Ұлттық театрды дамытудағы шешендік өнердің орны

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Марта 2015 в 18:05, автореферат

Описание работы

Зерттеу жұмысының мақсаты халық аңыздарында, ауыз әдебиетінде кең орын алатын, толғау-эпостарда жиі кездесетін кестелі сөз шешендерінің көп алдына шығып, дәстүрлі айтыс, дау шешу әрекеттеріндегі театрлық элементтер мен олардың сахна өнеріне тигізер ықпалы және шешендік монологтар пайдаланылған көріністердегі актер шеберлігінің кәсіптік ерекшеліктері мен тұлғалық қасиеттерінің, алдымызда болған ата актерларымыздың сөз қадірін ұғынғандықтан да, оның санаға әсер етер қасиетіне сүйеніп, қазақтың өзіндік актерлық мектебінің негізін қалағанын зерделеу; және өзіміз шама-шарқымыз жетіп сахнада ойнаған, өз басымыздан кешкен, актерлық жүректен өткізген, режиссерлық тұрғыдан зерделеген тәжірибемізді, өз халқымыздың һәм өзге ұлттардың ғалым-теоретиктерінің пайым-тұжырымдарын басшылыққа ала отырып болжау, сахнадағы сөз сыйқырын саралау болып табылады.

Файлы: 1 файл

Ұлттық театрды дамытудағы шешендік өнердің орны реферат [www.topreferat.com].doc

— 208.00 Кб (Скачать файл)

ӘОЖ  792 : 82-83 (574)                                                   Қолжазба құқығында

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖАМАНҚҰЛОВ ТҰҢҒЫШБАЙ ҚАДЫРҰЛЫ

 

 

Ұлттық театрды дамытудағы

шешендік өнердің орны

 

 

 

 

17.00.01 – Театр өнері

 

 

 

 

 

 

 

Өнертану кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін жазылған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

театртану бөлімінде орындалды.

 

 

 

 

Ғылыми жетекшілер:                      өнертану докторы, профессор

                                                              Құндақбайұлы Б.Қ.

 

                                                              ҚР ҰҒА академигі, филология

                                                            ғылымдарының докторы Қасқабасов С.А.

 

 

Ресми оппоненттер:                         өнертану докторы, профессор

                                                             Кадырова С.М. 

                                                                

                                                             өнертану кандидаты, доцент

                                                             Нұрпейіс Б.К.

 

 

Жетекші ұйым:                                Маннон Ұйғыр атындағы Ташкент

                                                             Мемлекеттік өнер институты

 

 

          Диссертация 2007 жылғы  «_____» __________ сағат _____ де  Қазақстан Республикасы Білім  және ғылым министрлігі М.О.Әуезов  атындағы Әдебиет және өнер  институты жанындағы өнертану кандидаты дәрежесін беру жөніндегі К 53.40.03 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.

 

 

          Диссертациямен  Қазақстан Республикасы Білім  және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады.

 

 

 

         Автореферат 2007 жылы  «_____» __________  таратылды.

 

 

 

Диссертациялық кеңестің

ғалым-хатшысы

өнертану кандидаты, доцент                                         Труспекова Х.Х.

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы

 

         Зерттеудің өзектілігі. Театр мен шешендік өнер адам баласының ақыл-ой мен сезім пернелерін сөз бен іс арқылы білдіруге талпынған пиғылынан туындаған, рухани негізі ортақ екі түрлі шығармашылық әрекетінің көрінісі. Театр өнері мен шешендік өнер мыңдаған жылдар бойы бір-біріне ықпалдық жасап, әрі  санаткерлік категориялар ретінде бірін-бірі байытып келеді. Әлбетте, тарихи тұрғыдан қарағанда шешендік өнер мәдени құбылыс ретінде театрдан бұрын пайда болғаны бесенеден белгілі.

