Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 28 Ноября 2013 в 12:54, реферат

Описание работы

Германияда өкімет басына фашистердің келуі және олардың Еуропадағы агрессияшылдық іс-әрекеттері Кеңес Одағы мен гитлерлік Германияның арасында соғыстың болмай қоймайтындығын айқын көрсетті. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса- көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды.

Содержание работы

1.Ұлы Отан соғысының басталуы
2.Фашистік Германияның соғыс жоспары
3.Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру
4.Қазақстан - майдан арсеналы
5.Қазақстан аумағына күшпен қоныс аударылған ұлттар
6.Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуы

Файлы: 1 файл

Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында.docx

— 22.14 Кб (Скачать файл)

Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945)

Жоспары:

1.Ұлы Отан соғысының басталуы

2.Фашистік Германияның соғыс жоспары

3.Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру

4.Қазақстан - майдан арсеналы

5.Қазақстан аумағына күшпен  қоныс аударылған ұлттар

6.Екінші дүниежүзілік  соғыстың жеңіспен аяқталуы

 

Ұлы Отан соғысының басталуы

    Германияда өкімет  басына фашистердің келуі және  олардың Еуропадағы агрессияшылдық  іс-әрекеттері Кеңес Одағы мен  гитлерлік Германияның арасында  соғыстың болмай қоймайтындығын  айқын көрсетті. 1941 жылы 22 маусымда  фашистік Германия өзара шабуыл  жасаспау жөніндегі кеңес-герман  шартын бұзып, неміс армиясы  соғыс жарияламастан КСРО аумағына  баса- көктеп кірді. Жер бетінде  болып өткен соғыстардың ішіндегі  ең қатал әрі ауыр соғыс  басталды. КСРО-ға қарсы соғысқа  Германияның одақтастары - Румыния,  Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия  қатысты. Гитлершілдердің жағында  соғыска кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл  жағдай Қызыл Армияны Қиыр  Шығыс пен Закавказьеде ірі  әскери құрамаларын ұстап тұруға  мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы  Екінші дүниежүзілік соғыстың  құрамдас бөлігі болды. Екінші  дүниежүзілік соғыс орасан зор  кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс  қимылдары кеңес елінің аумағында  өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан  соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау  соғыстың алғашқы күндерінде  сәтсіздіктерге ұшыратты.

  И. В. Сталин халыққа  1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы  үндеу жариялады. Оны бүкіл  ел тыңдады. Қазақстан халқы  соғыстың алғашқы күндерінен  бастап-ақ өздерінің борышын өтеп, майдандағы армияның қатарын  толықтырды. Әскери міндеттілерді  әскерге алу өте қысқа мерзімде  жүзеге асырылды. Тарихи әдебиеттерде  бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы»  деген атқа ие болды. Бүкіл  кеңес халқы ортақ жауға қарсы  күреске жұмылды. Алғашқы күндердің  өзінде ақын В. Лебедев-Кумач  пен композитор А. Александров  жауға қарсы күресте көпке  ортақ әнұранға айналған «Қасиетті  соғыс» әнін шығарды.

Фашистік Германияның соғыс  жоспары

  1940 жылы жасалған «Барбаросса»  жоспарына сай Германия қысқа  мерзім ішінде (6-8 апта) Архангельск-Еділ-Астрахан  шебіне шығуды көздеді. Бұл  қауырт соғыс - блицкригтің негізгі  мақсаты еді. «Барбаросса» жоспарын  жасағанда фашистік Германияның  басшылары КСРО-ны «көптеген ұлттардың  жасанды әрі әлсіз бірлестігі»,  «ішкі бірліктен айырылған этникалық  конгломерат (қоспа)» ретінде  қарастырды. Фашистер басып алынған  кеңестік аумақта Остланд рейхскомиссариаттарын  - герман провинцияларын құруды  жоспарлады. Германияның Қазақстанға  қатысты жоспары айқын еді.  КСРО-ны жеңгеннен кейін фашистер  Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда бірыңғай герман аумағын құруды көздеді. Бұл аймақты «адамзатқа жатпайтын» славян халықтарынан тазарту міндеті қойылды.

