Тұжырымдаманы iске асыру мерзiмi мен кезеңдерi

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Июня 2013 в 08:50, курсовая работа

Описание работы

Бұл Тұжырымдамада қазiргi кезеңде Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi үрдiстерi талданады, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытудың алдағы жылдарға арналған жолдары мен нақты тетiктерi баяндалған.
Тұжырымдама азаматтық қоғам институттарын дамытудың негiзгi бағыттары мен азаматтық бастамаларды iске асыру мүмкiндiктерiн айқындайды. Ол азаматтық институттардың жұмыс iстеуi үшiн қолайлы жағдай жасауға бағытталған мақсатты бағдарламалар, заңнамалық және басқа нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу үшiн негiз болады.

Содержание работы

1 Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның қалыптасуы мен
дамуы
2 Азаматтық қоғам ұғымы, оның құрылымы мен функциялары
3 Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi
4 Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамның перспективалық
көрiнiсi
5 Азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi принциптерi мен құқықтық
негiздерi
6 Қоғамның даму кезеңдері
7 Тұжырымдаманы iске асыру жолдары мен тетiктерi
7.1 Азаматтық қоғам институттары қызметiнiң құқықтық негiзiн
жетiлдiру
7.2 Мемлекеттiк органдар мен азаматтық қоғам институттарының
ынтымақтастық құралдарын нығайту
7.3 Халықтың жоғары саяси, құқықтық және азаматтық мәдениетi үшiн
жағдайлар жасау
7.4 Еңбек қатынастарын жетiлдiру
7.5 Әлеуметтiк саясатты жаңғырту
7.6 Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру
7.7 Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам институттарын дамыту
7.8 Азаматтық қоғам институттарының халықаралық ынтымақтастығын
дамыту
8 Тұжырымдаманы iске асыру мерзiмi мен кезеңдерi
Қорытынды

Файлы: 1 файл

курсавой.doc

— 918.50 Кб (Скачать файл)

                                                              Жоспар


 
1    Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның қалыптасуы мен  
    дамуы  
2    Азаматтық қоғам ұғымы, оның құрылымы мен функциялары  
3    Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi  
4    Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамның перспективалық  
    көрiнiсi  
5    Азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi принциптерi мен құқықтық  
    негiздерi 

6     Қоғамның даму кезеңдері 
7    Тұжырымдаманы iске асыру жолдары мен тетiктерi  
7.1  Азаматтық қоғам институттары қызметiнiң құқықтық негiзiн  
    жетiлдiру  
7.2  Мемлекеттiк органдар мен азаматтық қоғам институттарының  
    ынтымақтастық құралдарын нығайту  
7.3  Халықтың жоғары саяси, құқықтық және азаматтық мәдениетi үшiн  
    жағдайлар жасау  
7.4  Еңбек қатынастарын жетiлдiру  
7.5  Әлеуметтiк саясатты жаңғырту  
7.6  Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру  
7.7  Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам институттарын дамыту  
7.8  Азаматтық қоғам институттарының халықаралық ынтымақтастығын  
    дамыту  
8    Тұжырымдаманы iске асыру мерзiмi мен кезеңдерi  
     Қорытынды  

Кiрiспе     

 Адами әлеуеттi, азаматтардың iскерлiгiн жандандыру, азаматтық қоғамды одан әрi қалыптастыру  негiзiнде ғана Қазақстанды өмiр  сүру сапасының стандарттары  жоғары, қазiргi заманғы, серпiндi мемлекет ретiнде дамытуға болады.  
      Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы ел халқына Жолдауында белгiленген Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасына және Қазақстанның әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi елу елдiң қатарына кiру  стратегиясына  сәйкес әзiрлендi.  
      Бұл Тұжырымдамада қазiргi кезеңде Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудың негiзгi үрдiстерi талданады, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытудың алдағы жылдарға арналған жолдары мен нақты тетiктерi баяндалған.  
      Тұжырымдама азаматтық қоғам институттарын дамытудың негiзгi бағыттары мен азаматтық бастамаларды iске асыру мүмкiндiктерiн айқындайды. Ол азаматтық институттардың жұмыс iстеуi үшiн қолайлы жағдай жасауға бағытталған мақсатты бағдарламалар, заңнамалық және басқа нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу үшiн негiз болады.

 

