Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2015 в 15:55, реферат
Описание работы
Аристотельдің (б.з.б. 384—322 жылдары) философиясы, бір жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал, екінші жағынан, Аристотель көзқарасы орта ғасыр мен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Яғни бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген мәселелерге жан-жақты талдау жасап, өз заманындағы көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті.
Сондай-ақ, Аристотель адамның
ішкі рухани сапаларын жетілдірудегі
пайда болатын диалектикалық қайшылықтарға
да жан-жақты тоқталды. Мұнда екі жаққа
кететін ұшқарылық, сыңаржақтықтар бар.
Аристотель бұл қарама-қарсылықтарды
“аралық” және “орташалық” деп бөліп
қарады. Егер осы екеуінің диалектикалық
бірлігі болмаса, адамның қабілеті өз
қасиетінен айырылған батпақ сиякты ортаға
түседі.
Айталық, батылдықтың тым асқан
көп болуы — ессіз ерлікке, ал батылдықтың
ешқандай белгісі жоқ болса, ол қорқақтыққа
әкеледі. Сондай-ақ, игілік — екі қарама-қарсы
шектің арасындағы ұнамды істер, ал ол
екі шектің екеуі де жаман: біреуі — молшылық,
екіншісі — тапшылық. Дәл сол сияқты қайырымдылық
та екі түрлі жағдайдың арасындағы рухани
күйлер мен қасиеттер; ол екі шеткі жағдайдың
екеуі де теріс жағдай: біреуі — ысырапшылдық,
екіншісі — тапшылық. Мәселен, таза ниеттілік
— құмарлық пен ләззат сезімнің жоқтығының
аралығы, бұл екеуінің бірі құмарлық —
ысырапшылдық, екіншісі — тапшылық. Мырзалық
— сарандық пен ысырапшылдықтың аралығы.
Қалжыңдағы, ойын-сауықтағы тапқырлық
бір жағынан, бейпілауыздықтың, бұзылғандықтың
және, екінші жағынан, топастықтың аралығы.
Карапайымдылық бір жағынан — тәкаппарлықтың
және екінші жағынан, ұялшақтықтың аралығындағы
адамгершілік қасиет. Ізгілік — бір жағынан
— мақтаншақтықтың, менмендіктің, аса
құмарлықтың және екінші жағынан — мүсәпірліктің
аралығы. Міне, осы диалектикалық қарама-қарсылықтарды
Аристотель айтқан “аралық” және “орташалық”
арқылы әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Ендеше білім (мынандай сыңаржақтықтар
білімнің жоқтығынан шығар) ізгіліктің
негізі деген Сократтың пікірі дұрыс па?
Сократ “Әркім біліммен қаруланған бойда,
жақсылыққа қарсы тұрмайды” деп атап
көрсетті ғой.
Мұндай қағиданың қайшылыққа
әкелетінін Аристотель өз шығармаларында
айқындап берді. Айталық, жақсылық пен
зұлымдық туралы білімге ие болу және
оны практикалық істе пайдалану бірдей
емес екен. Өйткені ниеті бұзық адамдар
жақсылық пен зұлымдықтың арақатынасын
біле тұра, өз ойынша іс атқармай ма? Сондай-ақ,
ұстамсыз адамдар қатты толғаныс, ғашықтық
сезім үстінде өзінің не істеп, не қойғанын
білмеуі де мүмкін. Ендеше, Сократтың ізгілік
ақылдың ажырамас қасиеті деп санауы дұрыс
емес. Осыдан келіп: “Сонда қалай, ізгілік
пен ақыл бір-біріне қарама-қарсы болғаны
ма” деген сұрақ туады.
Сократтың көзқарасын сынай
отырып, Аристотель әрине, “ақыл өте қажет-ақ,
бірақ, қайырымдылыққа, ізгілікке жетудің
бірден-бір жағдайын ол жасай алмайды”
дейді. Жоғарыда айтып өткендей, батылдық
— бір-біріне қарама-қарсы тұрған сыңаржақтықтардың
дел ортасы. Тек практикалық, іс-әрекетте
ғана адам осы ортаны таба алады. Әйтпесе,
ол сыңаржақтықтардың біріне түсіп кетуі
мүмкін.
