Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Октября 2013 в 19:41, курсовая работа
Түркеш қағанаты - ерте орта ғасырда, ежелгі Үйсін мемлекеті жерінде құрылып, ғасырға жуық салтанат құрған әскери - феодалдық мемлекет. Оның негізін қалап, шаңырағын көтерген Батыс Түрік қағанатына қарасты Бес Арыс ел Дулудыш /Дулаттың/ белді тайпасы түркештер болды. Ол шежіре деректерінде «Сары үйсін» деп те аталып - жазылған.
Сұлу аз уақыттың ішінде шаңырағы шайқала бастаған Түркеш қағандығын қалпына келтірумен бірге екі майданда бірдей соғысты. Оның бірі – батыстағы мықты жауы арабтар еді. Арабтардың жеңілу көрмеген әскерлері 714-715 жылдары Сұлу әскері Сырдариядан бірнеше рет шегініп қайтады. Ақыры арабтарға қарсы күрескен жергілікті халықтың көмегіне сүйеніп оларды Мәуереннахрдан қуып шықты. Ал екінші майдан Қытай тарапынан шықты.
Түргеш қағанаты Сулық (Сұлу) қаған (715-738) тұсында күшейді. Оның тұсында түргештер екі майданда күрес жүргізді. Батыстан арабтар, шығыстан Тан әулеті күш көрсетті. Елшілік жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сулық шығыстан келетін қатерді болдырмады. Сұлу қаған дипломатиялық көрегендік танытып 717 жылы Тань империясының астанасы Чананьға аттанды. Оның артынша өзіне қауіпті деген патшалармен құдалас болып, Ашин руының Батыс Түркі қағанының тұқымынан шыққан қызға үйленді. 717 жылы желтоқсан айында Түркеш қағаны Сұлуға бағынған» делінеді. Цзяохэ (Құнчүй ) ханшайымның Түркештерге ұзатылуына, сол кезде Тан патшалығы жағы да ықпал жасаған көрінеді. Себебі Тан патшалығы бұрынғы Он Оқ жеріндегі билікті өз қолына алып әрі қарай билігін бикемдей бастаған түркештермен арадағы байланысты күшейту мақсатында Он Оқ қағанының заңды мұрагерін орнынан тайдырып, орнына өздері тағайындаған Ашина Хуайдаоның қызын Түркеш қағаны Сұлуға ұзату арқылы, алдағы жерде әлдеқандай құдандалық пиғылды іске асырмақ болған сияқты. Алайда осынау құдандалықтың арт жағында құрық бойламайтын саяси қулықтың жасырынып жатқандығы белгілі еді. Мұндай саяси ойынды алғаш рет Қытайдың Хань дәуіріндегі саясаткерлері ойлап тауып, кезінде ғұндармен арадағы саяси тартыста өз пайдасына тамаша пайдалана білген. Қалың түркеш қауымы Сұлуға мейлінше беріледі. Тарихи деректер «Сұлудың қол астындағы адам екі жүз мыңға жетіп, батыс өңірдегі басым күшке айналды», деп жазады. Сұлу ел басқарудың қыр-сырына шебер адам болғандықтан, рулар мен ұлыстар соның айналасына айрандай ұйып, олардың халық саны бірден 200 мыңға жетіп, Сиюйге (Мұнда қазіргі Қазақстан, Орта Азия және Шыңжаң қатарлы жерлер айтылып отыр. Оны бұрынғы Он Оқ жері деп түсінуге болады.) қайтадан қожалық ете бастады. Кайюань жылнамасының бесінші жылы (717 ж.) патша сарайына сәлем беруге елші жіберіп, ювэйдацзянцзюнь, туциши дуду (Түркеш тұтұғы) деген шендер алды. Патша оның ұсынған сыйлықтарын қабылдаудан бас тартып, өзіне қайтарып берді. Кейін Увэйчжунлагцзян ( Тан патшалығының мансабы) міндетін атқарушы Ван Хуэй деген адамды бұйрық бойынша аттандырып, Сулуға сыйлыққа оқалы тон, алтынмен зерленген кісе, балық пішіндес қалта (Бұл зат Тан дәуірінде байлықтың белгісі болған.) және жеті түрлі бұйым тарту етті, сонымен бірге цзиньфандао цзинлюедаши деген шен берді. Сулу аса айлалы адам болатын, шын мәнінде ол Тан патшалығына шын ниетімен бағынған жоқ еді.