  1. Қазақстан Республикасында  азаматтық қоғамның қалыптасуы  
мен дамуы     


 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында басталған экономикалық, әлеуметтiк және саяси салалардағы түбегейлi реформалар түрлi әлеуметтiк топтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн қоғамдық бiрлестiктердiң құрылуын ынталандырды.  
      Қазақстанда алғашқылардың бiрi болып экономиканың мемлекеттiк емес секторы қызметкерлерiнiң мүдделерiн бiлдiрген тәуелсiз кәсiподақтар пайда бола бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық және дiни бiрлестiктер, саяси партиялар белсендi түрде институцияланды. "Невада - Семей" қоғамдық қозғалысы азаматтық сана-сезiмнiң анағұрлым жарқын көрiнiсi болды, ол өз алдына ядролық полигондарды жабу мiндетiн қойды.  
      Елдегi азаматтық қоғам мен оның институттарын белгiлi бiр дәрежеде дамытуға мемлекеттiң осы процесс үшiн тиiстi саяси, құқықтық және өзге де жағдайлар жасау жөнiндегi қызметi жәрдем етедi.  
      1991 жылғы 27 маусымда "Қазақ ССР-iндегi қоғамдық бiрлестiктер туралы" Қазақ ССР-iнiң Заңы қабылданды.  
      Нәтижесiнде елде "Қазақстанның халық конгресi", "Алаш" партиялары, Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП), Қазақстанның социалистiк партиясы, Қазақстанның республикалық партиясы, "Лад" республикалық славян қозғалысы және "Азат" Қазақстанның азаматтық қозғалысы, "Мемориал" қоғамдық-ағарту қоғамының филиалы, Алматы-Хельсин тобы, "Бiрлiк" қозғалысы, "Әдiлет" тарихи-ағарту қоғамы, "Поколение" зейнеткерлер қозғалысы және басқалары пайда болды.  
      1990 жылдардың басында Әлеуметтiк қорғау коалициясы құрылды, оның аясына қоғамдық өткiр проблемаларды талқылау, оларды шоғырланған негiзде шешудiң тетiктерiн iздестiру жолымен еңсеру жөнiнде бiрлескен жұмыс үшiн 28 түрлi ұйымдар, партиялар, қозғалыстар бiрiктi.  
      1994 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентi әлеуметтiк-экономикалық және еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтiк серiктестiк жөнiнде республикалық үшжақты комиссия құру туралы қаулыға қол қойды, бұл сындарлы үшжақты қатынастарды дамытуға және әлеуметтiк серiктестiк жүйесiн құрудың бастауы болды.  
      Партиялар мен қозғалыстардың құрылуы мен жұмыс iстеуi және, тиiсiнше, елдiң партиялық жүйесiнiң одан әрi дамуы үшiн құқықтық өрiс құруға 1995 жылы Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен 1996 жылы Қазақстан Республикасының "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" және  "Саяси партиялар туралы"  заңдарының қабылдануы ықпал еттi. Бұдан басқа, Қазақстан халықтары Ассамблеясына бiрiккен ұлттық мәдени орталықтар белсендi дами бастады. Этносаралық келiсiм елде реформалар жүргiзудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн iргетасқа айналды.  
      1990 жылдың аяғы азаматтық институттар қызметiнiң кәсiбиленуiмен ерекшелендi, мұның өзi олардың қоғамдық проблемалардың, қажеттiлiктер мен мұқтаждықтардың түрлi ауқымын шешу жөнiндегi жұмысының тиiмдiлiгiн көтеруге мүмкiндiк бердi.  
      Бұқаралық ақпарат құралдарының, (бұдан әрi - БАҚ) баспа кәсiпорындарының мемлекет иелiгiнен шығу, сондай ақ БАҚ-тың мемлекеттiк қаржыландыру мен дотациялау жүйесiнен мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзуге арналған мемлекеттiк тапсырысқа көшу процесiне байланысты масс-медиа нарығында сапалық өзгерiстер болды.  
      1998 жылғы 7 қазанда ел Парламентiнiң Қазақстан Республикасының Конституциясына елдiң сайлау жүйесiне партиялық тiзiмдер бойынша сайлау енгiзудi көздейтiн  өзгерiстер  мен толықтырулар енгiзуi партиялық құрылыс процестерiн жеделдеттi. Сөйтiп, 1998 жылғы желтоқсаннан бастап 1999 жылғы тамызды қоса алғанда, Қазақстанның азаматтық партиясы (ҚАП), Қазақстанның Республикалық халықтық партиясы (ҚРХП), "Азамат" демократиялық партиясы, Қазақстанның аграрлық партиясы (ҚАП), "Отан" республикалық саяси партиясы, Қазақстан әйелдерiнiң демократиялық партиясы, "Руханият" партиясы, "Алаш" Қазақстанның ұлттық партиясы құрылды. Парламентте партиялық фракциялар пайда болды.  
      1999 жылы iс жүзiнде барлық өңiрлерде "YЕҰ ақпарат орталықтары" ашылды, олардың басты мiндетi өңiрлiк үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау, оларға консультативтiк көмек, ақпараттық және әдiстемелiк қолдау көрсету болды.  
      2000 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң ("Epкiн де еңселi әрi қауiпсiз қоғамға" атты Қазақстан халқына  Жолдауында  халықтың түрлi топтарының мүдделерiн iске асырудағы рөлi күннен-күнге артып келе жатқан үкiметтiк емес ұйымдарды дамыту үшiн жағдайлар жасау жөнiнде Үкiметке алғашқы тапсырмалар берiлдi.  
      2000 жылы мемлекеттiк билiк органдарымен (бұдан әрi - билiк) өзара iс-қимыл тетiктерiн жасау үшiн YEҰ күш-жiгерiн шоғырландыратын Қазақстанның үкiметтiк емес ұйымдарының конфедерациясы құрылды.  
      2000 жылғы желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы әлеуметтiк әрiптестiк туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы  атқарушы билiк органдарының өкiлдерi, жұмыс берушiлер мен жұмыскерлердiң бiрлестiктерi арасындағы мүдделердiң келiсiлуiн қамтамасыз етудi мемлекеттiк саясат дәрежесiне көтердi.  
      2002 жылғы шiлдеде қабылданған және күшiне енген  "Саяси партиялар туралы"  Қазақстан Республикасының Заңы елдiң партиялық жүйесiндегi одан арғы сапалық құрылымдық өзгерiстерге алып келдi.  
      2001 жылы "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы , 2002 жылы - Үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау  тұжырымдамасы  қабылданды.  
      2003 жылы ел Үкiметi үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған  бағдарламасын  бекiттi, соған сәйкес облыстық (қалалық) бағдарламалар әзiрлендi.  
      Сол жылдың өзiнде-ақ Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң бiрiншi съезi өткiзiлiп, оған көптеген көрнектi дiн қайраткерлерi, әртүрлi конфессиялардың өкiлдерi қатысты, "Бейбiтшiлiк пен келiсiмге" декларациясы қабылданып, Бейбiтшiлiк пен тұрақтылық форумы құрылды.  
