Дизъюнкциялық дислокациялар және олардың жер бетінде көрініс беруі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Октября 2014 в 20:56, лекция

Описание работы

Дизъюнкциялық яғни айырылымды дислокациялар – омырылмалы деформацияға жататын тау жыныстарының өз тұтастығынан айырылуы. Бөлінген геологиялық блоктардың тектоникалық жарылым бойымен орын ауыстырып жылжуы. Блоктардыңбір-бірімен үйкеленуі арқылы пайда болған жылжытушы бетті, әдетте, жыртылу беті немесе жыртылу жігі дейді, жыртулы беті еңкіш болса, оның үстіңгі жағында орналасқан тау жыныстарының жеке блоктарын – аспалы қаптал (висячее крыло), ал астыңғы жағындағы блоктарын жатаған қаптал (лежачее крыло) деп атайды. Жыртылу жігі бойымен алшақтап кету қашықтығы ажырау амплитудасы деп аталады.

Файлы: 1 файл

geomorfologia.docx

— 4.85 Мб (Скачать файл)

11. Дизъюнкциялық  дислокациялар және олардың жер бетінде көрініс беруі

Дизъюнкциялық яғни айырылымды дислокациялар – омырылмалы деформацияға жататын тау жыныстарының өз тұтастығынан айырылуы. Бөлінген геологиялық блоктардың тектоникалық жарылым бойымен орын ауыстырып жылжуы. Блоктардыңбір-бірімен үйкеленуі арқылы пайда болған жылжытушы бетті, әдетте, жыртылу беті немесе жыртылу жігі дейді, жыртулы беті еңкіш болса, оның үстіңгі жағында орналасқан тау жыныстарының жеке блоктарын – аспалы қаптал (висячее крыло), ал астыңғы жағындағы блоктарын жатаған қаптал (лежачее крыло) деп атайды. Жыртылу жігі бойымен алшақтап кету қашықтығы ажырау амплитудасы деп аталады.

Жыртылу жігі бойымен қозғалу бағытына байланысты айырылымды құрылымдар бірнеше түрге бөлінеді (лықсыма – сброс, қаусырма – взброс, бастырма – надвиг, ығыспа – сдвиг, тектоникалық бүркеме – шарьяж және т.с.с). Егер жыртылу жігі бойымен аспалы қанат төмен қарай ығысып ауысса, ондай дислокацияны лықсыма деп атайды (19(А)-суреті); ал кейде керісінше, аспалы қанат жатаған қанатпен салыстырғанда жоғары қарай ығыса көтерілсе, ондай жарылымды қаусырма дейді (19(А1)-сурет). Осындай, бірақ жыртылу бетінің еңкіштігі 450-тан кем болған жағдайда бастырма құрылым қалыптасады.

Тау жыныстарының жеке блоктары тек тік бағытта ғана емес, сонымен қатар жыртылу беті бойымен жазық бағытта да орын ауыстырады. Мұндай қозғалыстарды ығыспа деп атайды.

19-сурет.Дизъюнкциялық дислокациялары (Edward J.Tabruck, Frederick, K. Lutdens,1990).А – лықсыма; В – жер бетіндегі көрініс; А1 – шапшыма; В1 – жер бетіндегі көрінісі.

Дизъюнкциялық құрылымдар қатарында терең қабаттық тектоникалық жарылымдардың алатын орны ерекше. Ұзақ уақыт бойы дамып-жетіліп жүздеген, тіпті мыңдаған километрге созылатын осы тектоникалық жарылымдар сол аймақтың геологиялық тұрғысын ерекшелейді. Олардың тереңдігі кей жерлерде жер қыртысын түгел жара отырып,жоғары мантияға дейін жететінге ұқсайды. Ендеше мұндай тектоникалық жарылымдар – жер беті мен оның қойнауларын жалғайтын «құбырлыр». Бұл «құбырлар» магмалардың жоғары жылжуына, әр түрлі қазба байлық түрерімен байыған ерітінділердің жер бетіне жақындай түсуіне мүмкіндік жасайды.

Тектоникалық жарылымдарды жер бетінде ашылып жататын жарықтар деп ойлап қалмау керек. Бұл жарылымдарды ұзынынан-ұзаққа созылып жатқан енді және енсіз болып келетін тау жыныстарының мейлінше майдаланған зоналары деп түсінген ләзім.

