Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Октября 2015 в 15:25, реферат
Джордж Байрон ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа ақын-жазушыларының ішінде көптеген елдерде өршіл романтизмнің дамуына зор ықпал еткен тұлға. Өз тұсында және кейінгі замандарда да Байронның атақ-даңқы жер жүзіне аса бір қадірлі беделмен таралып, оның асыл мұралары ерекше баға, құрметке бөленді. Энгельс, Байрон шығармаларының әлеуметтік, тарихи, қоғамдық мән-маңызын, халықтық сипатын жоғары бағалай келіп: «Ақын творчествосын нағыз қадірлеуші – халық болды»,-деген еді.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИНТРЛІГІ
ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
СӨОЖ
Тақырыбы: 1.Дж.Г.Байронның шығармашылығы.
2.П.Б.Шеллидің өмірі мен шығармашылығы.
3.В.Скотт шығармашылығының кезеңдері және ағылшынның романтикалық әдебиетіндегі орны.
Орындаған: Нұрсадықов Ж.Ж.
Тобы: Қ-213
Тексерген: Баймұханбетова М.Б.
Семей,2015жыл
Джордж Байрон ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа ақын-жазушыларының ішінде көптеген елдерде өршіл романтизмнің дамуына зор ықпал еткен тұлға. Өз тұсында және кейінгі замандарда да Байронның атақ-даңқы жер жүзіне аса бір қадірлі беделмен таралып, оның асыл мұралары ерекше баға, құрметке бөленді. Энгельс, Байрон шығармаларының әлеуметтік, тарихи, қоғамдық мән-маңызын, халықтық сипатын жоғары бағалай келіп: «Ақын творчествосын нағыз қадірлеуші – халық болды»,-деген еді. Орыстың ұлы сыншысы Белинский: «Әрбір ұлы ақынның ұлылығының өзі – оның қасіреті мен қуанышы қоғам өмірімен, тарихымен терең тамырлас болуында,-дей келіп, – тап осындай өмірі де, шығармасы да тарихи-қоғамдық өмірмен тығыз байланыста болған орасан зор ақын – Байрон», - деп құрметпен жазған. Пушкин, Лермонтов, Мицкевич сынды поэзия кемеңгерлерінің өзі Байронның ғажайып ақындық даналығы мен адамзаттың азат өмірін аңсау жолындағы тарихта теңдесі жоқ ересен ерлік өмірін мейлінше қадір тұтып, өздеріне өнеге санаған.
Осындай бірталай елдердің әдеби өміріне аса бағалы рухани мұраларымен белгілі, әлем поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі – Джордж Ноэл Гордон Байрон. Ол 1788 жылы 22 қаңтарда Лондон қаласындағы ірі ақсүйек жанұясында дүниеге келген. Болашақ ақын жастайынан әділдікке, ерлік рухқа бой ұрып, алғашқы әлеуметтік күресінен бастап-ақ өз отанындағы зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы тұрды. Өзі ақсүйек ортадан шығып, бала кезінен «лорд» мәртебесіне ие бола тұрса да, өз ортасымен, яғни Лондонның билеуші озбыр да өзімшіл тобымен сиыса алмай, азаттық үшін күресіп жатқан елдерге сапар шегеді. Байрон лордтар палатасында мемлекет басшылығының халыққа қарсы ұстанған саясатын қатты сынға алып, екі рет сөз сөйледі. Бірінші сөзінде ол жазықсыз луддиттерге қолданылып отырған өлім жазасына ашық қарсы болса, екінші сөзінде ирландтық шаруа-католиктерді қайыршылық халге жеткізген ғасырлар бойғы үстемдікті жойып, Ирландияға егемендік берілуін талап етті. Дегенмен, ақынның бұл талаптары орындалмай, сөз жүзінде ғана қалды. Ақын 1809 жылдардан бастап өмірінің соңына дейін Испания, Швейцария, Италия, Албания, Греция елдерінде болып, олардың саяси-әлеуметтік күрестеріне өзінің отты жырларымен үн қосады. 1816 жылы ағылшын озбыр топтарымен саяси тартысы мейлінше шиеленісіп, солардың қудалауымен ол өз отанынан біржолата кетеді. Сол жылы ақын Швейцарияда барып, ағылшын поэзиясының тағы бір шыңы Шеллимен кездесіп, танысады. Бірақ ол көп ұзамай Италияның Венеция қаласына қоныс аударып, өзінің жемісті шығармашылық жолын жалғастырған. 