Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Июня 2013 в 19:49, реферат
Жазушы шығармаларындағы өзектi тақырыптың бiрi – махаббат, ер мен әйелдiң жан сезiмi. Көкiрек қатпарына терең бойлап, не бiр нәзiк дiрiл мен сырлы перненi дөп басынына қайран қаласың. Шарпысқан құштарлық, қасiреттi қимастық арқылы өмiрдiң қуанышы мен тағдырлар трагедиясын барынша шыншылдықпен бедерлейдi. Осы сыршылдығына тәнтi болған оқушы қауым оны «Қазақтың Мопассаны», «Махаббат жыршысы» деп тегiн атамаса керек. Шын талант та гауһар сияқты, уақытқа түсiн алдырмай жарқырай бермек. Сиясы кеуiп үлгiрмеген әңгiмелерiн оқи отырып әйгiлi жазушының жорғасынан жаңылмаған жүрдек қаламның қуатты серпiнiн аңғарамыз.
Асқар АЛТАЙ
Көрнектi жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы туралы әңгiменi әрiден бастамас бұрын мақала тақырыбына бiр ауыз түсiнiк бере кетпекшiмiн. Мақсат – қаламгердiң өмiрбаяны емес, өнердегi өмiрiнен сыр сабақтау. Жазушының азаматтық жолы оның шығармашылық жолымен бiте қайнасқан бiрлiкте екенi белгiлi. Ендеше, жасы жетпiске толып, оның ел-жұртына, әдебиетке сiңiрген еңбегiн еске сала кетудiң сәтi түсiп тұр емес пе?!
Қырғын соғыстың қарсаңында туған бiздiң буын балалық шақтың базарлы қызығын бастан кешпей, жыртық иiн жетiмдiктiң жоқшылығы мен бейнетiн көп көрiп жетiлген ұрпақ. Бексұлтан да сол жаралы жылдардың өкiлi. Ес бiлiп, етек жаппай жатып атасы мен әжесiнiң қасында қалып, әке-шеше мейiрiмiн көрмей өстi. Әлбетте, жалғыз ұлдан қалған тұяқ аш та, жалаңаш та болған жоқ. Жылқышы атасы Ешмұқанбет, әжесi Батпан жалғыз немересiн қатарынан кем қылмай жетiлдiрдi. Ол кiсiлер де бiрiнен соң бiрi – iле-шала қайтыс болып кеткен соң, Бексұлтанды әкесiнiң туған апайы Тоқтар қамқорлығына алды. Орта мектептi бiтiрдi, ауылда қалып екi жыл қара жұмысқа жегiлдi. Сосын Қазақ университетiне оқуға түсiп, ұстаздық мамандық алып шықты. Үйлене салып, оқуын бiтiрген бойда ауылы Ақжазыққа тартты. Әуелi мектепте қазақ әдебиетiнiң мұғалiмi, артынша қоғамдық жұмыста белсендiлiгiмен көзге түсiп, аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы, кейiн оның орталық комитетiне қызмет ауыстырып, Алматыға қоныс тептi. Сөйтiп жүрiп, қызмет қуып кеткiсi келмей, тағдырын шығармашылық салаға арнауды армандап, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында бөлiм басқарды. Кейiн республикалық жастар баспасы «Жалында» бас сарашы, сосын директоры болды. Қазiр де сол қызметте. Арасында жұмыссыз қалған, «Парасат» жорналының бас сарашысы болғаны да бар. Жазушының қысқа қайырғандағы өмiрбаяны осындай.
