Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Октября 2013 в 17:57, доклад
Древнегреческий ученый Аристотель, философ, энциклопедист и основоположник логики, первым в систематическом виде изложил воззрения на душу.
Жил Аристотель в 384-322 годах (IV в. до н.э.).
Ендеше, бұл — “идеялардың” өзіне тән екінші дүние. Сөйтіп, Платонның идеялар дүниесін амалсыздан сансыз көбейте беруге болады. Яғни, Аристотель көрсеткендей, идеялар дүниесінен келіп, “үшінші адам” шықты деуге мәжбүр етеді. Ол калай дейсіз ғой? Ол мынандай жағдайға байланысты: “Әуелі жеке сезімдік адам және оның идеясы бар”. Одан соң, осылар бағынатын тағы да бір “идея” бар. Ендеше, бұл идея бірінші идея мен сезімдік адамның арасындағы ортақ жалпылықты қамтиды. Олай болса, ол — “үшінші адам”.
Сайып келгенде, Платонның идеялар туралы теориясы сезімдік заттар дүниесін түсіндіре алмайды, оның қасиеттерін ашуға да дәрменсіз. Бұл идеялар заттардың шығу тегін, қозғалуы мен қалыптасуын, пайда болуы мен жойылуын түсіндіріп, оның мәнін аша алмайды. Өз алдына бөлек тұрған идея заттардың қайдан пайда болып, не себептен қозғалып дамитынына жауап беруге дәрменсіз келеді.
Платон идеялар дүниесі арқылы жаратылыстану саласындағы себеп-салдарлы байланысты аша алмады. Сондықтан Аристотельдің ғылыми ілімдерге жете көңіл бөліп, жаратылыстану саласымен кеңінен айналысуы Платон философиясындағы қайшылықтардан шығудың жолын іздегендігі деуге әбден негіз бар.
Осы жерде бұл екі ойшылдың көзқарасын бір-біріне тым қарсы қойып, бірін — материалист, екіншісін — идеалист деуден аулақ болған дұрыс.
Мұндай қағиданы тым асыра дәріптеп жіберуге болмайды. Өйткені Аристотель Платонды сынап, шын мәніндегі басқа бағытқа карай өтейін деп отырған жоқ. Керісінше, Аристотель белгілі бір философиялық мәселені шешу барысында ұстазының қайшылыққа белшесінен батып, одан шыға алмағанын ғана көре білді. Енді өзі белгілі бір жүйе жасау үшін, осы қайшылықтарды қалайда шешуге ұмтылды.
Біз Аристотельдің сынын ақтайын деп отырғанымыз жоқ. Бірақ дәл осы логикалық-диалектикалық, танымдық-теориялық мәселелерді шешуде, көне грек философиясының алыбы — Аристотель үшін басқадай жол қалмаған еді.
Дегенмен, Платонды сынау арқылы Аристотель көптеген меселелердің бетін ашып тастады емес пе?
Меселенің өзі осы болып тұр. Біреуді “мынаны істемеді, мына меселені шешпеді” деп сынау, тағы басқа да себептерді айтып, айыптау оңайырақ. Ал енді сол мәселелерді шешуге бет алған сыншының өзі қайшылықтарға белшесінен батып, тұншығып, шыға алмай қалуы мүмкін.
Сөзіміз жалпылама, абстрактылы болмас үшін, мынандай мәселенің қойылуы және шешілуін алайық. Жоғарыда біз Аристотель Платонға қарсы шыға отырып, мазмұн мен форма, яғни материя мен форма мәселесін көтерді, олардың өзара байланысын ашпақшы болды дедік қой. Ал енді осы екі категорияның (“материя” мен “форманың”) диалектикалық қатынасын талдай отырып, Аристотельдің философиялық жүйесіне көз жүгіртелік.
Аристотельдің анықтамасындағы
“материя” Платонның
Ең алдымен материя белгілі бір формаға ие болады. Бұл процесс мүмкіндіктің жүзеге асуы, оның шындыққа айналуы. Ендеше, форма жоқтан бар болмайды, болмыс еместен тумайды. Өйткені болмыс еместен ештеңе де шықпайды ғой. Ал, екіншіден, форма болмыстан да тумайды екен. Егер ол болмыстан пайда болса, онда жаңадан болған нәрсенің бұрыннан да бар екендігі даусыз болар еді.
