Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Октября 2013 в 09:33, реферат
ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бергі уақыт әлемінің жекелеген халықтары мен өркениеттері үшін ірі дүмпулер мен өзгерістер заманы ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзат тағдырындағы бетбұрыс кезең де болып отыр. Осы “Ұлы жаңару кезеңі” (Л.Снайдер) әлемдік дамудың екі қарама-қарсы тенденцияларын: дүниежүзі елдерінің бір-бірімен барынша тығыз жақындасуы (ғаламдану) және әлемдегі әр түрлі өркениет ошақтарының оқшаулануы, өз ұлттық аймағындағы оқшаулануы (локалдану) сияқты тенденцияларды байқатып отыр. Алайда, болашақ осы екі беталыстың алғашқысында екеніне күмәніміз жоқ.
Кіріспе ––––––––––––––––––––––––––––––––––– 3
І тарау. Араб мемлекетінің құрылуы ––––––––––––––––10
ІІ тарау. Арабтардың Орта Азияны жаулап алуы ––––––––– 18
ІІІ тарау. Араб жаулап алушылығының Орта Азияға тигізген
ықпалы –––––––––––––––––––––––––––––––––––25
Қорытынды –––––––––––––––––––––––––––––––35
Пайдаланған әдебиеттер тізімі –––––––––––––––––––– 38
Соңғы жылдардағы тарих ғылымының жетістіктері арабтардың көне замандардан-ақ өркениетті халық болғанын, оңтүстік араб тайпаларының қуатты мемлекеттері және жоғары дамыған өзіндік рухани және материалдық мәдениеті болғанын дәлелдеп берді. Азия, Африка мен Европаның байланысқан жеріндегі географиялық жағынан қолайлы аймаққа орналаса отырып, Аравия ерте замандардан-ақ адамзат мәдениетінің бесігі болған Египет және Месопотомиямен тығыз байланыста болды, сондай-ақ Жерорта теңізі елдерінің Шығыс Африкамен және Үндістанмен байланысының жолында жатты. Бұл жағдайлар арабтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму дәрежесіне оң ықпал етпеуі мүмкін емес еді.
Қазіргі таңдағы ғылым дамуының жетістіктері арабтарды тек көшпенді, тағы халықтар ретінде көрсеткен ұғымдардың негізсіздігін көрсетіп отыр. Исламға дейін-ақ арабтарда шаруашылықтың екі типі – отырықшы және көшпелі түрлері бар. Арабтар, соның ішінде, әсіресе, Оңтүстік Палестина мен Солтүстік Аравияның набатей тайпалары жер өңдеуді өте жақсы игерген, күрделі ирригрциялық құрылыстар тұрғызуды білген. Набатей қалаларында құрылыс өнері кең тараған, ал оның негізінде “набатей архитектурасы” сияқты өзіндік құрылыс пайда болады.1 Б.з.д. ІV ғасырдың өзінде-ақ набатейлер Өлі теңіздің жағалауында ашық әдіспен сымала өндіріп, Египетке сатып отырған, одан египеттіктер мумия жасап отырғаны белгілі. Набатейлер темір мен мыс өндіріп, қорытуды білген; б.з.д. ІV ғ. немесе одан да бұрынырақ олар Индия мен Египет, Италия арасындағы саудаға араласып, қалампыр, бұрыш сияқты татымдылық беретін және хош иісті заттармен (приятности и благовония) сауда жасап отырған.2
Сондай-ақ Орта Азияға келмес бұрын арабтар көне шығыстық өркениетті елдері – Византия мен Иранды жаулап алғанын ескеру керек, мұның өзі арабтардың рухани және материалдық мәдениетіне айтарлықтай оң ықпал еткен еді.