  1941 жылдың соңында  түрік-монғол халықтарын жою жоспарланған  болатын. Немістердің жоғарғы  барлау мектебі болашақ отарлардың  карталарының жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ-Жайық»  жөне «Үлкен Түркістан» мемлекеттік  құрылымдарын құруды жоспарлады. Үлкен Түркістан отарының құрамына  Қазақстан, Орта Азия, Татарстан,  Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік  Кавказ, Қырым, Синьцзянь, Ауғанстанның  солтүстік бөлігі енгізілді. Қуыршақ  мемлекеттерді құру арқылы гитлершілдер  экономикалық және саяси мақсаттарды:  ұлы герман империясы үшін  қуатты шикізат және қосымша  азық-түлік базасына ие болуды, кеңестер елін отарға, оның халқын  құлдарға айналдыруды көздеді.  Сондай-ақ Қазақстанның орталық,  солтүстік және солтүстік-шығыс  аудандары - Қарағанды, Новосібір  және Кузнецк «индустриялық облыстарының»  құрамына кіруге тиіс болды.  Бұл жерлерде фашистік Германияға  қызмет ету үшін украиндар,  белорустар мен поляктарды, венгрлер  мен Шығыс Еуропаның басқа  да халықтарын қоныстандыру жоспарланды.  Кейінірек қауырт соғыс жоспарларының  күйреуіне байланысты фашистер  өз жоспарларын қайта қарап,  КСРО-ның орыс емес халықтарының  өзін-өзі басқаруына уәде беруіне  тура келді. Сөйтіп фашистер  бұл халықтарды Мәскеуге қарсы  күресте пайдаланбақшы болды.

Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына  бейімдеп, қайта құру

  Қазақстан түкпірдегі  оңтүстік-батыс тыл бола отырып, үкімет шешімдеріне сай соғыстың  алғашқы күндерінен бастап өз  экономикасын майдан мұқтаждықтарын  қамтамасыз етуге қарай бейімдеуге  тиіс болды. Бұл - қорғаныс өнімдері  мен стратегиялық шикізат өндірісін  меңгеру мен кеңейту, өнеркәсіп  құрылысын кең өрістету, еңбек  және материалдық ресурстарды  қайта бөлуді іске асыру, майдан  шебіне жақын жерлерден әкелінген  кәсіпорындарды қабылдау мен  оларды жаңа жерлерде тез іске  қосу деген сөз еді. Іс жүзінде  материалдық және адам ресурстарын  қайта бөлумен, өнеркәсіптегі  майданға кеткен арнайы дайындығы  бар мамандардың орнын жаңа  жұмысшылармен толықтырумен қатар  жүрген Қазақстан экономикасын  соғыс жағдайына бейімдеп, қайта  құру басталды.

  Немістердің КСРО-ның  батыс аудандарын басып алуы  Сібір мен Қазақстанның ел  экономикасындағы маңыздылығын  күрт өсірді. Соғыстың алғашқы  айларында өкімет орындарына  жаудың қолына түсуі мүмкін  өнеркөсіп орындарын эвакуациялаудың  сәті түсті. Қазақстан аумағына  қысқа мерзім ішінде 142 ірі өнеркәсіп  мекемелері қажетті құрал-жабдықтарымен,  шикізатымен бірге тасып әкелініп, орналастырылды. Бұлар - ауыр және  орташа машина жасау зауыттары,  сондай-ақ тоқыма, мақта-мата, аяк  киім фабрикалары еді. Жаңа  өнеркәсіп нысандарын салу жалғастырылып,  тездетілді. Соғыстың алғашқы бір  жарым жылының ішінде Қазақстанда  25 кеніш, шахта, түсті және қара  металлургияның 11 байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахталары, 4 жаңа  мұнай кәсіпшілігі, Гурьевте (қазіргі  Атырау ) мұнай өңдеу зауыты іске  қосылды.

  Актөбеде салынып жатқан  ферроқорытпалар зауыты Запорожье  ферроқорытпалар зауытының құрал-жабдықтарын  алды, көмірлі Қарағанды өзінің  техникалық кешенін донецкілік  Пархоменко атындағы шахтаның  жабдықтарымен толықтырды, Алматыдағы  автожөндеу зауытының аяқталмаған  құрылысы Луганск ауыр машина  жасау зауытының цехтары орналасқан  базаға айналса, республиканың  оңтүстігіндегі тамақ өнеркәсібінің  жаңа құрылыстары Украинаның 14 қант  зауытының құрал-жабдықтарын алды. Балқаш мыс қорыту кешенінің  қуаты Владимир облысындағы Кольчугин  қаласының түсті прокат зауытының  құрал-жабдықтарын меңгеріп, оны  іске қосқан соң елеулі түрде артты. Түсті металл және отын-энергетика өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары салына бастады. Жалпы соғыс жылдарында Қазақстанға 300-ден астам көшіріліп әкелінген зауыттар орналастырылып, жұмыс істеді. Тасып әкелінген кәсіпорындардың кейбіреулерінің құрал-жабдықтары салынып жатқан нысандарды аяқтау үшін пайдаланылды.

