Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Мая 2013 в 16:15, лекция
Cалыстырмалы әдебиеттану ғылымын зерттеп жүрген кейбір ғалымдар оның қазақ топырағындағы негізін салушысы М.Әуезов екенін айтады. Алайда, негізін салу, ірге тасын қалау деген сөз, қалай дегенмен де сол ғылымды қалыптастырды, дамытты, өркендетті деген сөз емес. Өйткені «негізі қаланған» дүниенің жалғасы болмаса, іргетасы қаланған құрылыстың үстіңгі қабаттары салынбаса, онда ол шаруа істелінбегенмен пара-пар деген сөз. Осы реттен келгенде қашан да, қайда да «негізі қаланды» деп мақтанудың реті болмас еді. Мақтану былай тұрсын, әлгі «негіз қалаушының» еңбегі далаға кеткен, желге ұшқан болар еді. Осы тұрғыдан келгенде басталған істің жалғасын тапқаны, іргесі қаланған дүниенің шаңырағы көтеріліп, керегесін жайғаны мұрат емес пе?!
Ал тағы бір еңбегінде академик Р.Нұрғали М.Әуезовтің драма саласындағы талантын, еңбектерін жан-жақты қарастыра келіп, оны әйгілі Шекспирмен шендестіреді. Бұл шендестіру әрине, тек туған халқына деген, өз халқының талантына деген сүйіспеншіліктен, бүйрегі бұрудан туған, сезімнің жетегінде айтыла салған жеңіл-желпі әсер емес, керісінше ғылыми сараланған, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жіті, жүйелі қарастырылып барып айтылған дәйекті байлам. «Мұхтар «Еңлік-Кебегінің» сюжеті негізінен халық аңызының бұрынғы әңгіме, поэма түрінде келген нұсқаларының іргесінен тарайды. Екі ел арасындағы нақты болған оқиғаның драма материалы екенін ұғыну – жас қаламгердің жазушылық көрегендігін аңғартады. Бұл ретте Әуезов Шекспирді еске түсіреді.
«Махаббат машахаты», «Жазғы түнгі түс», «Виндзор қулары» – Шекспир осы үш-ақ шығармасының оқиғасын өз жанынан шығарған. Ал қалған пьесаларының сюжеті басқа авторлардың шығармаларында айтылған жәйттер». Байқап отырғанымыздай, бұнда да автор «ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамастан, басқа елдер әдебиетінен үйрене отырып, Әуезовтің жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасай алғанын» аңғартумен бірге, «сюжеттік желінің тартылуынан, композиция құрудағы шеберлігінен М.Әуезовтің драма заңдылығын жақсы білгендігін», сөйтіп, ағылшынның әлемге әйгілі драматургінен бір кем емес дүниелер тудырғанын меңзейді. Тағы да осы М.Әуезов шығармашылығы туралы зерттеуінің бір тұсында профессор Р.Нұрғали ұлы жазушының әйгілі «Көксерегін» Эрнест Сетон-Томпсонның «Лобо» атты әңгімесімен, Джек Лондонның «Ақазу» романымен салыстырады. Қазақ жазушысының әңгімесі мен жоғарыдағы аталған шығармалар арасындағы тақырыптық сарындастықты, концепциялық үндестікті, идеялық ұқсастықтарды жан-жақты талдап, жінтіктеп ашып көрсетеді. Алайда ондай ұқсастықтар мен сәйкестіктерге қарап, М.Әуезовтің жазушылық талантына, «Көксеректің» бір әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп, әлемдік жауһарлар қатарына қосылған бір дәуірдің шедеврі екендігіне мақтануға болғанымен, бұны әсте «бір жазушы екінші жазушыдан жиендік жасап, оп-оңай көшіріп ала салған дайын сюжет, өзгермес қалып емес, құбылыс сипатынан, обьективті ерекшелігінен туған жалпы ұқсастық» деп түсінбеу керектігі ескертіледі.
