Ұлттық музыканың бүгінгі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Мая 2013 в 13:32, лекция

Описание работы

Ұлттық музыканың бүгінгі халі, оны қорғау керектігі жөнінде бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Осы жөнінде тер төгіп жүргендер жетерлік, әсіресе соның бірі Е.Төлеутайтегінің пікірі ұлттық музыканы сүйер жанашыр қауымның көңілінен шыққаны даусыз. Әлемнің қай елі, қай ұлты болмасын жаһандану деген аждаһадан құтылу үшін жанталасып жатқандай. Бейғам біз. Тіпті жұта бер деп отырғандаймыз. Ешкім ештеңе оқымайтын заманда (ауылда болсын, қалада болсын талай-талай үйлерден ырымға газет, не журнал таппайсың), жұрттың бәрі сайқымазақ әндер мен жалаңаш қатындарды көрсететін тележәшікке телмірген заманда ұрпақтың жүрегіне ұлттық сезімді үрлейтін, жүрегің билеп, санасына «мен қазақпын» дейтін сезімді, намысты орнататын жалғыз ақ тетік қалды. Ол қазақтың ғасырлардың сынынан өткен ән-күйі ғана. Біржан салдың, Ақанның, Үкілі Ыбырайдың, Мұхиттың, Абайдың әндері бойына сіңіп өспеген ұрпақ қазақ мемлекетінің көсегесін көгертеді деу әбестік, әпенділік.

Файлы: 1 файл

еее.doc

— 44.00 Кб (Скачать файл)

Ұлттық музыканың бүгінгі халі, оны қорғау керектігі жөнінде бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Осы жөнінде тер төгіп жүргендер жетерлік, әсіресе соның бірі Е.Төлеутайтегінің пікірі ұлттық музыканы сүйер жанашыр қауымның көңілінен шыққаны даусыз. Әлемнің қай елі, қай ұлты болмасын жаһандану деген аждаһадан құтылу үшін жанталасып жатқандай. Бейғам біз. Тіпті жұта бер деп отырғандаймыз. Ешкім ештеңе оқымайтын заманда (ауылда болсын, қалада болсын талай-талай үйлерден ырымға газет, не журнал таппайсың), жұрттың бәрі сайқымазақ әндер мен жалаңаш қатындарды көрсететін тележәшікке телмірген заманда ұрпақтың жүрегіне ұлттық сезімді үрлейтін, жүрегің билеп, санасына «мен қазақпын» дейтін сезімді, намысты орнататын жалғыз ақ тетік қалды. Ол қазақтың ғасырлардың сынынан өткен ән-күйі ғана. Біржан салдың, Ақанның, Үкілі Ыбырайдың, Мұхиттың, Абайдың әндері бойына сіңіп өспеген ұрпақ қазақ мемлекетінің көсегесін көгертеді деу әбестік, әпенділік.  
 
Қазақтың музыка өнері жығылып тұрудан жазбай келеді. Сонау «Целина, тың» деген тұста қазақты тарс-керең етіп, аудан-ауыл деген жерде қазақша ән айтуға тыйым түсіп, даланы орыстың «частушкалары» билеп кетіп еді. Бес-алты жыл өткізіп, сілкініп жастар тұрдық. Дайындалуға клубының сахнасын бермесе де, коридорда бас қосып, сахнаға еріксіз шыққан күндер болған. Жұрт сілкінеді, даланы қайта қазақ әуені басқан шақ туған. 
 
Енді тағы да жығылып жатырмыз. Ерлан айтқандай «кертартпа күштер» қазақтың ел болғанын қаламайтындар қазақ музыкасын «тобырлық музыка» алдында тізе бүктірді. Қазір біз өлген жоқпыз, астында жатып шайнасып жатырмыз. Бізді буындырушы «қос жұлдыз», «Азия дауысы» сияқты қазақ өнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, фонограммамен айтпаса әннің мәтінін білмейтін жанын да, рухын да ақшаға жалдаған әншісымақтар. Бізді әлі де сақтап тұрған қазақтың төл мәдениеті, өзіндік қалпының рухының лебі. 
 