Қатпарлы деформациялар сияқты айырылымды дислокациялар жер бетінде тікелей және жанама түрде көрініс береді. Мысалы, лықсыма және қаусырма деформациялары дамыған белдеме біршама тік құлайтын кертпештер байқалады. Олар айырылып көтерілген блоктың қыр бөлігінде жыртылу жігінің созылу (сағалану) бойымен параллель қалыптасады.Кейін гравитациялық және эрозиялық процестерге ұшырап, құламалы кертпештердің ернеулері (жиектері) алғашқы морфологиялық көрсеткіштерін жоғалтып жайпақталады да, денудацияланған тектоникалық кертпештерге ауысады (20-сурет)

20-сурет. Денудацияланған тектоникалық кертпештердің даму кезеңдері. А-алғашқы кезеңі; В-эрозиялық тілімдену нәтижесінде кертпештер жеке-жеке фасетті ұшбұрыштыларға айналып кертпештер етегінде ысырынды конустардың қалыптасу кезеңі; С-кертпештің әбден денудацияланған кезеңі.

Кертпештердің биіктігі белгілі дәрежеге блоктардың тік бағыттағы жылжу мөлшерін сипаттайды. Егер блоктар бір бағытта жылжып ауысқан болса, онда лықсу жүйесінде сатылы бедер пішіндері пайда болуы ықтимал, ал блоктар бір-біріне қарама-қарсы ауысқан жағдайда жақпарлы-тектоникалық (глыбово-тектонические) немесе лықсыма-тектоникалық (сбросово-тектонические) таулы өлкелер құрылады.

Ауысқан  блоктарды құрылымына қарай – төрткіл-жақпарлы (столово-глыбовые) және қатпарлы-жақпарлы (складчато – глыбовые) тауларға айырады. Төрткіл-жақпарлы таулар жаншылмаған, жазық бағытта созылған қабаттардан құралған жеке таулардан жеке қыраттардан тұрады. Бұларға,мысалы, Еуропадағы Юра таулары, Африкада кең тараған төрткіл-жақпарлы таулар жатады. Ал қатпарлы-жақпарлы таулар, әдетте, ежелгі қатпарлы құрылымдардың орнында пайда болады (21-сурет). Бұл жағдайда тектоникалық жарылымдарды бойлап тау жыныстары қабаттардың бір бөлігі тұтасынан жоғары көтеріледі де, оған көршілес екінші бір бөліктері опырылып төмен түседі. Көтерілген блоктар – жоталарға, ал опырықтар, тау аралық ірі ойыстарға сәйкес келеді.Мұндай тау жыныстары қабаттарының қатпарланудан кейін тектоникалық жарықтарды бойлап жоғары-төмен лықсуынан қатпарлы-жақпарлы таулар пайда болды. Олардың қатарына Алтай, Тянь-Шянь, Саян және т.б. таулар жатады.

21-сурет. Қатпарлы-жақпарлы бедер.

Жер бетіндегі аумағы  жағынан қатпарлы-жақпарлытаулар қатпарлы таулардан кем түспейді. Қатпарлы тау аймағында да  айырылымды тектоникасының рөлі айтарлықтай. Ірі қатпарлы деформациялар айырылымды (үзілмелі) бұзылыстармен күрделенеді. Жекелеген антиклиндер (антиклинорийлер) және синклиндер (синклино-рийлер) кейде оларды шектеген тектоникалық жарылымдармен қосарласа жатады.

Көп жағдайда тектоникалық жарылымдар жер қыртысында жалғыз-жарым болмай, топталып жаралыды. Егер екі немесе бірнеше лықсымадан тұратын жарылымдар жүйесі арасынан ортаңғы бөлігі төмен құлдыраса, оны опырық немесе грабен дейді. Грабендер көбінесе ұзыннан-ұзаққа созыла отырып, жүздеген километрге дейін жетеді, алайда олардың ені ондаған километрдент аспайды. Ірі-ірі грабендер,әдетте, суға толы ойыстар (мәселен, Байкал және Телецк көлдері) немесе аңғарлар түрінде (Рейн аңғары) дараланады. Егер жарылымдар жүйесінің ортаңғы бөлігі өзін шектейтін қарсы жақтарға құлаған тектоникалық жарылымдар бойымен жоғары көтерілсе, онда мұндай жақпарлы құрылымды горет дейді (22-сурет). Осы тектоникалық құрылымдардың қатарына Рейн аңғарының айналасындағы Гарц, Шварцвальд, Вогезы горст таулары жатады. Әрине, барлық жағдайда айырылымды дислокациясына байланысты тектоникалық құрылымдар жер бетінде тікелей көрініс бермей, кейбір жағдайда инверсиялық пішіндері де қалыптасуы ықтимал. Айырылымды дислокациялдың бедер құрушы рөлі,сонымен бірге, жер қыртысының көп икемделгн және майдаланған зонасы ретіндегі әр түрлі эрозиялық  пішіндер сол жарылымдар бағытына сәйкес келеді және планда ртогональдық сипат алады. Тектоникалық жарылым жүйелері көл мен теңіз және құрлықтр жағалауларының тура сызықты көрінісін белгілейді (мысалы, Байкал көлінің жағасы, Сомали, Синай түбектерінің,Мадагаскар және Тайвань аралдарының тура сызықты жағалары).

