Автор работы: Пользователь скрыл имя, 02 Мая 2014 в 11:24, реферат
Бірнеше ғасырдан бері Әл-Фараби мұрасы әлемдік көркем ойға өз үлесін қосқан педагогикалық мұраның қатарында көрінді. Осындай биік рухани өсу біздің қазақ педагогикасының өткені мен оның даму тарихына,яғни Әл-Фараби мұрасына қатысты екені ақиқат.Сондықтан да оның қазіргі кездегі мұрасы сан-салалы гуманитарлық –педагогикалық арналары бойынша қазақ ғалымдарының зерттеуімен Әл-Фарабидің әрбір ғылымының арнасы айқындалып,ол біздің еліміздің рухани игілігіне айналуда. Фарабидің өмірі жөнінде бізге жеткен мағлұматтар үзік-үзік,аңыз-шыны аралас болып келеді.
I.Кіріспе
II.Негізгі бөлім
2.1Әл-Фарабидің ұстаздық шеберлігі
2.2Ғұламаның педагогикадағы оқыту теориясы мәселелері
2.3 Әл-Фараби еңбектеріндегі психологиялық идеялар
III.Қорытынды
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Қажеттілік қаласының тұрғындары жеке бастарының баюын көздемейді, байлықты бір- бірінен асыруды қажет деп те таппайды. Осыған орай, қажеттілік қаласы адамдарының мнез - құлқы жақсы жағынан көрініп отырады.
Айырбас қаласының тұрғындары байлыққа ерекше құмар келеді. Олар саудамен айналысады, сауда жүрген жерде ұрлық та, зорлық – зомбылық та кездеседі. Осы қаланың тұрғындары, - ауқатты тұрады, олар баю жолында бір – біріне көмектесуге тырысады. Олар ұрлықты күн көру үшін емес, тек жеке басын байыту үшін жасайды. Бұлар өз күшімен еш нәрсеге өндірмейді, адал еңбекті білмейді, тек алыпсатарлықпен айналысып баюды ғана көздейтін өсімқорлар мен саудагер көпестер.
Опасыздық пен бақытсыздық қаласының тұрғындары да белгілі бір әлеуметтік топ болып табылады. «Ождансыздар мен бейбақтар қауымының адамдары , - деп жазады ол ,- жан рақатын ішіп жеуде, азғындық қылықтармен айналысуда деп түсінеді, қысқасы, олар тек көңіл көтеру мен түрлі ермекке бой ұрып, сезімі мен ойын сонымен былғайтындар болып табылады. Бұлар өмірден тек рақат пен ермек іздейді де, пайдалы еңбекпен айналыспайды. Мұндай қалада ірі феодалдар, олардың бала – шағалары, бос белбеу ұлдары мен сылаңдаған бикештері өмір сүреді»/31/
Надан қалалардың әр түрлерін Фараби басқа еңбектерінде де жол – жөнекей айтып отырады. Мәселен, «Азаматтық саясатта» ол коллективтік, қайырымды қалалармен бірге бұзылған сараң қайырымсыз қалалардың да болатынын ескертеді. Бұл қалалардың тұрғындары туралы айтқанда ол әр түрлі әлеуметтік топтардың психологиясын көрсетеді. Мәселен, коллективтік қаладағы адамдар бас бостандығын сүйеді, бір – бірімен тең өмір сүруді, бірі екіншісінен артық тұруды көздемейтінін әңгімелейді. Осы қалада оның басшысы тұрғындарының талап – тілегіне орай сайланып отырады, олар өз еркімен некелеседі. Адамдардың дүниеге келу, өсіп- жетілуі, яғни тәрбиеленуінің бәрі –бәрі де табиғи жағдайда үйлесіммен жүріп жатады, түрлі топтардың өкілдері бір – бірімен ынтымақты өмір сүреді, мұнда ғалымдарға, өнер иелеріне, ақындарға т.б. зиялы қауымның өкілдеріне барлық жағдай жасалған.
