МЕДИЦИНАЛЫҚ ЭТИКА МЕН ДЕОНТОЛОГИЯ
Сырқаттар мен медицина қызметкерлерінің
арасында тату-төтті байланыс, достық
қарым-қатынас, науқастың жақын туыстарына
сенгені сияқты бір-біріне деген сенімділік
орнаған кезде ғана ауруға ем әсері байқалады.
Егер науқас адам емдеп жүрген дәрігеріне,
қызмет істеп жүрген медбикештерге сенбесе,
қаншама күшті дәрі-дәрмек алып жатса
да, берген ем қонбайды. Жасаған операциялар
да көпшілік жағдайда сәтсіз аяқталып
жатады. Бұның бәрі өмірде әлденеше рет
дәлелденген шындықтар. Өкінішке орай
осы заманғы дәрігерлер мен орта буын
медицина қызметкерлерінің біразының
аттарына заттары, айтқандарына істегендері
сай келмей жатады. Әріптестерімнің кейбіреуінің
істейтін қылықтары, сөйлеген сөздері,
жүріс-тұрыстары, адамдармен қарым-қатынастары.
мінез-құлыктары, сырқатқа деген пейілдері
"дәрігер", "медбикеш" деген
қасиетті атқа лайық емес. Дәрігер болғандықтан
талай дәрігердің, талай медбикештің сырқатқа,
оның туған-туыстарына деген оғаш қылықтарын,
жат мінездерін, дөрекі сөздерін, өздерінің
мамандықтарына деген немқұрайдылықтарын,
өздерінен басқа адамға жандары ашымайтындықтарын
көзіммен көріп, талай рет түңілгенім
бар. Аппақ қардай ақ халат киіп, сырттарынан
жылтырағандарымен, іштерінде ит өліп
жатқан қара ниетті, мәдениеті тым төмен,
білімсіз дәрігерлер мен сауатсыз медбикештер
бар екенін көргенде жүрегің ауырады.
Солар үшін сен ұяласың. Ал енді сырқат
жандар мұндай шала сауатты, мұз жүректі
дәрігерлер мен медбикештерден қалай
ғана шипалана қойсын-ау. Қайта дерттеріне
дерт, кеселдеріне кесел қосылып, өмірі
жазылмайтын созылмалы ауруға шалдығады.
Өзін-өзі сыйлайтын мәдениетті дәрігер
мен орта буын медицина қызметкерлері
медициналық этика мен деонтологияның
ғасырлардан бері жинақталған білім бұлағынан
сусындап, бойына сіңіріп, өзін үнемі жетілдіріп
отырғанда ғана жақсы дәрігер, үлгілі
медицина қызметкері бола алады. Дәрігер
үшін де, орта буын медицина қызметкерлері
үшін де ең басты қағида - адамгершілікті,
мейірімділікті, ілтипатты сақтай білу.
Бір кезде халқы құдайдай сенген, пір тұтқан,
төредей күтіп сыйлаған дәрігерлер мен
медицина қызметкерлерінің бұл күнде
ел арасындағы абырой-атағы, сый-сияпаты,
құрметі бұрынғыдай емес, әжептәуір төмендеп-ақ
кеткен. Бұған кім кінәлі? Ең әуелі сол
медицина қызметкерлері мен дәрігерлердің
өздері кінәлі. Адам баласы өзін біреуге
сыйлата алу үшін, ең әуелі өзі сыйласымды
болғаны дұрыс. Өзің дөрекі, мәдениетсіз,
білімсіз, санасыз, кір-қожалақ, салдыр-салақ
болып тұрсаң сені кім сыйлайды? "Сыйға
- сый, сыраға - бал" деп бұрынғылар бекер
айтпаған. Мүмкін дәрігерлеріміз бен медицина
қызметкерлеріміздің ел арасындағы қадір-қасиетінің
тым төмендеп кетуі қоғамымыздағы болып
жатқан экономикалық, саяси, рухани өзгерістер
мен тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлардын
өте нашарлап кетуіне де байланысты шығар.
