде болып, дінді жамылып әрекет етуде еді. Али халифтың өлтірілуінен кейін (660 ж) пайғамбардың және сахабаларының жолымен келе жатқан Әһли Суннаның алдында басты-басты бес негізгі мазһаб ортаға шықты. Бұл мазһабтар өздерінен кейін пайда болатын басқа мазһабтарға алғышарт жасап берді. Олар: Харижиттер, Қадариттер, Жабариттер, Шииттер және Муржииттер.

 

Дәріс №3  Әһли сүннет сенімінің ерекшелігі.

Ислам дінінің екі үлкен бағытқа, яғни Сунниттер және Шииттер болып бөлінетіні белгілі. Әлемдегі мұсылмандардың басым бөлігін құрайтын Әһли Суннаны (Сунниттерді) – Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының діннің басты (сенім) негіздерінде ұстанған жолын басшылыққа алушылар деп айтуға болады. Толық атауы «Әһли Сунна уәл Жамаға (Сүннет және Жамағат қауымы)» деп аталады. Батыстың белгілі шығыстанушысы М. Уотт «сунниттер» ұғымының алғаш рет Х ғасырда қолданылғанын алға тартады. Алайда табиундардан Саид бин Жубәйрға (өлімі 713.) телінген бір хабарда сунниттер ұғымы VIII ғасырдың бастарында ортаға шыққан көрінеді [38]. Қазіргі кезге дейін жетіп келген деректердің ішіндегі ең көнесі саналатын Ахмад ибн Ханбалдың дінсіздер мен жахмия деген ағымды терістеу мақсатында жазған еңбегінде де «әһли сунна» ұғымына орын берілген. Сонда бұл деректер бізге әһли суннаның IX ғасырда бір сенімдік (ақида) мазһабы ретінде қалыптасқанын көрсетіп отыр. Әһли Сунна сенім жүйесінің қалыптасуына ықпал еткен ғалымдардың ең маңыздысы Имам Ағзам Әбу Ханифа болып табылады. Әбу Ханифа сенім негіздеріне қатысты трактаттарында өзі өмір сүрген дәуірдегі әр түрлі дүниетанымдық ағымдар өкілдерімен пікірталастарға кіріп, Алланың сипаттарын, тағдыр мәселесін нақтылап, Құранның мағынасы тұрғысынан жаратылмағанын айтқан. Үлкен күнә жасаған адамның мұсылмандық шеңберден шықпайтынын айтып, ақыреттегі жағдайына қатысты мәселені Алланың қалауына қалдырған. Осылайша әһли сунна ақидасының ең маңызды мәселелерін анықтап берген. Жалпы Әһли Сунна немесе Сунниттер атауы берілген  қауымды басқа исламға жат ағымдардан, мазһабтардан ерекшелеп тұратын өзіндік ұстанымдары мен доктриналары бар. Оларды қысқаша былай көрсетуге болады:

1 Бүкіл әлем және құбылыстар кейіннен пайда болған. Әлем мен құбылыстар жасанды (қиял) емес, оның өзіндік болмысы мен ақиқаты бар. Әлемнің және құбылыстардың жаратушысы  -  Бірден-бір жаратушы болып табылатын Алла.

2 Алла бір, бастауы мен соңы  жоқ. Болмысы мәжбүри (уәжибул ужуд), тумаған, туылмаған. Уақыт, кеңістік, өлшем секілді заттық ерекшеліктерден жоғары. Одан басқа тәңір жоқ және табынуға лайық жалғыз болмыс сол.

3 Алланың мәңгілік болған сипаттары  бар.

4 Алла ақырет күнінде муминдер  тарапынан көрінеді.

5 Тағдыр ақиқат, алайда адам баласы күштеу астында емес. Еркі бар.

6 Пайғамбарлар және мұғжизалары  ақиқат. Тек ешбір пайғамбарда  тәңірлік сипат жоқ. Олар да  қарапайым адам баласы.

7 Ақырет және оған қатысты  жәйттер, жұмақ, тозақ, сират көпірі, амалдардың таразыға салынуы  ақиқат.

8 Амал иманның бір бөлігі  емес. Сене тұрып амал жасамаған  немесе күнә істеген адам діннен  шықпайды.

9 Бір басшы тағайындау мұсылмандарға  парыз. Бұл, кеңесу және сайлау  арқылы жүзеге асырылады.

Сунниттер өз арасында ислам құқығы-шариғат (фиқһ), діннің практикалық жағына байланысты төрт мектепке (мазһаб), сенім негіздері (ақида), яғни доктриналдық тұрғыдан үш мектепке бөлінеді. Бұл мектептердің арасындағы айырмашылықтар мен ерекшеліктер негізінен діннің кейбір жекелеген, екінші деңгейлі мәселелеріне қатысты. Әйтпесе діннің басты негіздерінде барлығы дерлік ауызбіршілікте. Бұл мектептер мыналар:

А) Құқықтық мектептер (Фиқһ мазһабтары): Ханафи мазһабы,  Малики мазһабы, Шафи мазһабы, Ханбали мазһабы.

