Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 15:49, реферат
Көркем әдебиет стилі - проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың стилі (тілі). Көркем әдебиет стиліне тән бірнеше ерекшеліктер бар. Солардың бірі - тіл байлығы. Көркем шығармапарда қолданылмайтын сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер аз. Кез келген шығарма тек қана авторлық баяндаудан ғана емес, кейіпкер тілінен де турады. Ал кейіпкерлер әр жастағы, әр мамандықтағы, әр дәрежедегі білімді адамдар болып келетіндігі белгілі. Сондықтан да көркем шығармада кәсіби сөздер де, жергілікті тіл ерекшеліктері де, жаргондық сөздер де ұшырасып отырады. Көркем әдебиет стилінің екінші ерекшілігі - оның көп стильді болып келетіндігі.
Ащы да болса ашып айту керек, Балақаев тәрізді тілші, бүгінгі көркем әдебиет тілінің, Абай айтқандай, "таразысы, қазысы өз қолында" болатын дәрежеге жеткен жоқ. Нақтылап айтсақ, көркем әдебиет тілін зерттеудің ғылымдық дәрежесін әлі жеткізе алған жоқ. Сондықтан да әлі оның мөлшері даулы, өлшеуі шағын, болжауы шалағай. Сондықтан да оның ұсынысын қолдансақ, Абайды сол өз заманындағы тіл мәдениетінің дәрежесінен де көп төмен түсіріп, "шешендік", "шеберлігі" былай тұрсын, жұтаң, жүдеу тілмен сөйлетер ек. Балақайдың шалақай іс (ия, "шалағай" емес, тап осы жерде "шалақай" деуге де тап келеді), шалақай тіл шәлдірігімен сөйлетуге болмайды. Себебі, жоғарыда айтқандай, Балақаев әдебиетші болмағандықтан, көркем әдебиет тілінің қасиетін түсінбеудің үстіне, міндетін де ұғынбайды.Романның тілі, сөйлем жағынан қалай құрылатынын да Балақаев ойланбай, ұғынбай жүрген тәрізді. Бұл ретте дау жоқ, талассыз бір шындық бар. Роман тілі, қай елдің қандай классигін алсаң да, шала сауаттының бәріне, халықтың тілін білмейтін, "жүрдім-бардымнан" басқаны біліп көрмеген адамның бәріне бірдей ұғымды тіл бола бермейді. Горькийдің Самгині қалай сөйлейтінін, Сатин, Булычевтары қалай ойлап сөйлейтінін еске алайық. Гогольдің ұзақ сөйлем иериодтары қалай еді! Сол жайда Белинский Гогольдің тіл, сөйлем қасиетін де еске ала отырып не деп еді? Натуралдық мектеп Гоголь арқылы орыс әдебиетіне мол орнады. Енді орыс әдебиеті сол жеткен дәрежесінен, сол тапқан табысынан айрылмайды, ілгері қарай өсіріп, асыра береді деген болатын.Байқаңызшы, ойлаңызшы, сол Гогольден кейінгі орыстың көркем прозасының сөйлем үлгісі қандай дамыды!Аса шебер тілді, стиль мастері дейтін Тургеневтің өзіндегі ұзақ сөйлем үлгілері қандай екен! Лев Толстойдың ұзақ сөйлемдері қандай? Сіз қайта-қайта ауызға алған Горькийдің сөйлемдері қандай үлгілі, орам, ұзақ сөйлем қалпын береді екен! Олар ғана емес, бүгінгі совет жазушылары Шолоховтың, Фадеевтың қазақ тіліне аударылған көркем шығармаларының көп сөйлемдерін андап, барлап көріңізші. Қандай ұзақ сөйлемдер үлгі өрнек болып, мыңдаған беттерден аңдаған күйде келіп жатыр екен!Ол ғана емес, Ленин томдарының қазақ тіліне аударылған беттерін ашып қараңыз. Сол сияқты "Партия тарихының" қазақ тіліне аударылған баспаларын көріңіз.