Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Февраля 2015 в 18:53, реферат
Зерттеушілердің есебінше, Қазақстанда 20 миллионнан астам жер-су атаулары бар. Олардың жартысынан көбі тарихи атауын жоғалтқан. Ономастика саласы мамандарының айтуынша, бүгінде сол жерлердің байырғы тарихи атауларын қайтарып, бір жүйеге келтірудің өзі қиынға соғып отыр. Қазақстанның 40-қа жуық ғалымдары мен тіл мәселесімен айналысатын құрылымдардың басшылары, мемлекеттік ономастика комиссиясының мүшелері осы мәселені ғылыми тұрғыдан жүйелеу, қалпына келтіру жағын қолға алмақ.
Еліміздің жер-су, елді мекен атауларына көңіл бөлу, оларды тарихи тұрғыдан реттеу жұмыстары Тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алынды. Кеңес Одағы кезінде, сол замандағы тоталитарлық жүйенің әсерінен көп өзгеріске түсіп, қазақтың байырғы атауларынан бір белгі, не бір із қалмағандай еді. Бұл халқымызды ұлттық санасынан ажыратудың, бөліп-бөлшектеудің Кеңес кезеңінде жүргізілген саясаты болатын. Ата-бабасының жері, елді мекендері Андреевка, Дмитриевка, Иванова, Ленин, Ямышево, Славогородская болып аталған соң тарихпен байланыстырып тұрған тамырдың үзілгені емес пе? Бүгінде ұмытылып, халық жадынан өшірілген тарихи атауларды қайтару, қалпына келтіруге мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлінуде. Мұның дәлелі Алматы облысы, Талдықорған қаласындағы «Тіл сарайының» мәжіліс залында өткен «Ономастика және дәстүрлі тарихи атаулар» республикалық дөңгелек үстелі. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметшісі Әділбек Алпысбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі Жанай Омаров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Ахмет Кендірбекұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымы Нұргелді Уәли, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Абайтану ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Мекемтас Мырзахметұлы, сондай-ақ облыстық Тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, Алматы облысы аудан әкімдерінің орынбасарлары, тіл мамандары қатысты. Дөңгелек үстелді тілші-ғалым, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Бижомарт Қапалбек жүргізіп отырды.
Мәселенің күрделілігі,
ауқымдылығы, көкейкестілігі туралы айтып
жатудың қажеті бола қоймас. Өйткені дөңгелек
үстел барысында ономастика мәселелеріне
байланысты көптеген пікірлер айтылып,
қызу пікірталастар өрбіді. Ал ондай мәселелер,
қарап тұрсақ, аз емес екен. Енді барлығын
рет-ретімен баяндайық.
Дөңгелек үстел жиынына қатысушылардың
алғашқы сөзі Алматы облысы әкімінің орынбасары
Серік Мұқановқа берілді. Ол Алматы облысының
әкімі Аңсар Мұсахановтың дөңгелек үстел
жұмысына сәттілік тілеген сәлемін жеткізе
отырып, бірқатар мәселелерді ортаға салды.
– Бүгін баршамыздың басымызды қосып,
республикалық деңгейде өткізіп отырған
ономастика мәселесі тіл саясатының басты
бағыттарының бірі әрі бірегейі екенін
көрсетеді. Себебі мемлекеттің, ұлттың
сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық
атауларынан көрінеді. Жер тарихы – ел
тарихы. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан
болмысы, танымы, тағдыры елді мекен, жер-су
атауларында жатыр, – деді С.Мұқанов.
Серік Мейірханұлы өз сөзінде ономастика
саласында әлі де шешімін таппаған мәселелердің
бар екенін алға тартты. Ономастика қазіргі
уақытта тіл саясатының жетекші бағыттарының
бірі ретінде ғылыми-тәжірибелік, мәдени-тарихи
ғана емес, үлкен саяси маңызға ие болып
отырғанын атап өтті.
Серік Мұқановтан кейін сөз алған Қазақстан
Республикасы Мәдениет вице-министрі
Жанай Омаров елді мекендердің тарихи
атауларын қалпына келтіру қазіргі ономастика
саласының ең өзекті мәселесінің бірі
деді. Ол: «Қазіргі таңда ел аумағында
отыз алты облыстық бағынысты қала, 170
аудан, 47 аудандық бағынысты қала, сегіз
мыңнан астам елді мекен бар болса, осы
әкімшілік аумақтық бірліктер атауларының
1579-ы Кеңес дәуірін дәріптейтін атаулар.
