Тілдің нормалану үдерісі үздіксіз жүріп отырады. Бірақ ол үдерісті
жеделдететін кез - әдеби тілдің еркін,
жан-жақты даму жолына түскен кезі. Әдеби
тіл пайда болғанда, халық тілінде бар
анархияға, дөрекілікке, қара дүрсін ала-құлалыққа
тыйым салына басталады да, таңдау күшейеді.
Соның нәтижесінде әдеби тіл белгілі жүйеге
түскен тіл болып табылады. Мысалы, ХVІІІ
ғасырда араб-парсы тілінен енген сөздердің
айтылуында, жазылуында ешқандай тиянақ
болмайтын. Соның өзінде сол кездегі әдеби
тілде өазіргі «әдет» - «ғадет» болып,
«өмір» - «ғұмыр» болып, «күна» - «гүна»
болып, «кітап» - «китап» болып жазылатын.
Мұндай сөздердің бұрынғы нұсқасын сақтау
діни зиялылар арасында күшті болғанымен,
қарапайым қазақтар оларды халық тілінің
заңына бағындырып, өзгертіп айтатын еді.
Осы күні солар әдеби тілдің нормасына
айналып кетті.
Қазақ әдеби тілінің әр түрлі
даму кезеңінде әр түрлі нормалар болды. Мысалы, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы
әдеби тілде түрік халықтарының біразына
ортақ ескі өзбек (Чагатай) әдеби тілінің
нұсқалары норма болса (Мысалы, бірлан,
барадұр, айтылмаш, үшбу, міллат, хақихат,
уағда, һам, ғмал), Абайлар тұсында әдеби
тілдің өлең-жырлардан басқа да нұсқалары
халықтық қасиетке ие болғанда, араб-парсы
сөздерін, чағатайзмді қазақша айту, қазақ
тілінің дыбыс заңына лайықтап қолдану
бағыты күшті болды. Ескі норма бірден
жойылып, жаңа норма аз күннің ішінде орнай
қалмайды. Абай сөздігіне қарап отырсаң,
оның алғашқы жылдарындағы шығармаларында,
әсіресе қара сөздерінде, араб сөздерін
«кітаби дәстүр» бойынша жазғны байқалды.
Мысалы: хаким (әкім), ғыззат (іззет), ғұмыр
(өмір), ғараб (араб), ғадат (әдет), ғанимат
(ғанибет), ғамал (амал), ғайып (айып). Бірақ
Абай өзінен бұрынғы әдебиеттің ондай
нормаларын кейін бұзып, әлгедей сөздердің
қазақ тіліне жатық нұсқаларын жиі қолданды.
Сол кейін нормаға айналды.
Қазіргі терминдер жүйесінің
тиянақтай бастаған, жаңа бетбұрыс
кезеңі 1930-1940 жылдары еді. Сонда осы күнгі терминдер
жүйесінің саралануы тек жеке кісілердің,
сол кезде бұл жұмысқа көп еңбек сіңірген
Қ.Жұбанов, С.Баишов т.б. болды[18,92].
Әдеби тілді нормалау қалам
қайраткерінің, ғылым қызметкерінің
күшімен баспасөз, мектеп, радио, телевизия арқылы іске асады.
Тілді нормалау дегеніміз – бір жағынан,
тілде барды сол күйінде қалыптастыру
болса, екіншіден, тілде барды өзгертіп
қалыптастыру, үшіншіден, тілде жоқты,
бірақ әдеби тіл үшін керекті жаңадан
енгізіп қалыптастыру болады.
Қатынас құралы болып қалыптасқан
тілге реформа жасау мүмкін
емес. Бірақ оны нормаға түсіріп
байытуға, жақсартуға, икемді етуге
болады.
Тұжырымдағанда, әдеби тілдің нормасы
дегенді былай анықтауға болады:
Тілдің таңдамалы, қолайлы, ой-пікірді дәл беруге жарамды,
жалпыға ортақ жүйелерін әдеби тілдің
нормасы дейміз. Ол тілде барды қоғамның
таңдау, талғау елегінен өткізу негізінде
және де тілге енген жаңлықтарды үйлесімді
бір арнаға салу негізінде қалыптасады.
Әдеби тілдің нормалары әрдайым сол түр-тұрпатын
сақтап қатып қалмайды. Олар да өзгеріске
ұшырауы мүмкін. Ондайды нормадан ауытқу
дейміз. Әдеби тілді жұмсаушылар тәжірибесінде
нормадан ауытқу екі түрлі болады:
1. Жөнімен ауытқу; 2. Жөнсіз
ауытқу.
