Ашаршылықтың ауыр азабы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Сентября 2014 в 09:20, реферат

Описание работы

Біз ашаршылықтың саяси-әлеуметтік үрдістердің, табиғаттағы қолайсыз ахуалдардың салдарынан болатынын білеміз. Енді осы әлеуметтік апаттың ашық және жабық түріне талдау жасасақ, оның алғашқысы – мүлдем үнемсіз қалу да, екіншісі – үнемі шала құрсақ болып жүру екенін ұғамыз. Ең бастысы, бұлардың қай-қайсы да адамды ауруға, індетке ұрындырады, қырғынға ұшыратады. Ашаршылық сонымен, жеке адамның, жеке отбасының қорексіз қалуы емес, ол бір аймақтың, халықтың, мемлекеттің нәубетке түсуі.

Файлы: 1 файл

Ашаршылык жылдары Каз-н.docx

— 33.14 Кб (Скачать файл)

Ашаршылықтың ауыр азабы

Автор: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН

Қызылдардың Қазақстандағы геноциді.

Біз ашаршылықтың саяси-әлеуметтік үрдістердің, табиғаттағы қолайсыз ахуалдардың салдарынан болатынын білеміз. Енді осы әлеуметтік апаттың ашық және жабық түріне талдау жасасақ, оның алғашқысы – мүлдем үнемсіз қалу да, екіншісі – үнемі шала құрсақ болып жүру екенін ұғамыз. Ең бастысы, бұлардың қай-қайсы да адамды ауруға, індетке ұрындырады, қырғынға ұшыратады. Ашаршылық сонымен, жеке адамның, жеке отбасының қорексіз қалуы емес, ол бір аймақтың, халықтың, мемлекеттің нәубетке түсуі.

Халықтың жаппай қырылып, азаюына әкеліп соқтыратын ашаршылық адамзат баласының тарихында болып тұрған. Оған қуаңшылық, жұт, соғыс, қолдан жасалынған дағдарыстар мен күйзелістер, геноцидтер тағы да басқа жағдайлар себеп болды. Қытайда, Үндістанда, Ресейде, Африка елдерінде алапат ашаршылық жиі орын алды. Ашаршылық жұт жайлаған жылдары қазақ даласында да мал мен адамдарды қырып салды, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тәрізді жаугершідік заманда ашаршылық, соғыстан қазақ халқының саны мүлдем кеміп кетті.

Кеңес дәуірі кезінде де Қазақстанда алапат ашаршылықтар болып, халқымызды жер бетінен біржолата құртып жібере жазады. Соның ішінде екі үлкен әлеуметтік апат еліміздің мәңгі есінде сақталып қалды. Мұның біріншісі – 1921-1922 жылдары, екіншісі – 1930-1933 жылдары болған ашаршылықтар. Оған не себеп болды, біз енді сол жөнінде ой толғасақ.

Зерттеушілер 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың екі себебі барын айтады. Алғашқысы, Ресейдегі азамат соғысының салдарынан қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзелуі. Өйтпегенде ше, КСРО-да азық-түлік отрядтары құрылып, олар халықтан азық-түлікті тартып алып, Қызыл Армияға жөнелтумен айналысты. Негізінен, олар астықты шаруалардан тұрақты кесімді бағамен сатып алуға, дәулеттілерден еріксіз тартып алуға тиісті еді, бірақта бәрі де басқаша болды. Отрядтар шаруалардың астығын күштеп алып, оларға түк те қалдырмады. Олардың халыққа қысымы 1919-1920 жылдары тіпті күшейді. Бұл кезде Қазақстанда 11,5 мыңға жуық адамы бар 370 азық-түлік отрядтары болды. Олардың басым бөлігі Ресейдің Мәскеу, Петроград, Иваново-Вознесенск тәрізді ірі қалаларынан келгендер еді, сол себепті бұлар жергілікті халықты аямады. Қазақтардан азық-түлік отрядтары тым аз жасақталып, сырттан келгендер халықты ашықтан-ашық тонауға кірісті.