1819 жылдың сәуір айында Байрон графиня Терезо Гвичьолмен таныстықтан соң, Италия бостандығы үшін күрестегі каробинерлердің астыртын саяси ұйымына мүше болып кіреді. Тіпті ақынның Равенн қаласындағы үйі құпия қару-жарақ қоймасы мен көтерілісшілердің штабына айналады. Ол өзінің әдеби еңбектері арқылы тапқан қаламақысын каробинерлердің күресі үшін аямайды. Міне осы кезең Байронның шығармашылық өрлеуіне әсерін тигізгендей еді. Өз корольдерін тақтан кетірген неополитандық революционерлердің жеңісіне үн қосып, көтерілісшілерге ерекше бір рух беретін жалынды туындыларын арнады. Дегенмен, көтеріліс жеңіліспен аяқталғаннан соң ол қуғындалып, елден кетуіне мәжбүр болады. Грецияға барып, онда да тыныш жатпай ақын өз жырында мейлінше ардақтаған Греция елін Түрік басқыншыларынан азат ету соғысына қатысып жүріп, 1824 жылдың 19 сәуірінде кенеттен келген аурудан Миссалунг батпағында қаза табады. Шетелдерде жүріп, бар-жоғы 36 жыл ғұмырында қаншама құнды мұралар қалдырған кемеңгер ақын әдебиетке де, саясатқа да жастайынан араласты. Оның шығармаларының көпшілігі соғысқа, басқыншылыққа, үстемдікке, әділетсіздікке қарсы бағытталған. Осы тұрғыда «Чайльд-Гарольд сапары» («Странствия Чайльд Гарольда»), «Теңіз көкжалы» («Морской волк»), «Гяур», «Шильон тұтқыны» («Шильонсий узник»), «Қола ғасыр» («Бронзовый век»), «Дон Жуан», «Мезепа», «Абидосc қалыңдығы» (Абидосская невеста»), «Ирландия аватарасы» («Ирландская аватара»), «Минерваның қарғысы» («Проклятие Минервы») т.б. дастандарын, «Кайн», «Манфред» секілді келелі драмалық поэмалары мен көптеген өлеңдерін алуымызға болады. Еуропаның алдыңғы қатарлы барлық ақындары оны «ой-пікірді билеуші» деп атап, өз шығармашылықтарын шыңдауда үлгі-өнеге тұтқан.
Байрон шығармашылығын шартты түрде
екі кезеңге: 1807-1816 жылдар және 1817-1824
жыдарға бөліп қараймыз. Ақын шығармашылығының
алғашқы кезеңі ағылшын классицистикалық
поэзиясының ықпалында болса, екінші кезеңінде
ол нағыз толысқан ақын-романтик ретінде
көрінеді. 1807 жылы жарыққа шыққан «Бос
уақытта» («Часы досуга») атты өлеңдер
жинағы Байронның алғашқы әдеби қадамы
болып табылады. Бұл жинағынан жас ақынның
толыспаған, еліктеушілік көзқарасын
байқауға болады. Дегенмен де осы жинақтағы
кейбір туындыларында («Кайн», «Прометей»)
оның жеке ақындық қасиеттері де қылаң
бергендей. Ақынның өзіндік шығармашылық
ерекшелігі, қайталанбас көркемдік әдістерінің
толық көрінуі, оның 1812 жылы жарыққа шыққан
«Чайльд Гарольдтың сапары» дастанымен
байланысты. Негізінен бұл туынды бірнеше
жыл бойы жазылып, 4 әннен тұрады. Бұл лиро-эпикалық
поэма тек ағылшын оқырмандарына ғана
емес, Бүкіл Еуропаның озық ойлы қауымына
теңдессіз әсер қалдырып, ақын атын әлемге
әйгілі етті. Туынды бір ғана 1812 жылдың
өзінде 5 рет баспа бетін көріп, еуропалық
романтизмнің ірі жетістіктерінің біріне
айналды. Поэманың орасан зор табысқа
жетуінің басты құпиясы, ақынның сол уақыттың
ең келелі де күрделі мәселелерін ашық
қозғап, асқан ақындық шеберлікпен көңіл
күй тебіренісін бере білуінде. Туындыны
жазуына негізгі себеп болған жай Байронның
1812 жылы Еуропаға жасаған сапарында алған
әсері. Өзінің осы сапарда жазған әр түрлі
күнделік жазбаларын басшылыққа ала отырып,
оларды біртұтас сюжетті поэтикалық көркем
дүниеге айналдырда білді. Ол шығармадағы
басты кейіпкері Чайльд Гарольдтың жиһанкездік
тарихын баяндай келе, бүкіл жаңа Еуропаның
бүгінгі келбетін көз алдыңызға әкеледі.
