Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Октября 2013 в 19:40, реферат
Арал теңізі мәселелері жөніндегі келісім – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия елбасыларының 1993 жылдың қаңтарында Ташкент қаласында қабылдаған шешімі бойынша 1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1-конференцияда жасалған келісім. Ол «Арал теңізі және Арал аймағы мәселелерін, экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп шешетін ортақ шаралар туралы Келісім» деп аталды. Келісімге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Ақаев, Тәжікстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Э.Ш. Рахмонов, Өзбекстан Республикасының Президенті И.А. Каримов, Түрікменстан Президенті С.А. Ниязов қол қойды. Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі айдынындағы экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақтылы қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және Арал аймағының әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, тұрмыстық қажеттіктерді өтейтін істерге тікелей назар аударылды. Келісімді орындаудың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып, олардың ұйымдық мәселелері шешілді. БҰҰ-ның Бас хатшысына Орталық Азия елбасыларының атынан Үндеухат жолданды. Онда Аралды сақтап қалуға, Арал аймағының келелі мәселелерін шешуге арналған шараларға дүниежүзілік қауымдастықтың назары аударылды.