Кіріспе мақала

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Ноября 2013 в 05:51, реферат

Описание работы

Қазақстанның археологиялық олжалары өткен заман зергерлерінің асқан шеберліктерін паш етеді. Мысалы, Алматы облысы, Есік қаласында табылған қалыптау, ойма, батырма, көз салу техникасында орындалған әйгілі Шілікті бұйымдары (б.д.д. 7 – 6 ғ.ғ.), киім-кешегі жануарлар бейнеленген алтын жалпақ қаңылтыр белгімен сәндендірілген (б.д.д. 6-5 ғ.ғ.) ертедегі жауынгер («Алтын жауынгер») жерленген бірегей комплекс. Өздерінен кейін «хайуанаттар стилінің» (б.д.д. ІҮ ғ.) тамаша үлгілерін қалдырған ертедегі берелдік шеберлер өз өнерлерімен таңқалдырады. Зевакино, Ақмер, Құлажорға, Славянка, Юпитер, Пчела селоларының маңындағы зираттардан әдемі ат әбзелдері, үзеңгі және белдік жиынтықтары табылған.

Файлы: 1 файл

Кіріспе мақала.doc

— 118.50 Кб (Скачать файл)

2003 жылы желтоқсан  айында Қазақстан Республикасының  Мәдениет министрі Д. Қасейіновтың 2003 жылғы 21 қарашадағы № 28 бұйрығы  негізінде Шығыс Қазақстан облыстық  этнографиялық мұражайына Алтын  және бағалы металдар Мемлекеттік мұражайы қорынан зергерлік әшекейлер берілді. Осы тізімнен отыз үш зат осы тізімдемеде ұсынылып отыр. Бес әшекей көркем салондар мен дүкендерден сатып алынды.

Осы тізімдемеде  жүз жетпіс алты зергерлік бұйымдар көрсетілген: екі бас киім әшекейі, екі жұп салпыншақ әшекей, он жұп сырға, екі сырға жұпсыз, сырғалардың екі бөлшегі, шашқа тағатын екі әшекей, мойынға тағатын бір әшекей, төрт бойтұмар, бойтұмардың бір үзігі, кеудеге тағатын бір әшекей, жеті ілгек, ілгектің екі элементі, екі түйреуіш-түйме, он түйме, он бес сақина, жүз бір білезік.

ШҚО Үржар ауданынан  бас киім әшекейі үшін «ай түйреуіш»  ұсынылған – салпыншағы бар жарты  ай түріндегі түйреуіш (№ 1) және Қостанай облысынан «үкі аяқ» бойтұмары (№ 2). «Үкі аяқ» әшекейінің негізін күміске  үкінің тырнағы салынып құрастырылған негіз құрайды. «Қазақтар мен қырғыздар «күн құсы» деп үкіні, сұңқарды, бүркітті, қыранды есептеген. Құстардың күміспен көмкерілген тырнағын бойтұмар ретінде тағып жүрген; балаларға көз тимес үшін бас киімдеріне тігіп қоятын болған» (2 : С. 6).

«Шекелік» салпыншақ  әшекейін салтанатты жағдайларда ғана тағатын болған. Олар бас киімнің  ілгегіне немесе шекедегі шашқа бекітілетін  болған. Әшекейдің екі үлгісі кәсіби зергер және коллекционер Сержан Бәшіровтан алынды. Батыс Қазақстаннан түскен «шекелік» (№3,4) екі бөлікті, пішін үйлесімі күрделі, бедерлі өрнекпен жасалған. «Салпыншақтардың» екінші жұбы (№5,6) үш шиыршық сым тәрізді шеңбермен безендірілген, ол да шамалауымызша Батыс Қазақстаннан алынған болуы керек.

Құлаққа тағатын  сырғалар қазақ әйелдері арасында ең сүйікті әшекейлердің бірінен саналған. Оларды бала күннен қартайған шаққа дейін таққан. Қазақ сырғалары әртүрлі үлгісімен және нұсқасымен ерекше. Тегіс ою-өрнектелген, жай және пішін үйлесімділігі күрделі, ұзын шынжыр баулы, салпыншағы бар домалақ, өрнекті тастар салынған әшекейлі, шетінде сым шашағы бар қоңырау түріндегі түрлі-түсті пасталы немесе шынылы және басқа да түрлері кең тараған.

Қазақстанда ірі  сырғалар айтарлықтай кең тараған. Оларды көргендер қазақ әйелдері «күміс немесе мыс сырғалар тағады, олар үлкен болған сайын құнды болып келеді», күміс сырғалардың салмақты болып келетіні жиі кездеседі, олар құлақ сырғалығын бүлдіреді, кейде оны жырып та жібереді (4: С.169) дейді.

