Автор работы: Пользователь скрыл имя, 01 Апреля 2014 в 00:06, реферат
Еңбек дауларын туғызатын жағдайлар әр түрлі. Бұл объективтік сипаттағы факторлар болуы мүмкін: нарықтық экономикаға көшуге, мемлекеттік меншікті жекешелендіруге, жекелеген кәсіпорындардағы өндірістің жағдайына және соған байланысты қызметкерлердің жұмыстан босатылуына орай, республикада қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан; меншік иесінің (жұмыс беруші) кәсіпорындарда (ұйымда) ауысуы және басқалар.
Кіріспе
Еңбек даулары
Ұжымдық еңбек даулары
Еңбек төрелігі
Қорытынды
Қолданылған әдебиеттер
Жоспар
Кіріспе
Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы заңды қолдану, бұрын қызметкер (қызметкердің өкілі) мен жұмыс беруші (жұмыс берушінің өкілі) арасында реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың орындалуы туралы алауыздықтар — еңбек даулары деп танылады.
Еңбек дауларын туғызатын жағдайлар әр түрлі. Бұл объективтік сипаттағы факторлар болуы мүмкін: нарықтық экономикаға көшуге, мемлекеттік меншікті жекешелендіруге, жекелеген кәсіпорындардағы өндірістің жағдайына және соған байланысты қызметкерлердің жұмыстан босатылуына орай, республикада қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан; меншік иесінің (жұмыс беруші) кәсіпорындарда (ұйымда) ауысуы және басқалар.
Бұл субъективтік сипаттағы себептер: өндірістің ұйымдастырылуын, қызметкерлердің бірлесе еңбек ету мүддесін қамтамасыз ететін әкімшілік-басқару аппаратындағы адамдардың қателіктері, біліксіздігі; кәсіпорындардың басшы құрамының еңбек заңы саласындағы құқықтық даярлығының жеткіліксіздігі; жалдамалы қызметкерлердің де құқықтық санасы онша жоғары бола бермей, өздерінің еңбек құқықтары мен міндеттерін жетік білмейтін қызметкерлердің жұмыс берушіге негізсіз талаптар қоятындығы.
Енбек даулары
Еңбек дауының ұжымдық және жеке сияқты екі түрі бар. Жеке еңбек дауы – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы заңдарды қолдану мәселелері жөніндегі, жұмыс беруші (жұмыс беруші өкілі) мен қызметкер (қызметкер өкілі) арасында бұрын реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы келіспеушіліктер.
Еңбек даулары екі сатыда – тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Тараптардың келісімімен еңбек дауларын келісім комиссиясы қарауы мүмкін. Келісім комиссиясы тараптардың бірлескен шешімі бойынша жұмыс берушілер мен қызметкерлердің саны тең өкілдерінен тепе-тең негізде құрылады. Қызметкерлердің өкілдері келісім комиссиясына ұйымның жалпы жиналысында (конференциясында) сайланады. Жұмыс берушінің өкілдерін ұйым басшысы тағайындайды. Келісім комиссиясын ұйымдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жұмыс беруші жүзеге асырады. Келісім комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.
Келісім комиссиясы арыз берушінің өтінішін ол берілген күннен бастап үш күн мерзімде қарайды. Оны қарау нәтижелері бойынша келісім комиссиясының шешімі қабылданып, арыз берушіге беріледі. Келісім комиссиясының арыз берушінің талабын қанағаттандырған шешімін қарсы тарап үш күн мерзімде орындайды. Егер де қызметкер келісім комиссиясының шешімімен келіспесе үш айдың ішінде еңбек дауы бойынша сотқа арыздануға құқығы бар.
Қызметкерлер еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша сотқа жүгінген жағдайда олар мемлекет кірісіне сот шығындарын (мемлекеттік баж бен істің қаралуына байланысты шығыстарды) төлеуден босатылады.
