Салыстырмалы әдебиеттану пәні мен оны зерттеуші ғалымдардың ой-тұжырымдары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 01 Марта 2013 в 20:33, доклад

Описание работы

Қай әдебиет болса да, өзара байланыссыз, қарым-қатынассыз толық кемелдене алмайды. Әдебиет әлеміндегі тоғысулар, қарым-қатынастар, рухани алмасулар әдеби байланыстарды құрайды. Ш. Сәтбаеваның сөзімен айтсақ: «Әдеби байланыстар халықтардың өзара білісуі, түсінісуі, ынтымақтасуы, жақындасуы, мақсаттасуы, бірлесуі, достасуы сияқты аса ізгі мұратқа да қызмет етеді». Көркемдік дамудың, әдеби процестің маңызды бір заңдылығы – әдеби байланыстар–әдебиет әлеміндегі тоғысулар, қарым-қатынастар, рухани байлықтар алмасуы. Қоғамның прогресс жолымен дамуы қажеттілігінен туған мәдени, әдеби байланыстардың өзіндік мол тарихы, бай мазмұны бар.

Файлы: 1 файл

cалыстырмалы әдебиеттану.doc

— 203.00 Кб (Скачать файл)

 
Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының  
докторы, профессор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Драма табиғатының тамыршысы


23-Тамыз, 2012

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар ауылында туды. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. Одан соң Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, филология факультетінің деканы болды. 1986-1996 жылдарда Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясына басшылық етті. Өмірінің соңғы күндерінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді. 
Р.Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды. Ол белсенді ғылыми-педагогикалық қызметін әдеби шығармашылықпен қатар алып жүріп, роман, көркем әңгімелер мен повестер жазды. Әлем және орыс әдебиеті классиктерінің бірқатар еңбектерін қазақ тіліне аударды, өз еңбектері мен көркем шығармалары да біраз елдердің тілдеріне тәржімаланды. Көркем әдебиет, энциклопедия, мәдениет пен өнер саласындағы айрықша еңбегі үшін Р.Нұрғали бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. «Парасат» орденімен марапатталды, «Қазақстанның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді, ал 1988 жылы әдебиеттану саласындағы трилогиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 
Шығармалары: «Трагедия табиғаты», «Талант тағдыры», «Күретамыр», «Сабыр Шәріпов», «Қазақ драматургиясы», «Өнер алды қызыл тіл», «Дән», «Өнердің эстетикалық нысандары», «Жартастағы қарағай», «Оқ», «Айдын», «Қазақ драматургиясының жанр жүйесі», «Телағыс», «Әдеби дәстүр мен әдеби даму», «Қазақ революциялық поэзиясы», «Арқау», «Әуезов және Алаш», «Сырлы сөз», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «Көкейкесті әдебиеттану», «Драма өнері», «Сөз өнерінің эстетикасы» және тағы басқалар. 

Академик Рымғали Нұрғали ұстаздың бетін топырақ жапқалы бір жылдан асып барады. Әуелі жыладық, сонан соң жоқтадық, онан соң «тәубе» деп сабыр сақтадық. Ғалым қалдырған мол мұраны қайтадан зердеден өткізіп, ғылыми лабораториясына үңіле бастадық. Осылай ғылым жолын таңдаған қайраткер аға Рымғали Нұрғалидың бейнесі бұрынғыдан да биіктеп, шуақтап, қиялыңды оятып, бір зерттеуінен екінші зерттеуін оқыған сайын, ғылыми ойың өсіп, бұрын аңғара бермеген ғалым көзқарасының жаңа қырларын танисың, тамсана түсесің, драма табиғатының тамыршысы болып, қазақ әдебиетінде болмаған жанрдың алтын көмбесін қалай тапқанына тәнті боласың.