Жауынгер арабтардың соңынан үнемі қалалық араб жүріп отырды, – дейді В.В.Бартольд.3 Жаулап алған елдерінде араб мәдениетін орнықтыру ісінде дәл осы қалалық арабтар басты рөлді атқарды. Арабтар әсіресе Иран мен Түркістанда қалалық өмірдің дамуына және қалалар типінің өзгеруіне ықпал етті. Арабтар жаулап алғаннан кейін қала дуалдарының тар шеңберіне әрең сиып тұрған, барынша тығыз орналасқан Орта Азия қалалары ІХ ғ. бұл шеңберден құтылып, қала маңы шеңберіне кеңінен жайылып орналаса бастайды. Енді қаланың қауіпсіздігін оның дуалдары емес, мемлекеттің күш-қуаты қамтамасыз ететін болды.4 Мұсылмандық дәуірге дейінгі қалалар қамалдан (цитадель) және қаланың өзі – шахристаннан тұрушы еді. Сауда алаңы қала дуалының ішінде емес, сыртында – қала қақпасымен қатар орналасатын; базар сөзінің алғашқы мағынасы да (“қақпа алдындағы іс”) осыған сәйкес келеді. Арабтар тұсында қала өмірі ескі шахристандардан сауда-өнеркәсіп топтары тұрған қала түбіндегі елді мекенге (рабат) ауысады; бірте-бірте бұл жерлерде де бұған дейін Алдыңғы Азия елдерінде болған қала типі қалыптасты; мұндай қаланың ерекшелігі базарлар қаланы шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке қарай қиып өтетін басты көшелердің бойында орналасатын және осы көшелердің қиылысында қаланың басты мешіті орналасты.
Мұсылман дінінің таралуымен Орта Азияны мекендеген халықтар тән тазалығына үйрене бастады. Мұны Махмұт Қашқари айғақтайды.1 Сондай-ақ осы аймақта қоғамдық моншалардың пайда болуы да ислам діні таралғаннан кейін болған өзгерістер қатарына жатады. Орта Азияда моншалар VІІІ ғ. бастап салына бастады. Үлкен қалаларда ондаған (60-80) моншалар болған. Жалпы моншалардың бұл көптеп салынуы исламның жаппай таралуымен тікелей байланысты болса керек, өйткені мұсылман діні адамның жан тазалығымен бірге тәнінің тазалығын да талап етеді.
Біз қарастырып отырған дәуірде Орта Азия халықтарының саудағы деген қатынасы өзгереді. Бұл жағдай бір жағынан исламның саудаға қатынасымен түсіндірілсе, екінші жағынан әр түрлі елдер арасындағы шекараларды жойып, мұсылмандар үшін баж салығын төмендеткен халифаттың Ұлы Жібек жолы бойымен сауда керуендерінің еш қауіп-қатерсіз, еркін түрде жүруіне ықпал етуінен деп түсінеміз.
Мұсылман қоғамының бүкіл қаймағы (элита) – Мұхаммед пайғамбардың барлық серіктері – саудагерлерден, қолөнершілерден, т.б. тұрды, бірақ олардың қатарында бірде-бір көшпелі бәдәуи болған жоқ, – деп жазды Беленицкий.2
Ислам, шынында да, саудаға және саудагерлерге оң көзбен қарағаны белгілі. Құранда саудамен айналысу барынша дәріптеледі (4 : 38, 64 : 10). Кейбір зерттеушілер саудаға деген мұндай қатынасты “Мұхаммедтің діні алғашқыда орташа саудагерлерді экономикалық жағынан біріктірудің құралы болуынан” деп түсіндіреді.3 Құран өсімқорлықты қатты сынға алып, айыптайды, алайда мұның өзі саудамен айналысудың артықшылығын көрсету үшін жасалады (2 : 276). Саудаға осылайша құрметпен қараған құран, сондай-ақ, жеке меншікті де Алланың қасиеті деп бекітеді. Мұсылман құқығы мен этикасы мұсылманға лайықты өмір салты деп ауқатты, экономикалық жағынан тәуелсіз қала тұрғынының өмір салтын есептеді.
VІІІ ғ. басында бүкіл Орта Азияны арабтар жаулап алып, әкімшілік-басқару жүйесін өз қолына алды. Олар бұл жерде ислам дінімен бірге араб жазуын да енгізді. Осы территорияда бұрын үстем болған парсы (тәжік) тілі енді араб тіліне орын берді. Барлық қалалардағы діни білім беретін бастауыш және басқа да дәрежедегі оқу орындарында сабақ араб тілінде жүрді. Жергілікті ақсүйек өкілдері араб мәдениетін тез қабылдап, араб тілін үйреніп алды және арабтармен бірге елді басқаруға қатысты. Дін мен жазудың ортақтығы, араб тілін пайғамбар тілі деп және оны игеру – Құдайға жағымды іс деп білу Орта Азиядағы араб тілінің позицияларын барынша нығайтты.
