Аристотельдің философиясына қысқа шолу

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2015 в 15:55, реферат

Описание работы

Аристотельдің (б.з.б. 384—322 жылдары) философиясы, бір жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал, екінші жағынан, Аристотель көзқарасы орта ғасыр мен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Яғни бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген мәселелерге жан-жақты талдау жасап, өз заманындағы көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті.

Файлы: 1 файл

аристотель.docx

— 54.42 Кб (Скачать файл)

Бірақ ол кезде, яғни көне грек заманында құн ұғымының болмауы Аристотельдің қайшылыққа тап болуына әкелді де, ол әрі қарай мәселені талдауды тоқтатады. Ал, шындығында, бір тауар мен екінші тауардың өзара алмасуының негізі бір нәрсеге байланысты ғой. Ол — адам еңбегі емес пе? Ендеше, Аристотель материядан формаға, мүмкіндіктен шындыққа өту адам қызметінің нәтижесі деп көрсетсе, оның не артықтығы бар? Дегенмен, Аристотель тауар құнының формасында енбектің барлық түрлері бірдей бар екенін аша алмаған. Яғни, басқаша тілмен айтқанда, тауар құндарының формасында еңбектің барлық түрлері бірдей және демек, бір-біріне тең адам еңбегі болатындығын Аристотель құн формасының өзінен шығара алмады, өйткені грек қоғамы құл еңбегіне негізделгенді, демек, бұл кемшіліктің табиғи негізі адамдардың және олардың жұмыс күштерінің теңсіздігінде жатыр еді. Еңбектің барлық түрлері тең және бірдей. Өйткені олар жалпы адам еңбегі болып табылады, құн көрінісінің бұл жасырын сыры адам теңдігінің идеясы халық сезімінде тұрақты орын алған кезде ғана ашылуы мүмкін еді. Ал мұның өзі тауар формасы еңбек өнімінің жалпы формасына айналған қоғамда, демек, тауар иелері ретіндегі адамдардың өзара қатынасы үстемдік етуші қоғамдық қатынас болып табылатын кезде ғана мүмкін болады. Аристотельдің данышпандығы дәл мынадан көрінеді: тауар құнының көрінісінен ол теңдік қатынасын ашады. Ол өмір сүрген қоғамның тарихи өрісінің тарлығы ғана бұл тендік қатынасының мәні “шындығында” дәл неде екенін ашуға оған кедергі болды.

Аристотельдің материя мен форманың арақатынасы, олардың диалектикалық өзара байланысы туралы қарастырған мәселесі жаңа замандағы көптеген философтардың ой желісіне арқау болғанын байқаймыз. Бірақ бұл мәселені тек адамдардың практикалық қоғамдық қызметі арқылы ғана түсіне аламыз ғой. Материяның формаға айналуы, мүмкіндіктің шындық болып жүзеге асуы белгілі бір тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты. Адамдардың практикалық, өндірістік қызметі белгілі бір жағдайдағы материяны, субстратты қоғамға қажетті аса бір құнды формаға айналдырып, заттың белгілі бір кезеңдегі табиғи, жаратылыстық негізін өзгертіп қана қоймай, оның бойындағы жасырын сырын да қоғамдық негізде кеңінен аша түседі. Қоғамдық адамдардың практикалық қызметінің әсерінен материя, тіпті, ғажап түрде өзгеріп, ол жаңа бейнеге, формаға ие болады. Мұндай құдіретті тудыратын заттың өзіне ғана тән физикалық, химиялық, биологиялық өзгешеліктері ғана емес, оның басты себебі адамдардың қоғамдық шығармашылық еңбегінде жатыр. Түрленіп, ерекше қасиеттерге ие болған форма да, өзінің белсенділігінің арқасында, материяның қозғалысы мен дамуына жаңадан жол ашып, бағыт сілтейді. Материя мен форманың бірлігі тек адамдардың қоғамдық материалдық қызметінің шығармашылық дамуының нәтижесінде ғана айрықша көрінеді.