Ал ендi әңгiме ауанын Бексұлтанның жазушылық жолына бұрып, оның қаламгерлiк қабiлет-қарымының сыр-сипатына тоқталалық. Қаламгердiң тұңғыш туындысы – алғашқы нұсқасы, көлемi қысқартылған күйiнде, сол кездегi әдеби басылымның көшбасында тұрған «Жұлдыз» жорналында жарияланған «Күнәлi махаббат» повесi. Осынау тұңғыш туындысын оқи сала әдебиетке тағы бiр талантты жас келгенiне куә болдық. Жазушы әдебиеттегi қайырлы қадамына алтын арқау еткен сол тақырыбын күнi бүгiнге дейiн жемiстi жалғастыруда. Ол қанша жазса да таусылмайтын қандай тақырып едi дерсiз. Бексұлтанның осы «Күнәлi махаббаттан» бастау алған: «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бiр өкiнiш, бiр үмiт», «Ерлi-зайыптылар» романдары, «Бiр ғана махаббат», «Беу, қыз дәурен», «Балалықтан бiр адым» повестерi, «Жалғыздық», «Махаббат мерекесi», «Қашу». «Құпия махаббат», «Кәрiс қыз», «Қырғыз келiншек» және басқа он сан әңгiмелерi түгелдей әйелдер әлемiнен, ғашықтық хикаясынан суыртпақтап сыр тартып, толғақты мәселелердi түгендеген тамаша туындылар. Әдебиет сыншылары мен оқырман қауымның дуалы аузымен айтылған төрелi сөз түйiнiне құлақ түрсек: Бексұлтан махаббат мүсiншiсi, сезiм суреткерi, әйел жанының жыршысы, яғни қазақ әйелiнiң қуаныш-қайғысын, мұңы мен сырын, сағынышы мен күйзелiсiн, үмiтi мен өкiнiшiн – қысқасы қилы тағдырын жарқырата жазып жүрген жазушы. Менiңше де осы пiкiр жазушы шығармашылығының түпқазық түйiнi екендiгi күмәнсiз. Иә, дарыны дара қаламгердiң қазақ әйелiнiң тағдырын сан қырынан алып, көркемдiк әлемiнiң өзiндiк те өзгеше өрнегiн тауып, жалықтырмай жырлап келе жатқанына, суреткерлiгiне сүйсiндiрiп, қалың оқырман қауымының көңiл қошын тауып, ойын қозғап, сезiмiн селдей тасытқан толымды туындылары, қай жанрда жазылғанына қарамастан, ұлтымыздың рухани қазынасына қосылған бағалы байлық. Сөйтiп, әуел бастан тауып, таңдаған бәсiре тақырыбы сәтiмен жалғасып, жазушыны абырой-атаққа бөлеуде.
Бексұлтанның қай жанрдағы шығармасының да басты тақырыбы мен бас кейiпкерi тағдырлас әйелдер. Бұл жазушының өмiрдегi зейiн қоя зерделей зерттеген, соны соқпағын салған өнердегi өз өрiсi. Қилы-қилы тағдырлар тасасынан тамаша адамдардың бейнесi жадыңда жатталып, көкейiңде қатталып қалатын көркем образдар көшiн түзген шымыр да шырайлы шығармалары арқылы есiмi елге кеңiнен танылған талантты жазушыны халқының сүйiктi қаламгерлерi санатына қосып, дәрiптеуi сол дара дарынына берiлген лайықты баға болса керек.
Сондай-ақ, Бексұлтан әр кездерi роман, повесть, әңгiмелер жазуын жалғастыра жүрiп, өзi тақырыбын тауып, оны көркемсөзде өрнектеу барысында өзiндiк әдеби тәсiл, әдеби мәнер, әдеби пiшiм қалыптастырған қарымды қаламгер. Оның шығармалары оқырмандарын әсте жалаң сөзбен жалықтырып, зердесiз оймен зерiктiрiп, жылы жаба салдырмайтын ерекше әсерлiлiгiмен, қызықтығымен де тартымды. Жазушы әр туындының табиғи қалпына жараса кететiн, ыңғайына лайық сөз саптаудың сара жолын табуға да шебер. Бiрде болған оқиғаны баяндай жөнелсе, бiрде кейiпкерлеріне көкейiңе қонымды, жаныңа жайлы әңгiме шерттiредi, ал көбiнесе жiбектей есiлген ой желiсiне түсiрiп, қиялыңды самғатып, сан тарау салиқалы сөз, парасатты пайымдаулар мен тұщымды тұжырымдар арқылы айызыңды қандырады. Жазушының қай шығармасын да әсте сыдыртып, судыратып жедел оқып шыға алмайсың. Ол туындыларды ойланып, аялдап, кейiпкерлерiнiң сөздерiне, автордың саралауына тоқталып, көңiлiңе тоқи оқымасаң ұтыласың. Әңгiме иә роман желiсiн қуалай оқып, оқиғаларына – жалпы мазмұнына ғана назар аударсақ, онда ол өз шалағайлығыңның белгiсi. Жазушының iшкi жан дүниеңдi тербеп-тебiрентер, қиыннан қиыстырған сырлы ойларына түйсiнiп, зердеңе тоқысаң ғана шығарманың түпкi идеясы, жазылу мақсатын түбегейлi түсiнесiң. Күрмеуi күрделi, санаңа сәуле түсiретiн ойлары терең туындылар терең теңiз түбiнен маржан тергендей, iзденiп, көркем ойларын көкейiңе қондырсаң ғана жан дүниеңдi жасантады.