Мен академик Серік  Қирабаевтың «Әдебиетті қайта оқу» кітабының мәні мен маңызын академик Рымғали Нұрғалидың 1968 жылы жарық көрген «Трагедия табиғаты» (Мұхтар Әуезов – драматург) монографиясын, 1974 жылғы «Қазақ драмургиясы» кітапшасын, сондай-ақ 1985 жылы жарияланған «Айдын» монографиясын оқығаннан кейін, қайтадан сараптаудан, зерделеуден өткізгеннен кейін кеңірек түсінгенімді, оқығанымды, жүрекке тоқығанымды айтуға тиіспін. Тіпті кезінде «Айдын» монографиясына, газетке бір бетке жуық рецензия жазғаным да бар екен. Бұл кітап үшін Рымғали Нұрғали Мемлекеттік сыйлық алды, рецензиямды ең таңдаулы мақалалардың қатарына қосып, көп томдығына да енгізіпті. Бірақ осыдан 27 жыл бұрын басқа қоғамдық формацияда өмір сүргендіктен, Рымғали Нұрғали зерттеуінің ұлттық құндылықтары туралы мүлдем ауыз ашпаппыз. Ал енді «Айдынды» қайта оқығанда Рымғали Нұрғалидың жоқ жанрды бар қылып, оның тарихи арналарын қазақ тұрмысы мен болмысынан тауып, батылдық пен батырлық жасағанын енді ғана түсінгендеймін. 
Иә, Рымғали Нұрғали өзінің атақты ұстазы, өзі кішкентай болса да, алыстағыны, қиядағыны көзі шалатын профессор Бейсембай Кенжебаевтың шәкірті ретінде қазақ драматургиясын зерттеуді қолға алды. Оп-оңай тақырып сияқты. Бірақ кешегі көшпелілердің мұрасында драматургия болды ма? Болса оның ізі қайда? Мысалы неден көрінбек?! Міне, Рымғали Нұрғали осындай сұрақты алдына қойып алады да, оған жауап іздейді. Ойға қиялды, қиялға әлемдік өркениеттік жолдың сабақтас жолдарынан іздейді. Революциядан бұрын қазақ топырағында болмаған еуропалық үлгідегі театр, болмаса драма болмағаны әмбеге аян емес пе еді?! 
Рымғали Нұрғали үшін драма табиғатын танудың тіні неде? Драманың синкретті, өнердің барлық түрін жинақтайтын, жұмыр қылыштай берік, бірақ оның бәрі сахнаға сиятын сипатымен құнды екенін, эпос пен лирикаға қарағанда драмадағы қақтығыс адамдар тағдырының қылбырауындай бірде ауыр, бірде жеңіл сипатта болатынын ашудан басталды. 
Рымғали Нұрғали қазақ драмасының алғы шарттарын, қыз ұзату, жер мен жесір дауы, айтыс сияқты элементтерден іздейді, ол дами келе еуропалық деңгейдегі сахналық шығармалардың тууына алып келгенін дәйектейді. 
Орал, Орынбор, Семей, Қызылжар секілді шаһарларда бірталай тұрақты, кейбірі үйірме дәрежесіндегі орыс, татар театрлары жұмыс істеген деректерді келтіре отырып, Рымғали Нұрғали семинария, мектеп-медреселердегі қазақ жастары еуропа театры, драматургиясы тарихын оқып, біле жүріп, спектакльдерді үнемі көретін болған, өз халқының тұрмысынан, салт-санасынан, фольклорынан соларға ұқсас формаларды іздеп тапқан деген тұжырымға келеді. 
Бұған ғалым қандай дәйектеме келтіреді? 
«1914 жылы Семейде Абайға арналған кеште, Біржан мен Сараның айтысы инсценировкаланып, сахнаға қойылған, – деп жазды Р.Нұрғали. – Көлбай Тоғысов жазған қазақтың тұңғыш пьесасы «Надандық құрбаны» Уфа қаласында 1915 жылы жеке кітап болып басылып шығады. (Р. Нұрғалиев. Қазақ драматургиясы. А.1974. «Қазақстан» баспасы). Сонымен Рекең «Ғазиза», «Бақсы», «Жер дауы», «Малдыбай», «Үйшік-үйшік» сияқты қолжазба күйінде тараған пьесалардың барлығын зерттеп тұңғыш рет ғылыми айналымға қосты. Бұл қазақ драматургиясының тұсауы кесілген алғашқы адымдары болды. Ал қазақ драматургиясының қалыптасуының екінші кезеңіне Рымғали Нұрғали С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-Тоқал, «Қаракөз», «Түнгі сарын», «Абай», «Қобыланды», Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр», «Торсықбай», «Айдарбек», «Шахта», Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесаларының маңызы зор болғанын атап өтеді. 
«Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шаниннің ұлттық тақырыптарға ғасырлар бойы қалыптасқан театрға, драматургияға жақын элементтерді жіті танып, бағалап, сұрыптап, оларды әлемдік үздік үлгілермен ұштастыра білген адам» деп ғалым Рымғали Нұрғалидың бағалауы шамырқанған шындық қой. 
Академик Рымғали Нұрғали драманың эволюциялық дамуы жөнінде ерекше талдау жасайды. Грек трагедияларының да қайнар көзі «Халықтық әдет-ғұрып», «тұрмыс-салты», «мифология негізінде туған». Драма осылай жаңа жанрға айналды деген ойдың ар жағынан қазақ драматургиясы да сондай-ақ, өркендеу, даму, эволюциялық жолмен келгенін айта отырып, революциялық жолдың да көп рөл атқарғанын жоққа шығармайды. Өйткені тарихи шындыққа ешкім оқ ата алмайды, тек оны замана сұранысымен ғана өлшей алады, бағалай алады. 
Сонымен, Рымғали Нұрғали өзі де қазақ драматургиясын зерттеу арқылы эволюциялық жолдан өтті. Енді ол қазақ драматургиясының қалыптасу жолын ғана емес, бүкіл драма табиғатын түйсінуге талпыныс жасайды. Қазақ қаламгерлері қолынан шыққан драмалық туындылардың архитектоникасын анықтап, оны жікке бөліп, қазақша айтсақ жіліктейді, оның табиғатын ашады. 
Орыстың атақты академик-ғалымы Д.С.Лихачев: «Әдеби дамудың әр кезеңінде жанрлар әртүрлі өзгермелі факторлардың әсерінен қалыптасып, сан алуан қасиеттерге ие болғандықтан, әдебиет тарихы алдында ерекше міндеттер туады: жанрлардағы ғана емес, жанрлық саралауды тудыратын принциптерді зерттеу керек, жеке жанрларды, олардың тарихын ғана емес, әр дәуірдегі жанрлар жүйесін (системасын) зерттеу керек» деп тұжырымдаған болатын. (Д.С.Лихачев. Көне орыс әдебиетінің поэтикасы. 3 басылуы, М.,Ғылым, 1979, 55-б.). Мұндай тұжырым Рымғали Нұрғалиға методологиялық үлгі болды деп есептеймін. Осылай ойды ой қозғады, Рекең қазақ драмасының қалыптасуынан бастап, жеткен көркемдік биігіне дейін талдап берді. 
«Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың Октябрден кейінгі дәуірдегі әлеуметтік-экономикалық, тарихи-мәдени қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі, әсіресе, орыс мәдениеті арқылы жеткен озық дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін – драматургиясымен театрды өмірге әкелді (Р.Нұрғали. Айдын. А., Өнер, 1985, 8-б.), – деп жазуында ешбір артықтық жоқ. Осылай ғалым қазақ драматургиясын зерттеудің басты-басты бағыттарын төмендегінше айқындайды. 
1. Қазақ драматургиясының жанрлық ерекшеліктері қандай? Ғалым ойынша ол – трагедия, драма, комедия. 
2. Образдарды типтендіру әдістері мен авторлық позиция. Осыған баса назар аудару керек. Социалистік реализм талаптарымен жазылған шығармалардың принциптерінен авторлар шыға алмайтынын білсе де, авторлық позициядан драматургтің азат ойы, тұспалды көзқарасы аңғарылып қалатынын сон-ау 80-жылдардың басында Рекең қалай жазды десеңізші. 
Рымғали Нұрғали драматургияны тағдырларды тоғыстыратын, характерлердің қақтығысын ашатын, композиция талаптарына сай диалогтар мен монологтардың көркемдік құрал ретіндегі рөлі туралы, ерекшелігі туралы айта отырып, оның қатарына драмалық эмоцияны қосады. Ғалым «Трагедия – қайғыртсын, комедия – күлдірсін, драма – толқытсын» дейді. Және осы драманың бас жанрларының болмысын ғылыми талдаумен алдыңа жайып салады. 
