Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің дамуының тарихы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Октября 2013 в 13:14, реферат

Описание работы

Каротаж (французша сarottage – бұрғылау керні, латынша carota – сәбіз) – бұрғылау ұңғымаларында жүргізілетін арнаулы геофизикалық зерттеулер кешені.
ұңғыма оқпанының қимасындағы тау жынысы қабаттарын жіктеу және оларды өз шендестерімен сәйкестіру;
ұңғыма оқпанының қимасына тән мұнай, газ, көмір қабаттарын, радиоактивті, полиметалды, тағы басқа кендердің қабаттарын анықтау және барлау;

Файлы: 1 файл

Өзіндік жұмыс 5.doc

— 192.50 Кб (Скачать файл)

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының басында Доссордағы сыйымдылықтардың жалпы көлемі 37482 т-ны, ал Мақаттағы бұл көрсеткіш 16142 т-ны құрады. Ракуштың мұнай айдау зауытында 141717 т мұнай, 5528 т дистиллят, ал Ескененің қорқоймаларында 1394 т мұнай шоғырланды.

1926-27 жылдары «Ембімұнай» кәсіпшіліктері мұнайды терендік сорғыштар мен компрессорлар көмегімен өндіруге көшті. Нақ осы кезеңдерде табиғи газ қазандықтарды жылытуға және тұрмыс қажеттіліктерін өтеуге пайдаланыла бастады. Доссорда газ құбыры тартылды, игеоім ұңғымалары осы құбырға жалғанды

Батыс Қазақстанның геологиялық құрылысын зерттеудің және оның мұнайлылығын бағалаудын алғашқы  кезеңінде бір топ ғалымдар мен  мамандардың зерттеулері маңызды  рөл атқарды, олар – Каспий маңы бойынша С.Никитин, П.Православцев, А.Замятин, С.Миронов және Н.Тихонович, ал Маңғыстау аймағы бойынша Н.Андрусов және М.Баярунас эерттеулері. Бұл кезеңдегі зерттеу нәтижелерінің геологиялық тұрғыдан маңыздылары мыналар: юра, бор және кайназой түзілімдерінің стратиграфиясының жасақталуы; Каспий маңы өңіріндегі құрылымдардың тұзкүмбезді табиғатының анықталуы, оның тектоникалық сұлбасы құрастырылуы; Н.Андрусов тарапынан күрделі құрылысты Маңғыстау мегантиклинінің даралануы; мұнайлықтың жалпылама шарттарының белгілі болуы және кейбір кенорындардың ірі масштабты карталарының құрастырылуы; мұнайлылықтың түпнегіз қатқабаттары жайлы түсініктердің жасақталуы (С.Никитин бойынша, борлық түзілімдер, А.Замятин мен Н.Тихонович бойынша, юралық түзілімдер).

 

Қалыптасу кезеңі

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында Ембінің мұнайшылары айналмалы роторлық бұрғылауды қолдана бастады, мұның өзі бұрғылау жұмыстарының дамуына, ұңғыма тереңдіктерінің артуына, мұнай жатындарын аршу және оларды барлау қарқынының жеделдетілуіне септігін тигізді. Айналмалы бұрғылау КСРО-да алғаш рет Ембіде қолданылды, мұның нәтижесінде бұрғылау тереңдігі айтарлықтай өсті. Мәселен, 1929 жылы бұрғылаудың орташа тереңдігі 196,7 м болса, 1932 жылы бұл көрсеткіш 637,7 м-ге жетті. Ембі мұнайшылары КСРО-да және бүкіл Еуропада алғашқы болып сол кез үшін аса терең бұрғылау шараларын жүзеге асыруға қол жеткізді – Доссор мен Мақатта тереңдігі 2500-2800 м-ге жететін ұңғымалар бұрғылана бастады.

