Автор работы: Пользователь скрыл имя, 02 Февраля 2013 в 14:22, реферат
Балаға берілетін адамгершілік білімі дегеніміз не? Оны қашан, қай уақытта бастауға болады? Ол не үшін қажет? – осындай сұраулар жалпы білім беретін мектептің алдына қойылатын мәселелі сұрақ болып отыр. Мектеп бітіруші әрбір оқушыға мектептік кезеңде сәйкес және жеткілікті түрде адамгершілік білім берілуі керек, яғни бала адамгершілік білімінің бастауларымен үздіксіз әрі жүйелі түрде сусындауы қажет.
АДАМГЕРШІЛІК БІЛІМІ – БІЛІМ БЕРУДІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ
Ізғұттынова Р.О.
АҮДИ-ның жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к;
Балаға берілетін адамгершілік білімі дегеніміз не? Оны қашан, қай уақытта бастауға болады? Ол не үшін қажет? – осындай сұраулар жалпы білім беретін мектептің алдына қойылатын мәселелі сұрақ болып отыр. Мектеп бітіруші әрбір оқушыға мектептік кезеңде сәйкес және жеткілікті түрде адамгершілік білім берілуі керек, яғни бала адамгершілік білімінің бастауларымен үздіксіз әрі жүйелі түрде сусындауы қажет. Онсыз адамның қоғамда өмір сүруі, адамдар арасында өзін лайықты ұстай алуы қиынға түсері сөзсіз. Адамгершілік – адамның қоғамдық өмірінің негізі. Адамгершілік білімі – қоғамдық білімдердің басты және бастапқы бөлігі, оның базасы болып табылады. Қоғамдық білімдерге жататын саяси, құқықтық, эстетикалық, философиялық, діни білімдердің барлығы да адамгершілік білімдерге, яғни кез келген саясат, эстетикалық идеал, құқықтық нормалар, діни наным-сенімдер адамдарда және қоғамда қалыптасқан адамгершілік идеяларға, нұсқамаларға, мақсаттарға тәуелді және онымен тығыз байланысты болып келеді. Өйткені адамгершілік білімі адамдардың дүниетанымын, олардың қызметін және мінез-құлқын, істері мен әрекеттерін анықтайды. Сондықтан да көрнекті педагогтер адамгершілік білімін «білім берудің алтын қазығы» деп бекер айтпаған.
Кез-келген қоғамда білім беру саясаты өмірлік ұстанымдарды, сұраныстарды, қажеттіліктерді ескеріп, білім беру мазмұны соған сәйкес құрылғанда ғана ұтымды, тиімді, өнімді болады. Қазіргі адамзат баласы бастан кешіріп отырған тез арадағы өзгермелілік, ғаламдану, коммуникациялық құралдардың қарқынды даму дәуірі өмір салтын, қарым-қатынас пен ойлауды өзгертуге әкелді. Ал мұның өзі игіліктерге қол жеткізудің жаңаша әдіс-тәсілдерін ашуға мүмкіндіктер береді. Мұндай жағдай адам интелектісін, оның қабілетін қайта жасаушы, жасампаздық әрекеттерге бағыттайды. Ендеше жеке тұлға өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайларда өмір сүруге бейімделіп қана қоймай, шынайы өмірге белсенді ықпал ете алатын, өмірді жақсартуға, кемелдендіруге атсалысатын тұлға болуы тиіс. Қазірде біздің қоғам үшін көкейкесті мәселе – бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру. Ал бәсекеге қай тұрғыдан, қалайша қабілетті болу керектігі аса маңызды мәселе болып отыр.
Жалпы білім беру жүйесіне енгізілген «Өзін-өзі тану» пәні – білім беру мазмұнындағы жаңа бағыт. Рухани-адамгершілік білім беру идеясының авторы Сара Алпысқызы білім беру жүйесіне жаңа пән – «Өзін-өзі тануды» ұсынудағы мақсатын былайша толғайды: «Мен бала жас кезінген-ақ әрқашанда сау да әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын игере отырып өсуін қалаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талпынатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс» («Өмір әдебі» кітабы, 23-бет).