Жазушы өзiнiң ойда сақталар орталық кейiпкерлерi: «Күтумен кешкен ғұмырдағы» арғы бетке өтiп кеткенi иә орта жолда переселен орыстардың оғынан мерт болғаны белгiсiз, әйтеуiр, зорлықпен отасқан, балалы-шағалы болса да, алғашқы махаббатын – әншi Әтiкенi 39 жыл зарыға тосқан Қайныкеш тағдыры. «Күнәлi махаббаттағы» қырғын соғыстың құрбаны, арманда кеткен Нұржаннан қара қағаз келiп, күйеуiнен күдерiн үзген жас келiншек Зереннiң адасулары, «Ерлi-зайыптылардағы» ақын Мұқаның жан жары Үлескүл мен кейiнгi қимасы – ғашығы Әлиманың, оған қоса ерлi-байлы болып, тату тәттi ғұмыр кешiп жатқан Зерiп пен Ақтанның, атақты әншi Гүлбаршын сынды қорланған келiншектiң қайғылы, мұңды өмiрлерi туралы қыздары Зерiптiң өтiнiшiмен жазған құпия сырлары – күнделiктерiн әдеби өңдеп, роман жазған жазушы кейiпкерлерiнiң образдары жадыңда жатталып қалатын тағдырлы бейнелер санатында. Бұл бастылары ғана, ал жазушының әзiрге жетi томға қатталған шығармаларындағы кейiпкерлердiң саны сансыз, тағдырлары әрқилы, образдары оқшау-оқшау ой түйдiретiн тұлғалар.
Әр жазушының өз әдеби әлемi болуға тиiс. Ол сонда ғана суреткер, сонда ғана дарыны дара – өз қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер қатарында аталмақшы. Мiне, осы қасиет Бексұлтанда бар. Ол қай шығармасында да қарапайым адамдардың болмыс-бiтiмi, мiнез-құлқы, өзiмiз ғұмыр кешiп жатқан қоғами ортаның тыныс-тiршiлiгi, қорыта айтқанда кейiпкерлерiн кейiптеу арқылы кiмнiң кiм екендiгiн ашып, айырып көрсетуге айрықша мән беретiн қаламгер. Бұл ретте оның әсте әрiптестерiне ұқсамайтын өз ұстанымы бар. Әр кейiпкерiнiң дүниетанымының бiр-бiрiнен айырмашылығын сөзi, мiнезi, жүрiс-тұрысы, iс-әрекетi, қоғамдық құбылыстарға көзқарасы арқылы танып-бiлесiң. Жазушы қысқа қайырым, әңгiмелерiнде иә арналы романдарында болсын, әйтеуiр өз кейiпкерлерiнiң өмiр жолы – тағдырларын әңгiмелей отырып, оқырманын бiрде жылатып, бiрде жұбатып, бiрде қуантып, бiрде ренжiтiп – әйтеуiр бей-жай, әрi-сәрi күй кештiрмеудiң де кiлтiн тапқан.