Автор «Трагедиялық тартыс және трагедиялық характер не?» деп сауал қойып алады да, трагедия табиғатын зерттейді. Оны былайша бөледі. 
1. Трагедия қаһармандары сұм заманның қатыгез әдеттерімен шайқаста опат болады. 
2. Трагедия асқақ рухты қайсар жанның алапат күресін суреттейді. 
3. Трагедия қаһарманы сұрапыл, ол өз ішіне терең бойлайды, қайғылы, азапты хал кешеді, кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі. 
Рымғали Нұрғали осылай трагедияның үш сипатын атап алады да, осыны байыпты талдаудан өткізеді. Бұл трагедиялардың астарында әлеуметтік-тарихи, қоғамдық-саяси күштердің шайқасы ғана емес, қоғамдық мағына мен философиялық келіспеушіліктің де ұшқындары жатқанын меңзейді. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің еркінен тыс, оның идеал-мұраттарын күйретіп, мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті болатынын жазғанда автор не айтпақ болды? Міне, көзі қарақты, жаңа заманның ғалымдары, зерттеушілері сөз астарынан авторлық позицияны тани отырғаны жөн. Міне, осындай авторлық пайымдаулардан Рымғали Нұрғалидың кеңестік жүйенің өзінде-ақ өз көзқарасы бар, өз логикасын астарлы сөзге түйіндей алатын шебер зерттеуші ғана емес, шебер сөз зергері екенін де айқын аңғарасың. 
Рымғали Нұрғали қазақ драматургиясының трагедиялық жанрын үш түрге бөледі. 
Эпикалық трагедия 
Тарихи трагедия 
Адамгершілік тұрмыстық трагедия 
Рымғали Нұрғали осы жанрлардың мектебі болып саналатын туындыларды атап қана қоймай, оны зерттейді, ой түйеді. Мәселен, Рекең Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» Шекспир шығармаларының деңгейіне қояды. Шекспирдің «Махаббат машақаты», «Жазғы күнгі түс», «Винозор қулары» сияқты пьесаларының өз ой-қиялынан шыққан дүние екенін айта отырып, қалған шығармалары басқа авторлардың туындылары негізінде жазылып, жетілдіргені жөнінде нақты мысалдар келтіреді. «Отеллоны» алайық. Оны М.Әуезов қазақ тіліне аударды. Ол Чинтио деген ортанқол жазушының новелласы екен. Шекспир оны адамзаттың ортақ құндылығына айналдырды. Ол қызғаныш емес, Рекең айтқандай «тапталған махаббат трагедиясы». Қандай тауып айтылған сөз, қандай орынды жазылған теңеу. Ал, Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» ше? 
Рекең «Еңлік-Кебек» аңызының екі әңгіме, екі поэма түрінде төрт нұсқасы болғанын, және ол нұсқалардың барлығы да бір-бірімен алшақ еместігін мысалға ала отырып, Еңлік пен Кебек тағдыры найман-тобықты конфликтісінен туындаған махаббат трагедиясы екендігін дәйектейді. Нақты мысалдар келтіре отырып, Әуезов пьесасының кезінде сыншылар қаһарының ілігуінің себептерін түсіндіреді. Сөйтсек, мәселе мынада екен. М.Әуезов «Еңлік-Кебектің» алғы сөзін өзі жазыпты. Мұны бүгінгі ғалымдардың көбі біле бермейді: 
«Айнымаған: кешегі күні жақынымен жатша жағаластырған алтыбақан алауыздық. Алаштың аты озғанша, ауылдасының тайы озсын деген берекесі, тыныштығы жоқ, бітімі, тынымы жоқ қазақ әлі сол қазақ. Өз қайратын өзі жойып, қасындағы туысқанын қарақтап, өз қолын өзі байлап берген қазақ әлі күнге сол қазақ, өшпеген мінезі осы. Ұмытылмаған әдет, жазылмаған дерт осы». (М.Әуезов. «Еңлік-Кебек» 4 перделі пьеса, 5 суретті трагедия. Орынбор, 1922, 2-б.) 