Қапағанның орнында Шығыс Түркі қағандығының тағында отырған Білге қағанның қызын екінші әйелдікке алды. Сұлу үшінші жолы Тибет патшасының қызымен некелесті. Өз баласын Білге (Могилян) қағанның қызына үйлендіреді. Бұдан кейін оның өз көршілерімен достық қарым қатынасы бұзылмады. Түркістанда Сұлудың егемендігін жоюға бағытталған Қытай басшыларының әрекеттері қарсылыққа тап болып, тоқтап қалды.
Бұл жағдай түргештердің батыста белсенді әрекет етуіне мүмкіндік туғызды. 723 жылы Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен тізе қосып, түргештер арабтарды жеңеді. Сулықты арабтар Абу Мұзахим (Сүзеген) деп атайды.
726-727 жылдар арасында Түркеш армиясы Күше қаласына екі рет шабуыл жасап, екіншісінде тибеттіктермен мәмілеге келіп, бірігеді. Себебі, Сұлудың негізгі әскери күші батыс жақтан төнген жауға қарсы тұруға тиіс болды, ол Орта Азия елдерінің арабтарға қарсы күресінің белсенді қатысушысы болатын.
728-729 жылдар арасындағы Самарқан мен Бұхара тұрғындарының қатысуымен біраз уақыт Соғды арабтардан арылып, тек Самарқан басшыларының билігінде қалады. 730 жылы арабтар біраз жеңістерге қол жеткізгенмен, 731 немесе 732 Күше мен Самарқан аралығындағы тауларда, кейін Кермин түбінде түркештерден жеңіліс табады. Тек 732 жылдың аяғында ғана араб қолбасшысы Джунеид Абдаллах түркештерді жеңіп, Бұхараға кіреді.
ТҮРКЕШ ҚАҒАНАТЫНЫҢ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Түркеш қағандығы 704 жылдан 766 жылға дейін өмір сүрді. Ол өзінен бұрынғы Батыс Түркі қағандығы сияқты Алтай тауынан Тянь-Шань тауына, Баркелден Арал теңізіне дейінгі аймақтағы он оқ тайпасын биледі. Түркеш қағандығы кезінде Іле өзені алқабында, Қаратаудың солтүстік бөктерінде егіншілік өркендеді. Көшпелі тайпалардың бір бөлігі егіншілік кәсібіне ауысты. Түркеш қағандығында отырықшы орындар мен қалалар дамып, егіншілік пен өзге де кәсіп түрлерінің өркендеуіне үлкен ықпал жасады. Қалада қол өнеркәсібі дамып, айырбас бұйымдарын өндіретін болды. Түркеш қағандығына қарасты қалалардың көбі Батыс пен Шығыс арасындағы керуен сауда жолының үстінде орналасқан еді.
Түркеш қағандығында сауданың өркендеуіне байланысты ақша айналымы – теңге жарыққа шықты.Түркеш қағандары металдан ақша шығарды. Түркеш теңгелерін Жетісуда Батыс Түрік қағанатынан кейін құрылған Түркеш қағанатының (690-756 жж.) қағандары Учжилэ(Үшлік, Баға Тархан деген атағы бар), Сулу ( Сулық, Білге қаған атағы бар) және т.б. өз аттарынан Тараз бен Суйаб қалаларында Қытайдың Тан империясының «кайюань тунбао» деп аталатын мыс теңгелеріне ұқсатып (теңгенің ортасында төрт бұрышты тесігі бар) мыстан соғып шығарған. Түркеш теңгелерінің бет жағына садақ секілді таңба, ал екінші жағына соғды жазуымен «Баға Түркеш қағанының паниі (теңгесі)» деген жазулар жазылған. Зерттеушілер мұндағы «баға» сөзі соғдыша «тәңірі, киелі» деген мағына берсе, «пани» сөзі қытайша «вэнь » сөзінен туған, яғни Тан империясының ақша бірлігін, номинациясын білдіреді деп атап көрсетеді. Бұдан түркештердің соғды және қытай мәдениетінің едәуір әсерінде болғандығы аңғарылады.