Келістіру комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) жұмыс берушінің өкілдері мен қызметкерлер өкілдерінің тең мүшелеріне тепе-тең негізде құрылады. Қызметкерлер өкілдерін келістіру комиссиясына ұйымның жалпы жиналысы (конференция) тағайындайды. Жұмыс берушілер өкілдерін Комиссия құрамына ұйымның басшысы тағайындайды. Жұмыс беруші өкілдерінің саны жалпы жиналыста белгіленген қызметкерлер өкілдерінің санына сай келуге тиіс. Комиссияның сандық құрамы мен оның өкілеттік ететін мерзімін тараптардың өкілдері белгілейді. Комиссия мүшелері алғашқы ұйымдастыру мәжілісінде өз кұрамынан төраға мен хатшыны сайлайды. Комиссияның төрағасы мен хатшысы егер олар үшін Комиссия мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе сайланған деп саналады. Комиссияның төрағасы болып кез келген тараптың өкілі сайлануы мүмкін. Келістіру комиссиясын ұйымдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді (жабдықталған үй-жайлар, оргтехника, қажетті әдебиеттер беру, іс жүргізуді, қызметкерлердің өтініштерін есепке алу мен сақтауды ұйымдастыру, шешімдердің көшірмелерін дайындап, беру және т.б.) жұмыс беруші жүргізеді.
Комиссия еңбек үрдісі кезінде қызметкер мен жұмыс беруші арасында туындайтын еңбек дауларын қарау жөніндегі орган болып табылады. Комиссия:
1) басқа жұмысқа ауысу
және басқа жұмысқа ауысу
2) жеке еңбек шарттарының талаптарына өзгерістер енгізу;
3) жұмыс уақытының режимі, еңбек тәртібі;
4) демалыстың ұзақтығы, соның ішінде жыл сайынғы демалыстың ұзақтағы;
5) тәртіптік шаралар қолдану туралы;
6) еңбекке ақы төлеу және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі еңбек дауларын;
7) еңбек туралы заңдар, жеке және ұжымдық шарттарды қолдану мәселелері жөніндегі басқа да дауларды қарауы мүмкін.
Еңбек туралы заңдарда өзгеше көзделмегендіктен қызметкер еңбек дауларын қарау үшін Комиссияға азаматтық заңдарда белгіленген мерзімдерде өтініш жасауға құқылы. Комиссияға келіп түскен қызметкердің өтініші комиссия хатшысында міндетті түрде тіркелуге тиіс. Өтінішті алудан бас тартуға жол берілмейді. Хатшы өтінішті дәлелденген шешімдер шығаруға тиісті Комиссияның қарауына беруге міндетті.
Комиссияның отырысы, әдетте, жұмыстан тыс уақытта өткізіледі. Егер белгілі бір себептермен еңбек дауларын жұмыстан тыс уақытта қарау мүмкін болмаса сол ұйымда жұмыс істейтін комиссия мүшелеріне, қызметкерге, куәгерге, сарапшыға және басқа қатысушыларға ұжымдық шарт негізінде, ал ол жасалмаған болса жұмыс берушінің шешімімен жалақысы сақтала отырып уақыт беріледі. Еңбек дауы өтініш берген қызметкердің қатысуымен қаралады. Қызметкердің өзі болмағанда дауды қарауға оның жазбаша өтініші бойынша ғана жол беріледі. Қызметкер Комиссия отырысына келмеген жағдайда өтінішті қарау кейінге қалдырылады. Қызметкер екінші рет себепсіз келмей қалған жағдайда Комиссия бұл өтінішті қараудан алып тастау туралы шешім шығарады, ал бұл қызметкерді тағы да өтініш жасау құқығынан айырмайды. Бұл жағдайда өтініш алғаш рет түскен ретте қаралады. Комиссия істің мән-жайын анықтау үшін отырысқа куәгерлерді, мамандарды шақыруына болады. Егер Комиссия мүшелерінің кемінде жартысы, қызметкерлер өкілдері мен жұмыс берушілер өкілдері тепе-тең процентпен қатысса оның отырысы өкілетті деп саналады.
