Мелиорация

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Октября 2013 в 19:43, реферат

Описание работы

Адамзат отырықшылыққа көшкеннен бері үздіксіз мелиорациямен айналысуда. Мелиорация –жер құнарлылығын жақсарту мақсатында оның құрамындағы табиғи компоненттерді өзгерту. Мелиорация жасалынатын жерлерде әр түрлі инженерлік мелиоративті жүйелер құрылады, яғни мұнда мелиоративті режим көрсеткіштерін реттеуге арналған құрылғы, машина мен құрал-жабдықтар туралы сөз етілген. Мелиоративті жүйе құрамы мелиорация жасалынатын жердің түріне, ондағы мелиоративті режим көрсеткіштерінің жиынтығына тәуелді болады. Мелиоративті жүйе құрамына энергетикалық қамсыздандыру обьектілері, жолдар, ғимараттар, құрылғылар, бақылау, байланыс және басқару құралдары кіреді.

Файлы: 1 файл

Мелиорация әдістері.docx

— 31.15 Кб (Скачать файл)


Адамзат отырықшылыққа көшкеннен  бері үздіксіз мелиорациямен айналысуда. Мелиорация –жер құнарлылығын жақсарту мақсатында оның құрамындағы табиғи компоненттерді өзгерту. Мелиорация жасалынатын жерлерде әр түрлі инженерлік мелиоративті жүйелер құрылады, яғни мұнда мелиоративті режим көрсеткіштерін реттеуге арналған  құрылғы, машина мен құрал-жабдықтар туралы сөз етілген. Мелиоративті жүйе құрамы мелиорация жасалынатын жердің түріне, ондағы мелиоративті режим көрсеткіштерінің жиынтығына тәуелді болады. Мелиоративті жүйе құрамына энергетикалық қамсыздандыру обьектілері, жолдар, ғимараттар, құрылғылар, бақылау, байланыс және басқару құралдары кіреді.

 Жалпы мелиорация ұғымына толық анықтама беретін болсақ, мелиорация (лат. melioratio – жақсарту)— жерді жақсартуға бағытталған техникалық және шаруашылық-ұйымдастырушылық шаралар жиынтығы. Топырақты сумен, ауамен, қоректік заттармен қамтамасыз ету тәртібін жақсартуға, оны жел, су эрозиясы сияқты қатерлі құбылыстардан қорғауға мүмкіндік береді. Мұның негізінде ауыл шаруашылық дақылдары мен мал азығы ретінде өсірілетін шөптерден ұдайы мол өнім алуға болады. Мелиорацияның Қазақстан үшін айрықша мәні бар: республика жерінің басым бөлігін шөлді, шөлейтті және жартылай шөлейтті аймақтар алып жатыр. Олардың әрдайым суландыруды қажет ететіндігін адам баласы қола, темір дәуірлерінен бастап-ақ білген. Сыр өңірі, Шу-Талас аймағы мен Іле алабы, Сарыарқа өлкесіндегі көптеген ортағасырлық қалалардан ежелгі суландыру жүйелері табылды (қара Қазақстанның ежелгі қалалары). Қазақстанда мелиорация жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 1928 жылы 671 мың гектар, 1940 жылы 1153 мың гектар, 1985 жылы 2172 мың гектар суармалы егістік болды. 20 ғасырдың соңына қарай 54 мың гидротехникалық құрылыс салынды. Ол мақта, күріш, бидай, жүгері, жүзім, сондай-ақ өзге де дақылдарды, бау-бақша, мал азықтық өнімдерді өсіруге көп мүмкіншіліктер туғызды. Өндірістік қатынастың сипатына, елдің өндіргіш күштерінің дамуына, аймақтың жағдайына, жұмыс түрлеріне байланысты мелиорацияның гидротехникалық, химиялық, орман, мәдени-техникалық жұмыстар, тағы басқа түрлері жүргізіледі. Құрғату мелиорациясы артық суды құрғататын жерден сыртқа шығарады; суландыру мелиорациясы суды қажет мөлшерде керек кезінде жеткізеді; химиялық мелиорация топырақтың қышқылдылығын азайтады, сор, сортаң топырақтарды бейтараптандырады; агротехникалық мелиорация топырақтың физикалық, химиялық қасиеттерін жақсартады; гидротехникалық мелиорация су және жел эрозиясын тоқтатады. Қазақстанның солтүстік облыстарында қар мелиорациясы (қар тоқтату) жүргізіледі. Мелиорацияның ішіндегі ең көп тараған түрі су мелиорациясы. Мысалы, Шу өзенінің оң жағасындағы Георгиевка, Тасөткел суландыру жүйелері тиісінше 12 және 26 мың гектар жерді суландырады. Алматы облысында су сыйымдылығы 28 миллиард куб метр Қапшағай су қоймасы салынып, онымен 250 мың гектарға дейін жер суарылады. Орталық Қазақстандағы Ертіс — Қарағанды каналы облысы өндірісін, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етеді. Батыс Қазақстанда Орал — Көшім суландыру және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету жүйесі салынған, осындай жұмыстар Қазақстанның солтүстігінде де жүргізілуде. Қазақстан Республикасында 100 миллион гектарға жуық жер суландырылған және 730 мың гектар көлтабан суару жүйесі пайдалануға берілген. Кейінгі кездері ауыл шаруашылығын қайта құруға және жерді жеке меншікке беруге байланысты мелиорацияның шағын түрлері де дами бастады. Мелиорация кең аймақтардағы табиғи ресурстарды (топырақ, су қорлары, орман, тағы басқа) адам қажетіне жаратуға көп мүмкіндік береді; атмосфераның жерге жақын қабатында ылғалдылық, температура және ауаның қозғалуына оң әсерін тигізіп, пайдалы өсімдіктер мен жануарларға қолайлы жағдайлар жасайды; табиғи ортаны жақсарту арқылы адам өмір сүретін ортаны қалыпқа келтіреді.