Сонда Аристотельдің формаға берген анықтамасы, жалпы Платонның идеясын, яғни идеалдықты елестететін болды ғой. Бәрін былай қойғанда, жаңа замандағы К.Маркстің тауарды, құнды, қосымша құнды, тағы басқаларын әрі реалды, әрі идеалды деп анықтағанына ұқсас болып шықты ғой деген ойға келуіміз де мүмкін.
Ол да рас. Шынында да, болмыстың болмауы және шын мәніндегі болмыс осы Аристотель айтып отырған форманы көз алдымызға елестетеді. Яғни Аристотельдің тілімен айтқанда, форма әуелгі кезде болмыс “мүмкіндігі”. Ал оның мүмкіндіктен шындыққа айналуы форма болып шығады. Бірақ мәселе мынада. Қалайша болмыс болмыс емеске, одан керісінше айналады, ол ненің әсерінен болады? Оның қайнар көзі қайда жатыр? Аристотельдің айтуынша, шындық болатын болмыс формасы әуел басында өзінің бойына мүмкіндікті сақтайды екен. Өзінің ойын Аристотель былай деп түсіндіреді. Адам әуелгі кезде сауатсыз еді, енді сауатты болды. Оның сауатты болғаны, бұрынғы сауатсыздығынан емес, керісінше, адамның сауатты болғаны, оның бойында сауаттылыққа деген мүмкіндіктің (қабілеттің) бар болғандығынан.
Ендеше материяның, субстраттың бойында екі жағдай бар. Бірі — онда әлі “форма жоқ”, ол кейін пайда болады, екіншіден, онда болашақта “формаға” айналатын мүмкіндік бар. Бұл бір процестің екі жағы. Бірі — теріс анықтама, ал екіншісі — оң анықтама.
Материя деген ұғым, Аристотельдің түсінігі бойынша, бір жағынан субстрат, яғни негіз, бірдеңенің ішкі астары. Бұл шын мәніндегі таза мүмкіндік қана деуге болады. Екінші жағынан материя мүмкіндік қана емес, ол іске асқан шындық.
Айталық, егер біз “мраморды” алсақ, ол оз алдына жатқан “материя”, яғни сезімдік зат. Оның осы күйінде химиялық, физикалық, биологиялық ерекшеліктері, қасиеттері бар. Оларды ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл, Аристотельдің тілімен айтқанда, “соңғы материя” болады.
Ал енді оның осы табиғи қасиеттерінен басқа жағына, оның іске асатын мүмкіндігіне көңіл бөлсек, оның шындық жағдайы туады. Бұл мүмкіндікті (ешқандай физикалық, химиялық, биологиялық қасиеттерімен ғана шектелмейтін) ешуақытта да, еш жерде де сезім арқылы қабылдауға болмайды. Ол тек оймен ғана айқындалады. Осындай жағдайға байланысты, оны “белгісіз субстрат” деп атайды. Ал Аристотель өзінің философиясында бұған “бірінші материя” деп ат берді.
Бұл жерде үлкен бір философиялық мән жатыр. Тегі осы “соңғы материя” мен “бірінші материяның” байланысы диалектикалық болуға тиіс. Бірі сезімнің химиялық, физикалық, биологиялық ерекшелігімен дараланса, екіншісі басқа да қасиеттерімен, басқа да сапалық ерекшеліктерімен анықталуға тиіс. Міне, осы ерекшеліктер мүмкіндіктің шындыққа, материяның формаға айналуын белгілеп беретін болғаны.
Аристотельдің бұл пікірі бірін-бірі диалектикалық байланыста ұстап отырған “материя” мен “форма”, яғни мүмкіндік пен шындықтың бір-біріне өтуі, олардың өзара тығыз байланыстылығы басқа бір процестен келіп шығады ма деген ойға әкеп тірейді.