      2003 жылы Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен бiрiншi Азаматтық форум өткiзiлдi. Ол үкiметтiк емес сектордың саяси танылуын белгiледi және азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимылының жүйелi тетiктерi қалыптасуының бастауы болды. 2005 жылы екiншi Азаматтық форум өткiзiлдi, ол елдiң қоғамдық өмiрiне қатысуға бизнес-қауымдастықтардың тартылуына ықпал еттi.  
      Орталық және жергiлiктi деңгейлерде "билiк - қоғам" серiктестiгiнiң ұзақ мерзiмдi тұрақты тетiктерiн және түрлi үндесу алаңқайларын құру жөнiндегi жұмыс белсендi жүргiзiле бастады. Қорытындысында, 2005 жылғы сәуiрде "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы  қабылданып, ол билiк органдары мен YEҰ-ның өзара қатынастарының принциптiк жаңа жүйесiнiң құрылуына мүмкiндiк бердi.  
      2003-2005 жылдары бiрiн бiрi алмастыра отырып, азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру және дамыту жөнiнде ұсыныстар тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес пен Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Демократия мен азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi ұлттық комиссия жұмыс iстедi.  
      Екi құрылымның да жұмысы мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасында Қазақстанның саяси дамуының аса маңызды мәселелерi жөнiндегi жалпыұлттық үндесудi тереңдету және саяси жүйенi жетiлдiру мен елде демократиялық қайта құруды жүргiзуге бағытталған шараларды бiрлесiп тұжырымдау үшiн жағдай жасауға мүмкiндiк бердi.  
      2006 жылғы наурызда Қазақстан Республикасында демократиялық реформалар бағдарламасын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi  мемлекеттiк комиссия  құрылды, оның жұмысына саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi қатысады.  
      Барлық деңгейдегi әкiмдердiң халық алдында есеп беруiнiң шеңберiнде елде әкiмдерге қоғамдық сенiм комитеттерi (бұдан әрi - ӘҚСК) сияқты азаматтық бақылау нысаны дами бастағанын атап өтуге болады. ӘҚСК жұмысының тәжiрибесi мемлекеттiк органдардың қызметiн азаматтық қоғам институттары бақылауының ықтимал өнiмдi модельдiк тетiгi ретiнде зерделеудi талап етедi.  
      Сөйтiп, өткен жылдары елде азаматтық қоғам институттары - саяси партиялар, коммерциялық емес (үкiметтiк емес) ұйымдар, кәсiподақтар, ұлттық-мәдени бiрлестiктер, мемлекеттiк емес БАҚ және тұтастай алғанда мемлекеттiк емес секторды бiлдiретiн басқа да институттар қалыптасып, қазiргi уақытта мейiлiнше тез дами бастады. Бүгiнгi күнi Қазақстанда 12 саяси партия, түрлi бағыттағы 5820 YЕҰ, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 ұлттық-мәдени бiрлестiк, 40-тан астам конфессиялар мен деноминацияларды бiлдiретiн 3340 дiни бiрлестiк, түрлi меншiк нысанындағы 6646 БАҚ ресми тiркелiп, жұмыс iстеуде. Осы және басқа да азаматтық қоғам институттары елдi одан әрi демократияландырудың маңызды ресурсына айналды.  
      Сонымен бiрге, қоғамда азаматтық қоғамның одан әрi өсуiне ғана емес, елдi әлемдiк жаһандану процесiне барған сайын тартып бара жатқан қыр көрсетулерге де байланысты бiрқатар проблемалық мәселелер көрiнiс бере бастады. Олар тұтастай алғанда елдегi азаматтық қоғамды одан әрi үйлесiмдi дамытуды тежейдi, оның әр бөлiгi үшiн сипаттамалық ерекшелiктерi бар және өз шешiмiн талап етедi.  
      Мысалы, коммерциялық емес ұйымдардың (бұдан әрi - КЕҰ) мемлекеттiк органдармен тең құқылы азаматтық әрiптестiгi мәселелерi шешiмiн тапқан жоқ. Конкурстық рәсiмдердiң ашықтығын арттыру және бағдарламалар мен жобалардың қазiргi кезеңiнде қажеттiлiктердi айқындауда КЕҰ-ның қатысуы үшiн мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру тетiгi жетiлдiрудi талап етедi. Өңiрлердегi, әсiресе ауылдық жерлердегi КЕҰ әркелкi дамуда. Тiркеу тәртiбi күрделенген және рұқсат беру сипатына ие, тiркеу алымының мөлшерi ұлғайтылған, азаматтардың заңды тұлға болып құрылмаған бейресми бiрлестiктерiнiң мәртебесi туралы мәселе реттелмеген. Бизнес-құрылымдар КЕҰ-дың әлеуметтiк маңызды бастамаларын қаржылық қолдауға нашар қатысуда.  
      Әлеуметтiк қажеттiлiкке қарамастан, елдегi партиялық құрылыс баяу қарқынмен жүруде, партиялардың ролi мен өкiлеттiгi шектеулi. Партиялардың көпшiлiгiнде қажеттi қаржылық және материалдық ресурстар, саяси партияларды тiркеу үшiн қол жинау мәселелерi жөнiнде нақты ережелер мен регламент жоқ. Партияларды қайта ұйымдастыру, бiрiктiру және қосу мәселелерi заңнамалық реттеудi қажет етедi. Саяси партиялардың сайлау комиссияларын құруға қатысу тетiгi жетiлдiрiлмеген.  
      Кәсiптiк одақтар мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатын әзiрлеу мен iске асыруға толық көлемде қатыспайды. Ұжымдық шарттар мен келiсiмдер әлi де болса еңбекшiлердiң құқықтарын қорғаудың пәрмендi тетiгiне айналған жоқ.  
      Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң дамуы нормативтiк-құқықтық және экономикалық ынталандыру болмағандықтан тежелiп отыр. Көптеген БАҚ-тың материалдық-техникалық базасы жеткiлiксiз және қаржылық қаражаты шектеулi, сондай-ақ мемлекеттiк ақпараттық саясат бағдарламалары шеңберiнде бюджет қаражатына қол жеткiзе алмайды. БАҚ аккредиттеу, мемлекеттiк органдардан ақпарат, өз хаттары мен өтiнiштерiне жауап алу кезiнде қиыншылық көруде. Журналистер мен БАҚ-тың құқықтық қорғалу деңгейiнiң төмендiгi Қазақстандағы сөз бостандығының шектелуiне әкеледi. Қазіргі уақыт адамдарға көптеген талап қойып, күнделікті тіршіліктің өзінде талай өмірлік, қоғамдық мәселелерге жауап іздеуді көлденең тартады. Адам өмірі де сәт сайын өзгеріп келеді. Ал осы күрделі заманның бастапқы жүйесі – азаматтық қоғам. Олай болса, азаматтық қоғам дегеніміздің өзін жалпы қоғамның, мемлекеттің, жеке тұлғаның даму деңгейінің көрсеткіші деуге негіз бар. Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына қатысты әртүрлі көзқарастар кездеседі. Олар: елімізде азаматтық қоғамның даму деңгейі жоғары деген ойдан бастап ондай даму бүгінгі талапқа сай емес немесе тіпті де сын көтермейді деген аралықтағы көзқарастар.