Ә) Доктриналдық мектептер (Ақида мазһабтары): Матуриди мазһабы, Ашари мазһабы, Салафия мазһабы.

 

Дәріс №4. Исламдағы сенімдік Ашғари және Мәтруди мәзһабтары Негізін салушы Мухаммед бин Мухаммед бин Махмуд Әбу Мансур әл Матуриди (852-944 жж.). Ислам сенім негіздерінде Имам Матуридидің көзқарастарын ұстанатындардың қалыптастырған мектебіне Матуриди мазһабы деп айтылады. Бұл кісі қазіргі Өзбекстанның Самарқанд қаласы маңындағы Матурид деп аталатын ауылында дүниеге келген.

Матуридилік Ханафиліктің ақидаға (сенім негіздері) қатысты тұсын дамытып, жетілдірген сунниттік калам мектептерінің бірі болып табылады. Матуридилік ақида саласында аят және хадистермен қатар, ақылға да дінді түсініп, пайымдауда қажетті негіз деп үлкен мән берген. Матуридилік кейбір мәселелерде Салафтарға Ашариттерден де жақын. Кейбір мәселелерде барынша рационалды болғандықтан Ашариттер мен Мутазилиттердің ортасынан орын алады. Матуридилік мазһабын ұстанатын көптеген ғалымдар шыққан және еңбектер жазған. Алайда Матуридилік Бағдат пен Басра сияқты сол дәуірдің ғылым орталықтарынан алыс Мәуреннахр секілді жерде шығып, таралғандықтан Ашариттердей танымал болмаған. Соңғы уақыттағы зерттеулер Матуридилікті өзіндік көзқарастары бар, мәселені объективті тұрғыдан қарастыратын мазмұнды әрі көлемді еңбектері бар калам мектебі екенін анықтаған.

Қазіргі таңда әлемдегі суннит мұсылмандардың үштен екісі Ханафилер болса, Ханафилердің басым бөлігі сенім жүйесінде Матуридилікті ұстанады. Матуридилік Туркия, Балқан түбегі, Орта Азия (соның ішінде Қазақстан мұсылмандары да), Үндістан, Қытай, Пакистанда таралған. Түркі халықтары негізінен сенімде (ақида) Матуриди, фиқһта (ислам құқығы, шариғат) Ханафи мазһабын ұстанады.

Матуридилік көп жағдайда сунниттік калам мазһабтарынан Ашариттікпен бірдей көзқарасты ұстанғанымен кейбір мәселелерде өзіндік ұстанымдары бар. Осы көзқарастарынан кейбіреулері мыналар:

А) Діни уағыз жетпегеннің өзінде де адам баласы ақылымен Алланы тани алады.

Ә) Жақсы мен жаманды ақылмен білуге болады. Алла бір нәрсені жақсы болғандықтан әмір еткен, жаман болғандықтан тыйым салған.

Б) Адамда жеке дара ерік бар. Адам өз қалауымен таңдау жасайды, Алла болса, адамның қалауына қарай іс-әрекетті жаратады.

В) Алла адам баласының күші жетпейтін нәрсені оған жүктемейді т.б.

Сенім негіздерінде Әбул Хасан әл-Ашаридің (өлімі 936 ж.) көзқарастарын ұстанатындардың мазһабына берілген атау. Имам Ашари Басра қаласында дүниеге келеді, қырық жасына дейін Мутазила мазһабында болады. Кейіннен тарихта «үш бауыр» деген мысалмен танымал оқиғадан кейін ұстазы Әбу Али Жуббаиден бөлініп кетеді. Пікірталаста ұстазын жеңген ол, өз алдына Ашарилікті құрады. Ашари Мутазила және басқа да сол кездегі дүниетанымдық ағымдармен күрескен. Ашарилік көбіне Мутазилаға қарсы ілім ретінде пайда болып, философияға қарсы ілім ретінде жалғасып отырған. Осы себепті Ашарилік Салаф сеніміне Матуридилерге қарағанда алшақтау екенін айтуға болады. Ашари ғалымдар кейде түсіндірмелеулерге (тәуил) өте көп назар аударса, кейде калам ғылымында жаңалықтар мен өзгерістер жасай отырып калам ғылымын философиямен бәсекелесе алатын жағдайға жеткізген.

Қазіргі таңда әлемдегі суннит мұсылмандардың 13% -ын құрайтын Маликилердің дені,  33% -ын құрайтын Шафилердің төрттен үш бөлігі және Ханафилер мен Ханбалилердің аз бөлігі сенімде Ашари мазһабын ұстанады. 

Ашарилік әһли суннаның негізгі ұстанымдарын қабылдаумен қатар, кейбір жерлерде Матуридиліктен бөлініп, өзіндік көзқарастар алға тартқан. Оларды қысқаша былай көрсетуге болады:

А) Діни уағыз жетпеген адамдар ақылдарымен Алланы таба алмайды және оған иман етумен міндеттелмейді.