Сонда ол не болды екен? Мүмкін осының бәрі адамдардың іс-әрекетіне байланысты шығар? Аристотель өзінің шығармасында мұндай өзара байланысты, өзара сабақтас ұғымдар тізбегін: мрамор — мүсін — мүсіншіні көрсетіп берді емес пе? Сонда адам ғой негізгі, оның іс-әрекеті де маңызды рөл атқарады екен ғой.
Біз осы ойды терең талдай отырып, мына пікірге ойысамыз. Айталық, мрамор — субстрат материалды зат болса, оның бойында табиғи ерекшеліктерінің бәрі бар. Ал енді осы мрамор мүсіншінің қолына түсті делік. Одан шебердің қолы арқылы тамаша мүсін пайда болады. Сонда бұл ненің нәтижесі? Бұған жауап бере келіп, әрине, Платон мен Аристотель мұны күні бұрын адамның басына ұялаған идеяға байланысты дер еді. Өйткені осы идеяның негізінде ғана мрамордан салтанатты сарайдың, адамның, жан-жануардың мүсіндері, әдемі ыдыстардың, тағы басқа да әсем заттардың өзі пайда болады ғой.
Иә, ол да дұрыс жауап. Дегенмен, Аристотель өз ұстазы Платонның абсолюттік идеясынан гөрі басқаша пікір айтып отыр емес пе? Сондықтан ол осы заттарды, әсем мүсіндер мен салтанатты сарайларды тудыратын адамдардың идеялары ғана емес, олардың қызметі деп есептейді.
Жаңа заманда, капитализм дәуірінде ғана дүниеге, ойлау процесіне енген адамдардың қызметі туралы идея сонау көне грек дәуіріндегі Аристотельдің басына ұялағанына таң қаламыз.
Амал нешік, жағдай солай болған соң?! Көне грек философиясының жоғары шыңы болған Аристотель өз заманындағы саяси-әлеуметтік, экономикалық қатынастарға терең талдау жасай отырып, ол тіпті құн формасын зерттеуге дейін барды ғой. К. Маркс өзінің “Капиталының” I томында бұл жөнінде: “Ең алдымен Аристотель тауардың ақшалай формасы — құнның жай формасының тек келешектегі дамуы ғана, яғни бір тауар құнының әйтеуір басқа бір тауардан көрінуі ғана деп мүлдем айқын көрсетеді”,— демей ме?!
Бірақ ол кезде, яғни көне грек заманында құн ұғымының болмауы Аристотельдің қайшылыққа тап болуына әкелді де, ол әрі қарай мәселені талдауды тоқтатады. Ал, шындығында, бір тауар мен екінші тауардың өзара алмасуының негізі бір нәрсеге байланысты ғой. Ол — адам еңбегі емес пе? Ендеше, Аристотель материядан формаға, мүмкіндіктен шындыққа өту адам қызметінің нәтижесі деп көрсетсе, оның не артықтығы бар? Дегенмен, Аристотель тауар құнының формасында енбектің барлық түрлері бірдей бар екенін аша алмаған. Яғни, басқаша тілмен айтқанда, тауар құндарының формасында еңбектің барлық түрлері бірдей және демек, бір-біріне тең адам еңбегі болатындығын Аристотель құн формасының өзінен шығара алмады, өйткені грек қоғамы құл еңбегіне негізделгенді, демек, бұл кемшіліктің табиғи негізі адамдардың және олардың жұмыс күштерінің теңсіздігінде жатыр еді. Еңбектің барлық түрлері тең және бірдей. Өйткені олар жалпы адам еңбегі болып табылады, құн көрінісінің бұл жасырын сыры адам теңдігінің идеясы халық сезімінде тұрақты орын алған кезде ғана ашылуы мүмкін еді. Ал мұның өзі тауар формасы еңбек өнімінің жалпы формасына айналған қоғамда, демек, тауар иелері ретіндегі адамдардың өзара қатынасы үстемдік етуші қоғамдық қатынас болып табылатын кезде ғана мүмкін болады. Аристотельдің данышпандығы дәл мынадан көрінеді: тауар құнының көрінісінен ол теңдік қатынасын ашады. Ол өмір сүрген қоғамның тарихи өрісінің тарлығы ғана бұл тендік қатынасының мәні “шындығында” дәл неде екенін ашуға оған кедергі болды.
