Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Октября 2015 в 15:25, реферат
Джордж Байрон ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа ақын-жазушыларының ішінде көптеген елдерде өршіл романтизмнің дамуына зор ықпал еткен тұлға. Өз тұсында және кейінгі замандарда да Байронның атақ-даңқы жер жүзіне аса бір қадірлі беделмен таралып, оның асыл мұралары ерекше баға, құрметке бөленді. Энгельс, Байрон шығармаларының әлеуметтік, тарихи, қоғамдық мән-маңызын, халықтық сипатын жоғары бағалай келіп: «Ақын творчествосын нағыз қадірлеуші – халық болды»,-деген еді.
Сонымен Шеллидің лирикасында келешек жарқын өмір үшін күрес, тапсыз қоғам, бейбіт заман т.б. өзекті мәселелердің шынайы көрініс тапқанын аңғардық. Суреткер поэзиясынан революциялық мазмұндағы жаңа романтикалық форма қалыптасты. Ол жаңашыл ақын. Шелли Байронмен бірге ағылшын поэзиясының жаңа дәуіріне жол ашты.
Шотландтық Вальтер Скотт (1771-1832) – тарихи роман жанрын қалыптастырушы тұлға ретінде танымал. 1790-1800 жылдарда В.Скотт журналист, аудармашы, фольклор жинаушысы, романтикалық поэмалар мен балладалардың авторы болды. Сондай-ақ, Гетенің «Гец фон Берлихинген» атты тарихи драмасын аударады.Жас кезінен Скотт өзінің туған өңірі таулы Шотландияға жиі саяхат жасап, оның көптеген көрікті жерлерімен, тарихымен, көне ескерткіштерімен жете танысады. Ал көрнекті шотландық ақын Роберт Бернспен профессор Фергюссонның үйіндегі кезесуі, талантты жасқа кереметтей әсер етеді. Содан кейін Бернс поэзиясы Скоттың өмірлік бойтұмарындай болады. Бенстің гумманизм мен өміршең пафосқа толы шығармалары арқылы шотланд ұлтын асқақтата көтергені – жазушыны қатты сүйсіндіре, патриоттық рухын оятады. Ол да осы жолдан таймай адам рухының мәңгілік бай қазына екендігін дәріптеп, оны бағаламағандарға төзбеушілігін танытады. Вальтер Скоттың 1802 жылы «Шотландық шекара әні» («Песен шотландской границы») атты екі томдығы жарық көргеннен соң, елге аты танылды. Алғашқы кітаптары халықтың оң бағасын алып, үлкен сұранысқа ие болғандықтан, автор 1803 жылы үшінші томын өз оқырмандарына ұсынады.Осындай үлкен жетістіктен кейін В.Скотт өзінің «Соңғы менестрелдің жыры »(Песень последнего менестреля») /1805/, «Мармион» /1808/, «Қыз Көл» («Дева Озера») /1810/ атты поэтикалық туындыларын жазады. Бұл поэмаларын да көпшілік жылы қабылдайды. Бір айтатыны, автор өзінің жаңа қалам ұстап жүрген жастығынан қысылып жүрсе, керісінше оқырман қауым оны «көпті көрген, тәжірибелі суреткер болар» деп бағалаған екен. Шындығында, «Мармион» туындысының басты кейіпкері шотланд королі ІV Яковтің бейнесі аса жарқын да асқақ, шынайы да көркем түрде сомдалған еді. Ал, автордың осы образы «Қыз көл», «Рокби» шығармаларында нағыз шындыққа негізделе одан да шебер ашылған. Дегенмен бұл В.Скоттың романшы-қаламгер болып қалыптасуына барар жолдың алғашқы қадамдары болатын. Жазушының шығармашылығын жан-жақты зерттеген ғалым Б.Г.Реизов: «Скоттың басты жетістіктері алғашында баллада мен поэма жанрынан көрінді. Поэма өзінің эпикалық табиғаты жағынан романға жақынырақ тұрады. Сондықтан «шотландиялық сиқыршы» романға бірден бармай, осы баспалдақтар арқылы биікке шыға алды»,- деп атап көрсетеді.