Жердің құнарлылығын ұзақ уақытқа  көтеру немесе аумақты жалпы сауықтыру, жерді айтарлықтай дәрежеде жақсарту мақсатында жасалатын шаралар жиынтығы; табиғатты тиімді пайдаланудың бір түрі. Мелиорация объектілеріне: жалпы ландшафт және оның жекелеген бөліктері (топырақ, шабындық, суқоймалар және т.б.) жатады. Мелиорацияны жобалау кезінде ландшафттық өзгерістердің мүмкін болатын дәл болжамын (оның ішінде қосалқы) жасаудың маңызы зор; оларды есепке алмау кейбір жағдайларда топырақтың қайта сорлануына, жердің батпақтануына және т.б. зардаптарға ұрындырары көміл. Ауыл шаруашылығы мелиорациясы — жүйенің шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру және техникалық шараларды, табиғаттың (топырақ, агроклимат) гидрологиялық қолайсыз жағдайларын жақсарта отырып, жер қорын өте тиімді түрде пайдалану өдістері.

Мелиорация топыраққа және өсімдікке  әсер етуі бойынша келесідей түрлерге жіктеледі:

Агротехникалық мелиорация –топырақтың егістік қабатын тереңдету мен құнарландыру арқылы агрономиялық қасиеттерін жақсарту сияқты іс-шараларды қамтитын мелиорация түрі.

Орманды-техникалық мелиорация немесе орман мелиорациясы топырақтың су режимін, микроклиматты жақсарту үшін, сонымен қатар ауыспалы егіс аумақтарының шетінде, су қоймалары, жыра мен сайларда, жылжымалы құм аймақтарында орман алқаптарын отырғызу мен жалпы агрономиялық маңызы бар ормандар отырғызу арқылы топырақты эрозиядан қорғау мақсатында жүзеге асырылады. Яғни орман мелиорациясы орман шаруашылығының құрғақшылық, ағаштардың қурауы мен топырақ эрозиясына қарсы күрес шараларының жүйесі. Ол қорғаныштың орман алқаптарын өсіру, құмды жерлерді ормандандыру, басқа да агротехника , гидротехника, ұйымдастыру-шаруашылық шараларын жүзеге асыруды қамтиды. Орман өскен жерлердің топырағы атмосфералық жауын-шашын суларын тез сіңіреді, осының әсерінен судың жер бетімен ағысы болмайды. Орман мелиорациясы топырақты су және жел эрозиясынан жақсы қорғайды, жел жылдамдығын азайтады, егіс танаптарының ылғалдылығын арттырады; Орман мелиорациясы — қандай да болсын бір аумақтың (оған бұзылған жерлер де енеді) гидрологиялық, топырақтық, климаттық, ландшафтық және тағы басқа табиғи жағдайларын жақсарту үшін жасанды жасалатын немесе өзгермелі орман екпе ағаштарын пайдалану бойынша шаралар кешені.