Шыңжаңнан қазірге дейін кездейсоқ жағдайда табылған түркеш теңгелерінен сегіз данасы (1990-жылдарға дейінгі мәлімет) белгілі, олар Ұлы Жібек жолының жолөтпелері болған Қашқар, Хотан, Тұрфан, Мори және т.б. жерлерден табылып отыр.
Түркеш қағандығының жазу мәдениеті болды: олар алдымен көне түркі жазуын, одан соң соғды жазуын пайдаланды. Түркеш қағандығы кезінде Іле өзенінің алқабында, Қаратаудың солтүстік бөктерінде өсіп өркендеді. Көшпелі тайпалардың бір бөлігі егіншілік кәсібіне ауысты.Отырықшылық пен егіншіліктің жаңа тұрақтары жарыққа шықты, Орта Азия мен Орта жазықтағы озық егіншілік әдістері үздіксіз еніп отырды. Ду Хуан құрастырған «Саяхаттама» атты кітапта былай дейді: «Шу өзенінің Батыс-оңтүстігінде Талас деген қала бар... Ол Арал теңізінің шығысында, үшінші айдан тоғызыншы айға дейін ол өңірде жауын-шашын болмайды. Еріген қардың тасқын суын пайдаланып егін егеді. Бұл өңірде арпа, бидай, күріш, бұршақ дақылдары егіледі. Олар жүзімнен әр алуан шарап жасап ішеді».
ТҮРКЕШТЕРДІҢ ӘЛСІРЕУІ
Бастапқы кезде Сулу қол астындағы адамдарын аса шебер басқарып отырды, ол аса қажырлы әрі ұқыпты адам болатын. Жорықтарда түскен олжаның барлығын қол астындағы адамдарына тең бөліп беріп отырды, сол себепті рулар мен ұлыстардың барлығы оны қолдап-қуаттап, оған жұмыс істеуге құлшынып келген еді. Ол туфань және туцзюе (Шығыс түрік қағанаты) елдерімен де жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, бұл екі елдің қызының үшеуін де қатұн етіп ұлықтап, бірнеше ұлын ябғұ етіп белгіледі. Шығатын шығыс мөлшері күн өткен сайын көбейіп бара жатты, ол байлық жимасам қартайған шағымда тарығып қаламын деп ойлап, соңғы кезде соғыс олжаларын қол астындағы ұлықтарымен бөліспей жеке өзі иемдене бастады, содан қол астындағы ұлықтарымен арақатынасы суып сала берді. Оның үстіне өзі желқұзданып, жарым денесі салданып, жарымжан болып қалды. Сонымен Мохэдахань (Баға Тархан), Думочжи (немесе Думоду – мансап аты) сияқты шонжарлар басқарған ұлыстар өктем орынға шыға бастады. Ел ішінде Согэ әулеті өздерін «Сары» деп атаса, Сулудың ұлысындағылар өздерін «Қара» деп атап, ел іші екіге бөлініп, бір-бірімен аңдысып, өзара жауыға бастады.
Сары және қара түркеш атауының шығуын ғалымдар осыдан шықты деп санайды. Бұл пікірді жақтаушылардың бірі – жапон ғалымы Мацуда Х.. Ал бұл пікірге қарсы шығушылар ретінде Мори Масао сияқты тарихшыларды атауға болады. Бірақ оның дәлелі тым пәрменсіз деп атауға болады. Сюе Цзунчжэнь, түркештердің «сары» және «қара» болып бұлайша жіктелуін этнологиялық ұғым деңгейіне көтеріп, «сары» түркештерді сары шашты иран тектес сақтар деп, «қара» түркештерді моңғол текті динлиндердің ұрпағы деп дәлелдеуге тырысады. Көне түріктердің ұғымында «сары» және «қара» сөздерінің мән-мағынасы тым көп болған, соның ішінде түр-түсті ғана емес, бағыт-бағдарды да білдірген. Сондықтан түркештердің «сары» және «қара» болып бөліну сырын этнологиялық тұрғыдан емес, саяси-географиялық тұрғыдан іздеген жөн сияқты. Мұндай болғанда «сары» және «қара» ұғымдары Түркеш қағанатына қараған ру-тайпалаодың өріс-қоныстарына қатысты туындаған болып шығады.