Қалай болған күнде де, ел басына қандай
қиыншылық түссе де дәрігер болсын, орта
буын медицина кызметкерлері болсын, өзінің
кадір-қасиеті, намысы, мамандығының абырой-атағы
үшін күресе білуі керек. Дәрігер мен орта
буын медицина қызметкерлерінің адам
баласының денсаулығының сақшысы екенін
қас қағым сәтке де ұмытуға қақылары жоқ.
Ішкі мәдениеті үйлескен дәрігер мен медбикештер
ғана сырқат жүрегіне жол тауып, адам жанының
арашашысы бола алады. Тән жарасы мен жан
жарасының шипагері бола білген адам ғана
нағыз дәрігер, медбикеш деген атка лайық
бола алады. Ол үшін әрбір дәрігердің,
әрбір медбикештің көп ізденулері, білімі
мен мәденитін көтерулері қажет. Дәрігерлік
этика мен деонтология ілімдерін үздіксіз
оқып-үйренулері керек.
Этика дегеніміз гректің мінез, әдет-ғұрып
деген сөзінен шықкан философиялық ұғым.
Яғни адамдардың мінез-құлқы, әдептілігі
туралы ілім. Этика адамдар мен адамдардың
арасындағы адамгершілікке толы қарым-қатынастардың
озық үлгілерін, жақсы дәстүрлерін оқытатын
қағидалар жиынтығы.
Этика - мораль туралы ілім, яғни адамгершілікті,
ізеттілікті, кішіпейілділікті, әдептілікті
оқытады. Ал мораль дегеніміз қоғамдық
сананың бір түрі немесе бір көрінісі.
Адамдардың арасында ежелден қалыптасқан
жақсы мінез-құлқы мен инабатты, адамгершілікке
толы қарым-қатынастарын реттейтін принциптер
мен жиынтық ережелерін мораль дейміз.
"Адам - адамға дос, жолдас, бауыр"
деген ұлағатты сөз этиканың ең негізгі
қағидаларының бірі. Медициналық этика
- медициналық қызметкерлер жұмысындағы
гуманизм көрінісі, деонтологияның теориялық
негізі болып саналады.
Деонтология - (гректің - тиіс, керек деген
сөзінен шыққан) дегеніміз әрбір жеке
адамның бүкіл адам баласы мен қоғамның
алдындағы атқаруға тиіс міндетін, борышын,
парызын оқытатын этиканың негізгі бір
саласы.
Деонтологияның негізгі принципі - адам
жеке басының қамын ойламай, өз мүддесін
халық пен қоғамның қажеттілігіне саналы
түрде бағындыра отырып, жеке басының
мүддесін қоғамдық мүддемен гармониялық
түрде үйлестіре алуында.
Медициналық деонтология дегеніміз - медицина
қызметкерлерінің адам баласы алдындағы,
қоғам алдындағы атқаруға тиіс кәсіптік
парызы мен өтеуге тиіс борышын оқытатын
ілім.
Дүние жүзі халықтарының әрқайсысының
өздерінің ұлттық, діни, қоғамдық мәдени
ерекшеліктеріне қарай әр дәуірде денсаулықты
сақтау этикасы мен медициналық этика
жөніндегі көзқарастары әртүрлі болған.
Тарихқа жүгінсек, әртүрлі қоғамдық-экономикалық
формацияларда адамның денсаулығы мен
өнерін сақтауға байланысты этикалық
нормалардың көптеген түрлері болғанына
көзіміз жетеді.
Қай заманда болмасын дәрігерлер мен емшілерден,
медицина қызметкерлерінен адамзатқа
қызмет ету жолында олардың бойында адамгершіліктің
мейірімділіктің ізгі ниеттіліктің, адамға
деген сүйіспеншіліктің, жанашырлықтың
мол болуын талап етіп отырған.
