Қаңқалық тіндердің жалпы сипаттамасы және жіктелуі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Марта 2014 в 08:49, реферат

Описание работы

Қаңқалық тіндердің жалпы сипаттамасы және жіктелуі

Хондрогенез

Шеміршек тіндерінің құрылысы

Шеміршек тіндерінің жасушалары

Жасушааралық зат

Шеміршек тіндерінің құрылысының ерекшеліктері:

гиалинді шеміршек тіні

буын шеміршегі

эластикалық шеміршек тіні

талшықты шеміршек тіні

Файлы: 1 файл

Жаңа Документ Microsoft Word.docx

— 205.79 Кб (Скачать файл)

Дәрістің жоспары

  1.  
    Қаңқалық тіндердің жалпы сипаттамасы және жіктелуі
  2.  
    Хондрогенез
  3.  
    Шеміршек тіндерінің құрылысы
  4.  
    Шеміршек тіндерінің жасушалары
  5.  
    Жасушааралық зат
  6.  
    Шеміршек тіндерінің құрылысының ерекшеліктері:
  •  
    гиалинді шеміршек тіні
  •  
    буын шеміршегі
  •  
    эластикалық шеміршек тіні
  •  
    талшықты шеміршек тіні

 
 
Қаңқалық тіндердің жалпы сипаттамасы және жіктелуі 
 
Қаңқалық тіндердің құрылымына мезенхимадан дамыған тіндерге тән жалпы құрылымдық принциптер болады. Олар склеротомдық мезенхимадан дамиды, жасушадан және жасушааралық заттардан құралған. Жасушааралық зат аморфты заттан және талшықтардан тұрады. Сонымен қатар бұл тінге тіректік қызмет тән, бұл олардың құрылысының ерекшелігін қалыптастырады. Бұл ерекшеліктерге біріншіден жасушааралық заттың жасушалардан гөрі басым болуы, екіншіден жасушааралық заттың ерекше құрамы және талшықты дәнекер тінге қарағанда тығыздау болып, минералдануы жатады. Қаңқалық тіндерді екі топқа жіктейді: шеміршек және сүйек. Олардың әрқайсысы өз кезегінде бірнеше топтарға бөлінеді.

 
Шеміршек тіні

 
Сүйек тіні

 
Гиалинді  
 
Эластикалық  
 
Талшықты

 
Дөрекіталшықты  
 
Табақшалы  
 
Дентиндік


 
 
Ересек адамда шеміршек тіні тіректік қызмет атқарады. Олар кейбір қуыс мүшелердің құрамына кіреді (ауа өткізу жолдары), сүйектердің байланыстарын қамтамасыз етеді (буындардың гиалинді шеміршегі). Эластикалық шеміршек мүшелердің уақытша қалпын өзгертуін қамтамасыз етеді. Эмбрионалдық кезеңде шеміршек пішіндеушілік қызмет атқарады және сүйектің пайда болуында қолданылады (тура емес остеогистогенез — шеміршек тінінің провизорлық қызметі). 
 
Барлық шеміршек тіндері жасушалардан (хондробластылар, хондроциттер, хондрокластылар) және жасушааралық заттан тұрады. Жасушааралық заты негізгі аморфты заттан және талшықтардан құралады. Шеміршек тінінің үшке - гиалинді, эластикалық және талшықты (коллагенді-талшықты - жіктелуі негізінен жасушааралық заттың құрылысына негізделген. Гиалинді шеміршектің жасушааралық затында тек коллаген талшықтары болады. Эластикалық шеміршек тінінде коллаген талшықтарынан басқа эластикалық талшықтар да болады. Коллагенді-эластикалық шеміршек тінінде коллаген талшықтары бір-біріне параллелі орналасады. Шеміршек тінінің талшықтарын хондринді талшықтар деп атайды. 
 
ДАМУЫ. Шеміршек тіндері склеротомдық мезенхимадан дамиды. Шеміршектің дамуында 4 сатыны ажыратады: 
 
1. Хондрогенді аралшықтың түзілу сатысы. Шеміршек түзелетін аймақта мезенхима жасушалары өсінділерінен айрылады, митоз арқылы бөлінеді. Мұның нәтижесінде пайда болған жасушалардың тығыз аймағын хондрогенді аралшық деп атайды. Қалыпты жасушааралық зат бұл сатыда болмайды. 
 