Кеңес үкіметі азамат соғысы кезінде ауылшаруашылығы өнімдерін дайындаудың төтенше жүйесін, «соғыс коммунизмі» саясатының негізгі белгілерінің бірі – азық-түлік салғыртын жүргізді. Ол 1919 жылғы 11 қаңтардан 1921 жылғы наурызға дейін күшті өрістетілді. Азық-түлік салғырты бойынша қойылған басты талап: шаруалардың өзіне талшық етуге жетер-жетпестей ғана азық қалдырып, қалғанының бәрін мемлекетке міндетті түрде тұрақты бағада өткізуге тиістілігі болды. Ал шаруаларға астығын еркін сатуға, базарға шығаруға қатаң түрде тиым салынып, оны тыңдамағандар қатаң жазаланды. Азық-түлік салғырты Қазақстан мен Түркістанға 1920 жылы енгізіліп, толық емес деректер бойынша, 1920 жылы Қазақстан шаруаларынан 44 миллион пұт астық, 5 миллион пұт ет, 333 мың пұт май және басқа да көптеген ауылшаруашылығы өнімдері жинап алынды, қазақтар көп малынан айрылып, жұтады. Азық-түлік отрядтары қарудың күшімен халықтың соңғы үнеміне дейін сыпырып алғандықтан, әр жерде қарулы қарсылықтар оты бұрқ ете түсті. Азық-түлік салғырты 1921 жылғы наурызда басталған жаңа экономикалық саясатпен алмастырылды. Алайда жұтаған халықтың жағдайы онымен жақсарған жоқ. 1921-1922 жылдары қыс та қатты болып, құрғақшылық белең алды. Осы уақыттағы ашаршылыққа осы табиғи апат, қолайсыз ауа райы да кеңінен жол ашты.

Қазақстанда 1920, 1923 жылдары ауылшаруашылығы санақтары жүргізілді, профессор С.П.Шевецовтың басқаруымен жерге орналастыру мөлшерін белгілеуге арнайы экспедиция шығарылды. Олардың мәліметі бойынша, 1921 жылғы ашаршылықта Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайған. Кейбір елді мекендердің тұрғындары 100 пайызға қырылып, көбісі жолда, үйінде аштықтан ажал құшқан. Осы санақ Ақтөбе, Торғай аймақтарында шаруашылықтардың үштен бірінің жойылып кеткендігін, Батыс Қазақстан халқының 31,4 пайызының қырылып қалғанын көрсетіп берді. Алайда санақ материалдары толық болмағғандықтан (мүмкін әдейі солай жасалған да шығар), әлі күнге дейін осы ашаршылықта қанша адамның қырылып қалғанын анықтау қиынға соғып тұр.

Еліміздің тарихындағы екінші ең үлкен ашаршылық 1930-1933 жылдары болды. Тарихшылардың, саясаттанушылардың пайымдауынша, оған кінәлі Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жекеменшігін тәркілеу, жою, әртүрлі ауылшаруашылық салықтарымен бас көтертпеу, күштеп отырықшылаңдыру, күштеп колхоздастыру, дәулеттілдерді, зиялыларды «феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция» санап атып-асу, билікке жалшыларды тартып, қоғамды қолдан надандандыру.

ВКП (б) Орталық Комитетінің Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығына Ш.И.Голощекинді жібергені мәлім. Екінші пленумда сөйлеген сөзінде-ақ: «Ауылды кеңестендіру, бұл – шын мәнінде, Қазақстанды кеңестендіру. Сондықтан барлық салада біздің жұмысымыздың ілгерілеуі үшін қазақ кедейлерін ұйымдастырмай әсте мүмкін емес», - деп жар салған ол билік басына келгеніне екі ай өтер-өтпесте ауылдарды аралап көрмей-ақ елдегі жағдайға өзінше баға беріп, байбалам салды. «...ауылда байдың үстемдігі, рудың үстемдігі өзгерссіз сақталған, шын мәнінде өлкеде кеңес өкіметі орнамаған»,- деп мәлімдеді. Сол кезде «Советская степь», «Еңбекші қазақ» газеттерінің бетінде Голощекиннің «Ауылды кеңестендіру», «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деген сөзі ұран болып көтерілді. Сөйтіп, ол Қазақстанда «Кіші Қазан» өткізуге кірісті, қазақтың төрт түлік малын түгел сыпырып алып, мемлекет меншігіне бергізді, әсіресе, қазақтың «жаны» - жылқының көзін жоюға айрықша күш салынды.

