Теңгенің еркін айналымы бүгінгі нарық талабы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Сентября 2015 в 14:02, реферат

Описание работы

Кез келген елдің ұлттық валютасының жасанды емес, нақты құны болуы қажет. Ол құн нарық заңымен, яғни оған деген сұраныс және ұсыныспен анықталуы тиіс. Осы уақытқа дейін теңге бағамының тұрақты болуына Үкімет тарапынан, нақтысында Ұлттық банк тарапынан жасанды түрде үнемі қолдау көрсетіліп келген болатын және оның бағамы нарық заңдылықтарына қарамастан қатаң бақыланып келді. Ендігі уақытта теңгенің мұндай бақылануы және қадағалануы толықтай болмағанмен алынып тасталды, ол еркін қалқымалы жағдайға көшті. Бір сөзбен айтқанда оның бағамын енді валюта биржасындағы күнделікті қалыптасып отыратын нарықтық баға айқындайды. Бұл оған деген сұраныс пен ұсынысқа негізделген.

Файлы: 1 файл

Девальвация статья курс теңге.docx

— 19.50 Кб (Скачать файл)

 

 

 

Теңгенің еркін айналымы бүгінгі нарық талабы

 

Кез келген елдің ұлттық валютасының жасанды емес, нақты құны болуы қажет. Ол құн нарық заңымен, яғни оған деген сұраныс және ұсыныспен анықталуы тиіс. Осы уақытқа дейін теңге бағамының тұрақты болуына Үкімет тарапынан, нақтысында Ұлттық банк тарапынан жасанды түрде үнемі қолдау көрсетіліп келген болатын және оның бағамы нарық заңдылықтарына қарамастан қатаң бақыланып келді. Ендігі уақытта теңгенің мұндай бақылануы және қадағалануы толықтай болмағанмен алынып тасталды, ол еркін қалқымалы жағдайға көшті. Бір сөзбен айтқанда оның бағамын енді валюта биржасындағы күнделікті қалыптасып отыратын нарықтық баға айқындайды. Бұл оған деген сұраныс пен ұсынысқа негізделген. Дәлірек айтсақ, бұл тура нарық заңдылығы. Теңгенің мұндай қадамға баруына қандай алғышарттар мен себептер болды деген заңды сұрақ туындайды. Енді осы сұраққа жауап беруге тырысып көрелік.

Соңғы жылдары экономикадағы келеңсіз жайттардың қалыптасуы жиіледі. Мұның басты себебі экономиканың шикізат ресурстарына негізделгендігі және сол бағытта даму алғандығы да қарапайым адамдарға түсінікті еді.

Ал, 2014 жылдың соңында экономикадағы жағдай бірден әрі күрт төмендеп кетті. Бұған теріс әсер еткен екі негізгі факторды айтуға болады: мұнайға деген әлемдік бағаның түбегейлі төмендеуі және көршілес екі елдің, алдымен, Ресейдің, содан кейін Қытай ақшасының атауға болады. Әсіресе, Ресей рубьлінің өткен жылдың соңындағы күрт төмендеуі (екі есеге жуық) отандық экономиканың, соның ішінде отандық кәсіпкерлердің қаржылық-шаруашылық жағдайын қатты шайқалтып кетті. Сол сияқты әлемдік нарықта бұрын тұрақтылық танытып келген валюталар құнының әлсізденуі орын алды, мысалы, қытайлық юаннің тек қана 3%-ға девальвациялануы біз секілді дамушы елдер ғана емес, Америка секілді дамыған елдердің де экономикасын теңселтіп отыр, нәтижесінде сол өткен жылдың бірінші тоқсанында АҚШ долларына қатысты еуро 22,8%-ға, ал жапондық иена 19,7%-ға құлдырады. Бұлардың бәрі қосыла келе еліміздегі экономика салаларының құрылымдық дағдарысқа ұшырау қаупін туғызды. Оған дәлел Қазақстандағы ЖІӨ көрсеткішінің тежелуі, нәтижесінде оның өсім қарқыны тек 1,7%-дың маңайында ғана қалыптасты. Бұған дейін оның өсім қарқыны жоспарлы деңгейде болып келген болатын.

Мысал ретінде айтар болсақ, 2015 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өсімі 100,6%-ды ғана көрсетті немесе ақшаға шаққанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 26%-ға төмендесе, экономиканың даму бағытын айқындвп отырған салада – шикі мұнай мен табиғи газ өндіру салаларының (бұл сала ел экономикасының 69,8%-н құрап отыр) көрсеткіші 43%-ға төмендеп кетті.

Нәтижесінде қазақстандық экспорт 2015 жылдың осы мерзім аралығында 19,8 млрд.АҚШ долларын ғана құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44,4%-ға төмен. Ал, импорт болса сол жылдың қаңтар-маусым айларында 12,8 млрд.АҚШ долларын көрсетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,1%-ға төмен.

Елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы мемлекеттік қаржы жағдайына да теріс ықпалын тигізді. 2015 жылдың біз алып отырған мерзім аралығында мемлекеттік бюджетке түскен салық мөлшері 2 017 млрд.теңгені құраса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,2%-ға төмен. Бұған тікелей әсер еткен ҚҚС түсетін түсімнің азаюы, мемлекеттік бюджетке 304,5 млрд.тенге ғана түскен, немесе оның көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 43%-ға дейін құлдыраған.