Бір таңқаларлығы, осы пікірді
жаңа заманда классикалық неміс философиясының
іргетасын қалаушы И. Кант та қайталаған
болатын. Оның ойынша, даналық пен надандықтың
арасының жақындығы сонша, оның бірінің
үстінде келе жатып, екіншісіне қалай
өтіп кеткеніңді біле алмай қаласың.
Сонымен Аристотель өзінің адамгершілік
пен парасаттылық туралы көзқарасында,
Платонның жоғары игілік жалпыда, идеяда
деген пікірін сынға алды. Ондай игілік
адамның қолы жетпейтін нәрсе. Ал игілік
сапа категориясымен алғанда — ізгілік,
мөлшер категориясы бойынша — мөлшер,
қатынас категориясында — пайдалылық,
уақыт категориясында — ыңғайлы шақ, кеңістік
категориясында — жағымды мекен-жай. Сөйтіп,
игілік ешқандай да жалпылыққа жатпайды.
Ол әртүрлі жағдайда, әруақытта әртүрлі.
Ендеше, адамның адамдық белгісінің өзі
оның зерделі қызметімен тығыз байланысты.
Жанның ақылы, Аристотельдің
айтуынша, практикалық өмірмен ұштасып
жататын болғандықтан пайымдаушы ақыл
болып келеді. Пайымдаушы ақыл, бір жағынан
— практикалық ақыл, екінші жағынан —
практикалық ақиқат. Олар адамдардың күнделікті
іс-әрекетімен сабақтасып жатады. Практикалық
пайымдаушы ақыл — адамның өз іс-әрекетін
белгілі бір жағдаймен сәйкестендіріп,
әбден өлшеп-пішіп алып қимылдауы. Адам
алдына белгілі бір мақсат қойып барып,
іс-әрекетке көшеді. Сондықтан практикалық
пайымдаушы ақыл байсалдылықты, сабырлылықты
талап етеді. Өйткені тым құмарлыққа әуестену
және сол сияқты қайғыға тым берілу практикалық
ақылдың біртіндеп тоза беруіне әкеліп
соғады. Ал практика үшін тәжірибе аса
қажет. Сондықтан болар, жастар жағы, көбінесе,
практикалық іс атқара алмай, өмірде өзінің
дерменсіздігін көрсетеді. Ал практикалық
іске бейім адамдар көп жағдайда отбасын
және мемлекетті басқара алады. Себебі
олардың практикалық іс-әрекеттері экономикамен
және саясат саласымен тығыз байланысты.
Бірақ практикалық ақылды Аристотель
тым асыра бағалаудан аулақ. Ол практикалықты
қайырымды кеңеспен, көрегендікпен, зерделілікпен,
ойлап тапқыштықпен ұштастыра қарайды.
Әсіресе, зерделілік практикалық
ақылдың қарама-қарсы баламасы сияқты.
Өйткені практикалық ақыл өз әрекетін
жүргізеді, зерделілік болса тек сынап-мінеу
рөлін атқарады. Практикалық ақыл, әрине,
ойлап тапқыштық қасиет емес. Дегенмен,
онсыз практикалық ақыл өмір сүре алмайды.
Ойлап тапқыштық белгілі бір мақсатты
іске асыруға қажетті амал ретінде де
көрінеді. Егер мақсат жақсы әрі тиімді
болса, ойлап тапқыштықты мақтауға тұрарлық.
Ал мақсат жаман, әрі арам ниетті болса,
онда ойлап тапқыштық өте қауіпті. Міне,
сондықтан практикалық ақыл мен ойлап
тапқыштық бір-біріне ұдайы қызмет етуге
тиіс. Сондықтан практикалық ақыл, Аристотельдің
ойынша, екіге бөлінеді. Бірі — жеке тұрмыстық
игілікке жету үшін қажетті практикалық
ақыл, ал екіншісі — экономикалық, заң
шығарушылық, саясатшылдық қызметке кажетті
ақыл.
Аристотель адамдардың іс-әрекетіне
ерекше көңіл бөле отырып, оны адамгершілік-саяси
қызмет және шығармашылық деп екіге бөледі.