  Соғыстың алғашкы жылдары  Қазақстанға батыс аудандардан  эвакуацияланған 532,5 мың адам  баспана мен жұмыс тапты, сонымен  бірге 50 мың маманданған жұмысшылар, инженер-техник қызметкерлер және  негізінен ауылдар мен селоларға  орналастырылған 970 мыңдай күштеп  көшірілген поляктар мен немістер  келді. Республика жұмысшы табының  қатарына Донбастың 2 мыңдай шахта  құрылысшылары келіп қосылды.  Өте қысқа мерзім ішінде эвакуацияланған  кәсіпорындарды тиісті өндірістік  алаңдармен қамтамасыз етіп, майданға  қажетті өнімдер өндіруді жолға  қою, адамдарды азды-көпті тұрмыстық  жағдайлармен қамтамасыз ету  қажет болды. Майданға жақын  аймақтардан адамдарды амалсыз  эвакуациялау көптеген қиындықтар  әкелді. Олардың көпшілігі ауылдар  мен селоларға орналастырыдды. Қалалардағы  соғысқа дейінгі тұрғын үй  проблемасы одан әрі шиеленісе  түсті. Ел үшін ауыр болған  осы жылдардың өзінде тұрғын  үй құрылысы жалғастырыла берді. 1941-1945 жылдары жалпы көлемі 3 317 мың  шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға  берілді.

Қазақстан - майдан арсеналы

  1941-1945 жылдары республика  бұрынғы КСРО-дағы қорғасын (85%), мыс  (35%) қорыту, полиметалл және мыс  рудаларын өндіру жөніндегі жетекші  орнын сақтап қалды. Барланған  кен орындарының негізінде металл  өндіру, байыту мен қорыту кәсіпорындары  салынды (Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Донской хромит  кеніштері (рудниктері), Ақшатау  молибден-вольфрам, Текелі полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты  т. б.). Осының арқасында Қазақстан  одақтағы молибден мен марганец  рудаларының 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл рудалары мен қорғасынның  80%-ға жуығын өндірді. Соғыс  кезіндегі он оқтың тоғызы  Қазақстанда өндірілген қорғасыннан  құйылды. Соғыс қызып тұрған  кезде республика қара металлургиясының  «тұңғышы» - Ақтөбе ферроқорытпалар  зауыты іске қосылды,ал 1943 жылы  Қазақ (Қарағанды) металлургиялық  зауыты алғашқы 200 тонна көлеміндегі  жоғары сапалы болат қорытып  шығарды, бұл көрсеткіш 1945 жылы 4,6 мың тоннаға жетті.

  Соғыс жылдарында республиканың  қара металлургиясы ойдағыдай  дамыды. Донбасты фашистер басып  алғанда Қарағанды көмір кеніші  соғысқа қажетті отынның 65 пайызын  өндірген. Қарағанды шахтерлері  төрт жыл ішінде 34 млн тонна  көмір қазды. Елімізде соғыс  жылдарында 19 жаңа шахта, жылдық  қуаты алты миллион тонналық  үш көмір разрезі салынып, пайдалануға  берілді. Өлкеде көмір өндіру 1940 жылғы 6,6 млн тоннадан 1944 жылы 11,2 млн тоннаға жетті. Осы жылдары  4 жаңа мұнай кәсіпшілігі ашылды. Атырауда мұнай айыратын зауыт  салынды. Соғыстың 4 жылында алдыңғы  жылдармен салыстырғанда 887,9 мың  тонна мұнай жөнелтілген. Ал  республика жеңіл өнеркәсіп өнімдері  бойынша одақта РКФСР-ден кейін  екінші орынға шықты. Қызыл  Армия жауынгерлерін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде  республиканың жеңіл және тамақ  өнеркәсібінің кәсіпорындары қыруар  жұмыстар атқарды. Ер-азаматтары  майданға алынып, бар ауыртпалық  егде адамдардың, әйелдер мен  балалардың мойнына түсті. Олардың  еңбегінің арқасында соғыс жылдары  Қазақстан колхоздары мен совхоздары  елімізге 56 млн пұт астық, 733,9 мың  тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Тары  өсірудің шебері Шығанақ Берсиев  (әр гектардан 202 центнер), атақты  күрішшілер Ы. Жақаев, Ким Ман  Сам, дәнді дақылдардан мол  өнім алғандар М. Сатыбалдина,  А. Дацкова, Н. Алпысбаевалардың  ерен еңбектерін атап өтуімізге  болады.

  Қазақстан еңбекшілері  өздерінің жеке қаражатынан майдан  қорына 4,7 млн сом ақша, 2 млн дана  жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек,  азық-түлікті майданға жылдам  жеткізу мақсатында қысқа мерзімде  Қандыағаш-Орск, Жамбыл- Шолақтау, Талдыкорған-Текелі  темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері  өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. 1942 жылы Алматыда құрылысы басталған  вагон жөндеу зауыты соғыстың  соңына таман пайдалануға берілді.

  Құрылыстың қарқын  алуына орай Теміртау, Текелі, Жезді,  Шығыс Қоңырат, Ақшатау, Макин  секілді жаңа қалалар мен жұмысшы  поселкелері бой кетерді. Қазақстандағы  қалалар саны 5-ке, поселкелер саны - 35-ке өсті.