2. Алғашқы шеміршек тінінің (хондроидтың) сатысы. Бұл сатыда мезенхима жасушалары шеміршек жасушаларына айналады: оларда түйіршікті эндоплазмалық тор, Гольджи кешені дамиды, митохондриялар мен қосындылар жиналады. Олар шеміршекке тән жасушааралық заттарды – II түрлі коллагенді және гликозаминогликандарды өндіре бастайды. 
 
3. Шеміршек тінінің дифференциялану сатысы. Бұл сатыда шеміршек жасушаларының дифференцировкасы әрі қарай жалғасады, олар шеміршек тінінің жасушааралық затына базофилиялық қасиет дарытатын сульфатталған гликозаминогликандарды немесе хондроитинсульфаттарды өндіре бастайды. Жасушааралық затта оксифилиялық қасиет беретін хондромукоид – белоктардың көмірсулармен қосылуынан түзілетін заттар жинақталады. Жасушааралық заттардың түзеліп келе жатқан компоненттері хондробластыларды ығыстырады, олар лакуналарда орналасып, синтетикалық белсенділіктері төмендеп хондроциттерге айналады. Құрамында шеміршектің өсу барысында хондробластыларға айналатын прехондробластылары бар камбиальдық және қан тамырлары бар қабаттардан тұратын шеміршек үсті қабаты пайда болады.  
 
Шеміршек бастамасының дамуы. Шеміршек үсті қабығының есебінен шеміршектің шетінен — аппозициялық өсуі жүреді. Сонымен бірге шеміршектің ішінде орналасқан хондроциттер белгілі мерзімге дейін бөліну, дифференциялану және жасушааралық зат өндіру қабілетін сақтайды. Осының есебінен шеміршектің ішінен – интерстициальдық өсуі жүреді. 
 
4. Шеміршектің адамның жасына байланысты өзгерістер сатысы. Адамнгың жасына байланысты өзгерістер көбінесе гиалинде шеміршекте анықталып, оның құрамында минералды тұздардың мөлшерінің артуымен белгіленеді. Бұл кезде шеміршектің ішінде қан тамырларының жоқтығына байланысты оның қоректенуі зақымдануы мүмкін. Шеміршек жасушаларының біраз бөлігі ісініп, вакуольденіп гипертрофиланған (көпіршектенген) хондроциттерге айналады. Бұл жасушалар кальцийді байланыстырушы заттарды – протеогликандардың және ІІ түрлі коллагеннің пропептидін өндіруге қабілетті. Сонымен қатар, мұндай хондроциттер остеобластылардың бөлетін өніміне ұқсас матрикстік көпіршіктерді өндіреді. Матрикстік көпіршіктер шеміршектің жасушааралық затының әктенуіне қатысады. Осының нәтижесінде шеміршектің жасушааралық заты минералдық тұздарға қанығады, хондроциттер бұзылады. Кейіннен минералданған шеміршек тіні хондрокластылардың көмегімен бұзылады.  
 
Шеміршек тінінің құрылысы. Шеміршек тінінің құрамында жасушалар және жасушааралық зат болады.  
 
Жасушалары. Шеміршек тінінің жасушалары бірнеше түрге бөлінеді: дің жасушалары, жартылай дің немесе прехондробластылар, хондробластылар, хондроциттер. Олар бірігіп шеміршек жасушаларының негізгі дифферонын құрайды. Кейінгі жылдарда хондрокластыларды да ажыратады.  
 
Хондроциттер. Шеміршек жасушаларының негізгі түрі. Олар қуыстарда немесе лакуналарда орналасады. Пісіп-жетілуіне (дифференцировка деңгейіне) және қызметтік белсенділігіне орай оларды үшке бөледі.  
 