Мұхтар Әуезов жазған сол қазақ бүгінде пәлендей өзгере қойды деу де қиын. Дегенмен, автор 1943 жылы бір рет, 1956 жылы екінші рет пьесаны қайта өңдеп жазып шығады. Егер бірінші нұсқада «Еңлік пен Кебектің» трагедиясы «алауыздық пен билердің қатыгездігінде» деген ойлармен тұспалданып айтылса, соңғы екі нұсқасында М.Әуезов екі жастың өлімін Шекспирдің Ромеосы мен Джульеттасы сияқты қатыгез заманның құрбандары болғанына ойыстыратындығын автор шеберлікпен шеше білгенін, оның Жапал мен Абыз аузынан шығатын тебіреністі монологпен бергенін және оның халықтық, елдік туралы екенін Рымғали Нұрғали бүге-шігесін қалдырмай талдайды. «Еңлік-Кебектің» үш нұсқасын салыстырып, ондағы өзгерістерді салыстыра отырып, Рымғали Нұрғали оның «образдары кесек-кесек, тартысы шыңыраудай терең, тілі жағынан шұрайлы классикалық туындыға айналды» деп бағалайды. Бұл шынында да кеңестік жүйенің социалистік реализм принциптеріне ыңғайлана түзетілген туынды болғанымен, енді ол оптимистік трагедияның биігіне көтеріледі. Тұрмыстық деңгейдегі шиеленіс әлеуметтік, халықтық сипат алды. Міне, осындай терең ойларды Рымғали Нұрғали жымын білдірмей талдап, авторлық идеялардың ұлттық сипатына ерекше ден қояды. Драма трагедияның жеке тағдырдан туындайтын даралық сипатының халықтық қуатты күштің тууымен дәйектейді. Зерттеуші эстетикалық міндеттерді шешумен, оны санамалаумен әуестенбейді. Ол өзгертілген сөз, сөйлем, образдар арқылы М.Әуезовтың рухани тазарудан, рухани биікке көтерілгенін ұлықтайды. 
Әрине, академик филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали «Адамгершілік тұрмыстық трагедияның», «тарихи трагедияның» болмыстарын теориялық және нақты мысалдарды салыстыра отырып ой қорытуға шебер. Болмаса комедияның сатиралық, лирикалық түрлерін талдағанда көркем кітап оқып отырғандай әсер аласың. Зерттеудің осындай ғылыми-танымдық деңгейін көтере отырып, Рекең жазғандарынан мол мағлұмат алып қана қоймай, әрі ғылыми тілдің потенциялын ашқан ортақ түсініктерді жүрекке тоқисың. Рымғали Нұрғалидың ауызша айтқаны мен жазғанының үндесіп, адамды тартып отыратын қасиетін даралайды. 
Драмадағы жағдай мен қаһарманды саралап, салмақтап, дәйектеп алады да Рымғали Нұрғали «Қаһармандық драманы», «саяси-әлеуметтік драманы», «Ғұмырнамалық драманы» талдайды. Олардың ұқсастықтары мен ерекшеліктерін саралайды. Олардың көркемдік деңгейін заманауи талаптар тұрғысынан бағалайды. 
Көп мәлім болмаған және сахнадан жиі орын ала бермейтін Ғұмырнамалық драманы талдағанда Рымғали Нұрғалидың принципті көзқарастарына, пәтуалы ой-тұжырымына, шындықты бетке айтатын турашыл мінезіне тәнті боласың. Мәселен, қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқановтың 1918-1919 жылдың арасындағы оқиғаларды қамтитын Сәкен Сейфуллин туралы пьесасын алайық. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бірақ деректі, көрнекті қайраткердің өмірінен жазылған пьеса қандай болуы керек? 
– Кім жазса да, қашан жазса да, әйтеуір Сәкен Сейфуллин туралы шығарма атаулының әменде бір бәселекесі бар, – дейді Рымғали Нұрғали. – Ол – «Тар жол тайғақ кешу» (Р.Нұрғалиев. «Айдын», А. «Өнер», 370-б. 1985 ж.). 
Апыр-ай, Рекең бұл сөздерді неге және қалай қатты айтты екен деп ойлануың кәдік емес. Атақты Сәбит Мұқанов өзі жақсы білетін Сәкен Сейфуллин жөнінде қалт айтар деймісің? Бірақ мәселе көркем туынды – пьеса болып отыр ғой. Осындай кезеңде Рымғали Нұрғали айта беретін «ғылымда тазалық, әділдік керек» деген сөздерінің мысалы көз алдына келіп тұра қалады. С.Мұқанов пьесасының осал тұсын Рымғали Нұрғали былай дәлелдейді. 