2.3 Жазушының әдебиет жайлы ой-пікірлері
Қай қазақ баласының да кiр жуып, кiндiк кескен аяулы атамекенiн алабөтен қадiрлейтiнi белгiлi. Бәрiмiз де оқу-бiлiм iздеп, одан қызмет бабымен Алматыда қалып, балалы-шағалы болып, бауыр басып қалсақ та ел десе елеңдеп, сағынып, жыл сайын бiр соғып, аунап-қунап қайтпасақ көңiлiмiз көншiмейтiнi рас. Ал ақын-жазушы ағайындардың бұл орайдағы ынта-ықыласы мүлде бөлек. Олардың бәрiнiң де тырнақалды туындыларының арқауы ата жұртқа арналатыны аян. Қысқасы, шығармаларының бастау көзi де сол туған жер, өскен елге деген шексiз, шынайы перзенттiк сүйiспеншiлiктен басталатыны шыққан күндей шындық дей отырып, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының шығармашылық жолы да осылай басталғанына бiр нақты дәлел келтiрейiн. Ол «Күтумен кешкен ғұмыр» романына тiкелей қатысты. Алмағайып заманда ғұмыр сүрiп, ғашықтықтың таңғажайып сәттерiн бастарынан кешiрген, қосыла алмай арманда кеткен қос мұңлықтың хикаясын баяндай отырып та, тапқыр талант атағы алысқа жайылған әншi Әтiкенiң өзi оралмаса да, араға қырық жыл салып, әйгiлi «Баркөрнеу» әнi – атамекенiне арналған сағынышы басылмас сазы ел-жұртымен қайта табысқанын жазушы әй бiр тамсана, тебiрене суреттей отырып, оның мәтiнiн еске салады. Соны оқи отырып туған жердiң құдырет күшiн түйсiне түсесiң.
Осы жерде бiр оқиға есiме түсiп отыр. Ұмытпасам, 1992 жылдың көктем күндерiнiң бiрi болатын. Бiр сәт үй телефоны қоңыраулатып қоя бергенi. Тұтқасын көтерсем, Бексұлтан досым. Сондай көңiлдi, дауысында бiр дiрiл ме, әлде қуаныштың қоңыр желi ме, әйтеуiр, айтуға асыққан жаңалығы барын сезе қойдым. Жасы елуге жетiп, той өткiзу қамында жүрген кезi. Ол аптыға сөйлей жөнелдi:
– Әй, достым, мен бiр ән шығардым!
– Қойшы-ей! Шының ба?
– Рас, нанбасаң тыңдап көр.
Құлақ тостым. Жайлап басталып, бiрте-бiрте тынысын кеңейтiп, әуездi қазақы саздың сөздерi де әуенiмен үйлесiм тауып, жандүниеңдi балқытып, балбыратып жібергендей. Ән аяқталды. Бексұлтан:
– Қалай екен? – дедi.
– Әй, қой, мынау сенiң емес, халық әнi шығар. Ғажап ән екенiне талас жоқ.
– Ән менiкi. Құттықтай бер.Өлеңiн де өзiм жаздым.
Содан не керек, ән шынымен Бексұлтандiкi болып шықты. Досымыздың осындай жан тебiрентерлiк ән шығарғанының сырын кейiн бiлдiк. Әншi Әтiкенiң өзi болмаса да әнi арқылы елге оралуын суреттеу арқылы жазушы өзiнiң кiндiк жұртына деген махаббатын да айтуды мақсат еткен. Көркем сөзбен суреттегенi өз алдына, оны әнге қосып Баркөрнеудiң қадыр-қасиетiн жалпақ елге жайғысы келгенi – жазушының ақ пейiлi осылай сәттi күнi сазға айналған едi. Ән мәтiнiнiң мына бiр шумағының өзi жүрегiңдi шымырлатып, небiр сезiм иiрiмдерiне батырмай ма?!
…Баркөрнеудi барған жұрт биiк дейдi,
Бұлтқа басы тұрады тиiп дейдi.
Шықпаса аты жiгiттiң батырлықпен,
Туған жерiн шығарар сүйiп дейдi…
Аяулы атамекенге деген махаббат кiм-кiмдi де осылайша ақын атандырып жiберетiн киелi қасиетке ие екенi өтiрiк пе?! Бiз тек сол туған жердiң тектiлiгiн жазушы Бексұлтанның жүрегiмен сезiнгенiндей әсерленсек қой, шiркiн. Жалпы алғанда туған жердiң қадыр-қасиетiн азаматтық асқақ сезiммен, жылы жүрекпен жанындай жақсы көрудiң әр қазақ баласы үшiн перзенттiк парыз екендiгiн жазушының «Жайлаудағы жиырма күн», «Жау жағадан алғанда», «Өзендер өрнектеген өлке» сияқты сүйектi туындыларын оқып түйсiнемiз де, сүйсiнемiз. Қазiргi қазақ елiнiң кешегi тарихын жаңғырта жазғаны үшiн жазушы жазықты болып, жаза тартқаны да есте. «Өзендер өрнектеген өлке» повесi дәйектi деректерге негiзделiп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағдарланса да, кеңестiк билiктiң қаһарына ұшырап, Бексұлтан қызметiнен қуылған болатын. Отанды сүюдiң үкiлi үлгiсi саналуға тиiс озық туынды осылайша орынсыз жаламен орға жығылған-ды…
Жалпы, жазушының туған жер, өскен елге деген жүрек лүпiлi әр сөзiнен аңғарылып тұрады. Белжайлаудың тау-тасын, өзен-сайларын, қойнау-қолаттарын, яғни тамылжыған табиғат көрiнiстерiн көз алдыңа елестете суреттеп, сөз саптауы қаламгер шеберлiгiнiң шыңы десе де болғандай. Кiсiлiктi пiкiрiмiз осындай ойға жүгiндiредi.