Біздің дәуірімізге дейін IX ғасырда өмір
сүрген атақты үнді дәрігерінің "Өмір
кітабы (Аюр-Веде) атты еңбегінде дәрігерге
былай деген өсиет айтады': "Дәрігер
іс жүзінде табысқа жету үшін; өзінің дені
сау, мұнтаздай таза, қарапайым, шыдамды
сақалы қысқа етіп бастырылған, тырнақтары
алынған, ақ жейде, жұпыны киім киген болу
керек. Сөйлеген сөзі жұмсақ, жағымды,
тартымды және үлкен үмітпен айтылуы қажет.
Дәрігердің ақ жүректі адал, қайғыға ортақтасқыш,
сезімтал, тура мінезді байсалды, ерекше
сабырлы, асқан ақылды, әрқашанда жақсылық
істеуге тырысып тұратын адам болғаны
абзал. Жақсы дәрігер сырқатты үнемі уақтылы
қарап, мұқият тексеруге міндетті. Қорқақтық
және жасқаншақтық дәрігерге жат мінез.
Сол сияқты біздің дәуірімізге дейін VIII
ғасырда өмір сүрген үнді-дәрігері Чарака
өзінің "Чарака-с\-мхита" деген дәрігер
этикасында: "Көп жылдар бойы ұстазыңнан
оқып-үйреніп қана қоймастан, өзіңді белгілі
бір ақылдылық пен төзділікке де тәрбиелеуің
керек. Науқасқа кетіп бара жатқанда өзіңнің
ойыңды, сезіміңді тыныштандыр, мейірімді,
адамгершілікті бол, істеген ісіңнен пайда
іздеме, сырқатты аялай біл, сауығып кетсе
қуан, тіпті жауыңды да емдеуге тырыс -
бұл қасиеттердің бәрі дәрігердің мінез-құлқын,
жүріс-тұрысын анықтайды, адамгершілік
қасиеттерің аңғартады. Науқас туған-туыстарына,
бала-шағасына, тіпті әке-шешесіне күдіктенсе
де дәрігерге имандай сенуі қажет, сондықтан
да сырқатқа оның балаларынан да, әке-шешесінен
де артық қарауға тиіссің".
Ежелгі медициналық этиканың бірі біздің
дәуірімізге дейінгі XVIII ғасырда тастын
бетіне қашалып жазылып, осы уақытқа дейін
сақталып келген ертедегі Вавилонда (Бабылда)
шықкан "хааурапи заңы. Осы заң жазылған
екі тас Ригадағы Павла Страдыня атындағы
медицина тарихы музейінде сақтаулы. Оңда:
"Егер дәрігер кез келген адамға қола
пышақпен өте жауапты операция жасап,
оны өлтіріп алатын болса немесе көзі
катаракт болып ауырған адамның катарактыны
алу кезінде көзін зақымдап алса, ол дәрігерді
қолын кесу арқылы жазалау керек" депті.
Әрине, адамгершілік көзқараспен қарасаң
бұл өте қатал жаза. Дегенмен, жаны ауырып,
тәні зақымдалған адамдарды жазықсыздан-жазықсыз
пышаққа салып, дәрігердің немқұрайдылығынан,
білімсіздігінен, тасжүректілігінен өлтіріп
алмаулары үшін емдеушілерді үнемі жинақылықта,
сақтықта, не істесе де істеген ісіне толық
жауап бере алатындай дәрежедегі сергектікте
жүруді қажет ететін заманына лайықты
заң болса керек.