Бірінші типті жасуша – жас хондроциттер. Оларда ядро мен цитоплазманың арақатынасы жоғары болады, яғни ядроның ауданы, цитоплазманың ауданынан көбірек болады. Бұл жасушалар изогенді топтар құрай митозбен бөліне алады. 1 типті хондроциттердің цитоплазмасында жалпы органеллалардың барлығы: митохондриялар, эндоплазмалық торлар, лизосомалар жақсы дамып жетілген. Бұл жасушалар көбінесе хондроциттердің бөлінуі есебінен өсетін жас шеміршекте орналасады.  
 
Хондроциттердің екінші түрі цитоплазманың көлемі ұлғаюына байланысты ядро мен цитоплазманың арақатынасы төмендеуімен сипатталады. Ядросы көбінесе сопақша немесе дөңгелек пішінді, ядрошығы жақсы дамыған, эухроматины басым болады. Цитоплазмасында белок түзеуші органеллалар – ЭПТор, Гольджи кешені, митохондриялар дамыған, гликоген және липид қосындылары жинақталған. Секреторлық қосындылар пайда бола бастаған. Бұл жасушалар негізгі заттың компоненті гликопротеиндерді және протеогликандарды түзейді. Коллагеннің синтезі бұл жасушаларда әлі жүрмейді. 
 
Хондроциттердің үшінші түрінде ядро мен цитоплазманың арақатынасы ең төмен деңгейде анықталады, яғни цитоплазманың көлемі және оның құрамындағы синтетикалық органеллалардың және қосындылардың мөлшері одан әрі артады. Хондроциттердің бұл түрі коллаген белоктарын өндіреді, ал гликопротеиндер мен протеогликандардың синтезі біраз төмендейді. 
 
Хондробласттар. Олар шеміршек тінінің жас жасушалары. Бұл жасушалар митозға және жасушааралық заттарды түзеу қабілеті бірдей сақталған. Жетілген шеміршекте бұл жасушалардың орналасуы шеміршек үсті қабығымен шектеледі. Олардың есебінен шеміршектің аппозициялық өсуі іске асады. 
 
Хондробластылар шеміршек үсті қабықтың камбиальдық қабатында орналасқан қан тамырларын қоршай орныққан дің жасушаларынан пайда болады, сосын олар прехондробластыларға, одан кейін хондробластыларға айналады. Хондробластыларда гранулярлық және агранулярлық эндоплазмалық тор, Гольджи кешені, митохондриялар жақсы дамыған. Хондробластылар синтетикалық белсенділігі жоғары жасушалар, олар шеміршектің жасушааралық затын өндіреді, кейінірек жоғарыда сипатталған хондроциттердің үш түрін береді. 
 
Хондрокласттар. Бұл жасушаларды кейінгі жылдарда шеміршек жасушаларының жеке жасушасы ретінде бөледі. Олар қанның моноциттерінен дифференцияланатын макрофагтық жасуша. Олар сүйектің остеокластыларына жақын. Хондрокласттар шеміршектің жасушааралық затының ескі, әсіресе көп минералданған аймақтарын ерітеді. Олар шеміршектен сүйектің пайда болуы кезінде де тінді бұзуға қатысады. Жетілген шеміршекте шеміршек үсті қабығында орнығады. Жасушаларда лизосомальдық аппарат жақсы дамыған. Кейбір ғалымдардың пікірінше хондрокласттарды жеке бөлудің керегі жоқ, олардың ойынша сүйек пен шеміршекті ыдыратуға жауапты бір жасуша – остеокласт.  
 
Шеміршек тінінің жасушааралық заты. Құрамында ІІ типті коллагеннен тұратын коллаген талшықтары (хондриндік талшықтар) болады. Одан басқа коллаген талшығының құрамына талшықтарды біріктіруді қамтамасыз ететін IX типті коллаген кіреді. Бұл коллагеннің мөлшері ІІ типті коллагеннен 5 есе аз, бірақ оның маңызы өте үлкен. Остеоартриттерде (буын шеміршектерінің қабынуы) хондриндік талшықтардың бірігуі бұзылады, ал бұл шеміршектің зақымдануына әкеледі. 
 