Әдеби норманы белгілі мақсатпен, стильдік
өңі болғандықтан өзгертіп қолдану –
жөнімен ауытқу болады. Әдеби норманы
жөн-жосықсыз бұзып, естіген-білгенін
қалай болса солай талғамай қолдану жөнсіз
ауытқу делінеді.
Қазақтың әдеби тілінің нормалануы
үш түрлі жолымен жүргізіледі:
1. Тілдің ілгері даму үдерісінде
оның ішкі заңдарына негізделген
жүйелілік пайда болады. Оларды
қазақ тілінің фонетикалық, лексикалық,
грамматикалық қағидаларынан көрінеді.
Мысалы, әдеби тіл болмай тұрғанда,
қазақ тілінің дыбыстар жүйесінде «үндестік заң»
тиянақты орын алатын, морфологияда септеулер
жүйесі негізінен бір ізге түскен болатын.
Мұндайлар тілдің «табиғи» даму үдерістің
жемісі деп есептелінеді.
2. Сондай тілдік дәстүрлерді әдеби
тіл бекемдей түсті де, сөйлеу тілінде бар шашыраң қылықты,
алаусыздықты жою, тілдік нормаларды орнату
үдерісі жүріп жатты. Ол үшін әдеби тілді
пайдаланушылар арасында тілді нормалауға
бейімделген жалпы бағыт, дұрыс бағдар
болды.
3. Халық тілдері мен ұлт тілдерін ілгері дамыту туралы еліміздің дұрыс
саясаты негізінде әдеби тілде нормалауға
бағытталған көптеген жұмыстр жүргізілді:
графика, орфография, пунктуация, терминология
мәселелері шешілді; түрлі-түрлі сөздіктер
жасалды, қолданбалы және ғылыми грамматика
жазылды; баспа тілі жақсарды. Бұлардың
бәрі –тілді ресми түрде, мақсатты нормалауға
бағытталған жұмыстар.
Жалпы тілдің нормалануы халықтың
қарым-қатынас үдерісінде жүргізіледі.
Қарым-қатынас – адамның отбасымен,
өскен, араласқан ортасымен, елімен, дерімен, салт-дәстүрімен
және мәдениет қатынасымен етене әрі жанды
байланысы. Адамдардың әдептілік нормалары
тұрғысынан бір-бірімен өзара араласуларын,
ауыс-түйістерін, байланыстарын білдіреді.
Қарым-қатынас – адамдардың ішкі
жан дүниесінің сыртқы көрінісі, олардың күнделікті
өмір тіршілігіндегі (әрекетіндегі) бейнесін
жасаудағы іс-әрекеті. Жақсы қарым-қатынас
жасауды білу және солай әрекет ету - әрбір
адамның міндеті. Ол үшін оқушыларды сол
тілдік мұралар негізінде үйрету, жаттықтыру
қажет.
Жақсы қарым-қатынас жасау үшін
оқушының әуелі әдептілік негіздерін
бойына сіңіру шарт. Өйткені әдеп
болмай, жақсы қарым-қатынас болуы
мүмкін емес. Әдеп – сөйлеудегі,
пікірлесудегі мәдениет тірегі.
Тұжырымдағанда, жақсы қарым-қатынас жасау - әдептілікті, мәдениеттілікті,
сөйлеу білу, сөйлесе білу мәдениетін
меңгерудің қажеттілігін көрсетеді.
Жеке адам мәдениеті деген
– адамның ойлау қабілеті, өзінің
және айналасындағылардың әрекеттеріне,
болмысына талдау жасай білу
қабілеті.
Мәдениет – адамның рухани
және материалдық, білімдарлық
(интеллектілік) пен сезімдік
қасиеттері айқын аңғарылатын
белгілерінің жиынтығы. Демек, мәдениет
сөзінің аясы кең. Соның ең
негізгісі – тіл мәдениеті.
Тіл, сөз –егіз ұғымда қолданыла береді.
Мәдениеттің негізі –тіл, ол адамзаттың
мұратымен астасып жатады. Әр
ұлттың тілі сол ұлтпен бірге
пайда болып, дамып отырады.
Сондықтан өз тарихына, ұлттық
дәстүріне, отанына, туған тіліне
деген сүйіспеншілігі артып, қадір-
қасиетін арттыра білген адам ғана мәдениетті болмақ.
Сөз мәдениеті – сөздердің
мағынасына қарай дұрыс қолдану,
сөйлеу әрекетінде оларды бір-бірімен
қиюластырып, үндестіріп айту, емле
мен тыныс белгілері ережелерін
сақтап, сауатты жазу, тілдің бейнелегіш
және көркемдегіш құрлдарын орынды қолдана
білу болып табылады.