22-сурет. Грабен (опырық) және горстың (орқаштаудың) кескін-пішіні.

 

Әдетте, ұзыннан-ұзақ созылған тектоникалық жарылымдар бойында сол ортаға тән емес магмалық тау жыныстарын, ыстық және минералды сулардың қайнар көздерін, бедердің түрлі мезопішіндерімен микропішіндерін жиі кездестіруге болады. Кейде тектоникалық жарылымдар бойында жанартау тізбектері байқалады. Терең тектоникалық жарылымдарға жер сілкіну ошақтары да байланысты.

Көптеген тектонистер тік бағыттағы қозғалыстармен қатар, жер қыртысының жазық яғни горизонталь бағыттағы қозғалыстарының да үлкен маңызы бар деп есептейді. Олардың  топшылауларына сәйкес, жазық бағыттағы қозғалыстар Атлант және Үнді мұхиттарының пайда болуына және материктердің жазық бағытта ығысуына себепкер. Бұл мәселеге Вегенердің материктердің жазық бағытта қозғалуы туралы болжамында, ал соңғы кездерде «жаңа жаһандық тектоника» немесе «литосфералықи тақталар тектоникасы» деп аталатын жаңа концепциялар жиынтығында толық сипаттама берілген.

Кейбір зерттеушілер жер қыртысының жазық бағыттағы қозғалысын мойындай тұрса да, оны асыра бағалауға болмайды деп тұжырымдайды. Демек, тіпті қаусырма және бастырма тектоникалық процестерде де жазық бағыттағы қозғалыс элменттері бар дейді.Жоғарыда айтылып кеткендей,егер тектоникалық жарылым бойымен жылжу тек қана жазық бағытта болса, ондай қозғалыстарды ығыспа деп атайды. Бірқатар зерттеушілер жер қыртысының қабаттары көлбеу келген жыртылу беті бойымен горизонталь  бағытта ондаған тіпті жүздеген километрге жылжитын өте ірі пликативті дислокация болу мүмкін деп есептейді. Бұл жағдайда жас тау жыныстары жазық бағытта ығысқан ежелгі дәуірдегі қатпарлы сериялы тау жыныстарының астында көміліп қалуы ықтимал. Осындай өте ірі қаусырма қатпарларды тектоникалық бүркеме немесе шарьяж дейді.

Шаряждық дислокацияларда орнынан жылжымай қалған астыңғы жатаған тау жыныстарын «автохтон» дейді де, оны көмкерген аспалы жамылғы қанатын «аллохтан»дейді. Альпі тауларының құрылымын зерттеуші ғалымдар олардың құрылымында шарьяждың маңызы орасан зор деп тұжырымдайды. Жер қыртысының жазық бағыттағы қозғалыстары горстар және грабендер түзілген кезеңінде де пайда болады. Мысалы, аса ірі грабен  - рифт болып саналатын Қызыл теңіз ойпаңы жер қыртысының көбінесе горизонталь бағытта созылуы нәтижесінде қазіргі кезеңде кеңейе түсуде. Оның лықсымаларымен шектелген екі жағы рифтің орталық ось сызығынан қарсы бағытта ығысып бір-бірінен жылына бірнеше миллиметрге алшақтайды. Жер қыртысының жызық бағыттағы орын ауыстырып ығысуы мұхит түбінде, ортамұхиттық жоталардың трансформалы жарылымдар деп аталатын терең тектоникалық жарылымдармен қиылысқан жерінде байқалады. Осы трансформалық жарылымдар бойындағы жазық бағыттағы ығысу бірнеше жүздеген километрге дейін жетеді.

Канаданың ғалымы Дж. Т. Уилсон бүкіл ортамұхиттық жоталар жүйесін көлденең тіліп өтетін трансформалы жарылымдар туралы барлық мәліметтерді мұқият талдап, 1965жылы бұл жарылымдардың құрлықтар өңіріндегі ығыспалардан айтарлықтай айырмашылығы бар екенін дәлелдеген.

Құрлықтар өңіріндегі тектоникалық ығыспалар жер бетінде жиі кездеседі. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда Қаратауды диагональ бағытта түгел кесіп өткен тектоникалық жарылымды Қаратаудың Басты жарылымы деп атайды. Мұнда жарылымның екі блогы бір-бірімен 500-700 км жазық бағытта алшақ ысырылған.


Информация о работе Дизъюнкциялық дислокациялар және олардың жер бетінде көрініс беруі