Бексұлтан қай шығармасында болмасын, әйтеуiр ретiн тауып адалдық, адамгершiлiк, сүйiспеншiлiк сынды адам бойындағы асыл қасиеттердiң қыр-сырын ашып, толғана ой бөлiсуге аса бейiл. Оқырман оны, әсiресе, «Бiр өкiнiш, бiр үмiт», «Ерлi-зайыптылар» романдарын оқыған сәтте сезiнерi сөзсiз. Мысалы, кезектi бiр әдеби басқосуда жаңа шығармасы сыналып, терең ойға батқан басты кейiпкер – жазушы Шеген сөз басын осы романның жазылуына ойтүрткi болған сауалдан бастапты. Ол бала күнгi досы Жағдаға жамандық жасаған елдесi Елдосты үйiнiң төрiне шығарып, сыйлап отырғаным не қылық, балалық шағым Бүбiштi елжiрей жиi-жиi еске алғаным адал жарым Шәзиәға опасыздығым емес пе деп өз-өзiне оқыс сұрақ қоятыны бар. Осынау көкейiнен кетпей, жанына жайсыз тиген сұраққа жанталаса жауап iздеген жазушы Шеген – кейiпкер табан астында бiр тоқтамға келедi: дұрысы оның жауабы өз өмiрбаянынан өрiлуге тиiс. Сөйтiп, ол жаманын да, жақсысын да жасырып-жаппай, тек ағынан жарылып жазуға белiн бекем буады. Содан жазушы Шегеннiң көптен көкейiнде жүрген бала күнгi әсерлерiнiң сақтала-сақтала келе нағыз асыл ойларға айналғанын әлдебiр түйсiкпен iштей түйсiнiп, өткен өмiрiңдi бүгiнгi күннiң биiгiмен салыстыра саралау үшiн оны ара-тұра балалықтың адалдығымен өлшеп қойғаным жөн-ау деп шешедi. Осылайша шым-шытырық ойларға батқан Шеген өз өмiр жолын ойша шолып, сол бiр балалық шағынан бастап, бүгiнгi азамат атанған күнiне дейiнгi бастан кешкен талайлы тағдырын қағаз бетiне түсiрiп шығады. Нәтижесiнде, жанын жеген, көкейiн тескен сауалдардың жауабын тапқан сыңайлы. Роман аяқталар тұста Шәзиә Шегенге: «Егер сен менi шын жақсы көрсең әлi күнге дейiн не себептi баяғы бала күнгi ғашықтарың Бүбiштi, Сара мен Мағираны ұмытпай жүрсiң» дейтiнi бар. Сонда өзiн мазалаған сұрақтың жауабын тапқан Шеген: «Оларды ұмыту деген сөз – кеше кiм болғанымды ұмыту. Балалығымды, Бүбiштi, Сараны жақсы көрген жас күнiмдi сағынбайтын адам болсам, өйтiп өткенiме өкiнбесем, сенiң қадiрiңдi қайдан бiлер ем?» – деп ағынан жарылады.