Қателескені үшін дәрігердің қолын кесіп
тастау арқылы жазалаудың өзі барып тұрған
қатыгездік болғанымен, түптеп келгенде
сырқатқа жандары ашығандықтан, емдеу
кезінде дәрігердің өте ұқыпты болуын
талап ететін, адамгершілікті көздеген
ізгі ниеттен туындаған, әділетті көксеген,
қатыгез болса да қайырымдылыққа шақыруға
тырысқан өз дәуіріне тән қатал заң екеніне
көзің жетеді. Ал енді біздің дәуірде,
яғни адамзат мәдениетінің өркендеуі
мен ғылыми-техникалық прогрестің үздіксіз
дамуы кезеңінде дәрігерлердің тексеру,
емдеу кезінде қателесуге, қателеспек
түгіл мүлт кетуге қақылары жоқ. Мысалы,
тек қана дәрінің немесе басқа да шипалық
әсері бар құрал-жабдықтардың (рентгенмен,
лазермен, ультрадыбыстармен, инемен т.б.;
көмегімен емдеу кезінде терапевтің, невропатологтың,
нефрологтың, ревматологтың, аллергологтың,
инфекционистің жіберген қателері және
операция жасау алдында диагнозын дқрыс
қою кезі мен операция жасау кезінде жіберген
қателердің арасы жер мен көктей. Тек қана
дәрімен гана емделетін кеселдердің дәрігерлері
қате жіберсе, ол адам тез арада сауығып
кете алмаса да, өміріне бірден кауіп төне
қоймайды: ауруы созылмалыға айналып,
ұзақ уақыт төсек тартып жатып қалуы мүмкін
де, немесе ілініп-салынып бір күн ауру,
бір кун сау, таңды таңға, күнді күнге ұрып,
әртүрлі маман дәрігер қабылдауында болып,
олардың есігін қағып, босағасын тоздырып
жазылып та кетпей, не біржолата ауырыпта
тынбай, күн өткен сайын ауруына ауру жамап,
біртіндеп қатып-семіп, шөккен үстіне
шөге беруі мүмкін. Сырт көзге онша білінбегенімен,
тереңіне ой жіберсең көптеген созылмалы
кеселдердің пайда болуының басты себептерінің
бірі дәрігерлердің шала сауаттылығы
мен немқұрайдылығы, өресіздігі мен жалқаулығы
екеніне оп-оңай-ақ көз жеткізуге болады.
Ал хирургтерге қателесуге еш болмайды.
Болмайтын себебі, хирургтердің қателері,
терапевтердікі сияқты, адамды созылмалы
дертке шалдықтырып діңкелетіп қоймайды,
өміріне қатер төңдіреді. Хирургтердің
ең қауіпті жері де осында, егер пышақ
жүзі мүлт кетсе - бір қыршынның өмірін
қиып түскені. Хирург науқасты емдеп, сауықтырып
жіберуі үшін бірнеше сыннан сүрінбей
өтуі керек. Алдымен "пәлен жерім ауырады"
деп шағым айтып келіп отырған науқастың
- мейлі ол жаңа туған нәресте болсын, мейлі
ол самайына ақ кірген әже, ақ сақалды
ата болсын - шағымын ынта-жігерімен тындап,
мұқият қарап, тиісті анализдерін алдырып,
қажетті құрал-жабдықтармен (рентгенмен,
ультрадыбыспен, компьютерлі томограммамен,
фиброгастроскоппен, цистоскоппен т.б.)
тексеріп, дерттің диагнозын дәл қоюы
керек. Ол үшін медициналық терең білім
керек. Алдыңа келіп отырған адамдардың
үлкенімен де, кішісімен де тіл тауып сөйлесіп,
мінез-құлық ерекшеліктеріне қарай әрқайсысының
жан дүниесіне бойлай еніп, сана-сезімін
баурап алатындай ерекше қасиетің болу
керек. Науқастың алдында өзіңді-өзің
мәдениетті ұстап, оның дертіне дауа бола
алатындай етіп сыр шерте әңгімелесу арқылы,
жасалатын операция (егерде операция жасауды
қажет ететін кесел болса) мен ем қолдану
ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Сонан
соң осы операциядан кейін құлан-таза
сауығып, аяғынан тік тұрып, ел қатарлы
еңбек етіп, тіршілік етіп, тұрып кететініне
сырқатты нандыра алсаң ғана операция
сәтті болып, қолданған емің қонатыны
ақиқат. Егер әңгіме барысында науқас
кейбір шикілігінді байқап іштей секем
алып, көңіліне сенімсіздік ұялатса, онда
жасаған операцияның сәтті аяқталуы екіталай.