«Пьесада ұзын оқиға сорабы сол Сәкен кітабындағы ізбен дамып отырады. Драмалық әрекетті ширықтыру, мінездерді ашу мақсатымен Мұқанов кейбір ситуацияларды әдейі өзгерткен», – дей келе Рымғали Нұрғали драматург Қапан Сатыбалдиннің Сәкен өмірінен алынып жазылған «Жер бетіндегі ең ұзақ жол» драмасын сын-сүзгісінен өткізеді. Пьесаның ұтымды және шындыққа жанаспас сәттері мен көркемдік қуаты жөнінде сарабдал ой айтады. Мәселен, Рекең былай деп жазады. 
«Драматургия табиғатының байыбына бармағандар сахнада характер даралығы айқын ашылуы шарт, кейіпкер, түптеп келгенде, бір үлкен сезімнің, көкейкесті ойдың адамы болсын деген талапты желеу етіп, рабайсыз шарттылыққа, сенімсіз әсірелеуге түсіп кететін орайлар мол. Әсіресе, жағымсыз ыңғайда алынған персонаждардың мінезінен дәйексіз, жағдайға ситуацияға қабыспайтын оғаш қылықтар жиі кездеседі» деп жазуы тегіннен-тегін емес. 
Сыншы Р.Нұрғали Қапан Сатыбалдин пьесасындағы олқылықтардың қатарына ақынға тән сөйлеу мәнерінің, шабытты тебіреністердің көріне алмауы, шырқап, шығандап кететін толғау, көсем монологтардың болмауы сияқты драмалық шығармаға тән талаптардың аз көрінетінін де ашық жазады, ашып жазады. 
Әрине, классик-жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Көркем шығарманы тарихи шығармамен алмастыруға болмайды. Бірақ одан тарихилықтың принципті мәнін сақтауды талап ету керек» деген. 
Сол талаптар болмаған жерде пьеса қуатсыз, пьеса әлсіз, пьеса көрерменсіз. Мүмкін осындай себептерден Сәкен жөніндегі қос пьеса театр көрерменіне жол таба алмаған болар. 
Сайып келгенде, академик Рымғали Нұрғали қазақ драматургиясының қаз тұруынан бастап, буыны бекіп, үлкен сахналық қойылымдарға ұласып, оның жанрлық ерекшеліктері сұрыпталып, әрі әдеби құбылыс ретінде қоғамымыздың төріне шыққандығын қуана жазады, екшей жазады. Әлемдік драматургияның даму тендецияларымен бірлікте қарастыра отырып, драматургияда кино өнерінің техникалық ерекшеліктері бірлікте пайдалана бастады деген болжауы еді. Алысқа бармай-ақ, өзімізге белгілі режиссер Талғат Теменов қойып жүрген спектакльдерге назар аударып көріңіз. Мұның осылай боларын 30 жылдай бұрын жазып қана қоймай, оның көрерменді театрға тартудың бір өзекті құралы болатынын айтып кеткеніне қалай бас имессің. Рымғали Нұрғали театр мәңгілік сахна екеніне берік сенген адам. 
«…Аткөпір кинофильмдер мен толассыз телехабарлар таяу арада театр шіркінді жерлеп тынады-мыс деген қауіп ақталған жоқ. Өйткені қазіргі сырлы театр, ойшыл драматургияға ынта мен ықылас, пейіл мен ыждахат, киелі өнер, кәделі дәстүрге деген жүрек тереңінен шымырлап шыққан махаббаттан туған ой». 
…Қазақ драматургиясы қашанда ұлтымыздың текті күлкі, мұңды сыр, жігерлі қайғысын бөлісер, жан жүйесін қозғап, жүрегін тебірентер айнымас асыл рухани досы бола берерінде күмән бар ма?!» деп еді. 
Күмән жоқ! Егемен, тәуелсіз ел Қазақстанның жаңа драматургиясы өлмес мұраларды жалғастырып, жаңа заманауи тақырыптарды көтеріп, өзіңіз талдап, өлшеп, ара-жігін ашып кеткен жанрлық, көркемдік, эстетикалық талғам қалыптастыру биігінде тұр. Жаңаша ойлау, жаңа тақырыптар, тың драматургиялық шешімдер бар жерде театр да жоғалмайды, оның көрермені де азаймайды.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, 
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер 
институтының директоры, 
филология ғылымдарының 
докторы

 

 

 


Информация о работе Салыстырмалы әдебиеттану пәні мен оны зерттеуші ғалымдардың ой-тұжырымдары