1927 жылы Халық шаруашылығы  Бүкілодақтық Кеңесінің мұнай  өнеркәсібі кеңесі отырысында  жасаған «Орал-Ембі ауданының  даму перспективалары» атаулы баяндамасында И.М.Губкин былай деп атап көрсетті: «Барлау жұмыстарының алғашқы кезеңдері өткен ғасырдың аяқ шеніне, яғни 1889 жылға сәйкес келеді. Алғашқы жұмыстар Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қаратоннан шамамен 35-40 км қашықтықта орналасқан Қарашүңгіл шатқалында Леманның тарапынан жүзеге асырылды. Осы Қарашүңгілде Леман 17 саяз ұңғыма бұрғылады, 1899 жылдың қараша айында сол ұңғымалардың бірі 40 метр тереңдіктен мұнай бұрқағын берді, мұндағы мұнай ағымы тәлігіне 90000 пұтқа жетті. Мұндай нәтиже аталған ауданға өзге де мұнай кәсіпкерлерінің қызығушылығын тудырды, сөйтіп 1916-1917-ші жылдары «Ембі-Каспий» бұл өңірде орташа тереңдігі 150 м-ге жететін 14 бұрғылау ұңғымасын тіктеді». Бұдан әрі И.М.Губкин Ембі аймағының дамуы мәселесіне өте ыждағаттылықпен қарау қажеттілігін айта келіп, былайша түйіндейді: «Менің ойымша, мемлекеттің Ембімұнайға көмектесуі дұрыс болған болар еді. Көмек әр түрлі бағытта берілуі мүмкін: мәселен, Ембімұнайды Доссор мен Мақатты игеруден түскен табысқа салынатын бүкіл салықтардан және өзге де қарыздардан біржолата босату, сөйтіп бүкіл табысты барлау жұмыстарын одан әрі дамытуға бағыттауға мүмкіндік беру» (ҚР Орталық архиві, 196-ы қор, 1-і жазба, 234-і іс).

Батыс қазақстандағы  геологиялық іздеу жұмыстарына жалпылама басшылық КСРО-ның Бүкілодақтық Халық шарушылығы кеңесінің Бас тау-кен-отындық басқармасының Геологиялық комитеті тарапынан жүзеге асырылды. Орал-Ембі ауданының дамуына И.М.Губкин ерекше мән берді.

КСРО Ғылым Академиясының 1931 жылы болған төтенше сессиясында жасаған баяндамасында И.М.Губкин «Орал-Ембі ауданын қарқынды және батыр түрде барлау бұл ауданды ондаған миллион тонна мұнай беруге қабілетті шын мәніндегі ғаламат ауданға айналдыруы мүмкін. Бұл ауданды дамытуға қаржыны аямау қажет және оған деген қызығушылық бір сәтке де толастамауы тиіс», - деп атап көрсетті.

Батыс Қазақстан аумағында  геологиялық барлау жұмыстарын дамытудың  қарқынды кезеңі 1925-1926 жылдарға сәйкес келеді.1925 жылы, «Ембімұнай» тресінің жұмысын саралау нәтижесінде, мұнайшылардын алдына жаңа да нақтылы міндеттер қойылды: 5-7 жыл ішінде Ақтөбе облысының солтүстік аудандарының (Темір ауданының) ауқымындағы ауданы 3500 шаршы шақырым аумақтағы мұнайгаздылықтың белгілері анықталған құрылымдарды барлау шараларын жүзеге асыру. Осы міндеттерге сәйкес, 30-шы жылдардың бас шенінде мұнай іздеу жұмыстары Оңтүстік Ембіден тысқары өңірлерге, атап айтқанда Ақтөбе облысының аумағына қарай ауысты. Осыған байланысты «Ақтөбе мұнай барлау» аймақтық тресі құрылды, бұл трест «Қазмұнайбарлау» тресі деп аталды, ол Гурьев қаласында орналасты. Мұндай құрылымдық өзгерістер мұнай саласындағы жұмыстарды функциялық тұрғыдан даралу қажеттілігінен, яғни мұнайды өндіретін және мұнай кенорындарын іздеу мен барлау шараларын жүзеге асыратын құрылымдарды бір-бірінен оқшаулау қажеттілігінен туындады, себебі аталған екі функцияны бір орталықтан басқару мұнай саласын өте ірі және икемсіз құрылымға айналдырды, сөйтіп мұнай-газ кенорындарын іздеумен және барлаумен байланысты жүргізілетін жәдәл шараларды жүзеге асыруда айтарлықтай қиындықтар туғызды.