1814 жылы «Уэверли» атты алғашқы романы жарық көргеннен соң В.Скоттың есімі бүкіл әлем жұртшылығына танылады. Осы бір тамаша туындыдан кейін жазушы 25 роман, бірнеше әңгімелер жинағын, пьесалар, поэмалар, «Шотландия тарихы» («История Шотландии») атты екітомдық, «Наполеон Бонапарттың өмірі» («Жизнь Наполеона Бонопарта») атты көптомдығын тағы басқа шығармаларын бас-аяғы он жеті жылдың ішінде (1814-1831 жылдар) жазып, дүние жүзі оқырмандарына аса бағалы тарту жасайды. Бұл классикалық туындылардағы аса мол көркем образдар галереясы өзінің поэтикалығымен, қоғам мен халық өмірін бейнелеуде жан-жақтылығымен, шынайлығымен барша жұртты баурап алды.Суреткердің қай туындысы болмасын жарық көре салысымен бірден басқа тілдерге аударылып, оқырман жүрегіне жол тауып жатты. Әсіресе еуропаның тарихи тынысына, әдебиеті мен өнеріне әсері айрықша болды. Осы тұрғыда атақты сыншы В.Г.Белинский: «Скоттың жаңашылдығы – өз кезеңінің замандастарына терең әсер еткені, өзіне дейін «бұрын соңды болмаған» тарихи роман жанрын жасауында», - деген пікірін білдіреді. Скоттың өмірлік көзқарасы мен шығармашылық қалыптасуы-ның басты негізі Шотландия халқының аса бай саяси-әлеуметтік, рухани тәжірибесінде жатыр. Ол Англияның ғасырлар бойғы езгісіне қарсы ұлт-азаттық күреспен тығыз байланысты еді.В.Скотт тарихи романға оның эстетикалық табиғатын әбден елеп-екшеп алып қана қалам тартты. Бұрынғы готикалық және антикварлық романдардан өзгеше, ұлттық колоритке негіздеп, өткенді қатесіз, нақты қылпында беруге тырысты. Тарихи оқиғаны өз заманына лайықтап оның рухани-әлеуметтік негізін шынайы көзқараспен ұштастырады. «Романшының басты мақсаты – қолыңда нақты заттары болмаса да, қиял арқылы өткеннен оқырманға толық және нақты түсініктер бере алуы керек. Оның қарауында тек тамаша идеялар мен образдар әлемі ғана. Міне, осында ғана оның мықтылығы мен әлсіздігі, оның кедейлігі мен байлығы көрінеді... Романның авторында сахна да жоқ, безендіруші де, актерлар группасы да, суретші де, костюмдер де жоқ; тек сөз ғана, соны өз мүмкіндігі мен өресіне қарай аталғандардың барлығының орнына шебер қолдана білуі қажет»,- деген Скотт тамаша пікір білдіреді. Белинский Скотты – «жаңашыл-суреткер» десе, Бальзак: «Вальтер Скотт тарихи романды философиялық тұрғыдан жоғары деңгейге көтере отырып, оған өткеннің рухын дарытып, оған драманы, диалогты, портретті, пейзажды, суреттемені қосып, асқақтық пен күнделікті тіршілікті шебер астастыра білген», - деген ойын айтады. Жазушы өз шығармаларында сол кезеңнің жаңалығы болып саналған барша