Сталиннен, Партияның Орталық Комитетіндегі негізгі басшыларынан өзінің төтенше шараларды жүргізуіне, авантюристік бағытын берік ұстануына рұхсат алған Ш.Голощекин Қызылордада өткен 1927 жылғы 23 қарашадағы ВКП (б)-ның Бүкілқазақстандық конференциясында халыққа ашықтан-ашық айбат шекті. Ол: «...Сіздер Зиновьевтің: «Қазақстан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басыбайлы берілді», - дегенін білесіздер, - деді. – Кез-келген топтың көсемдері Қазақстанға (өзіне дегені, М.С.) қарсы шығып байқасын – бір аптаның ішінде күлі көкке ұшады».

Осылайша қолына тиген шексіз билікті пайдаланған Голощекин бірінші кезекте өзіне қарсы шыққан білікті де білімді азаматтарды қуғын-сүргінге салып тентіретіп жіберді. Мұнан кейін «ұжымдастыру» деген желеумен көшпелі елді арсыздықпен тонатып, халықты әдейі ашаршылыққа ұрындырды. Қызыл империя бейбіт заманда қазақ ұлтына жасаған нәсілшілдік қылмысын әлемдік қауымдастық алдында жасырып, кеңестік цензура көп жылдар бойы 1931-1932 жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылықты баспасөз бетінде жазуға, бұқаралық ақпарат құралдарында айтуға қатаң тиым салды. Әкімшілік биліктің осынау ел ішіндегі арандату саясатына, әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шыққандар «халық жауы», «бандалық құрылым» аталып, қырып жойылды.

Осы орайда Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының мәліметіне назар аударсақ, 1929 жылы Қазақстанда қатарында 350 адам бар 31 «бандалық құрылым», 1930 жылы 1925 адамнан тұратын 82, 1931 жылы 3192 қатысушысы бар 80 «банда» әрекет етіпті. Сол кезде селолар мен ауылдарда бұлардан басқа 2001 «дұшпандық топ» анықталыпты, оларда 9906 адам болыпты. Және де 10396 жеке қаскөйлер тұтқындалыпты. Солардың әрекеттері салдарынан 1929-1931 жылдары 460 партия-кеңес қызметкерлері өлтірілген, 372 дұшпандық антикеңестік әрекет жасалған, 127 астықты өртеу және малды уландыру оқиғалары орын алған. Қарап отырсаңыз, күштеп ұжымдастыруға, мал-мүлкін тартып алуға, бас көтерер азаматтарын атып-асуға халық қатты наразылық көрсеткен.

1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған  ашаршылықтан елімізде қазақтардың  үштен бірі ғана аман қалды. Өйткені, 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мәліметтері бойынша, Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5 мың адамға кеміген. Осы кемуден 1 миллионнан астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930-33 жылдардағы аштық құрбандарының 2 миллион 200 мың адамнан асып түсетінін байқаймыз. 1992 жылы осы мәселені ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы арнайы тексерген-ді. Сонда: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 процентінен айрылды», - деп бұл комиссия нақты тұжырымдама жасады.

Қазір белгілі болып отырған жағдай, 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылықта негізінен, жас балалар мен әйелдер көп қырылып, оның халқымызға демографиялық зардаптары да ауыр тиді, ұлтымыздың сан жағынан өсуін тежеп тастады. 1897 жылғы патша өкіметінің санағына сенсек, қазақтар көрші өзбек ұлысынан үш есеге жуық артық, яғни 4 миллион 84 мың болыпты. Аштықтың ащы дәмін татпаған өзбек халқы бұл күндері 30 миллионға жуықтаса, қазақтарды шет елдегі қандастарымен қоса есептесек, орташа болжам бойынша саны 15-17 миллион шамасында ғана. Мұны еске алғанында кейбір тарихшылар «Егерде 1930-1933 жылдары елімізде қолдан аштық жасалмағанында, қазақтардың саны 60 миллионның үстінде болар еді», - деп те ой толғайды.