Осы тізімдемеде  сырғаның он жұбы, екі сырға жұпсыз және бір жұп сырға бөлшектері беріліп отыр. Ұсынылып отырған қазақ сырғаларының жиынтығы Шығыс Қазақстан аймағында, сондай-ақ, Қазақстанның басқа да аймақтарында әшекейленген.

Көрсетіліп  отырған сырғалардың жасалу ерекшеліктері  және оларды құлаққа тағу әдістері бойынша ілгекті және мәнерлі сырғалық (имекті) деп бөлуге болады. «Ай сырғаны» - сырғалығы доға тәрізді жарты ай түріндегі сырғаны жеке топқа бөлуге болады. Екі жұп сырғаның (№19,20; №21,22) мәнерлі имегі бар. ШҚО Зайсан ауданынан түскен сырғаның шырша түріндегі сым имегі бар; Марқакөл ауданынан алынған сырғаның үлкен имек ілгегі бар. Қалған сырғалардың және сырға бөлшектерінің ілгек түріндегі сырғалығы бар. Жарты ай түріндегі сырғалар («ай сырға») Қазақстанның барлық аумағында тараған. Біздің жиынтығымыздағы Шығыс Қазақстан аумағынан түскен, жарасымды, классикалық түрдегі, тегіс жарты ай түріндегі екі жұп сырға «ай сырға» бедерлеп және кертіп әшекейленген (Ұлан, Катонқарағай аудандары).

Оңтүстік  Қазақстан аумағынан (Алматы облысы) түскен «ай сырғаның» жоғары жағында  бесжұлдыз таңбаланған. Бесжұлдыз  түріндегі зергерлік бұйымдар Шілікті  қорғанын ( б.д.д. 7-6 ғ.ғ.) қазған кезде  табылған.

Қазақтар  сырғаны жалпы пішін үйлесімі және стилі бойынша жасаған. Бұл  жағдайда осы тізімнен сырға жиынтығындағы  бірқатар нұсқаларды атап көрсетуге  болады. Мысалы, «қозалы сырға», көптеген деректер бойынша көлемді, өзара  дәнекерленген екі тілімнен тұратын орталық бөлігі бар сырға. Мұражай коллекциясында Шығыс Қазақстан аймағына жататын төрт жұп және бір бірден екі «қозалы сырға» бар. Барлық «қозалы сырға», бір жұптан басқасы, тастан және шыныдан жасалған салпыншақтармен әшекейленген дерлік. Осы тектес сырғаның екі жұбына алтын жалатылған. «Қошқар мүйіз» өрнегі басылған үлкендеу «қозалы сырға» (ШҚО. Күршім ауданы, №7,8) ерекше айқын көрінеді. Олар біздің тізімдегілердің арасында ең ескіден қалғаны болып есептеледі, жасалған уақыты ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы.

Торланған сырғалар жиынтығындағы ию, дәнекерлеу және түйіршіктеу техникасымен жасалған бір ғана сырға (№15,16) кәсіби зергер және коллекционер Сержан Бәшіровтен алынды. Торлы сырғалар мен тамаққа  тағатын алтын жалатылған, найза  тектес салпыншағы бар (№33) «тамақша» Өзбекстанның Науаи облысы Тамды ауданынан түскен. Бұл аймақта қазақ этносының өкілдері ерте уақыттан бері тұрып келеді. Олар өздерінің ата-бабаларының мәдениеті мен шеберліктерін сақтап қала алған.

Шынжыр  баулы үш салпыншағы бар екі жұп  сырға («салпыншақ сырға»). Оңтүстік Қазақстан аумағынан түскен сырғалардың (№9,10) үшбұрыш түріндегі орталық тілімі бар.