Ал 1922 елді мекеннің аты орысша аталады.
Бұл көрсеткіш тұтас мемлекеттің бет-бейнесін
құрайтын елді мекен атауларының жағдайы
мәз емес екенін анық айқындайды» дей
келе, алда тұрған нақты міндеттерге тоқталды.
– Еліміз егемендігін алғанына 23 жылдың
жүзі болды. Енді келмеске кеткен Кеңес
заманының атауларынан арылып, төл атауларымызды
толықтай қалпына келтіретін уақыттың
жеткені анық. Бұл батыл шешімді талап
ететін күрделі жұмыс. Елбасының тапсырмасы
бойынша қаралып жатқан ономастика саласындағы
құқықтық-нормаларды реттеу жұмыстары
аяқталды. Енді осы мәселені міндетті
түрде қолға алуымыз керек. Бүгінде ономастика
саласында еліміздің барлық өңірлерінде
жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы
республикалық ономастикалық комиссиясының
кезектен тыс отырысы өткізіліп, онда
6 облыстан 42 нысанның атауын өзгерту,
қайта атау мәселесі қаралды. Бұл нысандар
бойынша тек қана екі нысанға тарихи мәні
бар дәстүрлі атау берілді. Ал қалған 40
нысан кісі есімі берілген атаулар. Осыған
сәйкес, әсіресе, білім, мәдениет нысандарына
кісі есімін беруді шектеу қою керек деп
ойлаймын. Тамыры терең тарихи атауларды
көзден таса, көңілден ада жасамай, қайта
жаңғырту бабаларымыздың аманаты деп
білуіміз қажет, – деді Жанай Омаров.
Алқалы жиында Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметшісі
Әділбек Алпысбаев ономастика мәселелеріне
байланысты республика ауқымында атқарылып
жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі таныстырды.
Әділбек Ыбырайымұлының айтуынша, 1991 жылдан
бері республикада 5 облыстың, 13 қаланың,
54 ауданның, 7 қалалық ауданның, 119 теміржол
стансасының атаулары ауыстырылып, 6 облыстың,
12 қаланың, 14 ауданның, 76 теміржол стансасының,
40-тан астам елді мекен атауларының орыс
тіліндегі транскрипциясы нақтыланған.
Сонымен бірге республика бойынша 1221 елді
мекеннің атауы өзгертілген. «Дегенмен,
тәуелсіздік алғанымызға жиырма үш жылдан
асса да, еліміздің ономастика кеңістігі
Кеңестік дәуірден, тоталитарлық режімнен
қалып қалған атаулардың шырмауынан әлі
де болса арыла алмай жатқан тұстары бар»
дей келе, бұл тұрғыда Үкімет тарапынан
көптеген жұмыстардың жүргізіліп жатқанын
айтып, ономастика саласында ұстанған
басты бағыттар туралы хабардар етті.
Ә.Алпысбаев бұған дейінгі қолданыста
болған заң нормаларының жеткіліксіздігінен
жергілікті ономастикалық комиссиялар
тарапынан атау беруде жүйесіздік орын
алғанын, соның салдарынан ойланбастан
қойылған сәтсіз атаулардың, есімі белгісіз
кісілердің атындағы көше, ауыл, елді мекендердің
пайда болғанын айтып, комиссия тарапынан
ашықтық қағида ұсталмағанын тілге тиек
етті.
Елімізде әлі күнге дейін Кеңестік дәуірден
қалып қойған, ескірген атаулардың саны
көп екені анықталып отыр. Атап айтқанда,
еліміздегі атауы өзгертілуі тиіс 12 424
көше, 103 даңғыл, 283 тұйық көше, 113 теміржол
стансалары, әуежайлар мен порттар, 143
әлеуметтік-мәдени нысан, 17 парк, 335 мектеп,
13 көпір, 100 ықшамаудан мен 459 аялдамалар
бар екен. Ал 1579 әкімшілік-аумақтық бірліктер
атау беру немесе қайта атауды қажет етеді.
Осының өзінен-ақ мәселенің қаншалықты
күрделі әрі өзекті екенін байқай беруге
болады.
Ономастика халықтың жады
екені белгілі. Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті Абайтану
ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми
қызметкері Мекемтас Мырзахметұлы әңгіме
қозғады.
– Қазақ халқының тарихында ұлт жадысын
жоюға бағытталған бірнеше кезеңдердің
болғанын жақсы білесіздер. Сондай жаугершілік
замандарда сан түрлі атаулар пайда болды.
