Тірек-қимыл жүйесі адамның тірек-қимыл жүйесі қызметінің ерекшеліктері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Ноября 2013 в 14:56, реферат

Описание работы

Тірек-қимыл жүйесінің маңызы. Барлық тірі организмдерге тән қасиет — қимыл-қозғалыс. Қимыл-қозғалыс организмнің өсіп, дамуына әсер етеді. Оның адам денсаулығын сақтаудағы маңызы аса зор.
Қаңқа мен бұлшық ет тірек-қимыл жүйесін құрады. Тірек-қимыл жүйесі тіректік, қозғалткыш және қорғаныш кызметтерін атқарады.

Файлы: 1 файл

Суйек-тірек кимыл.doc

— 95.00 Кб (Скачать файл)

ТІРЕК-ҚИМЫЛ ЖҮЙЕСІ

АДАМНЫҢ ТІРЕК-ҚИМЫЛ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Тірек-қимыл жүйесінің маңызы. Барлық тірі организмдерге тән қасиет — қимыл-қозғалыс. Қимыл-қозғалыс организмнің өсіп, дамуына әсер етеді. Оның адам денсаулығын сақтаудағы маңызы аса зор.

Қаңқа мен бұлшық ет тірек-қимыл жүйесін құрады. Тірек-қимыл жүйесі тіректік, қозғалткыш және қорғаныш кызметтерін атқарады.

Адамның қаңқасы. Адамның қаңқасында 200-ден астам сүйек бар. Қаңқаны омыртқа жотасы, кеуде қуысы, бас сүйек, иық, жамбас белдеулері, аяк-қол сүйектері құрайды.

Сүйектің  пішіні және оның үлкен-кішілігі, олардың орналасуына және атқаратын қызметіне байланысты. Сүйектердің кейбіреулері мүшелерді қозғалысқа келтіретін иін, екінші біреулері тірек қызметін атқарады. Сүйектердің бір-бірімен дәнекер ұлпасы арқылы немесе шеміршекпен байланысуын жалғасу дейді. Омыртқа жотасы бір-бірімен осылай байланысады. Дәнекер ұлпаның иірімделген жұқа қабаты сүйекті өзара тығыз, мықты етіп байланыстырады. Олардың аралығындағы шеміршек адам жүргенде, жұмыс істегенде, дене селкілдегенде тиетін соққыны бәсеңдетеді.

Омыртқа жотасының бірінші омыртқасы ауыз омыртқа (атлант) деп аталады. Ауыз омыртқасында дене және өсінділер болмайды, сондықтан оның пішіні сақина сияқты. Оның екі ойығы бар, олар арқылы бас сүйегіне жалғасады.

Кеуде сүйектері. Кеуде қуысында жүрек, өкпе, кеңірдек, өңеш, үлкен қан тамырлары, лимфа жолдары және жүйке талшықтары болады. Адам тыныс алғанда — кеуде қуысының көлемі ұлғаяды, ал тыныс шығарғанда көлемі кішірейеді де, ондағы мүшелердің жұмысына әсер етеді.

Омыртқа жотасы және

омыртқалардың байланысы

Он екі қабырғаның дөңес басы арқа омыртқаларының ойысына бекіп, екінші жағынан шеміршекті төссүйекке жалғасады да, кеуде қуысын құрайды. Төстікке жетпеген екі жұп қабырға қысқа күйінде тұрады. Бұларды аралық қабырға деп те атайды. Қабырға ұзын, тұтас, жалпақ сүйектерге жатады.

Иық белдеуі иық және қол сүйектерінен тұрады. Иық белдеуі арқылы қол сүйектері байланысады. Бұғана мен жауырын бірігіп, иық белдеуін құрады. Бұғананың бір басы төстікпен, екінші басы жауырынмен буын арқылы жалғасады. Кеуденің сыртқы жағына орналасқан жалпақ үшбұрышты сүйек жауырын деп аталады. Қол сүйектері тоқпан және кәрі жіліктерден тұрады. Кәрі жілік шынтақ және шыбық сүйектен тұрады. Білезік сүйек, алақан және саусақ сүйектері қол басы болып саналады.