Бұл тек қарттарды емдейтін хирургтерге
ғана қатысты емес, жарық дүниеге жаңа
келген нәрестеден бастап он төрт жасқа
келген жеткіншектерді емдейтін балалар
хирургтеріне де қатысы бар көкейтесті
мәселелердің бірі. "Ой, жаңа туған қызылшақа
нәресте сенің қайсыбір әңгіменді, мәдениетіңді,
сылап-сипап еркелеткеніңді, жылы сөздеріңді
түсінеді?" деген дәрігерлердің арасында
еш негізі жоқ жаңсақ пікір бар. Меніңше,
ересек адамдар дәрігерден өзіне медеу
болатын жүрек шымырлатар жылы сөзін,
аялы ыстық алақанын қалай асыға күтсе,
сәбилер де дол солай күтетінінде күмән
жоқ. Тіпті кездерін әлі аша қоймаған шала
туған нәрестелердің өздері де "осы
баланы қайткен күнде емдеп шығуым керек!"
деп бар жан-тәнімен, шын ықыласын сала
емдеуге кіріскен дәрігердің құдіретті
алақанынан, лүпілдеп соққан жүрегінен,
үздіксіз шарқ ұрған сана-сезімінен тіршілігіне
қажетті қосымша қуат алып жататындарын
да сеземін. Әр нәрестенің жақынымен болған
шынайы сұхбаттың өзі де, егер сол кісілердің
сана-сезімінде дәрігерге деген бір сенім
пайда болатын болса, сол сенімнің қуаты
адам баласының көзіне керінбейтін, әлі
ашыла қоймаған құпия жолдармен нәрестенің
бойына да дариды. Мүмкін ол сенім күші
анасынан сәбиге ақ сүті арқылы дарыса,
ал әкесінен және басқа жақындарынан бойынан
бөлінетін, әлі жөнді зерттеліп ашыла
қоймаған биотоктар арқылы даритын болуы
керек. Ондай күш бар екеніне күн өткен
сайын көзіміз жете түсуде. Бұдан ертеректе
ата аналарымыз: "Уа, аруақтар, бала-шаға,
немере-шөберелеріңді қорғап-қолдап жүріндер,
түздегімізді - түзде, үйдегімізді үйде
аман қылып, пәле-жалаңнан сақта, көзі
жаманның көзінен, сұғы жаманның сұғынан
сақта, ауру-сырқаудан аман қыл". - деп
ата-бабаларымыздың аруақтарына сыйынып
жататынының үлкен мәні, негізі бар екеніне
енді ғана түсіне бастағандаймыз. Осы
бата, тілек күш-қуат бере отырып, тіршілікке
деген ынтызарлыкқа, өмір сүруге деген
құлшынысқа, болашакқа деген құштарлыққа,
кездескен кез-келген қиыншылықты адал
еңбегімізбен, табан ақы, маңдай терімізбен
жеңе біліп, сана-сезімімізге, жүрегімізге
ғажайып бір күшті сенім ұялатады екен
ғой! Мінеки, сол сенім құдіреті - медицина
қаншалықты қажет екенін байқаймыз. Әр
адамдағы сенім қүдіреті сол адамның жүрек,
ми, өкпе-бауыр, ішек-карын, бүйрек тәрізді
адам тіршілігіне өте қажетті ағзалардың
қасиеттерінен кем емес, тіпті кейбір
сын сәттерінде олардың өздерінің жұмыс
істеу қабілеттерін жақсартып, аурудан
мүлдем айықтырып жібере алатындығына
көзіміз жетіп отыр. Сенім құдіретінің
отаны ми екендігінде күмән жоқ. Туа біткен
кемтарлық пен кембағалдықтан басқа, адамның
бойында жүре пайда болған кеселдердің
(сынық пен зақымданудан басқа) пайда болу
себебінің негізінде орталық ми жүйесі
ең негізгі рөл атқарады, кез келген дертті
емдеуді бастамас бұрын одан сауығып кететіндігі
жөнінде сенім күшін ұялата білуіміз керек.