Гиалинді және эластикалық шеміршектің құрамында минорлық коллагендер, мысалы, VI және X түрлері. Х түрлі коллаген гиалинді шеміршекте анықталады, ол шеміршектің әктену қабілетіне жауапты. Әктенбейтін шеміршектерде бұл коллаген болмайды.  
 
Шеміршек тінінің барлық жасушааралық затын (шеміршектің матриксін) екі аймаққа бөледі: аймақтық және аймақаралық матрикстер. Аймақтық матрикс шеміршек жасушаларын (біртекті топтарды) сыртынан қоршай орналасқан. Оның құрамына хондроциттердің сыртында анықталатын перицеллюлярлық протеогликандар және перицеллюларлық капсула кіреді. Перицеллюлярлық протеогликандар адгезиялық молекулалардың (хондронектин, анкорин т.б.) көмегіменхондроциттің гликокаликсімен тығыз байланысады. Перицеллюлярлық капсуланың негізін IX типті коллаген құрайды, ол II типті коллагеннен тұратын жасушааралық заттың коллагендік фибриллаларымен байланысады. Аймақтық матрикс базофилді боялады. 
 
Аймақаралық матрикс шеміршек жасушаларының изогенді топтарының арасында орналасады да жасушааралық заттың ең ескі аймақтары болып табылып, оксифилді боялады. Оның коллагендік талшықтары перицеллюлярлық капсуланың талшықтарымен тығыз байланысты. Олардың бағыты түсетін күш векторына орай орналасады. 
 
Эластикалық шеміршекте эластикалық талшықтар көбірек дамыған олар бүкіл талшықтардың 90% құрайды. Коллаген талшықтарының үлесі 10%. 
 
Шеміршек тінінің аморфты заты негізінен протеогликандардан тұрады. Протеогликандардың құрамына гликозаминогликандар (80—90%), ақуыздар (10—20%) кіреді. Гликозаминогликандардың ішінде көбінесе хондроитинсульфат анықталады. Ақуыз молекулалары құраған негізге тік бұрыш құрай хондроитинсульфат молекуласы бекиді. Протеогликандардың мұндай мономерлері гиалурон қышқылының қатысуымен протеогликандардың агрегаттарын түзейді. Кейін олар бірігу арқылы протеогликандардың суперагрегаттарын құрай алады. Протеогликандар суды көптеп байланыстыра алады: шеміршектің салмағының 75% ұлпалық сұйықтықтың есебінен түзеледі. Бұл шеміршектің аз сығымдалуының, серпімділігінің себебі болып табылады.  
 
Шеміршектің әртүрлі түрінің ерекшеліктері 
 
Гиалинді шеміршек тіні. Шеміршек тінінің бұл түрі қабырғаның төске түйіскен жерінде, көмекейде, кеңірдекте, үлкен көлемді бронхтарда, буын беттерінде орналасады. Эмбрионның қаңқасы да осы шеміршектен тұрады. Гиалинді шеміршектің негізгі заты және коллаген талшықтарының сәулені сындыру күші бірдей, сондықтан қалыпты бояумен бояғанда талшықтар анықталмайды, ал жасушааралық зат күңгірт шыны сияқты түрде болады (грек тілінен "hyalos" "шыны" деп аударылады). Гиалин шеміршегінің құрылысы оның орналасқан аймағына қарай өзгереді. Осыған байланысты олардың құрылысын жеке қарастыру керек. 
 
Қабырғаларда, көмекейде, ауа өткізу жолдарында орналасқан шеміршек. Бұл шеміршектерде оны қоректендіріп тұратын шеміршек үсті қабығы болады. Бұл жағдайда шеміршек тінінің құрылысы мүшеге тән белгілерге ие болады. Шеміршек үсті қабығы екі қабаттан тұрады: сыртқы фиброзды (талшықты) және ішкі камбиальдық (жасушалық). Сыртқы қабаты тығыз талшықты дәнекер тіннен құралған, ішкі қабатын құрамында хондрогенді жасушалары бар борпылдақ талшыцқты дәнекер тін түзейді. Шеміршек үсті қабығы негізгі үш қызметті атқарады: 1) трофикалық — оның құрамында шеміршекті қоректьендіретін қан тамырлары болады. Шеміршектің меншікті тамырлары болмайды, сондықтан қабықтың бұл тамырлары тіннің жалғыз қоректену көзі болып табылады. 2) регенераторлық, камбиалдық — шеміршектің аппозициондық өсуін қамтамасыз ету. 3) тіректік-механикалық — шеміршектің сіңірмен, байламдармен тағы басқа тіндермен механикалық байланысын іске асыру. 
 