Салыстырмалы әдебиеттану ғылымының көбірек ден қоятын тағы бір ауқымды саласы – көркем аударма. Әрине, көркем аударманың сапасы мен көркемдік деңгейін аударма теориясы немесе аударма ғылымы арнайы зерттейді. Ал салыстырмалы әдебиеттану ғылымы аударылған шығарманың сол тілдегі ақын-жазушыларыдың шығармашылығына қалай ықпал еткенін, сол әдебиетке нендей тың тыныс, жаңа леп әкелгенін, сол арқылы әдебиеттер арасындағы, мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты қарастырады. Көркем аударманың қажетігі де, оны зерттеудің көкейкестілігі де осы қырынан көбірек аңғарылады. Яғни көркем аударма мәселелерін қарастырғанда сыңар бағытта, бір жақты, яғни тек әдеби тұрғыдан, я болмаса лингвистикалық жағынан ғана үңілу, зерделеу мүлде жеткіліксіз. Ондай зерделеу әрі кеткенде аударманың сапасын көтеруде белсенді рөл атқаруы мүмкін, алайда мәдениеттер арасындағы өзара алмасулар мен сіңісулерді, адам баласының “ақыл ауыс, ырыс жұғыс” дейтін ұлы тұғырнамасын ашуда, түсіндіруде орашолақтық танытады. Сондықтан салыстырмалы әдебиеттану жүйесіндегі аударма мәселелерін зерттеу барысында мәдени-лингвистикалық зерделеу тәсілінен гөрі, әдеби әдістерді қолдануға молынан орын берілетіні содан. Академик Р.Нұрғалидың да көркем аударма мәселесіне көбірек осы – салыстырмалы әдебиеттану аспектісіндегі ұғым тұрғысынан ден қойғаны байқалады. Бұл туралы ғалым өз пікірін былай өрбітеді: “Қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдардағы жақсы құбылыстың бірі – әлем өнеріндегі үздік туындылардың, классиканың жүйелі аударылуы. Абай творчествосында зор дәстүрі жасалған бұл тәжірибенің қазір мемлекеттік, жоспарлы шаруаға айналуы қуантады.
Әр
ғасырда, әр жұртта жасалған асыл дүниелердің
ана тілімізде сөйлеуі
Бұл
айтылғандардың бәрі де академик Р.Нұрғалидың
ғылыми еңбектерін ендей қарап, көктей
шолып өткенде назарымызға
Сөздің осы тұсында, академик Р.Нұрғалидың салыстырмалы әдебиеттану ғылымына тек өзінің ғылыми-зерттеулерінде ғана мән беріп, оқыған дәрістерінде ғана көңіл аударумен шектелмей, сонымен бірге жаңа астанамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан салыстырмалы әдебиеттану мамандығы бойынша жоғары ғылыми дәреже беретін арнайы диссертациялық кеңес ашып, сол кеңеске басшылық жасағаны, сол кеңесте еліміздің түкпір-түкпірінен келген көптеген жас мамандарды салыстырмалы әдебиеттану саласы бойынша қорғатқаны еске түседі. Біздің бұл сөзімізді ҚР ҰҒА академигі Ж.Әбділдиннің Р.Нұрғали туралы: «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдарының докторы дәрежесін беретін Диссертациялық кеңес (2001-2008жж. төрағасы) құрып, оның төрағасы болды. Бұл кеңесте қазақ әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану (Қазақстанда тұңғыш рет) мамандықтары бойынша Атырау, Ақтау, Арқалық, Қызылорда, Жезқазған, Тараз, Талдықорған, Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан обылыстары жоғары оқу орындары үшін ғылым кандидаттары мен докторлары дайындалды», – деген пайымдауы одан сайын толықтай түспек.
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, академик Р.Нұрғалидың салыстырмалы әдебиеттану ғылымына ерекше мән беруі, баса назар аударуы жайдан-жай емес. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қай кезде де, қай ел үшін де рухани жаңғыру мен өсудің, ұлт әдебиеті мен өнерінің толысуы мен өрлеуінің қажетті қуат көзі дейтін болсақ, жаһандану жағдайындағы жас мемлекетіміз үшін оның қажеттігі мен көкейкестілігі тіптен айқын байқалып отыр. Бұл ретте, қазақ топырағындағы о бастағы негізін М.Әуезов қалаған, бертін келе академик Р.Нұрғали қатепті ғылым деңгейіне көтерген салыстырмалы әдебиеттану ғылымы аясында бүгінде елімізде әдеби байланыстар, генетикалық һәм типологиялық байланыстар, көркем аударма, сапарнама, имагология, әдебиет пен кино, музыка, көркем сурет секілді өнердің өзге де түрлері арасындағы қатынастардың мәселелері зерттеле бастағанын атап айту парыз. Қазақстан мен өзге елдердегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының даму тарихын, пәнді зерттеудің теориялық, методологиялық негіздерін, басты категориялары мен түсініктерін айқындай түсу үшін нақты ғылыми тұжырымдар жинақталды, қазақ әдебиеті мен өзге елдер әдебиеті терезі тең әдебиеттер тұрғысынан салыстырыла қарастырыла бастады, соның арқасында қазақ әдебиеттану ғылымы да, қазақ әдебиеті де әлемдік рухани кеңістіктен өз орнын иелеудің қамына кірісті.