Бұрымға тағатын әшекей шаштың ұзыны мен  қалыңдығын көрсететінінде сөз жоқ, ал, салпыншақтардың сыңғыры қара ниетті үркітіп жіберуі керек болған. «Шолпы», «шаш теңге» шаштың ұшына таман тағылатын болған. Шашты әшекейлеу негізіне «шашбау» сияқты – күрделі етіп өрілген (екі, кейде үш қатар) бау, күміс тиындар тігілген таспа, құлпырма белгі алынады. «Шашбаудың» соңында баулардан немесе күміс салпыншақтардан жасалған сәнді жібек шашақ болады. «Шашбау» шаштың түбіне тағылып, ұзына бойына түсіп тұрады. Біздің мұражайдан бұрым әшекейі «шашбау» және «шолпы» бір-бір данадан ғана ұсынылғын. «Шашбау» (№ 32) төрт қырлы күрделі өрмеден тұратын қос шынжыр бау, ол екі жағынан жапырақ түріндегі бөлшектермен әшекейленеді. «Шашбаудың» осы түрі (Оңтүстік Қазақстаннан түскен деп болжаймыз) бұрымның екі жағынан бекітіледі. «Шолпы» (№ 31) торлы әшекей және фирюзамен жиектелген ақықпен безендіру техникасында орындалған сопақ және ромбы түріндегі екі салпыншақтан тұрады. Қозғалмалы түрде біріктірілген бөлшектеріне Елизавета және Александр І-ші кезіндегі тиын ақша бекітілген. Бұрым әшекейлеріне тиын ақшалар пайдалану жиі кездескен.

 

«Бірқатар әшекейлер, атап айтқанда, «тұмар» және «бозбанд» сияқты бойтұмарлар ктеистік және фаллистік белгілермен байланысты болса керек. Олар Таяу және Орта Шығыста, сонымен бірге Орта Азияда да кең тараған. Оларға цилиндрлік, тікбұрышты және үшбұрышты түрлері жатады. Шамасы, бұл ғибадаттардың қалдықтары ХІХ ғасырда Орта Азия халықтарында да сақталып қалса керек-ті. Әйелдер оларды көп балалы болу үшін мойнына, омырауына немесе қолының астына тағып жүретін болған, кейде толғағы жеңіл болу үшін деп мықынына тағып жүрген. Үшбұрышты, басын төмен қаратып жасалған «тұмар» ерте кездің өзінде ктеистік белгі болған, басы жоғары қаратып жасалған «тұмар» - азаматтықтың басы дегенді білдірген. Бірге қосылған екеуі жаңа өмірдің бастауы делінген.(5: С.42; 6: С. 29-31). Егер олар бір негізде болса, онда ромб пайда болады, ол кейбір зерттеушілердің айтуынша әйел белгісі, басқалар пікірінше күн белгісі (7: С.442) екен.

Белгілі археолог Н. Веселовский тұмарлардың  белгілерін былай берген: «Бойтұмарлар – көз тиюден және кез келген бәледен сақтайды. Әсіресе, тұмарға дұға оқып, денеңді емдесе, сонымен бірге жаныңды да сақтайды».

Тізімде бес бойтұмар («тұмар») және бойтұмардың  бір бөлігі көрсетілген. Солардың арасында «үкі аяқ» бір дана ғана, «тұмар»  жиынтығында Қызылорда облысынан  бір ғана цилиндр түріндегі қолдың білезігін әдемі көмкеріп тұратын білезігі мен сақиналары бар «бес білезік» бар. «Жұқа торлы білезік» өзінің өрнектілігімен таңданарлықтай әсер қалдырады. Жалпақ білезіктердің басқа түрлерінде сәндік әшекейлер тас салу, түйіршіктер орнату, ширатпамен қаптау, бедерлеп керту сияқты безендірулермен байытылғанын байқауға болады.

Білезік соғатын қалып түрлері де болған. Олар салмақты бұйымдар жасауға қолайлы  суырып алынатын темір қайрақ. Қазақ  зергерлері білезіктерді ыстық және суық күйінде соғу арқылы жасаған. Олардың бірқатары күміс тілімдерден ойып алынған, күміс сымдардан өрілген, немесе үрлеу тәсілімен жасалған іштері қуыс білезіктер.

Тұтас білезік салмағы 100 грамм, тіпті одан да жоғары болған. Білезік үсті бедерлеу нәтижесінде геометриялық және бос  өрнектермен әшекейленген.

Соғып жасалған, салмақты және жалпақ білезіктер Жетісуда, Шығыс, Солтүстік және Орталық  Қазақстанда таралған. Батыс- қазақстандықтарға  жалпақ, салмақты, ширатпамен, тастармен  әшекейленген білезіктер тән. Торғай мен  Қызылорда облысында ілгекті, жұқа білезіктер кездеседі, ал, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда – салмақты, құйылған, томпақ білезік түрлерін көреміз.

