Қр жастары құндылықтарының қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтаудың факторы ретіндегі ролі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 30 Сентября 2013 в 18:31, доклад

Описание работы

Қазіргі таңда әлеуметтанушылар «жастар» деген ұғымды жас ерекшеліктер және сонымен байланысты қызмет түрлерінің негізінде пайда болатын топтасқан көпшіліктің жалпылама жиынтығы ретінде айқындайды. Қысқа мағынада, жастар–жас адамдардың әлеуметтік жағдайының ерекшелiктерi, олардың қоғамның әлеуметтік құрылымындағы орны мен қызметі, ерекше құндылықтары мен мүдделері негізінде бөлінетін әлеуметтік-демографиялық топ. Әлемде БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 15-пен 24 жас аралығындағы жас азаматтар 1,3 миллиард шамасында. ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды жастар деп атау қабылданған. Бұл жастағы адамдар тобы еліміздегі тұрғындар санының 27,4% (4 510 435 адам) құрайды және өте маңызды болып табылады, тіпті оларды қоғамдағы ең шешуші звено деп айтуға болады

Файлы: 1 файл

ҚР ЖАСТАРЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ.docx

— 38.00 Кб (Скачать файл)

ҚР ЖАСТАРЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУДЫҢ ФАКТОРЫ РЕТІНДЕГІ РОЛІ

 

 

 

Шалқар  Талғатұлы Нұрсейітов

Қазіргі таңда әлеуметтанушылар «жастар» деген ұғымды жас ерекшеліктер және сонымен байланысты қызмет түрлерінің негізінде пайда болатын топтасқан көпшіліктің жалпылама жиынтығы ретінде айқындайды. Қысқа мағынада, жастар–жас адамдардың әлеуметтік жағдайының ерекшелiктерi, олардың қоғамның әлеуметтік құрылымындағы орны мен қызметі, ерекше құндылықтары мен мүдделері негізінде бөлінетін әлеуметтік-демографиялық топ. Әлемде БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 15-пен 24 жас аралығындағы жас азаматтар 1,3 миллиард шамасында. ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды жастар деп атау қабылданған. Бұл жастағы адамдар тобы еліміздегі тұрғындар санының 27,4% (4 510 435 адам) құрайды және өте маңызды болып табылады, тіпті оларды қоғамдағы ең шешуші звено деп айтуға болады [1].

Мемлекетіміздің тұрақты даму үдерісіндегі шарттардың бірі – жас ұрпақтың әлеуметтік бағытталуы және азаматтық қалыптасуы үшін ұйымдастырушылық, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағдайлар жасау және оларды нығайту.

Жастар кез келген мемлекеттiң кешендi дамуы үшiн стратегиялық ресурс болып табылады. 2004 жылғы Украинадағы, 2010 жылғы Қырғызстандағы,  2011 жылғы Солтүстік Африка мемлекеттеріндегі, сондай-ақ Ресейдегі соңғы Парламенттік сайлаудан кейінгі орын алған оқиғалар жастардың қоғамдағы теріс әрекеттерді өткір әрі тез қабылдайтынын, жастармен жасалатын жұмыстардағы жіберілген қателіктер қолайсыз салдарға әкеп соқтыратындығын дәлелдеді.

Жастардың пiкiрлерiн зерттеу, жастар саясатының үрдісіне, жастардың бүгінгі таңдағы құндылықтарына және қазiргi жай-күйiне уақытылы мониторинг жүргізу мемлекет үшiн өте маңызды. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының iске асырылуын зерделеу жөніндегі бірқатар социологиялық және талдамалы зерттеулер жүргiзiлуі аса маңызды болып табылады.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты жеткiлiктi нормативтік–құқықтық базамен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасында мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітіліп, 2004 жылы «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заң қабылданды. Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында, Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында, басқа да маңызды стратегиялық құжаттарда жастар саясатына арнайы бөлім арналған. Бiлiм және ғылым министрлігінің құрылымында, аталған саладағы бейіндік мемлекеттік орган болып табылатын Жастар саясаты департаменті жұмыс iстеуде.

