Елбасының 2050 жолдауы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Октября 2013 в 22:04, реферат

Описание работы

Осы ретте Елбасы 2050 жылға дейінгі стратегияға тоқталмас бұрын «Қазақстан-2030» құжатында қамтылған басымдықтардың орындалуына, оның ішінде 7 бағыт бойынша атқарылған шараларға көз жүгіртті. Оның біріншісі Ұлттық қауіпсіздік. «Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық. Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Қазақстан Каспий теңізінің айдынындағы ахуалды сенімді бақылауда ұстайды. Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз.

Файлы: 1 файл

Елбасының 2050 жолдауы.doc

— 58.00 Кб (Скачать файл)

Осы ретте Елбасы 2050 жылға  дейінгі стратегияға тоқталмас  бұрын «Қазақстан-2030» құжатында  қамтылған басымдықтардың орындалуына, оның ішінде  7 бағыт бойынша атқарылған шараларға көз жүгіртті.  Оның біріншісі Ұлттық қауіпсіздік. «Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық. Тұңғыш рет тарихта біздің  мемлекет  халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Қазақстан  Каспий теңізінің айдынындағы  ахуалды сенімді бақылауда ұстайды. Болашақта  кез келген аумақтық  даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға  көршілермен  даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз  адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тоқталған екінші басымдық ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлік. Бұл бағытта Қазақстан  өзінің саясатын нығайтып қана қоймай, әлемдік қауымдастыққа үлгі ел ретінде саналатыны да бекер емес. Қазақстан бүгінде  мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналғаны белгілі. Әлемдік және  дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі  нақ біздің елімізде  өтті. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының  көпірі болуға тиіс» деп атап өтті. «Қазақстан-2030» Стратегиясында  басты назар экономикалық өсуге аударылған болатын. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі  1997  жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы  28 триллион теңгеге  өсті. Елдің ІЖӨ  16  еседен астам өсті.  1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы  өсуі  7,6%-ды құрап,  алдыңғы қатарлы  елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Стратегиядағы тағы бір басымдық - ел азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын арттыру болатын. Мұнда да атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі. Мәселен, орташа  айлық жалақы 9,3  есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің  орташа мөлшері 10 есе ұлғайды.  Халықтың нақтылы ақшалай кірістері  16  есе өскен. Соңғы 15 жылда халықтың саны  14 млн-нан 17 млн. адамға дейінгі өсімі де соның айғағы.

Бұлардан бөлек, Мемлекет басшысы энергетикалық ресурстар саласындағы межелердің атқарылуын, инфрақұрылым, оның ішінде көлік пен байланыс саласындағы басымдықтардың орындалғанын, ең ақыр аяғы кәсіби мемлекеттің құрылуының жай-жапсарын да егжей-тегжейлі баяндады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бірқатар жаһандық сыни-қатерлердің мән-жайына тоқтала келе, бұндай қауіптердің алдын алу немесе лайықты қабылдауға 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес екеніне тоқталды. Яғни, Қазақ елі ендігі елдік дамуының бағдарын бүгін бекітіп, жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, кезекті дүниетанымдық серпілісті жасауы аса маңызды. Оның үстіне 15 жыл бұрынғы «Қазақстан-2030» Стратегиясы мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Жоғарыда айтқандай, барлық базалық өлшемін де мерзімінен бұрын тауысқан. Ақыр аяғы мемелкеттің алдында жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлер тұр. Сондықтан «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдаудың маңызы зор болмақ. «2050 жыл - жай бейнелі дата емес. Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады. Қазір елдердің дені  осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды. Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте межеленген бағдарға тоқтала келе Елбасы Қазақстан-2050 стратегиясы - Қазақстан-2030 стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы екеніне мән берді. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін. Осыған орай,  ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында отыруы тиістігін қадап айтты. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, дамушы елдер арасында дәл осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Соған орай, Нұрсұлтан Әбішұлы «күн астындағы орын» тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиістігін атап өтті.  

Жалпы, Елбасының бұл жолғы жолдауы  жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағытын қамтыған міндеттердің жаңа парадигмасынан тұрады. Оның ішінде жаңа саяси бағыттың мақсаттары айқындалып, елдік дамудың барлық салаларын қамтып отыр. Жолдаудың соңы ұлтқа арналған үндеумен аяқталады.  

«Қазақстан біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қасиетті мекенде өмір сүріп, өркен жайды. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонайжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз. Мынау жаһандану дәуірі - көпұлтты мемлекеттер дәуірі болмақ. Жалғыз ұлттың мемлекеті деген болмайды. Бұл әлемдік үрдіс», - деді Елбасы. Сонымен қатар, еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірігіп үлес қосқанына тоқталды. «Ендеше Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақстандықтың басты қағидаты болуы шарт», - деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Елбасы ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланатынын, мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылатынын қадап айтты. «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат қоғамымызды одан әрі  ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Сондықтан алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғасады.  «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», - деді Н. Назарбаев.

«Тәуелсіздігін алған  тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион  немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 %-дан асты. Қазақтың саны 4 миллионға  артты.  Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.  Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.  Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.  Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бірлік мәселесіне келгенде, ең әуелі осы  істің қазаққа ауадай қажеттігін алға тартты.  Сондықтан қазақтың бірлігі - елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге - қазақтарға керек.  Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.  Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай», - деген пайымымен бөлісті Елбасы. Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден - қазақтардан артық мүдделі кім бар?! Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды», - дей келе Мемлекет басшысы ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін екенін, ал ру мен тайпаға бөліну - ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі болатынын қадап айтты.

«Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға - қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре - қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс.  Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

«Ендігі қазақ қоғамында  көпшілікті толғандыратын мәселенің  бірі - діни ахуалдың жай-күйі. Әрине, біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзхәбын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Жастардың үлкендерді сыйлауға негіздеген. Біздің ата-бабаларымыз ешуақытта қыз баланың бетін бүркемеген. Ендеше бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін - ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады. Оларға еретін болсақ, біз апа-қарындастарымыз бен қыздарымыздың бетін тұмшалағанды былай қойғанда, олармен бір дастарханда отырып, тамақ ішуден қаламыз», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің пайымынша, мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктен бойды аулақ ұстау қажет. «Мен жастарды ХХІ ғасырға, келешектегі ХХІІ қарай жетектеп отырмын. Ал мынадай жасалатын дүниелер бізді орта ғасырға, артқа қарай тартып отыр деген сөз. Осыны ойланыңыздар! Біздің мемлекетіміздің зайырлылық сипаты -  бұл Қазақстанның табысты дамуының басты негізі. Осыны бүгінгі һәм келешек қазақстандық  саясаткерлер және барша қазақстандықтар жете түсінгені абзал», - деді Н. Назарбаев

 

 

                                          Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті

 

 

 

 

 

 

СӨЖ

Елбасы жолдауы: Қазақстан-2050

 

            

                                                   Орындаған: Асқаров Елнұр

                                                     Тексерген: Токишкадиров Б.Б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Семей 2013-жыл


Информация о работе Елбасының 2050 жолдауы