Агрономиялық орман мелиорациясы , агроормандандыру – жергілікті жердің су-топырақ және климаттық жағдайларын жақсартуға бағытталған орман ш. шараларының жиынтығы; фитомелиорацияның бір бөлігі. Негізгі мақсаты – егістікті қорғайтын орман алқаптарын өсіру, жыралар мен тік беткейлерді ормандандыру, құмды бекітіп жайылымдарды жақсарту, топырағы тозған егістіктерге ағаш отырғызып, құрылымын қалпына келтіру, т.б. А. о. м. орман ағаштарын өсірудің эрозияға қарсы күрестегі маңызы сан алуан. Орман алып жатқан алқапта ағаштардың ұшар басы жауын-шашынды тұтып қалып, жаңбыр тамшыларының топырақты бүлдіру әрекетіне тосқауыл жасайды: орман түбіндегі төсеніштер топырақты бүлінуден сақтайды, тамырлары топырақ пен грунттың беріктігін арттырып, орман төсеніші мен ағаш тамырлары жасыл желекті жандандырады, жер бетінде су ағыны мен лай түйіршіктерін тұтып қалады; желдің жылдамдығын төмендетеді, топырақты бұзылудан және жел ұшырудан сақтайды, микроклиматты жақсартады және барлық жерде бірдей қар жамылғысының түзілуіне мүмкіндік жасайды.

Химиялық мелиорация топырақтың агрофизикалық және агрохимиялық қасиеттерін ізбест (қышқыл топырақтар үшін), гипс (сортаң және сортаңданған топырақтар үшін), сонымен қатар басқа да заттар –дефекат, торф, сапропель, компост, қи, сидераттар мен тағы басқа органикалық материалдар арқылы жақсарту жолдарын қарастырады. Сонымен қатар, химиялық мелиорация екпе дақылдарға қолайлы жағдай туғызып, өнімін арттыру және еңбек шығынын кеміту үшін топыраққа химиялық жолмен әсер ететін шаралар жүйесі. Химиялық мелиорацияның әсерінен өсімдік тамыры өсетін топырақ қабатындағы өсімдікке зиянды тұздар мөлшері кемиді, топырақтың қышқылдығы және сілтілігі төмендейді.Химиялық мелиорация топыраққа қоректік заттардың түрлерін молайтады, оның физикалық-химиялық күйін жақсартады. Жер жағдайы, ауа райы ерекшеліктеріне, өсірілетін дақылдар және оның агротехникасының әр түрлілігіне байланысты топырақ құрамы мен құнарлылығын арттыруға бағытталған химиялық мелиорация түрлері де, әдістері де, техникасы мен технологиясы да белгілі аймақ жағдайына байланысты болады. Қара топырақсыз өңірдегі батпақты, күлгін, шымды-күлгін және сілтісізденген топырақтың қышқылдығын төмендету үшін топыраққа әк және шөлді-шөлейт аудандарда тұзды және сортаң топырақтың сілтілігін төмендету үшін гипс қосады. Химиялық мелиорацияның маңызды шараларына: топырақтың өсімдік тамыры жайылған қабатына фосфор тыңайтқыштарын, шымды-батпақ топырақтарға құрамында мыс бар тыңайтқыштарды шашу; бұл топырақтардың қышқыл түріне мыс пен әк тыңайтқыштарын аралас қолдану; суландырылған жерлерге бағалы дақылдар себу; өсімдіктерді арамшөптерден, зиянкестер мен аурулардан қорғауды тиімді ұйымдастыру; топырақты өңдеу; егін егу және баптау жұмыстарын уақытында жүргізу; тыңайтқыштарды егіс танабына біркелкі енгізу, т.б. жатады. Химиялық мелиорация жұмыстары суару, топырақ эрозиясымен күрес шаралары, сортаң топырақтарды жуу, т.б. мелиорациялаудың басқа түрлерімен кешенді жүргізгенде нәтижелі болады.

