Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Декабря 2013 в 17:50, реферат
Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан (шын аты Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі. Оның қысқа да жарқын өмірі, жан-жақты зерттеушілік қызметі, философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы, т.б. жайындағы ғылыми зерттеулері, пікірлері қай кезде болмасын өзінің құндылығымен жарқырай берері сөзсіз. Қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ойсана, пікір-тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген.
1860 жылғы 8 сәуірдегі Үкімет указы бойынша поручик сұлтан Шоқан Уәлихановқа штабс ротмистр әскери атағы, 4-дәрежелі ізгі Владимир ордені, 500 сом күміс ақша берілген. Шоқанның ұсынысы бойынша, осы экспедицияның жұмысына қатысы бар 22 адам қоса наградталған, оның ішінде керуен басы Мұсабай, Семей көпесі Бұқаш, К.К. Гутковский т.б болды. Ш.Уәлиханов (1859-61) Петербургте болған жылдары оның ғылыми-шығармашылық қызметінің аса елеулі кезеңі болды. Мәселен, Бас штабының әскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша, ол Орта Азия мен Қазақстанның карталарын жасайды. "Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы", "Құлжа қаласының жобасы", "Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта", "Қытай империясы батыс өлкесінің картасы" т.б. дайындалады. Мұның өзі Ш.Уәлихановтың география, картография салаларына қосқан үлесі зор екенін көрсетеді. Сондай-ақ, Шоқан География құрамында белгілі неміс ғалымы Карл Риттердің еңбектерін баспаға әзірлеседі, сыртқы істер министрлігін Азия департаменті жанындағы Жоғары мектепте, География қоғамында ІПығыс Түркістан, Қырғызстан туралы лекция оқиды, университеттің тарих-философия факультетінде лекцияларға қатысып отырады. Мұның өзі Шоқан бойындағы ғылымға деген ерекше ынта-ықыласты, қажымас қайратты танытады.
Шоқанның Петербургке барған кезі 1861 жылғы басыбайлылық тәртіпті жою жөніндегі реформаның қарсаңы еді. Шаруларды патшаға қарсы үндеген, қоғамды сынаған т.б. Чернышевский, Добролюбов, Некрасов сияқты алдыңғы қатарлы ақын-жазушылардың "Современник" журналында жарияланған мақалалары Шоқанға қатты әсер етіп, саяси әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына негіз болды.
Петербургте Шоқан достары П.П.Семенов-Тянь-Шанский мен Ф.М. Достоевскийді кездестіреді, көрнекті орыс ғалымдары А.И. Бекетовпен, шығыс зерттеушілері: Ф.Р. Отен-Сакенмен, И.И. Захаровпен, Е. Кавалевскиймен, ақындар А. Манасов Қ. Курачкин, Я. Полонскиймен танысып, араласады. Бұлардың бәрі оның идеялық жағынан көп толып өсуіне бірден-бір себеп болғанын көреміз. Ресейдің әлеуметтік өміріндегі өзгерістер, орыстың революцияшыл демократтарының пікірлері оның демократтық көзқарасын тереңдете түседі. Қазақ халқының, әсіресе, оның төменгі тобының ауыр халі мен оның жағдайларына жан ашырлықпен қарап, түсініп көре білді.
1861 жылдың көктемінде денсаулығы төмендеуіне байланысты туған еліне оралды. Ол қазақ халқының тыныс-тіршілігін жақсартып, көмектесуді ойлап, әділеттілікті жақтап, халықтың мұң-мұқтажын түсіне білу мақсатымен Атбасар уезіне аға сұлтан болуды да ойлады. Сайлауға қатысып, көпшілік дауыс алғанымен, Сібір әкімшілігі оны аға сұлтандыққа бекітпеді. Себебі, демократтық бағыттағы озық ойлы зерттеуші ғылым билеуші топ үшін қауіпті адамдардың бірі еді.