Жалпы, азаматтық қоғам  төрт негізгі элементтен құралады. Ол – азамат, қоғам, мемлекет және құқық  болса, басты құндылықтары – адам өмірі, адалдық, жекеменшік құқығы. Азаматтық  қоғамның негізгі қызметі азаматтың  қажеттіліктерін – құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге бағытталады. Осы мақсатты орындаудың басты шарты қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени-құқықтық қатынастарының жиынтығы – демократиялық орта қалыптастыру болып табылады.


Әрине, теория жағынан  бұл түсінікті де анық болып есептеледі. Нақты практикаға келетін болсақ, азаматтық қоғам даму жолында талай қиыншылықтар мен кедергілерге кез болады. Даму жолдары әлеуметтік топтардың өз мүдделерін қамтамасыз ету белсенділігінің жоғарылығы мен мемлекеттің қолдауына және халықаралық ұйымдардың практикасына негізделеді. Белсенді азаматтық қоғам атқаратын іс-шаралар жеке тұлғаның және әлеуметтік топтардың нақты мәселелеріне назар аударады. Азаматтық қоғам саяси жұмыспен салыстырғанда көбінесе әлеуметтік мәселелерді алға қойып, оларды тиімді шешуді мақсат тұтады. Осы қатарда біздің елде азаматтық қоғам дамуына ең басым ықпал етуші мемлекеттің қолдауы болып отыр.

Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың  қатынастары мына салаларда аса белсенді: ортақ іс-шаралар (конференциялар, дөңгелек үстелдер), кеңестік көмек, ортақ жобаларды іске асыру, үкіметтік емес ұйымдардың әр саладағы әлеуметтік жобаларға қатысуы сияқты көптеген бағыттарда өрбу үстінде.

Былтырғы жылы Қазақстанда түрлі бағыттағы 5820 ҮЕҰ, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 этномәдени бірлестік, 3340 діни бірлестік, 40-тан астам конфессия мен деноминациялар, түрлі меншік нысанындағы 6646 БАҚ тіркелген және жұмыс істейді. ҮЕҰ-лардың орнықты топтары түрлі бағыттар бойынша ресімделеді, олар: экологиялық – 6%; әскери-патриоттық – 4%; балалар және жастар – 14%; мәдениет және өнер – 8%; мүгедектерді қолдау бойынша – 7%; ғылыми және білім беру – 8%; әйелдер және гендерлік саясат – 8%; сауықтыру-профилактикалық – 7%; қоғамдық бастамаларды қолдау – 10%; бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту – 2%; әлеуметтік қорғау – 9%; құқық қорғау – 7%; спорттық – 10%.