Бірақ біз олардың бәрінен өзіміздің ономастикамызды
аман алып шықтық. Арабтар келген заманда
да жаңа атаулар қойылды. Ал Кеңестік тоталитарлық
жүйенің кезінде жер-су, елді мекен, қала,
көше атауларын жаппай өзгерту басталды.
Қазақтың байтақ жерлеріндегі бұрыннан
келе жатқан атаулар орысша атауларға
алмастырылды. Өзгертілді. Мұның барлығы
халықтың тарихи жадын өшіруге, ұмыттыруға
бағытталды. Ал осы тарихи жадыны біз қалай
қалпына келтіреміз дегенде, мұны тек
қазақтың ұлттық болмысына тән, өзіміздің
байырғы атауларымызды қалпына келтіру
арқылы ғана жүзеге асырамыз. Екіншіден,
ономастикалық атауларды беруде біз қандай
принциптерді ұстануымыз керек? Менің
ойымша, дәстүршілдік принципті ұстанған
жөн. Біз атауларды берген кезде халықтық
дәстүрді естен шығармауымыз керек. Оның
бірі кісі аттарымен макротопонимдерді
атамау дәстүрі. Кезінде басталып кеткен
осы үрдісті тоқтатуымыз керек. Бұл –
халқымыздың бұрынғы замандардан келе
жатқан дәстүрі. Содан кейін айтатын екінші
мәселе, ол Кеңестік заманда жаппай қойылған
ономастикалық атаулардан арылуымыз керек.
Қызыл империяның көсемдерінің, коммунистік
партия қызметкерлерінің, тағы басқалардың
есімдерімен аталған атауларға қазақша
атаулар қойғанымыз жөн. Жоғарыда айтқанымдай,
атаулар беруде ғасырлар бойы қалыптасқан
дәстүрімізді ұстана отырып, оның барлығын
ғылыми негізде жүргізуіміз керек, – деді
Мекемтас Мырзахметұлы.
Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің
доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Ұлдай Ержанова еліміздегі атауларды
тек бір тілде – мемлекеттік тілде жазу
мәселесін қозғап, сонымен қатар адамдардың
тегін жазу тәртібін реттеуге тоқталды.
Ұ.Ержанованың айтуынша, бүгінде қай елге
барсаңыз да атаулардың барлығы бір тілде,
сол елдің мемлекеттік тілінде жазылады.
Біздегідей үш тілде жазып қоятын мемлекеттер
жоқтың қасы.
– Мәселен, сіз Францияға барсаңыз да,
Англияға немесе Түркияға барсаңыз да
атаулардың бір тілде жазылғанын көресіз.
Біздің әуежайларда «Қош келдіңіз» деген
сөздің өзі үш тілде, бағыт беріп тұратын
ақпараттық тақтайшалардың өзі үш тілде
жазылады. Осыларды неге бір ғана мемлекеттік
тілде жазбасқа? – деді.
Ономаст ғалымның тағы бір айтқан ұсынысы
дөңгелек үстелге қатысушы біраз азаматтар
тарапынан қолдау тапты. Ол облыстық Тілдерді
дамыту басқармаларының атауларын өзгертуге
байланысты айтылды.
– Еліміздегі Тілдерді дамыту басқармаларын
«Тілдерді қолдану басқармасы» деп өзгерткеніміз
жөн. Өйткені қазақ тілі – ол дамыған тіл.
Оны дамытудың қажеті жоқ. Сол себепті
басқарма атауларын «қолдану» сөзімен
ауыстыратын болсақ, бұл әбден орынды
болады ғой деп ойлаймын, – деп түйді.
Ономастика мәселелерін шешудегі негізгі
салмақ Қазақстан Республикасы Үкіметі
жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына
түсетіні белгілі. Халық тарапынан атау
беруге деген ұсыныс-хаттар толассыз келіп
жатады екен. Бұл туралы «Айқын» газетінің
бас редакторы, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық
ономастика комиссиясының мүшесі Нұртөре
Жүсіп баяндады. Ол ономастикалық атауларды
беру мәселесіне жауапсыз қарауға болмайтынын
айтты. Егер де бір кісінің атына атау
берілетін болса, оның ұлтқа сіңірген
еңбегі, соған лайықты атақ-абыройы ескерілуі
керек. «Атамның атын ауылға, көкемнің
атын көшеге беру» принципі бұдан былай
тоқтатылатынын мәлім етті. Кез келген
ұсынылған атау жан-жақты қаралмақ.
