Мерекелік ертеңгілікке дайындық
және оны өткізу
Ертеңгілік
балалар бақшасында өткізілетін
жалпы тәрбие жұмыстарының бір
бөлігі болып табылады. Ертеңгілікте
адамгершілік, ой, дене және эстетикалық
тәрбие міндеттері жүзеге асырылады.
Сондықтан мерекеге дайындық, оны
өткізу және балалардың одан әрі алған
әсерін тиянақтау жұмыстарын педагогикалық
процестің бір тармағы деп қараған жөн.
Ертеңгіліктің
бағдарламасы шамамен бір жарым
ай бұрын ойластырылады. Оған
балаларға жақсы таныс және
мерекені атап өткенге дейін
қалған уақыт ішіндегі сабақтарда
меңгерілетін билер, музыкалық
ойындар, әндер қосылады.
Сондықтан
мерекелік бағдарламасына музыкалық
материал іріктегенде балалардың
мүмкіндіктерін ескерген абзал.
Қазақстан
республикасының Тәуелсіздік күніне
арналған мерекеге ертеңгіліктің
сценарийі барынша қарапайым
материалдардан құрылады: оған ойындар,
көріністер көптеп қосылады. Егер
мерекелік бағдарламаға қосымша
ән, би қосу қажеттілігі туындаса,
онда олар балалардың қалыптасқан
дағдысына сай және олар жеңіл
игеретіндей болулары керек.
Репертуарға
іріктелген бағдарлама бірте-бірте
музыка сабақтарының жоспарына
енгізіледі. Барынша күрделі әндер,
билер бір, бір жарым ай ішінде
үйретіледі. Репертуардың
бір бөлігі – қызықты сәттерді,
күрделі емес ойындар мен инсценировкаларды
балалар мерекеге аз күн қалғанда
дайындалады.
Мерекелерге,
әсіресе, қоғамдық-саяси мерекеге
дайындық түрлі сабақтарда, көркемдік
қызметтің әр түрінде жүргізіледі.
Балалармен алдағы мереке туралы
әңгіме өткізіледі, соған қатысты
әңгімелер оқылады, тақпақтар
үйретіледі. Олармен сәнді безендірілген
көшелер бойымен экскурсиялар
жасалады: мереке тақырыбы суреттерде,
аппликацияларда көрініс табады.
Музыкалық сабақтарда келе жатқан
мерекелік ертеңгілікке байланысты
жалпы тәрбие жұмыстарының белгілі
бір бөлігі жүзеге асырылады.
Ертеңгіліктің
ойдағыдай өткізілуі ең алдымен,
жақсы ойластырылған сценарийге
тән. Ол мүмкіндігінше тартымды
көрсетулер мен орындауларға
толы болып, жоғары және дайындық топтарында
35 – 40 минуттан, ал кіші топта 25 – 30 минуттан
аспауға тиіс.
Жақсы
құрастырылған бағдарламада балалардың
әрекет етуі мен дем алуы
ретімен кезектесіп отырады. Сөйтіп,
көңіл күйді көтеретін салтанатты
бөлімнен кейін балалар отырып
өлең тыңдайды, көңілді биден
соң бірнеше бала қатысқан
инсценировка көреді.
Мектеп
жасына дейінгі ең кішкентайларды
олардың қолдарындағы атрибуттар:
жалаушалар, әуе шарлары, гүлдер
қуантады. Бөлменің мерекелік безендірілуін
олар бірден аңғармайды, ол үшін
көруге арнайы уақыт беру керек.
Балалар өз сезімдерін білдіруге
алғашқы сәттері ұстамдылық көрсетеді.
Көңілді музыка, түрлі орамалдармен
қимыл жасау оларды жадыратып,
қозғалыс жасауға итермелейді.
Сан
қилы әсерлер кейде балаларды
шатастырып та жібереді. Олардың
дағдысы әлі де болса тұрақсыз,
балалар әуелгі сәтте қозғалыс
тәртібін ұмытып қалулары мүмкін,
сондықтан тәрбиеші оларға үнемі
көмектесіп тұрады.