Сонымен қатар  мұндай бірлестіктердің көпшілігі тек қағаз жүзінде ғана бар, олар тек тіркелген ұйымдардың сандық көрсеткіштері статистикасын ғана жақсартады. Үкіметтік емес секторда өткен жылы барлығы шамамен 200 мың адам жұмыс жасады. Олардың 40 мыңы тұрақты негізде, 50 мыңға дейіні уақытша, ерікті (волонтерлік) негізде 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. ҮЕҰ-ның алуан түрлі қызметтерін 2 млн.-ға таяу адам пайдаланады. Көбінесе мемлекеттік емес ұйымдар қалаларда және аудан орталықтарында орналасып қызмет етеді және олардың ауылдық мемлекеттік емес ұйымдарға қарағанда қаржылық, техникалық мамандармен қамтамасыз етілуі әлде-қайда жоғары. Сондықтан олардың басқа да мекемелермен қарым-қатынас орнатып, жүйелі жұмыс жасауына мүмкіншіліктері мол.

Мемлекеттік емес сектордың  жұмыс істеуі тікелей қаржыландыру көздерімен байланысты. Мемлекеттің ықпалы азаматтық саланы қаржы арқылы басқару және оның қызметін заңнамалық қамтамасыз ету әрекеттеріне сүйенеді. Негізгі тәсіл – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Осы мақсатқа мемлекет тарапынын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсуде. Сонымен қатар аса маңызды әлеуметтік жобалар іске асуда. Бірақ осыған байланысты былтырғы жылы мемлекеттік органдар тарапынан ҮЕҰ-ны қаржыландырудың қиындығы туындады. Оның басты себептерінің бірі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың Мемлекеттік сатып алу туралы заң шеңбері аясына түсуі. Мемлекеттік сатып алу туралы 2007 жылғы 21 шілдедегі № 303-ІІІ ҚРЗ қолданыстағы заңы ҮЕҰ-ны коммерциялық ұйымдар санатына жатқызады, бұл ҮЕҰ-лардың қызметін, олар көтерген бастамалардың жүзеге асуын айтарлықтай шектейді.


Әлеуметтік тапсырысты жоспарлы түрде қаржыландыру туралы мәселені шешу үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс басқа секторларға қатысты болатын Мемлекеттік сатып алу туралы заңның құзыретіне жатпайтыны туралы жекелеген ережені қабылдау мүмкіндігін қарау қажет. Яғни, мемлекет өте көп тауарлар мен қызметтерді сатып алады, бірақ мемлекеттік тапсырыс осы заң реттейтін қызметтерге жатпауы тиіс немесе ҮЕҰ-ны қолдау бойынша басқа да рәсімдерді әзірлеу қажет.

Әлеуметтік тапсырыстар  бойынша жобаларды іріктеуде де бірқатар кемшіліктер орын алуда. Көбінесе атқаратын жұмыстың көлемі мен уақытының сай болмауы, қаржыландырудың жылдың ортасында басталуы, сондықтан да қажетті іс-шаралардың дер уақытында жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қала беретінін айтуға болады.

Осы орайда Әлеуметтік тапсырыс туралы заңды жетілдіріп және қаржыландыру ережелерін де өзгерткен жөн. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыратын арнайы қор құру керек. Ол тек мемлекет тарапынан қаржыландырылмай, басқа да салалардан қаржы көздерін іздестіру жолдарын қарастырса құба-құп. Сонда маңызды жобалар мен бағдарламалар жарты жыл емес, толыққанды жұмыс жасай алады. Екінші жағынан, бөлінген қаржы жұмсалуы ашық жүріп, олардың есебі жылда БАҚ-та жариялануы қажет.

Соңғы кезде  азаматтық қоғамның бақылау қызметіне баса назар аударылып, біраз бастамалар іске асырылуда. “Нұр Отан” партиясы азаматтық қоғамның бақылау қызметін жоғары деңгейге көтеруге арналған іс-шараларды қолға алуда. Әсіресе, экономикалық дағдарыс кезеңінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты бақылау, оның тиімділігін қадағалау аса маңызды шара.

Әлеуметтік жауапкершілік  саласында үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекше. Бұл бизнес пен мемлекет қатарында үшінші тепе-тең серіктес ретінде түрлі әлеуметтік топтардың көкейлеріндегі мәселелерін шешудегі көпір десек те артық болмас. Азаматтық қоғам өкілдері еңбек саласындағы қарым-қатынастарды қадағалауда, экологиялық мәселелерді шешу жолдарын іздестіруде, түрлі әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде мәселе көтеріп, мемлекет пен бизнестің назарын аударумен қатар, олармен мәселелерді қоян-қолтық араласып шешуге ұмтылып отыр. Бұл үшін, әрине, азаматтық қоғамда жоғары деңгейдегі сараптау институттары мен жетілген коммуникация жүйесі болу қажет. Қазақстанда қазіргі таңда қоғам атынан жұмыс жасайтын мекемелер жоқтың қасы. Мемлекет пен бизнеске тепе-тең қоятын ақпараттық ықпал да, белсенді күш те нақты қалыптаспағандықтан, азаматтық қоғам мемлекеттік жүйеге тәуелді болуда. Мысалы, ҮЕҰ мен фискалдық органдардың, сондай-ақ фискалдық органдардың меценаттармен өзара қатынастары үлкен мәселе туғызып отыр. Елімізде қайырымдылыққа жұмсалған қаржыға салықты реттеудің жай-күйі отандық бизнестің азаматтық қоғам институтына қаражат салуын ынталандырмайтыны бұл іске қолбайлау болуда.