Әр түрлі елдердің тыныс-тіршілігін кейіпкердің
кеме үстінен бақылауы арқылы ақын таза
романтикалық ойлармен көркемдік мәнерде,
көптеген лирикалық шегіністерімен және
аса әсерлі суретті сөзден жасалған бояулардың
үйлесуі арқылы келтірген. Романтиктерге
тән «экзотикаға», «жергілікті колоритке»
құмарлықпен Байрон әр түрлі елдердің
тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын суреттейді.
Дегенмен, туынды көптеген жекелеген бейнелеулерге
толы болса да, олардың бір арнаға тоғысқан
ішкі бірлігі бар. Байрон суреттеген Албания,
Испания, Грецияның бір-біріне ұқсамайтын
жекелеген бейнесін көре отырып, сол заманға
тән ортақ бір жайды аңғарамыз. Автордың
басты айтпақ идеясы осында жатыр. Поэмадағы
бұл ортақ тақырып, революциядан соңғы
Еуропаның мүшкіл халі, қанаушылық, қайыршылық,
төніп келе жатқан Наполеондық езгі, халық
басына түскен қайғы-қасірет басты кейіпкердің
көзқарасымен шебер өрілген.
«Шығыстық поэмалары».
1811-1812 жылдар ағылшын тарихындағы өте
келеңсіз, ауыр кезең болды. Ішкі және
сыртқы реакциялық күштер халықты езіп,
бостандық идеяларын жаншып отырды. Міне
осы жайлар Байронға қатты әсер етіп, ол
терең рухани дағдарысты басынан өткереді.
Оның туындыларынан көңілсіз көңіл-күйдің
лебін аңғарамыз. Дегенмен, ақынның осы
келеңсіз жайлармен саяси тартысы оның
осы кездегі туындыларында керісінше
өрши түседі. Міне осы кезеңдегі ақын шығармалары
«шығыстық поэмалар» деп аталған. Бұл
поэмалар тобына: «Гяур» /1813/, «Абидостық
қалыңдық» («Абидосская невеста») /1813/,
«Корсар» /1814/, «Лара» /1814/, «Коринфті қоршау»
(Осада Коринфа») /1816/, «Паризина» /1816/ атты
6 туындысы жатады. Байронның «шығыстық
поэмаларының» басты кейіпкерлері көбінесе
қандай да бір тәртіпке көнбейтін бүлікшіл
жеке тұлғалар. Бұл романтикалық кейіпкерлер
өздеріне ғана тән жеке тағдыры бар, өмірге
құштар, ештеңеге илікпейтін қайратты
болса да, махаббат сезімі алдында дәрменсіз,
баянсыз махаббат иелері. Белинскийдің
сөзімен айтқанда бұл кейіпкерлер «Олар
барша қоғамдық ортаға ызалы, қашанда
қарсы, өзіне ғана сенетін күресшіл азаматтар,
нағыз тұлғалар». Байрон өзінің осы қайсар
кейіпкерлері арқылы оқырман қауымды
батыл іс-қимылға, күреске үгіттегендей.