Халықаралық жағдайлардың түркеш қағандығының пайдасы үшін шешілуіне саяси белсенділік көрсетіп жүрген Сұлу қаған Жетісуға оралған кезде 738 жылы өзінің бақталастарының құрбаны болды. Оның қолбасшысы да 739 жылы Сырдарияның бойында арабтардың қолында мерт болады.
Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсан Құтшар қаған болған. Алайда оның қағандық құрған мезгілі бар-жоғы бір-екі жылға ғана созылған. Бұл кезде сары мен қара түркештердің арасындағы күрес тура 20 жылға созылып қағандықтың саяси және экономикалық жағы мүлде әлсірейді.
746 жылы Жетісу жеріне Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар қара құрымдай қаптап келіп қоныстанады. Бірақ арабтармен күресте әлсіреген Түркештер қарлұқтарға лайықты карсылық көрсете алмады. Осыны пайдаланған Қытай империясы Суябты басып алады, Шаштың билеушісін дарға асады. Оның баласы арабтардан көмек сұрайды.
VIII ғасырдың 30-40 жылдары шамасында арабтардың шығысқа қарай жылжуы қытайлардың осы аймақтағы мүддесіне қайшы келе бастады, бұл дәуірде тек арабтар ғана емес, бұл аймаққа көз тіккендердің қатарына біртіндеп күшейіп, қуат ала бастаған тибеттер де қосылған болатын, көп өтпей тибеттер Орта Азия жеріне арт–артынан жорықтар ұйымдастырып, ондағы кейбір иеліктері өз билігіне ала бастады. Осылайша, Тан империясы үшін бұл аймақтағы ең басты бақталас арабтар емес, тибеттер болды. Сонымен, 747 жылы қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи мұздай қаруланған он мың атты әскермен Памир жоталарынан батысқа асып, осы аймақты өз қарауына алып үлгерген тибеттермен аса сәтті соғыстар ұйымдастырып, аталмыш аймақта өз билігін орната бастады. Өзінің осынау жеңістеріне масаттанған ол, енді аяғы жеткен жерде ойына келгенін істей бастады. Нәтижеде, 750 жылы Шаш мемлекетін қанға бөктіріп, ол елдің ханын қатынымен қоса Қытай астанасы Чананьға апарып, оларды сонда өлтіріп тастады. Мұнымен қоймай Шаш қаласын түгін қалдырмай тонап алды. Гао Сянчжидің мұндай тағылық әрекеттері Орта Азия халықтарының қытайларға деген жаппай өшпенділігін қоздырды. Осылайша Орта Азия жеріне сұғына енген Гао Сяньчжи жасақтары ақыры Тараз бойында арабтардың армиясымен кездесті. Соғыс бес тәулікке созылды. Шайқас мейлінше қиян-кескі жүріп жатқан тұста Тан империясы армиясының құрамындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығып кетеді. Нәтижесінде арабтар мен қарлұқтардың қолы Тан империясын екі бүйірден қыспаққа алып соққылайды. Осындай тегеурінді соққыдан Гао Сяньчжи қолы түгелге жуық қырылды. Ал Гао Сяньчжидің өзі болса қан майданнан зорға дегенде жанын сауғалап қашып құтылады.
Таң патшалығының түркеш еліне соғыс жорығын жасауына түркеш ақсүйектері арасындағы қиян-кескі қырқыс мұрындық болды. Таң патшалығының осы оқиғада қолданған тұрпайы тәсілі түркеш халқының қатты наразылығын қозғады. Таң патшалығы үкіметі 748-жылы ашына тайпасы ақсүйектерінің бірі, Ашынашын деген адамды «он оқ қағаны» деп тағайындап, түркеш қағандығына жіберді.Бұрын өздеріне өктемдік еткен ашына тайпасының ақсүйектерінен түркеш халқы қатты жиренетін еді, сондықтан Таң патшасының Ашынашынды демеп, түркеш тағына отырғызбақ болған әрекетіне қажырлы қарсылық көрсетті. Қаған тағына отырмақ болып келе жатқан Ашынашынды жол-жөнекей Баға-тарқан өлтіріп тастады.