Арабтар Орта Азияны жаулап алғанға дейін-ақ бұл аймақты отарлай бастаған еді. Мысалы, VІІ ғ. екінші жартысында 50 мың араб өз отбасыларымен Орта Азияға қоныстанады. Ал енді жаулап алғаннан кейін тұрғын үйлерінің жартысын арабтарға беру жергілікті халыққа міндеттелді. Арабтар билігінің алғашқы дәуірінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халық барлық салықтар мен міндеткерліктерден босатылды. Осы факторлардың бәрі аз ғана уақыт ішінде араб тілін бірінші орынға шығарып, үстем тілге айналдырды. Жергілікті түркі тілді және иран тілді халықтардың белгілі бір бөлігі үшін ол әдеби және ауызекі сөйлеу тіліне айналды. Араб тілі ресми тіл болды – арыздар мен өтініштер осы тілде жазылды және бұйрық-жарлықтар мен заңдар да осы тілде шығып тұрды.
Араб тілінің қолданылуы одан әрі кеңеюі аббасилер билігі дәуірінде іске асырылды. Аббасилер қозғалысы, тек арабтарға ғана беріліп келген артықшылықтарға қарсы бағытталды. Шыныда да, VІІІ ғ. ортасында араб үстемдігі айтарлықтай әлсіреп, бұған дейін халифаттың тірегі болған арабтардың тайпалық жасағы өзінің бұрнғы маңызын жоғалтты, арабтар мемлекеттік табысты иемденудегі ерекше құқықтарынан айырылып қалды, бұрынғы клиенттер (маула) өмірдің барлық салаларында арабтармен теңдікке қол жеткізді. “Арабтар” деген ұғымның өзі өзгеріске ұшырап, тек тууы бойынша арабтар ғана емес, сондай-ақ араб тілін меңгерген барлық мұсылмандар осылай аталатын болды. Билеуші топтар, шенеуніктер мен армия құрамында үлкен өзгерістер жасаған аббасилік төңкеріс жергілікті халықтың, әсіресе, Иран мен Орта Азия халықтарының жаппай ислам дініне өтуімен бірге жүрді. Ислам дінін жаппай қабылдау өз кезегінде араб тілін жаппай меңгеруге ұмтылушылықты туғызды.
Әрбір мұсылман өз зердесіне орай араб тілін үйренуге міндетті, өйткені ол осы тілде “Алла жалғыз, оның ешбір серігі жоқ, ал Мұхаммед оның елшісі” деген сөзді айта алуы және құранды осы тілде оқи алуы тиіс. Ислам дінінің осындай араб тілі жөніндегі атақты қайраткерлерінің ойлары мен пікірлері бұл тілдің өрісінің кеңеюінде айтарлықтай рөл атқарғаны түсінікті.
Араб тілінің кезінде түркі тілдеріне тигізген әсері мол болған рас. Алайда, бұл тілдік құбылысты сыңаржақты процесс ретінде түсінуге болмайды. Түркі тілдес халықтардың тілі де өз кезегінде араб әдеби тіліне едәуір ықпал еткені тарихи деректерден жақсы мәлім.
Орта Азиядан шыққан ортағасырлық ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, әл-Жауһари, әл Түркістани, Махмұт Қашқари, Низами Гянджеви, Мұхаммед ибн әл-Хорезми, Әли ибн-Сина, Рудаки, т.б. жоғарыда көрсетілген тарихи себептерге байланысты өз еңбектерін араб тілінде жазды. Бұл араб ғылымы мен мәдениетінің ғана емес, араб әдеби тілінің де дами түсуіне, ғылыми терминологиясының қалыптасуына зор әсер еткені мәлім. Түркі тілдес халықтардан шыққан орта ғасыр ғалымдары өз шығармаларында реті келгенде түркі тілдерінің лексикалық элементтерін де ұтымды түрде пайдаланып отырды. Сөйтіп түркі тілінің бірқатар элементтері араб тіліне бірте-бірте сіңісіп кетті.