«Өзін-өзі тану» пәнінің басты ерекшелігі сонда – бұл пән адами құндылықтарды оқытуға бағытталған. Ал «адами құндылықтарды шынайы оқыту дегеніміз бұл қағидалар практикада, күнделікті өмірде қолданылады дегенді білдіреді. Білім берудің шынай мақсаты адам баласына тән қабілеттердің көрініп, ашылуы болып табылады».
Оқушыларға рухани-адамгершілік білім беруді мақсат еткен «Өзін-өзі тану» пәніжалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды негіз етеді. Құндылық – ұмтылыстар мен мақсаттардың, ал абсолюттік мағынасында – болмыстың мәні.
ЖОҒАРЫ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР: МАХАББАТ, ЖАҚСЫЛЫҚ, ӨМІР МӘНІ, АҚИҚАТ, ЕРКІНДІК, СҰЛУЛЫҚ, АДАМНЫҢ ӨЗІНДІК ҚҰНДЫЛЫҒЫ, ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР СҮРУ, ЖАЛПЫ АДАМГЕРШІЛІК және т.б.
Осы құндылықтардың мәні не, маңызы қандай, мақсаты неде дегенге келетін болсақ, құндылықтардың әрқайсысы адам баласының өмірлік ұстанымына тікелей әсер-ықпал етіп, жеке тұлғаның бағыттылығын, оның сенімдерін, дүниеге көзқарасын, идеалдарын, ұмтылыстарын, өмір сүру түрін еркін таңдай алуын өз бетінше іске асырып, жеке тұлғаның әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді.
Махаббат.
Жаратылыс табиғаты
Өсиет әңгіме
Бір адам бір құлап, бір тұрып судан шыға алмай жатқан шаянды көреді. Адам оны құтқару ниетімен қолын созғанда шаян шағып алады. Адам шаянды сонда да судан құтқаруға тырысады, бірақ шаян қайта шағады. Мұны көрген біреу жақындап келеді де, қайта-қайта шаққан шаянды несіне құтқарып жатқанын сұрайды. Сонда жаңағы кісі: «Шағу шаянның табиғатында бар нәрсе. Менің табиғатымда болса сүю бар. Шаянның табиғатында шағу бар екен деп мен өзімнің сүю табиғатымнан бас тартпаймын ғой», –дейді.
Адамгершілік . Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Халқымыз қайырымды- мейірімді жанды «адамгершілігі мол адам» деп дәріптеген. Қайырымды-мейірімді жан – өзгелерді, басқа адамдарды ойлап, соларға қол ұшын беруші жан. Ал, адамдардың қамын жеу дегеніміз адамгершілікке келіп саяды. Адамгершілік – адамның рухани арқауы.
Мұны адамгершілік туралы айтылған мақал -мәтелдерден байқауға болады.
Адамгершілік болмай,
Әділдік болмас.
Адамның ұяты бетінде ,
Адамгершілігі ниетінде.
Асыңа тойғызбасаң да,
Ақ ниетіңе тойғыз.
Су бермегенге, сүт бер,
Ақ ниетіңді білсін.
Кең болсаң, кем болмайсың.
Кішіпейілділік – кісінің көркі.
Ақылың болса, арыңды сақта,
Ар ұят керек әр уақытта.
Ынсап, ұят, терең ой -
Асыл зейнет ойлап қой.
Ұлық болсаң, кішік бол.
Өз қадірің – өз байлығың.
Ары таза, нар жүгін көтереді.
Жақсылық. Жақсылық пен жамандық адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Халқымыз «жақсылық» деген ұғымды адамгершілікке балаған. Адамгершілігі мол адамды «жақсы адам» деген. «Жақсы болуды» мақал-мәтелдер арқылы дәріптеген.
Жақсылықты ақылмен жаса.
Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған.
Адам жаны жақсылыққа тоймаған.
Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды міндет етпе.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!
Бақыт.
Ұлылар бақыт туралы
Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында.
Әбу Насыр әл – Фараби
Бақыттың шалғайынан басып, күшпен ұстап тұруға болмайды.
Сайф әс – Сарайи
Бақыт – көктемгі бұлт сияқты. Ол – көрген түстей, ұшқан құстай өте шығады.
Ахмед әл – Иүгінеки
Тағдыр деген нәрсе бақыттың барабанын ылғи да қаға бермейді.
Құтып
Асқан сұлулықтан аз ғана бақыт артық.
Әлішер Науаи
Бақытты болғың келсе, өмір туралы аз ойла.
Томас Фуллер
Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан.
Дени Дидро
Отан. Отан – асыл ұғым. Отан оттан да ыстық. Ол отбасынан басталып, тұтас бір мемлекетті жұмылдырып тұрған ұлы күш. Еліміздің әрбір азаматы «Отан» деген ұғымның оттан да ыстық қасиетіне бас иіп, оған адал қызмет етуге борышты. Осы жолда қайтпас қайсарлық пен айнымас шыдамдылық таныта білетін, ары мен намысын жоғары қоятын ұрпақ тәрбиелеу абыройлы іс болмақ. Жарқын болашақ, Отансүйгіштік, ұлтжандылық секілді асыл сезімнің өміршең екенін көрсетті.
Ел қорғау – абыройлы іс. Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыз талай шайқас, қан майданның тезінен өтіп, ұрпағына ұлан байтақ жерді аманат етті. Жас ұрпаққа ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қорғаған Атамекенді көздің қарашығындай сақтау өсиет етілген. Отан қорғау – қолыңа мылтық ұстап, жау қайдалап атойлаудан ғана тұрмайды. Қазіргі заман – білімділердің заманы. Отан сүйер ұрпақтың мұрат-мүддесі – рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп, ақыл-ойын жетілдіріп, сезімін сергітіп, жарқын болашаққа батыл қадам басу. Бастысы – ел тарихын, тағдырын білу, өмір салтымызды, болмысымызды бағалап, нығайта беру. Біздің жеріміз – қазақ жері, біздің еліміз – қазақ елі. Біз үшін басқа жер де, ел де жоқ. Қазақ елі, қазақ жері біреу-ақ!
Адамгершілікті, тәрбиелі адам – мемлекеттің байлығы, бейбітшілік пен мәдениеттіліктің кепілі. Мұның бәрі өзің үшін, елің үшін, Отаныңның тәуелсіздігі үшін керек.
Ұлтжандылық, отансүйгіштік – әрбір адамға керек қасиет. Адам бойында бұл қасиеттер болмаса, елінің азаматы, өз халқының ұлы мен қызы болу мүмкін емес.
Ұлтжандылық дегеніміз – өз ұлтын сүю және өз халқы үшін аянбай еңбек ету, ұлттық мүддені қорғау, қайда жүрсе де өз ұлтының баласы екендігін ұмытпау.
Отансүйгіштік дегеніміз – өз жеріне, өз халқына деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар өз Отанын анам, жаным, жүрегім, өмірім, қаным деп қарау.
Білім.
Оқу-білім туралы мақал-мәтелдер
Білімнің басы – бейнет, соңы –зейнет.
Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт.
Жердің сәні – егін, ердің сәні – білім.
Ғылым – теңіз, білім –қайық.
Күш білімде, білім кітапта.
Кітап пен ғылым –тілсіз мұғалім.
Кісінің көркі киім емес – білім.
Білегіңе сенбе, біліміңе сен.
Достық. Достық – адамдарды бір-біріне бауырмал, жақын ететін, кіршіксіз, таза, ізгілікті қарым-қатынас.
Бір-бірлеріне пейіл-ықыластары түскен, жан-жүрегі қалаған, көзқарастары мен ой-ниеті үйлескен, мінездері сыйымды адамдар ғана дос бола алады.
Адам досына ғана өз сырын айтады, мұңын шағады, шынын жасырмайды, еш нәрсесін бүкпелемейді.
Дос болу дегеніміз – шынайы тілектестікпен араласу, керек кезінде қол ұшын беру, басына қиын жағдай туындаған кезде жанынан табылу, сыйлау, қадірлеу. Өзінің жан досы бар адам бақытты.
Достық туралы мақал-мәтелдер
Айырылмастай досыңа,
Қайырылмастай сөз айтпа.
Достық – ол мінездің, ниеттің үйлесімділігі.
Адам өмірі адаммен.
Сен досыңның кім екенін айт,
мен сенің кім екеніңді айтып берейін.
Көп ақшаң болғанша, көп досың болсын.
Достыққа адалдық – рухани өсиет.