халықтың, халық қозғалысының қоғам өміріндегі орнын тарихи жағдайларға байланыстыра суреттеген. Тарихи өзгерістерге орай бүтіндей бір ұлттың мүддесі үшін күрестегі кейіпкерлерін ол халық ортасынан алып – халық қорғаушылары мен солар үшін кек алушылардың патриоттық бейнелерін сомдады (Роб Рой, Меррилиз, Робин Гуд). Скоттың тарихи романдарының композициясы сол тарихи оқиғаларды өзіндік мақамда саралай отырып құрылған. Автор кейіпкерлері көбінесе ірі тарихи құбылыстардың (революцияның, көтерілістің, бүліктің) төңірегінен табылып, соның қайнаған ортасында жүре шытырман оқиғаларды тудырады.В.Скотт шығармаларының көркемдік құрылымы көбінесе романтизм идеяларымен сусындағаны анық. Олар күрделі авантюралы-романтикалық сюжеттерден құрылып, көптеген құбылмалы кезейсоқ оқиғаларға орын беріледі. Онда тіпті «халық нанымы» ретінде фантастика да кездеседі. Бірақ соның барлығы тарихи жайыттардың шеңберінде реалистік образдармен астаса, шебер құрылған. Сондықтан болар, оның кез-келген жаңа туындысын халық қызыға қабылдады. Жазушының өзі былай деп жиі айтқан екен: «Шын суреткер тек тарихи фактілермен ғана шектелмеуі керек. Ол тарихи шындықты өзіндік өткір ойымен, ұшқыр қиялымен ұштастыра білуі қажет, тіпті міндетті. Себебі, оқырманды бірден баурап алып толғанысқа түсуіне, роман кейіпкерімен бірге қайғыра білуіне, олармен барлық қуаныш пен қызықты бірге бөлісуге мәжбүр етуіне тамаша мүмкіндігі бар». Өзінің көтерген тақырыбы мен проблемаларына байланысты Скоттың прозалық туындыларын екі топқа бөлуге болады:
Ол тек бірақ рет қана өзінің «Сент-Ронанский
сулары» («Сент-Ронанские воды») /1824/ атты
романын жаңа өмірге арнап жазды. Қалған
шығармаларының барлығының сюжеті өткен
тарихи оқиғалардың төңірегінде құрылған. Соның ішінде «Роб
Рой» романы 1818 жылы жазылған. Бұл
туындысында В.Скотт 18 ғасырда Стюарттықтар
жасаған якобиттер көтерлісінің (1715ж.)
тарихына назар аударады. Жазушы якобиттердің
аяусыз жеңіліске ұшырауына, олардың нашар
қаруланып, өзара ұйымшылдықтың жоқтығы
мен соғыс тактикаларын жете меңгермегендіктері
себеп болғандығын атайды. Дегенмен көтеріліске
дайындық барысында роман кейіпкерлері
көптеген шытырман оқиғалардың ортасынан
көрінеді. Романдағы Роб Ройдың жарқын
да өзіндік образы, нағыз шотландық Робин
Гудтай. Ол қайрымсыз байларды тонай жүріп,
кедей-жарлыларға барынша көмектеседі.
Сондықтан қара халық оны өздеріне нағыз
қамқоршы-жанашыр ретінде санап, қатты
құрметтейді. Шығармадағы Рой бейнесінен
романтикалық және реалистік ойлардың
астасып жатқан арнасын көреміз.