– Жақында республикалық ономастика комиссиясының
отырысы өтті. Сонда комиссия мүшелері
Ақтөбе облыстық Туберкулез диспансеріне
кісі есімін беруге үзілді-кесілді қарсылық
таныттты. Бұл дұрыс. Өйткені ертең мұндай
үрдіс басталса, тоқтата алмай қаламыз.
Қайтадан мораторий жариялауымызға тура
келеді. Туберкулез диспансеріне кісі
атын берудің қандай қажеті бар? Бізде
бір адам дүниеден өтсе, соның есіміне
міндетті түрде бір көшенің атын, мекеменің
атын бергізуге деген ұмтылыс белең алып
кетті. Кісі аттарымен мемлекеттік мекемелерді,
емханаларды атауға болмайды. Елді мекен
атауларына да қатысты соны айтар едім.
Біз тарихи атауларды сақтауымыз керек,
– деді Н.Жүсіп.
Ол Алматы, Шымкент, Астана қалалары аумақтарының
кеңейуіне байланысты бірнеше Абай, Әуезов,
т.б. көшелердің пайда болғанын, осыған
байланысты жедел жәрдем қызметкерлерінің
жұмыстарында айтарлықтай қиындықтар
пайда болып жатқанын айтты. Сонымен қатар
қазаққа ортақ тұлғалардың тек бір облыс
аумағында шектеліп қалып жатқанына алаңдаушылық
білдірді. «Бізде Махамбет тек Атырауға
ғана тән сияқты, Тәттімбет – Қарағандыға
ғана тән сияқты қабылданып жүр. Мәселен,
неге Құрманғазының, Динаның ескерткіші
Өскеменде, ал Тәттімбеттің ескерткіші
Оралда тұрмайды. Қазаққа ортақ тұлғалар
барлық жерде бірдей ұлықталып, құрметтелуі
керек емес пе?» деп салмақты пікір тастады.
Дөңгелек үстел жиынына Павлодар облысының
топонимикасы мәселелерін зерттеп жүрген
ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің физика және экономикалық
география кафедрасының меңгерушісі,
география ғылымдарының докторы, профессор
Қуат Сапаров қатысты. Ол шараға қатысушыларды
қолға алған зерттеу нәтижелерімен таныстыра
келе, бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Ол ұсынысы ономаст ғалымдардың қауымдастығын
құру туралы болды.
– Біз ономаст ғалымдардың қауымдастығын
құруымыз керек. Сонда ғылыми-зерттеу
жұмыстарды бірлесе атқаруға болады. Әйтпесе,
бәріміз жеке-жеке кітаптар жазып жүрміз,
қауымдастық құрылса, ономастиканың ғылыми
мәселелерін тізе қоса отырып істеуге
болады. Ономастикамен айналысып жүрген
ғалымдардың біреуі тарихшы, біреуі географ,
біреуі филолог. Қауымдастық құрсақ, әр
үш ай сайын жиналып тұрсақ, жұмысымыз
бұдан да өнімді, нәтижелі болмай ма? Мәселен,
бізде әлі күнге дейін топонимика атласы
жасалған жоқ. Міне, осындай мәселелерді
бірлесе отырып шешуге болады, – деді
Қ.Сапаров. Ғалым сонымен қатар 2017 жылы
өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай туристік
карталарды әзірлеу мәселесін де қозғады.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
ғалымы, филология ғылымдарының докторы
Нұргелді Уәли еліміздегі тарихи атаулардың
мәдени коды, яғни кілті ашылмай келе жатқанын
айтты. Мәселен, әрбір тарихи атаудың арғы
жағында не жатыр, ол қалай пайда болды,
ол жер неге солай аталды, себебі қандай,
атау мен жердің арасында ортақ қандай
байланыс бар? Міне, осындай мәселелерге
біздің ономаст ғалымдарымыз, этнографтарымыз
тереңдеп баруы керек. Сонда ғана ол атаулардың
тарихи, мәдени коды ашылады. Халыққа да
түсінікті болады. Тарихи атаулардың тереңінде
небір мәдени ұғымдар, танымдар сақтаулы
жатыр. Мысалы, «Көкпекті» деген жер атауы
бар? Ол жер неге «Көкпекті» деп аталды?
Мұның сыры неде? Егер біз оны шөптің атына
қойылған атау деп ойласақ, таным да дұрыс
болмайды. Бұл – өсімдік. Тамыры жуан.