Шығыстық поэмалардың композициясы мен стилі романтизм өнеріне сай. Оқиғаның қай жерде болып жатқаны белгісіз. Ол көбінесе әсем табиғаттың аясында, шетсіз-шексіз теңіз, жабайы жағалау жартастары арасында т.б. экзотикалық орындарда өрбиді. Шығыстық поэмалардың көпшілігі кішігірім өлеңмен өрілген повестен тұрады. Олардың сюжеті белгілі бір романтикалық кейіпкердің тағдырына құрылған. Автордың басты назары олардың ішкі жан дүниесін ашу, орасан зор ынта-жігерін көрсетіп, сезіміне тереңдей бойлау. «Чайльд Гарольд» дастанына қарағанда бұл поэмалардың сюжеттері аяқталған.
«Гяур» поэмасына қысқаша тоқталар болсақ: ол Гяурдың өлім халінде жатып монахқа тәубелік етуінен басталады. Гяурдың сөздерінен оның Лейла екеуі бірін-бірі қатты сүйіп, ғашықтар бақытты болғандығын, бірақ сүйіктісінің қызғаншақ, сұм күйеуі Гассан аңдып жүріп, Лейланы зұлымдықпен өлтіргенін, соңынан Гяур Лейланың кегін алғандығын баяндап, өзінің осындай үлкен махаббат сезімінің аяқ асты болғандығына қатты налып, бұл өмірге лағнет айтады. Ал, «Корсар» поэмасының басты кейіпкері қарақшылар көсемі. Олар қоғамдағы ешбір заңға бағынбай тіршіліксіз бір аралда өмір сүрген ержүрек, ерікті адамдар. Корсар олардың мықты басшысы, ол да Гяур сынды көтерілісші. Одан барша аралдықтар, тіпті жауларының өзі атын естісе қорқатын. Себебі ол өте қатал, мейірімсіз жан болатын. Дегенмен, Гяур өмірде жалғыз, достары жоқ. Өткенін ешкім біле бермейтін құпияға толы адам. Алайда Корсар да Гяурдың кебін киіп баянсыз махаббаттың тұтқыны болады. Медораны сүйіп, өмір бойы оған деген махаббатына шек қоймайды. Аяғында Медораның өлімі жанына қатты батып, өмір өзінің мән-мәнісін жоғалтқандай. Поэма кейіпкері әрдайым өзінің ішкі жан дүниесімен алысып, қайғысымен әлек болады. Сөйте тұрса да өлермен-өркөкіректігімен өзінің бұл өмірдегі жалғыздығын қызғыштай қорғайды. Міне осыдан біз Корсардың басқалардан бөлек жеке бейнесін көреміз.
«Лара» туындысында феодалдық
ортадан шықса да, сол құрылысқа қарсы
тұрып, қара халықтың азаттық күресіне
үн қосқан көтерілісші тұлғаның типтік
образы поэма сюжетіне арқау болған. Негізгі
кейіпкері Лара феодалдық бұғаудан босануға
талпынған шаруалар көтерілісінің басшысына
айналады. Алайда, кейіпкердің бұл шешімі
алғашында қара халықтың қамын ойлағандықтан
емес, жеке бастың кегі және өзінің амандығын
күйттегендіктен туындаған болатынды.
Бірақ, бара-бара нағыз күрескер ретінде
шыңдалып, талай оқиғаны басынан өткереді.Негізінде
«Ларада» көтерілісші халық бейнесі «Чайльд
Горольд» туындысындағыдай жан-жақты
ашылмаған. Байрон бұл поэмасында өмірдегі
нақты шындыққа біршама жақын келеді.
Лараның басшылығымен болған халық көтерілісінің
келешегі бұлыңғыр екені белгілі болса
да, кейіпкердің нақты ерлік іс-қимылын,
өзіндей бостандықты күйттеген күрескерлерді
маңына топтастыра білген өзгеше қабілетін
өзгеге өнеге еткендей. Ұйымдаспаған,
тәртіптен жұрдай шаруалар көтерілісін
тіптен мағынасыз соғыс екендігін автор
әу бастан ескерткендей. Алайда бұл идея
қаншалықты сәулесіз көрінгенімен, ақын
бұл тұста да өзінің күреске деген жігерінен
айрылмайды. Сол күш-жігерді «Лара» сынды
туындыларында өзінің кейіпкерлерінің
бойынан бар ынтасымен, көркем де келісті
тілімен көрсете білген.