«Саяси маняк» Голощекин тұсында асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленсе де, ол қызыл империя үстемдік құрған шақта айтуға да, жазуға да тиым салынған мәселе болса да, кейін бұл әлеуметтік апат – «Қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» деген тарихи атауға ие болды. «Голощекиндік зұлматтың қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында (пайыз есебімен) гитлершілдердің Еуропадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар келіп, Кампучиядағы «қызыл кхмерлер» зардабынан асып түседі. 1932 мешін жылы болған бұл зұлмат 20 ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады», - деп жазады белгілі демограф М.Тәтімов пен тарихшы Т.Омарбековтер.

Биыл Ұлы жұт – ашаршылық зұлматына 80 жыл толады. Енді 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтілетін болады. Иә, бұл күн қазақтың зиялыларын қырып-жойған тоталитарлық тәртіпті, ұлтымызды қынадай қырған «аштық саясатын» - «голощекиндік геноцидті» айыптайтын, қайғы-қасіретін еске алатын халқымыздың қаралы күні. Оны мемлекеттік тұрғыда аза тұтуымыз қажет.

 

1931-32 жылдар

Қазақ даласындағы алапат аштықтың өткеніне биыл – 80 жыл. Жыл басынан бері еліміз бойынша аштық құрбандарын еске алу мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынды. Солардың қорытынды нәтижесі ретінде Алматыда «1931-33 жылдардағы аштық: себебі мен салдары» деген тақырыпта белгiлi тарихшы-ғалым, жазушы, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен жиын өтті. Сонда сөз алған тарихшы Талас Омарбеков тарихтағы 1920-30 жылдардағы қос аштық туралы тың деректерді алға тартты. Осы уақытқа дейін бірде 2 млн, бірде 3 млн деп айтылып келген аштық құрбандарының нақты санын мұрағат құжаттары негізінде 4 млн 836 мың деп дөңгелектеп берді. 

Алапат аштық, қырылған қазақ, бас ауған босқын

Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Біздің ең басты қасіретіміз  осы босқыншылықпен байланысты. 1928 жылғы кәмпескелеудің қарсаңында  қазақтың саны қанша болды? 826 мың шаруа қожалығы ресми тіркелген. 6 адамнан есептегенде 4 млн 836 мың  қазақ болып шығады. Қалай есептесеңіз  де, қазақтың саны 4 млн-нан асып, 5 млн-ға жуықтайды. Енді, әрине, қазақ  халқының 48 пайызы ашаршылықта қырылды  деп жүрміз. 1992 жылғы Манаш Қозыбаев  бастаған комиссияның шешімін  біздің қазақтар әлі оқымай  жүр. Әсіресе, журналист ағайындар  соны оқымай, әртүрлі пікір айтады. Онда тайға таңба басқандай: «1931-33 жылдары қырылған қазақтардың  саны 2 млн 200 мыңнан асып кетеді», – деп анық жазылған. Өкінішке  қарай, осы мықты құжатты не  оқулық жазғандар пайдаланбайды, не ашаршылық туралы әңгіме  қозғайтындар осыны оқымай келіп, сөйлейді. 

– Бірінші рет біз Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатында отырдық. Өйткені, Қауіпсіздік комитетінің бастығының өзі осы комиссияға мүше болды. Көп құпияларды аштық. Енді менің айтайын дегенім – мынау. Ел басына нəубет түскен ашаршылық жылдары Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Ғ.Тоғжанов, Б. Айбасов, О.Жандосов сияқты алаш алыптарымен бірігіп 1933 жылдың 24 ақпанында Сталинге елдің ауыр халі баяндалған, тарихта «Алтаудың хаты» деген атпен əйгіленген хатты жолдаған. Осы «Алтаудың хатын» біздікілер оқымайды. Айтатыны – «Бесеудің хаты». Шын мәнінде, босқыншылықтың қасіреті «Алтаудың хатында» көрсетілді. Осы хатта: «800 мың қазақ шаруашылығынан, яғни 4 млн 800 мың адамнан 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылығы, 2 млн 25 мың ғана қазақ қалды», – деп атап көрсетеді.    Расында да көпшілігіміз осы «Алтаудың хатына» мән бере бермейміз. Бұдан былай бұл құжатты ғылыми айналымға енгізу – кезек күттірмейтін мәселе.