Партия мен үкіметіміздің еңбекші қазақ халқының мыңдарына, сан мыңдарына оқытып, ұғындырып, танытып отырған қадірлі еңбектердің бәрінде ұзақ сөйлемдер үлгілері қандай екен! Ендеше, Балақаевтай тіл маманы көркем әдебиет өкілдерімен сөйлескенде, олардың: "Қазақтың ендігі көркем әдебиет тілі ұзақ сөйлемдермен де көркейетін кезі жетті" деген сөзіне дау айтарлық, айып тағарлық, тіпті "халық тілінен қашықтайды" деп кінә тағарлық орайы жоқ.Рас, роман сөйлемдері туралы жоғарыда айтылған пікірден: "роман тілі ұғымсыз болуға болады" деген, немесе "роман тілі тек ұзақ сөйлемдерден ғана құралсын" деген ой тумайды. Романда, әрине, әр алуан сөйлемдер болады. Соның ішінде ұзақ сөйлем келісті боп құралса, кенеулі ойдың да, сырлы суреттің де белгісі бола алады. Бұл да даусыз шындық, оған да таласарлық жөн жоқ. Осымен жалғас тағы бір жай бар. Тегінде, роман тілі тіл білген оқушыға, әрине, ұтымды болу шарт. Соның үстіне, роман тілі бір халықтың тіліндегі бар байлық, мүмкіншіліктерді молынан, кеңінен пайдаланады. Ендеше, қазақтай жазба әдебиеті жас болғандықтан барлық тіл байлығы хатқа түсіп болмаған елде, әлі сол тілі тәуір романдар арқылы айтылып, қосылып, табылып жататын талай байлықтар болады.Осындай тың табыс, сонылық іздеуді де романдардан күту керек. Бұнымен ол романдар тіл байлығын, көркін, мүмкіндігін көрсете түседі. Және, әсіресе, романдар оқушыға тіл де үйретеді. Өз тілінде кенеулі ой таратып, көрікті, шешен, шебер сөйлеуге баулиды. Бұл жайды да тіл маманы мықты ойлану шарт. Ойлап қана қоймай, әр романдағы осындайлық тың табыс, сонылықты әрі өзі танып, әрі танытуға міндетті. Ендеше, жазушы сөйлем, стиль жөнінде тың жаңалық ізденсе, оны ұрсудан бұрын ұғыну шарт. Себебі бұл беттегі іздену орынды. Солай іздену қажет.Біздің әдебиет тіліміздің бүгінгі өсу дәрежесі, даму шарты осыларды шын талап етеді. Соны тіл маманы ұғына сөйлесе несі кетуші еді! Ұғыса сөйлесе, бірге іздесе, қосыла ойласа — міндет сол емес пе? Оның орнына "отыз екі жолдан құралған сөйлемде түйірдей нәрі жоқ" деп қағытады. "Далия" сөйлеген соз деп, өзі үйренген өлшеуден, өзі ұғынған мөлшерден тың түрде туған сөйлем болса, оның ішіндегі қосымша сезіміне, ойына, сырына, жоғарыда айтқандай, әр алуан мүмкін болған қабілет, қасиетіне қарамастан, тұрпайы мінез көрсетеді.Осымен Балақаев қателіктерінің бәрі де көркем әдебиет тілінің жауапты мәселелерін атағанмен, жауапты түрде шеше алмаған дәрменсіздікті танытады. Соны біз Балақаев мақаласында мін етіп, сын ғып айттым деген үш жайдың үшеуінен де көріп өттік. Бар теріс пікірлердің біртүтас түбірі барын да байқадық. Ол — біздің тілшіміз, Одақтағы өзге кең көлемді филологтердей емес, анықтап айтқанда әрі тілші, әрі әдебиетші емес болғандықтан туып отырған сыңар жақтық. Бірақ өзі солай бола тұра, қатар іздесуші, бірігіп ойласушы болмай, өкімші "таразы қазы" тағы өзі болмақ таласына таңғаласың. Бұндай мінездің түбірі неге соғатынын біз болжаудан тартынамыз.