1931 жылы жаңадан құрылған «Ақтөбе мұнай барлау» тресі тарапынан Ақтөбе облысы ауқымында қойылған №10 ұңғыманы бұрғылау нәтижесінде Шұбарқұдық кенорны ашылды. Екі жыл өткеннен кейін Жақсымай кенорны дүниеге келді. Бұл екі кенорынды да игеру «Ембі мұнай» тресінің құзырына берілді. Жоғарыда аталған жаңадан ашылған кенорындар мұнай тазалайтын және өңдейтін аса ірі сыйымдылықтар орналасқан Гурьев қаласынан айтарлықтай қашықтықта болғандықтан олардан алынған мұнайды тасымалау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл мәселе Гурьев – Қандыағаш темір жол торабын салу нәтижесінде шешілді, бұл темір жол Шұбарқұдық және Жақсымай кенорындарын Доссормен және Мақатпен жалғауға мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың басы шенінде геологиялық барлау жұмыстарының ауқымы айтарлықтай артты, бұған Ақтөбе облысының ауқымды аумағында барлау жұмыстарымен қамту шаралары айтарлықтай үлес қосты. Осы кезеңдегі 5 жыл ішінде Батыс Қазақстанның мұнай байлығын зерттеу мәселесімен жалпы саны 135 геологиялық және геофизикалық партиялар айналысты. Мұның өзі жұмыс көлемінің еселей артуына мүмкіндік берді. Мәселен, аймақтың мұнай байлығын мемлекет меншігіне өткізгенге шейін жалпы ұзындығы 42328 метр ұңғыма бұрғыланса (жылына орта есеппен 5300 м), 1920 жылдан кейінгі оншақты жыл ішінде 284 метр (жылына орта есеппен 20600 м) ұңғыма бұрғыланды. 1920 жылдан 1929 жылға дейінгі аралықта Орал – Ембі ауданының кәсіпшіліктерінде 1630 мың тонна мұнай өндірілді, бұл көрсеткішреволюцияға дейін өндірілген бүкіл мұнай өнімінен 19 %-ға артық. Мұнай ең көп өңдірілген жыл – 1931 жыл, бұл жылы 417536 тонна мұнай алынды.

Қазақ Автономиялық республикасының  Халық Комиссарларының кеңесі 1934 жылдың 29 қаңтарында №86-шы арнаулы  қаулы қабылданды, ол «Ембімұнайды» дамыту шаралары туралы» деп аталады. Бұл қаулыға сәйкес, «Ембімұнай» тресіне Қосшағыл және Ескене кенорындарын іске қосу, осы кәсіпшіліктерде электр станцияларын салу және оларды пайдалануға беру, мұнай қоймаларын тұрғызу және су құбырын тарту міндеттері жүктелген. Аталған қаулыда Мақат – Қосшағыл темір жолын салу және бұл жолдың Ескене торабын тарту мәселесіне айырықша көңіл бөлінген. Мұнайшыларды қалыпты тұрмыстық жағдайлармен қамтамассыз ету мәселесі де ұмыт қалмаған Гурьев қаласында және мұнай кәсіпшіліктерінде тұрғын ұйлер тұрғызу, сол сияқты қосалқы шаруашылықтар (бау-бақша, сүт фермалары, мал шарушылығы) ұйымдастыру ұсынылған. Бұл қаулыда құзіретті органдарға мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс істеуге 2000 жұмысшы және 1000 білікті құрылыс мамандарын тарту мәселесін шешу жүктелген (Атырау облыстық Мемлекеттік архив, 7-і қор, 1-ші жазба, 38-ші іс, 1-2-ші беттер).

