Ашаршылықтың ауыр азабы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Сентября 2014 в 09:20, реферат

Описание работы

Біз ашаршылықтың саяси-әлеуметтік үрдістердің, табиғаттағы қолайсыз ахуалдардың салдарынан болатынын білеміз. Енді осы әлеуметтік апаттың ашық және жабық түріне талдау жасасақ, оның алғашқысы – мүлдем үнемсіз қалу да, екіншісі – үнемі шала құрсақ болып жүру екенін ұғамыз. Ең бастысы, бұлардың қай-қайсы да адамды ауруға, індетке ұрындырады, қырғынға ұшыратады. Ашаршылық сонымен, жеке адамның, жеке отбасының қорексіз қалуы емес, ол бір аймақтың, халықтың, мемлекеттің нәубетке түсуі.

Файлы: 1 файл

Ашаршылык жылдары Каз-н.docx

— 33.14 Кб (Скачать файл)

Ғалымның тұжырымдауынша,  әркім өзімбілермендікке салынып, көзді жұмып қойып, ойына келген деректі, санды айта береді. Халық жазушысы Мұхтар Шаханов ағамыздың өзі бір жиында 1931-33 жылдары қырылған қазақтың санын 4 млн деп айтқан екен. 1930 жылы қазақтың саны 4 млн 800 мың болса, онда біз қайдан шықтық? Кімнен тудық? Не айтсақ та, ойланып айтайық та! Азамат соғысында қырылғандар мен кейінгі ұжымдастыру жылдарында қырылғандарды қоссақ, шынында да 3 млн-нан асып кетеді. Кейбіреулер осы 3 млн қазақты 1931-33 жылдарға апара салады. Міне, осылайша тарихты өзіміз бұрмалап жүрміз. Қазақстандағы ашаршылық жайлы бір нәрсе айтар болсақ, тарихи нақты деректер негізінде айтайық! Әйтпесе, тарихымызды қалпына келтіре алмаймыз.

Келесі сөз алған Мәмбет Қойгелдиев осы аштықты болдырмай тастауға болар еді деп, бірнеше тарихи деректер келтірді. 

 

 

Аштыққа балама жол

Мәмбет Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– ХХ ғасырдың 30 жылдары Қазақстанда Кеңестік реформа жүрді. Бәсекелестер өздерінің ұстанымын міндетті түрде атқарылуға тиіс, басқа жол жоқ деп көрсетті. Ал шын мәнінде олай емес еді. Басқа жол бар еді. Ол қазақ зиялылары, қазақ басқарушы тобы ұсынған жол еді. Өкінішке қарай, кеңестік тарихнамада сол қазақ саяси басқарушы тобы тарапынан көрсетілген қарсылық кеңестік билікке, большевиктік культқа қарсы бағытталған ұстанымнан айнымайтын. Қазір де айтылмайды. Ол айтылуға тиіс. Концептуалды деңгейде концептуалды тұжырым ретінде оқулықтарға кіруге тиіс. Алайда біз осы тұрғыдан сәл кешеуілдеп жатырмыз. Мәселе мынада. Оқулықтарда, жазба еңбектерде осы қазақ зиялылары тарапынан болған қарсылықты көрсетпесек, кейінгі ұрпақ қазақ саяси басқарушы тарапынан кеңестік культқа қарсылық болмады деп ойлауы мүмкін. Біздің ағаларымыз әлсіз, әлжуаз болды деп түсінуі мүмкін. Шынтуайтында қуатты қарсылық көрсететін топ болды. Бірақ, олардың ұстанымы ілгері баспады. Бұл ретте ең алдымен «Алаштық бағдарламаны» айтқан болар едім. Бұл туралы Ә.Бөкейханов былай дейді: «Елдердің тұрмысын, мінезін, тілін білмеген кісі көп ұлтты алып жүре алмайды. Олай болса, көп ұлттан құралған Ресейді билеймін дегенінде мағына жоқ. Ресей өзге тілі, тұрмысы, ділі басқа жұртқа автономия беруге тиіс». Әбден орынды айтылған сөз. Большевиктік билік қазақ халқының ешқандай ерекшелігін мойындаған жоқ. Бөкейханов бастаған топтың ұстанымын жоққа шығарды. Қазақ зиялылары патшалық билік тұсында да өте белсенді болды. Өкінішке қарай, 20-30 жылдардағы репрессия қазақ зиялыларының омыртқасын опырып кетті. Өзінің өткірлігін жоғалтып алды.