Бәрімізге мәлім,  соңғы жылдары мемлекетімізде жастармен белсенді түрде жұмыстар жүргізілуде – жастардың жаңа қоғамдық бірлестіктері құрылды, сонымен қатар облыс аудандарында әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары атқарылды, жыл сайын жастар форумдарын, кәсіптік конкурстар, фестивальдар, отансүйгіштер шеруін өткізу дәстүрге айналды, жастарды әлеуметтік қорғаудың әртүрлі нысандары енгізіліп отыр. Алайда, қазіргі таңдағы қоғамдағы беталыс,  қоғам мен мемлекет тарапынан жас ұрпақтың қалыптасуы мен тәрбиеленуі проблемаларына ерекше назар аударылуы мемлекеттегі жастар саясатын жүзеге асырудың жаңа сапалы тәсілдерін әзірлеуді қажет етеді. Осы ретте, жастар саясаты бүгінгі күні жас ұрпақтың қоғамдық өмірге әлеуметтік кірігуінің бірден-бір мүмкін боларлық тетігі болып табылады.

Жастар халықтың қоғамдық белсенді бөлігі және егемен еліміздің перспективалық дамуы үшін стратегиялық ресурсы болып табылады. Жастар саясаты мемлекет мүддесі мен мемлекеттің болашақта дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндіктері бар интеллектуалды және рухани-саналы тұлғаның қалыптасу қажеттілігі аясында айқындалады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясатының негiзгi мақсаты - жастардың азаматтық, әлеуметтiк дербес тұлғалық қалыптасуын жүзеге асыру үшiн қажет құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау мен нығайту болып табылады[2]. Зерттеу жұмысының негізгі аспектісі ретінде жастардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық қамсыздандыру мәселесі алынды. Жастар саясатын жүйелі жүргізу қажеттілігі өзінің әлеуметтендіру процесінде жас адамның кезігіп отыратын өмір қиыншылықтарымен айқындалады. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық проблемалардың шешілмей отырғандығын атап өтуге болады. Жастар өзінің біліктілігі және кәсіби даярлығы деңгейінің төмендігіне байланысты халықтың аз қорғалған бөлігі болып табылады. Жұмыссыздық және рухани шектелу қылмыс, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік және осы сияқты әлеуметтік құбылыстардың таралуы - олардың басты факторы болып отыр.

Жастардың әлеуметтiк-экономикалық жағдайы  статистикалық көрсеткiштер қатарынан  көрінеді және әрбір жас азаматтың қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Жастық шақ кезеңіне адам өмірінің басты әлеуметтік және демографиялық құбылыстары: жалпы орта білімді аяқтау, мамандық таңдау және кәсіби білім алу, еңбек жолының бастау алуы, отбасын құруы, балалы болуы енеді[3].

Жастық шақ - адамың балалық щақтан есейген шаққа өту кезеңі, оның жеке көзқарасының нақты калыптасу, өмірлік құндылығының және бағыт бағдарының қалыптасу кезеңі. Осы жастағы адамның тұрақты әлеуметтiк-экономикалық жағдайы өте маңызды. Дамыған елдердегі жастар ісі жөніндегі мемлекеттiк органдар жастарды дамыту, тәрбие жұмыстары әлеуметтiк аспектілеріне ерекше көңіл бөледі. Қазақстанда негізгі күш қоғамдық-саяси іс-шараларға, жас азаматтардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға жұмсалынады.

Жастар мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі және қоғамның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. ҚР-да 2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша 14-пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 4 510 435 адамды, яғни жалпы халық санынан алғанда 27,4%-ды құрады. 1999 жылғы санақ қорытындысы бойынша, жастардың саны 3 872 566 адамды құрағандығын атап өту керек, яғни 10 жыл ішінде, жастардың абсолюттi санының өсуi 600 мың адамды құрады. Еркектердiң саны (еркектер - 2 256 228, әйелдер - 2 254 207) әйелдердiң санынан аздап қана асады. Тұрғылықты мекен-жайы бойынша қалалық жастар - 55,1%, ауыл жастары - 44, 8% құрайды. Қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі жастардың саны 4728543 (еліміздегі халық санының 29,5% ), 18-19 жас аралығында – 595906 (3,7%), 20-24 жаста - 1584654 (9,9%), 25-29 жаста – 1358846 (8,5%). Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы жастар санының көп шоғырланған өңірлер болып табылады [1].Республикалық және өңірлік деңгейде жастар саясатын іске асыруда соңғы үш жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен бұл мақсаттарға 4,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыратын жастар ұйымдарын қаржыландыру көлемі үйлесімді кезеңде 1,4 млрд. теңгеге жетті. Жастар саясатын іске асыруына республикалық бюджеттен 2009 жылы 698,5 млн.теңге, 2010 жылы 717,8 млн.теңге (немесе 2009 жылға қарағанда 2,8% артық) бөлінді. Сонымен қатар, “Жасыл ел” бағдарламасын қаржыландыру 2010 жылы 308 млн.теңгені құрады [4].