1925 жылы, Еуропада алғашқы геофизикалық тәжірибелер пайда болғаннан кейін (1912-1912 жылдар, Этвеш), Ембі мұнайлы ауданында зерттеудің геофизикалық әдістері қолданыла бастады, атап айтқанда, Б.Нумеровтың басшылығымен Z-40 вариометрмен гравитациялық түсіру әдісі тексеріліп көрілді. Ауырлық күшін айналмалы кірлермен өлшеу картаға түсіру барысында және Каспий маңы ойысы жағдайында күбездердің тұзды ядроларының орналасу тереңдігін анықтауда бірден-ақ өз тиімділігін көрсетті. 1930 жылы «Ембімұнай» тресі жанынан геологиялық барлау кеңсесін құру барысында болашақ кеңес академигі Э.Фотиадидың басшылығымен дербес гравиметрлік сектор ұйымдастырылды. Бұл геологиялық барлау кеңсесі 1932 жылы, жұмыс көлемінің артуына байланысты, трестен бөлініп шығып, дербес «Қазмұнайгеофизика» тресі болып қайтадан құрылды.

1940 жылға дейін 1:100000-1.200000 масштабтардағы 92 картаға түсіру жұмыстары орындалды. 1932 жылдан бастап тұзкүмбезді құрылымдарды саралау барысында 1:25000-1:50000 масштабтарда картаға түсіру жұмыстары пайдаланылды. 1930-37 жылдары Үстірт аумағы маятниктік бойқаулардың сирек торабымен жабылды. 1940 жылы біршама қымбат тұратын Я-40, S-20 т.б. вариометрлердің орнына өнімділігі жоғары, әрі арзандау әр түрлі типтегі гравиметрлер қолданыла бастады.

Сынған толқындар әдісін қолданған  алғашқы тәжірибелік сейсмобарлау жұмыстары Ембі мұнайлы ауданында 1929 жылы тұз күмбездерін зерттеу  мақсатында жүргізілді. Бұл әдісті қолдану ядроларының пішіні мен орналасу тереңдігін анықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 1934 жылдан бастап тұзүсті түзілімдерін жіктеу мүмкіндігін анықтау мақсатында шағылған толқындар әдісі жүргізіле бастады. 1931-1935 жылдар аралығында сейсмикалық зерттеулердің негізінен сынған толқындар әдісі, азырақ көлемде шағылған толқындар әдісі Торғай ойысында жүргізіліп, ондағы палеозойлық іргетастың орналасу тереңдігі анықталды. 1935-1936 жылдары сейсмобарлаудың сынған толқындар әдісі Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай орналасқан өңірдегі палеозойлық іргетастағы депрессияларды анықтау мақстында қолданылды. 1938-1939 жылдары шағылған толқындар әдісі, ал 1940 жылы сынған ьолқындар әдісі Қызылжар қаласы аймағында Батыс Сібір тақтасының шөгінді түзілімдері астында солтүстікке қарай сұғына түскен Орталық Қазақстан палеозойлық массивін көмкеріп жатқан мезозой-кайнозой қатқабатын жіктеу мүмкіндігіне қол жеткізді. 1934 жылдан бастап сейсмобарлау жұмыстары кең көлемде «Ембімұнай» және «Ақтөбемұнайбарлау» трестері, ал 1939 жылдан бастап «Қазақстанмұнайкомбинаты» тарапынан жүргізілді. Сейсмобарлау жұмыстарының көлемі үнемі артып отырды, және де 35 құрылым ауқымында жүргізілген 5331 км сейсмобарлау кескіндерінің 4620 км-і Батыс Қазақстан аймағына тиесілі болды. Сейсмобарлаудың қалыптасу кезеңі оны нақтылы геологиялық міндеттерді шешу үшін қолданып көру шараларымен орайласты.