Олар өзара бірлікте. Бірақ олардың арасында
айырмашылықтар бар. Олардың бірлігі —
екеуі де ақылды жанның пайымдаушы құрамдас
бөлігі екендігінде. Ал олардың айырмашылығы
— шығармашылық пен адамгершілікті айыра
білумен сәйкес. Өйткені, шығармашылық
— сыртқы мақсат, ол өнер үшін қызмет етеді,
ал адамгершілік болса, ол адамның іштей
өзіне-өзі қойған мақсаты. Өйткені адамгершілік
қызмет белгілі бір мақсатты адамның өзінің
қалап алуымен тығыз байланысты. Ендеше,
ол адамның еркіндігімен ұштасып жатыр.
Адамгершілік қызметінде адам өзін-өзі
жаратады. Ал шығармашылықта адам өзгені
тудырады. Ендеше, бұл екеуі бірі-бірімен
өте тығыз байланысты, әрі бір-біріне қарама-қарсы
практикалық қызмет. Сондықтан болар Аристотель
практикалықты адам қызметінің төменгі
түрі деп есептейді.
Дегенмен, адамдардың іс-әрекеті
осы практикалық ақылмен тығыз қабаттасып
жатады. Бірақ адам болса, Аристотельдің
ойынша, дүниедегі ең тәуір жаратылған
жан емес көрінеді. Сол себептен адамның
қызметі басқа салада бағалануға тиіс.
Ондай сала экономика мен саясат екен.
Практикалықтың осы бір әртүрлі
жақтарына жан-жақты әрі жете тоқталып
отырған себебіміз сонау көне грек дәуірінде
өмір сүре отырып, Аристотель адам қызметінің
пайымдаушылық пен зерделілік жағынан
бағаланатынын көре білді.
Философия тарихы көрсетіп бергендей,
пайымдау кейін келе жаңа дәуір философиясында
практиканың бір-ақ жағын камтып, адам
ақылының бір ғана көрінісі екенін танытты.
Сондықтан жаңа дәуірдегі жаратылыстану
ғылымы мен оның өкілдері осы пайымға
сүйенді десек, артық айтқандық болмас.
Мұндай пікірді кезінде Гегель
де өзінің “Философия тарихы туралы лекцияларында”
атап көрсетті ғой. Ол тіпті, классикалық
неміс философиясына дейінгі дәуірді
пайымдау дәуірі деп есептеді.
Ал енді адамның қызметін кеңінен
қоғам өмірімен, оның шығармашылық еңбегімен
тығыз байланыстыра қарау зерделілікке
жатады. Шынында да, ол тек жалаң практика
арқылы емес, аса зор жан-жақты қамтылған
тәлім-тәрбиемен қалыптасады. Тек зерделілік
қана адамгершілікке, парасаттылыққа
бастайды. Өйткені зерделілік пайымдауға
қарағанда әлдеқайда зор дүниетанымды
қамтиды. Ол болашақты көре білуге жол
салып, адамның ойын диалектикалық ойлаумен
ұштастырады. Ендеше, Аристотельдің айтуынша,
саясат адамдарды адамгершілікке, парасаттылыққа
тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Аристотельдің қоғамдық-саяси
көзқарасы оның “Саясат” деп аталатын
еңбегінде айқын көрініс тапты. Оның осы
шығармасы “Этикамен” сабақтаса келіп,
біртұтас ілім құрайды. Өйткені оның “Саясат”
деген шығармасындағы адам алдымен өзінің
адамгершілік қасиеттерімен ғана айрықша
даралануға тиіс. Ізгі ниетсіз адам нағыз
бұзылған әрі дөрекі жан. Сондай-ақ ол
жыныстық қатынас пен тамаққа деген құмарлық
жағынан, хайуаннан ешбір айырмашылығы
жоқ жануар болып шығады.
Саясатың әдісі ғылыми талдау
әдісі сияқты ерекшеленеді. Ендеше, әрбір
қоғамдық, мемлекеттік құрылысты ғылыми
жағынан алып, терең талдау қажет. Мемлекет
дегеніміз не? Міне, осы сұраққа жауап
бере келіп, Аристотель мемлекет барлық
адамдардың қоғамдық тұрмысының формасы
деді. Сондай-ақ мемлекет адамдардың саяси
құрылысы деп жауап береді. Мұндай саяси
құрылыс барлық азаматтар үшін заңның
үстемдік етуін талап етеді. Заңдылық,
заң үстемдік етпеген жерде саяси құрылым
да болмайды, азаматтар өз бетімен кетіп,
қоғамның өмірі құруға айналады.