Перси Биши Шелли (1792-1822) ағылшын романтизмінің көрнекті тұлғасы ғана емес, ойшыл да күрескер ақындардың бірі ретінде танымал. Шелли поэзиясы негізінен оптимистік идеялармен сусындаған. Тіпті оның ең көңілсіз деген өлеңінің өзінде, ертеңгі өмірге деген үміт бар. Сондықтан «Ертеңгі күн келеді»,-деген қанатты сөзі ақынның басты-басты шығармаларында эпиграф болып қолданылған. Перси Биши Шелли 1792 жылы Сассекс графтығындағы ағылшын ақсүйегі жанұясында дүниеге келген. Жастық шағын ата-анасының қонысында өткізген Перси, он екі жасқа келгенде сол кездегі ақсүйектердің балалары оқыған Итондық колледжге түседі. Алғашқы сәттен білімге деген ынтасы зор Шелли, осында өзінің тұңғыш өлеңдерін де жаза бастайды. Бұл өлеңдерінде оның сол кездегі танымал ақын Саутиге еліктеушілігі аңғарылады. Жас талапкердің ең жақын қамқоршысы және бағыт-бағдар берушісі – жаратылыстану ғылымдарының докторы, сол колледжде дәріс оқыған профессор Линд деген болады. Линд өз шәкіртіне қоршаған ортаның, қоғам өмірінің қыр-сыры мен нақты шындығын дұрыс танып, түсінуге көмектеседі. Соның ішінде Шеллиді Уильям Годвиннің «Саяси әділдік» («Политическая справедливость») атты шығармасымен таныстырған еді. Линдтің түсіндіруінше Годвин қоғамдағы келеңсіздік атаулының түп-тамыры теңсіздікте жатқандығын ашып берген. Теңсіздік – бай монополистердің кедей шаруаның еңбегін қанауынан туындап отырғанын айтады. Шелли сол кезде Жан Жак Руссоның «биліктің бүкілхалықтық» идеясымен, Гельвеций, Гольбах, Дидролардың атеистік көзқарастарымен танысады. Ал оның аса ынтамен оқығаны – Вольтер шығармалары болды. Француз ағартушыларының тамаша ойларынан алған әсерімен Шелли, бірнеше өлең мен «Агасфер» поэмасын (1809) және екі романын жазып, баспаға бастырады. Бұл шығармаларының басты кейіпкерлері – дін мен құдайды мүлдем мойындамайтын атеистер. 1810 жылы Шелли колледжді аяқтап, Оксфорд университетіне түседі. Ол бостандық жолындағы күреске нақты қолқабысын тигізуді армандайды. Осы жылдары ақын өзінің антимонархиялық өлеңдерімен таныла бастайды. Соның ішінде 1810 жылы жарық көрген «Патша өлтірушінің жазбалары» («Записки цареубийцы») атты саяси өлеңдер топтамасы автордың қоғамдық көзқарасының әлі де толыса қоймағанын аңғартса да, біршама өзіндік құнды ойларымен ерекшеленді. Шелли бұл туындысында соғыс жағдайындағы Англияның мүшкіл халін бейнелеу арқылы барша Европаны бейбітшілікке шақырады. «Құдіреті күшті» европалық монархтардың барша адамзат алдында жасаған қылмыстарын әшекерелеп, бейбітшілікті дәріптеу сол кезеңде көзсіз батылдықты қажет ететін. Біраз уақыт өте ХҮІІ ғасырдағы француз материалистерінің еңбегі Шеллидің атеистік көзқарасын қалыптастырады. Университетте жүріп «Атеизмнің керектігі» («О необходимости атеизма») атты кітапшасын бастырып, оны жасырын түрде ғылыми кеңес мүшелеріне таратады. Бұл еңбектен олардың көпшілігі Шеллидің авторлық қолтаңбасын танып, бірден оқудан шығарылады. Сөйтіп әкесі армандаған парламенттік мәнсап жолы орындалмай қалады. Ұлының бұл қылығына қатты күйінген әкесі қарғысын жаудыра, үйінен біржола қуып шығады.