Азаматтық қоғам қазіргі  кезеңде өзінің қызметін толық атқарып отыр деп айтуға ерте. Мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетуде. Алайда, азаматтық қоғамның қарыштап дамуы үшін қоғам да өз тарапынан белсенділік танытып, өмірлік құндылықтарды қалыптастыру жолында талай жұмыстарды атқаруы тиіс.


 

 

  2. Азаматтық қоғам ұғымы, оның құрылымы мен функциялары     

 Азаматтық  қоғам - онда болып жатқан процестер  мен қатынастардың басты әрекет  етушi тұлғасы мен субъектiсi ретiнде  өз қажеттiлiктерiнiң, мүдделерi мен  құндылықтарының барлық жүйесiмен  бiрге адам болып табылатын қоғам. Бұл ұғым сонымен қатар мемлекет пен оның органдарына тәуелсiз өмiр сүретiн қоғамдық: саяси, экономикалық, мәдени, ұлттық, дiни, отбасылық және басқа қатынастардың барлық жиынтығын бiлдiредi, жеке мүдделердiң әралуандылығын көрсетедi.  
      Қоғам демократиялық дамудың белгiлi бiр сатысында ғана азаматтық болады және елдiң экономикалық, саяси дамуына, халықтың әл-ауқатының, мәдениетi мен сана-сезiмiнiң өсу шамасына қарай қалыптасады.  
      Елде азаматтық қоғамды қалыптастыру және демократияны дамыту өзара тығыз байланысты: азаматтық қоғам неғұрлым дамыған болса, мемлекет соғұрлым демократиялырақ болады.  
      Азаматтық қоғамды дамытудың алғышарттары меншiктiң алуан түрлi нысаны кезiнде азаматтарда экономикалық дербестiктiң пайда болуы мен адами жеке тұлға мәртебесiнiң артуы болып табылады.  
      Құқықтық мемлекет және демократия азаматтық қоғамның саяси iргетасы ретiнде қызмет етедi, бұлар жеке тұлғаның барлық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қоғамда тұрақтылық, қауiпсiздiк, әдiлеттiлiк және ынтымақтастық жағдайын құру мақсатында оны дамыту үшiн қажет.  
      Азаматтық қоғамның экономикалық негiзiн, тең танылуы мен қорғалуының заңнамалық кепiлдiктерiмен қамтамасыз етiлген, меншiк нысандарының әралуандылығы мен дара меншiк иелерiнiң егемендiгi құрайды.  
      Азаматтық қоғам өмiр сүруiнiң басты базалық шарттарының бiрi тәуелсiз БАҚ арқылы қамтамасыз етiлетiн жариялылық болып табылады.  
      Демократия жағдайында азаматтық қоғам институттары мен мемлекет ортақ жүйеде әртүрлi, бiрақ өзара тәуелдi бөлiктер ретiнде жұмыс iстейдi.  
      Билiк пен азаматтық қоғам арасындағы қатынастар көпшiлiк келiсiм негiзiнде қалыптасады, ал өзара iс-қимыл ымыраға қол жеткiзуге бағытталады.  
      Демократиялық мемлекеттiң азаматтары дербес бостандық құқығын пайдаланады, бiрақ сонымен бiр уақытта олар басқа мемлекеттiк институттармен бiрге болашақты құру жауапкершiлiгiн бөлiседi.  
      Азаматтық қоғам демократиялық саяси жүйе жағдайында ғана билiк пен азаматтық қоғам арасындағы қатынастар көпшiлiк келiсiм негiзiнде қалыптасатын ең жоғары даму деңгейiне жетедi. Азаматтық қоғамдағы демократиялық рәсiмдер билiк қызметiнiң сапасын бұқаралық бағалау құқығына және қоғам мүдделерi үшiн билiкке ықпал ету тетiктерiне негiзделедi.  
      Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекеттiң мiндетi жаратылысы жағынан әртүрлi азаматтар мен заңды тұлғалардың бiрлестiктерi (партиялар, YЕҰ, БАҚ, одақтар, қауымдастықтар, бастамашылық топтары және басқалары) адам мен мемлекет арасындағы байланысты жүзеге асыратын және соңғысының билiктi бiр қолға алуына мүмкiндiк бермейтiн азаматтық қоғамды жан-жақты дамыту үшiн қажеттi жағдай жасау болып табылады.  
      Азаматтық қоғамның мiндетi - жеке адам мен мемлекет арасында делдал болу.  
      Азаматтық қоғамның мақсаты қоғамның әр мүшесiнiң мүдделерiн қорғау, оның мүдделерiн билiк пен қоғам алдында бейiмдеу, билiк қызметiн қоғамдық бақылау әрi оның iшкi және сыртқы саясатын қалыптастыру болып табылады.  
      Азаматтық қоғам институттарына саяси партиялар, жергiлiктi қоғамдастықтар, кәсiптiк одақтар, дiни бiрлестiктер, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми одақтар мен бiрлестiктер, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ қоғам үшiн түрлi қызмет пен қызмет көрсетулердiң кең ауқымын iске асыратын, қызметтiң алуан түрiн жүзеге асыратын мемлекеттiк емес қорлар, коммерциялық емес мекемелер, заңды тұлғалар одақтары (қауымдастықтары), қоғамдық пайдалы мiндеттердi шешетiн басқа да ұйымдар мен бастамашыл топтар түрiнде құрылған мемлекеттiк емес ұйымдар жатады.  
      Саяси партия - мемлекеттiк билiктiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың өкiлеттi және атқарушы органдарында азаматтардың, түрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн бiлдiру және оларды қалыптастыруға қатысу мақсатында олардың саяси ырқын бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi.  
      Кәсiптiк одақтар - азаматтардың өз кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде өз мүшелерiнiң еңбек ету, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру мен оларды қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту үшiн ерiктi түрде құратын дербес, тiркелген жеке мүшелiгi бар қоғамдық бiрлестiктерi.  
      Дiни бiрлестiктер - жергiлiктi дiни бiрлестiктер (қауымдастықтар), дiни басқармалар (орталықтар), сондай-ақ дiни оқу орындары мен ғибадатханалар.  
      Бұқаралық ақпарат құралы - мерзiмдi баспасөз басылымы, радио- және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс- бейне жазбасы және көпшiлiк қол жеткiзе алатын телекоммуникациялық желiлердегi (интернет және басқалары) WEB-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз жария таратудың басқа да нысаны.  
      Қоғамдық бiрлестiктер - саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың ортақ Мақсаттарға қол жеткiзуi үшiн ерiктi негiзде құрылған, заңнамаға қайшы келмейтiн басқа да бiрлестiктерi. Қоғамдық бiрлестiктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.  
      Yкiметтiк емес ұйым - ортақ мақсаттарға қол жеткiзу үшiн азаматтар және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсiптiк одақтарды және дiни бiрлестiктердi қоспағанда).  
      Ұлттық-мәдени бiрлестiк - өзiн белгiлi бiр этникалық бiрлiкке жатқызатын, өзiнiң этникалық ерекшелiгiн сақтау, тiлiн, бiлiмiн және мәдениетiн дамыту мәселелерiн дербес шешу мақсатында азаматтардың өздерi ерiктi өзiн-өзi ұйымдастыруы негiзiндегi бiрлестiгi.  
      Жергiлiктi өзiн-өзi басқару - жергiлiктi маңызы бар мәселелердi тiкелей немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың құрылатын органдары (институттары) арқылы өздерi дербес шешу мақсатында белгiлi бiр мекендер шегiнде тұрғылықты жерi бойынша азаматтардың өзiн-өзi ұйымдастыруының нысаны.  
      Азаматтық қоғам мынадай функцияларды жүзеге асырады:  
      азаматтық бастамаларды қолдау, дамыту және көтермелеу;  
      мүдделердi жақындастыру және белгiлi бiр мақсаттарға қол жеткiзу негiзiнде адамдарды одақтарға, бiрлестiктерге ерiктi түрде кiрiктiру үшiн жағдайлар жасау жөнiндегi жұмысқа қатысу;  
      азаматтардың жалпымемлекеттiк және жергiлiктi проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз ету;  
      азаматтардың құқықтарын қорғауға жәрдем көрсету және халықтың түрлi топтарының мүдделерiн iске асыру;  
      қоғамда жалпы адами нормаларды, құндылықтар мен адамгершiлiк негiздерiн бекiту;  
      адамның тәуелсiз өмiр сүруiн қамтамасыз ететiн еңбек өнiмдiлiгi үшiн жағдай жасауға қатысу;  
      әлеуметтiк қызметтер көрсету;  
      билiктiң, бизнестiң және қоғамдық институттардың қатынастарын үйлестiруге жәрдемдесу, қоғамдық келiсiм және әлеуметтiк жанжалдарды азайту үшiн жағдайлар жасау, әлеуметтiк және өзге де жанжалдарды сындарлы үндесу жолымен шешу;  
      мемлекеттiк шешiмдер қабылдау процесiнде ашықтық пен мөлдiрлiкке жәрдемдесу;  
      әлеуметтiк еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi аса маңызды қоғамдық функцияларды орындайтын кәсiподақтық ұйымдардың қызметiн қолдау;  
      сөз бостандығын қолдау, БАҚ тәуелсiздiгiн нығайту және ақпараттық кеңiстiктiң ашықтығын қамтамасыз ету.