Кіші
топтардағы ертеңгіліктердің бағдарламасына
ересек балалардың, ересектердің
орындауларындағы қызықты көріністер
көбірек қосылады. Кішкетайлардың
қимылы әлі де болса күрделі
емес, олар дербестілігін аз танытады.
Олар бастапқы кезде өлеңді
тәрбиешіге қосылып қана айтады.
Билер мен ойындар көрсетіліп
орындалады. Қызықты көрсетулер
ретінде қуыршақ театрының кейіпкерлері
жиі қолданылады, мереке бағдарламасының
бір бөлігін жүргізеді.
Ересектеу
балаларға қабылдау мен орындаушылық
қызметтегі белсенділік тән. Бөлменің
сәнді жиналуы, әр түрлі атрибуттар,
кейіпкерлердің киімдері – осылардың
барлығы балалардың назарын аударады.
Олардың өздері безендіруді байқайды,
қызыға қарайды.
Жоғары
топтың балалары ертеңгіліктерде
көп жағдайда дербес әрекет
жасайды, тәрбиешінің көмегінсіз
таныс ойындарды, билерді сенімді
орындайды. Олар ұжымда еркін
бағдар жасайды, жолдастарының
қимылды дұрыс орындауларын қадағалай
алады.
Орындауларға
балалар қатысуы тиіс. Бала дербес
өнер көрсете алмағанның өзінде
шағын топқа қосылып орындауы
керек.
Ұжымдық
орындаулар әрдайым жеке өлең
оқумен, балалар музыка аспаптарында
ойнаумен алмасып отырады. Кейде
балалар шағын топ болып өнер
көрсетеді. Олар әр түрлі кейіпкерлерге
тән әндер мен билерді орындайды,
кішкене драмалық ойын құрады.
Жеке
орындаулар тұйық балалардың
өзінің жасқаншақтығын жеңуге
көмектеседі, өз күшіне деген
сенімін арттырады, қимылдардағы
әлжауыздықтан арылуға әсер етеді.
Жеке орындауларда әрбір балаға
өзінің музыкалық-шығармашылық қабілетін
көрсетуге мүмкіндік туады.
Музыка
тәрбиесі жөніндегі жұмысты жақсы
ұйымдастырған жағдайда әрбір
жастағы топтарға бөлінген бағдарлама
мазмұнын барлық балалар жақсы
меңгереді. Сонымен қатар топта
басқаларға қарағанда бағдарлама
материалын жеңіл және жылдам
игеретін балалар болады және
олардың бұдан былайғы дамуы
құрделілеу шығармаларды қолдануды
талап етеді. Мұндай балаларға
өз қабілеттерін толығырақ көрсетуге
мүмкіндік беретін ән салу, би
билеуге құрылған күрделірек
рольдерді тапсыруға болады. Топта
берілген тапсырманы орындауға
қиналатын немесе балалар
бақшасына жаңадан келген тәрбиеленушілер
болуы мүмкін. Дегенмен олар да
жалпы сауыққа қатысуға міндетті,
оларға арнап қызықты қарапайым
орындауларды ойлап табу қажет.
Мерекелік
ертеңгіліктегі тәрбиешінің қызметі
сан алуан. Ең жауаптысы жүргізушінің
ролі болып табылады. Оның сезімталдығы,
балалармен еркін әңгімелесе
білуі, өлеңді, тексттерді мәнерлеп
оқуы көп жағдайда жалпы көңіл
күйді және мерекені жүргізу
барысын анықтайды. Жүргізуші
тек қана бағдарламаны біліп қоймай,
сонымен қатар оқыстан болған өзгерістерге
де табан астынан тың шешім тауып отыруы
керек.
Тәрбиешінің
жеке және топпен өнер көрсетулері
балаларды қуаныш сезіміне бөлейді.
Оларға әр түрлі халық билерін
билеп, кейбір кейіпкерлердің
ролін орындап, ән салып берулеріне
болады.
Ешқандай
рольге қатыспайтын тәрбиешілер
өз тобындағы балалар арасында
болады. Олар орындаушылардың өнерін
балалардың қалай қабылдағанын
мұқият қадағалайды, олармен қосылып
өлең айтады, бүлдіршіндерді дер
кезінде киіндіреді, ойын, би, өткізгендерге
қажет болған жағдайда көмектеседі.