Аристотельдің материя мен форманың арақатынасы, олардың диалектикалық өзара байланысы туралы қарастырған мәселесі жаңа замандағы көптеген философтардың ой желісіне арқау болғанын байқаймыз. Бірақ бұл мәселені тек адамдардың практикалық қоғамдық қызметі арқылы ғана түсіне аламыз ғой. Материяның формаға айналуы, мүмкіндіктің шындық болып жүзеге асуы белгілі бір тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты. Адамдардың практикалық, өндірістік қызметі белгілі бір жағдайдағы материяны, субстратты қоғамға қажетті аса бір құнды формаға айналдырып, заттың белгілі бір кезеңдегі табиғи, жаратылыстық негізін өзгертіп қана қоймай, оның бойындағы жасырын сырын да қоғамдық негізде кеңінен аша түседі. Қоғамдық адамдардың практикалық қызметінің әсерінен материя, тіпті, ғажап түрде өзгеріп, ол жаңа бейнеге, формаға ие болады. Мұндай құдіретті тудыратын заттың өзіне ғана тән физикалық, химиялық, биологиялық өзгешеліктері ғана емес, оның басты себебі адамдардың қоғамдық шығармашылық еңбегінде жатыр. Түрленіп, ерекше қасиеттерге ие болған форма да, өзінің белсенділігінің арқасында, материяның қозғалысы мен дамуына жаңадан жол ашып, бағыт сілтейді. Материя мен форманың бірлігі тек адамдардың қоғамдық материалдық қызметінің шығармашылық дамуының нәтижесінде ғана айрықша көрінеді.
Сонымен, материя мен форма өздерінің мәнін тек қоғамдық материалдық практикалық негізде ғана табады. Ендеше, тек материяны әлде форманы асыра дәріптеу екі жақты, кейде тіпті шешілмейтін қайшылыққа алып келеді. Аристотельдің таным теориясындағы бір ерекшелік — ол Платонның философиясындағы тар өрістілігін сынай отырып, материя мен форманың басын біріктірмекші болды. Өйткені Аристотель жаңа дәуірде, әсіресе, көне грек мәдениетінің құлдырау кезеңінде мазмұн мен форманы, материя мен форманы біріктіре, өзара тығыз байланыстыра қарамайынша дүниенің (табиғат пен қоғамның) негізін аша алмаған болар еді. Сондықтан Аристотель Платонның тар өрістілігін ғылым саласымен жете айналыса отырып аңғарды.
Әрине, мұның өзі Аристотельді шындыққа қарай жақындата түскенімен, табиғат пен қоғамдағы қайшылықтарды шеше алмады. Сондықтан болар, ол кейін осы көзқарасынан ауытқып, басқа жолға түсті. Себебі Аристотель өзінің ұстазы Платонды ұғым мен идеяны асыра дәріптегені үшін сынға алып, біраз мәселелердің басын ашып, ғылымды жалпының үстемдігінен босатып алып шыққанымен, өзінің жүйесін жасауда қайтадан шешілмейтін қайшылыққа ұрынды. Сол себептен Аристотель өз жүйесін қалыптастыру барысында бір-бірінен алшақ кетіп, өзара жатсынған материя мен форманың бірлігін былайша анықтамақшы болды. Оның ойынша, материя — енжар, ал форма — белсенді болып келеді. Сондықтан материя, субстрат өзінің табиғи енжарлығына байланысты ешбір қимылмен іске қатыспайды. Ал форма болса тым белсенді. Ол материяның түрін, негізін өзгертіп, оның басқа формаға ауысуына мүмкіндік жасайды. Олай болса, егер форма, оның белсенділігі болмаса, материяның ешбір маңызы да жоқ болып шығады. Міне, осы көзқарас Платонның идеясына, яғни оның идеяны асыра дәріптеген процесіне қайта алып келеді. Егер Платон жалпыны, идеяны асыра дәріптеп, үлкен қайшылыққа ұрынса, Аристотель жалпы мен жекенің арасындағы диалектиканы түсіне, сол диалектиканың негізінде пайда болған қайшылықтарды шеше алмады. Бұдан Аристотель форманың рөлін, оның қызметін, іс-қимылдағы белсенділігін асыра дәріптей отырып, өзінің философиясында идеалдылықты асыра бағалауға қарай бет бұрды деуге болады.