Өзі аса биік болмайды. Қазақтар ол тамырды
отынға пайдаланған. Демек, «көкпекті»
деген атау тегін емес. Осындай байланыстарды,
бір-бірімен сабақтасып жатқан мәселелерді
танып-білуіміз керек. «Мұқыр» деген атауды
алайық. Біреулер айтады: бұл қалмақтың
сөзі деп. Ал «мұқыр» деген атау Қазақстан
аумағында өте көп кездеседі. «Мұқыр»
атауының мәдени, тарихи коды ашылмағаннан
кейін бұл сөздің анықтамасы да біржақты
айтылып жүр. Содан кейінгі мәселе, ономастика
саласында өңір, өлке, аймақ деген сөздер
қолданылады? Осындағы өңір деген не, өлке
деген не, аймақ деп нені айтамыз? Міне,
осындай сөздердің аражігін ажыратып
алуымыз керек, – деді Нұргелді Уәли.
Тілші-ғалымның айтуынша, ол үшін «Мәдени
мұра» мемлекеттік бағдарламасы тәрізді
ономастика, топонимика мәселелеріне
арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленуі
керек. Сонда ғана ономастика мәселелерін
ғылыми негізде шешуге нақты қадамдар
жасай аламыз. Түрлі кілттерді ашсақ, тарихи
атауларға байланысты ешқандай дау-дамай,
түсінбеушілік орын алмайды. Тек соларды
дәлелді түрде ашып, жеткізе білуіміз
керек екен.
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының
бастығы Ербол Тілешов қазаққа ортақ тұлғалардың
жүйесін бекітуде хронологияның болмай
отырғанын айтты. Сонымен қатар біз тарихи
тұлғаларды іріктегенде ХІХ ғасырдан
әрі аса алмай отырғанымызға қынжылысын
білдірді. Одан кейін «Ономастика туралы»
Заңда жазылған кісі есімдерін беруді
белгілі бір мөлшермен шектеудің дұрыс
еместігін алға тартты. Оның айтуынша,
бұл барлық қазаққа ортақ тұлғалардың
есімдерін әр өңірлерде қоюға кедергі
келтірмек.
Е.Тілешовтың бұл уәжіне Қазақстан Республикасы
Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің
ономастика маманы Елерке Төреханова
жауап берді. Ол өз сөзінде кісі есімдерін
қоюды шектеу тек белгілі бір аймаққа
ғана қатысты мәселе екенін ескертті.
«Бір елді мекендерде бірнеше рет қайталанып
кеткен ұлы тұлғаларымыздың есімдері
жүр. Міне, жаңа заң осындай ағаттықтар
жібермеудің алдын алады. Бұл қазаққа
белгілі тұлғалардың есімін өзге аймақтарға
қоймау керек дегенді білдірмейді» деді
А.Төреханова.
Дөңгелек үстел барысында түрлі ұсыныс-пікірлер
көп айтылды. Олардың бірқатары осындай
дөңгелек үстелдерде айтылған мәселелерден
нәтиже шығаруға қатысты болды.
Мұндай пікірді Оңтүстік Қазақстан облыстық
Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Балқия Көмекбаева қозғады. Басқарма бастығының
айтуынша, айтылған ұсыныстар, қозғалған
мәселелер көбінесе орындалмай қалып
жатады. «Мұның себебі неде?» деп ортақ
сауал тастаған Б.Көмекбаева әрі қарай
өз ойын былай деп жалғады:
– Бізге бірлескен жұмыс өте қажет. Тіл
басқармалары, Тіл комитетімен, әкімдіктермен,
аудандармен бірлесе отырып жұмыс атқаруымыз
керек. Осындай дөңгелек үстелдерде айтылған
мәселелердің нәтижесі бар ма, жұмыстар
қалай орындалып жатыр? Қандай шешімдер
қабылданды? Әйтпесе, барлығы сөз жүзінде
қалып қояды. Нақты міндеттер қойылуы
керек. Ол міндеттерді жүзеге асыратын
механизмдер жасалу керек. Сонда ғана
нәтиже болады. Менің ойымша, Тіл комитеті
жылына бір рет өздерінің атқарып жатқан
жұмыстары жөнінде есеп беріп тұрса, артық
болмас еді. Неге? Өйткені шешімін таппай
жатқан мәселелер бар. Олардың себебі
неде? Бұған кім жауапты? Атауларды өзгерту
неге кешеуілдеп жатыр? Осындай сауалдарға
жауап табуымыз керек. Ал бұл жауаптар
бірлесе жұмыс істеп, нәтижелерді сараптағанда
ғана мүмкін болмақ, – деді Б.Көмекбаева.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік
университетінің профессоры Қалқаман
Қасенұлы «Құрмет тақтасын» ілу кімнің
құзырында? деп сауал тастады. Оның сөзінен
белгілі болғандай, Қостанай облысында
«Құрмет тақтасын» орнатуды облыстық
Тіл басқармасы атқарады екен. Ал өзге
облыстардың Тіл басқармалары мұндай
шарамен айналыспайды. Бұл сауалға Тіл
комитетінің өкілі Елерке Төреханова
жауап берді. Е.Төреханованың айтуына
қарағанда, «Құрмет тақтасын» орнату жұмысы
Мәденит департаменттерінің құзырына
беріліпті. Бұл туралы барлық облыстық
Тілдерді дамыту басқармаларына ақпараттық
хаттар жіберілген екен.