Ол қайырымды қала тұрғындары пайдаланатын игіліктерге ғылым негіздерін меңгеру, әділдікке ұмтылу, әр түрлі әлеуметтік топтардың бір – бірімен тату – тәтті өмір сүруі т.б. жатқызады.
Қайырымды қала тұрғындарының басым көпшілігі - әлеуметтік жағдайлары төмен сатыда тұрған адамдар. Бұлар бірнеше топқа бөлінеді. Мұның біріншісіне кедей- кепшіктер жатады. Олар ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдар. Олардың мұң – мұқтажын қанағаттандыруды үнемі естен шығармау керек. Егер ол құр босқа мүлейімсімей кедейлігін айтып келсе, оған көмектесіп, ерекше ілтипат жасау қажет.
Қайырымды қала тұрғындарының қатарына медресе шәкірттерін де жатқызады. Кейбір шәкірттер,- деп жазды Фараби,- білім алуды өздерінің қара басының қамы үшін пайдаланғысы келеді. Бұл өте жаман қылық. Мұндай шәкірттердің ісіне сын көзбен қарап, теріс мінездерін алдымен өздеріне түзеттіру қажет. Ал, мінез түзу шәкірттерге білім ешбір қиындықсыз қонады, оларды оқытып, тәрбиелеуге ешқашанда жалықпау керек. Ұстаздың жәрдем беріп, көмектесетіні де осындай шәкірттер.
Қайырымды қала тұрғындарының келесі тобына әлеуметтік жағдайы барша жұрттан жоғары тұратындар (қала бастығы, оның әр түрлі жәрдемшілері мен серіктері,т.б.) жатады. Бұлардың жақсы қылығы болса мадақтап, әділдігін жұртқа айтып отыру керек. Ал қала бастығының кемшілігін тікелей айтпай, жанамалап өсиет, уағыз түрінде, мақал – мәтелдер арқылы салыстыра, яғни астарлы әсем сөздермен – ақ мінез – құлқындағы кемшіліктерін түзетуге болады.
Осылайша әр топтағы адамдардың психологиялық өзгешіліктері туралы айта келіп, Фараби былайша түйіндейді: адам өз өмірінің қожасы; сондықтан да ол өз бақытын өзі жасауы тиіс. Бұл үшін ол нәрсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған –тергенін орынсыз шашпай, кез – келген адамға, кім көрінгенге сыр ашып сене бермей, өзінің мақсат – мүдделері туралы тек ғазиз достарымен ғана сырласып отырулары тиіс. Осылайша өмір сүрген адам ғана өзіне де, өзінің қаласына да қиянат етпей, ар – ожданы таза адам болып табылады./16/
Қазақ перзенттерінің көбі табиғаттан (жаратылысынан) жан тану шеберлері (психологтар). Әл- Фарабиді халқымыз ғалым дейді, Абайды ақын дейді.
Егеменді елдің халқы, оның ұрпақтары - Әл – Фараби мен Абайды ұлы психологтар дейтін болады. Өйткені екі бабамыздың да даналық ой – тұжырымдарын еліміздің психологтары түгіл, Еуропа психологтарымен тең қоюға болады. Онда болжам - гипотеза, концепция, психологияның әдіс –тәсілдері де бар. Олар болғанды ғана емес, болатын, болуы мүмкін жайларды, адам бейнесін, оның көңіл – күйін табиғат құбылыстарымен байланыстыруы, оның нақтылы бір адамды суреттеуі, оған мінездеме беруі немесе жеке адамның сөзін, ойын көрсетуде: жігіт сөзі, қыз сөзі- мен қатар топтың өкілдерін сөйлетуі, олардың әрқилы мінезін көрсетіп, іс - әрекеттердің иесі ретінде олардың мінез – құлық қасиеттерін терең талдап, саралап әртүрлі адамдардың қарым – қатынасын көрсетеді. Ең ғажабы Әл – Фарабидің қырық құбылып жүретін адамдардың мінезін, іс - әрекетін көрсетуі ол асқан шеберлік және ол ешбір психологтардың зерттеулерінде болмаған нәрсе. Бұл өркениетті елдердің психологтарын да таң қалдырады.
