Абайдын кара создери

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Декабря 2012 в 07:35, реферат

Описание работы

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

Файлы: 1 файл

Abaidin kara sozderi.docx

— 89.68 Кб (Скачать файл)

 

1893

 

ОН БЕСІНШІ СӨЗ

 

Ақылды кісі мен ақылсыз  кісінің, менің білуімше, бір белгілі  парқын  көрдім.

 

Әуелі - пенде адам болып  жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені  қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты  нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде  айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен  өмірдің  өкініші де  жоқ болады  екен.

 

Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз  нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен  өткізіп алады екен дағы, күнінде  өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық  тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер  қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады  екен.

 

Үшінші - әрбір нәрсеге  қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір  құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге  жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

 

Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін  ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды  сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта  есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер  ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп  қалып, етегі атының к...н жауып  кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі  екен, соны  көрдім.

 

Егерде есті кісілердің қатарында  болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса  айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол  алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де  білмей қалыппысың?

 

1893

 

ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ

 

Қазақ құлшылығым құдайға  лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным  осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе  саған бола жерден мал қазам ба?»  дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай  тағаланы дәл сол саудагердей  қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп  әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын»  дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып  па?

 

1893<!--[if !vml]-->

 

 

 

 

 

ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ

 

 

 

 

 

Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі  өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде  ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол - менің ісім. Құдайға  лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те - менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның  азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.

 

Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды  болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді  ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей  алмайды екен, залалдан қаша алмайды  екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды  екен, осы екеуі маған қалай  таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті.

 

Онан соң жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде  мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде  дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят  сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан  жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі  маған қалай таласады?» - депті.

 

Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:

 

- Ей, қайрат, сенің айтқаныңның  бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан  басқа да көп өнерлеріңнің  бары рас, сенсіз ешнәрсенің  болмайтұғыны  да рас,  бірақ  қаруыңа қарай қаттылығың да  мол,  пайдаң да мол, бірақ  залалың да мол,  кейде  жақсылықты  берік ұстап,  кейде жамандықты  берік ұстап  кетесің, соның  жаман, - депті.

 

-Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның  бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе   табылмайтұғыны   да   рас.   Жаратқан   тәңіріні   де   сен   танытасың, жаралған екі  дүниенің жайын да сен білесің.  Бірақ сонымен тұрмайсың, амал  да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның 

 екеуінің де сүйенгені,  сенгені - сен; екеуінің іздегенін  тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті. - Сен үшеуіңнің басыңды  қоспақ - менің ісім, - депті.  Бірақ  сонда билеуші, әмірші жүрек  болса жарайды. Ақыл, сенің қырың  көп, жүрек сенің ол көп қырыңа  жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні  құмар болады. Көнбек түгіл қуанады.  Жаманшылық айтқаныңа ермейді.  Ермек түгіл жиреніп, үйден   қуып  шығарады.

 

- Қайрат, сенің қаруың  көп, күшің мол, сенің де  еркіңе жібермейді. Орынды іске  күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге  қолыңды босатпайды. Осы үшеуің  басыңды қос, бәрін де жүрекке  билет, - деп ұқтырып айтушының  аты ғылым екен. Осы үшеуің  бір кісіде менің айтқанымдай  табылсаңдар, табанының топырағы  көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен  жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы, — депті.

 

1893

 

 

ОН СЕГІЗІНШІ СӨЗ

 

Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек - дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық  киінбек, не киімі артық болмаса  да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі.

 

Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім»  деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды  жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге  елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» - дейтұғын болмаққа ойланбақ.

 

Мұның бәрі - масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір  ойласа, қайта адам болмағы - қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге  ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан  ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен  озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым  ғой демектің бәрі де - ақымақтық.

 

1893

 

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

 

Адам ата-анадан туғанда  есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып  ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды  таниды дағы, сондайдан білгені, көргені  көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп  жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір  естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы  нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда  адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде  шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта  қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына  кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай  сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.

 

1893

 

ЖИЫРМАСЫНШЫ СӨЗ

 

Тағдырдың жарлығын білесіздер - өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар  жалығу деген. Ол - тағдырда адаммен  бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның  баласы байқаса, осы адам баласының  жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің  ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние  бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір  мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

 

Бірақ осы жалығу деген  әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп  жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір  қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер  тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай  болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.

 

1894

 

ЖИЫРМА БІРІНШІ СӨЗ

 

Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы - қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің  атын үлкендік деп атаймын, біреуін  мақтаншақтық деймін. Үлкендік - адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан  атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді - осындай  жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол  мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл  мінез - ақылдылардың, арлылардың, артықтардың  мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі  білсін, жаман дегізбесем екен деп  азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген  біреуі «демесін» демейді, «десін»  дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі  болса да, «десін» деп азаптанып  жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ  түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі  болады. Біреуі жатқа мақтанарлық  мақтанды іздейді. Ол - надан, ләкин  надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне  келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын  мақтанды іздейді. Ол - наданның наданы, ләкин өзі адам емес.

 

Жатқа мақталсам екен деген  елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам  екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем  дейді.

 

1894

 

ЖИЫРМА ЕКІНШІ СӨЗ

 

Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді  қадірлеймін деп ойладым.

 

Байды қадірлейін десең, бай  жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының  еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай  өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп, ақымақтығынан. Жоқ, өзі  жалынып беріп жүр. Қайыр да емес, мырзалық та емес, өз елімен, өз жерімен  ойраңдасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын  шашып жүр. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді  қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз  кім болса соған жеміт болып  жүр.

 

Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу  бір пайдама келтірем деп мырза  болып жүр. Біреулер к...не құрым киізді тұзға малшып тыққан соң есі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса  соған талтайып емізіп жүр.

 

Болыс пен биді құрметтейін  десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті  жоқ.

 

Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.

 

Есті кісіні тауып құрметтейін  десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті.

 

Ғаріп-қасар бишараны құрметтейін  десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік  те жайы бар.

 

Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес.

 

Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін  тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен боламын  деп, бергенінен жаға алмай, жарымын  беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып  жүрген шын момын байларды аямасаң  һәм соның тілеуін тілемесең  болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.

 

1894

 

ЖИЫРМА ҮШІНШІ СӨЗ

 

Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш  дегендер бар.

 

Оның қуанышы - елде бір  жаманды тауып, я бір адамның  бұл өзі қылмаған жаманшылығы  шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр  ғой, оның қасында біз сәулелі  кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда  мен таза кісі емеспін бе? - деп. Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер  айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы  асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың  деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен  бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп  сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?

 

 Енді жұбанышы - жалғыз  біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ  жүр ғой, көппен көрген ұлы  той, көппен бірге болсақ болады  да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп.  Көпке қаһарым жүрмейді деп.  Көпке тұзағым жетпейді деп  пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден  тарап па? Хикмет көптен тарай  ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық  жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел  ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген  көп адам адасып жүрсе, бір  жер білетұғын кісінің керегі  жоқ па екен? Көп кісі жолаушының  бәрінің аты арығаны жақсы  ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының  күйлісі жақсы ма? Жұт келсе,  елдің бәрінің түгел жұтағаны  жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны  жақсы ма? Осы көп ақымақтың  бір ақымаққа несі жұбаныш?  Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы  еді деген жаман күйеу қалыңдығын  жеңіп пе? Көңілін сол сөзі  разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды  сасыта бер деп пе?!

Информация о работе Абайдын кара создери