Сонымен қатар Қалқаман Қасенұлы нарық
заманының келуіне байланысты сатылып
кеткен жерлердің атауларына да өзгертулер
еніп жатқанына қынжылысын білдірді. «Жер
сатылса да, оның атауы өзгермеуі керек
қой?!» деп көпшілікке орынды сауал тастады.
Халыққа түсініксіз, мән-мағынасы толық
ашылмаған атаулардың сөздігін жасау
туралы ойды Халықаралық бизнес академиясының
профессоры, филология ғылымдарының докторы,
Республикалық ономастика комиссиясының
мүшесі Сәуле Иманбердиева білдірді.
– Бұрынғы атаулар қандай еді, қазіргісі
қандай деп бас ауыртып отырмау үшін арнайы
көлемді сөздік шығару керек. Сөздікте
атаулардың қай ғасырға тиесілі екенін,
олар қашан пайда болды деген мәселеге
жан-жақты ақпарат жазылуы керек. Менің
ойымша, сонда ғана жұмыс алға басады,
–деді С.Иманбердиева.
Журналистер одағының мүшесі, ономастика
зерттеуші ғалым Ермек Балташұлы «Жерге
кісі аттарын беруге мүлдем болмайды»
дегенді айта отырып, кісі есімдерін оқу
орындарына, мектептерге, мәдениет мекемелеріне
беруді шектеген дұрыс емес екенін білдірді.
«Халыққа, елге ерекше еңбек еткен тұлғалардың
атына мекеме атауларын беруді шектемеу
керек» деді. Бірақ қандай ұлы адам болса
да, оған жердің атын беруге болмайды деп,
әлем тәжірибелерінен нақты мысалдар
келтірді. Германияда Гетенің немесе Англияда
Шекспирдің атында қала жоқ. Бірақ бұдан
ол тұлғалардың қадірі төмендеп кеткен
жоқ» деді Е.Балташұлы.
Дөңгелек үстелде сөз алған Шығыс Қазақстан
облысы Тілдерді дамыту басқармасының
бастығы Айдын Шаймарданов ономастикалық
атаулар жазылатын маңдайшаларды біріздендіру
мәселесін қозғады. Айтуынша, маңдайшаларды
біріздендірмеудің салдарынан екі жұмыс
жасалып отыр. Маңдайша жазуларын әркім
білгенінше жазып жүр. «Бізде маңдайша
жазуларының белгіленген ортақ нұсқасы
жоқ. Осы мәселені шешуіміз керек. Өйткені
тексеру кезінде мұндай ағаттықтар айқындалып,
оларды қайта жөндеп жатуға тура келеді.
Мұның барлығы бірізділіктің жоқтығынан»
деді А.Шаймарданов.
Елімізде биылдан бастап «Ономастика
туралы» Заң өз күшіне енгені белгілі.
Қазіргі таңда облыстық Тілдерді дамыту
басқармалары заң талаптарымен жан-жақты
танысып, алда тұрған міндеттерді заң
аясында шешуге қадам жасап жатыр. Бірақ
«Ономастика туралы» Заңды түсіндіру,
ортақ шаруаларды нақтылау жұмыстары
бойынша Атырау облысы Тілдерді дамыту
басқармасының бастығы Қилымғали Қайненов
өз тәжірибелерімен бөлісті. Басқармада
заң талаптарын орындау бойынша жұмыстарды
үйлестіретін жұмыс тобы құрылған. Жұмыс
тобы облыстық, аудандық тіл бөлімдерімен,
әкімдіктермен байланыс орнатып, ортақ
міндеттерді бірлесе айқындап, қажет болған
жағдайда заң талаптарын халыққа жеткізіп,
түсіндіру жұмыстарымен де айналысады
екен. Осы бағытта семинарлар, лекциялар
өткізіп келеді.