Жамбас  белдеуі жамбастан және аяқ жіліктері  мен табан сүйектерінен тұрады. Жамбас белдеуі жалпақ жамбас сүйегінен, ортан жіліктен, тізе, қақпақ сүйегінен (тобық), асықты жіліктен, өкше сүйектен (толарсақ), табан сүйектері мен башпай сүйектерінен құралады. Жамбас сүйегі артқы жағынан сегізкөзбен берік тұтасып, алдыңғы жағынан өзара байланысады.

Бас сүйегі ми сауыты мен бет сүйегі бөлімдерінен тұрады. Ми сауыты жұмыртқа пішінді. Оның ішіндегі ми бас сүйегінің қарақұс тесігі арқылы омыртқа жотасындағы жұлынмен жалғасады. Ми сауыты өзара берік және қимылсыз байланысқан сүйектерден — төбе, самай, маңдай, шүйде (қарақұс), жақ сүйектерден құралады. Бет сүйектері жұп: үстіңгі және астыңғы жақ сүйектерден тұрады. Жақ сүйектерде тістің түбірі орналасатын ұяшықтар болады. Бала бір жасқа толғанда төбе сүйегін ұлпалар қаптайды. Мешелмен ауырған баланың еңбегі кешірек қатаяды.

Сүйектердің өзара байланысу түрлері. Сүйектердің қозғалмалы байланысын буын дейді. Организмде сүйектердің өзара жалғасуының үш түрі болады: қозғалмайтын, қозғалмалы және жартылай қозғалмалы. Сүйектің қозғалмайтын жалғасуына — бас сүйегі, жамбас сүйегі; жартылай қозғалмалы байланыс түріне — омыртқа жотасы; сүйектердің қозғалмалы байланыс түріне буын арқылы жалғасатын, яғни кол сүйектері, иық пен аяқ белдеулері, қабырғалар жатады.

Сүйектердің өзара жалғасуы. Сүйектердің дәнекер ұлпасы немесе шеміршек ұлпасы арқылы байланысын қосылу деп атайды. Сүйектердің қосылуының ерекше түрі бас сүйегінде кездеседі. Оны сүйектіц тігісі дейді. Сүйектердің шеміршек ұлпасы арқылы қосылуы омыртқа жотасында кездеседі. Олардың серпімді және созылмалы қасиеті бар. Шеміршек ұлпасы арқылы жартылай қозғалмалы омыртқалардың қосылуы адам жүргенде, жұмыс істегенде омыртқа жотасының икемділігін қамтамасыз етеді және дененің тербелісі, қозғалысы кезінде соққыны бәсеңдетіп отырады.

Қысқа сүйектер денеге мықтылық қасиет береді және иілімді жерлерде орналасады. Олар: омыртқа, табан мен қол сүйектері. Жалпақ сүйектер жұқа болады. Бұларға: бас сүйегі, жамбас, кеуде қуысындағы қабырға, жауырын, самай, бет жене жак сүйектері жатады.

Сүйектің құрамы. Сүйек — дәнекер ұлпасының бір түрі. Ол — өте тығыз ұлпа. Сүйек сыртқы жағынан жұқа сүйек қабығымен қапталады. Сүйек клеткалары мен олардың өсінділерін клетка-аралық сұйықтық толған өте ұсақ өзекшелер қоршап жатады. Осы сұйықтық арқылы сүйек клеткалары қоректенеді және тыныс алады.

Сүйектің  химиялық құрамына ішкі секреция бездері әсерін тигізеді. Қалқанша маңы бездерінің жұмысы нашарласа, онда сүйектің өсуі және дамуы тежеледі.

Сүйектің өсуі. Сүйектің ұзарып, жуандап өсуі, шеміршек ұлпасы клеткаларының бөлінуіне және сүйек ұлпаларына айналып отыруына байланысты. Адамның қаңкасы 22—25 жаста қалыптасады. Гипофиз гормоны жетіспегенде немесе жоқ болғанда, шеміршек клеткаларының көлемі үлкейеді, құрамында минералды зат азаяды. С витамині жетіспегенде, сүйек ұлпасының химиялық морфологиялық (құрылымы) және қызмет атқару жүйелері бұзылады. D витаминінің жетіспеуі ересек адамдарда, әсіресе әйелдерде кездеседі. Жас босанған аналарда D витаминінің жетіспеуінен сүйек аздап қисаяды. D витаминінің жетіспеуі күн сәулесінің аз болуына, тамақтың құрамында кальций мен фосфордың қажетті мөлшерінің өзгеруіне, ішек және бүйрек ауруларынан минералды заттардың сіңірілуінің бұзылуына байланысты.