Шеміршек үсті қабығының астында аздифференцияланған шеміршек аймағы орналасады, ол жерде хондроциттер қабыққа параллельді орнығады. Ол жерде хондроциттердің үш түрі де болады, бірақ жас жасушалар (бірінші типті хондроциттер) басым болады. Шеміршектің келесі аймағы – дифференцияланған шеміршек аймағы. Бұл аймақтағы жасушалар біртекті (изогенді топтар) топтар құрап орналасады. Бұл топтар сыртынан капсуламен қоршалған бірнеше хондроциттерден тұрады. Олар жас хондроциттердің бөлінуінің нәтижесінде пайда болады.  
 
Кейінгі уақытта шеміршектің құрылымдық-қызметтік бірлігі ретінде хондрон туралы түсінікті бөледі. Хондронның құрамына хондроцит, перицеллюлярлық матрикс және перицеллюлярлық капсула кіреді. Перицеллюлярлық матрикстің құрамында хондроциттердің гликокаликсімен адгезия молекуласының көмегімен тығыз байланысқан протеогликандар болады. Перицеллюлярлық капсула IX типті коллагеннен түзелген және жасушааралық заттың II типті коллагеннен тұратын коллагенді фибриллаларымен біріккен. Буын және метаэпифизарлық шеміршектердің пролиферация аймағында жеке хондрондар екі немесе одан көп жасушалардан тұратын тізбектерді құрап орналасады. Бұл тізбектер бәріне жалпы перицеллюрлық капсуламен қоршалады. Шеміршектің хондронды құралуы шеміршектің механикалық күштеуге бейімделуіне қолайлы да оңтайлы жағдай тудырады, өйткені жасушалар мен жасушааралық заттың тығыз бірігуін (интеграциясын) қамтамасыз етеді. Хондронда жасушалардың көбеюі шеміршектің интерстинальдық өсуіне жағдай жасайды. 
 
Әктенбеген қалыпты шеміршек оның ішіне қан тамырларының қабықтан енуіне кедергі болатын факторды – антиангиогендік факторды өндіреді. Қартайған шеміршекте бұл фактордың бөлінуі бәсеңдейді де шеміршектің ішіне қан тамырлары тарай бастайды, ал бұл өз кезегінде шеміршектің минералдануына, яғни оның сүйекке айналуына әкеледі. Қазірде бұл фактор таза күйінде бөлініп алынған. Оны онкологияда қолдану мүмкіндігі бар, өйткені ісік жасушаларының қатерлі ісіктің ішіне қан тамырларының дамуын қамтамасыз ететін ангиогенді факторды өндіретіндігі белгілі.  
 
Буынның гиалинді шеміршегі. Астында орналасқан сүйекпен бірігіп орнығады. Үсті жылтыр болғандықтан сүйектердің сырғанауын қамтамасыз етеді және серпімділігі соғылысудан сақтайды. Буын шеміршегі үш аймақтан тұрады.  
 
1. Жоғарғы аймақ. Жасушасыз жоғарғы табақшадан тұрады. Бұл табақша гликопротеиндік және коллагендік фибриллалардан, тангенциальдық және өтпелі қабаттардан құралған. Тангенциальдық қабаттың құрамында жазықтанған, ал өтпелі қабат — сопақша (дөңгелекше) хондроциттерден тұрады. Хондроциттер көбінесе бірінші типті, кейде екінші және үшінші типті жасушалар да кездеседі. Тангенциальды және өтпелі қабаттарда коллаген талшықтары буынның бетіне параллельді орналасады. Бұл аймақ буын шеміршегінің бетінің жылтырлығын, оның қалпына келуін қамтамасыз етеді.  
 