Комиссияның әрбір отырысында еңбек дауларын қараудың барысы жазылатын белгіленген нысан бойынша хаттама жүргізілуі керек. Қарау нәтижелері бойынша келістіру комиссиясы шешім шығарады. Шешімге отырыс біткесін төраға мен хатшы қол қояды. Комиссия отырысының шешімінің көшірмесі үш күн ішінде қызметкер мен жұмыс берушіге тапсырылады. Комиссия шешіміне айрықша талап қойылады, ол тиянақты, үзілді-кесілді болуы және оның мүшелерінің басым көпшілік дауысымен қабылдануға тиіс. Жекелеген мүшелер көпшілік пікірімен келіспеген жағдайда олар өз пікірлерін білдіріп, ол хаттамаға тіркеледі.
Шешім әкімшілікке үндеу ретінде рәсімделмеуге тиіс (мәселен, «жұмыс берушіден өтінуге», «директорға ұсыныс беруге» және т.б.). Онда: қызметкердің талабы қанағаттандырылғаны немесе одан бас тартылғандығы, егер ішінара қанағаттандырылса, нақты қай бөлігіне қатысты қанағаттандырылғаны және бас тартылса қандай себептермен бас тартылғаны көрсетіледі. Ақшалай талаптар мәселелері бойынша шешімде қызметкерге тиесілі нақты сома көрсетілуге тиіс. Комиссия шешімінің күші міндетті, ол қайсыбір дәлелдемелерді керек етпейді. Шешім дәлелді болуға, еңбек туралы қолданылып жүрген заңдар мен жеке және ұжымдық шарттарға, ішкі күн тәртібі мен нұсқаулықтарға негізделуге тиіс. Егер Комиссияның шешімдерін атқару барысында тараптар арасындағы дауды түсіндіруде келіспеушіліктер туындаса, онда ол алғашқысын түсіндіретін қосымша шешім шығаруға құқылы.
Өтініш иесінің талаптарын қанағаттандырған келістіру комиссиясының шешімін келесі жақ үш күн мерзімде атқарады (Еңбек туралы заңның 100-бабы). Комиссияның еңбек даулары жөніндегі шешімімен келіспеген жағдайда қызметкер немесе жұмыс беруші үш айдың ішінде сотқа шағымдануға құқылы.
Еңбек даулары тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Тараптардың келісімі бойынша еңбек даулары жоғары органдарда қаралуы мүмкін. Талап қоюшылық сипаты бар жеке еңбек дауларын шешудің мынадай түрлерін бөліп көрсетуге болады:
а) еңбек дауының келістіру комиссиясында немесе сотта қаралуы мүмкін — бұл жалпы тәртіп. Бұл тәртіп дауды шешудің рәсімін бір жақтың қалауын қарайды. Екі жақтың келісіміне қол жеткен жағдайда еңбек дауын келістіру комиссиясының қарауы мүмкін. Еңбек дауының сот тәртібімен шешілуі бұған балама болып табылады.
ә) қызметкерлердің белгілі бір топтарының еңбек даулары белгіленген арнаулы іс жүргізу ережелері арқылы қаралатын айрықша тәртіп.
Екі жақтың келісімі бойынша еңбек даулары келістіру комиссиясында қаралуы мүмкін. Келістіру комиссиясы екі жақтың бірлескен шешіміне орай, жұмыс беруші мен қызметкерлердің саны тең өкілдерінен теңдік жағдайында құрылады. Жұмыс берушінің өкілдерін ұйымның басшысы тағайындайды және ол тиісті бұйрықпен бекітіледі. Қызметкерлердің өкілдері келістіру комиссиясына ұйымның жалпы жиналысында (конференцияда) сайланады. Келістіру комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.
Келістіру комиссиясы еңбек дауын қызметкердің арызы келіп түскен күннен бастап уш күн мерзім ішінде қарайды. Белгіленген мерзім арыз түскен күннің ертеңінен бастап есептеледі. Қызметкердің арызын қарау нәтижесі бойынша келістіру комиссиясы шешім қабылдайды және ол шағымданушыға беріледі. Шағымданушының талаптарын қанағаттандырған келістіру комиссиясының шешімін қарсы жақ үш күн мерзім ішінде орындайды. Егер комиссияның шешімі қызметкердің талаптарын қанағаттандырмаса, онда еңбек дауы cот тәртібімен қаралады. Аудандық (қалалық) соттар қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктерді шешу үшін шағымдана алатын еңбек дауларын қарау жөніндегі дербес органдар болып табылады.
