Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымдар

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Ноября 2012 в 22:02, реферат

Описание работы

Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті.

Файлы: 1 файл

Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымдар.docx

— 23.35 Кб (Скачать файл)

Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымдар 

Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті. Алдымен басты ұстаным ретінде мыналарды келтіруге болады:

Біріншіден, бала тәрбиесін о баста, яғни ана құрсағына түспей тұрып тәрбиелеуіміз қажет. Дәлірек айтқанда, ата-ана балаға ниеттенген кезден-ақ «бісміллә»-мен бастауы керек. Осыған байланысты, кейбір мұсылман елдерінде бұзық, нашақор, тәрбиесіз туған балалардың дүниеге келуін «бісміллә»-сіз болған жағдайдың куәсі деп келтіреді. Яғни, ондай балалардың ата-анасы оларды дүниеге әкелер кезде «бісміллә»-ны айтатын болса, мұндай жағдайларға тап болмас еді, керісінше, дені-басы сау, ақылды, зерек, жақсы перзент дүниеге келер еді дегенді алға тартады. Сондықтан, Ислам әдебінде әрбір қайырлы іс үшін «бісмілләні» айтуды өте маңызды деп санаған. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бісміллә – әрбір жақсы істердің кілті. Бісмілләсіз іс берекесіз», – деген. Сол үшін, ең алдымен, әдепке көңіл бөлу керек. Әйтпесе, көзі бар ағашты жону қиынға соғады.

Екіншіден, нәрестенің құлағына азан айту. Нәресте туылған соң оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту керек. Имам Тирмизи риуаят еткен хадисте Фатима анамыз Хасанды босанған кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) баланың құлағына азан айтқандығы туралы жеткізілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір өсиетінде:«Кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жамандық келмейді», – деген. Басқа бір риуаятта былай делінген: «Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды туған кезде Хасанның құлағына намазға азан айтқандай азан шақырған».

Мұсылман ғұламаларының пайымдауларынша, аталмыш дәстүрдің хикмет-сырларына үңілер болсақ, мынадай мағыналарды байқаймыз. Адам баласының дүниеге келген кездегі ең бірінші еститіні Раббының ұлылығын паш ететін азан даусы, шәһәдат-куәлік сөзі болуы тиіс екендігін білдіреді. Куәлік сөзінің өлім халінде жатқан адамның құлағына айтылатыны сияқты дүние есігін жаңа ашқан нәрестеге де дініміздің осынау маңызды рәмізін құлағына құюмен бастау. Бір жағынан, азан сөздері нәрестенің құлағына кіріп, жүрегіне жетіп, бойын баурап алса, одан артық қандай бақыт керек!

Нәрестеге азан айтудың тағы бір сыры – азан сөздерінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында жатыр. Өйткені әзәзіл нәрестені туылғанша бақылайды. Ал әрбір пенденің жанында болатын қосақ-шайтаны нәресте туылып, оған алғаш келген сәттен-ақ азанның даусын естіп құты қашып, жеңіледі. Осылайша жаңа туылған адам баласын шайтанның өзінің соңына ертпек болған әрекеті түкке аспай, салы суға кетеді.

Азан айтудың енді бір сыры – нәрестені Аллаһқа құлшылық етуге, хақ діні – Исламға шақыру болып табылады.

Үшіншіден, туылған нәрестемен сүйіншілеу. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Әрбір үмбетке өздері ұстанатын салттар бекіттік» («Хаж» сүресі, 67-аят) [1], – дейді.

Айта кететін бір жәйт – мұсылмандық салттар әлдебір ырымға, адамға қатысты пайда болмаған, керісінше, бұл пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан игі дәстүрлер. Бұл дәстүрлердің негізінде Жаратушы Хақ тағаланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, Оның жаратушылық сипатын мойындау жатыр, ал пенде өзінің пендешілік дәрменсіздігі мен әлжуаздығын қабылдау керек. Мысалы, дінімізде нәресте туылған кезде сүйіншілеп қуандыру, құттықтау айту дәстүрі бар. Оған дәлел – Құран Кәрім аяттарындағы Аллаһ тағала тарапынан жіберілген періштелердің Ибраһим, Зәкәрия сынды пайғамбарларды ізгі ұрпақпен сүйіншілегендігі туралы хабары.

Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге  келгені туралы қуанышты хабарды оның көкесі Әбу Ләһәбқа күңі Суәйба сүйіншілеп жеткізеді. Осы хабарды жеткізген кезде Әбу Ләһәб Суәйбаны күңдіктен босатып, азат етті. Имам Бұхари риуаят еткен хадисте осы бір жақсы ісі үшін әрбір дүйсенбі күні Әбу Ләһәбтің азабы сәл жеңілдетілетіні айтылған.

Жалпы, қазақ халқында да осындай дәстүрлердің қалыптасуы, яғни хабар жеткізушіге сүйіншілік сый-сияпат беру осы аят-хадистер аясында шариғатпен құпталатындығына дәлел болса керек.

Төртіншіден, тахник жасау, яғни баланың таңдайын тәтті нәрсемен сүрту.

Тахник сөзі «құрманы шайнап, сонымен нәрестенің таңдайын сүрту» дегенді білдіреді. Шайналған құрманы саусақтың үстіне қойып, нәрестенің аузына салып, таңдайына жағып, уқалау. Егер құрма табылмаса, басқа да тәтті нәрсені қолдануға болады. Таңдай уқалаудағы мақсат – жаңа туған нәрестенің ауыз бұлшық еттерін нығайтып, емшек емуге дайындау болуы мүмкін. Бұл амалды салихалы тақуа, діндар адамдарға яки болмаса білімді ізгі кісілерге тапсырған дұрыс.

Сахаба Әбу Мұса әл-Ашъари өзінің ұлы туылғанда оны Пайғамбарға (с.ғ.с.) апарады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның атын Ибраһим деп қойып, бір құрмамен таңдайын уқалап, береке тілеп, дұға жасайды.

Сондай-ақ, Әнәс ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Талханың ұлы туылғанда бірнеше құрманы шайнап, сосын оны нәрестенің аузына салып, таңдайын уқалаған. Содан кейін баланың атын Абдуллаһ деп қойған.

Бесіншіден, нәрестеге ат қою. Нәрестеге ат таңдауда да басты талаптар бар. Есім ғұмыр бойы онымен бірге болады. Егер есімі нашар болса, оған көптеген кедергілер, ыңғайсыздықтар тудырады. Ал бұл өз кезегінде баланың бойында есімін қойған адамға деген жеккөрушілік сезімін тудыруы мүмкін. Сондықтан, есім таңдағанда оны жан-жақты қарастырған жөн. Яғни, ол сөздің мағынасына, көркемдігіне, нәрестеге үйлесімділігіне, оның жас кезінде, есейгенде және қартайғанда жарасымды болуына аса назар аудару керек.

Нәрестеге ат таңдау негізі әкенің құқығына жатады. Өйткені, оның есімі дүниеде де, ақыретте де нәрестенің есімімен қатар тұрады. Жазылғанда да әкесінің есімімен бірге айтылып, жазылады. Тіпті, әкесі қайтыс болса да, нәрестенің анасымен ажырасып кетсе де, айталық, сәбиді көрмесе де, оған көмек бермесе де бәрібір.

Әбу Дәуіттің «Сүнән» атты кітабында Әбу Дәрда риуаят еткен хадисте Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.): «Сендер Қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да, есімдеріңді жақсартыңдар», – деген. Сол үшін баланың атын таңдап қоюға ең бірінші оның әкесі лайықты.