Сіңір созылғанда және буын шыққанда көрсетілетін алғашқы жәрдем. Оқыс қимылдағанда немесе соғып алғанда, тілерсек тобығы қатты ауырады және оның айналасы домбығады. Зардап шеккен адамға көмек көрсету үшін зақымданған буынның үстіне суық зат (қар, мұз немесе суық суға малынған шүберек) басады және буынды дәкемен қатты таңады. Зақымданған аяқты созуға, жұлқуға, тартуға немесе жылытуға болмайды.

Қабырға сынғанда, зардап шегушіге терең тыныс  шығартқызады және одан соң жай тыныс алғызады. Осындай тыныс кезінде жалпақ дәкемен немесе сүлгімен кеуде қуысын таңады. Дәрігерді шақыртады.

Буын аурулары. Зат алмасуының бұзылуынан, кейде жұқпалы аурулар (сүзек, мерез) салдарынан буынның қызметі өзгереді, артроз (буын шеміршегінің өзгеруі) ауруы пайда болады. Ауру буын қалташығының қабынуынан басталады. Буын шеміршегі жылтыр, тегіс түрінен айырылады, бұдырланады, сары су жиналады, ол буын қалташығын кереді.

Буын құздама (ревматизм) ауруынан зақымданады. Негізінен, дәнекер ұлпа қабынады, домбықпа пайда болады. Ауырған буынды жылу әсерімен емдейді. Науқас тамаққа ас тұзын аз пайдаланғаны жөн.

Бүкірлік дене тұлғасының жоғары жағында әр түрлі аурудың әсерінен және омыртқа жотасының зақымдануынан болады. Бүкірлік ауру адамның балалық шағында кездеседі. Мешелмен (рахит) ауырған баланың омыртқа жотасы қисаюға бейім келеді. Себебі, сүйектің құрамында минералды заттардың жеткіліксіздігінен сүйек ұлпасы борпылдақ түрге айналады. Егер мешел ауруымен ауыратын баланы отырғызса немесе аяғынан тұрғызса, оның денесінің салмағы омыртқа жотасының қисаюына себеп болады. Дәрігердің ұсынысы бойынша арнайы жаттығуларды орындағанда мешел ауруынан бала сауығып кетеді.

Сүйек аурулары. Сүйек ұлпасы сыртқы орта жағдайларының және рентген, т.б. сәулелер әсеріне өте сезімтал. Әр түрлі сәулелер әсерінен зат алмасу, ұлпаның көбеюі, өсуі, жаңару қасиеттері өзгереді. Бұл құбылыстар шеміршек және сүйек ұлпаларында екі бағытта өтеді: 1) ұлпаның жаңаруының бұзылуы (дегенераттык құбылыс); 2) ұлпада қоректік заттардың жеткіліксіздігі (бұл — дистрофия).

Сүйек аурулары жарақаттанудан, жұқпаның (инфекция) әсерінен, ішкі секреция бездері (бүйрек) мен бауыр қызметінің бұзылуынан пайда болады. Цитиноз ауруымен ауырған балаларды D витаминімен емдеу мүмкін емес. Сүйектің құрамынан минералды заттар шығады, сүйек майысады. Мұндай балалардың өмірі қысқа, 6—8 жасқа дейін болады.

Егер бүйректе бейорганикалық фосфат қанға кері сорылмаса, онда кальцийдің мөлшері жеткілікті болғанымен, мешел ауруы пайда болады. Оған организмде кальций жене фосфор арақатынасының бұзылуы әсер етеді. Сүйектің өсуі және оның дамуы өте күрделі құбылыс. Бұл құбылыстың өтуі гормондармен және витаминдермен реттеледі. Сүйекте минералды заттардың алмасуы сілтілік фосфатаза ферментімен байланысты. Сүйек ұлпасының үдемелі өсуінде, мысалы, сынғанда, мешел және түрлі аурулар кезінде бұл фермент көбейеді. Сүйек ауруларын тек дәрігер ғана емдей алады. Тірек-қимыл жүйесінің ауруларын зерттейтін және емдейтін медицина саласын ортопедия деп атайды.