– Бұл жұмыстар сәуір айында басталды.
Заң талаптарын жүзеге асыратын жергілікті
жерлердегі мамандар, заңгерлер, аудан
әкімдерінің орынбасарлары ғой, демек
осы жұмыстарды орындаумен айналысатын
мамандар заң талаптарынан жан-жақты хабардар
болуы керек. Біз осы мәселеге ерекше көңіл
бөліп жатырмыз, –деді Қ.Қайненов.
Жиында Алматы облысы Тілдерді дамыту
басқармасының басшысы Ә.Әрін, Павлодар
облысы Тілдерді дамыту басқармасының
бастығы Е.Қабжан, Қарағанды облыстық
Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Ө.Амантайұлы. С.Аманжолов атындағы Шығыс
Қазақстан университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты Б.Бияров
және өзге де тұлғалар күн тәртібіндегі
мәселеге көзқарастарын білдірді.
Шара соңында «Ономастика және тарихи
дәстүрлі атаулар» атты республикалық
дөңгелек үстелде талқыланған мәселелер
бойынша «Ұйғарым» қабылданды.
Қазақ «Жеріңнің аты – бабаңның хаты»
деп тегін айтпаса керек. Ел мен жер атаулары
ұлттық ерекшелігімізді танытып тұруы
керек. Атырау мен Алтай арасын мекендеген
ата-бабамыз әр жердің қиырына, тауы мен
тасына, сай-саласына, өзені мен көліне,
құзы мен жартасына, ойпаңы мен шоқысына
лайықты атаулар бере білген. Біз өзіміздің
атау берудегі ұлттық танымымыздан айырылмауымыз
керек. Әйтпесе, дөңгелек үстелде айтылғандай,
бүгінгі кейбір жастар: «Мына тауға қарашы,
Кинг-Конгқа ұқсайды екен?» демес еді…
Жер, су атаулары біздің тарихымыздың айғағы. Өткеннің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын осы атаулар арқылы бізге жеткізгені анық. Бүгінде егемен ел болып, қабырғамыз қатайған кезде сол жоғымызды іздей бастадық. Дәлірек айтқанда, ел болып ата-бабамыздан қалған тарихи топонимикамызды қайта қалпына келтіру ісіне кірістік.Біздің облыста да елді мекендердің аттарына байланысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, көше аттарын қазақыландыруда бірсыпыра жұмыс атқарылып жатыр. Бұл игі шара өңірімізде тіл басқармасы құрылғалы нақты қолға алынды. Облыс көлемінде 2004 жылдан бері 95 нысанның (ауылдар, ауылдық округтер, мектептер, балабақшалар, темір жол стансалары, су қоймасы және т.б.) атауы өзгертіліп, жаңа атаулар берілді. Бұл істе Астана-Көкшетау бағытындағы мемлекеттік маңызы бар автожол бойындағы топонимдерге баса назар аударылуда. Соның нәтижесінде Көкшетау қаласын елордамен байланыстыратын 18 елді мекеннің 11-і тарихи атауын иеленді. Қалған елді мекендер атауларының өзгеруі уақыт еншісінде, қазіргі кезде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Атаулары өзгертілген нысандарға халқымыздың белгілі тұлғаларының есімдері берілді, олардың арасында Бөгенбай би, Үмбетей жырау, Балуан Шолақ, Есмағамбет Ысмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Мәди Хасенов және басқалары бар. Сондай-ақ елді мекендерге өзінің тарихи атаулары қайтарылуда, мәселен Трудовое – Ақтас, Придорожное – Ақбұлақ, Богдановка – Алакөл, Красноводское – Айнакөл, тағы басқа болып жүрекке жылы үндесті.
Ал ежелгі, тарихи атаулары табылмаған елді мекендерге қазіргі заманға лайық, сол елді мекеннің географиялық ерекшелігіне, жер бедеріне сәйкес атаулар берілуде. Атап айтсақ, Зеренді ауданындағы Водопьяновка – Ақадыр, Подлесное – Бәйтерек, Бурабай ауданындағы Климовка – Атамекен, Аршалы ауданындағы Нововладимировка – Бұлақсай болып қайта аталды.
Біз Елбасының «Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімділігін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек!» деген сөзін басшылыққа алып, ономастика саласында көптеген семинар-кеңестер өткізуді дәстүрге айналдырып отырмыз. Аталмыш шараға облыс аумағындағы ауылдық округ әкімдерін жинап, заң тетіктерін түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізуге бағытталған практикалық сабақтар өткізудің нәтижесі де жоқ емес.