– Қазақстан үкіметінің 1933 жылғы Мәскеуге берген ресми мәліметтеріне қарасақ, 1931-33 жылдары Қазақстан бойынша ауыл халқының саны 3 жылдың ішінде 2 млн 600 мың адамға кеміген. Бұл енді қырылғандар емес, кемігендер саны. 1930-31 жылдары маусым айында ауыл халқы мал санағы бойынша 759 мың адамға кемісе, 1931-32 жылдары 1 млн 887 мың адамға кеміген. Ал келесі 1932-33 жылдары 733 мың адамға кеміген. Мал санағы әр жылы маусым айында жүргізілген. Үш жылдың ішінде, 1931-33 жылдары 3 млн 379,5  мың адамға кеміген. Бұл қырылғандар емес, оның ішінде босқындар да бар. Ал бірақ, мына біздің журналист ағайындар осы 3 млн 379 мың адамды бүкіл қырылған қазақтың саны деп ақпарат берiп жүр. Айналайындар-ау, бұл – ауыл халқының кему саны. Мал санағы бойынша жыл сайын қаншаға дейін кемігені де тіркеліп тұр.

Тағы атап көрсетер бір нәрсе, бұл мәліметтер қайтыс болғандарды да, босқындарды да қамтиды. Яғни мұрағат қойнауындағы деректерде аштық құрбандары мен тірі қалған босқындар сандары көбіне «кему» деп бірге көрсетіледі. Бұл босқындар санын ашаршылық құрбандарынан бөліп көрсету қажеттілігін туғызады. Босқындардың санын анықтап алмай, ашаршылықта қырылғандардың санын анықтай алмаймыз. Санақ мәліметтерін талдағанда, көрші республикалардан Қазақстанға қайтпай қалған қазақтардың 300 мыңнан астам адам екенін аңғарамыз. Бұл Кеңестер одағында Қазақстанға қайтпай, аман-есен өмір сүріп жатқан босқындар. Қазақстанның өз ішіндегі босқындарға келетін болсақ, бұл мәселеде де нақты деректер бар. 1934 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда шаруашылық, өндіріс орындарына орналастырылған босқындар саны 622, 2 мың адам. Яғни, жарты миллионнан асады. Яғни, бұл 139, 6 мың шаруа қожалығы. Жалпы алғанда, 1933-34 жылдары Қазақстанда 640 мың адам, 160 мың шаруа қожалығы босқындарға көрсетілген көмектің нәтижесінде Қазақстанға орала бастады. Бұл – ресми тіркелген есеп. Ал Қазақстаннан шығып кеткен босқындардың 500 мыңынан астамының 200 мыңдайы елге қайтып оралды. Левон Мирзоян өзінің 1933 жылғы 23 наурызда И. Сталинге және В. Молотовқа жазған хатында республиканың ішінде босқыншылыққа ұшыраған халықтың санын 300 мың адам, яғни, 90 мыңнан астам қожалық деп атап көрсеткен. Қазақстанның 30 ауданында босқыншылық орын алғаны туралы Ф. Голощекиннің өзі де 1932 жылы 9 қыркүйекте Сталинге жазған хатында атап көрсетеді. Жанама және ресми деректерді талдау нәтижесінде алапат ашаршылықта 1930 жылы қазақ босқындарының саны шетелдегілерді қосып есептеген кезде 1 млн 100 мың адамнан асып кетеді екен. Босқындар санын толығырақ көрсету үшін шетелге өткен қазақтар санын анықтап алуымыз керек. Бұл мәселенің осы уақытқа дейін едәуір бұрмаланып келгенін айтпасқа болмайды.