Қайдар Алдажұманов, тарихшы, ғалым:

– 1931-33 жылдардағы аштық қазақтың өрісінің тарылуына, мәдениетінің ұмытыла бастауына жол ашты. Сол үшін де ұлтқа жасаған қиянат ретінде «этноцид» деп аталған болатын. Марта Олкот деген американдық тарихшы бар. Біздің кейбір Бүркіт Аяған сияқты азаматтар сол сияқты шетел тарихшыларын көкке көтереді. Ал олардың еңбектері концептикалық сипатта жазылды. Яки, қырғи-қабақ соғыс тұсында. Шетелдіктер Кеңестер Одағы мен Батыс империясының қақтығысын жазды. Олар 30-жылдардың ішкі және сыртқы факторларына назар аудармайды. Айырмашылығын білмейді. Ол кезде шартты стереотип қалыптасты. Бәріне кінәлі зұлым Голощекин мен залым Сталин. Олар мұны жоққа шығармайды. Алайда ішкі экономикалық және саяси блокада себептерін, халықаралық қатынастар, мұның бәрі – сыртқы себептер. Сондықтан шетелдік тарихшыларды аспанға шығарудың қажеті шамалы.

Қайдар Алдажұмановтың баяндамасынан төл тарихымызды зерттеп жүрген өз еліміздің тарихшыларының сөзіне құлақ түру керек екенін аңдадық.

Ұлттық трагедия

Смағұл Елубай, жазушы: 

– Бұл – трагедия, бұл – қасірет, бұл тақырып – таусылмайтын теңіз. Бәріміз қанша шуылдап айтсақ та, түбіне жете алмауымыз мүмкін. 1922 жылы Орынбор қаласында тарихшы Челочников дегеннің «Қырғыз-қазақтар тарихы» атты кітабы шықты. Сол кітапта 1911 жылғы дерек бойынша қазақтардың саны 8 млн деп көрсетілген. Сол халық қайда кетті? Біз таңғаламыз. 1926 жылы 6 млн қазақ деп көрсетіледі. Екеуінің арасында, әрине, 1918-22 жылдар аралығындағы қызыл қырғын жатыр. 1918 жылғы қырғында қазақтың малын ақтар да, қызылдар да тонады. Соның салдарынан 1921 жылғы ашаршылық орын алды. Оны Кеңес үкіметі мойындады. Мойындамаса, «Правда» газетінде Сапаров деген автор 1922 жылы 1 млн қазақ қырылды деп жаза ма?! 1921 жылғы ашаршылықтың қорытындысы жайында Алаш азаматтарының атынан сөйлеген Мұхтар Әуезов бірінші қазақ құрылтайында: «1 млн 700 мың қырылды», – деп мәлімдеген. Оны Алаш азаматтары зерттеген. Большевиктер ешуақытта оны зерттемейді. Өйткені, олардың қылмысы ғой. Талас Омарбеков дұрыс айтады: «Екі ашаршылықты қоссаңыз, 3 млн-нан асады», -деп. Өзіміз де талай рет 4 млн деп айттық. Оған міндетті түрде тарихшы болудың қажеті жоқ еді. Математикалық жолмен «екіге екіні қоссаң, төрт болады» дегендей нәрсе ғой. Әуезов айтқан 1 млн 700 мың мен Омарбеков айтып жүрген 2 млн 200 мыңды қоссаңыз, 4 млн болып шыға келеді.