Қазір «жанды дауыс» деген шығыпты, дұрысы шынайы дауыс қой.Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде Қарағандыға келген Жүсіпбек Елебеков «жазғы театрда» концерт қойғаны есте. Ол кісі «адамның дауысын бұзады» деп микрофонның өзін алдырып тастағанын көрдік. Ғажайып кең үн таетрдың ішіне сыймай кернеп тұрды. Әнді Рабиға Есімжановадан әнді қазақтың өз мәнерімен айтатын әншілер қайда? Жаңыл Қартабаева домбыраны шерте отырып (қазіргіше даңғырлатып емес) жиырма бесті айтқанда үлкендердің көзіне жас алып отырғанын көрдік.Сол үндер қандай қиын заман болса да жұртты серпілтті, ұрпақтың төл мәдениетімізге деген көкірегінің көзін ашты. Еркегі қиқаңдап, ұрғашысы селтеңдеп адам ұқпайтын бірдеме айтып тұрған «жұлдыздардан» елдің күтері шамалы. Құлаққа кірмейтін, жаныңды тебірентпейтін осы әндерді тыңдаған жұрт әуелде «мына бейшаралардың ісін-ай» деп күлетін еді. Жұрт әуелде мұны кездейсоқ уақиғаға балады, көрініп қалғысы келетіндердің әуресі деп түсінді. Күлудің соңы домбыраны түсінде көріп, жоқтап жылауға айналды. Әлі де ұлттық музыканың сарыны көкірегінен үзілмеген орта буын мен үлкендердің қабырғасы қайысты. Қайда барсаң, Қорқыттың көрі дегендей қыз ұзату, келін түсіру тағы-тағы тойлардың бәрі адам түсінбейтін, мәтіні сорақы әнге, есті тандыратын дүңкіл-дүңкіл «музыкаға» толды. Мұндай сорақы тойды тастап кетуге қазақ қасиетті санайтын дастарқанды аттап кете алмай, жазықсыз той иесін қиып кете алмай дел-сал болған елдің көрген күні осы. 
 
Халықтың көкірегінен шыққан дәстүрлі әндеріміздің жоғалып бара жатқанына ойын-тойға жалдамалы әншілерді шақыру да өз үлесін қосуда. Қай тойда болмасын халық бұрын жүздеген адам қосылып ән шырқап, іштегісін де төгіп, арман-қиялдың жетегіне де еріп мәз болушы еді. Халық әнді үйренетін, ән айту, ән тыңдау мәдениеті өсетін. Қазір оның бірі жоқ. Жалдамалы әнші аты белгісіз біреудің өзі ғана түсінетін бірдемесін айтқан болады. Көңілсіз тыңдалған ән, көңілсіз жұрт. Әйтеуір селкілдеген би бар. Оның да сөзі жат, әуені бөлек. Мүмкін балағаттап жатқан шығар, онда тағы ешкімнің жұмысы жоқ. Оу, қайда келдік біз сонда? Қытай тарихшысы Сома Цянь жазғандай «апырақтаған, ардын-гүрдің, әлем-жәлем ән» бойыңды еліктіріп әкетсе, онда халықтың азғындыққа салынып, аласапыран күй кешкені» дегендей хал басқа келмесе игі. 
 
Ел іші қаптап кеткен әншілердің «творчестволық», не мерейтойларына толы. Сол әншінің домбыраны бір көрсетіп, көз тиетін баладай тығып тастап, ар жағы фонограммаға сүйенген балдыр-батпақ әнімен бітеді. Ақын да өзі болуы мүмкін. Атақты Қалтай Мұхаметжанұлының «жасымда өлең жаздым, соны бір көреген адам тыйды, қазақ әдебиетін «мен керемет ақынмын» деген өркөкірек біреуден құдай сақтады» дегенін естіген едік. Ең болмаса осыны да ескермейтін заманға дәл келдік. 
 
Тележәшіктің көрсететіні қазақтың төл мәдениетін қыршынынан қиятын, жат дүниелер. Домбырамен ән айту деген атымен жоқ десе болады. Бұл, әрине, теледидардан беруге қажетті материалдың жоқтығынан емес, ізденуге ынтаның аздығынан, немесе Ерлан айтқандай керітартпа күштердің ықпалынан. Өткен жылы атақты Қақпан ақынның 80 жыл біреудің қолында тұрған домбырасын тауып алдық. Газетке жаздық, ал, теледидар үнсіз. Сонау Ақсораңның биігінен көне заманда мыс қорытқан пеш табылды, тағы да үнсіздік. Жаппай атылып кеткен Қыздарбек күйшінің шәкірттерінің күйлері, шығу тарихы қолда, ол туралы бірде бір жөні түзу хабар жүргізілген емес. Аспан әлемі, ондағы жұлдыздар орысшадан аударған атауымен қазақтың Үркері Бикеш (орысша Дева) атанып жүр. Осы Аспан әлемі туралы ең болмаса жарты сағаттық хабар ұйымдастырайық деген сөзіміз өтпей қойды. 
 
Мектептердегі ән-күй сабағының берілуі де көңілді көншітпейді. Мектеп бітірген жастардың талайын ұлттық музыкадан, ұлттық мәдениеттің негізінен, ұлы далаға деген, сол ұлы даланы мекен еткен ата-бабасына деген сүйіспеншіліктен, бүгінгіше айтқанда патриотизмнен қалыс қалып жатыр десек те артық айтқандық емес. Қол көтеріп, машинамызға мінген үш жігіт тоғызыншы сыныпты бітіріп, техучилищеге түскеніне екі жыл болыпты. Сөз реті қазақ әндеріне ауысқанда, білгеніміз Мәдидің атын естімепті, оның «Қаракесек» әнін есіне түсіре алмады. Біржан салдың болғанын да білмейді. Сонда, мектепте ән сабағында тоғыз жыл бойы не бітірген, деген сауал көңілге тіреледі. Ән-күйдің оқытушысы «ми-фа-соль»ді үйреткеніне риза шығар. Бірақ ұлтқа керегі «ми-фа-соль» ғана емес, ұлтын сүю, мәдениетін ардақтау емес пе. Осы жерде, еріксізден, мектептегі ән сабағының ұстаздарын аттестациядан өткізу керек деген мәселе шығады. Анау Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Үкілі Ыбырайды біле ме екен сол пенде. Білмесе оны сабағына кіргізе алмаса, мектепті айналып жүргенін немен ақтауға болады. 
 
Аудандарда мәдениет бөлімдері, ауылдардың көбінде мәдениет үйлері бар. Олар ондай-мұндай шаралар өткізуден кенде емес. Концерттерде баршылық. Әттеген-айы, сол концерттерде халық әндерінің орындалуы жоқ десе де болады. Кейбір домбырамен ән орындаушылар бастықтарының халық әндерін айтуға қарсы екенін білдірген. Ұлы Абайдың мерей тойында сол мәдениет сарайында толып жүрген, айқай-ұйқай, діңгіл-діңгілмен жүрген әнші-сымақтардың ішінен Абай әндерін орындайтын бір адам табылмағанын көзіміз көрген. Кәзір де табан асты бара қалып, сонда жүрген «әншінің» біріне Біржанның бір әнін орындап бер деп қолқа салсаң оның домбырасының шегі үзілетініне күмән жоқ. Қазақтың кешегі өткен әншілерін көзге елестетіңізші. Қайсы бүйтіп жалтарар еді. Мәдениет саласында ән айтқан боп, күн көру үшін жүргендерден де құтылу қажеттігі кезек күттірмес мәселе болып туындап тұр. Мәселені қабырғасынан қойып, тікелей сараптама жүргізбесе бұл батпаққа ұлтты батырып тындыру халіне келдік.  
 