Сонымен, материя мен форма өздерінің мәнін тек қоғамдық материалдық практикалық негізде ғана табады. Ендеше, тек материяны әлде форманы асыра дәріптеу екі жақты, кейде тіпті шешілмейтін қайшылыққа алып келеді. Аристотельдің таным теориясындағы бір ерекшелік — ол Платонның философиясындағы тар өрістілігін сынай отырып, материя мен форманың басын біріктірмекші болды. Өйткені Аристотель жаңа дәуірде, әсіресе, көне грек мәдениетінің құлдырау кезеңінде мазмұн мен форманы, материя мен форманы біріктіре, өзара тығыз байланыстыра қарамайынша дүниенің (табиғат пен қоғамның) негізін аша алмаған болар еді. Сондықтан Аристотель Платонның тар өрістілігін ғылым саласымен жете айналыса отырып аңғарды.

Әрине, мұның өзі Аристотельді шындыққа қарай жақындата түскенімен, табиғат пен қоғамдағы қайшылықтарды шеше алмады. Сондықтан болар, ол кейін осы көзқарасынан ауытқып, басқа жолға түсті. Себебі Аристотель өзінің ұстазы Платонды ұғым мен идеяны асыра дәріптегені үшін сынға алып, біраз мәселелердің басын ашып, ғылымды жалпының үстемдігінен босатып алып шыққанымен, өзінің жүйесін жасауда қайтадан шешілмейтін қайшылыққа ұрынды. Сол себептен Аристотель өз жүйесін қалыптастыру барысында бір-бірінен алшақ кетіп, өзара жатсынған материя мен форманың бірлігін былайша анықтамақшы болды. Оның ойынша, материя — енжар, ал форма — белсенді болып келеді. Сондықтан материя, субстрат өзінің табиғи енжарлығына байланысты ешбір қимылмен іске қатыспайды. Ал форма болса тым белсенді. Ол материяның түрін, негізін өзгертіп, оның басқа формаға ауысуына мүмкіндік жасайды. Олай болса, егер форма, оның белсенділігі болмаса, материяның ешбір маңызы да жоқ болып шығады. Міне, осы көзқарас Платонның идеясына, яғни оның идеяны асыра дәріптеген процесіне қайта алып келеді. Егер Платон жалпыны, идеяны асыра дәріптеп, үлкен қайшылыққа ұрынса, Аристотель жалпы мен жекенің арасындағы диалектиканы түсіне, сол диалектиканың негізінде пайда болған қайшылықтарды шеше алмады. Бұдан Аристотель форманың рөлін, оның қызметін, іс-қимылдағы белсенділігін асыра дәріптей отырып, өзінің философиясында идеалдылықты асыра бағалауға қарай бет бұрды деуге болады.

Әрине, мұндай анықтама дұрыс та шығар. Аристотель, шынында да, өзіне дейінгі философияның таным теориясын терендете талдай отырып, ондағы ілім мен білімнің негізі материалдық, практикалық қызмет екенін жете түсінбеді. Оған Аристотельдің өзі емес, ол өмір сүріп отырған орта, көне грек тарихындағы жаугершілік пен шапқыншылықты, экономикалық және саяси дағдарыстарды басынан кешіріп отырған қоғамдағы шешілмейтін қайшылықтар кінәлі болатын. Осы қайшылықтардың негізін Аристотель ғылыми білімдердің жүйесін жасау арқылы шешпекші болды. Айталық, Аристотельдің форманы асыра дәріптеуі қанша біржақты болса да, таным теориясындағы мәселені толық шеше алмаса да, ғылым үшін оның ерекше маңыз атқарғанын айтқанымыз жөн. Бұл ойымыз қайшылықты әрі түсініксіз болуы да мүмкін. Дегенмен, Аристотельдің ойлау процесінің мәселелерімен көп айналысқанын жақсы білеміз. Оның осы мәселеге арналған “Категориялар”, “Бірінші аналитика”, “Екінші аналитика”, “Топика”, тағы басқа да еңбектері бар. Аристотель таным теориясына Платонға қарағанда әрі көбірек, әрі тереңірек көңіл аударды. Ол бұл мәселені Платоннан гөрі тым өзгеше әрі түсінікті етіп баяндады. Ол Платонның мифке сүйенген таным теориясынан бас тартты. Егер Платон таным тек еске түсіру, сайып келгенде, үңгірге қамалған адамдардың дүниені сырттан түскен сәулелер арқылы ғана, елес арқылы қабылдауы деп есептесе, Аристотель бұл теорияға басқаша мән берді. Ол бізге әлі де толық жетпеген “Философия туралы” деген трактатында адамдардың танымын үнемі даму барысында қарайды. Ол Платоннан өзгеше, адамды үңгірде қамағаннан гөрі, оларды сырттағы жарық сәулелерге қарай жетелейді. Аристотельдің осы бір теңеуі дүниені танудың ақиқат жолына қарай бастағанын байқаймыз.