Бұған бір ғана мысал келтірсек те жеткілікті. Отырарда туған энциклопедист-ғалым әл-Фараби музыка теориясы мен практикасынан “Китаб әл-мусика әл-кабир” (“Музыканың ұлы кітабы”) деген аса құнды ғылыми еңбек жазғаны белгілі. Міне, осы кітапта музыка терминдерінің бірқатары түркі сөздері болып келеді. Мысалы: ачқи (скрипка кілті) – кілт, ашиқ (асық – ағаштан не сүйектен жасалған тиек), тизлик (екі үннің, ладтың қосындысына сәйкес келетін музыкалық қарқын (темп), пәстлик (дәл осындай музыкалық пәс, яғни төмен дыбыс), т.б.1
Махмұт Қашқари өзінің атақты еңбегін мұсылман дәуірінде түркі тілі белең ала бастаған дәуірде жазса керек. Ол еңбегінің кіріспесінде: Мен Тәңірінің дәулет ұясын түріктер топырағында жатқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын көрдім. Тәңірі оларды “Түрік” деп атады және оларды мемлекетке еге қылды. Заманымыздың Хакандарын түріктерден шығарды, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен оларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады. Олармен бірге басқалар да нана бастады. Сол себепті түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдеді.2 “Диуанды” жазудағы Махмұттың негізгі мақсаты түркі тілінің мәртебесін жоғары көтеріп, оның араб тілінен ешқандай кемдігі жоқ екендігін дәлелдеу болған”, – дейді А.Н.Кононов.
Сонымен жоғарыда қарастырған мәселелерді қорыта келіп, халифат дәуіріндегі халықтар арасындағы мәдени байланыс сыңар жақты болмағанын, араб тілі түркі тіліне тек біржақты ықпал етіп қана қоймай, бұған кері процесс те жүргенін, яғни халықтар арасында шын мәнінде мәдени алмасу болмағанын атап айтуға болады.
Араб үстемдігінің алғашқы дәуірінде халифатқа кіретін барлық халықтар сияқты түріктер арасында да мазмұны мен сипатына қарамастан кітаптар негізінен араб тілінде жазылды. Бұл жағдай ең алдымен, ол дәуірде Орта Азияның әдебиеті және әдеби тілінің дамуымен түсіндіріледі. Осындай жағдайда түркі тілінде жазылған шығарма үлкен беделге ие бола алмас еді, ал араб тілінде жазылған еңбек Орта Азиядан Испанияға дейінгі мұсылман елдеріне кең тарай алатын.
Орта ғасырлық араб-мұсылман қоғамдық ойға және философияның қауырт дамуына ықпал еткен фактор – Шығыс пен Батысты біріктірген алып империя – Халифаттың құрылуы болды деп айтып кеттік. Халифат өз құрамына ежелгі өркениет ошақтары болған Египет пен Месопотомияны, Сирияны, Иран мен Орта Азияны, Европаның бір бөлігін біріктірді. Осы ұлан-байтақ территорияда әр түрлі халықтардың жасампаздық әрекетімен қалыптасқан жаңа өркениеттің ең көрнекті, керемет белгілері – универсалдық, дін тұтынудағы еріктілік, өзінен бұрынғы мәдениеттердің, яғни грек, көне иран және үнді мәдениеттерінің ең үздік жетістіктерін игеру болды.1 Умманың (мұсылмандар қауымы) барлық өкілдерін, ұлттық белгісіне қарамай, тең құқықты деп мойындаған ислам идеологиясы әмбебап сипатта болды. Әлеуметтік және географиялық “шекарасыздықты” сезіну ғылым мен өнердің қауырт дамуына ықпал етті. Атақты түрік ғұламасы әл-Фарабидің жеке тұлғасы мен шығармашылығы осының айғағы: халифаттың шеткері аймағы – Орта Азиядан шыға отырып ол ең алғашқы және ең ірі араб-мұсылман философы болды.