Психология адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл, қайрат, көңілдің жайын баяндайды./16/
Ендеше Ұлы психолог қазақ перзенті Әл – Фараби жан қуаттарын алдымен организмді қозғалдыратын және оған бір нәрсені танып, білгізетін қуат деп екіге бөледі. Қозғалдыратын қуат бүкіл тірі организмдерге ортақ. Ал танып – білу қуаты жануарлар мн адамдарға тән, бұлар сыртқы дүниені түйсіне, сезіне алуға қабілетті. Өсімдіктерде мұндай қабілет жоқ. Сондықтан да олар бұл топқа кірмейді.
Адамда ең алдымен коректендіру қуаты пайда болады. Бұл адамдардың тәні, яғни өсіп - өнуге негіз болатын дене бітімі. Адамның танып – білу қуаты да екіге бөлінеді. Оның біріншісі - сыртқы жан қуаты немесе оның түйсіктену қуаты деп аталады. Мұндай қабілет сыртқы дүние заттарының сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінен туады. Сыртқы жан қуаттарының бес түрі бар. Олар – көру, есту, дәм, иіс,тері түйсіктері. Екіншісі – ішкі жан қуаты делінеді. Бұларға еске түсіру, талпыну қабілеттері жатады. Адамды жануарлардан ерекше бөліп тұрған қуат – оның ақыл – парасаты, яғни ойлау, сөйлей алу қабілеті. Фараби «Ізгі қаланың тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» дейтін еңбегінде жан құбылыстарының түрлі көріністеріне жекелеп сипаттама береді.
Түс көру - адамның ояу кезіндегі шындықты көрген, білген, естіген нәрселердің мидағы бейнесі. Ұйқы кезінде мұндай бейнелер адам ырқынан тыс жүріп жатады, бұл қиялдың енжар көріністері. Фарабидің түс көру туралы тұжырымдарының қазіргі ғылыми психологияның айтқандарымен тамаша үндесіп жатқанына қайран қалуға болады.
Фараби адамның тану процесі екі кезеңнен тұрады дейді. Оның біріншісі – сезімдік кезең. Бұған түйсік, қабылдау, ес жатады. Түйсік – дүниетанудың алғашқы көзі, брінші баспалдағы. Адамның есі мен елесінің сапалы, әрі нәтижелі болуы оның дұрыс түйсіктене алуына байланысты. Ойлау дүниені әр қырынан тануға, мәселені тереңінен түсінуге мүмкіндік береді. Ойлау адам танымының екінші басқыша, танымның жоғарғы сатысы. Ойлау адамзатқа тән құбылыс, ал тіл әр ұлттың, әрбір халықтың өзіндік өрнегі. Жаттағаннан түсінген артығырақ. Түсіну әр нәрсенің тегін ашып, жалпы ережелер мен тұжырымдар жөнінде талдау жасауға мүмкіндік береді.
Жан қуаттары туралы ілімінде Фараби адамның ерік – жігер, қажыр – қайратын да жеке процесс ретінде пікірлерінде жол- жөнекей сөз етеді. Ол ізгі қала, ондағы адамдардың қажыр – қайраты, ерік – жігері - рухани қасиеттерді қалыптастырудың негізгі факторлары дейді. Қылық пен іс - әрекеттің саналылығы, тоқтамға келушілік, батырлық пен ерлік, рухани жағынан жетіле түсу т.б. ерік – жігердің жақсы сапалары болса, мейірімсіздік, қорқақтық, дүниеқоңыздық,нәпсіқұмарлық т.б. адамның ұнамсыз қасиеттері болып табылады.