Ал ендi «досыңа қиянат жасаған адаммен неге сен де жауласпайсың» деген сауалдың жауабын Шеген адамгершiлiк қасиеттi бiлудiң өнеге-үлгiсi ретiнде ұсынады. Өмiр жолында бiреулермен кетiсетiнiң, бiреулермен табысатының, танысың алысыңа, алысың жақыныңа айналатыны рас қой. Адамдардың бiр-бiрiмен кетiсiп жататынын қалай жоққа шығарамыз?! Егер де сәл бiлiп-бiлмей жасалған кемшiлiктерге мүмкiндiгiнше кешiрiммен қарай алса ғана олар бiр-бiрiмен бауырласып кетерi хақ. Ал татулық атты адами абзал қасиеттiң тетiгi – сол кешiрiмдiлiкте. Бiз бiр-бiрiмiздi кешiре алмасақ, онда елде де бiрлiк болмасы белгiлi. Ендеше, кешiре бiлу – ең басты елдiк қасиетiң. Ал өзiң үшiн емес, ел үшiн кешiрiмдi болу – елiңнiң еңбегiне қосар үлесiң. Жан сырын ақтарған жазушы Шеген сұрақтарымның жауабын оқырман ұқты ма, жоқ па, әйтеуiр өз ойымды ортаға салдым, оны жұрттың бәрiне мойындату мiндетiм емес, әркiм өз ақылына салып, өзiнше түйiндегені дұрыс шығар деген пiкiрмен романын аяқтаған.
Тағы бiр тәлiмдi туынды «Ерлi-зайыптылар» романы. Бұл өзi қырық қатпарлы, қызықты шығарма. Романның пiшiмi де, жазылу тәсiлi де мүлде жаңаша. Оның көркем шығарма екендiгiн бiле тұрып, жанрлық жағынан философиялық трактат десек те болар-ау деймiз. Өйткенi, онда адамдар өмiрiнiң, қоғами тiршiлiктiң тоқсан мәселелерi айтылып, солардың қыр-сырын ашуға көп орын берiлген. Негiзгi кейiпкерлер Мұқа, Iлескүл, Зерiп, Ақтанның күнделiктерi тарау-тарауға бөлiнген. Құпия сырларының сандығын ақтара әңгiме шерткен роман кейiпкерлерi қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнiндегi бiлiм-бiлiктерiн iс жүзiнде көрсете отырып, өз өмiрлерiн – махаббат хикаяларын баяндап берген. Шығарманы түйсiнiп те, сүйсiнiп оқисың. Себебi, онда шертiлген сырлар сенi де бейжай қалдырмайтын, көкейiңде жүрген, осы қалай екен деген сұрақтарыңа жауап табатындай деңгейдегi парасатты пайымдаулар, тұщымды тұжырымдар. Жазушы осы романында әйел мен еркектiң арасындағы адал сезiмдi адамгершiлiктiң асыл қасиетi тұрғысынан бағалау қажеттiгiн өмiрдiң өнердегi көрiнiстерi арқылы санаңа сiңiредi.
Айтқандай, бұл романды бiр есептен ой ағымына құрылған шығарма десе де болғандай. Мұндағы кейiпкерлердiң көңiл-күйлерi: қуанышы мен күйзелiсi, үмiтi мен өкiнiшi, әсiресе, Әлима есiмдi келiншектiң бiр сүйiнiп, бiр күйiнiп кешкен ғұмыры – жаны жаралы, көңiлi қаралы әйелдiң қиын тағдыры да оқырманын терең ойға батырып, рухани тазаруға оң қадам жасататын өнеге үрдiсi.
Бексұлтанның тағы бiр бөлiп айтар ерекшелiгi – оның күн құрғатпай қоғамдық-әлеуметтiк өмiрiмiздiң соқталы мәселелерiне салмақты ойларымен, пайдалы пiкiрлерiмен бөлiсiп, көсемсөздiң де көсегесiн көгертiп жүргендiгi. Қайраткер-қаламгер деңгейiне көтерiлген дарынды жазушы тарих, тiл, өнер, қоғамдық күрделi мәселелер жөнiнде маңызды, байыпты, сарабдал ойларын жазудан кенде емес. Әсiресе, Тәуелсiздiк туын жаңа көтерген жас мемлекетiмiздiң ынтымақ-бiрлiгiнiң берiктiгiн баянды ету арқылы, жарқын болашақты жақындата түсудi көздеген көсемсөздерi жұртшылық жүрегiне тура жол тауып жүргендiгi күмәнсiз.
Информация о работе Б.Нұржекеевтің өмірі мен шығармашылық жолы