Біздің  мұражайдағы қазақ білезіктері  дөңгелек және қимасы шаршы – «жұмыр білезік», саны алпыс алты, қалған отыз бесі –орталық бөліктен тұратын шеңбер тәрізді, сопақ, ұшы қабыспаған өрнекті немесе жалпақтығы бірдей иілген тілім түріндегі білезіктер. Барлық білезіктер қатты, яғни қозғалмайтын түрін сақтаған. Мұражайдағы қазақ білезіктерінің жиынтығындағы «жұмыр білезіктердің» салмағы – 181г 578 мг. Жалпақ білезіктердің салмағы анағұрлым жеңіл. Осы тізімдемеде жүз бір білезік енгізілген, олардың төртеуі тас қондырылған білезіктер. Білезіктердің бірінде қытай таңбасы бар, алтын жалатылған (№ 87). Білезіктердің басым көпшілігінде күмістің 500 сынамасы бар.

Қордағы Шығыс Қазақстан аймақтарынан түскен білезіктердің көп бөлегі орта жүз  өкілдерінен алынған. Орта жүз қазақтары  Орта, Солтүстік және Шығыс Қазақстан  аумағын, сондай-ақ, оңтүстікте - Сырдарияның  орталық тұсын мекен еткен. Сондықтан  осындай ұқсас білезіктер жоғарыда аталған аймақтарда таралған деп айтуға болады. Білезіктердің көпшілігі әсіресе Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тұрғындарынан және тумаларынан алынған, бүгінде олардың саны жиырма төртке жетіп отыр. Бұрынғы Семей облысы аймағынан он бір білезік түсті. Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай, Зырян аудандарынан түскен білезіктер саны аз.

Жәдігерлер  аңызы бойынша көптеген білезіктер қалыңдық жасауының құрамында болған, кейбірін туыстары мен құдалары сыйлаған, немесе күйеу жігіттің үйлену тойына жасаған сыйлығы болған. Ертеде әшекейлер әдетте тапсырыс берушілердің қалауы және тілегі ескеріліп, тапсырыс бойынша жасалатын болған, кейіннен зергерлер дүкенінен сирек сатып алынған.

Біздің  аймақ білезіктерінің ерекшелігі түрлері  мен жасалу жолының қарапайымдылығы, өрнектерінің аса шамадан тыс болмауы. Әшекей сәні бедерлеу, қалыптау, керту техникасы арқылы жасалады.

Білезіктерді  безендіруге қолданылатын айшықтар геометриялық, космогониялық, зооморфтық және өсімдіктер түрінде әртүрлі болып келген. «Құс ізі», «тышқан «зі», «құстар» өрнектері Ұлан ауданынан алынған білезіктерде жиі кездеседі. Ал, күн белгілерін, ай мен жарты ай бейнелерін, гүлдер мен жапырақтар түріндегі өсімдік тәріздес өрнектерді, сызбалар мен сызықтар түріндегі геометриялық өрнектерді облыстың барлық аймақтарының әшекейлерінен көруге болады. Зергер және коллекционер Сержан Бәшіровтың коллекциясынан алынған бірқатар ақық тастар қондырылған білезіктер (№ 37) Батыс Қазақстаннан түскен болу керек деп болжанады. Қалған даналардың негізіне үшбұрышты тілім алынған, сонымен бірге ШҚО Ұлан ауданынан түскен бойтұмардың (№ 38) үзіктері.

Батыс Қазақстан аймағынан түскен ұзын шынжыр баулы омырауға тағатын «алқа» (№ 39) Ленинград қаласындағы антиквар дүкенінен алынған.

«Қапсырма», «ілгек» түрлерінің әртүрлілігімен ерекшеленеді. Олар әдетте камзол жағасын белімен жалғастыратын болған, бірақ кейде сәндеу үшін тігінен бірқатар ілгектер қадалған. Жиынтықта жеті қос және екі жеке ілгектер элементі бар. Семейден түскен «қапсырманың» екі үлгісі (№ 42, 43) түрі жағынан балықтың бірге қосылған екі құйрығына ұқсайды. Балықтың, оның қабыршағының, құйрығының бейнесінің зергерлік бұйымдарда кездесуі тегіннен-тегін емес. Балықтар жарқын символға, яғни, атап айтқанда, суға байланысты тазалыққа жатқызылған. Бұл ілгектер қарайту техникасын қолдана отырып, өрнектермен сәндендірілген. ШҚО, сол кездегі Таврия ауданының Меновное селосынан алынған «қапсырманың» гүл жапырақтары түріндегі екі жеке элементтері де (№ 47,48) қарайту техникасын қолдану арқылы жасалған. ШҚО, Күршім ауданынан алынған бір ғана торлы ілгек (№ 45) түрлі-түсті тастармен безендіріліп, ширату техникасымен жасалған. Батыс Қазақстаннан (№46), ШҚО, Марқакөл өңірінен түскен (№ 44) ілгектерде ең басты сән беріп тұрған «ақық» тасы. Атырау облысынан түскен «қапсырма» (№41) сопақ шынылы түрде, екі деңгейдегі қаспен әшекейленіп, түйіршік үшбұрышымен сәндендірілген. Жиектеріне ортасында түйіршігі бар ақықпен немесе «ақыққа ұқсас» материалмен ерекшеленетін геометриялық композициялармен әшекей өңдеуін қолдану тек батысқазақстандық зергерлердің зергерлік бұйымдарында сақталған. Оңтүстік-Батыс Қазақстаннан түскен ілгек (№ 40) жоғары жағында күмбез төбесіндегі жалын тәріздес әшекеймен сәндендірілген.