Аристотельдің ойынша, егер адамдар жер астында өмір сүрсе, олардың дүниетанымы қалай болар еді? Жер астындағы адамдардың үйлері әрі жарық, олардың ішінде не түрлі жиһаз, қазыналар, әдемі статуялар мен суреттер бар. Сондай-ақ, олардың бақытты болуына қажетті нәрселердің бәрімен камтамасыз етілген (Аристотельдің бұл айтып отырғаны қапас үңгірдегі адамдарды қол аяғы кісендеулі, ешбір жарық сәулені көрмейтін жағдайда суреттеген Платон теориясына қарама-қарсы). Бірақ жер астындағы адамдар жер үстінде құдайлар бар екен деген ұзынқұлақ әңгімелерді естиді.

Бірде жер қозғалып, енді оның астында тұра беруге мүмкіндік болмағандықтан, адамдар жер бетіне шығады. Сонда не болады? Олар тосыннан жерді, теңізді, суды, аспанды, ондағы бұлттарды көріп, ызыңдап соғып тұрған желдің күшін байқап, аспандағы күнді көріп, ғажайып әдемілігіне танданып, оның бүкіл жер бетіне төгіп тұрған нұрына балқып, ал кеш болған соң, түнгі аспан әлеміндегі жымыңдаған жұлдыздарды көріп, айдың әртүрлі жағдайда жарық шашатынын сезініп, таң қалар еді. Осының бәрінен олар: “ия, рас, құдайлар бар екен, осы ғажап дүниелер мен құбылыстарды тек солар жаратады” деген қорытындыға келген болар еді.

Дүниені танудың осындай, Аристотель бейнелегендей жолы — біріншіден, Платонның таным теориясынан, оның еске түсіру идеясынан бас тарту болса, екіншіден, танымды бірте-бірте дами келе ақиқатқа бастайтын логикалық процесс деп қарау.

Аристотель таным теориясын осылай белгілі бір даму ретінде қарай отырып, әуелі жеке танушы субъектінің жалпыны түсінуге ұмтылатынын өзінің “Метафизика” деген еңбегінде жан-жақты талдап көрсетті. Таным процесі сезімдік қабылдаудан басталады екен. Одан соң, тәжірибеге келеді де, ол сезімдік таным процесімен тығыз байланыса отырып, санадағы жадта сақтауды тудырады. Сөйтіп, тәжірибеде адамға жеке заттар туралы білім беріледі екен. Осы тәжірибеден кейін адам білімінің практикалық негізі қалыптасады. Айталық, емшінің жалпы адамды, абстрактылы адамды емес, жекелеген индивидті емдеуден алған тәжірибесі ғылым үшін үлкен рөл атқарады. Одан соңғы танымның сатысы — өнерде, Аристотельдің айтуынша, тәжірибенің негізінде пайда болады екен. Осыған байланысты ол тәжірибе жекелеген заттарды білу болса, өнер — жалпы мен себептердің негізін білу. Осы өнерді білген жандар — дана адамдар. Өйткені олардың осы заттар туралы ұғымы бар. Олар бұл заттардың қайдан шыққанын, не себептен пайда болғанын біледі. Одан соңғы саты — ғылымдар. Олардың ең жоғарғы түрі — ұстанымдарды тануға бағытталған философия. Аристотельдің таным теориясы Гегельдің “Рух феноменологиясындағы” білімнің қалыптасу жолдарын көз алдымызға елестететінін айта кеткеніміз жөн болар.