Ә) Жақсы мен жаман ақылмен емес, шариғатпен білінеді. Бір іс-әрекет Алла бұйырғандықтан жақсы, тыйым салғандықтан жаман болып табылады. Іс-әрекеттің өзінде жақсылық жамандық деген жоқ.

Б) Адамда жеке дара ерік жоқ. Адамның еркі Алланың еркіне тәуелді. Адам қалайды, Алла қаласа жаратады, қаламаса жаратпайды.

В) Алла адамның күші жетпейтін нәрсені адамға жүктеуі мүмкін.

 

Дәріс №5.   Исламдағы сенімдік бағыттар

Муржия – Шииттер мен Харижиттердің пайда болған кезінде сол дәуірдің саяси жағдайларына қатысты өз ұстанымдарын көрсетуде бейтарап қалғандардың қалыптастырған ағымы болып табылады. Бұл ағымның қалыптасуына бірінші кезекте сол дәуірдегі ағымға бөлінушіліктер, екінші халифалық мәселесі ықпал еткен. Муржия мүшелері Шииттер мен Харижиттердің көзқарастарына қосылмаумен қатар халифат мәселесінде де бейтарапшылдықты ұстануға тырысқан.

  Муржия ағымы өз арасында  көптеген тармақтарға бөлініп  кеткен. Өкілдерінің басқа доктриналдық (калам) мектептердегі орындарына  қарай «харижиттердің муржиясы», «қадариттердің муржиясы», «жабариттердің  муржиясы» секілді есімдер алуы, муржияның дербес және жүйеленген өзіндік мектеп болмағанын көрсетеді. Муржия өз дәуірінің саяси және қоғамдық шарттарының нәтижесінде ортаға шыққан бір ағым болып табылады. Омейядтар халифаты тұсында өмір сүріп, Аббасидтер халифатының тұсында жоқ болып кетеді.

Омейядтар кезінде ортаға шыққан бір топ, тағдырды анықтау барысында адам баласының ерік бостандығының мүлдем жоқ екендігін, барлық нәрсенің алдын ала бекітілген жазмышқа қарай жүзеге асатынын алға тартты. Олардың ойынша, «Адам баласының ешнәрсені өз еркімен жасауға дәрмені жоқ. Ол бүкіл іс-әрекеттерінде еріксіз (жәбр). Өйткені ешқандай күші, құдыреті, таңдау еркі жоқ. Осы пікірді ұстанатындарға ислам ойшыдық тарихында Жабрия немесе Жабариттер деген атау берілген.

Мұсылмандардан бір топ, тағдыр дегенді түбегейлі жоққа шығарып, «адам баласы бүкіл іс-әрекеттерінде ерікті» деген көзқарасты ортаға қойды. Бұларды «Қадариттер» деп атады. Қадария ағымы тек қана тағдырды жоққа шығарған дербес бір мектеп ретінде сақталмаса да,  осы тұста ортаға шыққан Мутазилиттер ағымының идеологиялық тұғырларының бірі осы «тағдыр мәселесі (қадарияшылдық)» болды. Мутазилиттерді тіпті Қадариттердің жалғасы деп те айтуға болады.

 Матуриди мазһабының негізін салушы Мухаммед бин Мухаммед бин Махмуд Әбу Мансур әл Матуриди (852-944 жж.). Ислам сенім негіздерінде Имам Матуридидің көзқарастарын ұстанатындардың қалыптастырған мектебіне Матуриди мазһабы деп айтылады. Матуридилік Ханафиліктің ақидаға (сенім негіздері) қатысты тұсын дамытып, жетілдірген сунниттік калам мектептерінің бірі болып табылады. Матуридилік ақида саласында аят және хадистермен қатар, ақылға да дінді түсініп, пайымдауда қажетті негіз деп үлкен мән берген. Қазіргі таңда әлемдегі суннит мұсылмандардың үштен екісі Ханафилер болса, Ханафилердің басым бөлігі сенім жүйесінде Матуридилікті ұстанады. Матуридилік Туркия, Балқан түбегі, Орта Азия (соның ішінде Қазақстан мұсылмандары да), Үндістан, Қытай, Пакистанда таралған. Түркі халықтары негізінен сенімде (ақида) Матуриди, фиқһта (ислам құқығы, шариғат) Ханафи мазһабын ұстанады.

Ашари мазһабы сенім негіздерінде Әбул Хасан әл-Ашаридің (өлімі 936 ж.) көзқарастарын ұстанатындардың мазһабына берілген атау. Ашарилік көбіне Мутазилаға қарсы ілім ретінде пайда болып, философияға қарсы ілім ретінде жалғасып отырған. Қазіргі таңда әлемдегі суннит мұсылмандардың 13% -ын құрайтын Маликилердің дені,  33% -ын құрайтын Шафилердің төрттен үш бөлігі және Ханафилер мен Ханбалилердің аз бөлігі сенімде Ашари мазһабын ұстанады. 

Информация о работе Ислам теологиясы: түсінігі мен маңыздылығы