Содан кейін ресми адамдар, тарихшылар бұл ашаршылықтарды кімнің жасағанын айтады да, салдарына тоқтала бермейді. Бұл қазақ халқына жасаған мемлекеттік террор болды. Неге ашық айтпаймыз?! Қолдан ұйымдастырылды. Ұйымдастырған – большевизм, компартия болды. Қазақстанда компартия заңнан тыс деп жариялануы керек. Ашық сот болу керек. Оны Сібірге айдағалы отырған жоқпыз. Қорғансын. Сол сотта біз айыптаушы боламыз. Міне, осындай қорытындыға келмей, 1920-30 жылдардағы ашаршылық жайлы әңгімеге ешқашан нүкте қоя алмаймыз. Украин ағайындар болса, өз елдеріндегі босқынға «геноцид» деп айғайлап, нүкте қоя білді. Ал біз бүгежектеп, қорқақтап, биыл ғана ашаршылықты атап өттік. Мемлекеттік деңгейде атап өту туралы әңгіменің басталғанына жиырма жыл болған. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ақбоз үй» деген романды оқыдым, бұл мәселені ашық атап өту керек екен», – деді. Енді әдебиет пен мәдениетте бұл мәселе қалай насихатталды? Өкінішке қарай, басы кететін болған соң біздің Әуезов те, Мүсірепов те, Мұқанов та бұл тақырыпты ашық көтере алмады. Шынымен де, басы кететін еді. Бірақ, 1940 жылдары Жақан Сыздықов деген жас ақын «Табиғат» деген шағын баллада жазды. Басы кетпесе де, қопарылды. Өмір бойы мүгедек болып өтті деп естиміз. Өлексе етіп сабаған деседі. Содан кейін қазақ зиялылары үн-түнсіз қалды. Тек тұспалдап қана айтылды. Бірақ мен оны есепке алмаймын. Біз сол ашаршылықтан зардап шеккен, 1928 жылғы кәмпескеден қашқан ауылдың баласы болғаннан кейін тарихты күн сайын естіп отырдық. Сондықтан да 1982-85 жылдары «Ақбоз үй» деген роман жаздым. Бірақ, жазғанымыз 1991 жылы компартия құлағанша, жарыққа шыққан жоқ. Тек 90 жылдардың басында айтылып, жазыла бастады. Балғабек Қыдырбекұлы «Алатау» романында шағын тарауда айтып өтті. Содан кейін Адам Мекебаев «Құпия қойма» деген жақсы повесть жазды. Шерхан Мұртазаның «Сталинге хаты», тағы да басқа мақалалар жазылды. «Ақ боз үй» романы кино болып түсірілді. Әрине, мұның бәрі ашаршылықты айтып тауыса алмады. Ол қасіретті ешқайсымыз айтып тауыспадық. Президентпен кездескенде де, осы мәселені алға тарттық. Иә, Астана әкімдігінің Ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш қойғаны дұрыс. Бірақ, бұл 40 млн құрбанға аздық етеді. Сонда Елбасы: «Тағы не істеуіміз керек?» -деп сұрады. Кешен орнатылу қажет екенін айттым. 1990 жылдардың басында Шота Уәлиханов, Ақселеу Сейдімбеков сияқты біраз азаматтар Алматының «Көктөбесіндегі» мейрамхананың орнына мемориалдық кешен орнату керек деп шулағанбыз. Бірақ, құлақ асқан жан болмады. Оның бір есігінен кірген адам екінші есігінен шыққанша қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды түгел көріп, куәгер болып, көз жасы мөлтілдеп шығуы керек. Жәй кірген адам ол жерден патриот болып шығуы керек. Осының бәрі Президенттің құлағына жетті де: «Мұның бәрі дұрыс. Астанадағы Тәуелсіздік сарайының алдында бір мұражай салынып жатыр. Соның екінші қабатын ашаршылық құрбандарына берейік. Жабдықтай бастайық. Сен айтып отырған жоба – үлкен жоба. Болашақта көрерміз», – деді. Мінеки, біздің, көзі тірі ұрпақтың азаматтық парызы осы. Сол миллиондардың алдында бәріміз жауап береміз. Жер басып жүргенде осыны орындайық, ағайын! Кино түсіріледі, кітап жазылады, ол өз алдына. Бірақ, мемориалдық кешен орнату бір бөлек. Тура көзбен кино көргендей етіп жасау оп-оңай. Лондондағы Мадам Тюссо мұражайын көрсеңіздер, көз жетеді. Осыны биліктен екі-үш адам ғана емес, жаппай халық болып сұрайық.

Тағы бір нәрсеге таңғаламын. 1931-33 жылдардағы ашаршылықты айтамыз да, 1 млн 700 мың деп М.Әуезов айтқан қазақты ұмытып кетеміз? 1920-30 жылдардағы ашаршылықты айтпай кетуге болмайды. Екеуін де ұйымдастырған – большевизм, империялық, ұлы державалық саясат. Әлі күнге тарихи санамыз қалыптаспаған. Шындықты ашып бергеннің өзінде соны насихаттай алмай отырмыз.

Түйін:

Ашаршылыққа – 80 жыл. Осы уақытқа дейін мемлекеттік деңгейде аталып өтілмеген оқиға. Бұдан былай осылайша жалпыхалықтық сипатқа ие болса, құба-құп. Енді халықаралық деңгейге көтеру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі көптеген құпия қорларды ашу қажет. Әйтпесе, аштықтың 100 жылдығына да марғау қадам баспасымызға кім кепіл?!

Дайындаған Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

 


Информация о работе Ашаршылықтың ауыр азабы