Тіл мәдениетінің салалары. Тіл
мәдениетінің бір күрделі саласы
– сөз байлығы. Сөз молдығы
–оралымды тілге қойылар талаптың
бірі болмақ. Сөз байлығына мән
бермеген оқушының тілі жұтаң [19,125].
Актив сөзі тым аз болған
сайын ондай оқушының тілінде
сөзді мақсатсыз қайталаулар
жиі кездеседі. Ал сөзді орынсыз
қайталау тілдің қатынас қызметін
төмендетеді, ойды дәлме-дәл, мазмұнды
жеткізуге кедергі болады. Ал
сөзбен көп мағына беру ұстанымы бұзылады. Өйткені айтылатын
ойға әр сөздің қосар мағыналық, эстетикалық,
эмоциялық т.б. информациясы болады. Ал
бір рет айтылған сөздің сөйлем сайын
мақсатсыз қайталана беруінен мәтіннің
информациялық мазмұны кемиді.
Кейде белгілі бір оқушылардың шығарма мәтінін оқып
отырғанның өзінде оқушының сөздік қоры
қаншалықты мол немесе қаншалықты төмен
екенін түсініп отырамыз. Мәтінге кішігірім
стилистикалық талдау жасасақ, осы түсінуіміздің
дұрысқа шығатынын көреміз.
Әдетте, зерттеушілер белгілі бір жазушының тілі
жайында сөз қозғай қалса, «қаламгер тілге
бай, халық тілі байлығын мейлінше мол
пайдаланған» тәрізді тұжырымды жиі қолданатынын
байқаймыз. Алайда мұндай тұжырым көбіне
жуық шамамен айтылады. Әйтпесе жазушының
қанша сөз қолданғандығын, қандай жиілікте
жұмсағанын, қандай тұлғалармен қаншалықты
түрлендіре түскенін нақтылап, санап шыққан
ешкім жоқ.
Әдетте зерттеуші ғалымдар үшін
тек жорамалға сүйеніп, болжаммен
қорытынды жасаудан гөрі нақтылы
дерекке сүйенеді. Мәселен, «Абай жолы» эпопеясының сөз шырайы,
тіл кестесі келісті, өрнекті сөз орамдарына
бай туынды екендігі әлдеқашан мәлім болған.
Бір кезде болжаммен айтылған осы іспеттес
пікір енді сандық сипаттама –цифр тілімен
нақтылана түсті. Жазушы «Абай жолында»
16983 сөз қолданған. Ал А.С.Пушкин өз шығармашылығында
21197, В.Шекспир 15000 сөз қолданған. «Абай
жолы» эпопеясында 1және 2 рет қолданған
сөз саны 8698, Пушкин шығармаларында мұндай
жиіліктегі сөздердің саны – 9301, Малин-Сибиряктың
«Приваловтар миллионы» романында 11283
сөз қолданыс бар, 1-2 рет қолданатын сөз
саны 7213 [20,169].
Бұл – тіл байлығы деп аталатын
қатысымдық сапаның нысаныды
құбылыс екендігін көрсетеді.
Тіл байлығы тек лексикамен
ұштасып жатпайды, ол ұғым сөздің
лексика-фразеологиялық топтары ғана емес, ана тілінің
синтаксистік, морфологиялық жүйелерін
де қамтиды. Өйткені лексикасына қарап
кез келген мәтіннің тілі бай деуге болмайды.
Тілдің морфологиялық, синтаксистік амал-тәсілдері,
лексикалық қазынасы бір-бірімен астаса,
ынтымақтаса, тіл табыса келіп, тіл байлығын
құрайды.
Бұл айтылғандардың бәрі әдеби
тіл арнасының ішінде тек көркем
әдебиет силіне қатысты болып
көрінуі мүмкін. Шындығында, сөз
байлығы жөнінде көркем әдебиет
пен публицистикалық стильдерге
қойылатын талапты әдеби тілдің ғылыми, кеңсе стилі
тәрізді салаларына қойылатын талаппен
әдеби бірдей деп қарауға болмайды. Әдеби
тіл нормаларының тіл байлығын аса керек
ететін сала- көркем әдебиет. Ал ғылыми
стиль немесе кеңсе стилімен салыстырғанда,
сөз молдығы – публицистикалық стильге
аса қажетті сапалардың бірі. Мәселен,
жиналыс, конференция, сессия т.б. қаулы,
қарарларын жазуда сөз байлығынан гөрі
іс-қағаздарына тән стандартты қолданыстарды
қатаң сақтау, кеңсе стиліне тән сөздер
мен грамматикалық формаларды талдай
білу, синтаксистік құрылымдарды меңгеру
алдымен ауызға алынады.