  3. Тұжырымдаманың  мақсаты мен мiндеттерi     


 Осы Тұжырымдаманың  мақсаты адам құқықтары мен  адами өлшем саласындағы халықаралық шарттар мен пактiлер шеңберiндегi халықаралық-құқықтық құралдарға сәйкес азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамыту әрi олардың мемлекетпен және бизнес-секторлармен тең құқылы серiктестiгi үшiн заңнамалық, әлеуметтiк-экономикалық және ұйымдастыру-әдiстемелiк базаны одан әрi жетiлдiру болып табылады.  
      Алға қойылған мақсатқа қол жеткiзу үшiн күш-жiгердi негiзгi бес мiндетке шоғырландыру қажет:  
      адам, оның құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет құру;  
      үкiметтiк емес ұйымдар, бизнес-сектор және мемлекет арасында үйлесiмдi, тең құқылы әрi серiктестiк қатынастар жүйесiн құру;  
      YEҰ жобаларына бизнес-сектордың қатысуы үшiн экономикалық ынталандырулар әзiрлеу, қайырымдылық пен меценаттықты дамыту;  
      азаматтық қоғамның барлық институттарын дамыту үшiн қолайлы құқықтық база қалыптастыру;  
      өмiр сүру сапасының жоғарғы стандарттарына қол жеткiзу, еңбек қатынастарын үйлестiру, халықтың бай және кедей жiктерi кiрiстерiнiң арасындағы айырмашылықты қысқарту.  