2. Аралық (негізгі) аймақ. Бұл жерде коллаген фибриллаларының жуан шоғырлары болады. Олар көбінесе буын бетіне бұрыштай орналасып, күрделі тор құрау арқылы аркадалардың түзелуіне әкеледі. Коллаген талшықтарының өрімделуі ішінде бірінші және екінші типті хондроциттер орналасатын лакуналардың пайда болуына себеп болады. Олар коллагенді, гликопротеиндерді және протеогликандарды өндіреді, бөліне алады. Осының нәтижесінде хондроциттердің колонкалары және изогенді топтары қалыптасады.  
 
3. Базальдық (терең) аймақ. Екі қабатқа бөлінеді: жоғарғы әктенбеген шеміршек қабаты және терең әктенген шеміршек қабаты. Бұл екі қабат бір-бірінен иректелген базофильді жолақпен бөлінген. Бұл жолақ минералдану үрдісі жүретін аймақ болып табылады. Базальды аймақтың матриксі астында орналасқан сүйекпен тіке байланысқан, буын бетіне перпендикулярлы бағытталған коллаген талшықтарының жуан шоғырларынан құралған. Сүйек жағынан бұл аймаққа қан капиллярлары енеді. Бұл аймақта жасушалар аз болады. Әктенген шеміршек аймағында жасушалар деструкцияға ұшырайды, ал әктенбеген шеміршек аймағында құрамында көптеген органеллалары бар, синтетикалық үрдістері белсенді жүретін гипертрофияға ұшыраған жасушалар болады.  
 
Буын шеміршегінің қоректенуі аздап базальдық аймақтың тамырларынан, негізінен синовиальдық сұйықтықтың есебінен жүреді.  
 
Сүйектің өсуі мезгілінде буын шеміршегінің жасушалары жасушааралық затты белсенді түрде өндіруімен қатар жасушалардың қарқынды бөлінуі жүреді. Бұл шеміршектің мөлшерін бір деңгейде сақтауға көмектеседі. Сүйектің өсуі аяқталғаннан соң шеміршек жасушаларының бөлінуі негізінен тоқтайды, олар жасушааралық заттарды өндіруге маманданады.  
 
Эластикалық шеміршек тіні. Құлақ қалқаны шеміршегінің, орта көлемді бронхтардың қабырғасының, көмекейдің құрамына кіреді. Бұл шеміршек құрамында болған мүшелеріне созылғыштық қасиетті, яғни қалпына қайта келетін өзгерістер, береді.  
 
Құрылысы бойынша эластикалық шеміршек қабырғаның гиалинді шеміршегіне ұқсас. Сыртынан ол шеміршек үсті қабықшасымен қапталған. Қабық екі қабаттан тұрады: сыртқы фиброзды, ішкі камбиальды. Әрі қарай аздифференцияланған және дифференцияланған шеміршек аймақтары орналасады. Дифференцияланған шеміршек аймағында шеміршек жасушаларының изогенді топтары орналасады. Гиалинді шеміршектен эластикалық шеміршектің айырмашылығы оның жасушааралық затында коллаген талшықтарынан басқа жуандығы 5 мкм-ге дейін болатын әр түрлі бағытта орналасқан жіңішке эластикалық талшықтар болады. Изогенді топтардың құрамына кіретін жасушалардың саны гиалинді шеміршек тобына қарағанда аздау болады. Жасушааралық заттың құрамындағы негізгі аморфты заттың мөлшері аз, құрамында липидтердің, гликогеннің, хондроитинсульфаттардың үлесі төмен болады. Эластикалық шеміршектің жасушааралық затының құрамында кальций иондарын байланыстыратын Х типті коллаген болмайтындықтан бұл шеміршек ешқашанда әктенбейді. 
 