«Пуритане» (1816) романында автор 1779 жылы Сюарттарға қарсы пуритандардың басшылығымен болған шаруалардың қарулы көтерілісін суреттейді. Скотт бұл туындысында Байроннан соң батысеуропалық әдебиетте алғаш қолдарына қару алып күреске шыққан халықтың жиынтық образын жасады. Халық пуритандарға сеніп соңдарынан ереді. Алайда ұйымшылдықтың, қатаң тәртіптің жоқтығынан көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Басшылар арасындағы алауыздық, жігерсіздіктің салдары қара халықтың жазалануына әкеліп соқты. Бұл жерде автордың басты мақсаты пуритандарды дәріптеу емес, шотланд халықының күші басым жауына қарсы тұрған қайыспас күресін, олардың патриоттық сезім-күйін көрсету болатын. «Эдинбург абақтысы, немесе орталық Лотианның Жүрегі» («Эдинбургская темница, или Сердце среднего Лотиана») /1818/ атты әлеуметтік романындағы шаруа қызы Джини Динстің образы, Скот армандаған эстетикалық идеалдың барлық қадір-қасиетін бір бойына жинақтаған. Кейіпкердің өзгелерден бөлек тұлғасы, асқан адалдығы, ерекше ақылы, арының тазалығы, өзгеше күш-жігері автордың өзін шабыттандырғандай. Джини қайтпас қайсарлығы арқасында сіңілісі Эффиге жабылған жалаға қарсы шығады. Оның бұл әрекеті бүкіл сол қайрымсыз қоғамға, оның басшыларына қарсы әрекет ретінде қабылданды. Замандастар арасында Джини Динстің образы үлкен жетістікке жетіп, оны тіпті өз ұлтының батыр қызына балады. «Айвенго» (1819) романы Скоттың шығармашылық өміріндегі ең маңызды орынды алады. Жазушы есімінің әлем жұртшылығына танылуына көп септігі болған классикалық туындылардың бірі ретінде бағаланады. Роман үш айдың көлемінде ғана жазылған. Оның басқа романдардан өзгешелігі Англияның өте ертедегі тарихына үңілуінде болатын. Шығарманың сюжетіне Орта ғасырдағы (1194ж.ж.) норман басқыншылығы кезеңіндегі Англия өмірі арқау болған. «Айвенгода» әр түрлі саяси, қоғамдық ұлттық және әлеуметтік қарама-қайшы мүдделердің жиынтығы топтасқан. Соның ішінде Король Ричард пен оның туыс ағасы Джон арасындағы таққа талас үлкен тартысқа құрылған. Австриялықтардың тұтқынында жүргенде Ричардтың корольдығын заңсыз иемденген Джон халыққа қадірсіз болады. Бұл жерде автор тақ үшін теке-тіресті ғана суреттеуді басты нысаны етіп алмаған. Жылдар бойғы норман езгісіне қарсы сакстардың ұлт-азаттық, әлеуметтік күресін көрсете отырып, сол қоғамның көлеңкелі тұстарына сын көзімен қарау. Нормандықтардың көрсеткен тұрмыстық ауыртпашылықтары сакс ақсүйектеріне ұнамайды. Себебі олардың билігі мен бар байлығын басқыншылар тартып алған болатын. Бірақ олардың мақсаты халықты езгіден құтқару емес, жеке бастарының қамын ойлап, өз биліктерін қайта орнату жолында күресу еді. Автор бұл жерде ойдан алынған тамаша әдеби персонаж, ержүрек рыцарь Айвенгога жүгініп, қара халық пен ел қамын жеген ақсүйектер арасын барынша жақындастыруға тырысады. Ричардтай бекзат, батыл да әділетті король ғана өз халқын екі жақты езгіден құтқара алатындығын көрсеткендей.Романнның басты тартымды тұстары оның үсті-үстіне туындап отыратын қызықты оқиғалар желісінде жатыр. Орта ғасырдың тұрмыс пен дәстүріндегі, қарым-қатынасындағы, тіпті адамдарының сөз сөйлеу, киім кию ерекшеліктерін дәл бейнеленіп, сан қилы оқиғалармен астастыруы шығарманы көркемдік-эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейде көрсетеді.
1. Тебегенов Т. Шетел әдебиетінің тарихы /оқу құралы/ -А., РБК, 1996
2.Тебегенов Т. Әлем әдебиеті /ХІХ-ХХ ғасырлар/ Бірінші кітап: Хрестоматиялық оқу құралы. –А., Арыс. 2004
3.Тебегенов Т. Әлем әдебиеті / ХІХ-ХХ ғасырлар/ Екінші кітап: Хрестоматиялық оқу құралы. –А., Арыс. 2004