1862 жылы Потанинге жолдаған хатында: "Мұндағы мақсатым – өзі халқымды әкімдер мен зорлықшыл бай қазақтардан қорғау еді", – деп ашық жазды. Ал, А.Г.Майковқа жазған хатында Шоқан бұл пікірін тереңдете түсіп: "Жергілікті сұлтандармен және қара сүйек қазақтардан шыққан байлармен қазір аразбын", – дейді ол, – мен оларға жалшыларды жақсы ұстаңдар, еңбек ақысын дұрыс төлеңдер дегенді талай рет талап еттім. Мен даланың пролетариатымен жақсы доспын, өйткені бір-бірімізді жақсы ұғамыз".
1863-64 жылдары Шоқан Омбыға барып, Сібір қазақтары үшін жасалып жатқан сот реформасын дайындау ісіне қатысып, бұл реформаның елге тиімді, пайдалы болу жағынан қарастырады. Осы кезде Шоқан "Сот реформасы туралы жазбалар" атты өзінің атақты еңбегін жазды. Оның: Біздің заманымыз халықтың нағыз мұң-мұқтажына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды, ең керекті реформа – экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформа сол экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек, өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады. Ол мақсат – өзінің тұрмысын жақсарту.
Прогресс дегеніміздің негізінің өзі – біз осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызатын реформалар ғана керекті де, ал осы мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін реформалар болса, ондайлар халыққа зиянды, керексіз реформа болып табылады" – деп жазды. Бұл пікірдің біздің заманымыздың бүгіні мен ертеңі үшінде қашанда құнды, бағалы болып қала беретініне дау жоқ. Сол кездің өзінде Шоқанның миллиондаған халық тағдырына ерекше жанашырлықпен қарап, мәселенің дұрыс шешілуін армандағанын көрсетеді.
"Бізге, қазақтарға, облыстық бастықтар үстірт қарауды әдетке айналдырған", – деп көрсете келіп, Шоқан реформа мәселесіне аса зор жауапкершілікпен қарап, бұған қарапайым (дәулетсіз) қазақтарды қеңінен қатыстырып, олардың пікірлерімен санасу керек екендігін, реформаны ақсүйектер емес, қалың бұқараның тілек-мүддесіне сай жүргізу керектігін талап етеді. Бұл еңбегінде Шоқанның қазақ қоғамының экономикалық, саяси, рухани жағдайлары және қазақ халқының болашақ даму негіздері мен жолдарына терең талдаулар бере отырып, ең бастысы өз халқының болашағына үлкен сеніммен қарағанын көреміз. 1864 жылы наурыз айында Ш.Уәлиханов Оңтүстік Қазақстанды Ресейге қосу жөніндегі полковник М.Т.Черняевтің әскери экспедициясына шақырылады. Бірақ, жергілікті халықтарға Черняевтің, оның әскери қызметкерлерінің көрсеткен озбырлығы мен қаталдығына наразы болып, бөлініп кетеді. Верный (қазіргі Алматы 1 қаласына келіп, Албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына тоқтайды. Мұнда да жергілікті тұрғындардың хал-жағдайларымен танысып, аңыз-әңгіме, ертегі-жырлар жинап, зерттеушілік жұмыстарымен шұғылданады. Сол кездегі Батыс Қытайдағы қоғамдық-саяси жағдайдың шиленесуіне байланысты болған дүнгендер көтерілісіне көңіл бөледі. Жұмыс бабымен Қапалға оқта-текте келіп жүген бір сапарында Ш.Уәлиханов әскери газетіне Құлжадағы жағдай, дүнген қозғалыстарына байланысты мақала жариялайды. Демек, қай уақытта болмасын ел ішіндегі жағдайларға ерекше мән беріп отырғанын көреміз. Ол өзінің қысқа ғұмырында қоғамдық ғылымдардың алуан саласында, тарих, география, этнография, экономика филологияда, өнертануда – көптеген құнды еңбектер қалдырды. Сондай-ақ, Орталық Азияның түркі тілдес халықтарының, қазақтың, қырғыздың, өзбектің, ұйғырдың, түркіменнің тарихы мен сол кездегі әлеуметтік жағдайы, тілі мен әдебиетін саралап терең зерттеуімен шығыстың ғылымына зор үлес қосты. "Қазақтың шежіресі", "Жоңғарлар очерктері", "Қазақтар туралы жазбалар", "Абылай", "Көне замандағы қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары", "Далалық мұсылмандық", "Қазақтағы шаман дінінің қалдықтары", "Қазақтың көші-қоны", "Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер", "Ыстықкөл күнделіктері" т.б. еңбектерінде Орта Азиядағы түрік халықтарының көптеген келелі мәселелеріне ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеулер жүргізіп, талдаулар жасады. Бұл еңбектердің кейінгі зертеушілер үшін ғылыми мәні жоғары болды. Шоқан өзінің жан-жақты мол білімінің арқасында зерттеулерді комплексті түрде жүргізіп, тарихшы, географ, этнограф, публицист, әдебиетші, жазушы болып қатарластыра алып отырғанын анық байқауға болады.