Кескіндеу әдісімен электр барлау жұмыстары алғаш рет 1929 жылы Каспий маңы тұзкүмбезді құрылымдарында Мемгеолком тарапынан жүргізілді. Шлюмберже фирмасымен бірге жүргізілген тік бағытта электрлік зондылау әдісі 1930 жылы басталып, 1934 жылы толығымен тоқтатылды, себебі бұл әдіс арқылы алынған мәліметтерді сандық тұрғыдан саралау мүмкіндігі жоқ болып шықты. 1936 жылы Каспий маңы ойысында алғаш рет теллурлық зондылау әдісі тәжірибеден өтті.

1929 жылдан бастап Доссорда, Ескенеде, Новобогатта, Жаманкейкібаста жүргізілген  жүргізілген магнитметрлік жұмыстар  бұл әдіс тұзкүмбезді құрылымдарды  зерттеуде тиімсіз екендігін  көрсетті, сондықтан да 1931-37 жылдар аралығында тек қана өте сирек торапты бақылауға негізделген мемлекеттік магниттік түсіру жұмытары ғана жүзеге асырылды.

Ұңғымада жүргізілетін кәсіптік (каротаждық) геофизикалық зерттеулер Доссор, Мақат («Ембімұнай» тресі) және Мортық, Жуса т.б. («Ақтөбемұнайбарлау» тресі) кәсіпшіліктерде 1932-34 жылдарда жүргізіле бастады. Ұңғымалық каротаж, Шлюмберже фирмасымен бірге отырып, елесті кедеогілер әдісімен және өздігінен полюстену әдісімен жұргізілді. 1938 жыдан бастап барлық құрылымдық-іздестіру ұңғымаларында электрлік каротаж жүргізіліп келеді. Сол жылдары Гурьев қаласында «Ембімұнай» тресінің кәсіпшіліктерін қамсыздандырған дербес электрбарлау кеңсесі құралды (бастығы М.Қадысов). Ақтөбе облысының кәсіпшіліктерінде каротаж жұмыстарын дербес партия жүргізді.

Ембі мұнайлы ауданының дамуы  мәселесіне Бүкілодақтық Коммунистік  партияның 17-ші және 18-ші съездері үлкен  мән берді. Осы съездерде қабылданған  құжаттар мұнай байлығын іздеудің негізгі  бағыттарын анықтады. Оңтүстік Ембінің  мұнай кәсіпшіліктеріне басшылықты жақсарту және Солтүстік Ембінің жаңа аудандарын игеру мақсатында Халық Комиссарлар 1936 жылдың 22-23 желтоқсанында «Ембімұнай» тресінің құрамынан кәсіпшіліктердің Солтүстік (Темір) ауданын бөле отырып, соның негізінде «Ақтөбемұнай» тресін құру жөнінде қаулы қабылданды. Жаңадан құрылған трест бастығы лаузымына ірі маман, өндірістің талантты ұйымдастырушысы, кеңестің көрнекті ғалым-геологы И.М.Губкиннің шәкірттерінің бірі Я.В.Лаврентьев тағайындалды, ол бұған дейін бірнеше жыл «Ембімұнай» тресінің бастығы болған-ды (Байдосов З.Б., Нуржанов Р.Н., «Актюбинская нефть: история и современность» Ақтөбе, 2000ж.).

Жалпы алғанда, ол кезеңнің іздеу-барлау жұмыстары зерттеудің ұтымды кешенін  анықтауға мүмкіндік берді, бұл  кешенге ең алдымен гравибарлау  және сейсмобарлау кірген болатын. Іздеу мен барлаудың геологиялық-геофизикалық жұмыстарын одан әрі жаңдандыру қажеттілігі 1940 жылы республикалық масштабтағы геофизикалық қызметті ұйымдастыруға алып келді. Осылайша Қазақ геологиялық басқармасы жанынан М.Морозовтың басшылығымен геофизикалық топ құрылды.