Гидротехникалық мелиорация құрғату немесе суландыру арқылы топырақтың су режимін түбегейлі өзгерту арқылы жүзеге асады. Бұл мақсатта су қоймалары, құрғату және суару жүйелерін қалыптастыру сияқты ірі гидротехникалық жұмыстар жүргізіледі. Даланың құрғақ аймақтарында үлкен ауданды қар суларын тоқтату үшін лимандар (басқаша жайылма немесе көлтабан деп атайды) жасалынады. Ылғалдылығы жеткіліксіз аймақтарда суарудың түрлі әдістері, ал керісінше ылғалдылығы көп аймақтарда құрғату секілді мелиоративтік іс-шаралар жасалынады. Гидротехникалық мелиорация белгілі бір уақыт ішінде кеңістікте ылғалды қайта таратып бөлуге мүмкіндік береді. Гидротехникалық мелиорация шараларының қолданылуы арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынып, жер, су қорлары ұтымды пайдаланылады, сонымен катар табиғат жағдайын жақсартуға әсерін тигізеді. Ылғалы шамадан тыс мол және қуаң жерлерде және т.б. топырақтың су жүргісін түбегейлі жақсартуға бағытталған шаралар жүйесі. Гидротехникалық мелиорацияға: жерді құрғату, суармалау және суландыру, тасқын су мен қар суын дұрыс пайдалану, сортаң жердің тұзын шаю, топырақ эрозиясына қарсы күрес шаралары жатады. Гидротехникалық мелиорация топырақтың су жүргісін меңгеруге мүмкіндік береді, сөйтіп топырақ қабатының ауа, жылу және қоректік жүргісіне ықпал жасау арқылы оның құнарын едәуір арттыруға болады. Әр аймақтың нақты жағдайына қарай гидротехникалық мелиорацияның: оңтүстік және оңтүстік-шығыс қуаңшылық аудандарда — негізінен суармалау; солтүстік және солтүстік-батыс аудандарда — құрғату; сусыз және су тапшы далалық шөлейтті аудандарда суландыру түрі қолданылады. Ірі қалалар мен халық көп тұратын елді мекендер маңындағы жерлер суармаланады; су шаятын беткейлерде су эрозиясына және т.б. қарсы шаралар жүргізіледі. Гидротехникалық мелиорацияны жүзеге асыру үшін бөгет, бөген, кәріз, канал т.б. салынады. Суландыру үшін шахталы және артезиан құдығы, әуіт пен канал, су құбырлары салынады. Өзен суын реттеу үшін олардың арнасын тереңдетеді және бекітеді, қар суын ысырапсыз пайдалану үшін бөген салынады. Гидротехникалық мелиорация жер бетіндегі және жер астындағы судың мөлшеріне, су қарына байланысты. Гидротехникалық мелиорация жерді тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылық дақылдарынан мол әрі тұрақты өнім алуға (суармалы телімде суарылмаған егістікке қарағанда дәнді дақылдар түсімі 1,5-2 есе, мал азықтық дақылдар түсімі 4-5 есе артады) болады. Негізгі мақсат — еліміздің экономикалық және шаруашылық қажетін өтеу: мақта шаруашылығын өркендету, қалалар мен өнеркәсіп орталықтарына таяу жерде көкөніс-сүт шаруашылықтарын ұйымдастыру; астық өндіруді арттыру, мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз ету т.б. Гидротехникалық мелиорация агрономиялық орман мелиорациясымен, химиялық мелиорациямен тығыз байланысты. Сондай-ақ, оны ауыспалы егістермен, онда егілетін дақылдармен, сорттардың құрамымен, жоғары агротехникалық тұрғыда ұштастыра білу керек. Мұнда ауыл шаруашылығын механикаландыру, электрлендіру және химияны қолдану кең өріс алады. Тек осы жағдайда ғана гидротехникалық мелиорацияның экономикалық тиімділігі айқын көрінеді.