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР: ҰЛТТЫҢ ТІЛІ, ДІЛІ, ДІНІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ, ӘДЕП-ҒҰРПЫ, ТАРИХЫ, МӘДЕНИЕТІ, ӨНЕРІ, ӘДЕБИЕТІ, МУЗЫКАСЫ, АТА МҰРАСЫ және т.б.
Еліміздің білім беру жүйесінде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде руханилық пен адамгершілікке бағдарлап білім-тәрбие беру ісі өткір мәселе саналады. Осы тұрғыда «Өзін-өзі тану» пәні ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, оны білім мазмұнына енгізу арқылы ұлттық тәрбие беруді, оны үздіксіз білім берудің көзіне айналдыруды, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат етіп отыр. Бұл орайда пән мазмұны арқылы ұлттық тәрбие беру желісі нені тұтқа етеді деген мәселеге келсек, мұндағы басты құрал оқу материалдары, яғни тақырыбы мен мазмұны жағынан бала рухын тербететін, жанын елжірететін, масаттандыратын, табындыратын, әсемдік сезімін, ар-намыс сезімін оятатын, білуге құмарлыққа, ақ көңілділікке, ерлікті көксеуге, күш-қайратты шыңдауға ұмтылдыратын – нағыз ұлттық, қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін, тілеуі, қалауы, арманы қазақша болатын, өз бойынан ата-бабасының қаны мен рухын сезінетін, өз халқының би, батыр, шешен, даналарының өнеге-үлгісін ұстанатын, елінің тағдырына, тарихына жаны тебіренетін – көркем шығармалар, адамгершілік бастаулары, әдептілік қағидалары, өсиет әңгімелері, шешендік сөздері және т.б. Міне, осындай қуат бойына дарыған жас ұлан келешекте бәсекеге қабілетті болатыны сенімді.
«Өзін-өзі тану» оқулықтарында тақырыптық және мазмұндық таңдау жасау, әдістемелік жүйе құру арқылы ұлттық құндылықтар арқылы оқып-үйренуге тірек болған оқу материалдары, яғни ұлттық қазыналар, олар – ана тілі, ән-күй, өлең-жыр, ертегі және т.б.
Тіл. Халықтың өткені, жаны, бүкіл рухани дүниесі және барша шығармашылық ой-толғаныстарының ғажайып сыры тіл қойнауында бейнеленген. Мұның бәрі ана сүтімен бірге бала бойына дариды. Ең бастысы, осының бәрі «ананың тілі, аяулы үнімен» жеткені абзал.
Ән-күй. Бала бесік жырын тыңдап өсуі тиіс. Өйткені, алғаш рет баланың жан сезімін тербейтін, рухани жігер беретін – халық әуені. Қазақтың ән-күйлері сарынды, кең тынысты, шалқымалы болып келеді. Жанға жағымды нәзік әуендер адамға эмоционалдық- эстетикалық әсер береді.
Өлең-жыр. Ғажайып ғаламат сырға толы қазақтың өлең-жырлары адам жанын арбайды, үйлесімділік пен ырғаққа шырмайды, адам өмірі мен қоршаған әлемнің тылсым сырына үңілдіреді, рухани шаттыққа бөлейді. Баланың тілі шығып, хат тани салысымен ана тілінде жазылған нұрлы, қуаныш пен шаттыққа толы өлеңдерді естіп, тыңдап, оқып, айтып, тани бергені жөн. Сонда бала жаны сүйіспеншіліктің, үміттің, сенімнің, арманның биігіне ұмтылатын болады.
Ертегі. Ертегі – арман-қиялға жетеуші. Балаға алғаш рет ерлік, батылдық сезімін оятатын, қауіп-қатер, қиыншылықты бастан кешіру, сыннан өту, айла-күш жұмсауға баулитын, арманы орындалу, мұратына жету дәмін таттыратын – ертегілер. Адам тағдырын, дүниенің саналуандығын, мейірімділік пен қатігездік, әсемдік пен ұсқынсыздық туралы да осы ертегілерден танып біледі. Әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін ертегіден алады.
Ендеше, осындай адамзат баласының рухани тәжірибесінен туындаған, халықтың қалпынан шыққан, ұлттың жан-дүниесін ашатын рухани игіліктер жаны мен тәні сау, бақытты ұрпақ өсіріп, дәулетті елде өмір сүретінімізге сенім мол.
Информация о работе Адамгершлік билімі - білім берудің алтын қазығы