XIX ғ. орта шенінде ірі ғалымдардың бірі П.И.Небельсон Шоқан туралы: "Петербургте қырғыздар сирек кездеседі, бес-алты адам жинала қояр ма екен? Солардың ішінде өмірде мен бармын деп ерекшеленбейтін бір ғана адам бар. Ол өте жас, кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов", – деп жазса, Платников: "Мен Уәлихановпен Петербургте өте жақын таныстым және бірнеше кеш бірге болып көңілді өткіздім, оның қабілеттілігіне Мұхамед-Ғани Бабажанов, біз Небельсон екеуіміз де тең келмеспіз", – деген пікірлері Шоқан білімінің жан-жақтылығын, тереңдігін дәлелдей түсері хақ.
Шоқаннан қалған асыл мұралардың бірі – бейнелеу өнері саласындағы еңбектері оның қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі екенін танытады. Сурет өнерін жас кезінен-ақ жақсы көрген. Ол портрет, табиғат көрінісі, пейзаж, халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Суреттерінің біразы 1860 жылдардың басында "Всемирная иллюстрация", "Сакра", "Русский художественный лист" журналдарында, "Орыс география қоғамының хабаршысында" жарияланған.
Ш.Уәлихановтың көп салалы әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы, қоғамдық философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары өз заманының биік деңгейінде болғанын айқындайды.
Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуір айында қайтыс болды. Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады. Қазіргі Алматы облысы Шоқан атындағы шаруашылықта "Алтынемел" мемориалдық комплексі бар. Шоқан қазасы қазақ елі үшін және оның орыс достарына аса ауыр тиді. Орыстың географиялық қоғамы басып шығарған (1904) Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик И.И.Веселовский: "Шоқан Уәлиханов шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халықтарының тағдыры туралы одан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті", – деп жазды. Шығысты зерттеуші әйгілі ғалым Е.И.Ковалевский Шоқанды "Асқан данышпан жас жігіт", "Тамаша ғалым", "Қазақ халқының ең жақсы досы әрі орыстың мемлекеттік мүддесін қадір тұтушы" деп атады. Г.И.Потанин: "Шоқан қазақ ішінен оқырман қауымын тапқан болса, ол өз халқының шын мәніндегі асқан данышпаны болар еді", – дейді.
Орыстың географиялық қоғамы Шоқан өлімі туралы хабарында: "Нағыз, шын әділдігін айтқанда Уәлихановты үздік адам деп айтуға болады. Уәлиханов өз еліне шын берілгендігін, оны терең сүйетіндігін, қазақтың тұрмысын жақсы көрушілігін сақтай алумен қатар, Батыстың мәдениетін де жоғары бағалады", – деп жазды. Мұндай жылы лебіздердің қайсысы болмасын Шоқан еңбегінің әділ де жоғары бағасын алғандығының айғағы еді. Шоқан жайында: Г.И.Потанин, Н.М.Ядринцев, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, И.И.Березин, И.И.Ибрагимов, т.б. естеліктер мен мақалалар жариялады.