         Адам баласы өзінің ойын сөз бен қимыл арқылы білдіреді. Шешендік өнерде сөз бірінші орында. Ал театрда сөз өнеріне әрекет қосылады, сахнада актерлар сөйлеп қана қоймай, адамның іс-әрекетін, тұрмыс-салтын, күрес-тартыс, махаббат, өмір мен өлім сияқты сезім шайқасын басынан кешіреді. Сонымен қатар, шешендік өнерге де актерлық шеберліктің барлық қағидалары өгейлік етпейді, шешенге де қимыл-қозғалыс, ишарат-мезірет (жест), көзқарас керек, тыңдаушысының жетесіне жеткізе сөйлеу, оны жақсы көру-жек көру, ой тастау-ойландыру,  яғни алға қойған мақсатының үдесінен шығу жолында ол неше түрлі ішкі иірім, әрекет-әдістерге барып, сан қилы сезім шарпылыстарын басынан кешіреді. Демек, театр өнері де, шешендік өнер де адами қарым-қатнастардың ортақ заңдылықтарына бағынады, шешендер де, актерлар да сахналық шеберліктің ортақ әдістерін пайдаланады.

         Шығыстың  көне әдебиетіндегі сарай кеңесшінің  патшасына айтатын уәжі мен  жауап-даттарындағы сөйлеу мәнері, сөз түзу кестесі дидактикалық  әдебиеттің классикалық  үлгісіндей. Әйтсе де, шешендік өнер өз дамуының шарықтау шегіне б.д.д. 5 және  4 ғасырда Грекияда, ал Римде б.д.д. 1 ғасырда жеткені мәлім. Солардың ең көрнекті өкілі Цицеронның шеберлігі шешендік өнердің шырқау биіктікке жеткенінің теңдессіз мысалындай болып қоймай, сонымен қатар ол -  шешендіктің ғаламат теоретигі де болды.[1, Б. 260-261]    

      Көне Грекия мен  Ежелгі Рим театр өнерінің  де астанасы. Адамзат баласының  өз дамуында, оның санаткерлік  қасиетінің ерекше көрінісі болған  осынау ұлы өнердің туған жері  де осы елдер. Сондықтан да даму кезеңінің шарықтау шегіне жетіп тұрған шешендік өнер, театр өнерінің қалыптасуына  аса зор ықпал еткенін Ертедегі Грек пен Ежелгі Римдегі арнайы алаңда ойналатын алғашқы спектакльдер куә. Сондықтан да, алғашқы театрдың алғашқы көрермені, алғашқы актерлардың сөйлеу үрдісіне, оның шешендігіне баса назар аударып, тіпті олардан нағыз ділмарлықты, сұлу сөйлеуді  талап етіп отырған.

         «Түгел  сөздің түбі бір – түп атасы  Майқы би» деп, сөз бастауын  Майқы биден алатын қазақтың  шешендік өнері, сөз түзудегі ерекше сұлулығымен, ой тереңдігімен, әрі «қиыннан қиыстырар» тапқырлығымен ерекшеленеді. Бай ауыз әдебиеті бар көшпелі қазақ қауымындағы мемлекеттік құрылым тарих сахнасына, мемлекет ісіне тумысынан талантты, дала заңдары мен шариғат талаптарына жетік, қиялы ұшқыр сөз зергерлері – шешендерді шығарды. Бастан-аяқ ауызша жүргізіліп, халық алдында өтетін алқалы жиындар мен билер сотының сөйлеушіге қояр талабы да аса жоғары болатын. Қоғам тыныс-тіршілігіндегі түрлі дәстүрлі шаралар мен жер, құн, жесір, ар, мал т.б. дауларды тұтастай бір елдің, не рудың атынан шығып даулау үшін, олардың материалдық және рухани игіліктерін қузайтын жауапты сөз айтысына түсу үшін, даугер би де өз ісіне жетік, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болуға тиіс еді. Олай болмаса, тек өзінің ғана емес, өзіне ерген қалың қандастарының да есесі кетіп, жігері құм болмақ. Осы тұста орыстың белгілі ғалымы А.Левшиннің қазақтың атақты Тәуке ханын ежелгі Грекияның атышулы шешені Ликургке теңеп, таңдай қаға таң қалғанын  еске сала кеткеніміз артық болмас. [2, 165 б.] Теңдесі жоқ, терең ойлы, сұлу нұсқалы шешендік сөздерге сүйене отырып, Х1Х-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетшілері пәлсәпалық ойға бай, тілге жүйрік қазақ хандары мен би-сұлтандарының, батыр-бағландарының, ділмар-діндарларының көркемдік архетиптерін тудырды. Қазақтың алғашқы мемлекеттік театры құрылғанда бұл архетиптер бірден сахнаға жол тартты. «Қазақтың театр өнері біздің заманымызда басталғанына біз қуанамыз. Бірақ сол қуанышпен бірге бұл сияқты ірі өнердің келешегі үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан бұл мәселеге үлкен сақтықпен кірісіп, көп ойланып, ептеп бастау керек» [3, 36 б.] – деп, сахна өнеріне аса жауапкершілікпен қараған М.Әуезов, шын мәнінде қазақ драматургиясының, театр сынының, сахна өнері теориясының негізін қалаушылардың бірегейі болды. Ұлттық театрды қалыптастыруда оған арқау-негіз болар рухани көздерді іздестіре келе, М.Әуезов ондай рухани арнаны фольклордан тапты. «Жалпы театр өнері және қазақ театры» атты мақаласында ол – «…Шынында, ерте күнде ас пен тойда, ұлы жиында ізденіп келіп өлеңмен, әнмен айтысатын көп ақындар өз заманында театр жасамай, не жасады?....тапқыштық, шешендікпен аты шыққан Жиренше, Алдаркөсе бар, бұлардың барлық өмірі толып жатқан комедия. Ел сауығына ақыл, өсиет сияқты ой-санаға дем беретін үлгіні кіргізу керек болса, ертеде заман шерін айтып зарлаған Асан қайғы, толғау айтқан Бұқар сияқты жырауларды тірілту керек. ...Соларға болымсыз мәдениет исін сіңірсе, әрі ел өнері тіріліп, әрі театрдың іргесі құрылады.»[3, Б. 37-38] – деп қорытады.