Осы оқиғадан соң түркеш қағандығында Елетмыш Құтлұғ Білгі қаған (747-753), Тәнгірі Ілміш қаған (753-756), Ата бойла қаған (756-766) билік жүргізді. «Сфуиуангой» жинағында түркеш қағандығынан 746-755-жылдар аралығында Таң патшасына бес дүркін елші барғаны хабарланған. Бірақ бұл дәуірдегі жағдайда үлкен өзгерістер болған еді.
751 жылы Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде арабтар мен қытайлықтар соғысады. Шешуші сәтте қытайлардың ту сыртынан қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығады. Қытай әскерлері толық күйретіледі. Олар тіпті Шығыс Түркістаннан ары шегініп кетеді. Атлах түбіндегі соғыстың Жетісу мен Мәуереннахр халықтары тағдыр-талайында үлкен тарихи мәні болады. Тан әскері енді Жетісу шебін ғана емес, ұйғырлар мен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды да тастап кетуге мәжбүр болады. Талас алқабында арабтар да табан тіреп тұралмай, Шашқа шегініп кетеді. Бірақ ішкі қырқыс Түркеш мемлекетін әбден тұралатып тастаған еді, сол себепті ол 756 жылы түрік тілді қарлұқтар тайпаларының тегеуірінді шабуылына шыдамай құлап бітеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бұрынғы Батыс түрік қағанаты аумағында төрт бірдей құдіретті мемлекет орнады. Хазар қағанатын қоспағанда, Еділ өңірі мен Солтүстік Кавказда, Казақстанда үш этникалық бірлестік калыптасады. Сырдарияның төменгі және орта ағысында, Арал теңізі өңірінде Оғыздар мемлекеті жайлады, ал Қазақстанның Солтүстік Шығыс және Орталық аймақтарында Қимақ мемлекеті үстемдік кұрды, Жетісуда қарлұқтар қала берді. Бұл мемлекеттер Оңтүстік Қазақстан ортағасырлық тарихында өзіндік ізін қалдырды. Ерте орта ғасырларда, негізінен, Отырар алқабы Түрік, Батыс түрік және Түркеш мемлекеттерінің қол астында болды.
Түркештердегі керіс-талас жағдайын қарлұқ тайпалары пайдалануға әрекет жасайды. Бұған басты себеп болған, 746-747 жылдары Моңғолия мен Алтай жеріндегі ұйғырлардың күшеюіне байланысты, ондағы қарлұқтар Жетісу жеріне жылжыған. Олар түркештердегі алауыздықты пайдаланып, өкіметті өз қолдарына жауап алады. Сонымен 766 жылы түркеш қағандығы құлап, оның орнына қарлұқ қағандығы құрылады. Түркеш қағандығы жайлы тарихи деректемелерде қағандықтың экономикалық және мәдени жағдайлары туралы жоқтың қасы. Қағандықтың өмір-ғұмыры онша ұзақ болған жоқ. Бар-жоғы 50-60 жыл шамасында ғана өмір сүрген. Оның көпшілігі сыртқы жаулар мен шайқасуда өтсе, ішкі жағдайда екі жаққа бөлініп алып, бір-бірімен талас-тартыста өткен.Әрине, ондай ұзақ жылдарға созылған саяси талас-тартыстар қағандықтың экономикалық-мәдени жағының өсіп-өркендеуіне кедергі жасағаны сөзсіз. Алайда, түркеш қағандығының мерзімі тарихта ешбір із-тозсыз деген ой тумауы керек. Түркештер Батыс түрік қағанатының орнына пайда болғандықтан, қағандықтың ел басқаруы жүйесінде, әлеуметтік әлеуметтік-экономикалық жағдайда солай дамыды. Археологиялық зерттеу жұмыстарының кезінде Тараз, Баласағұн қалаларынан Түркеш қағанының қытай жазуымен жазылған төрт бұрышты ортасында тесігі бар теңгенің табылуы Қытай мен сауда қатынасының дамығандығын көрсетеді. Олай болса, сондай ауыр талас-тартысқа қарамастан, Қазақстан жерінде түркі дәуірінде өмір сүрген бұл қағандықтан із қалған.