Шоқан Уәлихановтың демократтық, гуманистік ой-пікірлерінің толысуына Омбыға жер ауып келген орыс ойшылдары мен жазушылары көп әсер еткенін көреміз. Шоқан ұлылығын танытатын, оны биіктете түсетін нақты мәліметтердің бірі – өзі ерекше сүйіп бағалаған достарымен жазысқан хаттары. Осы хаттардың әрқайсысында Шоқанның азаматтық бейнесі ерекше таныла түседі. Өз халқының адал перзенті екеніне көз жеткіземіз. Зерттеу еңбектерінің маңызы мен мәні ашыла түседі, бүкіл дүниежүзілік география ғылымына қосқан зор табыс, жаңалық ретінде бағаланады.
Ш.Уәлихановтың хаттары. Шоқан Шыңғысұлы мен Федор Михайлович Достоевскийдің достығы екеуінің Омбыда, Семей мен Петербургте бірге болған кездерінде бір үзілмейді, кейінгі алты жыл ішінде (1856-1862) бұл достық хат арқылы нығая тускенін көреміз. Мәселен, Семейден кетіп бара жатып, Уәлиханов Достоевскийге былай деп жазады: ...Сізбен бірге Семейде өткізген азғана күн маған сондай тамаша әсер етті. Ендігі менің бір ойым сізбен тағы да бір кездесу. Мен адамның нәзік сезімдері мен ақ ниеті туралы жазуға шебер емеспін. Менің Сізге қандай берілгендігімді және сізді қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де білесіз". Бұл хатқа Д.М.Достоевский өзінің шын жүрегінен шыққан жылы сөздермен былай деп жауап қайырды: "Мейірман достым! Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен сізге қысылмай-ақ тура айтайын. Мен сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта да, ешкімге де тіпті туған ініме де, тап сізге көңілім түскендей құштарлықты сезген емеспін. Бұған талай дәлел келтіруге болар еді, бірақ сізді несіне мақтай берем. Ал енді сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз деймін. Достоевский өзінің хаттарында Шоқанға пайдалы кеңес беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қойғанын көреміз. Енді бір хатында: Қолға алған ісіңізді тастай көрмеңіз – сіздің материалдарыңыз өте көп. Сахара туралы мақала жазыңыз. Оны Россия халқына түсіндірудің өзі ұлы мақсат, қасиетті іс емес пе. Европаша білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді есіңізге толық алыңыз.Тек осы оқиғаның бір өзі ғана ғажайып нәрсе және оны ұғудың өзі сізге көп міндеттер жүктейді. Оның үстіне тағдыр Сізді таза жанды, адал жүректі, абзал адам ғып жаратқан. Артта қалуға болмайды, жоқ болмайды..., деп жазады. Мұндай жанашырлық жалынды сөздерінде Достоевский Шоқанға шын жүректен ақыл-кеңесін білдіріп, оны белсенді іс, батыл әрекетке рухтандыра түседі.
Ф.М.Достоевский Шоқан Уәлихановты ерекше қадірлей, бағалай білді. Одан алған заттарының бәрін ол ең қымбат естелік ретінде сақтайды. 1866 ж. Шоқан марқұм болғаннан кейін Достоевский өзінің әйелі А.Г.Достоевскаяға "мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл менің Сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы. Сондықтан да ол маған қымбат. Сондықтан мен өз қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын" – деген сөздерінің өзі Шоқанға деген ыстық ықыласын анық байқатады.
А.Н.Майковқа жазған хатында Шоқан: “Менің туысқандарым ұлттық та, таптық та ескіліктің шырмауында. Әсіресе, бір бет даңққұмарлығы бірден көзге шалынады. Осыған қарап-ақ, олардың өздерін өздері жоғары бағалайтыны, ақыл-естіміз деп түсінетіні өз-өзімен түсінікті болар. Демек оларға айтылған ақыл-кеңес намысына тиіп, бұрынғыдан да көрі асқынта түсері түсінікті. Көппен жалғыз алысуға шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиетті болғанымен, адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыт солай етіп тұрса амал жоқ, – деп ағынан жарылып, өзіндік пікір, көзқарасын білдіреді.