Халифатта білімділік ең жоғарғы қасиет деп танылды. Бұны “Ғылымды Қытайдан болса да іздеп тап” деген Мұхаммед пайғамбардың хадисі айқын көрсетеді. Ғылым іздеп саяхат жасау мұсылман дәуірінің алғашқы ғасырларынан бастап-ақ ғылым-білім іздеудің міндетті шеңберін аяқтап отырды. Атақты ғұламаларды тыңдау үшін білім іздеушілер Андалусиядан Бұхараға, Бұхара мен Бағдадтан Кордоваға сапар шегетін.2 Ешқандай шекаралық межелері жоқ ұланғайыр империя мұндай саяхаттарға жағдай жасады.
Тарих қойнауына неғұрлым тереңдеп енген сайын біз жекелеген тайпалардың, халықтар мен этностардың абсолютті түрде жеке-дара, басқа халықтармен мәдени байланыстарсыз-ақ дамуы туралы “теорияның” дәйексіздігіне көз жеткіземіз. Әлемдік мәдениет дамуында із қалдырған аса көрнекті жеке тұлғалар шын мәнісінде адамзат мәдениетінің біртұтастығын паш етіп келеді.
Дәл осындай бүкіләлемдік тарихи тұлғалардың қатарына ортағасырлық түріктер топырағынан шыққан дара тұлға Әбу Насыр әл-Фараби де жатады. Әл-Фарабидің тарихтағы рөлі ол қабылдаған мәдени дәстүрлердің ауқымдылығымен анықталады. Ол туған елінің мәдени байлығын, иран, үнді, антика мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дәл сондықтан да ол тайыз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле біліп, өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Міне, сондықтан да оның есімі әлемдік мәдениеттің құрметті пантеонына енген. Бұл есім өзінің ізбасарлары болған Сократ, Платон, Аристотель, Эвклид, Птоломейлердің есімдерімен және әл-Фарабидің екінші ұстаз деп мойындап, оның творчестволық ойларын әрі қарай жалғастырушылар Ибн Туфейль, Ибн Рушид, Маймонид, Галилей, Спиноза және басқалармен бір қатарда тұрады. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала біліп, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Ол терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір ғылым саласы жоқ деуге болады.
Андалусия ойшылдары Ибн Туфейль, Ибн Рушид, Маймонидтер өз кезінде әл-Фарабидің логик ретіндегі маңыздылығын жоғары бағалаған. Әл-Фараби логика бойынша толық еңбектерін Аристотельдің “Органонына” комментарилер түрінде жаза отырып, ол іс жүзінде өз органонын жасады, сол үшін де “Муалим ас-сани” – “Екінші ұстаз” деген атаққа ие болды.1
Әл-Фарабидің дүниетанымына синкретизм және әмбебапшылдық тән болды. Оның дүниетанымы түрік-ислам синтезінің іс жүзіндегі жемісі еді. Әбу Насыр әл-Фараби – Сыр бойының қыпшақ тайпасынан шыққан. Ұлы ойшыл туралы жазған араб ғалымдары (Әл-Кифти, Ибн Халихан) әл-Фарабидің өзінің түріктік тегі мен тарихи отанын ешқашан ұмытпағаны жөнінде атап айтады. Бұған оның “ат-Түрки” деген ныспысы да айғақ. Ең соңғы күндеріне дейін алыс Шамда өмір сүрген ол өзіне аса қымбат түркілік бас киімі мен киімін тастамаған.2 Айтайын дегеніміз әл-Фараби тексіз, отансыз, өз ата-бабаларына бас тартқан жоқ. Сонымен бірге оның дүниетанымының өзегі исламдық универсалдылық, яғни нәсілдер мен халықтардың, мәдениеттердің исламдық рухани принциптері негізінде бірігу идеясы болды. Әл-Фарабиді әлем мен адамның біртұтастығы идеясын жақтаушылардың қатарына жатқызуға болады. Оның бұл көзқарасының қалыптасуына ең алдымен басты дүниетанымдық ұстанымы діни монизм (бірлік) болған, Құдайды алғашқы себеп, дүние мен адамды жаратушы деп мойындаған ортағасырлық араб-мұсылман өркениетінің жағдайлары ықпал етті. “Алладан басқа Құдай жоқ” деп жариялаған ислам өзінің пайда болған уақытынан бастап әлем мен адамның біртұтастығын (таухид), адамгершілік пен құқықтық шарттардың, сенім мен іс-әрекеттің және сондай-ақ жалпы ислам қоғамының біртұтастығын үнемі бекітумен болған еді.