Сонда ғана берген еміміз қонып, сырқат
құлантаза сауығып кете алады.
Сырқаттың сана-сезімін түгелдей билеп
алу көрінген дәрігердің қолынан келмейді.
Ол үшін үздіксіз оқып, білімін жетілдіріп,
тәжірибе жинап, жаттығып, үлкендерден
үлгі-өнеге алып, өзін-өзі тәрбиелеп машықтануы
қажет. Адамның жан-дүниесін, сана-сезімін
билеп ала алатындай тума талант касиеті
бар адамдардан ғана данышпан дорігерлер
шыққаны тарихтан да белгілі. Олар: үнді
дорігері Сушрут (IX ғ. б. э д.) қытайлық хирургтер
Бянь Цяо (V ғ. б. э. д.) мен Хуа То (ІІ-Ш ғ.
б. э. д.), грециялық Гиппократты (460-377 ж.
б. э. д.), жерлесіміз Әбу Әли Ибн Сина (980-1037
ж), орыс оқымыстылары Н. И. Пирогов (1810-1881
ж), С. П. Боткин П837-1889 ж.). В. П. Филатов (1875-1956
ж), балалар дәрігерлері Г Н. Сперанский
(1873-1967 ж), С. Д. Термонский (і896-1960 ж), қазіргі
атақты балалар хирургтері С. Я Долецкий,
А. Г. Пугачев, Г. А. Баиров, А. И. Ленюшкин,
тәжікстандық А. Т. Пулатов, қазақстандықтар
К. С. Ормантаев, К. Қ. Қожақанов. Көп жылдар
бойы сан қуып, сапаға көңіл аудармай кетуіміздің
салдарынан бүгінгі күні дәрігерлік қабілеті
бар жеткіншектер жоғары оқу орындарында
білім алып жүр деп айта алмаймыз. Оның
бір дәлелі - төмендемей отырған балалар
мен аналардың өлімі. Дәрігерлердің сапасын
жақсарту үшін не істеу керек?
Біріншіден, медицина институтына адамзатқа
деген сүйіспеншілігі мол, дәрігер болуға
қабілетті жастарды қабылдауымыз керек.
Екіншіден, дәрігерлік мамандыққа мектеп
жасынан бастап дәрігер болуға бейімі
бар балаларды алдын-ала іріктеп алып
даярлаған жөн. Оларды іріктеу кезінде
тұқымында, отбасында емші, балгер, сынықшы,
бақсы болып немесе осымен айналысқан
шаңырақтарға баса көңіл аударған дұрыс.
Осындай ерекше қасиеттері бар жастарға
арнайы медициналық білім берілсе медицинада,
биологияда небір ғажайып жаңалықтардың
ашылмасына кім кепілдік береді! Бұл біздің
болашақ ұрпағымыз үшін қажет.
Үшіншіден, оқуға қазақша мектепті бітіріп
келіп түскен студенттер үшін барлық сабақты
бірінші курстан бастап аяғына дейін ана
тілінде жүргізілуі керек. Сонда институт
бітірген жастарымыздың арасынан суырылып
алдыға шығып, өздерінің шын талант иесі
екендіктерін ана тілінде ғылыми-зерттеу
жұмыстарын жүргізіп, ана тілінде кандидаттық,
докторлық диссертациялар қорғап, дәлелдеп
беретін күн де алыс емес.
Төртіншіден, оқуға түскен жастарымыздың
жақсы дәрігер болу-болмауы тек өздеріне
ғана байланысты. Ол үнемі оқып ізденсе,
ерінбей-жалықпай еңбек етсе алдына қойған
мақсатына жетеді. Халқымыз егеменді,
дені сау, мәдениетті елге айналу үшін
бүгінгі дәрігеріміз саналы, сауатты,
білімділігі мен шеберлігі, мәдениеті
мен парасаты жоғары болу керек. Қазіргі
білімнен сусындап, студенттеріміз келешекте
халқын сүйген жақсы дәрігерлер болып
шығуы үшін этика мен деонтология ілімінің
атқаратын рөлі зор. |