Шелли Лондон қаласына қоныстанып Уильям Годвиннің саяси-экономикалық және әлеуметтік-утопиялық идеяларын тереңірек оқумен айналысады. Лондонға оның қарындасы Элизавета құрбысы он алты жастағы Герриэт Вестбрук деген қызбен жасырын келіп, кездесіп тұратын. Гарриэт те өз әкесінің қатыгездігін көп көрген бақытсыз жан болатын-ды. Шеллидің оған қатты жаны ашып, соңынан өзіне әйелдікке алады. Сөйтіп жұбайы екеуі Шотландиядағы Эдимбург қаласына қоныс аударады. Ақынның ата-анасы қыздың ұлына тең әулеттен еместігіне зығырдары қайнап, Шелли әулетінен қалған мол мұрадан бас тартуын талап етеді. Бұдан соң Шеллидің жеке басында тұрмыстық өте ауыр кезең басталады. Бірақ өмір ауыртпашылығына мойымаған талантты жас, өзінің ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі.
1813 жылы тұңғыш көлемді туындысы болып табылатын – лиро-эпикалық поэмасы «Маб ханшайымды» («Королева Маб») жарыққа шығарады. Бұл шығармасында автор тек монархтар мен аристократтарды құртып-жоюға шақырған жоқ, адамзат арасындағы қарым-қатынастарды бұзатын тойымсыздық, пайдакүнемдік атаулыға қарғысын жолдағандай. Әйтсе де, Шелли осы алғашқы туындысына кейіннен сын көзімен қарап, ХҮІІІ ғасыр әдебиетінің мұрасы іспетті дидактикалық элементтерді жиі қолданғанына қынжылады.Дегенмен «Маб ханшайым» – өз қоғамының ең өзекті мәселелеріне жауап бере алған, жоғары деңгейде жазылған көркем туынды ретінде танылды. Көп ұзамай Англиядан өзге елдерге тарап, ақын есімін басқа еуропалықтар біле бастайды. «Маб ханшайым» поэмасы – романтикалық шығарма болып табылады. Соңынан автор, өз поэмасын Саутидің «Талабысы» мен Байронның «Чайльд Гарольдының» лирикалық мақамына барынша ұқсатуға тырысқанын ашық жазады. Алайда, бұл туындысында Шелли өзін шәкірт ретінде емес, толық қалыптасқан шебер ақын ретінде көрсеткісі келген. Поэманың басты кейіпкері – бойжеткен қыз Ианте, шығарма-ның композициялық құрылымына тірек бола, үйлестіріп тұрған образ. Ианте өмірден бақыт іздеген тұлға. Поэманың қысқаша союжетіне тоқталар болсақ, ұйқы құшағындағы Иантеге түсінде, бақытқа барар жолды көрсетуге сиқырлы ару – Маб ханшайым келеді. Ол өз сиқырының көмегімен ұйқыда жатқан қыздың рухын шақырып, сиқырлы күймеге отырғызып, әсем де әдемі гүлдермен көмкерілген кемпірқосақ үстімен көкке, күнге қарай алып ұшады. Ианте мен Маб аспан әлемінің қақ ортасында тұрған, «жарқыраған сансыз жауһарлары» көз қарықтырар сиқырлы сарайға келеді. Ханшайым үлкен сиқырлы айнадан қонағына адамзат тарихының өткені мен бүгінін, болашағын ғажайып суреттер арқылы көрсетеді. Шелли поэмасының бірінші және үшінші өлеңдерінде кейбір романтиктер жырлағандай бұрын ешқандай бақытты күндердің болмағандығын дәлелдей түседі. Ал поэманың төртінші өлеңінде, монархтар мен аристократтарға ашық қарсы шығып, оларды «халық денесін құрттатқан жалтырауық көк шыбынға» теңейді.