Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Октября 2013 в 12:53, реферат
Аңырақай шайқасы – қазақ тарихында, оның ішінде ХVІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынасы тарихында түбегейлі бетбұрыс әкелген, елді азат етуге жол ашқан Ұлы Жеңіс болды. Сонымен бірге бұл оқиға – ұлттық тұтастықты сақтап қалған, ұлттық сана-сезімді бір саты жоғары көтерген, қазақ әскери өнері жетістігінің, қазақ ынтымағының көрінісі болған, қасаң тарихи тұжырымдамаларға негіз қалайтын, қазақ халқына тәрбие құралы болған және бола беретін шайқас деп санаймыз.
Кіріспе
1. Аңырақай шайқасы
2. Аңырақай шайқасының тарихтағы алатын орны
3. Шайқас тағдырын шешкен тәсілдер
4. «Аңырақай үшбұрышы» еңбегінің маңызы
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Жалпы, Шу-Іле тауларының ауданы мен Шу және Талас өзендерінің арасы 17-ғасырдың екінші жартысынан 18-ғасырдың алғашқы жартысындағы Жоңғар хандығының шекаралық аймағы болған екен де, сол ретте ойрат тайпаларының көштерінің негізгі бөлігін қазақтар орналасқан аумақтардан айырып-қорғап тұрса керек. Зерттеушілер осы географиялық кеңістікте жоңғарлардың 19 немесе одан да көбірек әскери-қорғаныс бекеттері орналасқанын анықтады. Олардағы 5 мыңдай жауынгері бар қарулы жасақтардың «бас командирі» етіп Жоңғар ханы Қалдан-Серен күйеу баласы Лацзан-Серенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған-ды (74-б.). Сол басқарған ойрат басқыншыларына қарсы Аңырақайда біріккен қазақ әскері Отан соғысының шешуші шайқасына шықты.
Зерттеулер көрсеткендей, мықты бекінісі бар «Аңырақай үшбұрышы» ауданы жоңғардың Солтүстік-Батыс Жетісуға орнатқан әскери-саяси бақылауының ең оңтүстігіндегі қуатты алғышепкі бекеті (форпосты) болатын. Жоңғардың 1653-1667 жылдар аралығында салынып, бертінде қазақтар арасында Қалмақтөбе аталып кеткен сол күшейтілген ірі бекінісі (45-б) Аңырақай тауының солтүстігіндегі жазықта, Сарыбұлақ пен Қопалы өзендерінің аралығында, осы екі өзеннің биік жарқабақты арналарынан бірдей қашықтықта – қос қанатындағы өзендерден арасы 18 шақырымнан болатын жерде орналасқан (119-б.). Ғылымға бұрын белгісіз болып келген Жетісудағы осы Қалмақтөбе кешені ондағы қорғаныс қамалы мен өз әскерінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұшпан үшін қиындатуды көздейтін барлық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен тұңғыш еет 2005-2007 жылдары Ирина Ерофееваның басшылығымен ашылып, ішінара зерттелді.
Бірқатар зерттеулерін қорыта келе, авторлар Аңырақай шайқасын осы кезге дейін басымырақ мойындалған 1729 жылы емес, одан бір жыл кейін, 1730 жылдың көктемінде болды деп есептейді.
1729 жылы Қытай Жоңғар хандығымен соғысатынын жария етіп, жыл соңында шекараға әскерін шоғырландыруға кіріскен. Өстіп қытай-жоңғар қатынасы шиеленісіп, арада қақтығыс тууына байланысты, жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серен 1730 жылдың басында Аңырақай ауданын мекен еткен халқы ішінен соғысуға қабілетті адамдарының көбін асығыс түрде оңтүстік майданға шақыруға мәжбүр болды (23-24-бб). Бекеттерде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырды. «Осыншама қолайлы ахуалды пайдаланып қалуға ұмтылған Әбілқайыр хан аялдамастан, 1730 жылғы сәуірдің басында қазақ әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына қозғады» (78-б.). Сөйтіп, жоңғар әскери-саяси жүйесінің Аңырақай форпостына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің озық тәсілін қолдана отырып шабуыл жасады.
Қазақ жасақтары Аңырақай үшбұрышына солтүстіктегі басты даңғыл болып табылатын Үлкен қалмақ жолымен емес, қарама-қарсы екі бағыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әскерін қоршап алып, жойып жіберу болатын.
Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда қолданған әдісінде халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» тәсіліне сүйенген-тін. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болары ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып, әуелі дұшпанның бекінісін басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және бекіністі тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бекінген садақшылар қарсы алды (80-81-бб.)…
«Аңырақай шайқасы сегіз жылға жуық уақытқа созылған қазақ-ойрат соғысындағы шешуші ұрыс болды, ол қазақ халқын өзінің байырғы күшті қарсыласын біржолата жеңуге алып келді, сөйтіп, үш жүздің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы-жоңғарларды бұрын жаулап алған аумақтарынан қуып шыққан қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде аяқтады. Ол қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін… арттыруға септесті» (83-б.).
Біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серенмен бейбіт келісімшарт жасады (24-, 77-, 81-бб.). Сол акт арқылы «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши үскен қантөгісті азаттық күресінің шырқау шыңына айналған Аңырақай шайқасын қорытындылап, Отан соғысына жеңісті нүкте қойды. Артынша Әбілқайыр солтүстік-батыс шекараға қайтадан қауіп төндіріп тұрған орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен, қалмақ және башқұртпен қатынасты реттеуге аттанды.
Аңырақай үшбұрышында соғыс қимылдарын жүргізу үшін қарсылас атты әскерлерге қажет түрлі шарт пен аймақтағы тіршілік сипатын ескере келіп, күрделі зерттеулер мен есептеулер жасау нәтижесінде, зерттеуші-ғалымдар атақты шайқасқа 2,5-3,3 мың қазақ сарбазы қатысты және өзінен саны басым ойратқа қарсы ұрысты екі-үш-ақ күнде жеңіспен аяқтады деп қорытқан (80-81-бб.). Яғни олар осы уақытқа дейін бекем қалыптасып кеткен деректерді – шешуші шайқасқа екі жақтан да кемі отыз-қырық мыңнан жауынгер қатысқандығын және ұрыстың бір жарым айдай уақытқа созылғандығын салқынқанды пайымдауларымен жоққа шығарады.
Егер 1730 жылғы Аңырақай жеңісі жайындағы қаһармандық ауызекі әңгімелердің қағаз бетіне алғаш түсірілуі 20-ғасырдың бастапқы жылдарында ғана орын алғанын ескерсек, қазақ мемлекетінің тарихында мәні аса зор ұлы шайқас шындығы ауыздан ауызға беріліп келген 175 жыл ішінде заңды мақтанышпен елеулі әсірелеуге ұшырауы әбден ықтималдығын ұғамыз. Дегенмен, осы орайда, «Аңырақай үшбұрышы…» авторларымен келіспейтін жаңа зерттеушілер шығуы да ғажап еместігін мойындаймыз.
Қалай болғанда да, қазақ аңыздарынан басқа, ғылыми ізденістердің тоқырауына жол бермейтін жазбаша деректер де бар ғой. Мәселен, белгілі қытайтанушы Клара Хафизова тәржімалап 1994 жылы жариялаған қытай құжаттарына енген «Цин ұлы династиясының хроникасы» ішіндегі қазаққа қатысты жолдарды қалай түсіндіруге болар еді? Бұлар жылнамаға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-жылында, аудармашы оны біздің күнтізбеге лайықтап көрсеткен уақыт бойынша – 1731 жылы жазылған. Дегенмен баяндаманың мазмұнына және осынау Цин дәуірінің 1722-1735 жылдары патшалық құрған төртінші императоры таққа отырған жылды қоса есепке алып қарағанда, сонау жолдар патша сарайының шежіресіне Аңырақай оқиғасы болған 1730 жылғы 6-айда, яғни шілдеде жазылған тәрізді. Сонымен, қолға тиген «Аңырақай үшбұрышы…» авторларының ғылыми еңбегін толықтырғысы әлде түзеткісі келетін жаңа зерттеушілердің жаңаша зерттеп, түсіндіруін күтіп тұрған 1730 жылғы қытай мәліметтерінің бірі мынандай:
«Қалдан-Сереннің інісі Лобуцзян-Шуну қазақ ханы Әбілқайырдың қызын әйелдікке алды, қазір, шамасы, қазақ жерінде тұрады. Әкесінің тағына мұрагер ретінде отыру мәселесін шешу үшін 1-айда (ай күнтізбесінің бұл айы 7 ақпан мен 7 наурыз аралығына сай келеді) өз жаушыларын Қалдан-Серенге жіберді. Бұдан басқа, Қалдан-Серен оның анасын, сондай-ақ бірге туған інісі мен қарындасын өлтіргендіктен, ол Қалдан-Сереннен өш алуды қатты тілеп жүр. Оған әскери шабуыл жасағысы келеді.
2-айда (8 наурыз бен 6 сәуірдің арасы) қазақ ханы 70 мыңдық әскерді өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға басқартып, жорыққа шықты. Шу-Талас жерінде тұратын мың шаңырақтың бәрін олар басып алды. Одан басқа, қазақтар Жоңғарияның өзге қоныстарынан 2-3 мың ат айдап әкетті».
Біз мұны тілге тиек болған «Аңырақай үшбұрышы…» негізінде зерттеулердің әлі де жүргізілуі ықтималдығын, тіпті жалғастырылуы қажет екендігін ұмытпау орайында айтып отырмыз. Ал жұмыс авторлары алдарына қойған міндеттерін тамаша орындап шыққан. Олар ғылымға, барша отан тарихын қастерлейтін ұрпаққа жаңалығы мен тәлімі мол іргелі еңбек тарту етті. Тұтас қазақ айбынын асырған Аңырақай шайқасының 280 жылдығы қарсаңында назарға ұсынған осынау қажырлы ізденіс, жан-жақты зерттеу нәтижелеріне толы кітабы үшін олар зор құрметке, риясыз көңілден мол алғыс білдіруге әбден лайық.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1.Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» оқулық, 3-ші басылым Алматы, 2005
2. «Қазақстан тарихы очеректер» Алматы, Дәуір баспасы 1994
3. Е. Аққошқаров «» Қазақ тарихынан Алматы, Жалын 1997
4.К.Рыспаев «Қазақстан тарихы» Алматы, 1994