Әрине, мұндай анықтама дұрыс та шығар. Аристотель, шынында да, өзіне дейінгі философияның таным теориясын терендете талдай отырып, ондағы ілім мен білімнің негізі материалдық, практикалық қызмет екенін жете түсінбеді. Оған Аристотельдің өзі емес, ол өмір сүріп отырған орта, көне грек тарихындағы жаугершілік пен шапқыншылықты, экономикалық және саяси дағдарыстарды басынан кешіріп отырған қоғамдағы шешілмейтін қайшылықтар кінәлі болатын. Осы қайшылықтардың негізін Аристотель ғылыми білімдердің жүйесін жасау арқылы шешпекші болды. Айталық, Аристотельдің форманы асыра дәріптеуі қанша біржақты болса да, таным теориясындағы мәселені толық шеше алмаса да, ғылым үшін оның ерекше маңыз атқарғанын айтқанымыз жөн. Бұл ойымыз қайшылықты әрі түсініксіз болуы да мүмкін. Дегенмен, Аристотельдің ойлау процесінің мәселелерімен көп айналысқанын жақсы білеміз. Оның осы мәселеге арналған “Категориялар”, “Бірінші аналитика”, “Екінші аналитика”, “Топика”, тағы басқа да еңбектері бар. Аристотель таным теориясына Платонға қарағанда әрі көбірек, әрі тереңірек көңіл аударды. Ол бұл мәселені Платоннан гөрі тым өзгеше әрі түсінікті етіп баяндады. Ол Платонның мифке сүйенген таным теориясынан бас тартты. Егер Платон таным тек еске түсіру, сайып келгенде, үңгірге қамалған адамдардың дүниені сырттан түскен сәулелер арқылы ғана, елес арқылы қабылдауы деп есептесе, Аристотель бұл теорияға басқаша мән берді. Ол бізге әлі де толық жетпеген “Философия туралы” деген трактатында адамдардың танымын үнемі даму барысында қарайды. Ол Платоннан өзгеше, адамды үңгірде қамағаннан гөрі, оларды сырттағы жарық сәулелерге қарай жетелейді. Аристотельдің осы бір теңеуі дүниені танудың ақиқат жолына қарай бастағанын байқаймыз.
Аристотельдің ойынша, егер адамдар жер астында өмір сүрсе, олардың дүниетанымы қалай болар еді? Жер астындағы адамдардың үйлері әрі жарық, олардың ішінде не түрлі жиһаз, қазыналар, әдемі статуялар мен суреттер бар. Сондай-ақ, олардың бақытты болуына қажетті нәрселердің бәрімен камтамасыз етілген (Аристотельдің бұл айтып отырғаны қапас үңгірдегі адамдарды қол аяғы кісендеулі, ешбір жарық сәулені көрмейтін жағдайда суреттеген Платон теориясына қарама-қарсы). Бірақ жер астындағы адамдар жер үстінде құдайлар бар екен деген ұзынқұлақ әңгімелерді естиді.
Бірде жер қозғалып, енді оның астында тұра беруге мүмкіндік болмағандықтан, адамдар жер бетіне шығады. Сонда не болады? Олар тосыннан жерді, теңізді, суды, аспанды, ондағы бұлттарды көріп, ызыңдап соғып тұрған желдің күшін байқап, аспандағы күнді көріп, ғажайып әдемілігіне танданып, оның бүкіл жер бетіне төгіп тұрған нұрына балқып, ал кеш болған соң, түнгі аспан әлеміндегі жымыңдаған жұлдыздарды көріп, айдың әртүрлі жағдайда жарық шашатынын сезініп, таң қалар еді. Осының бәрінен олар: “ия, рас, құдайлар бар екен, осы ғажап дүниелер мен құбылыстарды тек солар жаратады” деген қорытындыға келген болар еді.