Сырттай болса да, бұлардың өзара ұқсастығы бар. Өйткені Гегель Аристотельдің философиясынан көптеген ой-пікірлерді қабылдап алды. Бірақ ғылым, Аристотельдің ойынша, өнерден гносеологиялық немесе танымдық негізде емес, өзінің әлеуметтік белгісі арқылы ерекшеленеді. Ғылымның қоғамдық құбылыс екендігі туралы жаңа замандағы ойшылдардың көзқарасына Аристотельдің жақындап келгеніне таң қаласың.

Сайып келгенде, Аристотельдің таным теориясы сенсуализмнен (сенсуа — латын тілінде “түйсік”) басталып, рационализмге (“рацио” — латын тілінде “ақыл”) келіп аяқталады.

Көне грек дәуірінде осы екі ұғымның екеуі де болғаны анық. Ендеше, танымды түйсіктен, тәжірибеден ақылға, білімге, ғылымға қарай өтті деп, Аристотельдің ойын тұжырымдауымыз оның көзқарасына жасалған қиянат емес.

Әрине, сырт қарағанда солай болып көрінері даусыз. Бірақ Аристотель “Метафизика” деген еңбегінде таным теориясындағы ойлау мен болмыстың тепе-тең келіп, шамаласпайтын болмағаны ма деген сұраққа өзі жауап береді: білім қуаты жағынан жалпыға, актуалдылығы жағынан дараға бағытталады. Міне, жалпыға ұмтылатын білімнің бәрін ойлау кезінде белгілі бір формаға түсіріп, зерттеу қажет. Сондықтан Аристотельдің форманы асыра дәріптегені ағат болғанымен, сол көне грек дәуірінде жаңа ғылымның, кейін орта ғасыр мен жаңа дәуірде ерекше рөл атқарған көптеген білімдердің сүйенер негізі болған формальды логиканы тудырды. Аристотель жасаған осы ғылымның (формальды логиканың) атқарған маңызын айтып жеткізу қиын шығар. Оның таным теориясына да, дүниетанымға да тікелей қатысы болды. Ол өзі пайда болған дәуірден бастап тек логика болып қана қалған жоқ, сонымен бірге ол әлемді, дүниені, табиғатты танудың әдісіне айнала бастады. Тек XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында классикалық неміс философиясында диалектикалық логика таным теориясы ретінде өмірге келген соң ғана, бұл логика өзінің бұрынғы әмбебапты, жан-жақты тегіс қамтыған маңызынан айырыла бастады. Бірақ жаңа заманның математикалық логикасы, тіл біліміне қатысы бар ілімдер — лингвистика мен семантикалық логикалары осы формальдық логикадан келіп шықты. Ендеше, формальды логиканың қазіргі жаратылыстану саласы мен жекелеген ғылымдар үшін әлі де өте маңызы зор екенін есімізде ұстағанымыз дұрыс.

Бірақ Аристотельдің таным теориясы мен формальды логикасы тек рационалды, идеалды болып шыққандықтан, олар адам туралы мәселеден бөлініп қалды ғой?! Әсіресе, формальды логикадағы силлогизмдер мен дәлелдемелер адамнан, оның ішкі дүниесінен қол үзіп кетті емес пе деген сауал да пайда болады.

Сауалға жауап: Аристотель осы білім мен ғылым арқылы адамды тануға жақындай түседі. Бірақ бұл адамға қарай басталған жол өте ауыр, әрі қайшылыққа толы. Оның ойынша, ілім ақылды жанға ғана орналасқан. Ендеше, жанның бір түрі — ақылды жан тек адамға ғана тән. Ол денеден бөлек, оқшау өмір сүреді. Ойлау мәңгі. Өйткені, ақыл ешуақытта да жойылмайды әрі қирап талқандалмайды. Ол өте құдіретті және ештемеге бағынышты емес. Бұл теориялық ақыл. Ал енді болмысты материя және форма деп екіге бөлуге байланысты Аристотель ақылды да екіге бөледі. Оның ойынша, әрі пайымдаушы, әрі енжар ақыл бар. Сондай-ақ, әрі белсенді, әрі жасампаз ақыл да өмір сүреді. Оның бірі — материяға тән, екіншісі — формаға сәйкес келеді. Ақылдың қандай түрі болмасын, сайып келгенде, ол Құдайға келіп тіреледі.