Шоқан Уәлиқановтың орыстың көрнекті жазушыларымен, ғалымдарымен т.б. жазысқан хаттары қазақ әдебиетінің тарихы үшін ерекше маңызды. Оның хаттары мен күнделіктерінен публицистикалық дарыны айқын аңғарылады.
Қазақ халқының мақта-нышы Шоқан Уәлиханов туғанда атын исламша қойып, ақ батасын берген – Қалқай ишан (Марал ишанның баласы). Шоқан жайлы осы бір тұсты «Аққан жұлдыз» романында Сәбит Мұқанов төмендегіше баян етеді:
«…Шыңғыстың үйінде қонақ-тап жатқан Қалқай ишанға:
– Әулие, сіз қойып беріңіз нәрестенің атын! – деп өтінді Уәли тұқымдары, Зейнеп ұл тапқаннан кейін. Қалқайдың сенімінде, бүкіл ислам тарихындағы ең зор ғазауытшы: Мұхаммед пайғамбардың әрі қызы Фатиманы алған күйеуі әрі әскерінің бас қолбасшысы Хазіреті – Ғали. Оның үш әйелінен он сегіз ұлы болған, бәрі де батыр болған. Солардың ішіндегі ең батыры – Мұхаммед-Ханафия дейтін ұлы екен, әкесіне еріп, ғазауыт соғысын сол жүргізген деседі.
Болашақтың Мұхаммед-Ханафиясы болар ма екен? – деген
тілекпен Қалқай ишан Зейнептен туған ұлдың атын – Мұхаммед-Ханафия қойды. Былайда шолжың Зейнептің бұл есімге тілі келмей, сәбиін «Қанаш» деп, былайғы жұрт «Шоқан» деп кетті. Шоқанды бір жасынан сөйлеп кетті деген әңгіме бар».
Бұған біздің азын-аулақ қосатынымыз бар. Уәли ханның бәйбішесі Айғаным баланың атын қойып беруді сұрап, көтеріп әкеп әулиенің қолына берген кезде Қалқай нәрестені ұстап отырып:
– Пай. Пай! Мына бала алтыннан да ауыр ғой! – деп, Айғанымның өзіне қайтарып беріп, бата жасапты.
– Оғы белден өтсін,
Даты дұшпанына жетсін.
Құдайым Қалқайдың айтқанын қабыл етсін.
Аты Мұхаммед-Ханафия болсын,
Атағы аталарынан да асып, Ахиретке жетсін,
– Аллаху Акбар! – деп, бетін сипапты да,
ойланып отырып тағы мынаны айтыпты:
Арғы атаң Уәлихан мен Қасым,
Олардан да атақ-даңқың болар басым.
Ел жұртың құрмет тұтып,
Әуелден ақырға жетер атың.
Әулиеге қатты разы болған Айғаным сұлу, Қалқайдың үстыне жанат ішік жауыпты. Шыңғыс сұлтан үстіне Стамбулдың қалі кілемін жауып, атақты көк жорғасын есікке кесе көлденең тартыпты.
Сонда Қалқай:
– Жанат ішік Қалқайдың бүйірін жылытсын.
Қалы кілем Құдайдың жолына бұйырсын.
Көк жорға үш жүздің бәйгесіне мінілсін, – деп бата беріпті.
Артынан, көк жорғаны қимаған Шыңғыс, орнына бір уыс жүз сомдық ақшаны санамай беріп, атты өзі алып қапты.
Мұны естіген Қалқай:
– Әттеген-ай! Бекер жасаған екен. Атағанын беруі керек еді ғой! Жақсы ат – жан садағасы, жан деген ар садағасы демеуші ме еді, атаған затты қимағаны болмаған екен, өміріне ілік болмаса болар еді, – деп,
реніш кейіп білдіріпті.
Осы «ілік» емес пе екен?! Шоқанның өмірден отызға жетпей, жастай кетуі – әулие айтқан.
Әулиеге атағанын, тіпті азғантай дүние болса да, ниет етіп не атаса, соны
беру керек-тігін біз әрине, біле бермейміз. Сол сияқты әулие кісілердің еткен ықыласын қайтаруға болмайтындығын да түсінгеніміз абзал.