Шынында да, осы көне грек заманындағы
ұлы ойшылдың ой-пікірлеріне үңіле отырып,
біздің еліміздегі соңғы жылдары заңсыз
іс-әрекеттердің әршіп кетуі, Сөйтіп, олардың
мемлекетіміздің құрылымына теріс әсер
етіп, адамдардың өміріне үлкен қауіп
төндіріп отырғандығын байқасақ, қалай
таң қалмайсың?
Әсіресе, Аристотельдің саясатта
тым қызбалыққа салынуға жол бермеу керек,
асығыс шешімдерден сақ болу қажет деген
қағидалары бүгінгі күннің талабымен
ете сәйкес келеді. Мысалы, парасатты,
зерделі саясат жүргізе алмаған басшылардың
дәрменсіздігінен “араққа қарсы шабуыл”,
“аграрлық өнеркәсіпті жетілдіру” деген-дағы
басқа да даурықпалардың неге әкеліп соққанын
білеміз. Мұның бәрі гректің ұлы ойшылы
Аристотельдің саясаттағы көрегендігін
айқындайды. Осыдан келіп, көне грек дәуіріндегі
данышпанның айтқан ой-пікірлерінің бүгінгі
күні де маңызын жоғалтпағанына таң қаласың.
Аристотельдің ойынша, “Мемлекет
өз табиғаты жағынан сан алуан болады.
Оның құрылымы күрделі әрі көптеген бөліктерден
тұрады”. Мемлекеттегі адамдар әртүрлі,
олар біркелкі болуы да мүмкін емес. Мемлекет
отбасылардан тұрады. Олардың да бір-бірінен
айырмашылықтары бар.
Мемлекет ең алдымен азаматтардан
тұрады. Мұндағы азаматтардың көзқарастары
да әртүрлі. Егер адам сот пен басқару
орындарына қатысса, онда ол азамат болып
есептеледі. Бұл Аристотель берген азаматтықтың
абсолюттік анықтамасы. Сонымен бірге
азаматқа әскери, әкімшілік, соттық және
діни функциялар да тән.
Аристотельдің қоғамдық-саяси
көзқарасындағы тағы бір ерекшелік —
ол Платонға қарағанда жеке меншік туралы
мәселені өзінше дұрыс шешті. Егер Платон
идеалды мемлекетті іздей отырып, жеке
меншіктен не түрлі пәленің шығатынын
дәлелдеуге әрекеттенсе, сөйтіп, оны жоюға
ниет білдірсе, Аристотель бұған қарсы
шығып, жеке меншікке қорғаушы болды. Аристотельдің
ойынша, қоғамдағы пәле жеке меншіктен
туып отырған жоқ, керісінше, адамның тілегінің
нысапсыздығында және оның ашқарақтығында,
дүниеқорлығында жатыр. Осы пікірге жүгіне
отырып, Аристотель Платонды сынағанда,
оның идеалды мемлекетін жоққа шығарды,
ал өзі қандай әлеуметтік идеал принципін
ұсынды? — деген сұрақ алдан шығады.
Аристотель де, барлық ұлы ойшылдар
сияқты, мемлекеттің ең тәуір түрін іздеуден
жалыққан жоқ. Ол да саяси құрылымы жақсы
мемлекетті идеал етіп алуға ұмтылды.
Оның ойынша, мұндай мемлекеттегі өмір
— ең бақытты өмір.
Адамдардың денсаулығы, дене
құрылымы — бәрі де жақсы қалыпта. Бұл
мемлекеттегі адамдар күнделікті өмір
күйбеңінен босап, ең қажетті деген заттармен
толық қамтамасыз етілген. Олардың демалысын
да, бос уақытын да бұзатын ештеңе жоқ.