БҰЛШЫҚ ЕТ, ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ

Бұлшық еттің маңызы. Бұлшық ет дененің қозғалуын және оның тік қалпын сақтауын қамтамасыз етеді, қаңқамен бірге денеге пішін береді. Бұлшық еттің қызметі кейбір ішкі мүшелердің жұмысына байланысты (мысалы, тыныс алу, ас корыту, қанайналым жүйелерінің жұмысы). Адам сөйлегенде, оған көмей бүлшық еттері мен тіл қатысады.

Қаңқа бұлшық еттерінің құрылысы. Қаңқа бұлшық еті толып жатқан ет талшықтарынан тұрады. Талшықтар шоғырланып, сыртынан дәнекер ұлпасымен қапталып, сіңір аркылы сүйекке бекиді. Дәнекер ұлпасы бұлшық еттің қатты созылуына кедергі жасап, оны қорғайды. Бұлшық ет шоғырларының аралығында қан тамырлары мен жүйкелер жатады.

Бұлшық еттер құрамына қарай: бірыңғай салалы және көлденең жолақты бұлшық еттер болып екіге бөлінеді. Ішкі мүшелердің қабырғалары (қан тамырлары, тыныс алу жолдары, қарын, ішек және т.б.) бірыңғай салалы бұлшық еттерден құралады. Олардың жұмысы жүйкелік-гуморальдық жолмен реттеліп отырады. Көлденең жолақты бұлшық еттер, негізінен, қаңқа бұлшық еттері. Олардың жұмысы біздің еркімізбен реттеліл отырады. Сондықтан оған әр түрлі өсер ете аламыз.

Бұлшық ет сыртқы пішініне қарай 3 топқа бөлінеді: 1) қысқа және жуан бұлшық еттер — омыртқа жотасының астыңғы терең қабатында жатады;             2) ұзын және жіңішке бұлшық еттер — аяқ пен қолда болады; 3) жалпақ бұлшық еттер — тұлғада кездеседі.

Атқаратын қызметіне қарай бұлшық еттер мынадай топтарға бөлінеді: буын бүккіш және буын жазғыш бұлшық еттер, мүшені жақындатқыш және алшақтатқыш үйлесімді бұлшық еттер.

Бұлшық еттер орналасуына байланысты үлкен 3 топка бөлінеді: бас, тұлға және аяқ пен қол бұлшық еттері.

Жүрек бұлшық еттері көлденең жолақты ерекше бұлшық ет талшықтарынан тұрады. Жүрек бүлшык еттерінің ерекшелігіне байланысты олар тез жиырылады.

Бұлшық ет, негізінен, екі түрлі қызмет аткарады: денені қимыл-қозғалыска келтіреді (бұл — динамикалық жүктеме); денені тік ұстауға мүмкіндік береді (статикалык жағдай). Бұлшық еттердің жұмысы кезінде зат алмасу үдемелі болады. Соның нәтижесінде көп мөлшерде энергия бөлінеді және ол жұмсалады. Энергия бұлшық еттердің жұмысына жұмсалады. Энергия тамақ құрамының ыдырауынан және бұлшық еттердегі гликогеннен пайда болады. Гликоген глюкозаға ыдырайды, ал глюкоза сүт қышқылын түзуге пайдаланылады. Сүт қышқылы бұлшық ет жұмысы кезінде түзіліп, бөлінеді.

Бұлшық еттің қажуы. Дене еңбегімен ұзақ уакыт жұмыс істегенде, оның жұмыс дәрежесі бірте-бірте төмендейді, яғни қажиды. Қажу кезінде адамның күні кеміп, қимылы дәл болмайды. Ішінара тынығып алған соң бұлшық ет ұзақ уақыт қажымай жұмыс істейді. "Шыныға білмеген, тыныға да білмейді", — деп, халық текке айтпаған.