2004-2010 жылдар аралығында Целиноград ауданы – 15, Ерейментау ауданы – 14, Аршалы ауданы – 13, Ақкөл ауданы – 12, Бұланды, Зеренді аудандары – 10-нан, Бурабай ауданы – 9, Еңбекшілдер ауданы – 5, Шортанды ауданы – 4 нысанды қайта атаса, Астрахан, Сандықтау және Егіндікөл аудандары бір-бір елді мекенге тарихи атауларын қайтарды.
Басқарма тарапынан жыл сайын облыс аумағындағы ономастикалық жұмыстарға сараптама жасалып, әрбір жылдың басында аудан басшыларына талдау қорытындылары көрсетіліп, хат жолданады. Бұл мәселеге қырын қарайтын аудан басшылары тіл мәселелері жөнінде өткізілетін қорытынды кеңесте сынға алынады.
Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы облыстық тіл саясаты және ономастика комиссиясы 2006 жылғы 19 қазанда өткен кезекті отырысында Ақмола облыстық филармониясына халық ақыны Үкілі Ыбырайдың есімін беру туралы шешім қабылдаған болатын.
2007 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы Ақмола облыстық филармониясына халық ақыны Үкілі Ыбырайдың есімі берілсін деген ұйғарым жасады. Алайда, осы уақытқа дейін аталмыш мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында жатыр. Биыл халқымыздың белгілі әнші-сазгері, халық музыкасының алыбы Үкілі Ыбырайдың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы ұсынысты 4 жыл бұрын қолдаған ел зиялылары, ардагерлер мәселенің шешімін бізден сұрайды. Бізде мардымды жауап жоқ, жоқ болатыны жоғарыдан нақты шешім жоқ. Айтайын дегенім, жергілікті жерлерден жолданған ұсыныстар дер кезінде оңтайлы шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.Осы сияқты 2006-2007 жылдары жолданған Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ есімін, Бұланды ауданындағы Карамышевка орта мектебіне Қайыржан Ескендіровтің есімін, Целиноград ауданы, Жалғызқұдық ауылындағы орта мектепке белгілі қайраткер Рақымжан Дүйсенбаевтың есімін беру, Ерейментау ауданы, Күншалған ауылындағы Ленин орта мектебін Күншалған орта мектебі деп қайта атау туралы мәселелер де әлі күнге шешімін таппай отыр. Биылғы жылы оншақты мектеп пен балабақшаны қайта атау туралы ұсынысты тағы жолдадық.
Тағы бір өзекті мәселе – отаршылдық кезеңі мен тоталитарлық замандағы қалпында қалып қойған гидроним, яғни су объектілері мен оронимдердің (тау,қырат, шоқы) атауларын қазіргі заман талабына сәйкестендіру. Физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атау туралы нақты шешімді жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысымен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Алайда, жергілікті өкілді және атқарушы органдар қандай негізге сүйеніп шешім шығарады? Жалпылама халыққа ортақ өзендер, көлдер, таулар мен шоқыларды қайта атау жөнінде ұсынысты кімдер немесе қандай орган береді? Ономастика саласындағы заңнамаларда осы және осыған ұқсас сұрақтарға жауап беретін тетіктер қарастырылмаған.
Ұлттық ономастиканы дамыту олардың нормативтік құқықтық қамтамасыз етілуімен тікелей байланысты екені сөзсіз. Қазіргі кезде ономастикалық жұмыстың нормативтік құқықтық базасы «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Заңы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, темір жол стансаларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібі» және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасына» негізделеді. Алайда, осы аталған заңнамалар еліміздегі ономастиканың өзекті мәселелерін түбегейлі шеше алмай отырғаны жасырын емес. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңды алайық. Аталмыш заңға бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенімен, осыдан 17 жыл бұрын бекітілген заңның негізі сол қалпында қалып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы қаулысы да осы тақылеттес. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы жағдаймен қазіргі жағдай бірдей емес. Ал, аталған заңнамалар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында дайындалып, бекітілген нормативтік құжаттар.Үкіметтің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасы» да өз қызметінің шегіне жетті деп айтуға болады. Сөздің тоқетері, ономастика саласындағы түйткілді мәселелердің шешімін табуға оң ықпал ететін, осы салада мол тәжірибе жинаған елдердің үлгісіне сүйеніп дайындалған «Қазақстан Республикасының ономастика туралы» жаңа заңы қажет.