Коллагенді-талшықты шеміршек тіні. Бұл шеміршек жоғары беріктілікке ие шеміршектерде анықталады: омыртқааралық дискілер, қасағада, сіңір мен байламдардың гиалинді шеміршекке ауысатын аймақтарда. Ол ешқашанда жеке кездеспейді, өйткені бір жағынан гиалинді шеміршекке, екінші жағынан тығыз пішінделген дәнекер тінге ауысады.  
 
Бұл ұлпа да жасушалар мен жасушааралық заттан тұрады. Шеміршек жасушалары – хондроциттер. Олар пішіні сопақша немесе дөңгелектене түскен жасуша, көбінесе цитоплазмасы вакуольденген болады. Жасушалар жеке, кейде ұсақ изогенді топтар түрінде, кейде коллаген талшықтарын бойлай тізбектер құрап орналасады. Коллагенді-талшықты шеміршек тінінің хондроциттері қалыпты хондроциттер мен фибробластылардың арасында аралық орын алады. Құрылысы бойынша олар бірінші жасушаға ұқсас, ал қызметі жағынан фибробластыларға жақын, өйткені ІІ типті коллагеннен және протеогликандардан басқа І типті коллагенді де өндіреді. Сіңірге тақалған сайын бұл ұқсастық арта түседі.  
 
Бір бағытта түсетін механикалық күштеудің ықпалын сезетін жасушааралық заттың құрамында жуан коллаген талшықтары орналасады. Олар сіңірдегі сияқты бір-біріне параллельді орналасып, 90% I типті коллагеннен құралған. Жасушааралық затта негізгі аморфты зат өте аз, ал оксифильді қасиет танытатын талшықтар жақсы көрінеді. Сіңірге өте бастасымен шеміршек жасушалары фибробластыларға, ал шеміршек сіңірге ұқсай бастайды. 
 
Шеміршек тіндерінің қалпына келуі. Шеміршек тінінің қалпына келуі шеміршектің түріне және оның орналасқан мүшесіне байланысты. Шеміршек үсті қабығы бар шеміршек хондрогенді жасушалардың көбеюі және дифференциялануы және олардың жаңадан түзеген жасушааралық затының есебінен қалпына келеді. Буын шеміршегінде қабық болмайды, сондықтан оның регенерацияға қабілеті хондроциттердің жасушааралық заттарды өндіруімен шектеледі. Сонымен қатар жоғарғы (беткейлік) табақшаның хондроциттерінің аздап бөлінуі мүмкін.  
 
Шеміршек тінінің репаративтік қалпына келу қабілеті шеміршек қабығының болуына тікелей байланысты. Сонымен қатар перихондрийдің толық жоқ кезінде қалпына келуі шеміршекті қоршаған дәнекер тіннің есебінен жүру мүмкіндігі бар екені анықталған. Бұл синтетикалық үрдістерді қайта қалыптастыру қабілеті сақталған дәнекер тін жасушаларымен хондрогенді жасушалардың генетикалық деңгейдегі бірегейлігіне байланысты. Мысалы бұл жағдай құлақ қалқанының біраз бөлігін сылу кезінде байқалады. Дегенмен толық мәніндегі қалпына келу қабығы бар шеміршектің өзінде де тек балаларда ғана болады. Ересек адамдарда зақымданған шеміршектің орнына дәнекер тіннен тұратын тін пайда болады.  
 
 
Көрнекі материал  
 
 
Әдебиеттер: 
 
1. Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н. Гистология, цитология и эмбриология: Учеб. для мед. вузов / М.: Медицинское информационное агентство, 2007. – 600 с. 
 
2. Улумбеков Э.Г., Челышев Ю.А. Гистология, эмбриология, цитология: Учебник / М.: ГЭОТАР-Медиа, 2009. - 408 с. 
 
3. Абильдинов Р.Б., Аяпова Ж.О., Юй Р.И. Атлас по гистологии, цитологии и эмбриологии /. – Алматы: Эффект, 2006. - 416 с. 
 
4. Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н., Горячкина. В.Л. Атлас по гистологии, цитологии и эмбриологии: Учеб. пос. для медвузов. / Астана: Астана-Bilding, 2005. - 400 с.


Информация о работе Қаңқалық тіндердің жалпы сипаттамасы және жіктелуі