Ертеңгілік
жақсы екпінде жүргізілуі тиіс.
Орындаулардың созылуы, олардың
көп болуы, орынсыз үзілістер
– осылардың барлығы балаларды
жалықтырады, эмоционалдық-физиологиялық
ауырлықтың біртұтас жүйесін
бұзады. Сондықтан, мерекеге ең
алдымен ересектердің белсене
араласқаны жөн. Сценарийді талқылағанда
әрбір тәрбиешінің ролін, оның
міндеттерін анықтау қажет, балаларды
киіндіретін, жарық реттейтін,
жекелеген кейіпкерлердің дәл
уақытында шығуын, қызықты сәттерді
өткізетін жауапты адамдарды
тағайындау керек.
Мерекеден
кейін балалар ұзақ уақыт өздеріне
ұнаған орындауларды естеріне
алып жүреді. Тәрбиеші мейлінше
мазмұнды, ықпалды әсерлерді мереке
тақырыбымен байланыстырып, жеткіншектердің
сақталып қалуына әрекет етеді.
Олар суреттерде, әңгімелерде бейнеленеді.
Балалар өздеріне ұнаған билерді,
әндерді, жекелеген кейіпкерлердің
қимылдарын қайталайды. Тәрбиеші
осы әңгімелерге қатысады, балалардың
алған әсерлерін қорытындылайды,
оның ең бастысын бөліп айтады,
түсініксіз жерлерді түсіндіреді.
Көптеген
мерекелік ертеңгіліктер өнердің алуан
түрімен (бейнелеу, музыка, әдебиет, театр,
кино) байланысты. Сценарий көркем музыкалық-әдеби
материалды бос уақыттың белгілі бір түрінің
мазмұнына сай бірегей, толық формаға
біріктіреді.
Сценарийге
енген шығармалар қызықты, қарапайым,
балалардың қабылдауына оңай, дайындалуға
көп уақыт талап етпеуге тиіс.
Кейбір
мерекелік ертеңгіліктерде балалар орындаушы,
екіншісінде – тыңдаушы болуы мүмкін.
Мерекелік ертеңгілік ұйымдастыруға
және дайындауға музыка жетекшісі мен
тәрбиеші басшылық етеді, олар балалардың
жас ерекшелігін, балалар бақшасындағы
барлық оқу-тәрбие жұмыстарының жағдайы
мен мазмұнын ескере отырып, бос уақытты
өткізу күнін жоспарлайды.
Сценарий:
Сценарий – бұл белгілі
бір оқиғаның әдеби өңделуі. Сценарийде
қимылдың жекелеген элементтері
жүйелі баяндалады, тақырып, ойындардың
бағыты ашылады, қатысушылардың белсенділігін
арттыратын әдістер алдын ала
ескеріледі, сондай-ақ сауықты көркемдеу
жайлары қарастырылады.
Ең алдымен мерекенің
тақырыбы мен идеясы анықталады.
Әдетте тақырып алдын
ала беріледі, ал жалпы басты шешім
идеясына тыңдаушыларды, көрермендерді
барлық қимыл барысында сюжеттік
бағытты оқиғадан оқиғаға өрбіте
отырып жеткізу керек.
Сахналық көрініс басталар
алдында қазір қандай оқиға көрсетілетіні
жөнінде қысқаша әңгіме немесе шағын
түсініктеме беріледі.
Содан кейін сценарийдің
негізгі қимыл-әрекеттері ашылады,
ол мынандай тәртіппен жүргізіледі:
а) әрбір эпизод одан бұрынғы
және онан кейінгі эпизодтармен өзара
байланыста дамуы керек;
б) қимыл-әрекет өріс алған
жүйемен барынша әлсізден эмоционалды
келесі эпизодқа қарай дами түседі;
с) әрбір эпизодтың ішкі
логикалық құрылымы болуы керек
және ол келесі эпизод басталғанға
дейін аяқталуға тиіс.
Сценаридің барлық идеясы
кульминацияда шоғырланған. Қорытындысында
барлық қатысушылар белсенділіктерін
көрсетулері тиіс.