Фараби таным мәселесінің түп қазығына келгенде дуалистік көзқараста болды. Мәселен, ол танымның бірінші басқышы - түйсіктерді материалистерше түсіндіргенімен, ойлауға келгенде жаңсақ түсінікке жол береді. Ой ойлау материядан тыс тұрған ерекше рухани күштің әсерінен туып отырады деп тұжырымдады. Әл - Фарабидің түйсік, қабылдау, қиял процестерін сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының денедегі (нервтегі), мидағы түрлі бейнелер деуі ғылыми тұрғыдан өте байсалды түсінік еді. Мәселен, көз айна тәріздес нәрсе, ол сыртқы дүниенің сәулесі түсіп отыратын алғашқы саңлау. Көру түйсігі көзге зат әсер еткенде ғана пайда болады. Егер көзден зат кетсе, онда түйсік тумайды, құлақ ауадағы тербелістер әсер еткенде ғана естиді. Сезім мүшелерінің қай- қайсысы да адамды сыртқы дүниемен байланысқа түсіретін аспап.
Психика айрықша сапада тұрған қасиет. Жануарлар мен адамдардың тән құрылысының өзгешелігіне қарай олардың жан қуаттары да өзгеше болады. Материалдық элементтердің қосылысынан жануарлар психикасы көрінген. Осы элементтердің ең жоғары қосындысынан барып адам психикасы пайда болған. Адам жаны дүниенің теңдесі жоқ туындысы. Оның жануарлардан негізгі айырмашылығы ақыл – парасатпен сөйлей алу қабілеті, өнермен айналысуы, еңбек ете алуы. Бұл айтылғандарсыз адамның тәні де, жаны да ойдағыдай дамымайды.
Ұлы ойшылдың еңбектерінде бала психикасының қалайша дамып, жетілгендігі жөнінде де қызғылықты пікірлер көп. Баланың жасы өскен сайын оның ақылы да, яғни тәнімен бірге жаны да өсіп отырады. Мұның бәрі оның тіршілік қажетімен туындайды. Мәселен, балада ең алдымен өсіп- өну қуаты пайда болады. Бұл оның дене бітімінің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Адам психикасы негізінен өмір барысында, оқу – тәрбие үстінде қалыптасады. Бұл жерде оның өз бетінше әрекеттенуі, өзіндік белсенділігі ерекше маңызды. Адамның моральдық, психологилық қасиеттері де оның өмірден алатын тәжірибесінен туындайды. Адам дүниеге ақылды не ақылсыз, зұлым не ақ ниетті болып келмейді. Бала ойлау, сөйлеу қабілетіне туыстан болатын икемділікпен ғана дүниеге келеді. Оның осы пікірлері де қазіргі ғылыми психология түйіндеген тұжырымдармен ғажап үндеседі./8/
Фарабидің адамның әр түрлі дара өзгешіліктері туралы айтқан пікірлері де көңіл қоярлықтай. Жеке ерекшеліктер адамның дербес өмір сүру тәжірибесінен, оның дене бітімінен,өзіндік белсенділігінен туындайды, яғни адам бір – бірімен тәні жөнінен де сондай өзгеше болады, жан қуаты біреуге мол, біреуде кем болады, тәнді жетілдіре беруге болады.
Қоғамдық (әлеуметтік) психологияның сан қилы мәселелері Әл – Фараби еңбектерінде елеулі орын алған ғылыми проблемалардың бірі деп саналады.
Г. В. Плехановтың айтуынша, қоғамдық психологияның мән – мағынасын түсінбейінше, бізге әдебиеттің, өнердің, философияның және тағы да сондайлардың тарихында бір адым ілгері басуға болмайды. /77/
Әбу Насыр Әл – Фараби ұғымынша әлеуметтк топтардың ең үлкені адамзат қоғамы, халықтар мен тайпалар. Ғұлама ғалым планетамыздағы халықтар бір – бірінен үш ерекшелігімен ажыратылады дейді. Бұл айтқандарға әрбір халықтың табиғи әдет – ғұрпы мен салт – санасы, мінез – бітістері мен тіл ерекшеліктері жатады.