1935 жылдың қараша айында КСРО  Ғылым Академиясының Ембінің  мұнай және химия өнеркәсібінің  дамуы мәселесіне арналған арнаулы  сессиясы болды, онда академик  И.Губкин нақтылы міндеттер қойды,  ол міндет – елдің шығысында  өзінің өнеркәсіптік қуаты жағынан Кавказдағы базадан кем түспейтін мұнай базасын құру. Екінші мұнай базасының ірі бөліктері ретінде Батыс Орал және Орал-Ембі мұнайлы аудандары қаралуы тиіс. Сессияда аталған аймақтарға ғылыми экспедициялар жіберу жөнінде шешім қабылданды. 1936 жылы Ембі өңіріне В.Батуриннің басшылығымен экспедиция аттанды. Экспедиция жұмысына қатынасқан Ю.Косыгин, И.Юркевич, А.Яншин сияқты ғалымдар тарапынан кунгур жікқабатына тиесілі шөгінділердің әр түрлі типтері хатталды, хемоген қатқабаттың кунгурлық көнелігі дәлелденді, ортаңғы юраның шөгінділері жіктемеленеді. Орал-Ембі мұнайлы облысы Хобда және Аралсор гравитациялық максимумдары арқылы екі бөлікке жіктелді, мұнайдың төменнен жоғары қарай жылыстайтындығы жайлы пікір айтылды, осыған сәйкес, таужыныстардың жинақтаушы қабілетін ескере отырып, лықсымыларға жақын мағдардан байқалатын мұнайдың сырт белгілеріне айырықша көңіл аудару қажеттілігі айтылды («Большая Эмба», 1937).

Мұнай саласының дамуы Гурьев облысымен  шектелген жоқ. 1930 жылы Шұбарқұдық тұз күмбезінен мұнай аршыған барлау ұңғымасы бұрғылана бастады, бұл жөнінде 1933 жылы академик И.М.Губкин Ғылым Академиясының сессиясында баяндады. Алты жыл өткеннен кейін мұнда мұнай кәсіпшілігі жұмысын бастады және кейінірек «Ақтөбемұнайбарлау» деп аталған «Ақтөбемұнай» тресі құрылды. Ұла Отан соғысы жылдары жақсымай кенорны іске қосылды. 1930 жылмен 1947 жыл аралығында Ақтөбе облысында 90-ға жуық ұңғыма бұрғыланды, ал 1958 жылы сол жылдары алғаш рет анықталған Кеңқияқ тұз күмбезінде крелиустік ұңғыма бұрғыланды. Осылайша өте ірі Кеңқияқ мұнай кенорны ашылды, оны барлау бірнеше жылға созыла отырып, 1962 жылы аяқталды. 1967 жылы бұл кенорын мұнай бере бастады.

1959 жылдан бастап тағы да бірнеше мұнай және газ кенорындары (Бостоғай және Қызылой) ашылды, бұлар 1967 жылы өнім бере бастады. Кейінірек Ембі өзені алабының солтүстік бөлігінен Құмсай, Көкжиде, Мортық т.б. кенорындар ашылды.

60-шы жылдары айтарлықтай тереңдіктерде орналасқан тұзасты түзілімдерінен мұнай мен газ кенорындарын іздеудің мол перспективалары ашылды. Тұзасты түзілімдері алғаш рет Жаңажол, ал 1967 жылы Құмсай іздеу алаңшаларында зерттелді.

1978 жылы Жаңажол мұнай-газ конденсаты кенорнынан, 3000 м тереңдіктен алғаш рет жоғары дебитті мұнай ағымы алынды. Бұл кенорын 1983 жылдан бері игерілуде.

1983 жылы Қожасай және Ұрықтау, ал 1987 жылы Синельников кенорындары ашылды, бұлардағы мұнайдың кәделі қорлары 115 млн т, конденсат 13 млн т, газ ондаған млрд. текше метр.

Информация о работе Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің дамуының тарихы