ҚР қазіргі таңда жастардың көп бөлігі ауылшаруашылық(16,7%), сауда (14,3%), білім беру және денсаулық сақтау салаларында (12,3%) жұмыспен қамтылған. Жастар арасындағы жұмысыздық - 5,2% деңгейінде [1]. Дегенмен жастар арасында жұмыспен қамтуда өз-өздерін қамтамасыз ету мен арзан табыс көзі бар жұмыс көзіне тәуелділіктерін ескеруіміз қажет. Қазақстандық жастардың жеке кірісінің деңгейiне келер болсақ, мүлдем тұрақты кірісі жоқ жас азаматтардың үлесі-24,9%,  табысы 15 мың теңге -16,4%, табысы 15-30 мың теңге-16,2%, табысы 30-60 мың теңге -21,4%, табысы 60-100 мың теңге -6,2%, 100 мың теңгеден жоғары тұрақты кірісі бар азаматтар -2,5 %[4]. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша 50%-дан астам жастардың дербес  кірісі 30 000 теңгеден төмен. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш елеулі төмен. Бұл жастардың қажетті тәжірибесінің болмауы салдарынан тұрақты жұмыс пен жалақысы жоғары жұмыс табуының қиындығымен байланысты. Бұған қоса, жастардың бір бөлігі орта және жоғары оқу орындарында оқып жүргендіктен, тұрақты кірістері жоқ. Жастар дамушы әлеуметтік-демографиялық топ ретінде репродуктивті жаста бола отырып, сонымен бірге тұрғын үймен аз қамтылғандар қатарында.  Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенер болсақ, респонденттердің 21,7%-жекеменшік үйім бар, 18,3%-үйді жалға алудамын, 52,7%-ата-ана, туысқандарыммен тұрамын, 6,9%- жатақханада тұрамын, 0,3%-жауап беруге қиналамын деген жауаптарды көрсеткен [4]. Проценттік көрсеткіштерден көретініміздей жастардың басым көпшілігі жеке баспанамен қамтамасыз етілмегендіктен ата-ана, туысқандарымен тұрады. ҚР жастары арасында некеге тұрудың орта  жасы ЕО мемлекетерімен (27,3 жас) шамалас, яғни 1999  жылы 25,9 жас болса, 2009 жылы 26,8 жасты құраған [1]. Бұл мәселені біріншіден, жастар арасындағы құндылықтардың батыстық сипатта өзгеруімен, екіншіден әлеуметтік-экономикалық себептермен түсіндіруге болады. Бүгінгі таңда жастардың еңбекпен қамтамасыз етілуі 93% жуықтап (60% жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар), жұмыссыздық деңгейі 5,2% құрағанымен кедей халықтың 26,9% 15-29 жас аралығындағы жастар құрайды[5]. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың (сотты болғандар) құрамы бойынша 14-29 жас аралығындағылардың үлес салмағы-45,4% құрайды [1].Осындай проблемалар қысқа және ұзақ мерзімде жастардың барлық санаттары келешекте өзіндік белсенді азаматтық санасын тәрбиелеуге, олардың қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене қатысуына бағытталған жастардың қоғамдық маңызды бастамаларын тиімді қызмет ететін мемлекеттік органдармен қорғау жүйесін қалыптастыруды қажет етеді. Жастардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайы – оның дамуының, маргинализациялаудың ең төменгі деңгейіне мәлімет, жастар ортасындағы қылмыстың төмендеуінің кепілі. Сонымен, бүгінгі таңда ҚР жастары үшін негізгі әлеуметтік-экономикалық проблемалар- тұрғын үй мен жұмыс табу.