Адам табиғи жемісі екенін мойындай келе, Фараби оны сол кездегі көптеген ойшылдардай биологиялық тұрғыдан тек «сөйлейтін хайуан» ден қана қарастырмайды. Адам – қоғамның бір атрибуты. Ол өзінің табиғатында ынжық, нашар, қаскөй емес, қажыр – қайраты, күш – жігері бар мейірбан тұлға. Ол қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Әрбір адам белгілі әлеуметтік топтың,яки қоғамның мүшесі ретінде ғана өмір сүрді. Фарабидің айтуынша, «Өзінің табиғаты бойынша әрбір адам өмір сүру жән кемеліне келуі үшін көптеген мәселеге мұқтаж болады. Мұның бәрін ол жалғыз өзі жасап ала алмайды, сондықтан да ол басқалармен қатынасқа түсуі қажет. Бірлесіп бір – бірінің мұқтажын тауып отырған жағдайда адам да, қоғамда да үйлесімді дамып, кемелденіп отырады. Адамзат қоғамының тууына негізгі себепші болған нәрсе - оладың материалдық тұтыну қажеттері, бұлар оның өмір сүруіне мүмкіндік береді, бірлесіп әрекет еткенде ғана адам осындай қажеттерін өтей алады. Адамдар көбейе келе түрлі топтарға, қоғамдарға бірігеді. Осындай қоғамдардың бірін ол толық қоғам, екінші бір түрін толымсыз қоғам деп атайды. Толық қоғамның өзі үшке бөлінеді. Олар: үлкен, орта және кіші қоғам. Үлкен қоғам - жр бетін мекендеуші барлық адамдарға ортақ. Орта қоғамға белгілі бір халық, тайпа. Ал кіші, шағын қоғамға жекелеген қалалардың тұрғындары, ондағы көшелер мен жеке үй тұрғындары кіреді.
Сөйтіп, Фараби әр алуан топтың өкілдері туралы сөз қозғап, әлеуметтік психологияның іргелі мәселелерін күн тәртібіне бірінші қойған ғалым болып табылады.
Психикалық әрекетті психолог ғалымдар бейнелеу теориясы негізінде түсіндіреді.
Осы қисынның іргетасы Әл – Фараби еңбектерінде алғаш сөз болған «сыртқы әсерлердің әсерімен.. заттардың образдары пайда болады». Бұл теория бойынша сыртқы дүние біздің сезімде, мида түсінік, қабылдау, елестету, ой сезім түрінде бейнеленеді. Бұлардың бәрін кейде бір сөзбен адамның санасы немесе психикасы деп те атайды./54/
Қайырымды қала тұрғындарының әр түрлі әлеуметтік топтарына осылайша баға беру арқылы Әл- Фараби қоғамдық психологияның іргелі проблемалары жайлы өз көзқарасын білдірген еді. Ол адамзат қоғамының алдымен отбасынан, сонан соң әр түрлі топтар мен қауымдастықтан тұратынын айтты. Фараби осы топтардың жақсы – жаман, бақытты – бақытсыз болуы ондағылардың өздеріне байланысты екенін, топтасу адамдардың жәй біріге салуынан емес, сайып келгенде, адамдардың өмір сүру қажеттілігінен туындайтындығын көрсетті. Феодализм заманының ұлы ағартушысы болғандықтан Фараби адамды тек оқу – білім арқылы жақсартуға, жетілдіре түсуге болады. Мұның өзі барша халыққа бірдей, ортақ нәрсе деп түсінеді. Ол өмір сүрген феодалдық қоғамның неше түрлі әділетсіздігіне көне келіп, болашақ ізгі қоғам надандарсыз, маскүнемдерсіз азғындарсыз, зорлықшыларсыз, қанаушыларсыз болатындығын, оны білімді, мәдениетті, әділ билеушілер басқаратынын, мұндай қоғам адамзаттың жарқын, бақытты болашағы болатындығы, сөйтіп, келешекте тең құқылы адамдардың қауымы орнайтындығын тебірене жырлап, армандады. Ол адамдардың бір – бірімен теңсіздігін, олардың білімінің жоқтығынан, осы жолда тіпті білім мен дінді үйлестіріп пайдаланса дұрыс болатынын айтты. Фарабидің әлеуметтік психологияға байланысты айтқан осынау пікірлері қазіргі ғылыми психологияның қағидаларымен үндесіп жатқандығы аталмыш мәселелердің Шығыс әлемінде күн тәртібіне алғаш қойылуы ғылыми жұртшылықты қайран қалдыратыны даусыз.