Ұжымдық еңбек даулары
Ұжымдық еңбек даулары — ұйымдарда еңбек жағдайларын белгілеу мен өзгертуге және еңбекке ақы төлеуге, ұжымдық шарттар мен келісімдер жасасуға, оларды орындауға байланысты, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдардың, ұжымдық шарттар мен келісімдердің ережелерін қолдану мәселелері бойынша жұмыс беруші (жұмыс берушілер бірлестігі) мен қызметкерлер ұжымдары (қызметкерлер өкілдері) арасындағы келіспеушіліктер. Ұжымдық еңбек даулары қарау бітістіру комиссиясы, еңбек төрелігі, делдал және ереуілге шығу сияқты төрт сатыдан тұрады.
Ұжымдық еңбек дауларын (жанжалдар) шешудің негізгі қағидаттары мыналар:
Еңбек ұжымының ұйымдарда еңбек жағдайларын белгілеу мен өзгерту және еңбекке ақы төлеу, бір жағынан, қызметкерлер ұжымымен, екінші жағынан жұмыс беруші арасында ұжымдық шарттар мен басқада келісімдерді жасасу, өзгерту және орындау мәселелері бойынша еңбек ұжымының талаптары жалпы жиналыста (конференцияда) осы ұжым мүшелерінің не конференция делегаттарының көпшілік дауысымен жасалып, бекітіледі.
Ұжым қойған талаптар жазбаша түрде баяндалып, жұмыс берушіге жіберіледі. Жұмыс беруші еңбек ұжымы қойған талаптарды олар алынған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей қарап, даудың мәні бойынша келісімге қол жеткізуге әрекет жасауға, ал аталған мерзім ішіңде келісімге қол жетпеген жағдайда дауды одан әрі қарау үшін өз өкілдерінің жеке құрамын көрсете отырып өзінің шешімі мен ұсыныстарын жазбаша түрде еңбек ұжымының назарына жеткізуге міндетті.
Екі және одан да көп еңбек ұжымдарының біріккен немесе бірлескен талаптары жұмыс берушілердің (кәсіпкерлердің) тиісті органдарына жіберіледі, олар осы талаптарды қарауға және олар алынған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде өз шешімі туралы еңбек ұжымдарының біріккен өкілді органына хабарлауға міндетті. Келесі сатында ұжымдық еңбек даулары бітістіру рәсімдері тәртібімен қаралады. Бітістіру рәсімдері дегеніміз жұмыс беруші қабылдамаған немесе ол ішінара қанағаттандырған талаптар әуелі бітістіру комиссиясында, ал онда келісімге қол жеткізілмеген жағдайда — еңбек төрелігінде қарау.
Еңбек туралы заң актілері мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді қолдану (олардың орындалмауы немесе бұзылуы) жөніндегі ұжымдық еңбек даулары тараптардың бір өкілінің өтініші бойынша сотта қаралуға тиіс. Жұмыс беруші өз шешімін еңбек ұжымының назарына жеткізген не жұмыс беруші хабарламаған күннен бастап күнтізбелік үш күн мерзім ішінде бітістіру комиссиясы құрылады. Бітістіру комиссиясы — ұжымдық еңбек дауын тараптарды бітістіру жолымен реттеу үшін жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы келісім бойынша құрылатын орган. Бітістіру комиссиясы еңбек ұжымының талаптарын өзі құрылған күннен бастап күнтізбелік жеті күннен аспайтын мерзімде қарайды. Бітістіру рәсімі процесінде комиссия еңбек ұжымымен, жұмыс берушімен, жергілікті атқарушы органмен, өзге де мүдделі ұйымдармен кеңеседі. Комиссия шешімі келіссөздер негізінде тараптар арасындағы келісім бойынша қабылданады, тараптардың өкілдері қол қоятын хаттамамен рәсімделеді және оның тараптар үшін міндетті күші болады. Белгіленген мерзімде бітістіру комиссиясында келісімге қол жетпеген жағдайда бітістіру комиссиясының жұмысы тоқтатылады, ал дауды шешу үшін еңбек төрелігі құрылады.