Мерекелік ертеңгіліктердің
сан алуан түрі алдын ала жоспарлауды
қажет етеді. Бұл тәрбиешіге балалармен
мерекені дайындау және өткізу жұмыстарын
ойдағыдай ұйымдастыруға көмектеседі.
Музыка жетекшісі топтың
тәрбиешісімен бірігіп жоспар жасайды
және барлық педагогикалық жұмыстар
мен балалардың жас ерекшеліктерін
ескере отырып, әрбір ойын-сауық
түрінің сценарийін жасайды. Жоспарды
балалар бақшасының әдіскері немесе
меңгерушісі бекітеді.
Жоспарда тәрбиешілердің
қайсысы мерекелік ертеңгіліктердің
жалпы ұйымдастырылуы мен өткізілуіне,
киім дайындалуы мен безендірілуіне, атрибуттарына
жауапкер екендігі атап көрсетілуі қажет.
Мерекелік ертеңгіліктің әр
түрлерінің өзіндік мазмұны, өзінің репертуары
және соған сай тәрбиелік міндеттері болады.
Балалар бақшасында балалармен
мерекелік ертеңгілік өткізу ұйымдастырудың
маңызды формасы болуымен қатар, көңілді
атмосфера құруға көмектеседі, балалардың
жағымды эмоциясын қалыптастыруға, олардың
сезімін кеңейтуге әсерін тигізеді, ұжымдық
көңіл күйде сезінуге баулиды, шығармашылық
ойлауды дамытады. Балалар бақшасында
мерекені ұйымдастыру маңызды педагогикалық
міндеттердің бірі болып табылады.
3.1 Музыканың мерекелердегі
рөлі.
Балалар
бақшасындағы мерекелер еліміздің
өміріндегі атаулы оқиғаларға
арналады және педагогикалық
процестің маңызды буыны болып
табылады.
Балалар
бүкіл халықтық мерекелер негізінде
жатқан үлкен идеяларды барынша
түсінікті түрде, көркем образдар
арқылы онан әрі қабылдауға
дайындалады; салтанатты жағдай,
көркем безендіру, музыка патриоттық
сезімдердің дамуына белсенді
ықпал етеді, балалардың өз
Отанына деген мақтаныш сезімін
арттыруға тәрбиелейді.
Балалардың ертеңгілік салтанатты
көркемдік қызметтері сан түрлі:
салтанатты шеру, қайта құрылу, өлең
айту, ойындар, билер. Мәнерлеп оқу, сахнадағы
көрініс, музыкалық шығармаларды орындау,
музыка бөлмесін, топтардың бөлімдерін
сәндендіріп, көркемдеу балалардың
көңілдерін көтереді, эстетикалық сезімдерін
оятады. Балалардың шат-шадыман болуларына,
сүйікті әндерін орындауға, ойнауға,
аттракциондық ойындар мен жарыстарда
ептілік көрсетулеріне мүмкіндік
туғызады.
Сөйтіп,
баланы жан-жақты дамыту міндеттері
тұтасымен ертеңгілік салтанаттарда
шешіледі.
Балалар
бақшасында Қазақстанның Тәуелсіздік
күні, Қазақстан халқының бірлігі
мерекесі, Қазақстан республикасының
Конституция күні, Республика күні,
Жаңа жыл мерекесі, Жеңіс күні,
халықаралық әйелдер күні, Наурыз
мейрамы мен дайындық тобындағы
балаларды мектепке шығарып салу
күні жыл сайын аталып өтеді.
Ертеңгіліктерде
музыка өнері ерекше роль атқарады.
Эмоционалдық ықпал етудегі үлкен
күшке ие болған ол, балалардың
боыйнда тиісінше салтанатты
– көтеріңкі, жайбарақат, көңілді
көңіл қалыптастырады. Әуелі жалпы
сезімді көтеретін жағдай жасап,
балалардың санасына мерекенің
негізгі идеясын орнықтыру керек.
Осы мақсатпен ертеңгіліктің бірінші
бөліміне салтанатты марштар, мерекелік
өлеңдер таңдалып алынады, ересектердің
орындауында әндер де шырқалуы мүмкін.