         Осы уақытқа  дейін шешендік  шеберліктің қазақ  театрына деген ықпалы жайында, немесе театр мен шешендік  өнердің өзара әсері және байланыстары  туралы азын-аулақ ғылыми жұмыстар, талдау-зерттеулер бар болғанымен, аса айыз қандырардай емес. Айта кетер бір жәйт, «Қалибек Қуанышбаев» (1972) кітабын жазған М.Майчекин, «Ұстаздарым-достарым» (1976) атты еңбегінде Е.Өмірзақов, «Құштар көңілді» (1977) жазған Қ.Байсейітов, «Өскелең рухты екпін» (1987) шығармасында М.Байзақова, «Көргендерім мен көңілдегілерім» (1989)  естелігінде Қ.Жандарбеков, «Шеберлік мектебі» (1993) атты жазбасында  С.Қожамқұлов сияқты авторлар қазақтың шешендік өнерінің өздері ойнаған рольдерге тигізген әсерлері жайлы жап-жақсы әңгімелеген.

         Шешендік  өнермен өрнектелген монологтары бар пьесалар мен олардың ерекше талаптағы сахналық шешімдері, қазақ театрының өсіп-өркендеуіне зор ықпалын тигізгеніне ешбір дау жоқ. Өзге ұлт театрларында кездесе бермейтін қазақ сахна өнерінің осы ерекшелігіне қазіргі заман биігінен қарап, шешендік монологтары бар эпизодтардың мизансценалық шешімдерін қайтадан қарастырған жөн болар.

         Сонымен, зерттеліп  отырған тақырыптың өзектілігі  – бүгіндері ел болып, етегін  жапқан, егемен  Қазақстан республикасының  мәдени мұрасының бастау бұлағының көзін ашып, кейінгі ұрпақтарына аманат етіп қалдырған қазақ шешендерінің топ алдындағы сөз саптау өнерінің театрға жасаған ерекше ықпалы мен қозғаушы күшінің бұрын-соңды зерттеулерде көп кездеспеген, арнайы айтылып-ашылмаған сыры мен сымбатын ұғыну, кестеленіп келіскен монологтар мен маңызы терең маржан сөздердің мәнін түсініп, оны сахнадан бұзбай-жармай, көрерменнің көкейіне айызын қандыра жеткізудің жолдарын іздеуден, және көз бен көңілден көмескіленіп бара жатқан осы ұлттық мұраның қазақи қалпының бұзылмауына бел шешіп араша түсуді қажет ететін бүгінгі күннің талабынан туындап отыр.