Қазақстан тарихына байланысты іргелі зерттеулерге Қазақстанда аштан қырылғандар санын аман қалған босқындар есебінен ұлғайтып көрсету жолымен ашаршылық құрбандарын азайтып жіберетіндер де бар. Босқындардың санын көбейту арқылы Қазақстанда қырылған қазақтардың санын азайтып көрсетеді. Мысалы, Роберт Конквест Қазақстанның шекаралық аудандарынан Батыс Қытайға 200 мың қазақ көшіп кетті деп айтады. Ал Ресейлік тарихшылар Поляков, Веронская, Киселев олардың санын 1 млн 300 мың адамға жеткізеді. Енді өздеріңіз ойлаңыздар. 3 млн 379 мың адамның орыстар айтып отырған 1 млн 300 мыңы Қытайға көшіп кеткен болса (Қытайға көшкендер – аман қалғандар), қазақ қырылмаған болып шығады ғой. Осындай саясатқа қалай қарайсыздар? Соңғыларының Қытайға өткендер санын ешбір негізсіз ұлғайтып көрсетуі Қазақстанда аштан қырылған қазақстандықтардың санын көпе-көрнеу азайтып көрсетуге әкелетінін айтпасқа болмайды. Өкінішке қарай, Қытайға кеткен қазақтар санын 500 мыңдай адам деп көрсететін қазақстандық тарихшылар да бар. Атын атамай-ақ қояйын. Өзіміздің кәсіби әріптестеріміз «500 мың» деп көзді жұмып, ешқандай қисынға келмейтін, еш жерде жазылмаған мәліметті соғып жібереді. Ал бұл кейбір зерттеушілерді аштық туралы қате қорытынды жасауға итермелейді. Егер 1930-33 жылдары Қазақстанда қысқарған ауыл халқының санын жаңа айтқанымыздай, 3 млн 379, 5 мың адам деп есептесек, қазақтарды шетелге көптеп көшіріп жіберу аштан қырылғандарды азайтады. Мұндай қорытындылар, сөз жоқ, аталмыш ашаршылық жылдарындағы тарихымыздың шындығын көлегейлейді. Айта кетер бір мәселе, Қытайға кеткен қазақтар саны ОГТУ-дің шекаралық бөлімдерінің мәліметтерінде және Қытайдағы КСРО барлаушыларының құпия баяндауларындағы деректерде анық көрсетілген. Көзімізбен көрдік, оқыдық. Қытайдағы тыңшыларымыздың барлық мәліметтері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында тігулі тұр. Ол жерде, тіптен, Қытайға көшкендердің әлеуметтік құрамы да нақтылана түскен. Қанша бай, қанша орта, қанша кедей екеніне дейін. Мысалы, 1930 жылы Қытайға 15 302 қазақ өтіп кеткен болса, олардың 3510-ы байлар, 5039-ы – орташалар, 4463-і кедейлер, 2290-ы колхозшылар. 1931-32 жылдары да солай көрсетілген. Сонымен қатар қызыл шекарашылар шекарадан өткен қазақтардың ұсталғандарының да санын атап көрсетеді. Мысалы 1931 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейін шекарадан өтерде 14 412 адам ұсталған. Шекараны бұзып өтпек болған босқындардың қанды қырғынға ұшырағандары да тарихи шындық. Ресми мәлімет бойынша, 1930 жылы Іле округінің шекарасында Қытайға өтерде 1000-нан астам қазақ босқыны шекарашылардың қолынан өлген. 1932 жылы шекарадан өткендерді, қарулы қақтығыстарда қайтыс болғандарды қосып есептейтін болсақ, Қытайға өткен қазақтардың саны 70 мыңның айналасы деп көрсетер едік. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі құпия мәліметтердің барлығы әлі зерттеушілердің қолына тиген жоқ. Мәмбет әріптесімнің «көптеген қорларды ашу керек» деп кеңірдегін жыртып жүргенінің жаны бар, – деді тарихшы.

Информация о работе Ашаршылықтың ауыр азабы