Кейде осындай данышпан адамның құлдарды
адамға санамай, оларды сөйлейтін құралдар
деп қана қарауы қисынсыз-ақ екен. Ол, тіпті,
жерге ие болған егіншілердің де құл болуын
қалайды, бұл идеяны түсіну қиынға соғады-ақ.
Әрине, өкінішті. Аристотельдің
ондай ой-пікірі, тіпті, орынсыз. Дегенмен,
кейбір софистер өз уақытында барлық адамдар
туғаннан бастап, табиғатында тең құқықты
деді емес пе? Осы ой Аристотельдің “Саясат”
атты кітабында да кейде жылт етіп бір
көрініп қалады. Бір адам (әрине, Аристотель
бұл жерде ерікті адамды айтып отыр) екінші
адамды құл етуге құқы бар ма? деген сұраққа
Аристотель бір адамның екіншіні құлға
айналдыруына болмайды дейді.
Бірақ Аристотельдің ойынша,
құл — табиғи құбылыс. Өйткені біреулер
өз табиғаты жағынан құлдар, екіншілері
еріктілер. Сөйтіп, Аристотельдің ойынша,
адам табиғаты жағынан тең болмайды екен.
Біреудің екіншіге бағыныштылығы дененің
жанға, жануардың адамға тәуелділігі сияқты.
Адамдардың өзара тең болмау себебі оның
бірі ауыр дене еңбегімен, екіншісі ой
еңбегімен, ақылмен айналысады. Құлдар
тек қана басқалардың ойлаған ойын, ниетін
жүзеге асырады. Олар, әрине, ақылдыны
түсінеді. Бірақ өздері ақылға ие болмаған.
Олар қожайынның тірі мүлкі және қаруы.
Ал қожайын болса ойлайтын, күні бұрын
өзінің іс-ниетін дайындайтын адам. Құл
қожайын денесінің бір бөлігі сияқты.
Ол өзінің қожайынысыз өмір сүре алмаған
болар еді. Сондықтан да құл, Аристотельдің
айтуынша, тек қожайын үшін ғана жаратылған.
Ол табиғаты жағынан өзіне емес, басқаға
тиесілі жан.
Бірақ Аристотельдің “Саясатын”
оқығанымызда, оның құлдық жөніндегі пікірі
қиян-кескі қайшылықтарға толы екенін
көреміз. Ол біресе құлдың тек сойлейтін
қару екенін айтып дәлелдесе, бірде оның
да ойлау қабілеті, адамдарға тән ержүректік,
пайымдаушылық, әділеттілік, тағы басқа
да қасиеттері бар екенін атап көрсетеді.
Бұл мәселеде Аристотель әбден шатасып,
қайшылыққа бата түседі. Өйткені ол кездегі
қоғам тек құлдардың еңбегіне ғана тәуелді,
солардың арқасында ғана күн көріп отырды.
Екіншіден, қоғамның экономикалық, саяси-әлеуметтік,
рухани дамуы құлды да адам деп есептеуге
мәжбүр ете түсті.
Сайып келгенде, қоғамдық дамудың
барлығы да адам еңбегіне келіп тіреледі.
Ендеше, Аристотель осы мәселеге де айрықша
көңіл бөлген ойшыл. Біз оны Аристотельдің
экономикалық көзқарасынан айқын байқаймыз.
Негізінде саяси экономия, яғни қоғамдық
қатынастар жөніндегі ғылым өндірістің
дамуы, материалдық игіліктердің айырбасталуы
мен тұтынылуы, мануфактуралық дәуірдің
пайда болуы кезінде өрістей бастады ғой.
Бірақ сонау көне грек дәуірінде, Аристотель
осы мәселелердің біразына айрықша көңіл
аударып, оларды ғылыми негізде талдауға
ұмтылды. Сондықтан ойшылдар Аристотельді
“Көптеген ой-пікір формаларымен, қоғамдық
формалармен және табиғи формалармен
қатар құн формасын тұңғыш рет талдаған
ұлы зерттеуші” деп атады. Шынында да,
сол көне құлдық заманның өзінде-ақ Аристотель
тарихта алғаш рет еңбек бөлінісі, тауарлы
шаруашылық, айырбас, ақша, құнның екі
түрі, қоғамдық өмірдің тағы басқа да құбылыстарын
ғылыми негізде зерттеуге тырысты.