         Зерттеу жұмысының мақсаты халық аңыздарында, ауыз әдебиетінде кең орын алатын, толғау-эпостарда жиі кездесетін кестелі сөз шешендерінің көп алдына шығып, дәстүрлі айтыс, дау шешу әрекеттеріндегі театрлық элементтер мен олардың сахна өнеріне тигізер ықпалы және шешендік монологтар пайдаланылған көріністердегі актер шеберлігінің кәсіптік ерекшеліктері мен тұлғалық қасиеттерінің, алдымызда болған ата актерларымыздың сөз қадірін ұғынғандықтан да, оның санаға әсер етер қасиетіне сүйеніп, қазақтың өзіндік актерлық мектебінің негізін қалағанын зерделеу; және өзіміз шама-шарқымыз жетіп сахнада ойнаған, өз басымыздан кешкен, актерлық жүректен өткізген, режиссерлық тұрғыдан зерделеген тәжірибемізді, өз халқымыздың һәм өзге ұлттардың ғалым-теоретиктерінің пайым-тұжырымдарын басшылыққа ала отырып болжау, сахнадағы сөз сыйқырын саралау болып табылады.

        Зерттеудің міндеттері тақырыпқа сәйкес былайша белгіленді:

          – ұлттық театрдың алғашқы қойылымдарындағы шешендік өнердің алатын орны мен атқаратын ролін анықтап, сахна өнерінің жалпы даму процесіне тигізер әсерін зерделеу;

          – бүгінгі  театрдағы дәстүрлі шешендік  өнердің жекеленген сипат-белгілері  мен көріністерінің ықпалын, және оның сахнада орнығуының теориялық  ұстанымдарын ажырату;

         – қазақтың  шешендік өнеріне тән ишарат-мәзіреттің  түрлерін саралау және оны  сахналық қойылымдарда орнымен  қолданудың жолдарын анықтау;

         – шешендік  өнердің жоғарғы оқу орындарында актер шеберлігін оқыту мен оған машықтандырудың пайдалы тұстары мен маңызын нұсқалау;

         – бүгінгі  күн қойылымдарындағы шешендік  өнердің  қолданылу  тәсілін зерттеп, актерлар мен режиссерларға ғылыми-методикалық  ұсыныстар енгізу;

         Зерттеу жұмысының әдіснамасы  немесе жұмысқа қажетті материалдар ретінде шешендердің нұсқалы сөз бен нақышты әрекеттерінің фольклорлық үлгілері, қазақтың халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың ой-пайымдары, театр тарихы мен теориясына байланысты зерттеулер, өзімізбен бірге өзге елдердің де театр қайраткерлері мен өнер зерттеушілерінің танымдық ғылыми еңбектері, драматургиялық шығармалардағы шешендік өнер ерекшеліктеріне көңіл қойылып, ғылыми нысанаға алынды.

         Зерттеу жұмысының негізгі ғылыми ізденістері аясында мынандай теориялық маңызды мәселелерге назар аударылды:

         1. Алғашында көп алдындағы өнер жәрмеңкесінен бастау алған ұлттық театр өнерінің дүниеге келуінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі қазақтың шешендік өнері болды, үйткені ол – халықтың көзбен көріп тамашалайтын, фольклорлық негіздегі ойын-сауық, дәстүр-салттарының басын біріктірген еді.

         2. Шешендік  өнер қазақ театрын натурализмнен  реализм бағытына алып келген  мәдени мұралық фактор ретінде  оның ағзасына табиғи түрде еніп, эпикалық сарындағы сахналық  қойылымдарда шешендік өнер ұлттық ерекшелікке сай, натуралистік пафос пен нұсқалы сөздің кереметін сақтай отырып, қазақ  театрының ұлттық  қалпын, колоритін қалыптастырды.

         3. Шешендік  өнер айтушылардан ұғынықты да нақышты әрекеттерге бай ерекше әдеп пен тәртіп мәдениетін талап етті. Қазақ сахнасындағы кейін көзге үйреншікті болып кеткен актерлардың қолданатын көптеген ишарат-мәзіреттерінің бастау-бұлағы – от тілімен қазан қайнатар шешендердің әдепті де әдемі, оңтайлы да орынды, ұлттық колоритке тұнған ишарат-мәзіреттері деп тұжырым жасауға болады.