Негізінде автор бұл тундысында билеуші топтың қанауындағы езілген халықтың жиынтық образын сомдаған. Әлеуметтік теңсіздік мәселесі Шеллиде өз кезеңінің романтиктеріне қарағанда әлдеқайда тереңірек сипатталады. Ол саяси шиленістердің барлығы экономикалық тәуелділікке байланысты туындайтындығын ашып көрсетті. Поэманың бесінші өлеңінде ақын аса пайдакүнемдік пен тойымсыздықтың адамгершілік қасиеттер – аброй, ар-ұждан, адалдық, асқақтық, сұлулық және білімге деген құштарлықтан жұрдай қылып, қайрымсыздыққа апаратынындығын ескертеді.Ал соңғы, тоғызыншы өлеңінде болашақтың тапсыз қоғамы өзінің жарқын көріністерімен бейнеленеді. Адам баласы мүлдем басқа қырынан көрінеді. Тек қана жақсы қасиеттерді ғана бойына жинақтап, жаманшылық пен қылмыс атаулыдан мүлдем ада жұмақ қоғам мүшелері бақытты өмір сүргендей. Бұл өлеңінде Шелли адамгершілікті сүйетін нағыз гуманист ретінде, барлық моральдық, тұрмыстық-әлеуметтік келеңсіздікке қарсы тұрады. «Маб ханшайым» поэмасының басқалардан өзгешелігі – оптимистік рухының басым болуында. Алдағы өмірден зор үміт күтетін автор, әлем жұртшылығының зорлық-зомбылық пен қанаушылықтан түбінде бір құтылатындығына сенімі мол. Сол үшін ақын оптимизмді өзінің басты қаруы етіп алады. Шеллидің бұл туындысы халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бар-жоғы 200 данасы ғана жарық көрген кітабын, сатылмай жатып талап алады. Соңынан қолжазба күйінде ғана тараса да, лезде барша еуропалық оқырманға танылады. Дегенмен туындының көркемдігі жағынан солғындау тартып жатқан жерлері де баршылық. Себебі кей тұста автор тарапынан әдемі, асқақ сөздер мен романтикалық символикалар тым асыра қолданылған еді. Екінші рет Годвиннің қызы Мэриге үйленеді. Соңынан Мэри белгілі жазушы және әдебиет сыншысы болып, Шелли мұрасының жарық көруіне көп еңбек сіңіреді. 1816 жылы ақын жас жұбайымен Швейцарияға кетіп, сонда Байронмен алғаш танысады. Осы жылы ол біршама философиялық мақамдағы, рухани-әлеуметтік тақырыптағы туындыларын жазады. Соның ішінде «Интеллектуальдық әдемілік әнұраны» («Гимн интеллектуальной красоте»), «Аластор, немесе жалғыздық Рухы» («Аластор, или Дух одиночество») туындыларын атауға болады. Шелли көптеген тамаша туындыларын Италияда жүргенде жазады. Ақын шеберлігі оның лирикасынан танылатын. Әсіресе табиғатты жырлағанда онымен етене сырласқандай тіптен шабыттана түседі. Өлеңдеріндегі сезім иірімдері көркем бояулар-мен астаса келе, оқырманға ерекше бір ләззат силағандай.Шелли сондай-ақ қоғамдық күресті суреттеген «Ченчи» /1820/ трагедиясын, «Карл І» /1822/атты тарихи драмасын т.б. көптеген туындыларын жазады.Күрескер ақын өзінің аз ғана ғұмырында соңынан мол мұра қалдырған талант иесі. Өмірі мен шығармашылығын халқына, азаттық үшін күреске арнаған Шелли бар-жоғы отыз жасында қайтыс болды. Ол 1822 жылы Ливорнода аяқ астынан болған дауылдан теңізге суға кетіп, содан он күннен соң денесін жағадан тауып алады. Байрон және басқа да достары ақынның денесін жаққызып, Рим қаласына жерлейді. Құлыптасына «Перси Биши Шелли – жүректердің жүрегі» деп жазыпты.