Ал енді мұнайға келер болсақ, оның әлемдік нарықтағы бағасының түсуі Ұлттық Қорға түсетін түсімдерге де кері әсерін тигізді.  Мысалы, сол 2015 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында оған келіп түскен ақша 957млрд.теңге, ал 2014 жылдың осы мерзіміндегі түскен ақша көлемі 1 820 млрд.теңге, демек Ұлттық Қордың көлемі бір жыл ішінде 46%-ға төмендеп кеткен. Оны үстіне соңғы жылда теңгені қалыпты ұстап отыру үші Ұлттық Қордан 28 млрд.доллар бөлінген болатын. Мұның бәрі елдің қаржы қалтасына едәуір салмақ салған еді.

Міне осы айтылғандарды ескере келе ҚР Үкіметі жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға көшті. Бұл жаңа саясат ресми түрде инфляцияны таргеттеуге  негізделген. Енді валюта дәлізі болмайды, ол алынып тасталды. Ал валюта бағамын анықтайтын жағдайды жоғарыда келтірдік.

Бүгінгі күні әлемдік экономикада қалыптасқан іргелі жағымсыз өзгерістер шартында өмір сүріп отырған бұл жаңа саясат, экономикалық өсу мен шикізат ресурстарының баға тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін ақша-кредит саясатының да жаңа бағытын талап етті. Сол себепті ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен қосыла отырып теңгені еркіндікке жіберді. Ол қысқа мерзім арасында өз тиімділігін де көрсетті: шикізат ресурстарын экспорттаушы отын-энергетика инфраструктурасы саласының мекемелері мұнай бағасының төмендеуінен болған шығындарын орнына келтірді, елдің төлем балансы оң өзгерістерге ие болды, бюджет кірісі толды, жақын шет елдерге іргелес орналасқан отандық кәсіпкерлер бәсеке нарығын теңестірді т.б.

Келесі кезекте бұл ақша-кредит саясатының ендігі бағыты жоғарыда айтқанымыздай инфляцияны таргеттеумен айналысады. Енді таргеттеу дегеніміз не? Бұл қандай экономикалық категория? Оның мән-мағынасы нені білдіреді? Осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.

Таргеттеу (targeting – ағылшыннан аударғанда – шектеу, нысаналау, ақша агрегаттарының өсу бағдарларын белгілеу), яғни, белгілі бір мақсатты белгілеу немесе мақсатты бағыт деген ұғымды білдіреді. Ұлттық банктің алдағы мақсаты инфляцияға жол бермеу, оны жоспарлы түрде шектеп отыру болмақ. Бұл да оңай шаруа емес. Әрине, инфляция, жағымсыз әлеуметтік құбылыс. Оның мәнісін кейбіреулер тек бағаның өсуі деп қана түсінеді. Ол дұрыс емес. Инфляция кезінде де нарықтың сұраныс және ұсыныс заңдарана сәйкес кейбір тауарларға баға өссе, кейбіреулері керісінше төмендеуі де мүмкін. Ал қайсібір тауарларға баға өзгеріссіз қалуы да мүмкін. Ол шектен шыққан жағдайда ғана, яғни ұшқырлық деңгейге жеткенде (елімізде мұндай жағдай теңгені айналысқа шығарар алдында 3000%-ға жуық деңгейде болған) баға жаппай өсіп, ауыздықтауға келмейді. Сондықтан, ең алдымен орынсыз дүрбелеңдікке жол берілмеуі тиіс. Жалпы алғанда Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу принциптеріне көшуді 2002 жылдан бастап қолға алған болатын. Бұл тез арада өзінің нәтижесін бермейтін ұзақ мерзімді процесс. Оны жүзеге асырудың қолайлы әрі негізгі шарты ұлттық өндірісті жандандыру, нақты айтар болсақ отандық тауар өндірісіне көшу. Сонымен қатар қай салада болсын, өнеркәсіп өндірісімен (алыпсатарлық саудамен емес) айналысатын шағын және орта бизнесті дамыту, оған қолдау көрсету қажет. Бір сөзбен айтқанда қазіргі шикізаттық экономиканы әртараптандыру, нақты өнім өндірісіне, оны өңдеумен айналысуға сөзден гөрі іс жүзінде көшу уақыт талабына айналып отыр. Бұл үшін де алғышарттар жасалып жатыр, елімізде индустриальдық инновациялық бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқандығы осының айғағы. Тек осының барлығы іс жүзінде жүргізілсе болғаны.

Егер осы айтылған шаралар орындалса, онда инфляцияны таргеттеу шарасы да орындалады. Бұған күмән жоқ. Сондықтан да ендігі жерде валюта бағамына үнемі қарайлау, назарда ұстаудың қажеті шамалы. Әркім өз кәсібімен айналысқаны дұрыс. Нарық заңдылығы осыны талап етеді.

 

 

Бауыржан Жүнісов

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің профессоры

 

 


Информация о работе Теңгенің еркін айналымы бүгінгі нарық талабы