         4. Қазақ  шешендеріне сай көп алдында  сөйлеу мен өзін-өзі ұстай білу  мәдениеті мен мәнері актерлардың  сахналық шеберлігін толықтыра  түсіп, оның оралымды сөз саптаулары пайдаланылатын диалогтар мен монологтарда, жекеленген эпизодтарда мизансценалық өзгерістерге ұшырамай, сол күйінде сақталып қалды.

         Зерттеу жұмысының жаңалығы мынандай критерийлермен ерекшеленеді:

         – Зерттеуде  алғаш рет дәстүрлі шешендік өнер драмалық көрініс ретінде натуралистік бағыттағы, яғни өмірден алынған  халық шығармашылығының ең биік түрі болып қарастырылып отыр.

        – Қазақ  театрының шынайы ұлттық тұрпатының  қалыптасуына  шешендік өнердің  ең шебер тұстарының дендеп ену процесінің себеп болу факторы алғаш рет баса айтылып отыр.

        – Мұнда  хас шешендерге тән сөз арасында  үнсіз түсінісуге керекті сөз  салмағы мен оның әрекет күшін  айқындай түсетін ишарат-мәзіреттердің  қазақ актерларының сахналық  шеберлігіне жасаған әсеріне жаңа көзқарас жасалды.

        – Актердің  шығармашылық өнерінің сахналық  қалпы мен ерекше  құбылыстарының  ішіндегі орындаушылық рефлексі  мен психофизикалық хал-күйінің  сабақтастығының құпия сырларын  шешендік өнермен байланыстыру  арқылы ашу әрекеттері де театртану ғылымындағы жаңа ізденістердің бірі.

         – Дәстүрлі  шешендік өнердің театрға деген  тегеурінді ықпалының арқасында  қазақ сахна өнерінің ұлттық  бет-бедерінің өзгелерге еліктеп-солықтамай, бұзылмай сақталып қалуының ғылыми  тұжырымдары жекеленген мақалаларда аракідік ұшырасқанымен, өнертану ілімінде тұңғыш  рет тыңғылықты теориялық сөз болып отыр.

         Диссертацияның тәжірибелік мәні. Зерттеудің нәтижелері мен теориялық нұсқа-кеңестері актерлар үшін сахна шеберлігін одан әрі дамыту мақсатында жазылуға керекті оқулық құралдарына пайдасы тиюі мүмкін. Диссертацияның материалдары мен осы тақырып аясында жазылған мақалаларды театр факультетінің студенттеріне оқылатын лекциялар мен практикалық сабақтар негізінде қолдануға болады. Шешенсөз маржандарынан тұратын рөлдерді орындауда актерлық шеберліктің жаңа биіктіктеріне жету мақсатында біз, осы зерттеу жұмысы арқылы және өзіміздің көп жылдық еңбек тәжірибеміздің негізінде туындап отырған «сахна кеңістігінің актер қиялындағы жарылысы» деп аталатын жаңа техникамызды, роль дайындау кезіндегі машықтану жұмыстарында пайдаланып көруді ұсынамыз. Сонымен қатар, бұл еңбектің заң институттарында оқылатын «Сот риторикасы» пәніне, Мәдениет министрлігінің мәдениет басқармаларына методикалық әдебиет ретінде де қажеті көп болуы анық. Ресейде мектеп бағдарламасына бірінші сыныптан бастап, «Риторика» атты пән енгізіліп, оқу тәрбиесіне түбегейлі орнықты. Осыған орай, біздің еліміздегі көптеген гимназия, лицей бағдарламаларына енген «Шешендік өнер» , «Балалар шешендігі» сияқты сөз өнері мен сахна өнеріне жүректері жақын тартар мектептердің көзіқарақты ұстаздарының өткізіп жүрген эстетикалық пәндеріне бұл зерттеудің пайдасы үлкен. Ең бастысы, интеллектуалды өнердің озық үлгілерінің бірі - театр тарихын жазуға, театртану ғылымындағы кейбір ұлттық көзқарастарды жаңаша қалыптастыруға оң септігін тигізуі бек мүмкін.

Информация о работе Ұлттық театрды дамытудағы шешендік өнердің орны