Әрине, сырт қарағанда, тіл
байлығы тек жазушы немесе
журналистерге ғана қойылар талап
тәрізді көрінуі мүмкін. Алайда
қоғамдағы бір-бірімен қарым-қатынас
жасамайтын қоғам мүшесі жоқ. Оның іс-әрекеті қоғамдық өмірдің
сан алуан саласына тәуелді. Диқан, малшы,
жұмысшы, дәрігер, мұғалім, оқушы т.б. бір-бірімен
ауызша да қарым-қатынас жасайды, сондай-ақ
телевизия, радио тыңдап, газет, журнал,
кітаптарды оқиды. Мұның барлығына да,
тыңдағанда да, басқа біреуге сөйлегенде
де, жазғанда да дұрыс түсініп немесе ойды
дұрыс жеткізе білу үшін тіл байлығы қажет.
Сонымен сөз байлығы деген
сапаның функционалдық стильдеріндегі
көрінісі әр түрлі болғанымен,
қоғам мүшелеріне қойылар талап бірдей [21,115]. Өйткені тіл байлығы – сөз
мәдениетінің аса маңызды құрамдас бөлігі.
Тілдегі сөздердің қоғамдық қызметі әр
алуан. Сондықтан бір кезеңдегі сөздер
күнделікті қатынас қызметінде жиі қолданыла
бастайды. Жаңа сөздер пайда болып жатады.
Сондықтан қазақ тіліндегі сөздердің
санының қанша екендігін дәл ешкім айта
алмайды. Ешбір тілде сөздің санын математикалық
дәлдікпен айту мүмкін емес.
Оның себебі жоғарыдағы пікірлерден
басқа сөздер мағына жағынан
да өзгеріп, дамып отырады.
Сондықтан оқушылардың тіл мәдениетін
дамытуда ең алдымен сөз және оның мағынасын
үйретуден басталады.
Сөз үйрету тіл білімінің лексика
тарауындағы зат пен құбылыстың
атауы ғана емес, сөздің контекстегі
мағыналық қырларын да түгел
қамту қажет. Сондықтан сөз байлығын үйрету қазақ тілі
курсының өн бойына жүргізіліп отырылатын
үдеріс. Сөз үйрету және сөздік жұмысының
әдіс-тәсілдері зерттеуіміздің «лексиканы
оқыту» тарауында қарастырдық.
Тіл мәдениетінің бір саласы
сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді, мәтінді, мазмұн мен ойды орынды,
нақты қолдану болып табылады. Оны кейбір
ғылыми зерттеулерде сөз дәлдігі деп жүр
[22,36]. Сондықтан сөйлеудегі немесе жазудағы
дәлдікті қалай ұғынамыз? Әдетте сөйлеуші
нысанына риза болған адам «дәл айтты»,
«тауып айтты» деп өзгенің сөзіне баға
беріп отырады. Бұл – сөз дәлдігі жөніндегі
әдеттегі түсінігіміз. Ал сөз дәлдігі
туралы лингвистикалық термин оны басқаша
қарастырады.
Қазақ тіл мәдениетіне байланысты
зерттеу, еңбектерді негізге алсақ,
сөз дәлдігі туралы қатыстық қызметтегі сапаға қойылатын
талаптар әр түрлі. Солардың бірі – сөздерді
тілдегі мағынасына лайық қолдану. Бұл
тұрғыдан мектеп оқушылары ғана емес,
тіл мәдениетінің айнасы деп жүрген баспасөздерде
қателер кездеседі. Мысалы, журналда «Бұл
ауылға мен келген кезде қой басын өркендетуге
мән берілмей келеді екен» деген сөйлемдегі
ойды түсінуге болады, бірақ кейбір сөздің,
«өркендету» сөзінің өз мағынасында қолданбағандығын
білдіреді. Атап айтқанда, қой шаруашылығын
өркендету деп айтуға болғанымен, қой
басына байланысты санын көбейту деген
сөзді қолдану тиімді болмақ.
Мұндай тілдік құралдарды өз
ойын жеткізуде оқушылар жиі
қате жібереді. Ол көбінесе сөздің
ұғымы мен мағынасын және стилистикалық
реңін нақты білмеуден туындайды.
Тіпті мұндай қателер күнделікті баспасөздерде де
кездеседі.