Есімді әкесінің өзі қояды немесе жұбайына ұсынады. Қаласа, екеуінің ортасында жеребе тастауына да болады. Дей тұрғанмен, әке-шешесі баланың атын қоюға басқаларға рұқсат та бере алады. Мысалы, атасына, әжесіне деген сияқты. Әрдайым үлкендерді құрметтеп тұратын қазақы салт-дәстүр бойынша баланың атын көбіне ата-әжелер қойып жатады. Осы тұрғыдан алғанда бұл дұрыс. Сондай-ақ, баланың атын аса қадірлі, тақуа, ізгі жандарға, ғалымдарға да қойдыруға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген сахабаларының балаларының аттарын қойған.

Сондай-ақ, осы есімдерді өзгертуге байланысты айта кететін тағы бір мәселе бар, ол – қазіргі қазақ қоғамындағы дінге бет бұрған бауырларымызға қатысты. Хадистерде айтылғандай Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) тек жаман мағына беретін жағымсыз, сұмпайы есімдерді ғана өзгерткен. Жағымды мағына беретін есімдерді сол күйінде қалдырған. Ал: «Мен намаз оқыдым, дінге бет бұрдым. Сондықтан да, есімім де таза мұсылманша болу керек», – деген пікір жаңсақ түсініктен шыққан. Әсілінде, таза қазақы түбірлі есімдер де мұсылман есімдері, оларды мұсылман есімдері емес деп айтуға, әсте болмайды. Өйткені, Аллаһ тағала адамзатты ұлттар мен ұлыстарға бөліп, әрқайсысын өз ерекшеліктерімен жаратқан. «Мұсылман болу үшін тек таза араб тіліндегі есімдерді алу керек, қазақ тіліндегі есімдер надандықтың белгісі немесе таза мұсылман аттары емес» деп ойлау осы жаратылысқа қарсы шыққандай.

Сондықтан, кейбіреулердің жап-жақсы  мағына беретін Берік, Болат, Жанұзақ, Серік т.б. сияқты қазақтың есімдерін арабша Талхаға, Ясирге, Абдуррахманға өзгертулерінің ешбір жөні жоқ. Бұл – жалаң еліктеушілік. Жоғарыдағы хадистен аңғарғанымыздай Қиямет күні әрбір пенде өзінің алғашқы қойылған есімімен шақырылады.

Алтыншыдан, баланың шашын алу. Мұсылмандық салт бойынша нәресте туылған соң жетінші күні шашын алып, сол шаштың салмағындай күміс яки алтын мөлшерінде садақа беру керек. Бұл амалдың екі түрлі пайдасы бар. Бірінші, денсаулыққа пайдасы, яғни, шаш алу нәрестенің құйқасының, жалпы ағзасының күшеюіне әсер етеді. Екінші, әлеуметтік пайдасы, оның шашының салмағындай садақа беру мұсылман қоғамындағы әлеуметтік ынтымақты нығайтады.

Нәрестенің шашын алуға мынадай хадистер дәлел бола алады. Бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатиманың (р.а.) ұлдары Хасан мен Хусейн, қыздары Зейнеп пен Умму Гүлсімдер туылғанда, олардың шашын алып, сол шаштың салмағындай садақа бергендігі туралы айтылған.

Ал, ибн Ысхақтың Мұхаммед ибн Али  ибн әл-Хусейннен жеткізген хадисінде Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатима Хасанды босанған кезінде: «Уа, Фатима! Оның шашын алып, сол шаштың салмағындай күмістен садақа бер»,– деп бұйырған.

Сөзімізді түйіндей келгенде, Ислам діні бала тәрбиесін еш назардан тыс қалдырған емес. Баланың тәрбиесі жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері жетерлік. Алайда, оған амал келтірудің жөні болмай тұрғаны ақиқат. Жоғарыда келтірілген тәрбиенің басты ұстанымдарына өз дәрежесінде амал етсек, онда адамзат баласының бұл жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары сақталған болар еді. Мұндай қағидаттардың сақталуы баланың қоғамдағы алар орнына тигізер ықпалы мол. Сол себепті, ұсынылған ұстанымдарды баланың ғана емес, келешектің де саналы жалғасы ретінде танылуына жол ашады деп білген дұрыс. 

 

 


Информация о работе Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымдар