Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Сентября 2014 в 12:12, реферат
Описание работы
Алғашқы қауымдық құрылыс қоғамында-ақ, картографиялық суреттер жазу пайда болғанға дейінгі ұзақ уақытта кеңістікті бағдарлау және нысандар мен заттардың қоршаған ортада орналасуын түсіну үшін қызмет етті. Ежелгі Египетте, антикалық Грекия мен Рим тәрізді басқа да өркениет ошақтарында карталар бойынша арақашықтықтар мен аудан табудың қарапайым тәсілдері қолданыла бастады. Картада бейнеленген нысандардың пішіндері мен бағдарлауы бағаланды, өлшемдері табылды.
Қазақстан Республикасының
Білім және Ғылым министрлігі
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық Университеті
Факультет:
Кафедра:
Реферат
Тақырыбы: _________________________________
Орындаған:
Тексерген:
Астана 2014
Алғашқы қауымдық құрылыс қоғамында-ақ,
картографиялық суреттер жазу пайда болғанға
дейінгі ұзақ уақытта кеңістікті бағдарлау
және нысандар мен заттардың қоршаған
ортада орналасуын түсіну үшін қызмет
етті. Ежелгі Египетте, антикалық Грекия
мен Рим тәрізді басқа да өркениет ошақтарында
карталар бойынша арақашықтықтар мен
аудан табудың қарапайым тәсілдері қолданыла
бастады. Картада бейнеленген нысандардың
пішіндері мен бағдарлауы бағаланды, өлшемдері
табылды. Орта ғасырларда, әсіресе, Ұлы
географиялық ашылулар дәуірінде, карталар
теңізде жүзушілердің, жер кезген жиһангездердің,
байлық іздеген көпестердің қажетті дүниесіне
айналды. Теңіз жолдарының ашылып, теңіз
арқылы байланыстардың дамуы сол кезең
үшін жаңалық болып көрінетін карталарды
пайдалану әдістерін өмірде қолданудың
толық жүйесіне көшуге ықпал етті.
Орта ғасырдың географы Герард Меркатор
(1512-1594) өзі құрастырған картографиялық
өнімдердің тәжірибе жүзінде қолдану
қажеттілігін ескере отырып, қосымша сілтемелер
мен нұсқаулықтар беріп отырды. Мәселен,
1541 жылы даярлаған глобусын арнайы «Глобусты
пайдалану туралы кітап» аталатын нұсқаулықпен
толықтырды. 1569 жылы жарық көрген бірінші
рет цилиндрлік проекциялау қолданылған,
18 беттік картасына Меркатор «Жергілікті
жерде арақашықтықты өлшеу әдістері»
аталған ақпараттық бет енгізді, сонымен
бірге, навигациялық сұрақтарды шешу үшін
пайдаланылатын «Бағыттар көрсеткіштерін
пайдаланудың қысқаша сілтемелері» деген
сызба қоса берілген. Алғашқы ғылыми зерттеулер
үшін карталар пайдалану тәжірибесі XVIII-XIX
ғасырларға жатады, осы кезеңдегі ғылым
(атап айтқанда, геология, география, климатология)
көмегімен алынған ақпарттар мен мәліметтердің
жүйеленуі – алғашқы ғылыми карталардың
жасалуына оң ықпалын тигізді. Өз кезегінде
мәліметтердің картографиялық түрде үлкен
аумақты қамтып таралуы жаңа саналуан
салыстырмалы географиялық зерттеулердің
жасалуына түрткі болды. Ал карталардың
өзі осындай зерттеулердің құралы болып,
адамдарға көбірек қызмет ете бастады.
Көптеген табиғи және ғаламдық
заңдылықтар карталар көмегімен айқындалды.
Бір құбылыстың екінші бір құбылыспен
байланыстары анықталды, тіпті әлі ашылмаған
ойкумендер турасында болжамдар жасала
бастады. Мәселен, Ф. Бюаштың 1753 жылы карта
арқылы Жер шарындағы тау тізбектері мен
өзендердің орналасуын зерттеген еңбегін
атап өтуге болады. 1817 жылы А. Гумбольдт
Жер шарындағы жылудың таралу заңдылықтарын
анықтауға ұмтылып отырып, бірінші рет
изотермдік карта жасап шығарды, оны талдай
келе, климаттық зоналарды ашты. Карта
көмегімен ол өсімдік жамылғысының зоналық
ерекшеліктерін тапты, одан кейін осы
салада еңбек еткен Докучаев та картаны
сараптау нәтижесінде, географиялық ортаның
белдемдігі (зона) бар екенін дәлелдеді.
Вегенердің картаға сүйеніп, Бразилия
мен Африканың атланттық жағалауларының
ұқсастығын табуы, кейіннен «Құрлық дрейфі
және қазіргі ғаламдық тектоника» теориясының
пайда болуы мен дамуына жол ашты.
Қазақстан картографиясы туралы
сөз болғанда, орта ғасырлардағы көптеген
тарихшылардың географ қызметін атқарғанын
байқаймыз.
Марко Полоның ізімен Шоқан Уәлихановтың
«Қашқарға сапары туралы» «Ыстықкөлге
саяхат» жазбалары картографиялық еңбек
ретінде өте құнды, алайда Уәлихановтың
қазақ картографиясына қосқан үлесі блек
және ұзақ зерттеуді талап етеді. Қазақстан
картографиясы өз дамуында Ресей картографиясымен
өте тығыз байланыста болды. Оның себебі
де түсінікті; патшалық Ресейден КСРО-ның
күйреуіне дейінгі 300 жылдан астам уақыт
біз орыс империясына бодан болдық. Ғылым
тұрғысында осылайша, сабақтастық қалыптасты.
ХІХ ғасырда картаны пайдалану
тарихындағы басты тұлғалардың бірі –
талантты географ, картограф және геодезист,
Еуропалық Ресейдің гипсометриялық картасын
тұңғыш құрастырушы, Орыс география қоғамының
көрнекті қайраткері, Петербург пен Париждің
Ғылым академияларының мүше-корреспонденті
А.Тилло (1839-1899) болды. Тиллоның алғашқы
ғылыми зерттеу жұмыстарында картаны
құрал ретінде пайдалануы Орталық Ресейдің
магниттік өрістерінің таралуын анықтауға
арналды. 1887 жылы А.Тилло карта бойынша
ғаламдық таулы аймақтардың таралу заңдылықтарын
зерттеуге бет бұрды. Ол әлемнің басты
су бөлінісі шекарасын анықтады, материктердің
геометриялық орталықтарын есептеп шығарды,
кейіннен 1889-1892 жылдар аралығында Жер
шарының ендік белдеулерінің орташа биіктігі
мен тереңдігін анықтады, «қиын параллельдерді»
ашты, құрлықтың белгілі бұзылу зоналарының
геологиялық тек-түріне талдау жасады.
Тиллоның Еуропа шегінде және Азия аумағындағы
өзендердің ұзындығы мен өзен бассейндерінің
ауданын өлшеген өте ауқымды картографиялық
жұмыстарын классикалық дүние санауға
болар: жұмыстың орасандығын мына сан
дәлелдеп береді: тек қана Ресейдің Азиялық
бөлігінде 3000-ға тарта өзен ұзындықтары
мен бассейндерінің аудандарын анықтаған.
Ю. Шокольский картаны таными құрал ретінде
жоғары бағалады. Ол «Карта – географтың
ең басты қаруы»,-деп жазды.
Картаның көмегімен географ өзінің зерттеу
жұмыстарын даярлайды, оған өз нәтижелерін
енгізеді, ал карталар өз кезегінде олардың
алға қарай жылжуы үшін қызмет етеді. Карта
– адамға бүкіл әлемді бірден-ақ көруге
мүмкіндік беретін, Жер шарын танып-білудің
жалғыз ғана таңғажайып қаруы. «Географияда
картаны қажетсінбейтін сұрақ жоқ, сондықтан
географ картаны толық білуі тиіс»,-деп
жазады А. Берлянт. Шокольскийдің жолымен
картометрия мен морфометриялық сұрақтармен
Н.Волков., Г.Гинзбург., В.Философов., т.б.,
ғалымдар айналысты. Әсіресе, Волковтың
карта бойынша ұзындық, аудан, көлем өлшеу
мәселелері енген, карталар мен картометриялық
жұмыстарының дәлдігі қарастырылған,
морфометрияның жеке бөліктерінің негіздері
талданған «Картометрияның ұстанымдары
мен әдістері» атты монографиясы (1950) іргелі
еңбек еді.
С.Д.Муравейскийдің еңбегі гидрологияда
картаны пайдаланудың терең әдістемелерінен
тұрды. Оның өзен-көл морфометриясы бойынша
зерттеулері картографиялық және математикалық
зерттеу тәсілдеріне классикалық түр
үлгісін береді. Кеңестік кеңістікте географияның
жаңа бір бұтағы – экономикалық география
пайда болды Және ол бірден-ақ әлемнің
қалыптасуы мен әлемді танудың зерттеу
құралы етіп картаны алды. Экономикалық
географияның бастауында карталар мен
картографиялық талдауларға бірінші және
негізгі мән үстеген ғалым Баранский болды.
Ол «карта географтарға далалық зерттеу
жұмыстарында ғана емес, «ғылыми кабинеттердің
тыныш жағдайында» да қажет екендігін,
далалық зерттеулерден келген мәліметтер
қоры арқылы да бөлмеде отырып, географиялық
заңдылықтар мен олардың кеңістікте таралуын,
құбылыстардың қатынасы мен мазмұнын
ашуға болады»,-деп атап өтті.
Баранский құбылыстың байланыстарын
диалектикалық тұрғыда талдай келе, картаға
өз бағамдауыңды енгізуді географиялық
ойлаудың басты ерекшелігі ретінде көрді.
Ол географияда картаның мәні мен рөлін
анық сипаттап берді:
1) Карта – географияның
«әліп-биі», яғни географиялық зерттеулердің
бастапқы және соңғы сәті;
2) Карта – көру-бақылау
мүмкіндігі шетеулі адам мен
зор өлшемді географиялық зерттеулердің
нысаны – Жер шарының беткі
деңгейі арасындағы қажетті «көпір»;
3) Карта – географиялық
заңдылықтарды анықтау құралы;
4) Карта – географияның
екінші «тілі»;
5) Карта – географиялылық
талаптарының бірі;
Картографиялық әдістің ғылыми
танымға ие болуы – картограф Салищев
есімімен де тығыз байланысты. Әдіс теориясының
идеясы мен қолданысқа енуінің негізін
қалаған дәл осы Салищев болатын. Ол географиялық
карталар іс құралы ретінде маманға қызмет
ете отырып, құбылыстардың жаңа байланыстары
мен таралу заңдылықтарын орнататындығын
бірінші рет ерекше атап өті. Сонда «Нақтылықты
зерттеу мен үйретудің картографиялық
әдісі» деген ұғым ең алғаш рет қолданылған
болатын. Осы сәттен бастап, қазіргі зерттеулердің
картографиялық әдістерінің дамуының
жаңа бір парағы басталды.
Салищев картографиялық әдістер туралы
түсінікті дамытты, оған толық түрде анықтама
берді. Оны «жаңа білім мен түсінік алуда,
сипаттау, талдау, құбылыстарды тану және
болжам жасау үшін, кеңістіктегі байланысты
үйрету мақсатында карталарды пайдалану»,-деп
сипаттады. Және ол осы мәселе, «Зерттеулердің
картографиялық әдістері туралы» (1955),
«Арнайы карталар көмегімен нақты сандық
анықтамалар туралы» (1963), «Карта бойынша
құбылыстарды зерттеудегі талдау әдістемелері»
(1968) тәрізді еңбектерінде қайта айналып
келіп отырды. Картаны таным мен тәжірибелік
құрал ретінде қолдану жайы Гедыминаның
еңбегінде де айтылды. Ол «картаға жай
еңбек заты, өндіріс өнімі сияқты қарауға
болмайды, оның еңбек нәтижесі екенін
ұмытпау керек»,-деп, «Картамен жұмыс»
немесе «Картаны пайдалану» аталатын
картографияның тарауын бөліп қарауды
ұсынды.
Картаны пайдалану – картографиялық өнімдерді
(карта, глобус, атлас, т.б.) тәжірибелік,
ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу салаларында,
оның ерекшеліктері мен бағыттарын үйрететін
картографиялық өнімдермен жұмыс істеу
әдістері жасалатын, алынған нәтижелердің
сенімділігі мен ықпал ету деңгейіне баға
берілетін картографияның бір бөлімі.
Ерте заманнан қазіргі күнге
дейін карталар жергілікті жердің бағдары
мен теңіз және құрлық үсті маршрут-сызбаларын
анықтауда қолданылып келсе, бүгінгі күнде
карталар ғарыш пен әуе бассейніндегі
навигациялық қызметті атқаруда. Карталарды
Жер мен қоғам туралы білімді беруде, инженерлік
құрылысты жобалау құжаттарында, өнеркәсіп,
ауылшаруашылық нысандары мен қалалар
және басқа да елді-мекендерді орналастыруды
жоспарлауда кеңінен қолданылады.
Картография – табиғат пен
қоғамның құбылыстарын географиялық карта
мен басқа да картографиялық өнімдерді
кескіндеу және оларды құрастыру, пайдалану
әдістерін зерттейтін ғылым. Әрбір географиялық
картаның өзіндік атқаратын қызметі болады.
Оны білім мен өндірістің белгілі бір
салаларындағы мамандар, туристік-танымдық
жорық жетекшілері, оқушылар білім мен
маңызды ақпарат көзі ретінде қолданады.
Картаны құрастырушылар кескіндейтін
аумақты терең зерттеп, оқып үйренген
сайын сол аумақта орналасқан нысандар
мен құбылыстардың ерекшеліктерін айқындап,
ашып көрсетеді. Картография құрылымы
жағынан күрделі пәндер жүйесін құрайды,
оның маңызды құрамды бөліктеріне – картатану,
картографиялық ақпараттану, математикалық
картография мен картометрия, сондай-ақ
картаны жобалау мен құрастыру, безендіру,
жасау және пайдалану әдістемесі кіреді.
Картография ғылыми
және техникалық пәндер жүйесіне тарамданады.
Оның біреуінің көп ғасырлық тарихы болса,
кейбіреулері жақында ғана пайда болып,
қалыптасу сатысынан өтуде. комитеның
жалпы теориясы картаны жасау әдістемесі
мен пайдалану мәселелерімен шұғылданады.
Картография теориясының негізгі әдістемесі
– картатану. Математикалық Картография
картаның математикалық негіздерін зерттейді.
Ол картографиялық проекция теориясын
әзірлейді, картографиялық тор құрудың
әдістерін жасайды, олардағы бұрмалануды
талдайды. Картаны құру және жобалау пәні
картаны әзірлеу әдісі мен оның лабораториялық
технологиясын зерттейді. Картаны безендіру
және картографиялық семиотика картаның
тілін, картографиялық белгілер жүйесін
құру әдісі мен теориясын, картаны көркемдеу,
түрлі түсті безендірумен айналысады.
Картографиялық семиотика шеңберінде
белгілер жүйесін құру және оларды пайдалану
тәртібін зерттейді. Картаны басып шығару
– картаны, атласты, т. б. картографиялық
өнімдерді технологиялық әзірлеу, көбейту,
картаны полиграфиялық безендіруден тұратын
техникалық пән. Картографиялық өндірісті
ұйымдастыру және экономикасы – салалық
экономикалық пән. Ол карта жасау өндірісін
жоспарлау және ұйымдастыру мәселелерімен
айналысады. Картаны пайдалану картографиялық
өнімдерді пайдаланудың теориясы мен
әдісін әзірлейді. Картография тарихы
картографиялық өндірістің дамуын, көне
картографиялық өнімдердің тарихын зерттейді.
Картографиялық топонимика – географиялық
атаулардың мағыналық мәнін зерттейтін
пән картография салаларын нысанға қарап
та жіктейді.
Карталардың көмегімен ғылыми-зерттеу
жұмыстарын, қоршаған ортаны қорғау мен
қалпына келтіру іс-шараларын, табиғи
ресурстарды тиімді пайдалануды жобалайды.
Карта әскери өмірде де қолданылады, әрі
ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де
маңызға ие. Картографиялау үдерісінің
өзінде де карталар жаңа өнім жасаудың
негізі мен бастауы болып табылады. Картографияның
міндеті ретінде осыған дейін тек картаны
құрастыру қарастырылып келсе, ХХ ғасырдың
ортасынан бастап, оны пайдалану маңыздылыққа
ие болып отыр. Мемлекеттік стандарттар
мен энциклопедиялық басылымдарда, оқулықтар
мен сөздіктерде «Картография –карта
жасау мен пайдаланудың өндірісі мен ғылыми
саласы»,-деген ұғыммен түсіндіріледі.
Ғылым мен тәжірибеде картографиялық
зерттеу әдістері алуан түрлі. Ол көптеген
теориялық ізденістердің ажырамас бөлігі.
Тіпті карталар Жер мен қоғам туралы ілімдердің
тірек негізіне айналып үлгерді. Картографиялық
әдістер физикалық география, геология,
геофизика, әлеуметтану, экономика және
тарих ғылымдарында кеңінен қолданыс
табуда.
Карталарды таным құралы ретінде
пайдалану жаңа экология, медициналық
география, салыстырмалы ғаламтану (планетология)
тәрізді ғылым салалаларының дамуына
мүмкіндік берді. Картографиялық әдістер
халық шаруашылығының нысандарын жобалау-жоспарлау
жұмыстарына қатысты маңызды шешім шығаруда,
аумақтық-өндірістік кешенді дамытуда,
табиғатты қорғауда қызмет етуде.
Картографиялық зерттеу әдістерін
қолданушы маман картограф картаны еркін
«оқуға», құрастыру ұстанымдары мен бейнелеу
және әзірлеу технологияларының тәсілдерін
білуге міндетті. Сонымен қатар, ол модель
түрінде карта бетіндегі бар дүниені ұсына
білуі әрі осы туралы ақпарат бере білуі
тиіс. Ең маңыздысы, картограф өнімін тұтынушының
картаны пайдалана отырып, картографиялық
бейнені өңдеуде қолданған амалдардан
адаспай, жақсы бағдар алуы, оның мүмкіншіліктері
мен шектерін айыра білуі, картадан алынған
мәліметтердің сенімділігіне қатысты
түсінігінің болуы тиіс.
Картатану – географиялық карта
мен оның түрлері, қасиеті мен элементтері,
даму тарихы пайдалану әдістемелерін
зерттейді. Математикалық картография
– жер беті мен ғылымдағы аспан денелерін
жазықтықта кескіндеудің математикалық
әдістерін зерттейді. Картографиялық
ақпараттану – картаны жүйелеу және оларды
талдау, бағалау, сақтау тарату мәселелерін
қарастырады. Картометрия – картадағы
әр түрлі географиялық нысандардың сандық
сипатының мазмұнын айқындайтын картографияның
құрамдас бөлігі. Картаны безендіру –
картаны көркем және графиктік безендірудің
әдістері мен құралдарын жасап, оны басып
шығаруға әзірлеуді оқып үйретеді. Топография
– географиялық және геометриялық әдістерді
пайдалана отырып, жергілікті жерді оқып
үйрену негізінде ірі масштабты карталарды
құру жолдарын зерттейді.
Картографияның басқа ғылымдармен
байланысы өте кең. Мәселен, қоғамдық ғылымдар
ішінде, тарих, экономикалық география;
жаратылыстану ғылымдарының ішінде, физикалық
география, ландшафтану, геология, климатология,
топырақтану, өсімдіктану, жануартану
салаларымен байланысты. Астрономиялық,
геодезиялық өлшеу жұмыстарының нәтижесінде
картография жердің пішіні мен мөлшері,
ауданы, белгілі бір нүктенің географиялық
орны туралы ақпарат алу мүмкіндігіне
ие болды.
Картографияның міндеті – халықты
шаруашылық пен мәдени қажеттілігін өтейтін
заман талабына сай, сапасы жоғары географиялық
карталар мен атластар, глобустар және
басқа да картографиялық өнімдермен қамтамасыз
ету.
Географиялық
карталар еліміздің аумағын қамтып,табиғатын
қайта түлетіп, шаруашылықты дамытуға
қажетті ақпараттар сақтаған қуатты құрал
болып табылады. Картография және топография
негіздері курсын оқытудың мақсаты картографияның
ғылыми негізі болып саналатын картатану,
математикалық картография, картометрия
және топографияның теориялық негіздерімен
таныстыру арқылы студенттердің географиялық
картаны біліп, түсініп оқи білу дағдыларын
қалыптастыру.
Алғашында зерттеушілер картаның негізгі
артықшылықтары деп оның шолу жасау мүмкіндіктерін
қарастырды, яғни карта «жай көзбен көруге
болмайтын нәрсені, білімді реттеу мен
жүйелеуді, кеңістіктегі заңдылықтарды
ашуды ұсына алады»,- деп есептеді. Картаны
пайдаланудың дәл осы деңгейіне А.Гумбольдттың,
В. Докучаевтың, А.Тиллоның еңбектері жатады.
Карта көмегімен айқындалған барлық ғаламдық
және аймақтық заңдылықтар сапалық сипатқа
ие болды. Картаны талдаудың негізгі әдісі
– салыстырмалы географиялық әдіс болды,
ал жетекші ұстаным – оқымыстылардың
шығармашылық ынтасы еді. Картаны пайдаланудың
жаңа деңгейі жаратылыстану ғылымына
сандық әдістердің енгізілуімен байланысты.