Культуро-техникалық мелиорация –жерді томардан тазартып, тегістеу, бұталарды және ұсақ ағаштарды немесе шілік тоғайларды жою арқылы, яғни бұталы-ағаш өсімдіктері орналасқан жерді жоғарыөнімді ауылшаруашылық жерлеріне айналдырумен байланысты мелиоративтік іс-шаралар (шабындық, жайылым, егістік).

Биологиялық мелиорация — дұрыс пайдаланбаудан бүлінген жердің қүнарлылығын үдемелі түрде арттыруға, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділін молайтуға бағытталған агротехникалык және мелиорациялық шаралар. Биологиялық мелиорацияға органикалық және минерал тыңайтқыштарды пайдалану, жер өндеу, көпжылдық бұршақ тұқымдас дақылдар егу, ағаштар мен бұталар өсіру және т.б. шаралар қамтылады.

Фитомелиорация –(грек сөзінен phytos-өсімдік, латын сөзі melioratio-жақсарту) –табиғи жағдайды жақсартудың  қауымдастықтарды регламентті пайдалану арқылы, яғни ормандар жүйесін қалыптастыру, шөптер егу сияқты іс-шаралардың жүйесі. Ю. П. Бяллович (1970) фитомелиоративті жұмыстарды мынадай салаларға бөліп қарастырады: гуманитарлы (адамның физикалық және рухани жағдайы үшін қоршаған ортаны сауықтыру), интерьерлі (арнайы ғимараттарда), табиғат қорғау (биоценоздарды сақтау және жақсарту), биоөнімді (өнім мөлшері мен сапасының жақсаруы), инженерлік.

Жалпы, Қазақстанда жоғарыда келтірілген мелиоративтік жұмыстарды тек сөз жүзінде ғана атап қоймай, қарқанды түрде жүзеге асырады. Тіптен, сол іс-шаралардың жүзеге асуын бақылайтын арнайы Ережелер де қабылданған. Оған мысал ретінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2004 жылғы 2 қыркүйектегі N 469 бұйрығы бойынша Қазақстан Республикасының «Су айдындарындағы мелиорация жұмыстары туралы» ережесін айтуға болады. Осы ереже бойынша мелиорациялық жұмыстар жүргізілуде бақылау орнатылды. Сол пунктке тоқталсақ:     

4. Мелиорациялық жұмыстар  жүргiзiлуiн бақылау     

16. Мелиорациялық жұмыс жүргiзуге  бақылау жасауды уәкiлеттi орган  немесе оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.     

17. Қолдаушы өндiрiстiк мониторинг  және қоршаған ортаға әсердi  бағалау күрделi мелиорациялық жұмыс  өткiзудiң мiндеттi шарты болып  табылады.     

18. Қолдаушы өндiрiстiк мониторингтiң  мақсаты гидробионттарға өткiзiлетiн  жұмыстардың әсер етуiн бағалау,  биологиялық нысандармен жұмыс  iстеу кезiнде технологиялық нормаларды  сақтау, жүргiзiлген жұмыстардың  тиiмдiлiгiн бағалайтын мәлiметтер  жинау болып табылады.     

19. Мелиорациялық жұмыстың барлық  түрi аяқталғаннан кейiн оның  орындалу сапасы, көлемi мен құны  көрсетiлген өткiзу-қабылдау актiсiмен  ресiмделедi. Құрамында мүдделi мемлекеттiк  органдар мен пайдаланушылардың  өкiлдерi бар орындалған жұмысты  қабылдау комиссиясы уәкiлеттi органның  бұйрығымен тағайындалады. 

Мелиорация халық шаруашылығының қажеттіліктеріне сәйкес табиғи ресурстарды  пайдалану тиімділігін арттыруға  мүмкіндік береді. Қоршаған орта тиімділігін  арттыру бағытындағы адамзаттың жасаған іс-шараларының ішінде мелиорация әлдеқайда ұзақ мерзімді қасиетке ие. Оның оң нәтижелері бірнеше жылға дейін сақталуы мүмкін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, Мектеп, 2002.
  2. “Қазақ Энциклопедиясы”, II-том, VII-том;
  3. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі:Экология және табиғат қорғау/ Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдаламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002.
  4. Интернет сайттары: Wikipedia, Google, NEX.kz

 


Информация о работе Мелиорация