Мына көрші Қытай көңіл көтеретін (развлекательный) хабарларын үш есеге қысқартып, оның орнына ұлт мәдениетін насихаттайтын хабар жүргізуі керектігін айтып, шешім шығарды. Бір жарым миллиард халқы бар қытай өзін өстіп қорғап жатыр. Ал, дәстүрлі өнеріміздің көрген қағажауының шеті көрінбейді. 
 
Осындай немқұрайдылығымыз төл-мәдениетіміздің жерінуге әкелгенінің куәсіміз. Қалаға жүретін таксист жігіт аты қазақ иесі орыс, неміс шата әндерді қосып берсін. Құлақ сарсыды. Шырақ, қазақтың төл әндерін қоссайшы дегенімізге, «ол сіздің заман, ендігі біздің заманға таласпаңыз» деп дүңк етті. Сүйегімізден өткен бұл қорлықты басқа таксистерге айтып едік, олар ол бейшараны мүйіздеп, ақыры араларынан қуып тыңды. Одан не шықты, не ұттық? Талайлар жүр жөргегінен шошынып. 
 
Енді бір жолы таксистің қойып отырған әнінің мәтінін естіп жанымыз шырқырады. «Әншіміз» бір «ақынның» сөзіне жазылған мәтінде әйеліне «ұрыссаң алдыңдамын, ұрсаң жаныңдамын» деп көйтіп тұр. Естігің келгені осы шығар, ал ендеше есті. Қай қазақтың қатыны байын сабапты? Отбасының беріктігін сақтаудың жолы осы болғаны ма? 
 
Домбыраны өңгеріп біраз жүрген, не оншақты жыл ән айтып көрініп қалған біреулер шатып-бұтып ән шығарғансып жүр. Пәленше-екеуінің мерейтойына, пәлен қаланың пәлен жылдығына деген әндерден аяқ сүрінеді. Жүректі билеген сырлы сезімнен тумаған бұл ән қазақ музыкасының шаңырағына уық боп қадала қояр ма екен. Сонау жиырма екі жасымызда саяси айыппен Сібір айдалып, елді сағынып шығарған бірер ән де болушы еді, соны жұртқа ұсынуға бетіміз шыдамайды. Ал, қойыртпаққа толы мәтінінде мән жоқ, сазында сезім жоқ әнсымақтар қазақ музыкасын тұншықтырып барады. Осындайдан еріксіз ән мәтіндеріне цензура қою керек дейсің. Ән мәтіні Жазушылар Одағының талқысынан өтуі қажет дейді ел. Цензура ұлт өнерін таптатпаудың кепілі болсын дейсің. Осы пікірдің де қателігі жоқ-ау, сірә. 
 
Ерлан кей әншіні «Қызтеке» депті-ау. «Өгіз мүйізді сиырда сүт болмайды, сиыр мүйізді өгізде күш болмайды» дейді қазақ. Қазақтың ащы әнімен әуен жарған, қоңыр үнімен жанынды тербеген өміршең әндеріне не жетсін. Тек осыны қорғау керек. Ол үшін Ұлттық музыканы қорғау туралы заң керек. Ол заңның пәрменді орындалуын қадағалайтын механизмін де мықтап ойластырған дұрыс. 
Бұл мәселе түбегейлі шешімін таппас, ұлттық музыканың тағдыры құрдымға кетпек.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, 
жазушы,  
ҚР мәдениет қайраткері 

«Түркістан» газеті

Түпнұсқадағы тақырып: ЕЛГЕ ЕСТІ ӘН КЕРЕК


Информация о работе Ұлттық музыканың бүгінгі