4. Қазақстан Республикасындағы  азаматтық қоғамның  
перспективалық көрiнiсi     

 Тұжырымдаманың  мақсаты мен мiндеттерiн iске  асыру:  
      адам құқықтары мен демократиялық бостандықтарды сақтауды;  
      азаматтық қоғам институттарын тұрақты дамыту үшiн қолайлы құқықтары мен бостандықтарын адамның қоғам алдындағы жауапкершiлiгiмен үйлестiрудi;  
      қоғамның мемлекеттiк билiк қызметiн тиiмдi бақылауын жүзеге асыруды. Билiк органдары мен азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы серiктестiк принциптерi негiзiнде ынтымақтастық мәдениетiн қалыптастыруды;  
      әлеуметтiк қамсыздандырудың тиiмдi жүйесiн құруды;  
      қоғам мен билiк мүдделерiн келiсiмi жүйесiн қалыптастыруды қамтамасыз ететiн азаматтық қоғам моделiн өмiрге енгiзудi көздейдi.  
      Қабылданған шаралар нәтижесiнде елде демократиялық мемлекеттiң басты принципi - азаматтық қоғамның басты құндылығы ретiнде адам құқықтарын қамтамасыз ету жан-жақты iске асырылады.  
      Кәсiпкерлiк, шағын және орта бизнес азаматтық қоғамның экономикалық негiзiн, ал ортаңғы сынып оның әлеуметтiк базасын құрайды.  
      Мемлекет және азаматтық қоғам институттары халықтың бай және кедей жiктерi кiрiстерiнiң арасындағы айырмашылықты қысқарту, адам мен азаматтың құқықтарын қорғау арқылы қоғамдық келiсiм мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етедi.  
      Мемлекеттiк билiк басты басымдықтан - қоғамға қызмет етуден шыға отырып, азаматтық қоғам институттарымен бiрлесiп, сөз, дiни ұстаным, жиылыстар бостандығын, азаматтардың бiрiгуге, әдiл сотқа, таза да ашық сайлауға құқығын мүлтiксiз қамтамасыз ететiн болады.  
      Мемлекет азаматтық қоғам институттарының мақсаттары бойынша әртүрлi қызметiн құру және дамыту үшiн жағдайды заңнамалық түрде қамтамасыз етедi. Кәсiби-бейiндi негiзде азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық жасау билiк үшiн мiндеттi шарт болады. Мемлекеттiк бағдарламаларды, республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру жеке адам мен қоғам қажеттiлiктерi негiзiнде және оларды ескере отырып жүргiзiледi.  
      Елдегi еңбек қатынастары әлемдiк стандарттар деңгейiне жетедi. Экономикалық өсу қызметкерлердiң еңбекақысын арттыруға ықпал етедi. Елде мемлекеттiң, жұмыс берушiлер мен кәсiподақтардың әлеуметтiк серiктестiгi еңбек және әлеуметтiк-экономикалық салалардағы мүдделердi келiсудiң тиiмдi тетiгiне айналады.  
      Азаматтық қоғамның экономикалық құрамдас бөлiгiндегi шағын және орта бизнесiнiң үлесi айтарлықтай өседi.  
      Азаматтық қоғам институттары мемлекеттiк органдардың тапсырысы бойынша әлеуметтiк маңызы бар жобаларды жүзеге асырады, мониторинг жүргiзiп, түрлi әлеуметтiк-экономикалық проблемалар бойынша қоғамдық пiкiрдi зерделейдi.  
      Қоғамдағы саяси партиялардың ролi нығаяды, бұған заңнаманы демократияландыру, саяси партияларды мемлекеттiк қолдауды ұлғайту, Қазақстан Республикасының Парламентiндегi және мәслихаттардағы партиялық фракциялардың рөлiн күшейту ықпал ететiн болады.  
      Мемлекет пен азаматтық қоғам институттары өмiр сүру сапасының қазiргi заманғы стандарттарына қол жеткiзу және адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында халыққа мемлекеттiк қызмет көрсетулер сапасын арттыруға ұмтылады.  
      Мүмкiндiгi шектеулi адамдар әлеуметтiк қорғаудың жаңғыртылған мемлекеттiк жүйесi мен тиiстi заңнамалық база жасау негiзiнде өздерiнiң азаматтық құқықтарын iске асыруы үшiн жағдаймен қамтамасыз етiледi.  
      Мемлекет саяси ағартудың және тиiмдi келiссөздер жүргiзу мен жанжалдардың алдын алу мен оларды шешу дағдысына оқытудың ауқымды жүйесiн құрады.  
      Сот практикасымен қатар қоғамдық, тұлғааралық жанжалдар мен дауларды шешудiң баламалы тәсiлдерi қолданылады, ұлттық менталитет пен тарихи тәжiрибенi ескере отырып құрылған мүдделердi келiсудiң (үйлестiрудiң) тұтас жүйесi әрекет етедi.  
      Бұқаралық ақпарат құралдары ел өмiрiн объективтi бейнелейдi және қоғамдық мүдделер мен құндылықтарды қорғауға бағдарланады.

Информация о работе Тұжырымдаманы iске асыру мерзiмi мен кезеңдерi