Аристотельдің ойынша, формалардың формасы бар. Ол — Құдай. Батыстағы орта ғасырлық схоластиканың негізін қалаушы Фома Аквинский “формалардың формасы — Құдай” деп ашықтан ашық айтқаны да осыдан келіп шығады.

Аристотельдің форманы дәріптеуі философияға Құдай туралы ұғымды алып келді. Формалар үш негізде өмір сүреді екен: Құдайда — актуалды және материясыз, табиғатта — актуалды және материалды, жанда — потенциалды және материясыз. Міне, осыдан келіп Аристотель білім танымнан бұрын өмір сүрген деп есептейді. Мұндай пікірдің негізі ақылдың енжар, селқос болуымен қатар, оның белсенді әрі жасампаз негізде өмір сүретінін дәлелдейді. Сөйтіп, Аристотель білімді дамып отыратын процесс деген идеясын басқаша негізде жандандыра түсті.

Аристотельдің таным теориясы мен логикасына қысқаша шолу жасай отырып, оның адам туралы іліміне де кеңірек тоқталуымыз қажет. Өйткені ұлы ойшылдың таным теориясы мен логикасы теориялық ілім негізіне, ал оның этикасы мен практикасы, эстетикалық көзқарасы адамның қызметі арқылы іске асатын практикалық философия негізінде қаланды ғой.

Аристотель өзіне дейінгі философтардың, ең алдымен Сократ пен Платонның көзқарастарын талдай келіп, олардың терең ойлы пікірлеріне жүгінеді. Оның ойынша, практикалық ілімдер — этика мен саясаттың адам қызметіне тікелей катысы бар. Олар адам ойлары мен әрекетінің іске асуын айрықша айқындайды. Өйткені адамгершілік пен зерде адамның өз еркінің қалауымен тығыз байланысты. Сонымен бірге өз бетімен немесе еріксіз іс-қимылдар жасау адамның ішкі рухани дүниесіне тікелей қатысты.

Адамгершілік — адам жанының қабылдап алған рухани сапасы. Өз табиғатынан тыс жақсы адамның болуы мүмкін емес. Табиғат бізге игілікті қабылдайтын мүмкіндіктерді ғана береді. Содан бара-бара ол мүмкіндіктер шындыққа, шын мәніндегі ізгілікке, адам жанының жақсы сапаларының біріне айналады.

Ізгіліктерді қабылдап алу екі негізгі процеске байланысты. Бірі — оқып білім алуға, ал екіншісі, әсіресе, адамгершілік — тәлім-тәрбиеге байланысты. Тек тәлім-тәрбие ғана адамгершілік пен зерделілікті адам бойына сіңіре алады. Аристотель бұл жерде тәлім-тәрбиеге байланысты: “Әркім өзінің мінезіне өзі жауапты” деген пікір айтты. Мұндай пікірдің кейін жаңа заманда да қайталанғанын атап өткен жөн. Жаңа дәуір ойшылдары адам өз тағдырының қожасы, ол өз драмасының актері деп бұл мәселені жаңа тарихи жағдайда жаңаша дамыта түсті.

Сонымен бірге Аристотель тәрбиешіге, яғни тәрбиелеуші адамға үлкен көңіл аударады. Оның ойынша, ең басты негізгі тәрбиеші — мемлекет және оның заң шығарушы органы. Олар осы мемлекеттегі азаматтарды тәрбиелеуде ерекше рөл атқаруға тиіс. Адам өзінің рухани кабілеттерін үнемі жетілдіре және жаттықтыра отырып, зор жеңістерге жетеді.

Информация о работе Аристотельдің философиясына қысқа шолу