Жастар мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі және қоғамның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Зерттеу жұмысының келесі аспектісі ретінде жастардың мемлекеттік, жергілікті маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуы мен қабылданған шешімдерді шешуге атсалысуы, жалпы қоғамдық-саяси белсенділігі мәселесі алынды. Жастар мемлекеттің проблемаларын өткір сезінетін және қабылдайтын топтардың бірі болып табылады, бұл фактыны елемеу немесе оны жеткілікті деңгейде зерделемеу жастардың саяси жоғары бағалауларды дұрыс түсінбеуіне әкеліп соқтырады. Ол өз кезегінде жастардың бүтіндей әлеуметтік топ және жеке алғанда индивид ретінде билік институттарының: биліктен, оның практикасынан, нақты бір тұлғалардан және мекемелерден, билікті көрсететін рәсімдерден жатсыну миханизмін тудырады және қоғамның көңіл-күйі мен саяси жүйеге сенім деңгейінің маңызды индикаторы болып табылады.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенер болсақ, мемлекеттік органдарға жастардың өтініш жасауы жоғарғы деңгейде емес. Білім алуға мұқтаж және қайта даярлаудан өтуді қажетсінетін респонденттердің 70,6 % мемлекеттік органдарға өтініш жасамағандығын, тек 21,3% ғана өтініш білдіретіндігін, 8,2% жауап беруге қиналатындығын көрсеткен [6]. Осы орайда жастардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру жұмыстары қажеттілігі көрінеді. Құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру жұмыстары өзгенің мүддесін көздейтін топтар(халықаралық қорлар, дәстүрлі емес, қызметіне елімізде тыйым салынған діни ұйымдар, т.б бірлестіктер)тарапынан жүргізілу барысына мемлекетпен қатар ҚР жастары қырағылық танытулары аса маңызды. Қой терісін жамылған қасқырлардан сақ болу әрбір жас азамат үшін үлен мәнге ие.

Еліміздің соңғы қоғамдық саяси өмірі жылдарында  шындығында атаулы оқиғалар болды. Қазақстан Кеден Одағына енді, ДСҰ-ға енуге дайындықтың соңғы кезеңінен өтті, сонымен қатар VII Қысқы Азия ойындары табысты өтті. ҚР халықаралық саяси аренада тағы бір рет танытқан 2010 жылдың ең маңызды қоғамдық саяси оқиғасы, ол соңғы 11 жылда бірінші рет саммиті өткізілген Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болды. Жастардың негізгі ішкі саяси және халықаралық оқиғаларға берген бағасы, сондай-ақ жастардың еліміздің қоғамдық саяси өміріне қатысу деңгейін бағалауы әлеуметтік сауалнамалар нәтижесінде түзілген мәліметтер бойынша осы блокта қарастырылады. 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін Сiз қалай бағалайсыз?» деген сауал бойынша жастардың көбі (70%-ға жуығы) Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін оң бағалайды. Жауапқа негіздемелер ретінде еліміздің саяси имиджіне оң ықпал мен демократиялық жаңарулардың болуына, сонымен қатар ішкі қауіпсіздік стандартына әсері ететіндігі көрсетілген. Бірақ, бұл туралы хабардар еместер де болған, олар 13%-ы құрайды (негізінен мектеп оқушылары), ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді теріс бағалағандар(2%) төмендегі себептерді алға келтірген: «бұл өте көп ақшалай қаражатты шығындады»; «бұның ешкімге қажеті жоқ»; «бұл еліміздің имиджін жасау үшін ғана қажет болды».  Сондай-ақ, көпшілік жастар Ресей, Қазақстан және Белоруссияның бiрыңғай экономикалық және кеден кеңiстiгiн құруына оң баға береді. Тек 2% жастар бұған теріс баға берген [4]. Келтірілген көрсеткіштер жастардың маңызды халықаралық қоғамдық саяси, оның ішінде Қазақстанның бастамасымен болған оқиғаларға толығымен оң көзқараста екендігін көрсетті. Бұл аталған іс-шараларды өткізудің басымдығын түсіндіру және қажетті шешімдерді қабылдау жөніндегі ақпараттық насихаттау компанияларымен байланысты. Сонымен қатар, жас азаматтардың, жас ерекшеліктеріне қарай Отанында болып жатқан маңызды халықаралық оқиғаларды дұрыс сезінуі қуантады. Бұдан әрі жастардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын бағалау жүргізетін болсақ, негізінен жастар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне жастар ұйымдарының қызметіне қатысу арқылы араласады. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша жастар ұйымдарының саны екі есеге дейін өскен және қазір бұл көрсеткіш 743 –ті құрайды, оның ішінде ұйымдардың басым көпшілігін құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастардың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша оларға ақпараттық-кеңес берушілік, әлеуметтік көмек көрсету бойынша қызмет ететін бірлестіктер құрайды. Барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмыс атқару формалары мәдени-көпшілік және патриоттық акциялар, қайырымдылық іс-шаралары, концерттер, пікір-сайыстар, интеллектуалдық ойындар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, «дөңгелек үстелдер» және басқалары болып табылады.