Дене  еңбегі, оның ырғағы адамның жасына, дене құрылысына және мамандығына сай болуы керек. Әрбір адам өзінің мамандығына қажетті дене жұмысын үздіксіз меңгерген жағдайда ғана еңбек өнімін арттыра алады. Бұл адамның дене шынықтырумен және спорт түрлерімен шұғылданып отыруына байланысты. Дене шынықтыру әр уакытта ой еңбегінің өрісімен сыбайлас екенін естен шығармау қажет. "Тәннің ләззаты — саулығында, жанның ләззаты — білімінде" деген халық. Адамға осы екеуі өте қажет.

Адам  өзінің демалысын дұрыс, тиімді ұйымдастыра білуі керек. Дене еңбегі кезінде аз да болса тынығу қажет. Егер дене еңбегінің түрлерін алмастыра отырып демалысты ұйымдастырса, онда қажу тез жойылып, еңбек өнімі артады.

Адам еңбек өнімділігін арттыру үшін, дене еңбегін атқару кезінде, ырғақ пен күштің орташа шамасын таңдай білуі керек. Сондықтан әрекеттене тыныққан кезде, жұмыс істеу дәрежесі тез қалпына келіп, қажу тез басылады.

ТІРЕК-ҚИМЫЛ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ОРГАНИЗМДІ ШЫНЫҚТЫРУ

Тірек-қимыл жүйесінің дамуының қаңқа мен бұлшық еттер клеткаларының үнемі жаңарып отыруында маңызы зор. Бұл организмнің өсуіне қажетті жағдай. Балалық шақта, ер жеткенде қаңқа мен бұлшық ет клеткалары жылдам өседі және дамиды. Адамның қаңқасы 25 жасқа дейін толық қалыптасып болады. Бұлшық ет 23—25 жасқа дейін өседі, ал оның жуандауы 30—35 жаста аяқталады. Тірек-қимыл жүйесінің дұрыс дамуында адамның тамақтануының, ондағы минералды және органикалық заттардың маңызы өте зор. Дене еңбегімен жөне спортпен шұғылданатын адамдардың сүйектерінің бетінде бұдырлар пайда болады. Бұдырланған бұлшық еттер мықтап бекиді. Сүйек қабығы қанмен жақсы қоректенеді, жақсы өседі. Мұндай сүйек мықты және берік болады.

Белсенді қимылдың маңызы. Адам қимыл-қозғалыссыз өмір сүріп, еңбек ете алмайды. Адамның дене және ой еңбегімен шұғылдануы үшін қимыл-қозғалыс қажет.

Адамның өміріндегі алуан түрлі өзгерістердің  бірі пайдалы болса, енді біреулері  денсаулыққа зиянды әсер етеді. Мысалы, көліктің неше түрі дамыды. Үй тұрмысын жақсарту үшін үйге су мен газ тартылды. Мұның бәрі — адамның дене және ой еңбегінің бірлескенінен туған жетістік. Бірақ бұлар адамның аз қимылдап, бұлшық ет қуатының төмендеуіне әсер етті. Адам дене еңбегімен аз шұғылданса, оның ішкі мүшелерінің қызметі дұрыс болмайды. Осының әсерінен жүрек пен өкпе қызметі өзгереді. Адам организмінің ауруға қарсы күресу қабілеті әлсірейді, адам семіреді немесе арықтайды.

Ұлттық әдет-ғұрыптың тірек-қимыл жүйесінің қызметін жаттықтырудағы маңызы. Әр ұлттың, халықтың сан алуан әдет-ғұрыптары адамның денсаулығын сақтап, өмірін қызықты, мағыналы етіп өткізуіне мүмкіндік береді. Олар адам денесінің қимылын жетілдіріп, күшін арттырып, ой-өрісін дамытады, көңіл-күйін көтереді. Қазақ халқында толып жатқан ойын түрлері (жүгіру, секіру, шайқалу, т.б.) бар. Мысалы, алтыбақан, аксүйек, ат жарысы, қыз куу, бәйге, күрес, көкпар тарту және т.б. Бұл ойындар адамның тірек-қимыл жүйесінің дамуына, дененің сымбатты болуына, құрыштай нығайуына, көңіл-күйіне зор әсерін тигізеді.

Информация о работе Тірек-қимыл жүйесі адамның тірек-қимыл жүйесі қызметінің ерекшеліктері