  Соғыстың соңғы жылдарында  Қазақстан Республикасы еңбеккерлері  фашизмнен зардап шеккен 48 аудан  мен 12 қаланы қамқорлыққа алды.

  Қазақстан мұнайының  да маңызы аз болған жоқ.  Жұмыс істеп тұрған «Эмбімұнай»  тресіне 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі,  ондаған бұрғылау скважиналары  қосылды. Гурьев мұнай өңдеу  зауыты жұмыс істей бастады.  Соғыс жылдары республика мұнай  өндіруді 40%-ға дейін арттырды. Жұмыс  істеп тұрған электрстанциялар  жүйесі Солтүстік Қазақстан мен  Қарағанды облыстарындағы энергетиканың  жаңа ірі және орташа нысандарымен  толықты.

  Соғыс жылдары жалпы  460 зауыт, фабрика, кеніш, шахталар  мен жеке өндіріс орындары, оның  ішінде 300-дей эвакуацияланған кәсіпорындар  салынды. Темір жол құрылысы  жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск желісінің құрылысы  аяқталды.

  Республикада танкілер  мен ұшақтар жасау үшін ақша  жинау қозғалысы жүргізілді. 1941 жылы  күзде БЛКЖО (Бүкілодактық Лениндік  Коммунистік Жастар Одағы) атындағы  танк колоннасын құруға қаржы  жинау басталды. Қазақтың белгілі  балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан  Мұңайтпасов жеке қаражатынан  қорға 100 мың сом өткізді. Нәтижесінде  1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа таңк алды. 1942-1943 жылдары  халықтан жиналған қаржыға 10 танк  колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке  ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары  Қазақстан халқы әскери техника  жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.

  Елдің корғаныс қабілеті  армияны киім-кешек, азық-түлікпен  жабдықтаумен де анықталды. Соғыс  мұқтаждықтарын қанағаттандыруға  женіл және тамақ өнеркәсібінің  өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам  дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма  және тері-былғары фабрикалары,  майдан үшін жұмыс істей бастаған  фурнитура зауыты іске қосылды. 1943 жылдын басында республиканың  жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру  көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да  Ресейден кейінгі екінші орынға  шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда  шұлық бұйымдарын өндіру - 11,3 есе;  мақта-мата - 7,4 есе, тоқыма бұйымдары  - 4 есе, жүн мата - 2 есе, былғары  аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс  жылдары 500-дей дивизия солдаттардың  жазғы киім-кешегімен, 70 дивизия  - шинельдермен, 67 дивизия — қысқы  аяқ киіммен, 59 дивизия - жылы киімдермен, 25 дивизия — шолақ тондармен  қамтамасыз етілді. Соғыс кезіндегі  дивизиялардағы әскер саны 10000 адамға  жеткенін ескерсек, тауарлардың  келтірілген тізімі бойынша қандай  мөлшерде өнім дайындалғанын  есептеп алу қиын емес. Бүтіндей  алғанда республика енеркәсібі  өндірісі соғыс жылдары 37%-ға  өсті. Бұл нәтижелерге үлкен қажырлы  еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан  арғы дамуы, оның жаңа салаларының,  әсіресе жетекші салаларының  пайда болуы Қазақстанды майданның  қуатты арсеналына, маңызды экономикалық  аудандардың біріне айналдырды.

Қазақстан аумағына күшпен қоныс аударылған ұлттар

  Кеңес халқы ортақ  Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің  үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта  сталиндік қылмыскер топ өз  халқына геноцидін жалғастыра  берді. «Халық жауларын» жоюмен  қанағаттанып қана қоймай, ол  тұтас этникалық қауымдастықтарды  өздерінің туған жерлерінен күшпен  қоныс аударып, террорлық әдістер  қолдануға көшті. Күштеп жер  аударудың алғашқы құрбандықтарының  бірі - Қиыр Шығыстағы кеңестік  корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл  этностың 100 мыңдай өкілі қоныс  аударылды. 1941- 1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943-1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға  дем берді деп айыпталған Солтүстік  Кавказ халқы да жер аударылды.  Олардың ішінде Қазақстанға депортациялауға  қарашайлар - 45,5 мың адам, балкарлар  - 25 мың, чешендер мен ингуштар 406 мың адам душар болды. Сондай-ақ  Қазақстанға қалмақтар (2,2 мың), ирандықтар (2 мыңнан аса отбасы), поляктар, финдер, күрдтер, қырым татарлары, түріктер, гректер, батыс беларустар мен  батыс уқраиндықтар, литвалықтар  т. б. қоныс аударылды. Тіршілік  ауыртпалығы мен күшті моральдық  қысым жағдайында жергілікті  халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз  өмір сүру қоныс аударушылар  үшін қиын еді.

Информация о работе Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945)