Алайда, жастар қоғамдық бірлестіктерінің саны өскеніне қарамастан, олар әлі күнге дейін көпшілік үшін қызмет атқара алмай отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 30 мыңнан астам азаматы тұратын, оның көпшілін жастар құрап отырған Байқоңыр қаласында жастар қоғамдық бірлестіктері жоқ. Қазіргі бар үкіметтік емес ұйымдар әлі де жастардың мүддесін толық дәрежеде білдірмейді. Өйткені олар тек мектеп оқушылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері секілді жастардың тек белгілі бір санаттарымен ғана жұмыс атқаруда, ал жұмыс істейтін немесе жұмыссыз жүрген және басқа да санаттардағы жастар  қамтылмай қалып отыр.

Сауалнаманы талдау бойынша жастардың қоғамдық-саяси өмірге, жастар ұйымдарының қызметіне 51,5% қатыспайтындықтары, 40% жуығы қатысатындықтары (16,2% ғана белсенді), 7,4% –жауап беруге қиналғандығы анықталған. Жастар ЖІК, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары, дебат клубтары, «Жас Отан» сияқты саяси ұйымдар және т. б. оқу орындарының жанындағы жастардың көптеген бірлестіктері арқылы қоғамдық-саяси өмірге қатысады. Табысты жастар ұйымдарының қатарына «Жас Отан» ЖҚ (40,6%) және «Жасыл ел» (27,8%) енген. Бұл бірінші кезекте аталған ұйымдардың қаржылану көлемімен, олардың жұмысының форматымен және қызметтерінің БАҚ-та кеңінен насихатталуымен байланысты. Сауалнама парағында оппозициялық саяси жастар ұйымдары: «Рух пен тіл», Қазақстанның жас профессионалдарының қоғамы, «За свободный интернет» қозғалысы болғанымен, олардың ешбіреуі ең төменгі көрсеткіш 1% жинай алмаған [4].

Саяси жоғары бағалауларды, жеке алғанда қазақстандық жастардың электоралды әлеуетін талдау саяси институттарды еліміздің азаматтарының бағалау процесінің маңызды құрамы болып табылады [7]. Сондықтан, жас сайлаушылардың сайлау туралы ақпараттандырылуына қатысты сұрақ, оған берілген жауаптар олардың электоралды белсенділігіне байланысты болғандықтан өте маңызды. Жас азамат есейе келе жеке қызығушылықпен ғана емес, осы үрдістерге көптеп тартылу (жалақы ,заңдар, салықтар, бюджет, және с.с.) себепті саясатпен етене араласа бастайды. Белгілі американдық саясаттанушы Дж. Нагель саяси қатысуды кез-келген саяси жүйенің қатардағы мүшесінің жүйе қызметіне әсер етуі мен әсер етуге бағытталған іс-әрекеттерінің жиынтығы ретінде көрсетеді [8]. Бұл мағынада қарар болсақ, азаматтардың сайлауға қатысуы-саяси белсенділіктің бір көрінісі болып табылады. Алдағы уақытта болатын сайлау туралы жастардың хабардар болу үрдістерінің экономикалық бөлшектеріне жекелей назар аударған жөн. Зерттеулердің қорытындылары бойынша тұрақты кірістері жоқ (студенттер мен мектеп оқушылары) респонденттер, сондай-ақ кірісі 15.000 теңгеден төмен сұрау салынғандар жалпы саяси және сайлау үрдістерімен, атап айтқанда, кірістері неғұрлым жоғары деңгейдегі құрдастарына қарағанда анағұрлым аз қызығушылық танытады. Осы көрсеткіштер қаржылық қиыншылықтарға (ай сайынғы кірістері өте аз) тап болып отырған жастар арасында, сондай-ақ еліміздің ішкі саяси үрдістерінің экономикалық компоненттерімен (заңдар, салықтар, бюджет, жалақы) сирек кездесетін – ай сайынғы тұрақты кірістері жоқ мектеп оқушылары мен бірінші курс студенттері арасында саяси үрдістерге қызығушылық деңгейінің төмендеу заңдылығын растайды.

Информация о работе Қр жастары құндылықтарының қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтаудың факторы ретіндегі ролі