Ілгектер, түймелер киімдерге тек кейбір бөліктерін қосу үшін ғана емес, сонымен бірге киімнің тұтастай сәнін келтіру үшін де қолданылған. Түймелер жиынтығының ондаған түрлері ұсынылған. Семейден түскен бестүйме (№ 56,57,58,59,60) конструктивті және сәндік шешімдері бойынша ұқсас. Бұл түймелердің барлығы шар тәрізді, ұзын ілгекті, шағын бір көлемде жасалған. Түйменің негізі – домалақ тас, пасты және шыны. Солтүстік-Шығыс Қазақстаннан түскен маржанмен және фирюзамен безендірілген қос түйменің (№ 54,55) түрі осындай, бірақ көлемі екі есе үлкен.

Жапырақ түріндегі төрт қырлы торлы түйменің бір ғана данасы (№ 53, Солтүстік-Батыс Қазақстан). Түймелер жиынтығының ішіндегі ең ірісі Батыс Қазақстаннан түскен шеті пирамида тәрізді (№ 51) «торсылдақ түйме». Үлкен түймелер сырт киімге арналған.

Әшекейлердің  жек топтарына түйреуіш-түйме деп те саналатын «тана» жатады. Мұражай коллекциясында осы әшекейлердің екі үлгісі бар. «Тана» (№ 49, болжаммен Батыс Қазақста ) дөңгелек тілім тәрізді болып келеді. Ортасы биік, тұтас қасқа орнатылған сопақ пішінді ақықпен безендіріледі. Шағын көлемдегі, дөңгелек «тана» (№ 50, болжаммен Батыс Қазақстан), негізі қоңыр түсті «ақыққа ұқсас», түйіршіктің үшбұрышымен әшекейленген.

 

Қазақ сақиналары әртүрлілігімен және әшекейлігімен  ерекшеленеді. 1914 жылы Торғай даласына саяхат жасаған Дм. Львович былай деп жазды: «жүзік шын мәнінде әуестікке айналған... жіңішке күміс сымнан таңқаларлықтай етіп бұралған, сол металдан әшекейленген, фирюза мен ақық бөлшектері қосылған өрнекті салпыншақ – бұлар шығыс өнері мен талғамының нағыз, аса көрнекті үлгісі» (4: С. 168).

Жүзіктер  мен сақиналар кең тараған  әшекейлер болған, оларды 3-4-тен, салмақты үлгілерін қоспағанда, шешпестен  таққан.

Қазақтың  зергерлік әшекейлерінің үлкен  семантикалық жүгі болған деп санайды  тарихшы Ирина Ерофеева. «Ғылыми  және ғылыми-кең тараған басылымдарды хаттағанда, сондай-ақ, қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнерде негізінен өрнектердің сол бір ғана түрлерінің саны анықталады. Сонымен бірге, зергерлік әшекейлермен және баспа оттискісімен танысқан кезде дала әкімдері: өрнектер жиынтығы айтарлықтай ауқымды және әртүрлі болған дейді. Бірақ оларды, басқа да белгілер сияқты, біздің суретшілеріміз бен сәндеуші шеберлеріміз әлі де жете танып білмеген.

Өткен ғасырлардың жазба материалдарына сәйкес, баспа жүзіктердің кескін көрінісі бойынша баспа иесінің қай жікке жататынын білуге болатын болған. Сөйтіп, тамшы тәрізді түрін билеуші топтар, қасиетті жік – қожа - дөңгелек баспа жүзік, старшиналар мен батырлар – сопақ, алмұрт тәрізді және шаршы баспа жүзіктер тағатын болған» (8).

Информация о работе Кіріспе мақала