Мақаланың аяғында М. Балақаевтың менің еңбек тәжірибелерім, ойларым жайында, тағы да өзі атаған мәдениеттен тысқары істеген бір жөніне соға кетейін.М. Балақаев аты-жөнін атамай, менің "әлдебір" мақаламдағы "сондай бір" пікіріммен дауласа сөйлейді. И.В. Сталиннің тіл жөніндегі даналық еңбегіне байланысты мен де қазақ әдебиет тілінің жайын сөз еткемін. Сол мақаланы оқушылардың есіне енді мен өзім салайын.Өзім жазушы, әдебиетші бола тұрып, өмірде бір ғана рет тіл мәселесіне атсалысқаным бар еді. И.В. Сталиннің тіл жөніндегі даналық еңбегіне байланысты мен де қазақ әдебиет тілінің жайын сөз еткемін. Сол мақала қазақша да, орысша да бірнеше рет басылды. Орысшасы 1951 жылы "Литературная газетада" қысқартылып, "Дружба народов" альманағында толық күйде басылған. Кейін біздің Одақтағы тіл жөніндегі ең беделді журнал "Вопросы языкознания" сол мақалаға үш рет тоқтап өтті. Бірінші рет 1952 жылдың бірінші санындағы бас мақалада дұрыс атады. Және сол 1952 жылы Севортянның "Қазақ тілшілерінің қателері туралы" деген мақаласында сөз болды. Онан бері де 1953 жылдың бірінші санында және бас мақалада, академик В.В. Виноградов жазған бас мақалада, тағы да менің сол мақалам дұрыс мысал есебінде бағаланып еді.Рас, сол ұзақ мақаланың бір түйір бөлімшесінде мен орыс тілінен алынған, әбден сіңісті болған кей сөздердің (бар сөз емес) орфографиясы орысша жазылуынан басқаша болса қайтер еді деген пікір айтқам. Біздің тілшілер оны теріс ұсыныс деді, мен бұған дауласпаймын.Бірақ осыдан өзге жайында ол мақала Балақаевтай тілшінің үрке қарайтын, асқақ айтатын еңбегі болмаса керек еді. Әсіресе сол мақалада мен: "Орыс тілі — біздің екінші ана тіліміз" дегем. Соны дәлелдеу ретінде осы мақалада аталып отырған ұзақ сөйлем жайын айтқам. Даусыз дұрыс болғандықтан сондағы пікірімді тағы айтамын; біздің көркем әдебиет тіліміз енді ұзақ сөйлемдер мәдениетін тудыру дәуіріне жетті. Бұдан былай солай да өсу шарт. Ол ойлы, кенеулі, көрікті сезім, сананың айғағы боп қалыптана беруге тиіс. Осы жолда біз орыс әдебиет тілінің ұзақ сөйлем құру мәдениетінен үйренеміз, соны үлгі етеміз.Міне, Балақаевтың мақаласындағы ұзақ сөйлем жайындағы дауларға қарсы жоғарыда айтылған дәлелдерден басқа осы соңғы деректі де атай өтеміз.Қорыта келе айтарым, Балақаев мақаласы мойнына алған міндетін ада қыла алмаса да, бір елеулі керекке жарап отыр. Ол мақала өзі шешпесе де, ойлану үшін, іздену үшін, деректі қорытындылар жасау үшін, дұрыс қозғау салып отыр. Бұл мәселелерге жазушы жұртшылығы атсалысу аса қажет. Себебі сөз боп отырған — солардың еңбегінің тілі, солардың іздену тәжірибесінің жайы. Әсіресе жазушылар еңбегімен өзгеше өсіп, көркейіп, дамып келе жатқан қазақ совет халқының көркем тілінің жайы. Жазушылар бұл ретте көп елеулі ойлар айтатын еңбекшінің өзі болғандықтан, көп шешуші пікірлерді де айта алады. Сондықтан да тілші мамандармен қатар қазақ жазушы, ақындарымыздың осы жауапты жайға атсалысуын тосамыз. Мұхтар Әуезов.